Бүкіл дүние жүзілік Бейбітшілік Советінің үндеуіне елімізде жаппай қол қою басталды. Жүрегі ақ, ниеті адал барша адамдардың тілек-мүдделерін бейнелейтін бұл тарихи документке қазірдің өзінде сан миллион еңбекшілер қол қойды. Күні ертең бұдан әлдеқайда көбеймек.
Үндеуге қойылған есепсіз көп қолдардың арасында менің туған халқымның — қазақ халқының ұлдары мен қыздарының, кәрілер мен жастарының қолдары бар.
Халық бейбітшілікті ардақтайды. Жасампаз еңбек жылдары Қазақстанды гүлденген өлкеге айналдырды. Тарих тұрғысынан аз ғана мерзімде қазақ жерінде адам айтқысыз ғажап өзгерістер болды. Республика жерінде көптеген өндіріс орындары орнады, ондаған көмір шахталары салынды, толып жатқан мұнай скважиналары бұрғыланды. Біздің қазақтар қант қызылшасынан, күріштен және темекіден мол өнім алды. Халықтың ұлттық мәдениеті жаңа белеске шықты.
Бүгінгі күні қазақтар мақтан тұтып отырған кереметтердің бәрі ұлы орыс халқының көмегімен, басқа халықтардың көмегімен жасалды. Москва мен Ленинградтың ғалымдары Қазақстан жерінің қойнауынан көмір, темір, түсті металл кендерінің жаңа мол қазынасын тапты. Әзірбайжанның мұнайшылары Ембі кәсіпшіліктерінде мұнай өндірісін жолға қоюға көмектесті. Донбастық тау кеншілері Қарағанды шахталарында қыруар. еңбек істеді. Өзбек ағайындар өздерінің талай ғасырдан бергі жинаған мақта өсіру тәжірбиесін бізден аяған жоқ. Дәнді дақылдардан мол өнім алу тәсілін біз сибирьліктер мен волгалықтардан үйрендік.
Халықтардың осы достығы — біздің бүкіл жеңістеріміздің кепілі. Бұл жаңа тұрмысты біз бұдан отыз төрт жыл бұрын жеңіп алдық. Біз ұлы бесжылдықтарда елімізде социализм орнаттық. Енді жаппай коммунизм орнатып жатырмыз. Бүкіл жер жүзінде бейбітшілікті сақтау үшін игі күрес жүргізудеміз.Жер шарының барша адал адамдары бізбен бірге. Біз жеңеміз.
Ұлы Октябрь мейрамы жақындап келеді. Ұлыстың ұлы күнін республика еңбекшілері еңбектегі жаңа табыстарымен қарсы алады. Жеңістерімен біздің өмірімізді көркейте түсетін, жайната беретін жасампаз ерлік майданы барлық жерлерде қыза түсуде. Бұл қарқынды творчестволық еңбекте Америка мен ағылшындардың өсекші жағымпаздары жала жауып көкіп жүрген — соғысқа дайындықтың титімдей ырымы да жоқ.
Еліміздің түрлі аудандарында, оның ішінде Қазақстанда болып кеткен шетелдер делегациясы төмендегідей мәлімдеме жасады.
— Бейбітшілік ісін қорғауға қазақ халқының берік бел байлағанына, республиканың бүкіл экономикасы мен әлеуметтік өмірін осы мақсатқа бағындырғанына біздің көзіміз әбден жетті. Біз мұны өзіміз болған кезде жүзеге асырылған, өзіміз қатысқан шаралардан, кездесулерден, әңгімелерден анық көрдік.
Бейбітшілікті қорғаудағы игі істе Америка мен ағылшын империалистерінің зұлымдық жоспарларын әшкерелеуде жазушының атқаратын қызметі өте зор. Біз бейбіт еңбегімізге бөгет жасап, тосқауыл құрғысы келетін арам ниеттілерге қарсы қаруымызды сайлап тұруымыз керек.
Бүкіл ұлы Совет елімен бірге біздің қазақ халқы да дүние жүзінде бейбітшілікті сақтау үшін коммунизмге қарай қарышты қадаммен алға баса беру үшін аянбай күреседі.
1951
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі