Өлең, жыр, ақындар

Діннің қоғамдағы қызметі мен рөлі

Дін – адамзат баласының ең алғаш Алла тағала алдында жаратылғандағы адамдық келбетін сақтап қалудың негізгі факторы. Сондықтан дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы болып саналады. Яғни, біз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарауға мүлдем болмайды. Дін жоқ жерде, бір жаратушының бар екеніне сенім болмаған қоғамда, адам баласының бойынан қорқыныш сезімі кетіп қалады екен. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған жан ойына келгенін жасап, обал-сауап дегенді мүлдем ұмытып, жоғарыда айтылған «мұңсыз» кейіпте өмірін өткізетіні ақиқат. Асыл текті бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» - деп неге айтты. Түсінген адамға осы бір қарапайым ғана сөздің астарында үлкен мән жатыр. Дін түсіне білген адамға ғылым мен білімнің көкжиегіне жол ашатын, тамыры тереңде жатқан рухани қазына һәм мол ілімнің қайнар бұлағы.

Мұқағали ақынның: «Дін – ғылымның анасы, ғылым – діннің баласы», - деген екі-ақ ауыз өлеңінде үлкен мағына жатыр. Өйткені, Алла тағала сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсірген алғашқы уахиында: «Оқы, оқы, Жаратушы Раббыңның атымен оқы», - деп оқуды әмір етті. Алла елшісі өзінің бір хадисінде: «Білімді Қытайдан болса да үйреніңдер», - деп өсиет айтып, қай жерден болмасын білім мен ғылымнан қол үзбеуімізге бұйырды. Яғни, дін – тіршілігімізде құлшылығымыз бен қатар оқу мен білуді, тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеуді насихат етуде. Дін – ұстай білсеңіз қасиет, ұстай алмасаңыз қасірет екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Білімсіздіктің аяғы соқыр сенімге алып келеді. Мұндай жандар түптеп келгенде діннің жанашырлары емес, жауларына айналмақ. Дінді дұрыс түсінбеуден, оған терең ілім ретінде қарамаудан асыл дініміз Исламға аракідік күйе жағылып тұрады

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі Қазақстандағы діни жағдай Адамзаттың дінсіз тарихы да, мәдениеті де болмаған. Дін қай қоғамда болса да адамшылық құндылықтарының қайнар көзі ретінде қабылданады. Адамзат ғарышты игеріп, жаңа технология жасауда дамудың шырқау шегіне жеткенімен, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда.    ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап АҚШ пен Батыс Еурпопаның бірқатар елдерінде дәстүрлі емес діни культтар көбейе бастады. Олардың пайда болуы дәстүрлі діндер жүйесінің бұзылуы мен беделінің түсуіне байланысты еді.

Біздің дін туралы Заңымыз барлық діндерге еркін жол ашқан. Тіпті, жаңа Заңдағы «Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы» деген бап бұрынғы Заң қағидаларын қайталап тұр. Біздің мемлекетіміз зайырлы мемлекет.

Қазақстан жұртшылығы алдағы он жыл ішінде фундаментализм тұзағына түбегейлі түсіп қалмас үшін, дәстүрлі дінді және дәстүрлі емес діндерді  зерттеп, дін туралы Ата Заңымыздағы ұлт саясатына қайшы баптарды алып тастау керек. Кезек күттірмейтін ендігі мәселе қазақ даласындағы дін тарихынан хабары бар, сол дінге жаны ашитын кадрлар дайындауды жолға қоймай мәселе шешілмейді және халық та дәстүрлі исламды тұтынатын адамдар мен фундаменталистерді бір-бірінен ажырата алатын көреген дәрежеге жетуі керек. Ол үшін ел арасында дәстүрлі исламның негізінде діни-ағартушылық жұмыстар жүргізілсе орынды болар еді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының доценті т.ғ.к Жұмаділ Махаббат Тоқтарқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз