XIX ғасырдағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі Шортанбай Қанайұлы 1818 жылы Оңтүстік Қазақстанда, Қаратау бойында дүниеге келеді. Кедей ортадан шыққан, тұрмыс тақсырет тартып өскен Шортанбай ақындық өнерінің алғашқы кезеңінде, 1835 жылдар шамасында Орталық Қазақстанға келесіде, біржола тұрақтап қалады. Өнер сапарымен Сары Арқаны талай шарлағанымен, ақынның орып тепкен қонысы — Қарқаралы төңірегі, Жамантай, Құсбек төрелердің ауылы болды. Ақын елу жастан аса бере сырқатқа ұшырайды да, қалған өмірін аудан аулақ, тыныш еткізу үшін, діндарлығымен аты шыққан Жанғұтты бидің аулына (Қазіргі Жезқазған облысының Шет ауданы) көшеді. Ақын осы елде 1881 жылы дүниеден қайтады.
Қазақ поэзиясының озық дәстүрлерін жете меңгерген, ақындық шеберлігі кемел Шортанбай көзі қарақты суреткер еді. Ол отарлық тәртіп туғызған келеңсіз жайттардың көбін нақ таниды, оларға жиіркене, шошына қарайды. Ақын сақара да жаңа қатынастар орнауына байланысты таптық теңсіздіктің күшейе түскенін, ұрлық-қарлық, барымтаның көбейгенін, қазақ арасындағы бұрынғы қандастық, бауырластық сезімді енді ақша құмарлық, дүниеқоңыздық ниет алмастырғанын айтады. Елді езгіде ұстап отырған би, болыс, қожа, молдалардың озбырлығын, жемқорлығын шенейді. Ақын әсіресе қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт, дәстүрлерінің жойылып, аяқ - асты болып бара жатқанына қынжылады. «Биттей нәрсе қалсайшы — Бұрынғыдан ырымға!» —Шортанбай шығармаларындағы өзекті сарын, міне, осы. Бұл сөздерден бүкіл Шортанбай өнер намысы астары айқындалады: ақын Қазақстанның Россия империясының құрамына енуіне байланысты Сақара келген өзгерістердің ешқайсысын да қабылдамайды.
Дулат сияқты, Шортанбай да заманға қарсы тұрар шара таба алмайды. Бірақ Дулат өз шығармаларында халықтың өткен тарихын, ерлік күндерін еске түсіріп, бұрынғы, халық қамын жеген азаматтардың ерлік бейнелерін жасап, әлі де ел болуға, қатарға енуге мүмкіндігің бар десе, Шортанбай үміт сәулесі атаулыдан ада. Ақын дүниеден біржола баз кешеді. «Су түбіне кеттің, жұрт, — Тал табылмас қарма» — бүкіл бір халықтың болашағын кескен үкім тәрізді естіледі. Тіршілікті жеңілдетудің жалғыз - ақ жолы қалған сияқты, ол — Шортанбайдың ұғымын, дін жолы ғана. Соған орай, барлық тілек о дүние қамына ғана бағытталуға тиіс. Шортанбайдың дүниеден біржола түңілуі сол кездегі қазақ халқының басындағы ауыр әлеуметтік, қатал отарлық жағдайға байланысты болатын.
Шортанбай шығармалары ақынның көзі тірі кезінде - ақ ауызша да, қолжазбалар түрінде де халық арасына кеңінен тарады. Ал өзі өлген соң, 1888 жылы басылған түңғыш жинағы ақынның даңқын көтере түсті, революцияға дейін әлденеше мәрте қайта басылды. Қазір Шортанбай таңдаулы шығармалары хрестоматиялардан, қазақ поэзиясының антологияларынан орып алды, ақын творчествосы оқу программаларына енді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі