Өлең, жыр, ақындар

Адамгершілік, жақсылық, қайырымдылық, қайырымсыздық, жамандық, тақырыбындағы мақал-мәтелдер

Ақылсыз адам айқай келеді.
Жан-жағын жайпай келеді.
Ақылды адам жай-жай сөйлейді,
Жан жағын байқай келеді.
 
*** *** *** ***

Адам деген ардақты ат.
 
*** *** *** ***

Адамгершілікке арналған үш сауал бар:
Шөлге құдық қазған бір сауап,
Өзенге көпір салған бір сауап,
Жолға ағаш еккен бір сауап.
 
*** *** *** ***

Еңбек адамның көркі,
Адам заманның көркі.
 
*** *** *** ***

Біреу, біреуге сүйеу.
 
*** *** *** ***

Талабы жоқ жас —
Қанаты жоқ құс.
 
*** *** *** ***

Ормансыз жер — жалаңаш,
Армансыз ер — жалаңаш.
 
*** *** *** ***

Адамның күні адаммен.
 
*** *** *** ***

Адам бір-біріне қонақ.
 
*** *** *** ***

Ат жақсысын мақта,
Адам жақсысын жақта.
 
*** *** *** ***

Адам қайғысы — заман қайғысы.
 
*** *** *** ***

Күйесіз қазан жоқ,
Қайғысыз адам жоқ.
 
*** *** *** ***

Жасық адам жасына жетпей қартаяр,
Асыл адам жасына жетпей марқаяр.
 
*** *** *** ***

Он адам жүрген жерде із қалады,
Жүз адам жүрген жер — соқпақ,
Мың адам жүрген жерде жол қалады.
 
*** *** *** ***

Кісіні кейде таршылық сынайды,
Кейде баршылық сынайды.
 
*** *** *** ***

Әркімнің өзі шығар биігі бар.
 
*** *** *** ***

Жұмсақ ағаш құртқа жем,
Жұмсақ адам жұртқа жем.
 
*** *** *** ***

Бейтаныс кісі —
Бітеу жаңғақ.
 
*** *** *** ***

Қағазға тіл бітірген — қалам,
Жансызға жан бітірген — адам.
 
*** *** *** ***

Адам ойға тоймас,
Бөрі қойға тоймас.
 
*** *** *** ***

Темір сырын отта танытады,
Адам сырын жоқта танытады.
 
*** *** *** ***

Жаман адам кетсе,
Дүние кеңіп қалғандай.
Жақсы адам кетсе,
Дүние кеміп қалғандай.
 
*** *** *** ***

Жақсы сыйлағанның құлы,
Жаман қорыққанның құлы.
 
*** *** *** ***

Жақсының соңынан көп ереді,
Жаманның соңынан шөп ереді.
 
*** *** *** ***

Бітер істің басына,
Жақсы келер қасыңа.
 
*** *** *** ***

Сырласуға дос жақсы,
Сыйласуға жат жақсы.
 
*** *** *** ***

Ақ сауыттың жағасы бар,
Жеңі жоқ.
Шын жақсының ашуы бар.
Кегі жоқ.
 
*** *** *** ***

Ақылсыз атқа мінсе,
Атасын басып кете жаздайды.
 
*** *** *** ***

Болар адам — он бесінде бас болар,
Болмас адам — қырық бесінде жас болар.
 
*** *** *** ***

Айла алтау,
Ақыл жетеу,
Айла мен ақыл қосылса,
Алдырмайтын екеу.
 
*** *** *** ***

Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.
 
*** *** *** ***

Ақылды өзінен көреді,
Ақылсыз ағайыннан көреді.
 
*** *** *** ***

Ақымақ ішкен-жегенін айтады,
Ақылды көрген-білгенін айтады.
 
*** *** *** ***

Көргенді кісі,
Көргенін айтар.
Көргенсіз кісі,
Бергенін айтар.
 
*** *** *** ***

Жақсының айтқаны келмейді,
Жаманның сандырағы келеді.
 
*** *** *** ***

Біреуге ор қазба, өзің түсесің.
 
*** *** *** ***

Жаман болса алғаның,
Шын досың да шеттейді.
 
*** *** *** ***

Жақсыны жамандасаң,
Аруағы тасады.
Жаманды жамандасаң,
Құты қашады.
 
*** *** *** ***

Жыланға түк біткен сайын,
Қалтырауық болады.
Жаманға мал біткен сайын,
Бақырауық болады.
 
*** *** *** ***

Басыңа іс түссе,
Жақсы көмек етеді,
Жаман күліп кетеді.
 
*** *** *** ***

Жақсы өз басынан көреді,
Жаман жолдасынан көреді.
 
*** *** *** ***

Жаман адам төршіл.
 
*** *** *** ***

Жақсыдан жаман туады,
Бір аяқ асқа алғысыз.
Жаманнан жақсы туады,
Адам айтса нанғысыз.
 
*** *** *** ***

Жаман мақтанса қатынын сабар.
 
*** *** *** ***

Жақсылыққа жақсылық,
Әр кісінің ісі.
Жамандыққа жақсылық,
Ер кісінің ісі.
 
*** *** *** ***

Жақсы арман оздырар,
Жаман құлқын тоздырар.
 
*** *** *** ***

Жақсыға қылған жақсылық
Өміріңде тозбайды.
Жаманға қылған жақсылық
Бір күнгідей болмайды.
 
*** *** *** ***

Құдықтан су ішкен,
Қазғанға рахмет айтады.
Ағашты көлеңкелеген,
Еккенге рахмет айтады.
 
*** *** *** ***

Бір күн тұзын татқанға, қырық күн сәлем.
 
*** *** *** ***

Жауызға айтқан жылы сөз —
Суға жазған сертпен тең.
 
*** *** *** ***

Өзім асыраған күшігім өзімді қапты.
 
*** *** *** ***

Қадіріңді білмеске
Қадамыңды көтерме.
 
*** *** *** ***

Бөрі баласын асырағанмен ит болмас.
 
*** *** *** ***

Таршылықты көрмесең кемшілікті білмессің.
 
*** *** *** ***

Өзі болған қыз төркінін танымайды.
 
*** *** *** ***

Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді.
 
*** *** *** ***

Саңырауға сәлем берсең "атаңның басы" дер.
 
*** *** *** ***

Есекті отқа айдасаң, боққа қашар.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз