Менің әжем «үш ұлымды шешек жалмады» дейтін. Үлкен ұлы — Мұратқали атамыз Сталин заманында ұсталып кетіп, денсаулығын абақтыға берген көрінеді. Ал, менің әкемді «өлім сарқыты — жалғызым» деп отыратын еді. Сол жалғызын партияның жазасына ұшырап кетпесін деп, бақсылықтан бас тартып, қазіргі тілмен айтсақ, жаратқан ие ерекше дарытқан қасиетті қуатын бойында буындырып, арпалысты күй кешкен қайран асыл әжем, топырағың торқа болсын!
Менің ес білгелі өскен ауылым Жыланды деп аталады. «...Ертеректе, байырғы тұрғындардың айтуынша, ауыл сыртындағы қоңыр төбені жаз бойы ордалы жылан мекендеген екен. Тал түсте күн көзіне шағылысып жатқан ордалы жыланнан қоңыр төбенің баурайы тұтасып жатушы еді. Төбенің ар жағында жайылып жүрген жылқыға бару үшін біраз жерді айналып өтуге, ал ордалы жылан көшкенде көлікті-жаяу тоқтай тұруына тура келетін...» деген әңгімені анамыздан естіп өстік.
«Әже, міне, сары бас жусан» деп, өз құлағыма да жат естілген біртүрлі дауыспен қоңыр төбенің баурайындағы әже қабірінің басына алып-ұшып жеткенімде қорымның терістік беткейінде жатқан, қары кеш еріп, күн мен желге қабарсып үлгірмеген қызыл төмпешіктен жауап күте жаутаңдап, өзімді тұңғыш рет дәрменсіз сезінген сол көктемнен бері де қырық жылға таяу уақыт өтіпті.
Мен Алматыдан сағынып келгенімде... өзің ұйықтайтын бөлмеге біздің шаңырақтағы тұңғыш отау құрған немереңнің отбасы жайғасыпты. Демалып немесе бір уақыт тәспі тартқандай саусақ буындарыңды кезектестіре сипап, бас бармағыңды ғана тынбай қимылдатып үнсіз мүлгіп отыратын пеш түбіне қалың етіп көрпе төсеп салынған төсегің тұратын орынға көз тастадым.
Күні кешегі, ерекше жылылыққа толы, еңселі жап-жарық бөлме жас жұбайлардың сәп-сәнді тұрағына айналып, мүлдем өзге тәртіппен жинала қалыпты. Бөлмедегі жиһаздың әсерінен бе, аласарып, күңгірт тартқандай. Тарылып кеткен сияқты. Бұл бөлменің ендігі жердегі иесі де, киесі де бөлек екені сезіліп тұр...
Көзіме таныс ештеңе көрінбеді. Табалдырықтан аттап, тосырқаған қалпымда оң жақ босағадағы шегеде ілулі тұрған әлдебір кіп-кішкене ақ түйіншекке көзім түсті. Түйіншекті ойланбастан қолыма алып, шүберектің орауын шешкенімде ішінен қураған, бірақ бүршігі үгітіліп үлгірмеген бір уыс сары бас жусанды көрдім. Бір шөкімін шымшып алып, мұрныма әкелгенімде маған зерделей қарап тұрған ақ жаулықты бейнең көз алдыма келіп тұра қалып еді-ау, әжем! Түйіншекті қайтадан мұқият орап, қалтама салдым да, шешемнен бейіт басына ертіп баруын өтіндім.
Мезгіл ерте көктем еді, көк жаңа-жаңа қылтиып шыға бастаған. Шағылды төбеден асып, Шамардан бейітіне жақындадық.
...Біз көшіп келген жылдары осы қоңыр төбенің басындағы бұл қорым шоғырланып қана көрінетін. Қоңыр төбенің бергі баурайында иір-иір болып жоталанып жататын шағылдың сусылдақ құмы қызғылт түсті, қолға уыстап алып, суырпақтай төксең, алақаныңда еш тозаң қалдырмайды. Тап-таза құм. Бала біткен жаз бойы шағылда асыр салып ойнайтынбыз.
Айқұлақ баптаның екеуін ұстап алып, қолымызды қанатып тістегеніне қарамай, құйрықтарын бір-біріне байластырып, төбелестіріп, қызығына бататынбыз. Әлділеуі әлсізінің құйрығын жұлып әкетеді. Өздері жанталаса құмға батып құтылады. Жұлынып қалған құйыршықтың құм үстінде шолтаң қаққанын қызықтаймыз. Қайра-а-ан балалық ай! Кіп-кішкене құлық деген жәндік болады құмда. Ол байғұстың жатқан орнын құм үстіндегі шұңқырайған белгісінен тауып алып, табанымызға езіп жағамыз да, осылай еткен адам жүйрік болады екен деп, ал кеп жарысатынбыз. Өкшеміз құйрығымызды төмпештеп, тістеніп алып, ай кеп зымырайтынбыз. Құм ішіндегі тақыр алаңқайда бес тас ойнаймыз. Біз үшін зообақ та, қызықты қалашық та, теледидар немесе компьютер экраны да ауыл сыртындағы осы қызыл шағыл болатын. Сағыз теріп, батпа қуып, улы жылан, су жылан дегендерді түстеп-түгендеп, бір-бірімізге тасбақаның неге «тас бақа» болғаны жайында естіген аңызды айтып дегендей, мұның өзі ұзақты күнге созылатын толып жатқан тірлік болатын. Әбден қас қарая қарнымыз ашқан соң амалсыздан үйге қайтамыз. «Кешіккен» күні шешемізден қорыққаннан, ұрыспасын деп, әйтеуір пайдалы бір іс істегенсіп, сыпырғышқа бір-бір құшақ бүргем теріп ала қайтатынбыз.
Қоңыр төбенің беткейінде таласа өскен селеу шөп, адыраспан, жантақ, сары бас жусан, қара жусан, шағыр аралас қыр өсімдігінің әрқайсысы әр уақытта гүлдейді. Жаз бойы төңіректі құлпыртып жебереді. Күз ұзаққа созылған жылдары қар түскенше уақ жандықтың жақын жердегі өрісі еді. Қоңыр төбенің үстін бойлай тұнып жатқан қына көз қызықтыратын.
Ол кезде ауылдың да етек-жеңі жинақы еді. Біз бұл ауылға мектеп оқушылары бірінші тоқсанды аяқтаған күні көшіп келгенбіз. Мен үшінші сыныпта оқитынмын.
Әжемнің күн жылынғаннан кейінгі жыл сайынғы ермегі қоңыр төбе жаққа көз тастап, таяғына сүйеніп даланы бетке алатын. Мұнысынан ұзағырақ жүріп қайтатынын айтпай-ақ түсінетінбіз. Біз болсақ оны төңіректей қоямыз. Әжем жаз бойы, күзгі суық түскенше ара-кідік қыдырып, осы маңда өсетін сан-алуан шөптердің кейбіреуін мезгіл-мезгіл жинап алып жүреді. Әр шөптің түр-түсін, гүлдейтін, дән салатын уақытын да біледі. Біз де қасынан қалмай жүріп, көбісін түстеп танитын дәрежеге жеттік. Бірақ, оларды не үшін жинайтынына зердеміз жетпейтін. Әлдеқалай сұрай қалсақ, «бұлардың әр қайсысы-ақ қасиетті ғой, жарықтық» дейтін, басқа жауап естімеген соң, мазалауға батпайтынбыз. Ал, шешемізден сұрасақ, «кім біледі, жақсы көретін болар» дейтін де қоятын.
Алыста қалған күндердің елесіне айналған бала кезге сан рет қайта оралсам да шешемнің осы сауалға әлдене деп жауап қатқаны ойыма түспеді...
...Шешем екеуміз қатарласа, әркім өз ойымен өзі болып, қоңыр төбенің баурайына да жеттік. Төбе үстінде шоғырланып қана жататын Шамардан бейіті бір қауым елдің мәңгілік мекен-тұрағына айналып үлгеріпті. Шешем қорымның батыс жағын ала тізерлей отырып, қауымға арнап дұға оқыды. Әжем қорымның теріскейінде, етекке таман жатыр. Өзіммен ала келген түйіншектің орауын ашып, еңкейе беріп «әже, мынау сары бас жусан» дедім.
Мүлгіген тыныштық дірілдей шыққан үнімді жалмап қойғандай. Жылап жібере жаздадым. Мұсылмандар бейіт басында жыламайды, әруақты сыйламаған болып табылады деген сөз есіме түсіп, ішімнен тына қойдым. Сол тыныштықтан құлағым бітіп қалғандай. Сырттай бақылап тұрған шешемнің «әжесі-ау, арқалап өсірген ұрпағың келді, желеп-жебей жатарсың, жарықтығым» дегені құлағыма әлдеқайдан талып жеткендей болды...
...Әжетайым, сен өзің маңайдағылардың біріне де ұқсамайтын ерекше жан едің-ау. Әлі есімде. Менің төрт-бес жасар кезім болатын. Аяқ астынан жолға апыл-ғұпыл жиналдың. Шешемнің «әкесі не дер екен» дегеніне «не деуші еді, бала соныкі ғана ма екен» деп, келініңе көзіңді аларта бір қарап, алаңсыз ойнап жүрген мені жетелей жөнелдің. Мәшине жолдың бойындағы аялдаманы бетке алып, алды-артыма қарамай алғаш рет өзіңмен жолға шыққанымды ұмыта алмаймын. Брезент бүркемесі бар такси деп аталатын көлікті «бакти» дейтінсің. Қиғаш бойындағы ауылдарға күніне бір-ақ рет соғатын.
Есімде қалғаны әуелі Күйгіндегі Ақкенже шешейдің үйіне келдік. Танымайтын, алғаш келген үйде біраз тосырқап тұрдым да, ішім пысқан соң балаларға қосылып ойнап кеттім. Ал сен болсаң, әже, іздеп келген төркініңмен әңгімеге бас қойдың...
Екі-үш күн қонақ болып, «бактиге» қайта міндік, келген бағытымызға қарсы беттен емес, сол бағытты жалғастыра, одан әрі жол жүрдік. Енді келген ауылымыз — Шағырлы, мұнда үлкен ұлың Мұратқали атадан қалған екі қыздың біреуі — Заруха апам тұрады. Бұл үйде де ұзақ аялдамадық, сапар бағытын өзгертпей, Қанышкенге жеттік. Мұнда сені қайынжұртың, менің әкемнің аталастары күтіп отырар еді. Мәшинеден түскен соң жол тербеп ұйқылы-ояу маужыраған мені жетелеп, екеуміз көпірден өттік. О, Бұзаусылан ауылында баратын үй көп. Руы беріш Әнуар деген атаның, одан кейін Мәрида шешенің, оның көршісі, тағы бір беріштің үйіне барамыз.
Ертеңіне бергі бетке — Үлкен Қанышкенге келеміз. Мұндағы беріштерге бір-екі қонып, әбден мауқың басылған соң әлгі «бактимен» ауылға қайтып келеміз.
Мұндай сапардың не себепті аяқ астынан болатынын түсіне бермеймін. Және соған кім бас қатырды дейсің. Біз үйге қайтып келген күні шешем болса жұмыстан келген әкемді күтіп алғанда «мамаң келді, төркіндеп, арқасы тарап, сергіп қалыпты. Бақсылық құра алмай, іштен тыну да, әруақ ұстау да оңай емес қой» дейтұғын. Кейбір сөздері маған түсініксіз.
Бір күні, әйтеуір, қыс айларының бірінде, шамамен мектеп оқушыларының қысқы демалысқа шыққан кезі болатын. Кешқұрым біздің үйдің алдына бір жеңіл мәшине келіп тоқтады. Әкем амандық-саулық сұрасқаннан кейін жолаушыны үйге шақырды, ауаткомның жеке шопыры екен. Әкем жолаушының әңгімесін ары қарай тыңдап, екеуара күбірлесіп отырған. Оның әңгімесін әкемнің аса қош алмағанын дауыс ырғағынан сездім. Бұл кезде мен бесінші сыныпта оқимын. Біраздан соң келген кісі шайға қарамайтынын айтып, өзіңмен сөйлесіп отырды.
Аузы ысырмалы шағын қара сөмкеңе оны-мұныңды жинастырып салып, әкеме қарап «қызымды ала кетейін, қыдырып жүрген кемпірде кімнің шаруасы бар» дедің. Даусың кесімді шықты. Әкем басын изеп, келісімін берді. Екеуміз дайын мәшинемен Қанышкенге жеттік. Түннің бір уақыты болғанына қарамай, қонаққа арналып жайылған дастарханның үстіне (мен танымайтын үйге) келдік.
Бізді алып келген адам үй иесі екен, алдынан шыққан аққұба келіншекке бірдеңелерді сыбырлап айтты да, шай ішіліп болар-болмастан дастархан басында отырған екі-үш адам үйді-үйлеріне тарқасты.
Аққұба келіншек бесіктегі тынышсызданып жатқан баланы алдыңа әкеліп, жастық үстіне жатқызды. Көзін ашуға ерінгендей қимылы сылбыр, оқтын-оқтын әлсіз ыңырси жылаған сәбидің титтей білегінен ұстап (тамырын тыңдап), «ештеңе етпес, таң атсын» дедің.
Таңертеңгі шай үстінде әңгіме бастадың. «Екі судың ар жағынан келген қарасұр әйелдің назары түсіпті. Баланы қолыңа алып, омырауыңды көлегейлемей «жырбыңдап» отырып шай құйғансың» деп дауысыңды қатайта сөйледің. Түрлі шөптен тұнба жасап, құмырсқаның илеуінен бір шым-шымнан салып, үстіне бұрқырап қайнап тұрған су құйғыздың да, үш күн қайталап «бісімілләңді» айтып, сәбиді әлгі шөп тұнбаға шомылдырып, бесікке өз қолыңмен бөледің.
Сәбидің бұрынғыдай емес, саусақтарын ербеңдетіп, емшек соруы да өзгергенін көріп, тіпә-тіпа деп риза болдың.
...Оныншыға көшкен жылы жаздың аяғына таман кітап-дәптер, оқулық сатып алуға бір құрбыммен аудан орталығына келдік. Кешкі автобусқа үлгермей қалып, қонатын үй іздедік. Менің есіме ауатком шопырының үйі түсе кетті. Барсақ, үйде басқа адамдар жүр екен «е, Әлфиялар ма, олар корпустан үй алып, көшіп кеткен» деді.
Корпус дегені сол кезде біздің аудан орталығында енді-енді бой көтеріп, шағын аудан іспеттес салынып жатқан екі қабатты үйлер болатын, үлкен Қанышкеннің арқа тұсында, ауылдың сыртын ала орналасқан екен, сұрастыра жүріп, таптық. Есікті ашқан Әлфия апайды бірден таныдым, балалары да өскен. Мені кім екенімді айтқан бойда-ақ танып, ілтипат білдіре қарсы алды. Осы мезетте телефон шырылдады. Апай арғы жақтағы адаммен сөйлесіп жатқанда «иә, иә, бала қонақтар бар. Бақсы шешемнің немересі» дегенді естіп, таң қалдым. «Бақсы шешем» деді. Өзіңді ешкімнің «бақсы шеше» деп атағанын естімеппін...
...Әжем жүзден асып қайтыс болды. Менің әкемді «өлім сарқыты, жалғызым» деп, жұмысына кеткеннен келгенше жолына қарап отыратын. Кеңестік биліктің қылышынан қан тамып тұрған заманда бар билік партияның уысында болды. Бесіктен беліміз енді шыққан біз, сөздің мәнін түсінуге зердеміз жете қоймаған кездің өзінде «партбюро» деген сөздің «қаһарлы құдыретін» жон-жотамызбен сезінуші едік.
Өйткені, әкеміз жұмыстан келгенде кешкі тамақ ішуге дастархан басына жиналамыз. Бұл күнделікті бұлжымайтын дағды болатын. Кейде жұмысынан қайтатын уақытынан кешігіп жатқан әкемді «бюродан аман шықса келіп қалар» деп отыратын шешеміз. Бізді тамақтандырып, «сабақтарыңды қарай беріңдер» деп, өзі біртүрлі мазасыздана әкемізді күтетін. «Бюро» деген сөздің мән-мағынасынан бір зіл аңғаратынмын. Шешеміз көп сұрақ қойғанды аса ұнатпайтын. Өзі де жарытып түсінбей ме, кім білсін, әйтеуір «қайдан білейіні» көп болатын.
Кеңестік медицина, кеңестік ілімнен басқаның бәрі құдыретсіз деп танылған саясаттың дәуірлеп тұрған заманында бақсы дегеннің болатынын қайдан біліппіз. Дүниеден өткен әжемнің аудан көлемінде аты мәлім бақсы болғаны ауызға алынбағаны болмаса, көптеген жерлестері, сол жылдары аудандық билік басында отырғандар әжемнің кім болғанын ата-аналарының айтуынан іштей білген сияқты. Өйткені, менің әжем солардың бірсыпырасын «қой ауру» кеселінен емдеп жазса, бала көтермеген әйелдердің менің әжемнен ем қабылдап, жүкті болғандары жайында шешем кейінгі кездері ғана әңгіме арасында айтып отыратын болды.
Бала кезімде «сары бас жусан бүр жарыпты» деп сүйіншілей келгенімде, әжемнің әрдайым ойлы да мұңлы жанарынан қуаныш лебін сезетін құпиямның сырын кейін, кеш білдім.
Ол заманның тәртібі басқа болатын. Ешкімнің бақсы деп атамағаны, ол кезде олай атауға болмайтынын қайдан біліппіз. Құдай атын аузына алған қазақ баласы жазаға ұшырайтын атеизм заманында есейдік. Ер жеттік. Сыйынарымыз кеңестік жоғарғы жақ болды. Ата-тектің киесі, мұсылмандық, шариғат деген сөздерді құлағымыз естімей өстік. Тамыр-діңнен алыс, мүлдем аласталып өстік. Сол бір қамыт-құрсаудан бүгінгі азаттық, егемендік алған күнге де жеттік. Өмір деген арналы өзенде еркін жүзіп, бостандық атты кеңістікте еркін самғаудың қадір-қасиетіне не жетсін, шіркін.
Мен алыста қалған балалық шағымды есіме жиі аламын. Сағынышқа толы балалық бал дәуренімді аңсаған сәттерімде қарқарадай ақ жаулығын кір шалмаған бақсы әжемнің сырға толы бейнесімен ойша сырласамын. Ақ әжем, сенің өміріңнің адам баласының бойына дарыған қасиетін, адамзатқа пайдасы шексіз қасиетін бойында тұмшалап тұншықтырған әміршілдік саясат үстемдік еткен кезеңде, ұлтымызды түгелдей әрекетсіздікке басыбайлы қылған ғасырда өткеніне ішім ашиды. Өзің секілді көкірегі шерге толы талай қазынаның, небір асыл-ақықтың жарқылын төңірегіне түсірмей көмдірген заман-ай десейші. Сонда да Отан ана, туған жеріңе жететін байлық қайда? Жетпіс жылғы құрсаудан там-тұмдап осы күнге жеткен біз — туған тілдің, қасіретті, қасиетті әжелердің жұрнағы ғанамыз.
Сол жалғыз ұлыңды Орал қаласына оқуға аттандырар алдында менің нағашы атам Майнаш қарияның алты қызының ортаншысын — менің шешемді өзің құда түсіп алып беріп, «аяғын шырмағандағы» ойың шаһарға барған жалғызың бөгде ұлттың қызын алып, елден безіп кетпесін, қанын сақтасын деген аналық қамқорлығың — еліңнің, тіліңнің сақталуына қосқан тамшыдай үлесің екенін бүгін түсініп отырмын.
Осындай көрегендігің үшін тағзым етемін, асыл әжем!
Мен сияқты талай немере әжесін «бабуля» деп есейген «интернационализм» туы желбіреп тұрған заманда қазақы қаны бар немере болғаным өзіңнің арқаң! Қасиетіңе басымды иемін. Өзіңе немере болғанымды, бақсының немересі болғанымды зор бақыт санаймын!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі