Тайтұяқ (копытень европейский, Asarum europaeum) — ұзын, жіңішке, көлбеу өскен тамыры бар, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Жапырақтарының шеттері бүтін, аттың ізіне ұқсас, сағақтары ұзын, түкті. Бұл өсімдіктің жапырақтары қыста да түспейді. Гүл сабағы қысқа, гүлдері жеке-жеке орналасқан, сырт жағынан қарағанда ашық қоңырлау, ішкі жағы кою қоңыр түсті. Жемісі қауашақ сықылды. Сәуір айында гүлдейді. Бұл өсімдік негізінен ормандар арасында, көлеңкелі жерлерде өседі.
Дәрілік мақсат үшін тайтұяқтың жер үстіндегі бөлігін және тамырын жинайды. Құрамында эфир майлары, азорон, пинен, эвгенол, борнилацетат, танин, қоймалжың заттар, шайырлар, азарин деген алкалоид бар. Тамыры улы, сондықтан дәрі жасағанда өсімдіктің дәрілік мөлшерін дұрыс алып, ұқыптылықпен қадағалау керек.
Халық медицинасында тайтұяқ несеп айдайтын, қақырық түсіретін дәрі ретінде колданылады. Сонымен қатар асқазан және жүрек қызметін реттейтін, қабынуға қарсы әсер ететін, құстыратын және осыған байланысты асқынған маскүнемдікке шипа болатын қасиеттері бар. Әйелдердің етеккірін қалыпқа келтіру үшін де қолданылады. Бауыр, асқазан, ішек ауруларына қарсы және сары ауруға ұшыраған кісілердің денесі сарғайғанда да ем үшін қолданылады. Шемен ауруында несеп жүргізу арқылы ісікті қайтару үшін пайдаланылады.
Дене сарғайғанда шайшөпті және тайтұяқты теңдей етіп алып, осы қоспаның 1 ас қасығын 1 стакан суға тұндырады да, 1 ас қасықтан күніне 3 мезгіл ішеді. Асқынған маскүнемдікті емдеу үшін осы тайтұяқ шөбі тұнбасының 1 ас қасығын 1 стакан араққа араластырып береді. Көп жағдайларда маскүнем адам қайтып араққа қарағысы келмейтіндей болып безеді.
Тайтұяқтың ұнтақталған тамырын, шырмауық будраның жапырағын және ошаған шөбін теңдей етіп алып араластырады, осы қоспадан 3 ас қасық алып 3 стакан қайнап тұрған суға салып тұндырады да, жарты стаканнан күніне 5-6 рет ішеді. Тайтұяқты осылай пайдалану дәрінің тиімділігін арттыра түседі. Ал жапырағын ұнтақтап немесе жас күйінде іріңдеген жараларға таңады, өсімдіктің шөбін сірке қышқылына тұндырып алып, терінің қышымамен ауырған жерлеріне жағады.
Тайтұяқтың тұнбасын былай жасайды: 2 грамм тайтұяқтың тамырын (1 шай қасықтың жартысы) алып, 1 стакан қайнап тұрған суға тұндырады да, 1 ас қасықтан күніне 3-4 рет ішеді. Жапырақтарынан тұнбаны былай жасайды: 1 грамм жапырақты (1 шай қасықтың 1/5 бөлігін) 1 стакан қайнап тұрғап суға тұндырады да, 1 ас қасықтан күніне 3 мезгіл ішеді. Спиртті тұнба: өсімдіктің 20 грамын алып 100 мл спиртке 8-10 күн тұндырады да, күніне 20 тамшыдан 3 мезгіл ішеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі