Өлең, жыр, ақындар

Жаппарқан

I

Балбыраған көк дала күн аймалап құшқан соң, бетегесі бөрітіп, қызғалдақтары жайнап кетті. Кеудені жара жұпар исі аңқиды. Алыстағының бәрін — сағым көтеріп, жер беті жел үрген торғындай толқып тұр. Осы жұпар иіс, кең дала жеке өзіне тигендей теңселе басып бір бала келеді.

Басына бозторғайдың бақыт қонса,

Самырық қызмет етер панасында

деп әндетіп келеді. Алдында құнажын бұзаулаған көк сиыр, көк бұзауы соңында, тар соқпақпен сырт-сырт аяңдап барады. Айнала ұшқан көк құладын бала мен бұзауға оқтын-оқтын шүйіледі де, тайқып шығады...

Басынған құладын бақыт құсы, көк құнажын дүние малы сияқты. Бозторғайдай сиқына қарамастан, самырықтай самғап келеді жас көңіл, Әкесі айтқан арманға дәл қазір жеткен тәрізді.

«Таудай талаптан бармақтай бақ артық. «Бақ» деген кішкентай ғана құс. Ол тек ораздының басына қонар, балам. Басына бозторғайдың бақыт қонса, самырық қызмет етер панасында» дейтін әкесі марқұм.

Баласы құмартып:

— Ол құс қайтсе қонады? Қандай екен өзі? — дегенде.

— Еңбегің жанса көрерсің, шырағым, — деп, баланың соны ойын шиырға әкеп соғатын да кете баратын.

Бала бүгін сол шиырдан шыққандай, бақыт құсын тапқандай болып келеді. Өзімен салыстырғанда, колхоз бастығы, бригадир, агроном, зоотехник — шонжар адамдар. Бәрінен асып, көк сиырды сыйға алды. Бәрі келіп қолын ұстап, арқаға қағып, бозторғайға қызмет еткен самырықтай күбірледі. Бұл сый-құрметті әкесінше жорыды бала. «Еңбек жанды» деген осы ғой. Бақыт құсы қайда енді? — деп аспанға қарай береді. Белгілі құладын сол құсың мен дегендей алды-артын орап, төбеден шүйіліп маза бермейді. Бала шыбығымен әлі бір жасқаған жоқ. Құладын болып жүрген бақ құсының өзі ме? — деп дәмелі еді. Ауылға жақындағанда құладын бетімен кетті. Бақ құмар бала көк сиырды үйіне қарай қайырды. Есік алдында күн сала қарап тұрған шешесі Талмұрын жебелей басып, жөтеле түсіп, қарсы жүргенде, артынан домаланған ала күшік, құйындай ұшқан қыз бала қуып жетіп басып озды. Қыз келе бұзауға жармасты.

— Жалғызым, жетімегім жеткізді де тәңірім...! — деп, ана келе баланы құшты. Ала күшік қалай қуанарын білмей аяқ астында аунап жатыр.

Қуанған бір ғана Асайынның үй-іші емес. Көп бөрінің ішіндегі үш үй қозғанның төбесі көкке екі-ақ елі жеткен жоқ. Жас Жаппарқан топ жарып, жүлде алды. Ауыл адамдары «құтты болсынға» келіп жатыр. Үсейін, Құсайын, Асайынға қараған бас көтерерлер өзара шүңкілдесіп, бір семіз қойды жығып тастады.

— Туғанда той жасай алмап едім. Жігіттігіне жасайын, қарағымның! — деп Талмұрын бүгін барын салды ортаға. Қозықарынның бір бұрышында жатқан сары майын қарнымен әкеп қойды. Ұн дорбасының түбін қағып, таба салып, сары майға тураған ыстық нанды шашуым деп ет алдынан бере бастады елге...

Жаппарқанның жас ойы ауылды лепірткен бұл қуанышқа әлі бойлап жеткен жоқ. Бұзау бақты, қой бақты. Көлік басын ұстап, егін салды, шөп шапты. Ыстық-суық, ерте-кеш демей, бригадир жұмсаса томпаңдап жүгіре берді. Тілазар емес, тілалғыш, алаңғасар емес, байыпты, тыянақты бала атанды. Осылай атанайыншы деген ой тіпті болған жоқ онда. Тапсырманы орындау міндет, міндетті тындыра орындаса толымды еңбеккүн жазылады. Осыны ғана жақсы біледі. Бүгін ойламаған жерден еңбеккүннің үстіне қолақпандай сиыр тигенге таң-тамаша. Жұрттан бөлек не істедім? Әкем айтқандай еңбек жанып, бақыт құсы қонбақ па? Неге көрінбейді ол құс? — деп қара көзі жай таппай үй сыртында әлі қарауылдап жүр. Үй ішіндегі ауыл адамдары ду-ду...

II

Жаппарқан бақыт кұсын бес жыл күтті. Келмеді. Күдер үзгелі екі жыл. Жеті жылда жиырмаға толып, қолақпандай жігіт болды. «Бақ» дегенді басқаша түсінеді енді. «Бақ» көкте жүрген құс емес, жердегі еңбек жемісі, еңбек етсең, ұқсата етсең бәрі содан табылады деп бекіген. Бірақ, осы бекіген ой Бәтиқаға келгенде босай береді...

«Құралай көз, қиылған қас Бәтиқа қол жетпес арман сияқты. Тек «бақыт құсы» басына қонған адам ғана Бәтиқаның бал тілінен ләззат алар, дейді Жаппарқан. Өзінің ойқастауында кемдік жоқ. Әлі дария алмай жүр. Жұмысқа бара жатып та, келе жатып та сол үйдің есік алдынан өтеді. Қолы бос уақытта ылғи Бәтиқаның қасында жантаюмен болады. Қалжыңға орашолақтау. Оған ұялшақтығы қосылып, ойын тура айта алмай, не жанамалап жеткізе алмай іші әрдайым ойран.

Бүгін күндегі әдетінше тағы да келді. Қайтсе де бет ашуға бекініп келді. Екі асықты біріне бірін атып, біресе иіріп қойып, үн-түн жоқ жантайып жатыр» Бәтиқа орамал кестелеп отыр. Ақырын ғана ыңырсып әндетеді. Ақ бәтестің бетінде жылмаңдаған ілгек біз, мөр төгілген сым саусақ жібектен өрнек жасап барады. Әдемі өрнек, нәзік үн арындаған жүректі арбап өзіне тартып барады...

Қарай-қарай Жаппарқанның көзі, жантая-антая жанбасы талды. Не де болса бет ашуға бел байлап, шыйыршықтаған бір қағазды тастай берді Бәтиқаға.

Бәтиқа аң-таң. Қағаз бен Жаппарқанға кезек қарайды. Бір тоға жігіттің қылығын бойына сыйғыза алмай тұрған сияқты.

— Бұл не? — деді қағазды қолына алмай.

— Біреудің сізге берген хаты еді.

— Хат тасуға тұрдыңыз ба?

Жоқ, — деп төмен қарады Жаппарқан. Ұялғанынан қызарып кетті. Бәтиқа одан әрі қыспай, хатты алып ішінен оқи бастады.

Бәтижан, сізге арнап жаздым жұмбақ
Түсініп оқығанға сөзі оңды-ақ,
Жазамын өлең қылып жүрегімді
Қызыл тіл аман болса иек пен жақ.
Келіп ем құмар болып көптен сізге,
Ойымнан шықпаған соң үйде-түзде,
Жастықтың базарында ойнап, күлмек
Бұрыннан мұра емес пе қалған бізге.

Хатты аяқтағанша Мерекең кіріп келді. Көзі шатынап, сақалы желпілдеп кеткен екен, хатты көрісімен таяғын ала ұмтылды.

Қаңғырған Қозған, неге қойқаңдай бересің сен осы!..

Жаппарқан ата жөнелді. Есіктен шыға бергенде, шалдың ақ таяғы келіп балтырдан бір сарт етті.

Осыдан кейін Жаппарқан бұл үйге келуден тиылды. Келмесе де бір жала тағы жабылды. Бәтиқаның жайып қойған шәлісі жоғалыпты. Мерекең оны да Жаппарқаннан көреді. «Ерегісіп алды. Алып беріңдер» деп әркімді мазалай бастады.

Қызғаншақ шалдың мінезін ел қызық көрсе де, ұры атанғаннан сыртта жүріп Жаппарқан күйінеді. Нақақтан Жаппарқанды таңғанға үйде отырып Бәтиқа күйінеді. Жазықсыз екі жас бір күні құдық басында оңаша кездесіп қалды.

— Құдай ақы, шәліңді мен алғаным жоқ! — деді Жаппарқан салған жерден.

— Алмағаныңды білемін. Неге қысылдың сонша?

— «Ұры» деген жақсы ат па?

— «Қары» деген де жақсы емес. Бәрінен айыпсыз айыпты болған жаман екен.

«Онда істеп айыпты болайық» деген сөз лықып аузына келсе де, Жаппарқан айта алмады. Жыртылмаған ұят пернесін жалындаған жас жүрек дәуірлей келіп соғады, жарып шыға алмай шырмала береді. Соны сезген сұңғыла Бәтиқа албырт жүректі шырмаудан шығара сөйледі:

— Хатты кімге жаздырдың?

— Әлжанға.

— Өлең кімдікі?

— Өзімдікі, — деді Жаппарқан қызараңдап. Бәрін біреудікі дей беруге намыстанып, алғашқы айтқан өтірігі еді. Онысын да Бәтиқа құп ала қойған жоқ.

— Тіл жетіп тұрғанда хат жалғаудың керегі не? Жараланған соң, жасқанудың керегі не? — деді де, шелегін көтеріп жүре берді. Өңіне қарағанда «Менен аулақ» дегендей сұп-суық, сөзіне бойлағанда «келсең кел» дегендей жып-жылы. Қайсысын ұстарын білмей, қалт қарап қалған Жаппарқан бір суынып, бір қызынып тұрып-тұрып, үйіне қарай аяңдады.

Қына жақта арсалаңдап Қайырбек келеді. Бәрін көріп, біліп қойған сияқты. Екі езуі екі құлағында.

— Пісті білем! — деді келісімен.

Қайырбектен жасыратын сыр жоқ. Жаппарқан бар әңгімені ортаға салды. Екеуінің де торығаны Мергембай отағасының үйі. Мергембайда бір келін, бір қыз бар. Келіні: — Бәтиқа. Биыл түскен. Күйеуі алты айдан бері түрмеде. Аман күнінде де барқадар таптырмаған жігіт деседі. Бәтиқаға Жаппарқан, қызға Қайырбек қырындайтын. Шәлі жоғалғаннан бері Мерекең үйінің маңынан жүре алмай, тіл ала алмай, алыстан мойындарын созатын еді. Бәтиқаның сөзін естіген соң, Қайырбектің көзі жайнап кетті.

— Құлай түскен екен! — деді жұлып алғандай. Жаппарқан әлі күдікті.

— Хат бергенімді ұнатпады. Өңі суық, — деп тайқақтайды. Қайырбек қайрай түседі:

— Үйге кіруге қорқасың. Осыдан артық өзі келе ме саған.

— Қорықпаймын. Келісіп алмай кимектеу ұят емес пе?

— Қыз-келіншек қар сияқты. Жігіт тақалса ери бастайды. Ұялсаң қыздан құр қаласың. Мен не де болса бара көрем.

Қайырбектен қалып қою шын қорыққандық көрінді Жаппарқанға. Бұрын әйелмен жанасуға ұялса, енді қорқуға ұялды. Қабатынан келген екі ұятты салмақтап байқап еді, қорқақтық тура қорлық екен.

— Мен де бара көрем! — деді сонан соң қатуланып.

* * *

Дәл сол күнгі түн. Ел ұйықтаған уақыт. Екеуі Мерекең үйін жағалап жүр. Терезе де, қақпа да іштен жабулы. Қақпа астында ит кіріп шығатын бір тесік, төбеде кісі сиятын бір тесік бар. Қорада, қақпаға жақын бәйбіше жатыр. Мерекең сыртта, терезе алдына жатыпты. Қыз, келіншек үйде. Оңаша. Бәрін барлап болған соң:

— Төбеден түселік, — деді Қайырбек. Жаппарқан жүрегі дүрсілдеп тұрса да, сыр берген жоқ. Қора төбесіне шығып, еңбектей-еңбектей тесікке жеткенде, ала мойнақ дүрсе қоя берді алдарынан. Бұл сірә төбедегі тесікті күзетіп жатса керек. Қайырбек сүйек тастап, дымын өшірді де, лып етіп тесіктен түсіп кетті.

Жаппарқан кейіндеу қалған. Дыбыс шықпағанға жақсылыққа жорып, тесікке келсе, Қайырбек әлі түсіп болмапты. Қолы төбеге, аяғы жерге жетпей, қарнынан бір ағашқа ілулі тұр. Сонда да дыбысын шығармай тулай береді. Жаппарқан жалма-жан белбеуін шешіп, байлады да, салбырата қойды. Белбеуден ұстап аман-есен жерге жетті Қайырбек. Бәйбіше түк білген жоқ. Қор-қор ұйықтап жатыр. Жаппарқан да салбырап келеді. Қалтасындағы бір шыны кендір майды қолына алып, Қайырбек есікке барды. Ең ақырғы қауіп, есіктің шықыры. Қараңғыда табалдырық маңдайша, жақтаудың бәрін майлап жатыр. Мысықша басып Жаппарқан кетті. Есікті тырс еткізбей ашып екеуі үйге енді...

— Ұры! Ұры! — деп айқай сала тұра келгенде, жалт берген жастар мына жағындағы қара қазанды байқамай төңкеріп кетті. Сүт ақтарылып қалды. Қараңғы, тар қораның ішінде кемпір бажылдап қуып жүр. Төгілген сүтке тайып, төңкерілген қазанға сүрінген бозбалалардың үсті-басы бес батпан. Бір абиір — түнде ешкім көріп жатқан жоқ. Бірімен бірі соқтығып та қалады, құлатып та кетеді. Мерекең қорасы шалпылдап, сартылдап әлем-топырағы шығып жатыр...

Қорадағы бұл дүбірді естісе де, естімей қыз бен келіншек көрпелерін бүркене түседі. Терезеден бір кезде Мерекеңнің айқайы естілді:

— Неғып жатырсыңдар, аш терезені! Аржақты жау шапты...

Терезені ашпасқа, оянбасқа болмады. «Қайда, қайдалап!» қыз бен келіншек Мерекеңе ере қораға шыққан кезде, Қайырбек те Жаппарқанды сыртқа шығарып үлгірген. Енді өзі тырмысып жатыр еді. Мерекеңе қарағандар жабыла келіп алды балақтан. Кеудесі сыртта, Жаппарқан мықшиып жоғары тартады. Бөксесі іште, қорадағылар төмен тартады Қайырбекті қайысша созып жатыр. Мерекең бір кезде таяғын ала сала май құйрықтан төпей бастады, қызы қатулана тартқан болып, Қайырбектің аяғына иығын төсей қойды. Манадан бері күш ала алмай жатқан байғұс бір-ақ ырғыды содан соң.

— Бар сонымен! — деді Мерекең. Айрылып қалса да айызы қанып қалған тәрізді — Жуырда бөксеңді баса алмассың бәлем, — деп қала берді қумай.

III

Бір шошақты бір-ақ тиеген дәу бричка даңғыл жолдың үстінде сыңғырлата жылжып барады. Бричканы сүйреген қос қол өкпе жүзінің қасында торғайдай, сонда да күйісін бұзбастан жайқала басады жануар. Жаппарқан арба үстінде етбетінен жатыр. Жол асфальттағандай тегіс, төсегі мамықтай жұмсақ. Атбасардың жазық даласында дәу бричканың үстінен талай жер көрінеді. Көріп келеді, ойға өзін көміп келеді Жаппарқан...

Оң жақтағы сонау «Қалмақ моласының» маңы көз кідірмейтін көделі қылаң дала. Сол далада қаптаған адам, қызу думай елестейді. Осы елес ұйықтаса түсінен, оянса есінен шықпағалы әлденеше күндер өткен. Бұған дейін ой дүниесіне үңілгенде алдымен әйгілі екі елес көрінетін. Бірі — бала шағында, кең далада көк сиырды жалғыз айдап келе жатқаны. Енді бірі — жігіт шағында, Қайырбек екеуі Мерекеңнің үйіне енген түн. Қазір соның екеуі де алыстап, көмескі тартып, қылаң дала көңілді өзіне аударып алған.

Бұдан бір ай бұрын бұл далада салтанатты той өтті. Көкпар, тақым тартыс, ат шабыс, күрес, аударыспақ — бәрі болды. Аудан, ауыл басшылары, көпті көрген қариялар бас қосты. Сөз сірнесі — ерлік пен өнер болып шықты. Ойын-сауық, жиын-той, махаббат, мәртебе адамгершілік — бәрі сол екеуінің төңірегіне жиылыпты. Ел назары әрдайым соларға ауған. Қазір де осы жиын әріден қозғап толғай келе, әскерше киінген бір топ қазақ жасына тілек батасын, бабаларының ардақты салтын беріп тұр. Қыз-келіншектер көзі мөлтілдеп төніп қапты. Қызыл әскер қатарына алынған жастар осылайша думан, құрмет, мәртебемен кетіп бара жатқанын көрген соң:

— Ең ардақты — қызыл әскерлер екен ғой!.. — деп арман ете бір күрсінген Жаппарқан.

Тойдан қайтысымен арманын шешесіне айтып еді, Талмұрын көз жасын көл қылды.

— Денің де cay емес. Таянышым, тілегім жалғыз сен. Сенен қалып не болам... — деп еңірегенде Жаппарқанның сай сүйегі сырқырады. Содан кейін арманын ішке тығып, тек анда-санда, Талмұрынның көңлі көтеріңкі отырғанда ғана:

— Мен, әскерге барамын, батыр боламын, бағымды сынаймын десем, апам жылайды. Үйкүшік бол дейді, — дегенде үй ішімен қосыла Талмұрынның өзі де күліп жіберетін. Бірте-бірте бұл әңгімеге құлақ үйренді. Әскерге алынғандарды көре-көре көзі үйренді. Талмұрын көнбесе де, иі жұмсап қалған тәрізді.

Арба үстінде етбетінен жатып, ойға шомған Жаппарқан осы жайдың бәрін толғай келіп, анасына бүгін ақтық тілегін қиыла айтпақ болып келеді. Бір әкеден өзі жалғыз болса да, әкесімен туысқан Құсайын, Үсейін бар. Тумаса да туғандай болып кеткен немере қарындасы Бәтен бар. Кемпірдің өз ауқаты өзінде. Бұл игі сапарға Жаппарқан қарт анасының қамын әбден ойлап барып бекіді. Ең ақыры қолдағы екі-үш қараның қыстық азығы да дайын. Мынау дәу бричка осымен бесінші рет төгіледі.

Дағдылы сартабан өгіздер үлкен жолдан жам жолға бұрыла жөнелгенде ғана Жаппарқанның ойы бөлініп, арбадан түсті. Талмұрын есік алдында шайын қайнатып күтіп отыр екен, анадайдан-ақ:

— Шай ішкен соң түсірерсің деп айқай салды.

Арбаны маяға жанамалап әкеп, тірей доғарып, Жаппарқан шайға келіп отырды. Анасы бүгін тым көңілді. Таң намазын оқып жатқаннан кейін, тамаша бір түс көргенін айта бастады:

— Ай сүттей жарық екен деймін. Жылқыға жау тиіпті. Ел тайлы-таяғы қалмастан «аттан!» деп шауып барады. Сенің астыңда ақбоз атың бар. Астыңа тұрмай, аспанға шапшиды. «Найзамды әпер, апа, найзамды әпер!» дейсің есік алдында тұрып.

— Қарағым-ау найзаң бар ма еді? — деп ши ішіндегі сойылшаңды алып шықсам, тура баяғынын желекті найзасы бола қапты. Ала сала шауып кеттің. Сонша болмады — «Жаппарқан жетті. Жаппарқан түсірді...» деген дауыстар шу ете қалды.. Қуанғанымнан оянып кетіппін. Жүрегімді басып байқасам, тулап жатыр екен...

Бәйбіше бұл түсіне өңіндегідей сеніп, жақсылыққа жорып, қуаныш садақасын беріп те қойған. Жаппарқан да қуанып қалды. Қуаныш үстінде анасына айтам деген ақтық тілегін айтып тынды:

— Апа, мені ұстай көрме енді. Не түртсе де түртіп жүр. Шаруаңды жайлап, азығыңды сайлап болған соң, ақ батаңды сұрармын деп едім. Кезі міне дастарқан үстінде, жақсы жораңның тұсында жетті. Тілегімді тез қабылдап, әскерге тез алар ма екен, іркілмей оң батаңды берші, апатай? Бәрінен айрылып, жұдырықтай менімен қалғанда да, елден кетіп, ел шетіне кірме болғанда да шыдапсың ғой. Шыдашы әлі де, қане, жайшы қолыңды бөгелмей, жайшы!? — деп анасының мойнынан қапсыра құшақтай қолын жайып, телміре қалды Жаппарқан. Телмірсе де, көз жасын көл қылмай, жанға балаған жалғызына жан қинала толғатпай рұқсат берер деген жоқ еді. Талмұрын біраз үндемей отырды да, бетін тақап тұрған баласының маңдайынан бір сүйіп:

— Болмадың ғой, қарағым, — деді. Қолын жайды. — Өзегім үзіп кетсе де, талпынған жасқа тұсау болмай шыдайын, — деп күбірлеп тұрып бетін сипағанда, суық бетке ыстық жас ыршып шығып, домалап-домалап кетті...

IV

Жаппарқан өзі тіленіп әскерге кетті. Кеткелі екі-үш ай. Соның бір айы жүріспен өтті. Қайдан келіп, қайда тұрғанын білмейді. Үлкен өзен, шалқан көл, тескен таулардың талайын аралап келіп, ұшы-қиыры жоқ мылқау орманның қақ ортасында жүр. Жалғыз емес, жолдастары көп. Бірақ, бірін танымайды, бірінің тіліне түсінбейді. Күн ағаштан шығады, ағашқа батады. Ағаш кеседі, жер қазады, жол салады. Бәрі жат, бәрі жұмбақ. Істей береді. Ісі әйтеуір, жолдастарынан қалысқан жоқ. Кейде асып кетіп, бастығы арқаға қаққанда, көңілі көтеріліп қалады.

Істей-істей күндегі тіршілікке қалыптасып алды. Нобайласа, ымдаса жүріп, бірнеше орыс сөзіне ен тақты. «Мұнысы біздің қазақтың мына сөзіне келеді» деп кезі келгенде сөйлеседі. Онысына жолдастары бірде түсінеді, бірде түсінбейді.

Елсіз орман, әскери тәртіп, түсініксіз тіл: Жаппарқан басқа бір дүниеге кездескен сияқты. Көрген-сезгеннің бәрі кеудеге жиналып, жүрек топ. Сыр ашып, пікір алысуға тіл де, дәрмен де аз. Ең болмаса артта қалған елге көргенін хат арқылы баяндап, іш ортайтуға хат білмейді. Орысша қол қоюды осында келген соң ғана үйренді. Бүгін ой басып, тіпті ауыр отыр. Жолдастары күндегі әдетінше жұмыстан кейін дем алып, әзілдесіп ойнап, бірі кітап оқып, біреуі ұзақ әңгіме айтып, күннің қалай еткенін білетін емес...

— Хат білгеннің, орысша тіл білгеннің арманы бар ма екен, — деді бір кезде өзіне-өзі күрсініп. Таяу отырған Костя елең ете түсті.

— Что ты говоришь?

— Ауыл сәпсем дәулеуке. Біз қайда тұрмыз?

— Да, да, далеко остался.

— Твой мамай ее?

— Мама?

— Мамай, шешей бар ма деймін?

— Есть, и папа есть.

— Брат ее?

— Есть.

— Ти депка коляйть?

— Гуляли. Теперь нет.

— Ти колхоз работал?

— А-Аһа.

— Карошо работал?

— Не плохо.

— Плохой работал?

— Нет. Хорошо работал.

Костя мен Жаппарқан тілі жаңа шыққан жас балаша осылайша сөйлеседі. Тілдің жетпегенін оймен, ыммен жеткізіп отырады. Еркін сөйлесіп, ойдағыдай тегіс айта алмаса да, осының өзі үлкен тыныс. Бүгін күндегіден көрі көбірек сөйлесті. Сөздеріне бұрын қолданылмаған жаңа тілдер араласты. Өсте-өсте жаттығып кететініне екеуі де сенгендей жымың-жымың етеді.

— Ти орыс язык мой учит?

— Ты мне казахский язык учи, — деп ең ақырында қол алысты екеуі.

Жаппарқанның бұдан соңғы бір ермегі мылтық. Мылтығын күніне бірнеше рет сылап-сипамаса көңілі көншімейді. Орыстың өзге тіліне кедей болғанымен, мылтық бөлшектерін, стройда кездесетін дағдылы сөздерді алғашқы күндерде-ақ үйреніп алған. Күндегі әдетінше мылтығын алып айналдырып тұрғанда, шаңғымен ағызып, бір қазақ есік алдынан өте берді. Мылтықты орнына қайта қоюға Жаппарқанның мұршасы келген жоқ.

— Тоқта! Тоқталап ұшты соңынан. Мылтық ала қуған әскерді көрген соң шаңғылы жігіт аңырып тұра қалды.

— Аманбысың, жолдас! — деді арсалаңдай келіп Жаппарқан. Ол бір қолын бергенде, бұл екі қолымен құшырлана қысты. — Ойпыр-ай, қай чаште істейсің?

— Говорите по русский.

— Орысшаға шорқақпын. Өз тілімізде еркін бір сөйлесуге құмар едім. Жақсы кездестің.

— Не понимаю.

— Қалжыңды қой, қай жердікісің?

— Давайте по русский.

— Рас айтасың ба-ей? Мынауың ұят екен.

Тосын жігіт жымыңдап күле береді. Аң-таң боп қалған Жаппарқан күлкіден дәмеленіп, жабыса түседі.

— Жолдас-ей, ойын-қулық жата-жастана бола жатар. Әуелі жақсылап танысып алайық та. Өзің шет жайлап, туыстарды ұмытқанбысың, немене?

— Мне некогда, — деді де, тартып тұрды жігіт. Жаппарқан не дерін білмей ақырып қалды. Жалаңбас, көйлекшең күйінде шыққан еді, құлағы мұздап бара жатқан соң, уқалай-уқалай кейін қайтты. Блиндажға келгенде тоңған құлақ жылынса да, жігітке мұздаған іші жібімеді. Костяның:

— Он тоже казах? — деген сұрауына.

— Плохой, — деді салған жерден.

— Почему?

— Плохой казах. Псе по русский давай! Он казах, я казах. Зачем по русский?

Костя түсіне қойды. Жаппарқанға кездескен ойрот, бурят, кахас, кореецтердің бірі болу керек. Өңі қазаққа келген соң, қазақ емес деген ойында жоқ. Атбасар маңында, не жол бойында оның бірін кездестірмеген. Костя қазақ сияқты талай ұлттар барын айтып түсіндіргенде ғана Жаппарқан қателескенін сезіп, сақ-сақ күліп жіберді...

V

1941 жыл. 22 март. Жаппарқанның орман ішіне үйренген кезі; Мынау үлкен өзен — Амур. Оның жағасында, дәл іргелес Хабаровский тұр. Ертең сол қалаға тағы да бір баратын күн. Жұмыс бітіріп келе жатқан Жаппарқанның ойында тек ертеңгі күннің, сол қаланың елесі ғана бар еді.

— Он минутта дайын болыңдар. Аттанамыз, — деп келе сала жарлық етті командир.

Әп-сәтте қаруларын асынып, қапшықтарын арқалап, ағаш арасынан бір лек әскер шыға келді. Соның бірі Жаппарқан, сапқа тұрып, көппен бірге тартып барады. Ендігі тұрақ қала боларын, дала боларын білмейді. Үйренген Хабаровскіге аялдаудың өзі неғайбыл болып келе жатқанда, ешқайда кідірместен вокзалға келді де, қызыл вагондарға бөлініп-бөлініп міне бастады. Бұған қынжылған жоқ Жаппарқан. Поездың беті елге қарап тұр екен. Елге қайтпағанын білсе де, іші жылып кетті. Қарт ана, жас Бәтен сүйкімді Бәтиқа... Бәрі де елестеді көзіне. Туған жердің, ескен елдің ең болмаса маңынан өтермін, — біріне болмаса біріне кездесіп, ақтарыла сөйлессем, ел хабарына қансам деп көңіл жүйіткігенде, эшелон да жүйтки жөнелді. Көрші вагонның бірінде баянға қосылып бір топ жас дулатып жатыр. Соларға елігіп бұл вагон да басты айқайға. Ән, музыка, ағызған поезд, қуанған жүрек дүрсілі — бәрі ұласып, бүкіл әлем осы составқа қарап тұрғандай сезілді Жаппарқанға...

Эшелон шығыстан батысқа қарай он екі күн, он екі түн зымырады. Неше километр жүргенін Жаппарқан білген жоқ. Терезеден ұзақ уақыт қарап тұрып:

— Широка страна моя родная... — деп әндетеді. Әскер арасында көп айтылатын бұл әннің мәнісіне жаңа ғана түсінген сияқты. Жүре-жүре жер реңкі, әуе райы өзгеріп кетті. Ел жиілеп станциялар ірілеп, әдемі үлкен қалалар кездесе берді. Он үш күн, он үш түн дегенде бір қалаға жетіп поездан түсті бәрі.

Бұл, Украинаның Каменск-Подольскі облысындағы Изославель — Шипатов арасындағы темір жолды отанның өскен тілегіне лайық күшейту керек болып, екпінді құрылыс батальоны келді. Жаппарқан осы батальонда. Батальон келе-ақ іске кірісті. Изославель — Шипатов арасындағы бұрынғы жолмен жарыстыра жаңа жолдың төсегін жая бастады. Еңбек қазаны іле қайнады. Бұрын жыл бойы салынатын жолды үш айда бітіру керек. Жұмыс күні бұрынғыша сегіз сағат. Қалай бітіру керек?

Әскери көпшілік сыннан сүрінбей өтуге әу десті. Әлденеше топқа бөлініп, шонжар жұмысты бөлшектеп бөліп әкетті. Әр топ өзіне тиген сыбағаны өз ішінде тағы бөлісіп, кімнің күнде қанша істегені алақанда.

Жерді талқандап жол салған қалың қолдың ішінен суырыла шыққан бірнеше жігіт бар. Соның бірі көзге күйкі, құрыштай ғана Жаппарқан, еңгезердей Костядан тәшке тартса да, рельс көтерсе де, жер қазып, шпал тасыса да қалыспайды. Костя шылым тартқанда ол озып кетіп тосып тұрады.

— Кішкентай қазақ осындай, үлкен қазақ қандай екен! — деп күледі Костя.

— Екеуі нормаларын екі еседен орындап, «екіжүзшілердің» қатарында. Бұл еңбек теңдестігі жолдастық қарым-қатынастарын, әзілдерін бұрынғыдан да күшейтіп, бәрінен де тіл ұстартуға жақсы болды. Жаппарқан қазір орыс тілін бірсыпыра түсініп, өзі әжептәуір жарады. Костяға қазақ тілі ырық бермей жүр.

— Қазақ бас, — деп басын шайқап қояды ол. Жаппарқанның орыс тілін тез үйреніп келе жатқанына сүйсінеді де, өз басын кемсінеді. Жаппарқан ақыл салыстырудан көрі қажыр салыстыруды ұнатып:

— Кішкентай қазаққа ілесіп көрші қане! — дегенде, екеуі жаңа қарқынмен жарыса жөнеледі. Қанша дегенмен, өзі толық норманы екі есеге ылғи жеткізе беру оңай емес. Қайсыбір күні жұмыс жағдайы қиындап, қалжырап шығады. Сондайда Костяның бір сөзі сергітіп жібереді:

— Е, бұл әлі ойыншық қой! Кірпік қақпай, нәр татпай ыстық-суықта, оқ астында жүргенді айт... — дейді Костя. Айтып отырғанда Жаппарқанның жаны түршігеді.

— Біз соғыспаймыз. Өзі келіп қалай соқтығады бізге?

Костя Батысқа қарап ақырын ғана иегімен мезгейді.

— Бірінің етін бірі жеп жатыр... Көршілер де қанын ішіне тартып алды...

— Сен соғысты көрдің бе, сірә?

— Япошкамен, финдермен кескілестік қой...

Костя қалай кескілескенін, кімді қалай өлтіргенін масаттана айтқанда, Жаппарқанның көңілі Костяға бұрынғысындай болмай қалды. Оның ең жек көретіні — адам қанын жүктеген адам еді.

— Япыр-ай, Костя, сені олай емес қой деуші едім. Қанға құныққан кісіше сөйлейсің ғой, — дегенде, Костя сақ-сақ күліп жіберді.

— Сонда менің орнымда сен болсаң, сен де соны істер едің.

— Жоқ, өйтпес едім.

— Қайтер едің?

— Әуелі өтінем. Сен бас салып өлтіре береді екенсің.

— Сен өтіліп тұрғанда, оның оғы кеудеңнен өтіп кетеді. Өзіңді өлтіретін болған соң өлтірмеске амалың жоқ.

Жаппарқан сөз таба алмай, ойланып отырып:

— Өлтіру де, өлтірмеу де, соғысу да, соғыспау да қиын екен ғой... — деді де, орнынан тұрды күрсініп.

— Тоқта. Тыныстайық. Мен шылымымды бітірейін.

— Соғысып жүргенде шылым тартуға, тыныстауға мұрша бола ма! Үйрене бер осы бастан.

— Қап, мына құртымдай қазақтан қалып болмас, — деп Костя да құрды орнынан.

Бір жобамен әр тұстан көтерілген жол тесіктерінің аралары қосылып, тұтасқан қара жал болып көрінеді. Алғашқы кезде әр жерде үйірілген топ, опыр-топыр жұмыс бір арнаға құйып, буырқана аққан тәрізді. Тобын жазып, қанатын жайған батальон тізбектеле тұрып, бірі шпал, бірі рельс жинағанда, бірі іле-шала шегелеп, жаңа жолдың мүсінін сағат сайын, минут сайын жасап барады...

Адам машинадай күшті, шапшаң. Адам бойындағы кен — жер қойнындағы кендей көп. Бірақ бұл қасиеттер түпсіз тереңде жатыр. Оны тек сана мен құмарлық қана алып шығады. Батальонда осының екеуі де бар. Изославель — Шипатов арасы жолсыз тұрған жоқ. Қосалқы жол салу, салғанда жыл бойы емес, үш айда бітіріп шығу — Отанның ұлы санасы, қайтпас құмары екенін іштей біліп, істеген сайын батальон арындай түсті.

Жаппарқан мен Костя нормасын бүгін екі жарым есе орындап, «екі жүз елушілер» деген бір атақты тағы шығарды. Костяның бойына қарағанда «мынадан шықса шығар» дегендей, алпауыт. Онан қалыспай жүрген кішкене Жаппарқанға таңданады батальон. Атын атамай, «құрыш қазақ» дейді, көпшілігі. Осы «құрыш қазақ» бәйгелі жерде бұдан да әсем көрсетті өзін.

Үш айдың орнына екі жарым айда Изославель — Шипатов арасында екінші жол дайын болды. Отан Қорғау Халық Комиссариатының туын көтеріп, жоғарыдан өкілдер келді. Екі қаланың халқы батальонмен бас қосқан жиында алтынмен жазған Қызыл Ту жоғары көтерілді. Бұл ту бұл жиынның сәулеті, мәртебесі еді. Туды көтерген қарақат көз қазақ жігітін сөзге шыққан шешендер бір атамай кеткен жоқ.

— Біз, қызыл тулы батальон атандық. Асайынов Жаппарқан сияқты аянбай істеушілер арқасында жеттік, осы мәртебеге, — дейді, батальон командирі Кернар, — Мен еврей, ол қазақ. Ұлы Отан бесігінде, алып орыс халқының қолтығында осылай өсе береді аз ұлттар, — деп қалың көпті бір дуылдатты да, сөзді Жаппарқанға берді.

Қол шапалақтап, лебізіне құмартып тұрған жиынға Жаппарқан екі-ақ ауыз сөз айтты:

Мен партияның әмірін орындадым. Мен қазақ намысын жібермеуге тырыстым! — деді де, трибунадан түсіп кетті...

VI

Жол бітуін күтіп тұрғандай немістер лап қойды. Аспанды самолет, жерді танк қаптап кетті. Темір киген қалың қол жер қайыстыра жортып келеді. Оқ жаудырып, от боратып, жолындағының бәрін жайпап келеді...

Қызыл тулы батальон бұл кезде Калинин майданына барып жеткен. Жол дегеннің талқаны шығып жатыр. Батальон құйындай ұшып Калинин, Купшино, Клин, Дмитров, Сферма, Торжок, Ржев... араларында жүр. Бірін түзетсе немістер бірін ойраңдап кетеді. Немісті жүргізбеске бір жағынан өздері де қиратады.

Өткен түні неміс самолеттері Ржевпен екі арадағы жол торабын бомбалады. Жол кесіліп қалды. Поезды тоқтатуға болмайды. Батальон түн ішінде келіп қолға алды жолды. Содан дамылдаған жоқ. Міне таң атты. Қалың ағаштан көтеріліп, күн де шашырап шығып келеді. Бомба ойған үй орнындай үңгірлер бітеліп, бетінен жол төсегі қайта жиылып жатыр, Шатынап жарылып кеткен, күл боп жанып, моржасы ғана қалған ағаш үйлер көрінеді...

Бомба жауған станция сонда да тіршілігін қойған жоқ. Шашылғанын жинап, бүлінгенін түзеп жанталасқан көпшілік. Көпшілік қилы-қилы: әскер, жұмыскер, кемпір-шал, әжетке жараған бірен-саран балалар да бар. Біреулер бомба шашқан дүниесін, біреулер бомба талқандаған адам денелерін жиыстырып жүр. Бірде-бірі жайшылықтағыдай бет жыртып, жер бауырлап дауыс қылмайды. Қанын ішіне тартып сазарған көп, неге де болса белді бекем буып алыпты.

Жаппарқан басын көтеріп, станцияның, осы бейнесін көзімен бір шолып өтті де, рельстерді жасай берді. Ол, алғашқы кезде мұндай бүліншілікті көргенде ызадан жанып, аяныштан еріп кете жаздайтын. Көре-көре қазір бәріне көніпті. Екі рельсті ұштастырып винттеп отырып, топырақ арасынан адамның бір саусағын тауып алды да, таңырқамастан былай апарып көме салды. Қайта келіп, шапшаңдата винттерді бұрап барады. Бес сағатта бітіру керек. Үш сағатта ең ақырғы рельсті бекітіп жатыр еді, немістің он бес самолеті бірден күркіреп шыға келді. Бұрынғы әдетпен жолдастарының бәрі жасырынып қалды. «Жасырын» деген бұйрық болған жоқ. Жаппарқан жалғыз өзі бекіте берді рельсті...

Бомба жауып тұр. Түскен жерін жүндей түтіп, аспанға ұшырып жатыр. Немістер бұл сапарда жолды емес, станцияны аумағымен құртып жіберуге аттанса керек. Көбінесе өрт бомбаларымен атқылап жүр. Бірнеше минуттың ішінде станция, оны қоршаған жұмысшы поселкасы қып-қызыл от боп кетті. Лаулаған жалын, алай-түлей түтін, күркіреген аспан, сілкінген жер...

Жаппарқан қайда барарын, нені қорғарын білмей, ақырғы рельсті бекітіп болған соң, бұйрық күтіп біраз тұрды. Осы ойранның бәрінен басым, ғажап үн естіледі. ЬІңырсиды, шыңғырады, зарлайды. «Құтқар! Құтқар!..» деп ащы дауыстар шақырады. Солай қарай тура жүгірді. Булыққан түтіннен маңайын жақсы болжай алған жоқ. Қақала-шақала ұшып келеді. Шашылған консерві, колбаса, нан, азық-түліктерден аяқ алып жүргісіз. Лаулап жанған бір өрттен өтіп бара жатса, ұн сарайы екен. Ұнның майдай жанғанын көргені осы. Аялдамастан, аянышты үндерге тақалып келді де, жата кетті...

Өткен түнгі бомбалауда станцияға бірі кіре бере, біpi шыға бере екі поезд жеткен жерінде айқыш-ұйқыш тұрып қалған. Бірі жаралы әскерді тылға әкеле жатқан, бірі майданға оқ-дәрі апара жатқан поездар. Жол бүлініп, ілгері не кейін жүре алмай, амалсыз тұр. Осыны кеше көзі шалған немістер бүгін әкесінің көз құны қалғандай бомбалады. Қатар тұрған екі состав бомба түскен соң бірін бірі құртып барады. Оқ-дәрі тиелген вагондар гүрс жарылғанда оқ пен от ұшқындары құйындай бұрқырайды. Жаралылар жатқан вагондар лаулап жанып, оқ вагондарына от бере түседі. Маңына жан жолатар емес. Жанып жатқан дәрменсіздердің дауысын естіген адам шыдар емес. Жаппарқан жер бауырлап жырғалап келеді. Өрт те вагоннан вагонға жылжып келеді. Арғы қабаттағы состав оқтын-оқтын күрсілдеп боратып қояды оқты. Аспаннан жандырғыш бомбалар сіркіреп кеткенде, өрттер тіпті үдеп кетеді.

Орталықтағы вагонның бір басына өрт жеткенде мына басына Жаппарқан да жетіп ағыта бастады. Қызыл ұшқындар борап тұр. Ащы түтін тұншықтырып барады. Тізе бүгуге келтірмейді, аяқ асты шашылған шоқ. Ұшқын түсіп, киімдері шұрқ-шұрқ тесілді. Оны елеген жоқ. Тек күйіп бара жатқанда ғана уқалап, сүйкелеп өшіріп алады.

Зор қорқыныш — оқ тиеген состав. Ол осы кезде бір боратса Жаппарқанның аман қалуы екі талай еді. Аман-есен ағытып шықты әйтеуір. Вагон-вагонның тасасымен бастағы паровозға қарай жүгірді енді. Оң аяғы шым еткендей болды. Паровозға жете етпетінен түсті...

— Жөнел, жөнел!

— Жол жоқ.

— Барынша жылжы.

Поезд жылжып барып, алдағы белгіге тұмсығын тірей тоқтады. Бірнеше вагон жаралылар аман қалды. Машинист дәрігерді ала келіп, Жаппарқанның аяғын орап жатыр. Неміс самолеттері бомбаларын тауысып, кейін қайтты. Тревога басылып, апатпен қайта алысты жұрт. Жол аман екен. Кеше мықтадым деп бүгін жолға алаңдамапты немістер. Поезд жүргелі-тұрғанда, Костяны ертіп Кернардың өзі келді Жаппарқанға.

— Жараң онша ауыр емес. Жан қиярлық ісіне алғыс айтамыз. Сауығып қайтуыңды сағынышпен күтеміз! — деді, қолын қысты, аузынан сүйді Жаппарқанның. Жаппарқан басын шайқап;

— Жол жұмысына көңілім көншімеді. Немісті өлтірмей құмарым тарқар емес, — дегенде, Костя күліп жіберді:

— Қайтесің адам қанын жүктеп!

— Суша ішер едім енді!..

Поезд орнынан қозғалды. Майдандас достары шұрқырасып қоштасып жатты...

VII

Түн. Қалың орман. Жер үстінде төбесі томпайған блиндажды қар басып қалған. Тек, апанның аузындай есігі ғана үңірейеді. Ішіндегі төрт мерген әңгімеден ауыз жапқан жоқ. Бесіншісі жаңадан қосылған Жаппарқан, үндемей тыңдап отыр. Қолдан жасаған шынысыз шамның әлсіз сәулесінде жарқылдаған көздер ғана, қабырғада жалтыраған дымдар мен Жаппарқанның омырауындағы Қызыл Жұлдыз ордені ғана анық көрінеді. Өзгенің бәрі көмескі.

Отан соғысының не қиындықтарын басынан кешірген жастардың әңгімесі тек соғыс емес, осынау ала сәулесі, су блиндажда елдегі қызықты күндерді еске түсіре келіп:

Немістің өз қылғанын өз жерінде бір көрсетсек!.. — деген арманға тіреледі.

Жаппарқан әңгімеге әлі араласқан жоқ. Тыңдап отырып, ақырын ғана күрсінеді. Бетінде қорасан дағы бар, көзі күлген сұрша жігіт тойған қозыдай томпайып отыра берген соң жолдастары ішін ашып көргісі келді.

— Орденді не үшін алдыңыз? — деді бірі.

Жаппарқан қысқа қайырды жауапты:

— Бір соғыста көзге түсіп ем.

— Қай жерде? Осы Велики Лукта ма?

— Жоқ. Ржевте.

— Е, қалай түстіңіз көзге?

— Онда пулеметте істеуші едім, — деді Жаппарқан. Жолдастары ежіктеп қоймаған соң, қызықты оқиғаны жай әңгіме қып ұзын ырғасын айта бастады. — Жол жұмысында жүріп жараланып, госпитальға түскеннен кейін жолға қайтып барғам жоқ. Өзім тіленіп, соғысқа шықтым. Біздің рота жаудың ішіне сұғыныңқырап кеткен екен. Окопта жатқанда немістер қарсы шабуыл жасады. Әуелі снаряд жаудырып алып, бір ротадай неміс бүйірден тиді. Пулеметчик өліп қалған. Мен екінші номермін. Немістер автоматтан боратып, ашықтан ашық келе жатыр. Пулеметтің үні өшкенге біржолата өшті деді ме, тым еркін келеді. Қауіп менің бір басымда емес, бүкіл рота жау қолында қалғалы тұр. Қалған оқты байқасам, көп атысқа жетпейді. Есебін тауып аз атып, көпті қирату керек. Сонан соң не де болса жақындасын деп тырп етпей жаттым. Ол иттермен бетпе-бет келгенімнің өзі осы еді, бет бейнелері көрінгенде, қолым өзінен-өзі пулеметке барып қапты. Сыртылдата бастадым. Оршып түсіп жатыр. Лезде жусап қалды. Біразы жалт беріп кейін қашты. Әнтек шыдағанымда, не керек, бірі кетпейді екен! — деп Жаппарқан әлі өкінеді. Айтып отырғанда бетіне қан ойнап, өзгеше бір уыт пайда болды. Бір кезде Костяны айыптаса, енді өзінің құмарлығы онан да асып кеткен тәрізді.

— Сөйтіп жатқанда, — деді тағы да бір өшпенділігін көрсеткендей. — Әлдеқайда кеудеме осколка келіп тиді. Көзім қарауытып барады. Бірақ, есім ауғанша пулеметімнің даусын естіп жаттым. Одан әрі адамдарының айтуына қарағанда, қолым пулеметті ұстаған күйінде жатыр екенмін...

Жаппарқанның өшпенділігіне, ерлік ісіне жолдастары риза болса да, өз ризалығы әлі сезілмейді. Әңгімені қысқа қайырып тағы да томсара қалды. Оның ойына қазір бір сағаттан кейін шығатын жол түсіп тұр. Бұл сапарда жолы болып қайтпаса, өзіне риза емес. Бұдан бұрын екі рет сұранып барып, құр қайтты, іліп қайтқан күндерінде де, өзін онша бағалап көрген жоқ. Ылғи қапы кеткендей, кем соққандай болады да тұрады. Онысы кемдік емес, ескен өшпенділік, арман екенін байқамайды. Әуелде әскер қатарына кірудің өзін арман етіп еді, кірді. Орыс тілін білсем деп еді, білді. Жол түзеуге маманданды. Бір құмары майданға шығып, немісті өз қолымен өлтіру болса, бір тобын бір-ақ қырып, наград алды. Сонда да жетпей жатыр. Ендігі құмары немісті тірідей ұстап, «тіл» әкелу. Бұл бұрын істемеген ісі, соңынан түскелі екі-ақ күн. «Аузын тығындап, тізерлесем, қорыққанын, қиналғанын көрсем, пенде қылып отырып бір сөйлессем» дейді. Сонда бірсыпыра көк қайтатын сияқты.

Жаппарқан осы оймен отырып орнынан тұрды.

Мен кеттім, — деді киініп жатып.

— Жолың болсын.

— Әдейі барған соң іліккенін ала жөнелмей, толымдырағын әкел, — деп қалжыңдайды жолдастары.

— Бүгін құр қайтсам, мергендіктің өзінен айырылмаспын, — деді де Жаппарқан қаруын алып шығып кетті...

Қалың орман қабағы салбырап тұнжырап тұр. Желсіз жауған ақша қар жер бетін жым-жылас қыпты. Ақ киінген он жігіт осы қардай аппақ, осы қардай дыбыссыз, жауға беттеп жүріп келеді. Қадалған көз — кірпік қаққанша, тігілген құлақ — дем алғанша бірдеме бола қалатындай, дем де, кірпік те қабаттамай, тура тұрса екен деп келеді. Бойда бар сезім, қырағылықтың зәредейін қалдырмай жұмсаса да, ештеме сезілмеді, кездеспеді. Лейтенант басшы біраз ойланып тұрды да, бет аударып тағы жүрді. Оған тақау келе жатқан Жаппарқан тұра қалды бір кезде. Аяғы әлденені сезгендей. Еңкейіп қолымен байқаса, қар басқан сым жатыр.

— Телефон сымы! — деді сыбырлап лейтенант. Сымды кесті де, жігіттерді бөліп-бөліп, әр жерге жатқызды. Өзі Жаппарқанмен бір жатыр.

Heгe кестің, біліп қоймай ма? — деп сыбырлайды Жаппарқан.

Білгені керек. Түзеуге келгенін ұстайық.

Жігіттер көп жатты. Түзетуге ешкім келмеді. Бүгін қайтсе де «тіл» апару керек.

— Не де болса үйшігінен басайық! — деген Жаппарқанның ұсынысын лейтенант мақұл көрді.

Белді бекем буып, блиндажға тартты енді. Траншеяға келіп түсіп, екі басып, бір тыңдап, бірінің соңынан бірі тышқанша жорғалап келеді. Дыбыс жоқ. Жоғы қуантады да, қорқытады да. Білмей жатыр ма? Біле алмай ет жүрек дір-дір соғады. Сана, жарлық, өшпенділік үш жақтан айдап, еріксіз барады өлімге...

Траншея тура бастап пулеметке апарды. Пулеметчик пулемет ұясының қабырғасына сүйеніп сұлқ тұр. Тырп етпейді. Қалғып тұрғанын, аңдып тұрғанын айырғанша бірер минут өтті. Лейтенант қанжарын қолына алып, Жаппарқанды түртіп қалды. Екеуі ілгерірек жылжи түсіп, оқтай атылды пулеметчикке. Жаппарқан бассалып, алдымен аузын тығындады. Лейтенант өңменіне тақап тұр қанжарды. Басқа жолдастары да келіп қалған, лезде ұмар-жұмар қылып, пулеметімен ала жөнелді немісті...

Қимылдары қанша дыбыссыз, қанша шапшаң болса да, сезіп қалған екен. Арт жақтан іле дауыстар естілді. Сонша болмады ата бастады, Бірақ, кезікпеген тәрізді. Жігіттер зытып барады. Ракет жарық еткенде ұлпа қарға сүңги қашады. Қолақпандай немісті сүйрете сүңгу оңай ма, жан тері шықса да, қалдырмай келеді.

Немістер ракет жарығымен көзігіп қалды. Бірнешеуі соңға түсіп бергенде: — Пулеметпен тос! — деді лейтенант.

Пулеметті бір түбірдің түбіне қоя салып, аузын кейін қаратты Жаппарқан. Немістер оқ жаудырып қуып келеді. Арғы жақтан минометтер күрсілдете бастады. Бір көптің болғанын сезіп, біздің жақ та оқтың жауабын оқпен беріп жатты. Екі жақтан жауған оқ астында, бауырлап қар кешкен жігіттердің екеуі қаза тапты. Жау қолында өлік қалдыруға бола ма, жүк ауырлай түсті. Сүйреп келе жатқан неміске осколка тиіп ол тағы жатып алды. Сонда да бас сауғаламайды жігіттер. Үшеуді жетеу сүйреп, алаңнан ағашқа енді.

Кезіккен қуғыншының жетпеймін, түсірмеймін деген ойында жоқ, аңыратып түбірден өте бергенде, Жаппарқан бүйірде тұрып он бірін бірден сұлатты. Қалғаны тым-тырағай қаша жөнелді. Бірақ, кейінгі жақ мылтықтың аузын алаңда қалған Жаппарқанға бұрды енді. Алғашқы снаряд түсісімен Жаппарқан да оны сезіп, пулеметті тастай, жер бауырлай қашты. Снаряд алдан, арттан, оңнан, солдан бората бастады. «Ажал» деген анталап ортаға алса да, ара-арасымен қарға сүңгіп кетіп барады. «Қалың орманға бір іліксем» деген арман қабынған өкпені сүйреп барады...

Міне орманға да ілікті, әл де бітті. Жаппарқан бір оршып, қозғалмай қалды. Соны көрген жау «құдай берді» деп қайта қуды...

Жаппарқан ыңырсып жатыр. Талмау жерден тиген оқ қозғалтпайды.

— Кел... Құтқар... Aпa, апа... қош... — деп жатып үні өшті.

Жау босқа дәмеленген екен. Келіп қалған көмекші өзінен күшті көрінген соң, қайта серпілді. Жаппарқанды қаумалап алып кетті қызыл әскерлер...

VIII

Ржев. 1943 жыл. 6 ноябрь.

Қаладан жеті жүз метр жерде, жар жағасында, жол түзеушілердің блиндажында Жаппарқан ыдыс-аяқ жуып отыр. Омырауының оң жағында орден, сол жағында түрлі төрт лента бар. Көңілі көтеріңкі, ақырын ғана ыңырсып әндетеді. Әні әлі де ауылда қалған Бәти:

Келіп ем құмар болып көптен сізге,
Ойымнан шықпаған соң үйде-түзде,
Жастықтың базарында ойнап, күлмек
Бұрыннан мұра емес пе қалған бізге.

Отделениенің өзге адамдары тамақтан кейін тыныстап, жай жатыр. Костяның аузында шылым, екі қолы желкесінде, көзі Жаппарқанда, аяғын айқастырып қозғап жатып:

— Жаппарқан! — деді бір кезде.

— Әу, — деді Жаппарқан.

— Сені күндегім келеді.

— Қой, не қыласың.

— Қоя алатын емеспін.

— Неге?

Неге екенін айтайын, — деп Костя басын көтерді. Айтудан бұрын алақанын сарт еткізіп, шылымның қалдығын ұшырып жіберді де, мүштігін қалтасына салды. — Мен осымен үш соғысқа қатынасам. Өлтіргенім отызға жеткен жоқ. Сен келе сала жүзден асырдың.

— Рас, — деп жымың ете түсті Жаппарқан. — Сенің япошка мен финдерді тұрғаныңды естігенімде жаным түршігіп еді. Сөйтсем, жау еріксіз өшіктіреді екен.

— Ей, оңбаған, құртымдай қазақ, сол жолдың да абыройын бермедің ғой маған.

— Бермегенде қайттім?

— Батальон Қызыл Ту тапсырғанда топ алдында, ту астында сен тұрдың. Калинин жолдас келгенде арқаға сені қақты. Мен әлі қазақша білмеймін, сен орысша үйреніп алдың.. Ылғи алдымды бермейсің. Бұл алжыған құдай маған арбиған дене бергенше, сендей ғана бір жапырақ бақ берсейші.

— Ендеше, мен тұрғанда саған қыз да жоқ.

— Аһ! Енді қыздан қағайын дедің бе! — деп Костя Жаппарқанның үстіне міне түсті. Құшырланып, жуан саннан сығымдап жатыр.

— Батыр, батыр, қыз сенікі! Қыз сенікі!

— Бәсе! — деп алқынып түрегелді Костя.

Екеуінің бұл ойыны, әзілі, бірін-бірі бір түс көрмесе шұрқырасып табысады. Жаппарқан алғашқы жараланып кеткеннен кейін он екі ай әскерде, госпитальда болып, қайта келген. Дәл келген сағатында тревога болып, жұрт жасырынып жатса, екеуі құшақтасып сүйісіп тұра беріпті. Осы үшін командирден өмірі алмаған «ескерту» алды. Жаппарқан соны қазір есіне түсірді:

— Санымды езіп тастапсың. Жұмыстан қалсам кім жауапты! Командирге айтып, наряд бергізейін бе, бәлем?

— Бергізсең бергіз. Ортақ болармыз.

— Ойпыр-ай, жалықпайды-ақ екенсіңдер! — деп командир басын көтеріп алды. — Тұрыңдар. Уақыт болды.

Бүгін үйде қалатын кезек Жаппарқандікі. Үй күзетеді. Қаладағы асханадан ас әкеліп дайындайды. Өзге жолдастары жұмысқа жөнелді. Костя кетіп бара жатып та қағытып барады:

— Дөден бүгін көрсетер саған рекордты!

— Мен көрсеткенде қайда қалдың?

— Саған қарайлағам. Сен алды-артыңа қарамастан тұра жөнелдің, оңбаған. Мені енді тоқтатып аларсың.

— Бар, бар. Атыңның шабысы білсін! — деп Жаппарқан қала берді.

Екеуінің бұл қалжыңының сабағы батальонның әйгілі күндеріне апарып соғады. Калинин қаласына таласқан ұрысқан ұрыста немістер бұзған өте қажетті бір көпірді шапшаң түзету керек болды. Соғып тұрған боранға, сақылдаған аязға, жағаласқан жаудың әрекетіне қарамастан, батальон жарлықты уақытында орындады. Батальон ішінде Жаппарқанның взводы, взвод ішінде Жаппарқанның өзі көзге өзгеше түсті. Норманы бес есе артық орындап жіберді. Калинин жолдас келгенде сол үшін арқаға қаққан Жаппарқанды.

Жаппарқан қазір блиндажда оңаша қалғанда әскер қатарында өткен төрт жыл, оның ішінде осы Калинин майданында өткен үш жыл өмірін бастан-аяқ шолып өтті. Барлық өмірі де бір, төрт жыл да бір екен. Бұл жылдарда қайда бармады? Не көрмеді?.. Еске түсіріп, есебіне жете алмай отыр. Көңілі сонда да көншіген жоқ. Тoп жарып, бүкіл Совет Одағына даңқы кеткен батырларға қарайды. Олар шалдырмас тұлпар, қол жетпес биік боп көрінеді. «Оларға қарағанда біз не істедік» деп төмендейді. «Әйтеуір жауды қашырған көптен қалысқам жоқ» деп көтеріледі. Ойын осымен түйіп, еден жууға кірісе бастағанда бір әскери жігіт енді блиндажға.

— Асайынов жолдас бар ма осында?

— Бар.

— Қайда?

— Мен.

Сізді батальон командирі шақырады. Тез жетіңіз! — деді де, келген жігіт шығып кетті.

Еденді жуа сала Жаппарқан да жөнелді. Жол бойы бұл шақырудың жөнін таппай келеді. Батальон командирі тікелей шақыра бермейтін. «Не боп қалды? Өте асығыс, өте жауапты жұмыс болды ғой бұл... Лағнеттер бүлдірген екен тағы да...» деген оймен адымдай басып жеткен кезде, Кернар ұшып келіп қарсы алды.

— Құттықтаймын, Асайынов жолдас. Сізге «Социалист Еңбек Ері» деген атақ берілді, — деді салған жерден. Қолын қысып, аузынан сүйіп жатыр... Жаппарқан аң-таң.

— Не дейсіз?

— ССРО Жоғары Советі Президиумының 1943 жыл, 5 ноябрьдегі қаулысы бойынша Сізге де, маған да «Социалист Еңбек Ері» деген атақ беріліпті. Жаңа ғана радиодан естідім.

— Менімен аттас біреу болмаса?

— Біздің батальонда сізден өзгe Асайынов жоқ…

Жаппарқан тұрып-тұрып күліп жіберді. Бетінде қан ойнап кетті.

— Сізге де құтты болсын! Жасасын Совет Үкіметі!

1946 жыл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз