(Бір актылы пьеса)
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Вилл
} - Диверсанттар.
Эрнест
Петр — қарт партизан.
Коля — оның немересі, пионер.
Ахмет және оның жолдастары — истребительный батальонның адамдары.
БIРIНШI АКТ
Майданға жапсарлас тыл. Қалың ағаштың іші. Аяғын мысықша басып, жан-жағын бақылап, қызыл әскерше киінген Вилл шығады.
Вилл. Бұл не қылған кең жер, мол байлық. Осы станцияның айналасына Германияның бір облысы сиып кетер... Орыстың кешегі сабалақ мұжықтары жалғанды жалпағынан басып, кердең - кердең етеді... Ішің күйеді. Паһ Гитлер! «Қан өзен боп ақсадағы қынжыларым жоқ, алсам болғаны» деді - ау! Жәннәт емес пе, осы жерлер. Қалай қызықпассың (фотоаппаратын алып, жердің суретін түсіріп жүріп.) Жер бір-ақ жаралған, адам күнде жаралады. Сондықтан, жерден қымбат ешнәрсе жоқ. (Самолеттің гүрілі естіледі. Вилл сасыңқырап.) Шолушы болу керек, шолушы. Осылардың самолеті - ақ бой жаздырмай қойды. Байқамағанбыз, басым екен бізден, басым. (Жығылған ағаштың жапырағын жамылып жата қалады. Аз тым-тырыс. Самолеттің үні өшкен кезде Вилл орнынан тұрып, радио аппаратымен жан-жақтан хабар ұстайды. Тыңдап тұрып, шошынып.) Ұсталған. Қырып салған! Бізден басқаның бәрін жойған... истребительный батальон құрылып жатыр. Дереу хабарлау керек (штабына хабар бере бастайды.) Штаб! Штаб! Сөйлеп тұрған Н. Сөйлеп тұрған Н. Біз ғана орнымыздамыз, өзгеміз ғайып болды. Жер-жердің бәрінде истребительный батальон құрылған... Бұйрық күтемін, бұйырыңыздар. Я, я! Тыңдап тұрмын. (Жаза бастайды. Самолеттің гүрілі естіледі. Вилл сасып тағы да тығылады. Тығылып жатып.) Тіпті төмен ұшып жүр. Аналарды көріп қалмаса неғылсын... Япырай, сезіп қалды ма! Шұқшиды ғой... (Тығыла түседі.) А, жоқ беті әрі ауды білем. (Басын көтерген кезде өлеңдеткен дауыс естіледі. Вилл алақтап төңірекке көз жібереді.) А, малшы екен. Беті осылай - ау. Бала ғой өзі. Осынша малды жалғыз бағып жүр ме, жаным - ау!
Дауыс:
— Оқуға, тынығуға, еңбекке,
Елімде бар адам праволы.
Деген сөз сақталады мәңгілікке,
Бұл бір сөз ең ұлы мағыналы.
Елімде еседі көктем желі,
Күн сайын шат өмір құлпырған.
Сізше шын масайрап күлер, сүйер,
Жиһанда жоқ болар ешбір жан.
Ал егер, соқтықса дұшпан тиіп,
Азамат борышын ақтаймыз,
Отанды аймалап жардай сүйіп,
Ардақты анадай сақтаймыз.
Вилл. Тілің кесілгірдің кесер ме еді тілін. Қарашы, мірдің оғындай, тіпті. (Малшы баланы бақылап тұрғанда, арт жағынан ептеп басып, Петр шығады.)
Петр. (Виллді көрісімен білдірмей қасына келіп, ақырын сыбыр ете түседі.) Ол не? Сезікті бірдеме көріне ме?
Вилл (шошып кетіп, мылтығын кезей тұра қалады). Көтер қолыңды!
Петр (күліп). Мен шошығаным жоқ, қолымды көтеретін. Балам, жүрегің орнықпаған екен әлі, орнықтыру керек. Жүрек орнында болса ғана жауыңды жеңесің.
Вилл. А, солай ма? Қайдан жүрсіз, кім боласыз, ата?
Петр. Мынау станцияның малшысымын. Малды бұлаққа әкеп түсірген соң, әншейін, ағаш арасын байқайыншы, бейсеубет ешкім жоқ па екен деп жүргенім ғой!
Вилл. Сөйтіп разведчик қызметін де атқарып жүрмін деңіз. Жарайсың қарт!
Петр. Енді қалай өйтпесе, Отан соғысы бола ма, бұл соғыс. Баласы жаумен жағаласып жатқанда, әкесі қалай отырады.
Вилл. Әскерде балаңыз бар ма еді?
Петр. Қызыл әскердің бәрі балам.
Вилл. Жоқ, өзіңізден туған баланы айтам.
Петр. Бір балам ұшқыш, кеше радиода айтты ғой, бір айқасқанда фашистердің он самолетін құлатқан. Сол менің кіші балам. Енді бірі артиллерист. Келінім өзі тіленіп майданға кетті, дәрігер еді. Немеремді көмекке алып өзім жұмысшылардың сиырын бағып жүрмін. Кемпірім станция асханасында істейді.
Вилл. Тегіс аттанған екенсіңдер. Майдандағы балаларыңыздан хат келіп тұра ма, не айтады?
Петр. Амандық. Басқа хабарға былай де қанықпыз ғой.
Вилл. Осы станциядағы элеватор мейлінше үлкен болса керек, ә? Күніне неше состав поезд өтеді осы арадан?
Петр. Ол әскери сыр ғой, балам. Өзің осы маңды күзетесің бе?
Вилл. Бұл да әскери сыр ғой, ата.
Петр. Білем, білем. Алда-жалда керек болып қалсаң дегенім де.
Вилл. Истребительный батальон құрылғанын естідіңіз бе?
Петр. Құлағымның мүкісі бар, ондайды көп ести қоймайды. Өзің сонда істейсің бе? Жақсы. Құртыңдар бірін қалдырмай, біз жәрдемдесеміз. Құдая, аспаннан жылан жауғанын кім көрген!
Вилл. Жылан?!
Петр. Әлгі, парашютпен түсетін фашист сұмдарын айтам.
Вилл. Ә, ә немістерде айла көп қой. Олардың солдаты қашуды білмейді, ылғи алға ұмтылатын көрінеді.
Петр. Олар орысты өмірі жеңіп көрген емес. Баяғыда Александр бық - бырт тигендей қылғаны қайда? Он сегізінші жылы өзіміз де берідей тигенбіз. Ал, қазірдің өзінде де жусап жатқан жоқ па, соларың.
Вилл (басын шайқап). Кәзір, олармен ойнауға болмас, шекарадан лезде өтіп, ішке еніп кетті ғой.
Петр. Е, жеңіп өтті ме тәйірі, қапылыста өткен жоқ па? Бір себептен мұнысы тіпті жақсы. Қызыл әскер күшін жинап, реттеліп алып шабуылға кіріскенде, осы кірген әскердің жол тауып қашуы қиын болар. (Күліп қойып.) Олар әлі партизандардан көреді, көресісін.
Вилл. Кәзіргі техниканың кезінде партизанның өмірі ұзақ болмас, құртып жібермей ме, лезде.
Петр (өршеленіп). Пәле, балам, партизанның жайынан түк білмейді екенсің. Сен самолетіңмен қай бұтаның түбін тінтіп бітіресің. Қандай күшті армияны да жеңуге болады, ал, күшті партизан қозғалысын.. ешбір жеңуге болмайды. Өйткені, бүкіл ел болып, жер болып, оларды қорғайды. Олар көлеңке тәрізді, соңынан қалмай, сәл қапы кетсең - ақ қасқырша тиіп тұрғаны. Қашанғы кірпік қақпай, беліңді шешпей сақиып аласың. Көрдік қой, мығымсынған талай төрелерді!
Вилл (елең етіп). Партизансыз ба?
Петр. Болған едік. Сонсоң ғой делебем қозып отырғаны. Не керек, жібермей қойды, енді.
Вилл. Сол партизандардың ішіне кірсем деп ем.
Дауыс. А - та, қай – да - сың?
Петр. Біздің бала ғой, барайын. (Кетеді.)
Вилл (жалғыз). Шалы мынадай, өзгесі қандай. Бұл неткен ер халық. Шетінен саясатшылын қарашы. Бір де дерек бермей кетті-ау, жаңағы. (Пауза. Ағаштың арасынан ептеп басып Эрнст пен румын солдаты шығады.) Келдіңдер ме, көзге түскен жоқсыңдар ма, әйтеуір?
Эрнест. Түспесек те жаман қысылдық. Төбемізде самолет қалықтап жүріп алды. Сонсоң, ашыққа шыға алмадық. Бірақ, ағаш арасынан қарағанда да анық көрінеді екен. Көпірдің екі басында екі қызыл әскер тұр.
Вилл. Ағаштың шетінен алыс па екен?
Эрнест. Төрт-бес километр.
Вилл. Түнде күзет күшті көрінеді. Қапысын тауып күндіз бұзу керек. Мен де станцияны шолып қайттым. Екі жолдың түйіскен жері екен. Майданға қарай поезд ағылып жатыр. Көпір бұзылса опыр-топыр болып қамалады да қалады бәрі.
Эрнест. Қалай бұзамыз, күзетші сақиып тұр, самолет төбемізден төніп маза бермейді.
Вилл. Оның үстіне біздерді құртатын истребительный батальондар құрылған. Бұл да есіңде болсын. Бірақ, Гитлер бастаған жорық, адам қаны өзен боп ағып жатса да, адам басы күзгі жапырақтай домалап түсіп жатса да тоқтауға тиісті емес. Штабтан радио арқылы бұйрық алдым, жаңа... қалайда орындау керек. (Аз дағдарыс.) Ей, румын солдаты, көпірді сен бұзасың.
Солдат (амалсыз). Жарайды.
Вилл. Құс ататын кісіше шөптің арасымен жер бауырлап отырып бар - дағы, бұғып жат. Жол үсті жүрістен бір толастаған кезде, екі солдатты екі оқпен жайға - дағы, көпірді талқандап қайт. Бар, жөнел.
Солдат. Құп. (Кетеді).
Вилл. Сен жаңағының артынан барып есекше түрткілей отыр, өйтпесе, орындамайды. Румындар есек қой.
Эрнест. Құп. (Кетеді. Аз тым-тырыс).
Петр (малда жүріп партизан өлеңін айтады, баласы рожок тартып оған қосылады).
Қорғауға елді кім шықпас,
Аттанды қала, далам да,
Кәрі дүние килікті
Жайнаған біздің заманға.
Адырға шығар деген бар
Асыққан аң ажалға...
Қаһарланып аттандық,
Қаусаған кәрі дүниеден
Енді тамтық қалар ма,
Олар фашист — сұр жылан
Уын шашқан адамға.
Денеге уын дарытпай,
Жаныштап басын жыланның
Салайық, халқым, табанға,
Ондай мерез ордасы
Қалмасын тіпті ғаламда!..
Вилл (жалғыз, зілді күлкімен). Өлеңдетуін, түге! «Мессершмидт», «юнкерстер» қайда жүр?.. (Радио аппаратын алып тың тыңдайды. Бір уақытта өңі қашып.) Ә, бұл естімеген сұмдық. Неміс солдаты, неміс ұшқышы өз еркімен қолға түсті дейді. Бұл қалай? (Ышқынып.) 9 «юнкерсті» советтің бір ұшқышы атып түсірген, оныншысына келгенде оғы таусылып, ұрып түсірген. Қалайша!... Апырай!.. Қолға еркімен түскен неміс ұшқыштарының хаты дейді. Ал, не айтар екен? (Тыңдайды. Қабағы түсіп, салбырай бастайды.) Рас болды... Бәріміз бір қаланың жігіті едік, оңбағандар сындырып кетті белімізді. Бұл хат тек солдаттардың арасына тарамасын, тараса... (Самолеттің гүрілі естіледі.) Біздікі емес. (Тығылады. Гүріл жуықта басыла қоймайды. Біресе алыстан, біресе жақыннан естіліп тұрады. Гүріл басылып, Вилл орнынан тұрған кезде, Коля келеді.)
Коля. Жауынгер, а сәлеметсіз бе?
Вилл. Өзің де сәлеметсің бе, інішек. Бұл қалай, бір қолыңда рожок, бір қолыңда рогатка, өзің малшысын.
Коля. Пионер бәрін де білуге тиісті.
Вилл. Отыр, әңгімелесейік. Қалай, әке-шешеңді сағындың ба?
Коля. Сағындым, бірақ, шыдаймын.
Вилл. Өліп қалса қайтесің.
Коля. Майданға сұранам.
Вилл. Онда не бітіресің?
Коля. Фашистерден кегімді алмаймын ба?
Вилл (күліп.) Бүкіл Европаға бой бермей келе жатқан оларға шамаң келе ме, сенің?
Коля. Туһ, ақымақ қой олар. Алдымен Гитлердің өзі дурак, надан!
Вилл. Қалайша?
Коля. Ол, ғылым-білім адамды аздырады дейді, надандықты қолдайды. Ал, біздің Ленин оқы, оқы, оқи бер деп кетті.
Вилл. Бұл философиялық мәселе, келешек көрсетер, ал сен?..
Коля (сөзді бөліп). Сіз Ленинге шек келтірдіңіз.
Вилл. (жалтарып). Жоқ, жоқ. Лениндікі дұрыс.
Коля. Aha! Әрине, дұрыс!
Вилл. Саясатты қоя тұрайық, саған әлі ерте. Үйлерің станцияның қай жерінде, қонаққа баруға бола ма? Жақсы тұрасыңдар ма?
Коля. Келіңіз. Жақсы тұрамыз. Біздің үй вокзалдың нақ жанында.
Вилл. Онысы жақсы болды, поездардың расписаниесін айтып жіберші, қайсы қай уақытта өтеді?
Коля. Оның не керегі бар?
Вилл. Ертең жүрмек едім...
Коля. Расписание өзгерген.
Вилл. Қане, қалай.
Коля. Ол арасын айтуға болмайды. Өзіңіз қызыл әскерсіз, білуге тиістісіз ғой оны.
Вилл (өзіне). Қаршадайына дейін бойына дарытпауын қарашы.
Коля. Аға, қызыл әскердің бір жаңа өлеңін үйретіңізші.
Вилл. Бұл арада отырып өлең айтуға болмайды.
Коля. Неге?
Вилл. Бұны да айтуға болмайды.
Коля (қарындаш, қағаз ұсынып). Ендеше жазып бере қойыңыз.
Вилл. Жоқ, өлең жазып отыруға уақыт аз.
Коля (қиылып). Әдейі осы үшін келіп едім, тым құрыса бір ауыз ғана...
Вилл. Шынымды айтайын, білмеймін, қиылма, шырақ.
Коля (таңданып). Білмеймін!.. Қалайша? Ендеше, мен ән тартайын, үйреніп алыңыз, тамаша.
Вилл. Ә-ә...
Коля (рожогін ыңғайлап). Пионер өлеңімен айтылады, Тамаша жақсы ән.
Вилл (рожоктың даусы шыққан кезде). Әй бала, қоя ғой, үйлеріңе қонаққа барғанда естірмін. Бар, малыңа бар, ертең тағы осы арада кездесерміз.
Коля (ұнатпаған пішінмен). Қош. (Кетеді.)
Вилл (жалғыз). Бойды енді бұлардан аулақ салмаса болмас, жарға ұрындыратын түрі бар. Орынды да ауыстыру керек, ертең тағы келеді ғой. (Ағаштың ішіне еніп кетеді. Аз тым-тырыс. Бақылай, тың тыңдай отырып Петр мен Коля келеді.)
Коля (ақырын дауыспен). Әне кетіп те қалған. Ол шын қызыл әскер болса қызыл әскер әнін білмей ме? Түк білмейді. Және неміс сияқты өзі.
Петр (ойланып тұрып, сақалын қасып қойып). Ол неміс екені неміс.
Коля. Неміс?..
Петр. Немістігінен сезіктенуге болмайды. Біздің советтік немістер аз ба? Бірақ, әрнемені шұқылай сұрай беріп еді, сенен сұрады ма?
Коля. Е, поездың расписаниесіне дейін сұрады.
Петр. Айттың ба, сен?
Коля. Неге айтам! Түк те айтқам жоқ.
Петр (арқаға қағып). Жігіт менің Колям. Елеусіз осы маңды бір шолып шықшы. Егер көріп қалса, атам сізге келіп отыр еді дей сал.
Коля. Қазір. (Жүгіріп кетеді.)
Петр. Аужайын анықтап түйейін. Коля айтса айтқандай, күмәнді өзі, әлде кешегі түскен десанттың қалдығы ма, кім біледі. (Аздан соң Коля келеді.)
Коля. Жоқ! Жытқан болу керек. Енді қайттік, ата!
Петр (ойланып). «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар, балам. Мен станцияны хабарлайын, дөкей неме көрінеді, жау болса екеумізге бола қоймас. Мүмкін серіктері де бар шығар. Сен әлі де ізде, баласың ғой, елеусіз боларсың. Бірақ, көзіне түспе, қасына барма. Алда-жалда көріп қалса, ойнап жүрген бола ғой. Енді қасына барма, ұқтың ба?
Коля. Ұқтым.
Петр. Ұқсаң, ал мен кеттім. (Қайта оралып.) Сонда біз қалай табысамыз?
Коля. Мал ішінде.
Петр. Жоқ, сен егер оны енді көрсең көз жазып қалма. Мен келісімен партизан өлеңін айтып ағаш ішін аралармын. Сен менің дауысымды естісімен мынау сыбызғыңды тартқайсың. Белгі осы.
Коля. Дұрыс, ата. Тез жөнеліңіз. Құйғытыңыз Көкшемен. Тура, истребительный батальонның өзіне барыңыз. (Петр кетеді.) Коля (қуанып). Алақай, истребительный батальон келеді... (Ойлана қалып.) Кетіп-ақ қалғаны ма? Диверсант болды, бұл. Қызыл әскерше киінген диверсант, честное слово диверсант. Әлденені бүлдіріп жатыр екен? Табу керек! (Рожогін мойнына асады, роготкасын оқтап алып жүгіріп кетеді. Аздан соң артына жалт-жалт қарап, бұға қашып қайта келеді.) Келе жатыр, үш кісі екен, өздері. Осылай тығылып жатайын. Қайтер екен? (Жығылған ағаштардың жапырағын жамылып жермен жер болып жатады. Қасындағы екі серігімен сахнаға Вилл шығады.)
Вилл (жан-жағын байқап алып). Ал, неге қайттыңдар?
Солдат. Самолет төбемізден бақылап тырп еткізбеді. Ұсталып қалатын болдық. Көпірді де бұза алмайтын болдық. Сонсоң Эрнест екеуміз ақылдастық та қайттық. Біздің ойымызша...
Вилл (сөзді бөліп). Жә, болды, неміске румынның ойы қажет емес. (Эрнестке.) Ал, сенікі не?
Эрнст (солдатты ұстай алып). Мен кейін айтармын, әуелі мынаның қаруын алайық. (Екеулеп қаруын сыпырып алады.) Сүйреп қосқан тазы түлкі алушы ма еді. Көпірге биыл жете алатын емес. Артынан, есекті түрткендей - ақ түрткілеп отырдым, жүрісі бір мандымай қойды. Тасбақа бұдан әлдеқайда жүйрік шығар. Егер зорласам өзіме тап беретін түрі бар. Сонсоң алдап-сулап алып қайттым. Сірә, бұдан кейін бір румынды айдауға екі неміс керек шығар.
Вилл. Өйтіп айдағанша, жайлаған оңай. (Солдатқа.) Ей, өлерін білмеген мәукіл бас, айтарың бар ма?
Солдат. (Эрнстке.) Жаңағы айтысқан серт, алысқан қол қайда?
Эрнст. Алдадым деп тұрмын ғой.
Солдат (бетіне тесіліп тұрып). Қандай ұятсыз адам болса бұндайда бір шімірігетін еді, сендер шімірікпейді де екенсіңдер.
Вилл. Қысқарт!
Солдат (ашынып). Рас айтасың, румындардың сендер айтқандай екендігіне жаңа мойындадым. Артымнан винтовкасын кезеп мынау келе жатты. Алдымда арыстандай екі қызыл әскер тұрды. Алдым да, артым да өлім. Екі елімнің арасында тасбақадай жер бауырлап мен бара жаттым. Төбемнен самолет дамыл-дамыл шүйілгенде жерге еніп кете жаздаймын. Сонда да мен тірі қалу амалын іздей бердім. Бірақ, табылмады. Қайткенде де өлу керек — міне бәрінен де осы қинады мені. ССРО мен ежелден іргелес ел едік. Қабырғалы ел бола тұрса да бір лағымыздың аяғын сындырып, не бір бұрауымызды алып көрген емес, қайта оларды біз ымқып - шымқып кетіп жүрдік. Сол ұлы елдің кәзіргідей шамырқанған кезінде шаужайынан алуға батылым да, арым да бармады. Әйтеуір өлетін болған соң, мылтықты зорлаушыға, қорлаушыға кезеп өлуге бекінген кезде (Эрнстті көрсетіп) мына сұм арбап, алдап алды. Аман қалу амалдарын айтты... Енді мынау, жаңа ғана серттескен серігінің қанын ұрттауға асығып тұрғаны. Көзім жаңа жетті, санам жаңа оянды. Қайтейін кеш оянды. Жаса совет елі! Оян, Румын!.. (Вилл кеудесіне штыкпен түйреп қалғанда, сіресіп барып құлайды. Солдаттың дауысын шығармау үшін Эрнст штыгін аузына тығады. Тығылып жатқан Коля шыдай алмай, рогаткасын көздеп, орнынан екі-үш рет көтеріледі де, қайта жатады.)
Вилл. Бар, өзің бар. Өлуге болады, көпірді бұзбай қайтуға болмайды. Бұйрық осылай. Мен мынаны бір қуысқа тыға салып, станцияның, связьдің жанды жерін үзуге барам.
Эрнст. Құп. (Кетеді. Вилл солдаттың өлігін сүйреп әкетеді.)
Коля (ұшып тұрып). Енді қайттім?.. қалғанын аңдиын ба, кеткенін аңдиын ба? Не болса да осы дәуін аңду керек. (Аз мүдіріп.) Жоқ, жаңағы бұғып барып екі қызыл әскерді атып тастар, көпірді бұзып кетер, соған бару керек. (Ұмтыла жөнеліп, тұра қалады.) Жолшыбай ұстап алса мені де өлтіреді. Ал сонда, екі дядяны көз алдымда өлтіріп, көпірді қираттырып қалай тұрамын. Мен пионер, барам, хабарлаймын... (Жүгіріп кетеді. Аздан соң қайтып келеді, артында Вилл.)
Вилл. Қайда барасың деймін?
Коля (анадай жерде тұрып). Қарақат теремін.
Вилл. Жүр, қарақаттың көп жерін көрсетейін.
Коля. Өзім де білем.
Вилл (сөзге айналдырып ұстамақшы болып). Бірге барайық ендеше, неге қашқақтап тұрсың...
Коля. Бөгемеңізші, қайтатын уақыт болып қалды (Жөнеле береді.)
Вилл. Қадам баспа, ол жаққа!
Коля. Неге?
Вилл. Онда жұмысың болмасын. Мен истребительный батальонның кісісімін.
Коля. Білем сенің кімді истребитель ететініңді.
Вилл (өзіне-өзі). Мына жүгірмектің сөзі қалай еді? (Коляға.) Атаң қайда, неге қайтпайсың. Қайт шапшаң.
Коля. Атам мал ішінде. Дәл осы арада жүр. Ал, бара салып қайтайын. (Көпірге қарай жүгіреді.)
Вилл (өзіне). Тұншықтыра қояйын, сені. (Қуып бара жатып.) Қоймаймын, тоқта!
Коля. Ойнамаңыз деймін. (Вилл алдын орап жібермейді. Бір реті келгенде Коля жығылған ағаштың жапырағына жасырынып жата қалады. Вилл аз аңырады да, Коляның тығылып жатқанын сезеді. Білмеген кісі болып өтіп кетіп, арт жағынан бассалғалы келе жатқанда Коля тұра жөнеледі. Вилл қоймайтын болған соң, Коля тұра қалып рогаткасымен тартып жібереді. Темір гайка Виллдің оң көзінен тиеді. Көзін басып мықшиып отырып қалады.) Aha, дәл тиген болу керек. (Өзіне) Қайтсем екен? Мынау құтылып кетеді-ау, кетсем. (Жыламсырап.) Неғып жатыр, атам? Жоқ, барамын... (Жүгіре жөнеледі.)
Вилл (есін жиып). Кету керек, сезіп қалған сияқты. (Қиналып, көзін байлап жатады. Петрдің өлеңдеткен даусы оған Коляның рожокпен берген жауабы естіледі.) Шамам келсе екеуін де атып кетем. Бәрібір ұсталдым. Эрнст қайтер екен? (Көзін таңып, бір қолында гранат, бір қолында винтовка кетіп бара жатады.) Кездескен жанды ата беремін.
Кездескен дүниені бүлдіре берем. Ex, темір кіресімді тағып та алмадым! (Ахмет пен Петрді ертіп келіп Коля үстінен түсіреді.)
Коля. Ахмет аға, әне кетіп барады. Осы арада тұрып атып тастаңыз, ол берілмейді.
Ахмет. Осылай тұра тұрыңдар. (Жалғыз, арт жағынан білдірмей барып қалғанда, Вилл сезіп қойып, атуға оқталады. Ахмет атуға үлгіртпей ұстай алады. Қаруын тартып алған соң.) Тырп етпе!
Вилл (тағыша шапшып). Қинайсыңдар, қинайсыңдар... қырқысып өлем...
Ахмет. Біз фашистердің айуандығын істемейміз. Қорықпа, сөзге кел.
Вилл (жынданған кісіше аузына келгенді айтып қарсы ұмтылады). Темір кіресті осымен алғанмын... Қинатпаймын, қинатпаймын...
Петр (шыдамай жүгіріп келіп). Балам - ау, мына құтырған итті қойғаның ба, өстіп? (Мойнынан қос ауызын алып атуға оқталады.)
Ахмет. Атпаңыз.
Петр. Қап, құрттың - ау мысымды. (Енді мылтықтың дүмімен ұрғалы бара жатады.)
Ахмет. Ұрмаңыз. (Петр ашуға булығып кейін кетеді. Ахмет Виллді алып соғып етбетінен салып, қолын байлағалы жатқанда, Коля келіп байласады.)
Коля (шаттанып). Aha, ауна фашист, ауна, өлі тиген малдай ауна!
(Эрнсті алдына салып айдап истребительный батальонның екі жігіті келеді.) Алақай, міне дәл өзі. Іштеме бүлдіріп пе, аға?
Жігіттің бірі. Жоқ, жолдас жас жауынгер. Жеткізбей желкесінен тарттық.
Ахмет. Қарсыласты ма?
Жігіттің бірі. Тырп ете алмады.
Ахмет. Румын солдатын дұрыстап қояйық, жігіттер. Мыналар екі бүктеп тыға салыпты, бір қуысқа.
Петр (Коляға). Ендігісін өздері біле берер, айда, кеттік малға.
Шымылдық.
Мазмұны
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі