(Екі актылы музыкалы пьеса)
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Шығанақ Берсиев — атақты тарышы.
Жанбота
} — Шығанақтың шәкірттері.
Амантай
Кәрім — агроном.
БIРIНШI АКТ
Көктемгі eгic кезі. Ойыл өзенінің жағасында жаңада орнатылған су тартқыш машина тұр. Оған таяу, бұзылған ескі шығырдың маңында аруана жалғыз жайылып жүр. Осылай қарай жай басып Шығанақ келеді. Eгic даласына көз жіберіп, күбір-күбір сөйлей келеді...
Шығанақ. Өмір бойы алысқан тылсым сынды сұр дала, көрермін биыл, көрермін!.. Бұлдыр-бұлдыр, сонау өткен күндерде, ей, тарам құйрық, тұтам емшек аруана, бұтың бұлақ, үстің соққан жел еді. Толарсақтан құм кешіп, ыстық шөлде көсіле жортқан жануар, сені әкеліп жеккенде тегершіктер зыр қағар, кезерген жер кекірік атар деген ем. Мекіренбе еді-ау бұл дала! Көрермін биыл, көрермін, тылсым сынды сұр дала! Ит мініп, ирек қамшылаған Шығанақ, тұлпар мінді астына. Баптай алмасам маған серт, бәйге алмаса оған серт, арысқа түсер жыл биыл. (Мына жақтан, Кәрім, Амантай, Жанбота үшеуі дауласып келе жатыр. Шығанақ тосып тұр.)
Кәрім. Салдырмаймын катокты.
Жанбота. Агрономдығынан ожарлығы басым.
Кәрім. Агрономияны бұзған екеуіңнен ожар өтпес.
Амантай. Онда ожардың көкесі мына тұрған қара шал.
Шығанақ. Уа, бұл не керкіл, балалар?
Амантай. Мынау, агроном көктемдегі сәуріктей қодаң - қодаң етеді, Шықа.
Шығанақ. Көктемде жансызға да жан бітеді. Айып емес, тайым дөнен шыға сен де сүйтесің.
Жанбота. Екеуі де қызыл езу, алыпқаш екен. Тізгінін босата көрмеңіз, Шықа.
Амантай. Құйындай ұйтқымай тек тұрсаңшы.
Кәрім. Қайтер дейсің, ұйтқып-ұйтқып басылар.
Жанбота. Я, тек сонда бас киімдеріңе ие бол.
Шығанақ (қарқ-қарқ күліп). Кіммен кім айтысып тұр, осы?
Жанбота. Айтысқан мына екеуі, Шықа. Бірі катокты тоқтат десе, екіншісі тоқтатпайды. Анау акты жасап сотқа бермек. Мынау оны колхоздың жиылысына салып созғыламақ. Екеуін арандатпай мен сізге әкелдім. Әйтпесе, қос шақар бірінің бетін бірі шиедей қылатын.
Шығанақ. (тағы қарқылдап күліп). Соған - ақ па?
Амантай. Шағыстырып тұр, тілінің қыршаңқысы бар емес пе?
Кәрім. Құтырыппыз ба жанжалдасып. Дауласқанымыз рас.
Шығанақ. Ал, дауларыңды айт.
Кәрім. Жап-жақсы жыртылған, малаланған жерді катокпен таптап тастапты Амантай. Одан көріп Жанбота да таптағалы жатыр. Бұл не сұмдық, Шықа - ау?
Шығанақ. Оның несі сұмдық?
Кәрім. Жер неғұрлым жұмсақ болса, солғұрлым су тартады. Дән еркін өседі. Таптаса жер қатайып, дән қысылып, су сараң барады...
Шығанақ. Оны жері біледі де. Бұл жердің топырағы тығыз емес, борпылдақ. Оған су қандай өтімпаз болса, жел де сондай өтімпаз. Сондықтан катоктың екі пайдасы бар: бірінші топырақты тығыздайды. Бұл, жел өтпеске жақсы. Екінші — жердің бетін тегістейді. Бұл, суарғанда судың тегіс жайылуына жақсы.
Кәрім. Мен қостай алмаймын оныңызды.
Шығанақ. Қоста, қостама біздің жер осыны тілейді.
Кәрім. Сіздің жер — арық жер. Өңдеуді де көбірек тілейді. Өңдеу заттарын неге қолданбайсыз?
Шығанақ. Сол затқа шыққан дәнді әзір жеген емен және өзі таныс та кәсібім емес әзір.
Кәрім. Е-е, түсіндім, түсіндім. Болмайды, отағасы, болмайды. Ғылымнан қашықтап барасыз. Жерді өңдеу керек. Катокты дереу тоқтату керек.
Шығанақ. Ойбай, балам-ай, ғылымның ежесінде жүр екенсің ғой әлі. Катокты тоқтатпаймын. Өңдеу жайында ойланып көрермін.
Амантай. Жүр, Жанбота. Сөз бітті.
Кәрім. Тоқта, тоқтаңдар. Eгiс сапасына көп алдында, мемлекет алдында мен жауапты. Қайда барасыңдар, ғылымды баса-көктеп...
Амантай. Ей, ғылым сен де, каток біз бе сонда!
Жанбота. Жауапты бұл да, жауапсыз біз - ау, сірә.
Шығанақ. Ай, Кәрім, осынау жалпақ әлем алақандай кітапқа сиып - ақ тұр ма?
Кәрім. Сиғанынан симағаны көп шығар. Бірақ, сиғаны да жетіп жатыр, бізге.
Шығанақ. Әй, жетіңкіремей тұр-ау. Каток шіркін енбей қалған сияқты, енгізші кітабыңа.
Кәрім. Сіздікі тек тәжірибе егісі емес, ғылымға сүйенген, белгілі мөлшерде өнім алатын жоспарлы егіс. Көпшілік қолданған агрономия тәсілін сіз де қолдануға міндеттісіз.
Шығанақ. Е-е. Сақалға ақ енгенше, жақ сенбей, көптің бірі болып келдік қой. Енді көпсіз де, көптің бірі де болғым келмейді. Тежеме, бала, тежеме. Обкомның шалды еркіне жібер дегенін ұмыттың ба?
Кәрім. Сізді сыйлаған обком, Лысенконы да жақсы сыйлайды. Есіңізде болсын.
Шығанақ. Мен де сыйлаймын Лысенконы.
Кәрім. Ендеше, айтқанды орындаңыз.
Шығанақ. Ал, орындайын, айтшы, кәне: мынау жерге қанша, анау жерге қанша тұқым себу керек? Қайсысы қанша суарғанда тояды? Толық шыққанда осы жердің тоқымдайына неше түп, әр түпте неше сабақ, әр сабақта неше бас, әр баста неше дән болмақ?..
Кәрім. Оны егін піскен соң есептеп айтуға болады.
Шығанақ. Мен шықпай тұрып-ақ есептеп қойдым. Көз жеткеннің бәрі аян. Аяннан көңіл айнымас болар. Көз жетпесе бәрі күмән. Күмәнға көңіл тоқырамас болар. Сен менің сауалымды шешкенде, сенің әміріңді мен де орындармын. Оған дейін бара тұр, бала, бара тұр. (Кәрім үндеместен жүріп кетті. Амантай да қайтты. Шығанақ ойланып қалды. Жанбота қипақтап бірдеме айтқалы тұр.)
Шығанақ. Ботажан, бірдеме айтқалы тұрсың - ау, сірә.
Жанбота. Я, Шықа. Кәрімнің сөзінің де жаны бар сияқты. Ойлансаңыз қайтеді?
Шығанақ. Ойланып отырмын, Ботажан, Бұл өңдеу заттары дегенді білген емен, қолданған емен. Тіпті, у шығар өзі, бәтшағар.
Жанбота (сілесі қатқанша күліп). У болса неге өлмейміз, неге жейміз?
Шығанақ. О, жедік пе біз?!
Жанбота. Жегенде қандай. Талай жегенбіз. Жайылмаған жері бар ма оның...
Шығанақ. Кәдік кәдік... Ендеше, мына жыртылған бір гектар жерді Амантай екеуің кәзір төртке бөл. Бір бөлігін өңдеме. Екінші бөлігін өңде. Үшінші бөлігін катоксыз егіңдер. Төртінші бөлігіне каток жүргізіңдер. Осы жер бәріміздің де күманымызды ашады соңыра. Ал, биыл тәуекел, өз тәжірибеммен - ақ шығармын бір тұрғыға.
Жанбота. Қазір орындалады, Шықа. (Жанбота кетіп қалады. Ұзаңқыраған соң әндетіп барады. Ән...халық әні.) (Шығанақ егіс даласын аралап, байыппен қаpan жүр. Жанбота, Амантай, қасында екі колхозшы бар, каток өңдеу заттарын тиеген арбамен келе жатыр).
Жанбота. Тоқтаңдар. Әуелі бөліп тастайық.
Амантай. Өлшеп бөлеміз бе?
Жанбота. Мөлшерлеп-ақ бөлеміз де.
Амантай. Мөлшерің қайсы?
Жанбота. Ортадағы борозда екіге бөліп жатыр. Көлденең бөлік әне бір жыра болсын. Сонда төртке бөлініп тұрған жоқ па?
Амантай. Дұрыс. Салыңдар катокты, төгіңдер өңдеу заттарын. Ал, біз жаюға кірістік.
Жанбота. Тегістеп жайсаңшы. Ала болса егін де ала шығады.
Амантай. Қыз үйретсе қырсығам. Жай тұр.
Жанбота. Қырсықтың үлкені үйренуден жирену болады.
Амантай. Қойныңа кітап тыққаныңа мақтанба. Ол кітап менде де бар. Көр, міне. Сен агроминимум деп жүрсең, мен агромаксимумға кетіп барам.
Жанбота. Оқығаныңа көзім жетті. Тоқығаның қалай екен?
Амантай. Көр. Бірақ, көрсең де «көрмедім» деп, көз жұмарсың сен қасқа.
Жанбота. Ендеше, жұрт көрсін. Бұл жұмысты да бөліп алалық. Кім тез, кім жақсы істер екен?
Амантай. Тұрдым. Арманым менің алдыңа бір шығу ғой. Мынадан былайғы жер сенікі, мына жағы менікі. Ал, сал барыңды.
Жанбота. Салсаң сал.
Екеуі әндетіп жүріп, айтыса жүріп істеп жүр. Музыка... Ән...
Біздің жастар
Шыңға асқар
Өрмелеуде өмірде.
Біздің жастар
Үлгі тастар
Еңбекте де, ғылымда.
Соқсын дауыл
Жарқылдасын нажағай.
Мейлі шуақ
Бейне ұжымақ,
Тұрса-дағы төніп жай.
Біздің жастар
Алға бастар
Қызыл туды қолға ала.
Біздің жастар
Шыңға асқар
Тігер туын қарсы ала.
Шығанақ. қайтып келе жатыр.
Амантай. Байқа, бұраң белдер тез болдыратын.
Жанбота. Еркектің езінен әйелдің тезі. Мен болдым.
Амантай. Болғаның болған, өзің не! (Амантай тап берді Жанботаға. Жанбота келе жатқан Шығанаққа қарай қашты.)
Жанбота. Шықа, Шықа, мына қара, Шықа!
Шығанақ. Ей, ей, ей!.. Жаным - ау мына жынды буыршын шайнай ма Ботамды.
Амантай. Тілі тіпті өлген кісіні тірілтеді, Шықа.
Шығанақ. Ботаның тіліне жыртылған терің жұқа да.
Жанбота. Уілдіріктей екен, шырт ете түсті.
Амантай. Қыршып алды, ойбай.
Жанбота. Көріңізші, Шықа, мен үлесімді бұрын болдым. Соған іші ашып тұр оның.
Шығанақ. Бәсе, бәсе. Ботажанның қолы қара жерге де кесте салады. Қарашы, теп-тегіс, бір мінсіз. Мына жақтағы егісіңді де көріп келдім, сүйсініп келдім, қарағым.
Жанбота (сыбырлап). Амантай теріс қарап кетті. Аузы салбырап тұр. Жұбатыңызшы.
Шығанақ. Кәне, енді Тайдың жайын көрейік. Ойбай, Тайың аттан озып кетіпті ғой тіпті.
Амантай (масаттанып). Менікі агромаксимум, Шықа.
Шығанақ. Болса болар. Түні бойы күбір-күбір оқып ұйқы бермейтін ең. Жарайсың, екеуің де жарайсың. Ал, енді үшеуміз отырып біраз мәслихат құрайық. Кел, отырыңдар. Екеуің бірсыпыра оқып та, тоқып та тастаған сияқтысың. Амантай, сен адам жаны қан деп, жеңіп кеттің-ау анада мені. Ал, тарының жаны не?
Амантай. Тарының жаны су дегеніңіз қайда?
Шығанақ. Я, су. Қалай суару керек, сонда?
Амантай. Сирек суарып қарық қылғанша, шақтап, жиі суарып бойына сіңдіру керек.
Шығанақ. Дұрыс. Суару мезгілдері қашан?
Амантай. Бірінші — бес-алты құлақ шыққан кезде. Екінші — тары бас жара бастағанда. Үшінші — сүттене бастағанда. Төртінші — пісіп келе жатқанда.
Шығанақ. Дұрыс. Ыстықта суарған жақсы ма, салқында суарған жақсы ма?
Амантай. Ыстықта.
Жанбота. Жоқ, ертеңгі - кешкі салқында суарған жақсы. Ыстықта аңсап ішеді, салқында шайқап ішеді. Шайқап ішсе бойға сіңімді болады дейді, Шықаң.
Шығанақ. Дұрыс айтады Ботажан. Бірақ, жалаң суға сеніп,басқасынан қапы қалмау керек. Әуелі жерді танып ал. Жеріне тұқым сай келсін. Сонан соң жырта біл, баптай біл. Егін бақ таңдамайды, бап таңдайды.
Шөп жердің өз баласы, егін өгей баласы. Өгейді қорғамасаң қағажу қалады. Қап-қап астық бір түйір дәннен құралады. Егілген дәнді тегіс өндіру, піскен соң шып - шырағасын шығармай жинап алу — ілуде бірдің ғана қолынан келеді. Біз осыны істеп көрсете алсақ, әркімнің - ақ қолынан келер еді.
Жанбота. Кәрім келе жатыр.
Амантай. Бұ да армансыз аралады егісті. Тағы не айтар екен.
Шығанақ. Сөйле, Кәрім. Мінім болса тағы айт.
Кәрім. Басқа тағар мінім жоқ. Eгiс көңілдегідей. Тек сол катоктен, өңделмегендіктен шығымы біраз кемігелі тұр.
Шығанақ. Гектарынан кемі жүз центнер алсам қанағат па?
Кәрім. Қиял, қиял, Шықа, оныңыз!
Шығанақ. Маған аян сияқты. Күмәнді ашуға мiнe бір гектар жер шығардым. Көр.
Кәрім. Көріп тұрмын. Мен де тоқтадым осыған.
Шығанақ. Әкел қолыңды!
Кәрім. Міне!
Шымылдық.
ЕКІНШІ АКТ
Егін бойлап өсіп балбырап тұрған кез. Сұр даладан суырыла көтерілген жайқын көк кез тартып, өзінен өзгеге қаратпайды. Ішіне енсең зырлап аққан қасқа бұлақ. Бұлақтың бірін жауып, бірін ашып сусылдаған қыз-келіншектердің кетпені күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Осы тары тоғайының ішіндегі бір алаңда су кезегі келгенше Жанбота кітап оқып, жантайып жатыр. Шығанақ пен Кәрім тары ішіне еніп алып, тары басының дәнін санап отыр. Амантай да оңаша, өзімен-өзі әуре. Тарының биіктігінен ішінде жүрген адамдардың төбелері ғана қылтылдайды, қалыңдығынан біреуді - біреу дәл қасына келгенше көрмейді. Анда-санда лып еткен жұмсақ жел тары сабақтарын жай ғана толқытып, шайы шымылдықтай судырлатып қояды... Тары алабының бір жерінен асқақтаған ән шықты. Диханшылар тұс-тұстан әнге қосылды.
Ән... Музыка....
Жастары диқаншының ерте тұрған,
Таранып таң лебіне бетін жуған,
Сұрланып сараң дала сазарса да,
Кетпенмен кешеулеуге белін буған.
Мінеки, сол дала,
Ыршыған көл бұлақ,
Қоршаған айнала
Бойлады бал құрақ.
Жастары диқаншының жер шебері
Дән сеуіп топыраққа гүл егеді.
Дәні таза, гүлі жұпар жерімізге
Қаладан құмар болып ел келеді.
Мінеки, даламыз
Кілемдей жайнаған.
Әнге біз саламыз
Жігермен қайнаған.
Амантай. Пай-пай, Жанбота - ай, өртедің - ау Амантайды. Ән, шешендік, өжеттік, іскерлік — бәрі бір өзінен табылады. Егер осы жарыста озып шықсам, сөз жоқ, бұл қыз қолға қонатын шығар. Қонбағанда қайда барады? Агрономияны одан кем білмеймін. Еңбеккүнім жетіп жатыр. Сөзден ақымды жібермеспін. Әттең, әні ғана артық. Мынау әні бүкіл даланы шалқытты - ау! Бірақ, еңбек жарысында озып шықсам, ән - мәнімен бөктеріп әкетпеймін бе? Мәселе озуда тұр!
Амантай кетпенін анадай жерге апарып қадап қояды да, кесекпен атқылай бастайды.
Амантай. Озатын болсам тиші… Тиді.. Тағы бір тиді... Тиді!.. Озатын болсам үшке дейін тиші. Е, мүлт кеттім - ау! Қайта атам. Озатын болсам тиші. Дұрыс! Озатын болсам тиші. Дұрыс! Үшке дейтін тиші. Тиді, алақай тиді, тиді!
Мына жақтан байқаусызда Жанбота келіп қалды.
Жанбота. Қасында біреу бар ма десем, жалғыз дүрліктіріп жүрмісің? Жынданарсың бара-бара!
Амантай. Жындансам, жыным дәл сен.
Жанбота. Әттең, ол қолдан келмейді. Әйтпесе, құтыртып қойып қызығына қарап отырар едім!
Амантай. Я, аямайтының белгілі.
Жанбота. Жыламасаң не қылсын, ернің салбырап кетті.
Амантай. Жыласа да қайыспассың.
Жанбота. Жылашы кәне, жылашы! Құдай біледі, егініңді суарып берейін.
Амантай. Аулақ, әуелі өзіңдікін суарып ал!
Жанбота. Мен суарып болып келіп тұрмын.
Амантай. Қойшы?!
Жанбота. Сен кетпенмен ойнап жүргенде мен суарып жүргенмін.
Амантай. Қап! Менің суымды бұрып алған екенсің ғой. Жаныңды шығарайын...
Амантай тап бергенде Жанбота тұра қашты. Алаңды айнала қуып жүр.
Жанбота (күліп). Ұстай алмайсың. Жанбасың сынады. Қой деймін. Әне, шоқ-шоқ.
Амантай (тұрып жатып). Қап бәлем!..
Жанбота. Атқылама кесекпен, атқылама деймін. Шықа, әй, Шықа!
Шығанақ. Ойпырай, бұл не! Тарыны қиратып кетті-ау, тарыны! Бұл қайсың жаным -ау! Бұл қайсың жаным - ау! Ойпырай, өзімді қиратып кете жаздағанын көрдің бе? Мынау орамал Ботанікі, анау Тайдың басындағы тайтұяқ қой. Антұрғандар мысықша ойнайды.
Кәрім. Осы да ойын ба?
Шығанақ. Ойын. Бірақ шынға бергісіз. Жанбота ананың суын бұрып алған ғой. Жұмысты бұлар ойнап жүріп бітіреді. Осылардың қамыққанын, шаршағанын көрген емен. Шіркін, шадыман жастық, осы кезде қайта оралып бір соқсаң!
Кәрім. Кәріліктен кемігеніңіз көрінбейді.
Шығанақ. Ол шіркін ат мініп, түйе жетелеп келе ме? Мысқалдап еніп, мысыңды құртады да!
Кәрім. Сізше кәртайсам, жастықты өксімес ем.
Шығанақ. Ей, шалдан жығылғаннан саумысың? Болдың ба, есептеп?
Кәрім. Болдым.
Шығанақ. Ал, аша бер енді күмәнді. Айта бер.
Кәрім. Каток жүрген жердің бір шаршы метрінде үш жүз сабақ, әр сабақта екі мың дән бар екен. Каток жүрмеген бөлшек он проценттей кем берді өнімді. Мен жеңілдім, сіз жеңдіңіз. Қолыңызды бер, Шықа!
Шығанақ. Жо-жоқ!.. Бұрмалама, қу бала. Сен жеңіп тұрсың, сен... Өңделген бөлшектің шаршы метрінде үш мың дән бар екен. Мен бұдан былай сенің өңдеуіңе тәк тұрамын. Әкел қолыңды!
Екеуі қол алысып, көпке дейін бірінен-бірі көз алмай күлімдеп тұр.
Кәрім. Өлшеп келе қояйын, салмағы қанша екен. Содан кейін гектарынан неше центнер түсетіні мәлім ғой.
Шығанақ. Дұрыс. Бар.
Кәрім. үгілген дәнді өлшеуге колхозға кетті. Шығанақ екі қолын артына салып, аяғын жай басып, тары алабына сүйсіне қарап келеді. Күн қарыған қара сұр жүзіңде қан ойнап, өріп киген жүректің әуенімен күбір-күбір сөйлейді.
Шығанақ. Сезеді жүрек, сезеді! Жүзден әлдеқайда асып кетті. Тылсым сынды сұр дала, аштым сырыңды, аштым. Жеттім мұратыма, жеттім! Бұдан былай екі жүз алмай тоқтаман. Берсең де алады, бермесең де алады енді Шығанақ! Тәуба, тәуба! Шығанақ емес. Совет, колхоз, партияға ерген жойқын көп... (Дауыстап.) Жанбота, әй Жанбота! Амантай, әй, Амантай! Жаңағысынан ұялып жүр-ау, шіркіндер. Барсыңдар ма, кел, жетіңдер мұнда!
Жанбота (дауыстап). Келе жатырмын, Шықа.
Амантай. Мен де келемін, қайдасыз?
Шығанақ. Мұндамын, мұнда. (Қарқ-қарқ күліп.) Тарыдан тал түсте адаспасақ неғылсын?
Жанбота. Түу, азар таптым ғой, Шықа.
Шығанақ. Мә, басыңа байлап ал, орамалыңды. Күн өтеді. Амантай қайда? Ә, мына жақтан шықты. Болдыңдар ма суарып?
Жанбота. Мен әлдеқашан болғам. Ыстыққа қалдырам ба?
Амантай. Мен де болдым.
Шығанақ. Сен не ғып бүгін кешігіп қалдың?
Амантай. Менің кезегімді ұрлап әкетті ана қыз.
Шығанақ. Е, қалай ұрлаттың? (Пауза.)
Жанбота. Айт, неге үндемейсің? Сен айтпасаң мен айтам. Ол кетпенімен ойнап алданып қалды, Шықа.
Шығанақ. Кетпенімен ойнап?
Жанбота. Бұл арасын өзі айтсын. Мен айтсам төбелес шығарады.
Шығанақ. Кейін айтар. Балалар, мына өңдеу затына шыққан егінді көрдіңдер ме, басын көтере алмай құлағалы тұрған жоқ па, осы? Жойқын, тіпті жойқын. Естеріңде болсын, жер де арықтайды. Ат арыса жем керек, жер арыса өңдеу керек екен.
Жанбота. Шықа, біз мұны көрмесек те білеміз. Кітаптан оқығанбыз.
Шығанақ. Кітаптан оқығанбыз? Әттең, дүние-ай, көп жасағанша көп оқысам еді! Көп көрдім, көп білем десем, баламның баласы құрлы да білмеппін ғой. Үйретіңдер, қарағым, үйретіңдер шалды.
Жанбота. Шықа - ау, не деп тұрсыз? Жыра сайға құя ма, сай жыраға құя ма?
Шығанақ. Ғылым — сай. Тәжірибе — жыра да.
Амантай. Жырасыз сайдың күні, сайсыз жыраның күні не болмақ?
Шығанақ. Бұл да бір мықты сөз. Тайым да, Ботам да ержетіп қалыпсың. Екеуің екі қолым, екі қанатым ең, келші, құшырлана бір қысайын.
Екеуін екі қолтығынан алып, қысып - қысып бастарынан сипап тұр.
Жанбота. Амантай, байқа, мен Шықанның оң қолы екенмін, оң қолтығыңда тұрмын.
Амантай. Солай ма, Шықа?
Шығанақ (қарқ-қарқ күліп). Менің қолымның оң-солы жоқ, балалар. Екеуі бірдей. Күші де бірдей. Міне көрсетейін. Кәне бірінен-бірі кем бе?
Шығанақ. екеуін қолымен бірдей көтеріп тұр. Mына жақта даурыққан дауыстар естіледі.
Дауыстар. Әлей, әлей... Еңбек жанды деп осыны айт... Қырман тасыды деген осы... Ойпырай, басқа симай барады, қапқа қалай сияды бұл!..
Райком секретары Ермағамбетов, колхоз бастығы Шәңгерей, парторг Кәрібай, агроном Кәрім, тағы бірнеше колхозшылар тары тасасынан шыға келді.
Кәрім. Сүйінші, Шықа, сүйінші. Рекорд! Жер жүзіндік рекорд.
Шығанақ. Атап айт. Атап айт!
Кәрім. Шаршы метр жерде үш жүз сабақ, әр сабақта екі мың дән. Жүз дән жеті грамм. Сонда бір гектардан 125 центнер. Жер жүзіндік рекорд, Шықа! Ешкім ешуақытта жеткен емес бұған!
Музыка…
Дауыстар. Көтер шалды төбеге. Көтеріңдер... Әуп-әуп... Лақтыр жоғары. Жоғарырақ...
Шығанақ. Болады, болады. Екі жүзге жеткенде қайтесіңдер.
Дауыстар. Онда былай-былай көтереміз. Колхозға жеткенше осылай қақпақылдап апарайық. Я, я... (Дауыс ұзай береді, музыка ойнап тұр.)
1940 ж.
Шымылдық
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі