Әлеуметтік көріністің қандайын алсақ та, төбеден топ етіп түсе қалған емес, алды-арты әріден созылып келе жатқан жуанды-жіңішкелі сабағы боп отырады. Бүгінгі қазақ. совет драматургиясында да осы тұрғыдан көз қырын бір тастап өту керек. Өйткені, өткенмен салыстырмай, бүгінге дұрыс баға бере алмаймыз.
Олай болса, Советтен бұрын қазақта драма болды ма? — деген сұрақ туады. Бұл сұраққа екі дәуірді алып қысқаша жауап беремін.
Бірінші дәуір. 1934 жылы, Совет жазушыларының съезінде Алексей Максимович Горкий жалпы мәдениет атаулының өсу жолында еңбектің қандай зор мәні барын тіпті сонау, адамзаттың ақыл-санасы есеймеген кезінде де мәдениетті, соның ішінде көркемөнерді еңбек тудырып отыратынын көз жеткізе айтқан болатын. Еңбексіз халық жоқ. Қазақ та ертеден келе жатқан еңбекші халық. Еңбегіне сәйкес ұлттық салты, ауыз әдебиеті, ойын-сауығы болды. Ауыз әдебиетінде, ұлттық, ойын-сауықтарында буыны бекімеген драманың қаз тұрып, жалп етіп, жас балаша жерден таяқ жеп жүргені көрінеді. Мысалы: — Синкрецизмнің дәуірінде, халық ақындарының айтысында, «хан» ойынындағы екі жақтың дауында, «аю» ойынында, тағы басқаларында бүгінгі драманың өзі болмағанымен толып жатқан элементтері бар. «Беташардың» өзінде қалпымен бір актілі пьеса жүр. Көкше, Тонтайлар сол заманның дарынды актерлері еді десек, қателеспеген болармыз. Торсықтай, Мыңжасарлардың сарқытын ішіп келіп, жаңа заманның елегінен өткен, бүгін мүлде алып жүрген халық артистері — Қалыбек, Серке, Елубайлар бір жағынан жарқыраған жаңа болса, екінші жағынан өткен заманнан қалған асыл мұра екендігіне де күмән болмауы керек.
Қазақ совет драмасының тамыры жіңішкелеп барып, совет дәуірінен әрі, қалың халықтың ішіне ене жатқанын осы келтірген аз мысалдың өзі-ақ дәлелдейді.
Екінші дәуір. Қазақтың сахналық көркемөнері дәл осы нәресте шағында, тек халықтық қалпында тұрып қалған жоқ. Әлеуметтік қозғалыс, өзгерістермен қаралас әпі-тәпі ілгері басты. Екінші түрде айтқанда, ауыз әдебиеттен жазба әдебиетке, жадағай даладағы ойын-сауықтан қала сахнасына ауыса бастады. Қай дәрежеде, қай түрде, қай мезгілде ауыса бастады? Бұл жөнінде біраз айтып өтуге тура келеді.
Қазақша тұңғыш спектакль пәлен қалада, пәлен жылы қонылып еді деп кесіп айту қиын. Бұл әлі зерттеліп болмағам, тарихи деректермен дәлелденбеген. Әйтсе де долбарлауға әбден болады. Октябрь революциясынан бұрын, он жылдар шамасында, оқушы жастардың, оқыған қазақ жігіттерінің арасында қазақ пьесаларының жазыла бастағаны, сахнаға қойыла бастағаны анық. Мазмұн жағын алғанда бұл пьесалардың идеясын надандықпен күресу,оқу-білімге шақыру, әйел теңдігін, ұлт азаттығын көксеу сияқты халықтың сол кездегі сұр арманына соғып отырса да, арманға жету жолын көрсете алмайтын. Әлеуметтік талас тартыстың, ізгілік пен зұлымдықтың, сыртын көрсе де ішкі сырын ашып бере алмайтын. Шынында шиеленіскен әлеуметтік жағдайдың қат-қабар сырын ашып, жөн сілтеу ол кездегі пьеса авторларының қолынан келмейтін міндет еді. Бұған бірінші себеп: ол авторлар қанша халықшылмын десе де, халықтан аулақ жатқан.Олардың өзі, ой-санасы, қалың елді қақ жарып шыққан жоқ, бетінен, билеп-төстеп қалған шағын топтың ішінен шыққан болатын. Екінші себеп: қазақ ауылындағы жас капиталист кәрі феодалды жағасынан алып тұрған, қанаушы мен қаналушы шайқасып жатқан, Россия патшасы ұлт басына қара шоқпарын үйіріп тұрған шақ болатын. Бұндай кезде тарих көшінің бетін болжау қиын-ақ еді. Үшінші себеп: ол авторлар қанша оқыған болса да, әлеуметтік жағдайды тануға келгенде мүлде сауатсыз еді.
Осылай десек те сол кездегі пьесалардан өмір, шындық, ел арманы жарып шығып, не төбесі, не жаны қылт етіп көрініп кетіп отырады. Ал, түр, сахнада қойылу сапасына келгенде, үйрену (самодеятельность) дәрежесінде ғана деуге болады.
Ел-елдің өсу тарихы, әсіресе көркемөнері үнемі бір жолмен не бір қарқынмен отырмай, ақырын жүріп, айналма жолмен кеш жететін, немесе, кеш аттанып, тез жүріп, төте жолмен ерте жететін сапарлар бар. Қазақ драматургиясының бақытына төте жол кездесті. 200 жыл ішінде талай баспалдақтан өтіп, өзінің классикалық драматургиясын, оған сай сахнасын құрып алған орыс халқы — орыс мектептерінде оқыған қазақ жастарына «мә, дайын үлгі, даңғыл жол» — деп тұрған тәрізді еді. Қазақ оқығандары кемеліне келген осы дайынға кездесті. Алыста қалған иір жолға түскен жоқ, шамасы келгенше үлгіні тұп-тура жетілген орыс драматургиясынан алды. Сонда не алғанын мен айтып өттім. Мейлі көп, мейлі аз болсын, әйтеуір Октябрьге дейін қазақ драмасының жеткен жері сол болатын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі