(Бір актілі, екі көріністі комедия)
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Садық — колхоз председателі
Мырзабек— жас агроном
Ақан — оқытушы
Бибігүл — Ақанның әйелі, колхоз кітапханасының меңгерушісі
Күлән — Ақанның қарындасы
Оқиға біздің күндерде колхозды ауылда өтеді.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Дала жазы. Сахнаның оң жақ төрінде «Интернационал» колхозының кітапханасы» деген жазуы бар үйді көреміз. Сол жақта жазық егіс даласы, алыстан комбайн, тракторлардың силуэті көзге шалынады. Кітапхана алдында ұзынша скамейкалар, кішкентай беседка. Кітапхана үйіне бума-бума кітап кіргізіп жүрген Бибігүл мен Мырзабек. Ең соңғы буманы беседканың жанына қойған Мырзабек Бибігүлге сынай қарап,
Мырзабек. Қарындас, дем алыңыз, шаршадыңыз ғой...
Бибігүл. Рахмет, ағай, сіздің де біраз уақытыңызды алдым. Оған кешірім етерсіз.
Мырзабек. Оқасы жоқ, қарындас, қызға қызмет көрсеткеннен қажыған жігітті көргем жоқ.
Бибігүл (жүзінде күлкі белгісі). Оған да рахмет!
Мырзабек (сергіп). Жүз кісінің жүзін танығанша, қарындас, бір атын біл деген, есіміңізді кім деп жүрем.
Бибігүл. Кітапханашы...
Мырзабек. Шырағым-ау, ол сіздің қызметіңіз емес пе?
Бибігүл. Кітапханашы десеңіз жұрттың бәрі біледі.
Мырзабек (өзіне-өзі). Қыздың кесірінен сүйіндір деуші ме еді. (Бибігүлге.) Күні бойғы еңбегім атыңызды білуге тұрмаса амал қанша, қарындас, еш кеткен еңбек те
Бибігүл. Қатты қынжылдыңыз-ау, ағасы, атым — Бибігүл.
Мырзабек. Бибігүл қарындас, атыңыз тамаша екен (ақылдымсып), өзі бұл кезде баяғының қыздары сияқты ат жасыруға болмайды... Ал енді мен мынау кіші агроном Мырзабек болам... Осы колхозға қызметке келдім. Қарсылық жасамасаңыз оқушыңыздың бірі болар едім.
Бибігүл. Оған қарсылық жоқ, бірақ кіші агроном деген де бола ма екен.
Мырзабек. Неге болмайды, мен сельхоз техникумды ғана бітірген адаммын. Институтты сырттан оқимын... Егін бригадирі болып кетуге де правомыз бар.
Бибігүл (кекетіп). Біздің колхозда қызмет көп... Ең аржағы сауыншылар да жетіспейді.
Мырзабек (ызалы үнін жасыра алмай). Сауыншы болу қолдан келе бермейді, қарындас, оған ренжімессіз.
Бибігүл (жалтарып). Кешіріңіз, сізді айтып отырған жоқпын, жалпы жұмыс қолының көп керектігін айтам...
Мырзабек (сабасына түсіп). Бәсе, қарындас, бекер қорқытпаңыз!
Бибiгүл (күліп). Қорқатын несі бар. Қыдыр ағай әйелі науқастанып қалғанда қарауындағы сиырларды өзі сауыпты деген әңгіме шыққан.
Мырзабек. Ол да талантқа байланысты дүние болар, қарындас... (Күмілжіп.) Мен мысал үшін... (кенет) сиыр айналып кетейіннің еті, майы жақсы-ау, бірақ... (Бибігүлге сынап қарап.) Үйренсе, несі бар...
Бибігүл. Үйрен де жирен демей ме?
Мырзабек. Оған да көндік (қипақтап). Мен өзі общим турасын айтқанда... (Бибігүл тура қарап үнсіз күліп тұрады, Мырзабек қаймығып.) Былай шынында дегенім ғой....
Бибігүл (күле). Кешіріңіз, менің жұмысым бар. (Кете береді).
Мырзабек (жедел). Қарындас, тұра тұрыңыз... (Бибігүл тоқтайды.) Енді бір-екі минут уақытыңызды бөлсеңіз деймін.
Бибігүл (бұрылып). Не айтайын деп едіңіз?
Мырзабек (сөз таба алмай қалып). Аудан осы жерден неше километр?
Бибігүл (күліп). Жаяу кеткелі тұрсыз ба?
Мырзабек (күмілжіп мән бермей). Жоқ, кетпеймін. Білейін дегенім әшейін.
Бибігүл. Бірге келдік қой, қанша жер екенін шамалаған шығарсыз...
Мырзабек (күмілжіп, мән бермей). Мм... Шамасы он бес-жиырма шақырым бар-ау ә...
Бибігүл (күліп). Осы жерден табандаған 96 километр...
Мырзабек (ұялып). Кешіріңіз, ие солай екен-ау... (Жайдарыланған кейіп білдіріп.) Уақыт қалай тез өтеді ә, Бибігүл қарындас!
Бибігүл (күліп). Дұрыс айтасыз, маған да уақыт өткізбеу керек. (Бұрылып кете береді).
Мырзабек. Бибігүл шырағым, бір минутқа.
Бибігүл (өзіне). Ағай, менің жұмыстарым бар ғой... Әкелген кітаптарды тәртіпке салу керек...
Мырзабек. Әрине, тәртіпке салған дұрыс... Мен айтайын дегенім... Мен өзі осы колхозда енді тұрамын ғой, солай емес пе?
Бибігүл (күліп). Мүмкін...
Мырзабек. Мүмкін болғанда, өзі мен бойдақпын... Шыны сол, то есть жалғызбын...
Бибігүл. Маған неғыл дейсіз...
Мырзабек. Әшейін айтқаным ғой...
Бибігүл (әзілдеп). Осы уақытқа дейін қалай бойдақ жүрсіз?
Мырзабек. Әскерге бардым, келген соң техникумда оқыдым... Сонымен настоящий бойдақ...
Бибігүл. Біздің колхозда қыз көп... Үйленсеңіз той жасаймыз.
Мырзабек. Рахмет, қарындас... Бірақ... Осы сіз кітапханада көп оқисыз ғой... Сол әлгі рас па?
Бибігүл (түсінбей). Нені айтасыз?
Мырзабек (абыржып). Кітаптарда бір көргеннен ғашық болады деген...
Бибігүл (күліп). Қандай кітапта?
Мырзабек. Кітаптарда ше? (Ойланып.) Әлгі атын ұмытып қалғанымшы....
Бибігүл (әзілдеп). Кітап тек біз үшін жазылмайды, сіз де ондайдың талайын оқыған боларсыз.
Мырзабек. Әрине, оқыдым. (Ойланып.) Қай кітапта еді құрғыры, сіз-ақ айтып жіберіңізші.
Бибігүл (әдейі). Білмедім.
Мырзабек (қолын бір сілтеп). Ыу общим... Қыз Жібекте екен ғой. Төлеген сүйтеді емес пе?
Бибігүл. Өте алыстан қайырдыңыз.
Мырзабек. Басқасы есіме түспеді, кешіріңіз, осындайда адам нетеді екен...
Бибігүл (жалтарып). Сонымен жаңағы машинаның үстіндегі «Абай» колхозының қызына ғашық болып қалған екенсіз ғой. (Жалма-жан соңғы бума кітапты алып ішке кіріп кетеді).
Мырзабек (кітапқа ұмтыла беріп). Қарындас, мен өзім... (Өзіне-өзі.) Ашық ауыздығымды қарашы... Осындайда көмектесіп, мәдениеттілігіңді де көрсетуге мүмкіншілік жоқ. Қарашы, өзі де маңына жуытар емес, нағыз шу асау-ау шамасы... Тура айтсам ба екен! (Кеудесін басып.) Міне, дүрсілдей бастады.
Осындайда жүрегі құрғырдың өкпе сияқтанып бобырап кететіні несі екен... Көрісімен жабыса кетті, жеңілтек мінез жігіт екен деп жүрер. (Маңызданып.) «Махаббат дегеннің жолы ауыр», — дейді жұрт. Сонда бір шындық бар-ay. Әлгі пе деуші еді, ие, не... «Әйелге қанша көңілсіз қарасаң, ол саған сонша ынтыға түседі» деп Белинский айтқан жоқ па, әлде Жамбыл ма, Гоголь ме, әй Жамбылдың аузына мұндай сөз түсе қойды ма екен... Мынаны қарашы шатастыруымды, Пушкин айтты деп естіген екенмін ғой... Білмейтіні жоқ екен десін, қазір осыны айтып жіберейінші... (Бибігүл шығады.) Сонымен шырағым, Пушкин айтқандай...
Бибігүл. Не депті?
Мырзабек (өзіне-өзі). Бүлдіре жаздағанымды қарашы (Абыржып.) Колхоз бастығын қалай тапсам екен.
Бибігүл (күліп). Пушкин колхоз бастығын іздеп пе?
Мырзабек (абыржып). Ие, жоқ, жоқ... Маған енді сол кісіге келгендігімді білдіруім керек қой...
Бибігүл (қолымен нұсқап). Анау тұрған колхоз кеңсесі. Бастық та бері келе жатыр.
Мырзабек (бойын тежеп). Тамаша болды-ау өзі!., (Қалтасынан қағаздарын ала бастайды.) Бастық жақсы адам ба, қарындас.
Бибігүл. Адамның жаманы бар ма?
Мырзабек. Былайынша дегенім ғой...
Бибігүл (күліп). Қалайша болса да жақсы. Осы колхозды отыз жыл басқарады.
Мырзабек. Е, дәудің өзі десеңші!
Бибігүл (Әзілдеп). Онша ірі кісі емес...
Мырзабек (еркінси). Сіздің сөзіңіз, қарындас, былайша айтқанда, нелеу ме деймін...
Бибігүл (әзілдеп). Нелеу дейсіз?
Мырзабек (қолымен көрсетіп). Былай түйреп дегендей....
Бибігүл. Тым нәзік болып шықтыңыз ғой.
Мырзабек. Жоқ-ау, өзі... Әшейін әзіл ғой... (Садық кіреді). Салаумалейкум, ақсақал.
Садық. Уаликесалам... Іске сәт. (Қол алысады).
Мырзабек (Бибігүлге қарап қойып). Айтқаныңыз келсін. (Қағазын ұсына береді. Садық алып жатып).
Садық. Бұл немене? Бибігүл қарағым, аман-есен жеттіңдер ме, біздің шофер қайда.
Бибігүл. Ол кездеспей «Абай» колхозының машинасымен келдім. Мына кісі болмағанда, бұл кітаптар бүгін жетпеуші еді. (Мырзабек иығын көтеріп, мақтанып қояды).
Садық (көзілдірігін киіп жатып). Ол берекесіздің ауданға баруы-ақ мұң, ана бір балдызының үйінде қылжақтап жатып алатынды шығарыпты. (Қағазды оқып.) Е, айналып кетейін-ай, жеткен екенсің ғой. Райком уәдесін орындады деген осы... Іске сәт, міне оң қолым келді. (Бибігүлге.) Іске сәт, пайдасын тигізе келген азаматты айта бер... (Мырзабекке.) Кәзір, шырағым, сенімен де жұмысты бітіреміз. (Бибігүлге.) Қаншаның кітабын алып келдің?
Бибігүл. Кейінгі жаңалықтардың бәрі бар. Өткен жолы Абайдың төртінші кітабы жоқ деп еді, келгеніне бір жыл болыпты, складтан өзім тауып алдым...
Садық. Іске сәт. (Мырзабекке қарап.) Сондай бюрократтардың басын шабар ма еді, балам ә, тойуста агроном жолдас ә...
Мырзабек. Дұрыс айтасыз, ақсақал.
Садық. «Оянған өлкенің» де екінші кітабы складта жатқан шығар, оны байқамадың ба?
Бибігүл. Ол әлі жазылып жатса керек.
Садық. Іске сәт, айналып кетейіндердің ұзақ жазатыны-ай. Егін егу мен жинауды бір күн кешіктірсек жерге кіріп кете жаздаймыз, осыларда жоспар деген болмайды-ау, шамасы.
Мырзабек. Жоспар болатын шығар, бірақ асықпайды ғой...
Садық. Іске сәт, асықпайтын заман ба бұл... Сарыбастың баласы айға барам дегенді шығарыпты.
Бибігүл. Ол да ғажап емес, аға.
Садық. Іске сәт, ғылым деген осы да, күнмен көрші, аймен ауылдас болып барамыз. (Бибігүлге.) Шолоховтан не бар?
Бибігүл. Өзіңіз оқыған «Тынық Дон», осы жолы «Көтерілген тыңды» әкелдім.
Садық. Клубқа қоятын жеңіл-желпіден жайың қалай?
Бибігүл. Ол жағы әзір тапшы болып тұр.
Садық. Іске сәт (Мырзабекке). көрдіңіз бе? Пьеса дегенің оқуға ауыр болғанмен, көргенде қандай рахат, шырағым... Ал енді сол да жетіспейді... Майлиннің майда пьесалары көп сияқты еді ғой.
Бибігүл. Биыл алатын шығармыз.
Мырзабек. Ақсақал, өзіңіз әдебиетшісіз-ау деймін, бәрін білесіз.
Садық. Шырағым, кітап халық үшін жазылады. Былтырдан бері журнал бетінде екі-үш романның төбесі көріне бастады, үзінділерінен байқаймын тәуір-ау, шамасы. Жаңалықтың бәрін оқимын. Жұмыстан шаршап келгенде жақсы кітап жанның рахаты емес пе?
Бибігүл. Ағайдың өз кітапханасы да ешкімнен кем емес.
Мырзабек. Байқалып-ақ тұр.
Садық. Ал нашар кітап оқысаң арқан жұтқандай әрең бітіресің-ау, шіркінді.
МырзабекСондай кітаптар жөнінде газет-журналдарға неге жазбайсыз?
Садық (қуақыланып). Шырағым, ондай жаза бастасам, колхозымнан алып кетуі де мүмкін. Осы кезде бес ауыз өлең жазғанның бәрі Алматы қайдасың деп тартатын көрінеді. Бәйменнің баласы әжептәуір мұғалім болып жүретін. Жеті-сегіз өлеңі облыстық газетке шығуы-ақ мұң екен тайып берді. Анда-санда орталық газеттерден бір өлеңін көзім шалып қалады. Бақ ішінде кездесіп едің кетіп қалдың, жүрегімді жараладың, сен күлсең айдарымнан жел еседі, ренжісең жылаймын дей ме құдай-ау, бәрі осы. Әкесі менімен құрдас. Кеше кездесіп «ана балаңды зарлатпай шақыртып алып үйлендір, бұдан былай дені сау өлең жазатын болсын», — дедім.
Бибігүл. Лирика деген сондай болады ғой. Үйленгендері де солай жазады.
Садық. Іске сәт, алдынан жарылқасын, бірақ Бәймен мен маған лириканың керегі не, тым болмаса әкесі түсінетін жылына бір өлең жазсай. (Мырзабекке.) Қош, агроном, басқа не өнерің бар?
Мырзабек. Өнер болғанда өзі... Трактор, комбайндардың тілін білем.
Садық. Іске сәт. Ол өз алдына. Біздің клубтағы көркемөнер үйірмелеріне қандай көмегің бар?
Мырзабек (Бибігүлге қарап). Көмек болғанда қандай...
Бибігүл. Домбыра тарту, өлең айту, билеуден не хабарыңыз бар.
Мырзабек (күмілжіп). Хабар болғанда «Кеңес күйін» тартам.
Садық. Шырағым, «Кеңес күйін» мен де тартам, одан аса алмаймын, өзің қалай едің?
Мырзабек (абыржып, Бибігүл мен Садыққа кезек қарап). «Балбырауынды» ортан беліне дейін тартам.
Садық. Іске сәт, шырағым, шоқырағың белгілі болды. Ән жағынан ше?
Мырзабек (қысылып). Оған қинамаңыз.
Бибігүл (күлкісін жасыра алмай). Биге тәуір шығарсыз?
Мырзабек. Аздап фокстрот, танго...
Садық. Іске сәт, ана жағынан кеттің ғой... оған да шүкір, семьяң көп пе?
Мырзабек. Өзімнен басқа ешкімім жоқ (Бибігүлге қарап қойып), бойдақпын.
Садық. Іске сәт (әзілдеп), үйлендіру керек, той жасау керек, жалпы машақатың мол жігіт болдың ғой.
Мырзабек (ұялып, Бибігүлге қарап қойып). Оған енді өзі...
Садық. Тойыңда бәрібір өлең айтқызамыз.
Мырзабек (абыржып). Оған қинамасаңыз екен.
Бибігүл (әзілдеп). Тойыңыз болғанша, үйренерсіз.
Мырзабек (Бибігүлге). Айтпақшы, мүмкін...
Садық. Іске сәт (қолымен нұсқап), ана үй біткенше қонақ жайда тұрам десең де, ерік өзіңде, біздің үйде де орын жетеді. (Ойланып.) Қартайдық, енді сендер қолқабыс тигізіп, колхозды қолдарыңа алсаңдар қандай рахат. Отыз жыл ыстығына күйіп, суығына төздік. Құрылғандағы тоқсан тоқты, тоғыз торпақ мыңғырған мал болды. Тиын туып, сом балалап, миллионер колхоз атандық. Алда армандай коммунизмнің де табалдырығына тақалдық. Бұған да шүкір. Ден сау болған соң адам үйде отыра алмайды екен. Пенсия деген қуыңның да шалғайға жармасқанына да біраз болды. Енді бір-екі жылда кемпірдің дегені орындалып пенсияға шығам ба, кім біледі.
Мырзабек. Түріңізге қарағанда, әлі жас көрінесіз ғой.
Бибігүл. Ағай өзімізге баяғы бойы.
Садық (күліп). Көңілдеріңді құдай көтерсін. Алпыспен көңілдес болғанымызға екі жыл. Бірақ мені қартайтпайтын сендердің қуанышың, шырағы жанған еңбек қуанышы. Солай емес пе, Мырзабек шырағым.
Мырзабек. Дұрыс айтасыз, ақсақал. Менің де жолым болады екен. Сіздей бастыққа және Бибі... (Сөзін жұтып, сездіргісі келмей, Садыққа қарап.) Өзіңізге кездескенімді қараңызшы.
Бибігүл ( бұл да қысылып). Жолыңыз болады екен. Ағай талайды өз қолынан тәрбиелеп ұшырған.
Мырзабек (қуанып кетіп). Іске сәт, көріскенше (қолын былғап кете барады).
Бибігүл (өзіне-өзі). Қызық жігіт, Ақанға айтсам біраз мазақтап күлетін болды.
(Кітапханаға кіреді).
Ш ы м ы л д ы қ.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Кеш, колхоз кеңсесінің алды. Басқарма жиналысы біткен. Жұрт тараған. Мырзабек шығады.
Мырзабек (өзіне-өзі). Япыр-ай, бұл қалай болды. Өзім көмектесем деді ғой. Аудан не айтар екен. Шіркін, осындай қуанышта Бибігүл кездесер ме еді.
(Ақан келе жатады.) Мынау кім әй... Таныс адам тәрізді, ойбай-ау, Ақан ғой. (Ақан кіреді).
Ақан. Мырзабекпісің? (Келіп құшақтай алады.) Молодец, қайдан жүрсің.
Мырзабек. Сен осында ма едің?
Ақан. Биыл бес жыл болды. Мектеп директорымын.
Мырзабек. Осы ауданда деп естігенмін. Бірақ осы колхозда деп ойламап едім.
Ақан. Тамаша! Сапар оң болсын.
Мырзабек. Айтсын, сендерге қызметке келдім.
Ақан. Кім болып?
Мырзабек. Агроном кәдімгі (мақтана), жәй ғана агроном емес, бас агроном.
Ақан. Мәссаған, тойлайтын болдық.
Мырзабек. Той қашпас. Үйлендің бе?
Ақан. Екі жыл болды.
Мырзабек. Біз әлі сүр бойдақ.
Ақан. Біздің колхозда қандай тамаша қыздар бар. Шекесінен шертіп жүріп үйленесің.
Мырзабек. Қыздарың тамаша болу керек, бүгін біреуімен таныстым.
Ақан. Келмей жатып па, мықты болып кетіпсің ғой өзің. (Ойланып.) Ол кім болды екен.
Мырзабек (мақтана). Әзір жария ету ертерек, досым, кейін білесің. Сенімен сырласпай үйленер деймісің?
Ақан. Оның да жөн...
Мырзабек. Шіркін, осындай қуаныш үстінде сол қыз жетіп келер ме еді. Сен де мені біраз таныстырып себіңді тигізер едің.
Ақан. Атын айтшы, мен-ақ жеңгетай болайын.
Мырзабек. Ертерек, бауырым, ертерек. (Кеңсені иегімен нұсқап.) Бастықтарың тамаша адам екен.
Ақан. Сәкен деген нағыз даланың педагогі.
Мырзабек. Менің қолымнан аға агроном болу келмейді десем «өзім көмектесем, әңгімені қой, бала» деп отырып алды. Қазір ауданмен сөйлесіп жатыр.
Ақан. Тек еңбек істей біл, бұл кісі алып шығады.
Мырзабек. Несіне аянам. Жасыратыны жоқ, «әлде қандай бастыққа тап болам» деп қорқып келіп едім, оның үстіне сен де осында, общим жолым болады...
Ақан. Ал кеттік үйге, құрдасың да келген шығар.
Мырзабек. Сәкең «біздің үйде бол» деп еді, қазір шықсын, кешірім сұрап кетейін. (Клуб жаққа қарап қуанышты үнмен.) Әне келе жатыр, жанында бір қыз бар.
Ақан. Ол кім, кәне.
Мырзабек. Бағана танысқаным, клубты айналып кетті, қазір шығады. Ал көрсет жеңгетайлық өнеріңді. Айттым ғой жолым болады. (Галстугін жөндеп, шашын тарайды.)
Ақан. Қазір мен олармен сөйлесейін. (Олар көрінеді.) Е, мыналар ғой, біреуі біздің үйдегі құрдасың.
Мырзабек. Қайсысы, тез айтшы.
Ақан. Асықпа, қазір таныстырам. (Бибігүл мен Күлән шығады.)
Бибігүл (Ақанға). Сен, шырағым-ау, күттіріп қойдың ғой.
Мырзабек (өзіне-өзі). Дүние не болып барады.
Ақан Жарайды жеті жыл көрмеген досыммен кездесіп қалдым, танысыңдар, колхоздың аға агрономы Мырзабек Сағатов.
Бибігүл. Орныңыз құтты болсын. (Ақанға.) Бұл кісімен мен кіші агроном кезінен таныспын.
Ақан. Қалай дедің?
Мырзабек (абыржып). Дұрыс айтады, сіз кім боласыз?
Бибігүл (күліп). Танымай қалдыңыз ба? Бибігүл, мына Ақанның жұбайы біз боламыз.
Мырзабек (өзіне-өзі). Қап қатырды-ау! (Ақанға жалбарына) Ақан айналайын, кешір мені.
Ақан (сенбегендей). Не боп қалды!
Бибігүл (күліп Ақанға). Кейін айтам, қызық болды.
Мырзабек (абыржып). Бибігүл нельзя адамды подводить етудің, оның несі қызық.
Бибігүл (күліп). Құрбым, одан оғаштық көріп тұрған жоқпын.
Мырзабек (жуасып). Ақанның жолдасымын деп неге айтпадыңыз.
Бибігүл. Сұраған сіз жоқ.
Мырзабек (абыржып). Сұрамадым да, ие сұраған жоқ екенмін ғой, сорлы басым.
Ақан (күліп). Түсіндірсеңдерші.
Мырзабек (оның сөзін бөліп). Мына қыз кім?
Ақан. Менің қарындасым, осында ән-күй үйірмесін басқарады.
Мырзабек (ұмтыла беріп). Айналайын, баяғы Күлән ғой. Үлкен жігіт болып кетіпсің.
Бибігүл (әжуәлай). Тойыңызға дейін осы кісі ән үйретеді.
Күлән. Ағайдың өлең айтатыны бар емес пе еді.
Ақан. «Шұбар туша» деген әнді білетін.
Мырзабек (қолын бір сілтеп). Шұбар тушасы құрысын, ол ешкі болып қаңғырып кеткен. Қазір ән салмаймын. Общим масқара.
Ақан (күліп). Енді түсінікті болды. Масқара болған ешнәрсе жоқ. (Әзілдеп.) Біздің Бибігүлге көзің түскен екен ғой.
Бибігүл (күліп). Ауданнан бірге келдік. Кітап әкелуге біраз көмектесті. Сосын... (сықылықтап күледі).
Мырзабек (ызаланып). Күлмеңізші, пожалуйста.
Ақан. Мырзаш, оның несіне ашуланасың. Танысқан екенсіңдер тіптен жақсы.
Мырзабек (ызалы). Оның несі жақсы, келмей жатып күлкі болды деген осы.
Күлән. Ағай, оған несіне ашуланасыз, жеңешем бағана маған айтқан...
Мырзабек (ашулы). Айтса жақсы болған екен.
Ақан. Достардың осылай кездескені де жарасымды емес пе, Мырзаш.
Мырзабек (жуасып). Әй қайдам, Күлән-ау, бәрі дұрыс, бірақ айтпай ма?
Күлән. Сізді танымайды, Ақанның әйелімін деп жар сала ма.
Ақан. Бәсе деймін-ау, Бибігүлді неге кінәлайсың.
Мырзабек (сабасына түсіп). Өзі солай екен ғой... Кешір, Бибігүл, ендеше... общим нечауа. (Садық шығады.)
Садық. Іске сәт, жастар жиналып қалыпты ғой. (Мырзабекке) ауданмен сөйлестім, дұрыс жасағансың деп жатыр.
Ақан. Сәке, сіз кешіріңіз, Мырзабек бірге оқыған жолдасым еді, үйге ертіп кетем, сіз де жүрсеңіз екен.
Садық. Іске сәт, Мырзабек, көрдің бе жолдастарыңмен де кездестің, жолың болғыр екенсің, ал кеттік ендеше. Бәрі кете береді.
Мырзабек (артына бұрылып). Осындай да кездесу болады екен, бұдан былай күлкіге қала көрме. (Кетеді).
Шымылдық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі