Өлең, жыр, ақындар

“ Хайди “ әлемге қалай танылды?

Швейцарияның Цюрих қаласына жеткенімізде, таңның бозамық түсі айналаны ерекше күйге бөлеп тұрды. Алыстан асқақ Альпі таулары көрініп, жол бойы көзімізді содан алмай қойдық. Осы тауларға қарап тұрып, бұл өңірдің атағын әлемге танытқан «Хайди» романы еріксіз ойға оралды. Бәрінен қызығы — бір ғана әдеби кейіпкердің тұтас елдің табиғаты мен мәдениетін жаһанға әйгілеу. Түс ауа шағын дүкенге кіргенімізде, Швейцария өнімдерімен қатар сөрелерде «Хайди» кітабының тұрғанын байқадық. Бұл романның ғасырдан астам уақыт бойы оқырманын жоғалтпай келе жатқанының нақты дәлелі. Хайди – Швейцария әдебиетіндегі ең танымал бейнелердің бірі. XIX ғасырда жарық көрген бұл туынды бірнеше буынның сүйікті кітабына айналып, 70-тен астам тілге аударылды, 15 фильмге арқау болды. Хайдидің әлемдік даңқы алдымен АҚШ-та басталып, кейін Жапонияға кең тарады. 1880 жылы шыққан алғашқы том Швейцария мен Германияда үлкен қызығушылық тудырып, автор Йоханна Спиридің атын әлемге танытты. Бір жылдан кейін екінші том жарық көрді.

   2023 жылы Хайди мен Йоханна Спириге қатысты екі архив ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізілді. Бұл романның 140 жыл бойы үздіксіз оқылып келе жатқанын және әлем мәдениетіне қосқан үлесін мойындатқан шешім болды. Шығарма оқиғасы Хайдидің туысы Дете оны тау бөктерінде тұратын қаталдау мінезді атасына апарып тастауынан басталады. Дете — XIX ғасырдағы көптеген швейцариялық секілді күнкөріс қамымен Франкфуртқа кеткен мигрант бейнесі. Спири осы оқиға арқылы өз елінің табиғатын, тау адамдарының мінезін, ауыл тіршілігінің болмысын әсерлі суреттейді. Тау өміріне тез бейімделген Хайди  ақкөңілдігімен атасының өмірін өзгертеді. Алайда Дете оны қайта алып кетіп, Франкфурттағы бай отбасының қамуына қалдырады. Сағынышқа шыдамаған Хайди сырқаттанып, дәрігердің кеңесімен туған тауларына қайта оралады. Романның АҚШ-тағы табысы 1884 жылдан басталды. Жазушы көзі тірісінде ағылшын тіліндегі үш нұсқа жарық көрді. 1936 жылға қарай АҚШ-та 20 миллион данасы сатылған. Экранға 1920ж түсірілген алғашқы нұсқа үнсіз бейнеленді. Ал 1937 жылы Голливуд түсірген нұсқада Хайдиді Ширли Темпл ойнап, Швейцарияны америкалық көрерменге «альпілік жұмақ» ретінде танытты. Жапонияда «Хайди» 1920 жылдардан бері белгілі болды. 1974 жылы режиссер Иссао Такахата жасаған «Альпілік қыз Хайди» анимациялық сериалы бұл туындының атағын жаңа деңгейге көтеріп, Еуропада да зор табысқа жетті. Бүгінде Яманаси префектурасындағы «Хайди ауылы» жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды.

 

 


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз