…Мезгіл түске таяп қалған. Газ плитасына шай қойылып, қайнағанша бүгінгі газеттерді қарап отыр едім, есік сынып кетердей тарсылдады. Үйде жалғыз отырған соң әрі әдеттегіден тыс мына тарсылдың өзгешелігі шошытып жіберді. Тапа-тал түс болса да есікке келіп:
— Бұл кім? — дедім.
— Мен! Атаңмын! Бар, киін! — деді күн күркірегендей үн есіктің сыртынан. Алғашқы қорыққаным қорыққан ба, зәрем ұшты. «Бар, киін» деген сөздің байыбын бірден ұға алмай, үйде киіп жүретін халатымның түймесін бір салып, бір ағыттым. Киім салатын шкафқа жүгірдім. Сасқалақтап, киімдерімді жұлмалап, әлекке түстім де қалдым. Дегенмен өзіме-өзім «сабыр-сабырлап» үстіме жеңі ұзын көйлек, басыма орамал, аяғыма шұлық тауып кидім. Барып есік ашып, ата-бабамның салтымен иіліп сәлем салдым.
— Бақытты бол, балам! — деп қолын болар-болмас басыма тигізіп, бөлмеге кірді. Ата жалғыз емес, қасында бір кісі бар, өң-түсінің қандай екенін көргенім жоқ, бірден басымды көтеруге батылым жетпеді…»
«Шуақты күндер» кітабынан
Сөз анасы — сәлем
Сәлемдесудің түрі көп. Әр сәлемнің өз үлгісі мен ерекшелігі бар. Соның бірі — келін сәлемі. Келін сәлемінің мәні зор, мағынасы терең. Өз үйінен кетіп, түскен босағасына бірінші рет кіргенде келін шаңыраққа үш қайтара сәлем салған. Жас келіннің екі жағында екі жеңгесі, яғни сол шаңырақтың бұған дейінгі түскен келіндері (абысындары) үлкендерге иіліп сәлем салғызған. Қайын енесі мен абысындары жас келінге әулеттегі үлкен адамдарды таныстырып, сәлем салуды ескертіп, олардың алдынан кесіп өтпеуді қадағалап отырған. Білмегенін үйретіп қамқорлық танытып жүрген.
Беташар кезінде бір жағы — қазақ халқы жеті санын киелі санағандықтан, бір жағы — қысқада-нұсқа етіп, ең қадірлі, ең сыйлы деген адамдарға — ата-ене, қайнаға-әпкелерге, апа-жезделерге арнап жеті рет сәлем салғызған. Өкінішке қарай, бүгінгі беташарда жас келін отыз-қырық адамға сәлем салады. Жаңағы сансыз адамның аты аталып біткенше тойға жиналғандар да жалыға бастайды. Әрі сонша адам өздерінің аттары атала сала бет ашатын өнерпаздың алдындағы табаққа ақша тастауды дәстүрге айналдыра бастады. Ең сорақысы сол, қазіргі кезде жаңа түсіп жатқан келіннің сәлемін осылай сатып алып жүрміз. Біздің келін түсіру тойларымызға осындай келеңсіз көрініс дендей еніп барады.
«Современный» қайын енелер, абысындар жас келінге қандай өнеге көрсетіп жүр? Салт-дәстүрдің тереңіне бойламай, мағынасын түсінбей, қателесіп жүргеніміз жасырын емес. Олай дейтінім, бұрынырақта той иесі бет ашқан адамға арнайы сый-сыяпатын өзі жасаған. Әл-ауқатына қарай бет ашқан адамды риза етіп аттандыра білген, құр қол қайтармаған. Яғни беташар барысында аты аталып, келін сәлем салған адамдарды әуреге салмаған.
Үйлену тойларындағы тағы бір келеңсіздік — жас келінге алты-жеті жасар балаға дейін иілтіп сәлем салғызатынымыз. Ескеретін жайт, келін күйеуінен жасы кіші адамға еш уақытта сәлем салмаған. Иіліп сәлем салу — үлкенді сыйлаудың белгісі. Келін түсіру тойындағы тағы бір жағымсыз көрініс — келіннің екі жағындағы екі жеңгесіне қатысты. Үлбіреген келіннің екі жағындағы орамал салмаған, жалаңбас, ол аз десеңіз, шалбар киіп алған екі жеңгені — «современный» абысындарды бәріңіз көріп жүрсіздер. Олар жаңадан босаға аттаған жас келінге қандай өнеге көрсетіп тұр? Сәлем салғандағы шалбарланған екеудің іс-әрекеті сырт көзге қалай көрінер еді? Міне, осыған мән бере бермейміз. Бұл — біздің үлкен қателігіміз.
Қазір салт-дәстүрді білмейтін, келінімен жарысып, ашық-шашық киінетін, күйеу баласымен стақан қағыстыратын «современный» енелер де аз емес. Олар келінге дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтей алмағандықтан, ұрпақ тәрбиесі де белгісіз арналарға бұрып кетіп, зиян шеккізіп жүр. Үлкенге иіліп сәлем салу арқылы «Көп жаса!», «Бақытты бол, айналайын!» деген тәрізді ақ бата, жақсы сөз, игі тілек еститін келіннің бағы артады, алдынан кесіп өтпей, бетіне бедірейіп қарамай, сәлем салған келінге үлкендер жағы да риза болады. Сол кішкене сәлемнің өзі сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол емес пе?! Өкініштісі сол, бүгінде сәлем салуды, келін сәлемін тек кітаптан оқып, кіріптар болып жүрміз.
«Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды»
Келін сәлемінің тағы бір ерекшелігіне байланысты мынадай әңгіме бар: Ертеректе бір байдың ерке де есер жалғыз баласы біреудің жанынан артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұрда-жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, тысқа шығып, істеген қылығы үшін жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам мына көрініске таңғалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен. Бұдан нені байқаймыз? Екі үйдің арасында ұрыс-керіс жанжалдың болмауына келіннің иіліп бір ғана сәлем салғаны себеп болған.
Бұл күндері кейде, керісінше, сәлем салған келінге не айтарларын білмей абдырайтындар да кездеседі. Сасқандарынан келіннің қолына жармасатын адамдарды да көріп жүрміз. Тізесін бүге иіліп, сәлем салып тұрған келіннің ибалылығына, кішіпейілдігіне, ізеттілігіне қарай «Бақытты бол! Қосағыңмен қоса ағар, көп жаса!» деп бата берген жарасымды емес пе?! «Қайынаға иманды болмай, келін ибалы болмайды» деген мақалдың шығуына кейде өзіміздің білместігіміз себеп бола ма деп ойлаймын.
Қандай жағдайда келін сәлем салмайды?
Келін сәлеміне қатысты тағы мынадай жайларды баса айтқым келеді. Ата-бабаларымыз аяғы ауыр келінді сәлем салудан уақытша босатқан. Көп жағдайда қайнағалары екіқабат келіндерінің алдынан өтпеуге тырысқан. Себебі келінді ыңғайсыз жағдайға қалдырып, ұялтпауды ойласа (үнемі сәлем салып жүргендіктен бір есептен келін де қысылады, именеді), екіншіден, мұндай кезде келінге келін деп емес, болашақ ана деп қарап, құрмет көрсеткен. Оның аяғы ауырлығын «пәленшенің келіні ақ алғысты болыпты» деп жеткізген екен. Күйеуі қайтыс болған жағдайда сәлем салудан үлкендер жағы келінді біржола босатқан. «Ендігі жерде басың иілмесін! Жүзің төмен түспесін! Қызымыздай бол!» деген үлкендердің тарапынан көрсетілер үлкендік деп түсінген жөн мұны. Әрі отағасынан айырылған жабырқаулы жанды жұбатудың, арақатынастарының алшақтап кетпеуінің белгісі ретінде іш тартудың, әрі ағайын-туыстан алыстап кетпеудің өзіндік үлгісі деп қабылдау керек бұны. Келіннің иіліп сәлем салғаны сияқты күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы, сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы...
Жас келіншектерге байланысты салт-дәстүрлер
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі