Біз бүгін орыстың ұлы жазушысы Лев Николаевич Толстойдың туғанына 125 жыл толған күнін атап өтуге жиналып отырмыз.
Өткен замандардың прогрессивтік мәдени қазыналарының, әсіресе орыс халқының алдыңғы қатарлы, революциялық-демократиялық асыл мәдени қазынасының әділ бағалаушысы, заңды мұрагері болған — бәріміз үшін Толстой есімі аса қымбат, жүрегімізге жақын есім.
Лев Николаевич Толстой артына өлмейтін дана шығармалар қалдырған, әрбір шығармасы әрқайсымыздың санамызға бала жасымыздан дарыған, көңілімізге көрікті ой салған, жан сарайымыздан түпкілікті орын алған, адамгершілікке, рухани тазалыққа, адалдыққа, отанға жан-тәнімен беріліп қызмет істеуге тәрбиелеген кемеңгер жазушылар санатында.
Толстой адам айтқысыз крепостық қатал заманда капитализмді аяусыз әшкереледі, оның сорақы міндерін, зұлымдықтарын паш етті, оның жан төзгісіз қысым-қиянатына қарсы, оның мемлекетіне қарсы, полициялық-қазыналық шіркеулеріне қарсы батыл күресті. Бүкіл адамзаттың көркемдік дамуына есепсіз мол үлес қосқан жазушының ұлылығы да осында.
Ұлы суреткер, кемеңгер ойшы жазушының шығармаларында бірінші орыс революциясының бүкіл тарихи өзгеше сипаттары, оның күші мен әлсіз жағы айқын көрінген.
Капитализмнің ұлы сынаушысы Лев Толстой қанша айтқанмен өзінің тарихи тараңдығынан әлеуметтік теңсіздіктердің себептерін, дағдарыстардың себептерін, Россияға төніп келе жатқан дағдарыстардан шығуға қандай құралдар керек екенін толық танып, білу дәрежесіне көтеріле алмады. Толстойдың «зұлымдыққа қарсы тұрмау» туралы ілімі — сайып келгенде саясатқа мойындамауға әкеп соққан керіғар ілімі осыдан басталған.
Толстой бізге басқа жағымен құнды. Оның дүние танудағы қайшылығы реалист суреткердің, теңдесі жоқ сөз шеберінің ұлылық қасиетін жоққа шығара алмайды.
Біздерге, совет жазушыларына Лев Николаевич Толстойдан үйренетін үлгі көп. Ол өзінің «Соғыс және бейбітшілік» атты дана эпопеясында бүкіл бір халықтың тұтас образын жасады, ерекше сипатты жарқын орыс мінезін көрсетті, орыс халқының шетел басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысының уақиғаларын асқан шыншылдықпен айқын суреттеп берді.
Толстой өзінің «Анна Каренина» романында бас қаһарман әйел образы арқылы патшалық Россиядағы бүкіл помещиктік-капиталистік құрылысты қатал сынады. Мұның өзі өмірдегі жалпылық әлеуметтік маңызды құбылыстарды жеке-дара адам өмірі арқылы жинақтап, тұтастырып суреттеп көрсетудің асқан үлгісі, биік шыңы.
Толстой шығармалары жайында қанша көп айтсаң да жеткізіп бере алмайсың. Ұлы жазушының шығармалары жалпыға белгілі, елдің бәрі сүйіп оқиды. Владимир Ильич Ленин бір кезде былай деп жазған болатын: «Толстой — керек десеңіз, Россияның өзінде де түкке арзымайтын азғантай жұртқа ғана белгілі суреткер. Оның ұлы шығармаларын шын мәнісінде жалпының игілігі ету үшін, — миллиондарды, ондаған миллиондарды қараңғылыққа, сорлылыққа, азапты еңбекке, қайыршылыққа душар еткен осындай қоғамдық төңкеріс керек».
Арада 35 жыл өткенде ол төңкеріс жүзеге асты. Толстой шығармалары шын мәнісінде барша халықтардың, олардың ішінде қазақ халқының да рухани игілігіне айналды. Қазақ жазушылары Толстой реализмінің дәстүрін советтік шындыққа үйлестіре пайдаланып, ілгері дамытуда.
Толстой шығармаларын қазақтар өзінің ана тілінде оқиды. Ұлы жазушының кітаптары дүние жүзіндегі барша халықтардың тілдерінде сан миллион тиражбен шығарылуда. Толстойдың ұлы әдеби мұралары жарыққа шыққан сайын бүкіл алдыңғы қатарлы адамзат әулеті шаттанады. Тек Америка импералистері ғана Толстой, Гюго, Чехов, Мопассан шығармаларын өлгенше жек көреді, отқа жағады. Олар әсіресе капитализмді тұмсыққа соғатын Лев Толстойдың қатал сынынан қорқады.
Адамдардың рухани өсуіне керекті жағдайдың бәрі жасалып отырған біздің еліміз асқан данышпан классиктердің бірі — Отанымыздың абыройы мен даңқын асырған алып жазушы Лев Николаевич Толстойды асқан ыстық махаббат сезімімен еске түсіреді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі