«Елу жылда ел жаңа» депті бұрынғылар. Ел жаңарғанымен заман жаңара бермейді. Әлденеше елу жылдарда өзгермей келген заманды Октябрь революциясы алпыс-ақ жылда түбірімен өзгертті. Сол өзгерістің мыңнан бірі жазушы Мүсреповке арналған осы қошемет жиналысымыз. Жас шағымызда көрмеген, білмеген әдебиет мерекесі қарт шағымызда міне салтқа айналды. Ескі заманның жазба әдебиетін айтсақ тек Абайды ғана айта аламыз. Ал, совет, заманында Сәкеннен басталған қазақ совет жазушыларының атын жүздеп атауға болады.
Өткен заманғы әдебиетіміз ауызда, көңілде сақтала келіп, қайсы бірі ғана қисаға айналса, қазір қалпымен жазбаға айналды. Бірақ, жазылғанның бәрі есте қала бермейді, көбі ұмтылып, өшіп жатады. Өйткені, жақсы әдебиет өте қиын, өмірі өте ұзақ, адам жанына күшті әсер ететін өнерлердің бірі, бірі болғанда бірегейі. Сондықтан халық оны сүйеді, жоғары бағалайды, рухани азық етеді.
Ленин мен Горький бір күні әңгімелесіп отырғанда Толстойды «Глыба! Глыба!», дейді сүйсініп. Сол Глыба «Жексембі» романын тоғыз рет көшіріп жазған, «Набег» деген әңгімесін 23 рет түзетіпті. Ол уақытта машина жоқ, қауырсын қаламнан темір қаламға ғана көшкен кез. Міне үлкен адамдардың шығармаға шыдамы да, махаббаты да осындай үлкен болған. Бұған қарағанда жақсы шығарма жасау жас нәрестені тәрбиелеп өсірумен бірдей.
Менің бұл арада әдебиет тарихын аздап шолып өтуім әлдеқалай емес. Жазушы еңбегі әрі қиын, әрі ардақты демекпін. Жазушылық — нан табу кәсібі емес, адам жанын тәрбиелейтін, мейлінше нәзік, сұлу, әрі күшті құрал жасау өнері демекпін. Осы тұрғыдан қарап Ғабит Мүсрепов жайында азын-аулақ пікір айтам.
Ғабит жетпісті орталап сексенге бет алды. Оның елу, алпыс, жетпіс жасқа толған кезін жұртқа әйгілей өткізгенбіз, жақсы сөз, жақсы тілек тыңқия тойғанша айтылды. Бірақ юбилярлар мақтай бергенді жаратады, қайсы бірі тіпті бала сияқты, мақтасаң лепіреді, мақтамасаң кемсеңдейді. Мен лепіртпей де, кемсеңдетпей де айтып көрем.
Жазушы деген бір сөз болғанымен қыры, сыры, қабілеті, әрқилы, айта берсек көп сөз. Оның бәрін тәптіштеп жатпай-ақ, Ғабитті әдебиет төріне шығарған бірер ерекше қасиеттерге ғана тоқталайын.
Біз бір тамаша заманда — совет заманында өмір сүріп келеміз. Совет заманы дап-дайын келе қалған жоқ, қолдан, жаңадан жасап келеміз.Сөйтсе де оның түп-тамыры ескі замандарда жатыр. Қорсыз қымыз ашымайды. Әрбір жаңалықтың әріден келе жатқан қоры бар. Бүгінгі қазақ совет әдебиетінің қоры — атам заманғы сол ауыз әдебиеті. Ауыз әдебиеттен өскен, жаңа заманға сай жазба әдебиеті жасалды, қиссалардан сахна өнерінің биігіне көтерілген пьесалар жасалды. Осы пьесаларды жасау жолында екі жазушының еңбегі ерекше. Олар Мұхтар мен Ғабит.
Халқымыз сүйген жырын ғасырлар бойы ауызда, көңілде сақтап келгенде, сол жырлардан шыққан бұл екеуінің пьесалары ондаған жылдар бойы сахна төрінде келеді. Мұхтар мен Ғабит ескі қазақ жырын, қазақ тұлғаларын әлемге әйгілесе, ол ескілер бұл екеуін де әлемге танытты.
«Елді ел теңгермейді, ер теңгереді» деген сөз бар. Бұл елден ерді жоғары қойғандық емес, елдің еріне сүйсіне баға бергені. Осыған жалғастыра елдің елдігін әдебиет танытады, әдебиет геройлары ел тұлғасы, деуге болады.
Жазушының барлық жазғаны жұрттың жадында қалана бермеген. Ондаған томдар жазған Толстойдың әлемге әйгілі шығармасы онға жетпейді. Жұрт жақсы дегендерінің ішінде ең жақсысын ғана ұмытпайды. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қыз Жібек» пьесалары сол ұмытылмастардың қатарында тұр. Бізді мұнша көтерген Ғабит Мүсрепов деп тұр.
Бұған қарап тек ескі тақырып өтімді деуге болмайды. Әр заманның өзіне тән қамал бұзған батыры, ғашық жырлары бар. Біздің заманның батыры — халық байлығын жасау, ғылым, білім, өнер байлығын жасау жарысында үздік шыққандар. Махаббат жырының да арқауы солар. Жазушы алдымен өз заманының жыршысы десек, халықтың осы сүйгенін жырлайды. Халық сүйген тақырыпты алудың өзі шығармаға бір сәтті қадам. Егер романның аты «Абай» болмай, пьесаның, аты «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» болмай атақсыз біреулер болса, ол шығармаларды жұрт көрген жерде құшақтай алмас еді, тосырқай сынай қарап, көңіліне қонғанын ғана қабылдар еді. Бірақ, тақырып қанша беделді болғаныммен оны билеуші автор. Әлі жеткен автор тақырыпты күшейте түседі, жетпесе әлсірете түседі. Ғабит қабілеті әбден жеткен автор.
Жазушыға шабыт керек, Маркс айтқандай еркелету (ласка) керек. Ғабит еркелету жағынан кеңдемін дей алмас. Шабытқа кенде. Жасына қарағанда бергені әлі аз, шабыт келгенде ғана жазады, келмесе талантты қаңтарып қояды. Шабытқа кенделік жазушының міні бола алмайды. Аты шулы аспан қырандары, жердегі желдей жүйріктер бәрі шабыты, күйі келгенде ғана самғайды. Бізде талантқа жайдақ міне салып шаба беретіндер бар. Өйтіп құйрықты жауыр еткенше, шығарманың суын молайтып көп бергенше, нәрін молайтып аз берген пайдалы. Бір шара шалаптан бір тостаған сүт әлдеқайда кәрлі. Ғабит осыны қағида етіп, мықты қолданған жазушы.
Әдебиет ойдың, тілдің жемісі. Олақ тіл көркем ойдың көркін бұзады. Алғыр тіл күн шалмағанды шалады, қараңғы көңілге сәуле бере алады, суық көңілді жылыта алады. «Өнер алды қызыл тіл» деген халқымыз. Ғабит бұл өнердің, бүгінгі биігінде тұр. Оның жұмыс столы қоқсып, бықсып жатқанымен шығармаларында, салақ айтылған бос сөз емге табылмас. Оның шығармаларын оқығанда шөлдеп келіп мөлдір бұлақтан су жұтқандай боласың. Бұл тек тіл байлығынан емес, шеберліктен. Шеберлер қарапайым сөздің өзін сан саққа жүгіртеді. Жүгірте алмағандар ұтымды сөзді күн мен айдың, алтын гауһардың маңынан іздейді. Ал Faбит қайтеді? Міне бір мысал:
«Біз де әкемізді ұрушы едік. Бірақ арбаға байлап қойып ұрмаушы едік» дейді бір еңбегінде.
Осы қарапайым сөз әке ұрғыш анау найсапты сықақтай, келемеждей, мақтамен бауыздап тұрған жоқ па!? Қалауын тапсаң, көзін тауып айтсаң көкейге қона қалады әрбір сөз. Таба алмасаң бетімен кетеді барлық сөз.
Тағы да бір мысал:
«Бала кейде бір қонып кеткен қонаққа татырта салады», депті автор. Бала қонағына тартса, қонағы авторына тартқан сияқты. Оны былай қоя тұралық. Ал, осы қарапайым сөздің күшін байқайсыздар ма? Қалжыңға қанат бітіріп тұр. Сөз шеберлері қашаннан бері сөзге қанат бітіріп келеді. Қанатты сөз халық үстінде қалықтайды, қанатсыз сөз үй маңынан ұзамайды.
Әдебиет ой мен тілдің жемісі дедік. Жазушы екеуін де елден үйренеді. Тек үйрену қанағат емес, үйрете де білу керек. Ғабит үйрете білген, өнеге көрсете білген жазушы. Ол туралы айта берсең сөз табыла беретін түрі бар. Бірақ, осы қарт юбиляріміздің терісі жұқалау сияқты еді, сықай берсе шетінеп кетер, сондықтан сөзді қысқарта айтам: аузында тісі қалмай, жағы таңулы, төсекте алжып жатқанын уа, шіркін бір көрсем!
1977
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі