(Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры туралы)
Кезек күттірмес, төзімі таусылған, бұрын да ішінара айтылып жүрген, айтылғанмен де ескерілмей келе жатқан, сондықтан қайталап айтуды тілейтін бәрімізге де ортақ сөз ететін күрделі мәселе — Қазақтың мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді академиялық драма театрының қазіргі халі жайында. Театрдың арғы-бергі мақтан тұтар табыстарын баяндап жатуды артық санап, оның бүгінгі жәйі мен келешегі туралы пікірімізді ортаға салғымыз келеді.
Бүкілодақтық совет жазушыларының екінші съезінде совет драматургиясының проблемалық жайлары кеңінен айтылғанда осы проблемалық жайлардың бірі болып, театр мәселесі де ойдағыдай сөз болды. Жазушылар, өнер қайраткерлері, театр сыншылары театр мен драматургтep арасындағы тығыз бірлестік жайында көптеген мәнді пікірлер айтты. Театр өнерінің алға басуы, шынайы өмір шындығынан туатын жоғары идеялы, көркем шығармалардың санымен де байланысты екенін қатты ескертті. Театр мәдениеті совет әдебиетінің бүгінгі жеткен биігінен төмен жатыр дегенде тілге тиек болған талас тудырмайтын шындық — оның теориялық ғылыми негіздерінің маркстік-лениндік эстетика тұрғысынан терең зерттелмей отырғандығымен әділ де көмекші театр сынының нашарлығы дегенге сайды.
Қазақ театр өнерінің соңғы жылдары бойкүйездікке душар болуы да жоғарыда айтылған себептерге тығыз байланысты. Осы күнге дейін академиялық драма театрының жұмысының артта қала беруін, театр коллективінің өз басындағы толып жатқан кемшіліктерін былай қойғанда, қазақ драматургиясының артта қалуынан іздеп келдік. Бұл шындық және айтылып жүрген шындық. Біз бұлардан бұрын бір жәйді айтпақпыз.
Бүкілодақтық совет жазушыларының екінші съезінің қарсаңында театр өнері туралы драматург пен сыншылардың, суретшілер мен артистердің, жазушылар мен ақындардың, басқа мамандық иелерінің де пікір алысулары театрдың коммунистік қоғам құру жолындағы совет адамдарын тәрбиелеудегі театрдың атқарар ролін биік бағаладық деп тану керек. Бұл театрдың ұлы мектеп, Гоголь айтқан кафедра екенін терең ұққандық, театр өнерінің көркейе, өсе түсуіне берген ағалық кеңес деп ұғамыз.
Осы бір жәйлар одақтық съезд алдында ғана болып өткен совет жазушыларының III съезін еске түсіреді. Сол съезде Қазақстан жазушы-драматургтері мен жазушыларының аузынан өздерінің шығармалары сахнаға қойылып жүрген театрдың творчестволық бейнесі туралы бір ауыз сөз шықпағанын, театр жұмысын елеусіз, ескерусіз қалдырғандарын, тіпті, осы съезде өнер қайраткерлерінің де бірде-бірінің өздеріне тікелей байланысты мәселе жайында пікір айтпай үнсіз қалғандарын бүгін қынжыла еске аламыз. Соңғы он жыл ішінде кейбір спектакльдер туралы жазылған бірлі-екілі рецензияларды атамағанда, театр мәселесі жайында жазушы-драматургтеріміздің еш біреуі де сөйлеп не мақала жазып көрген емес. Осы жайлар Қазақстан Жазушылар одағы мен академиялық драма театрының арасындағы творчестволық байланыстың нашарлығын көрсетеді.
Театр жұмысына жақын, театр өнерін түсінеді дейтін жазушылардан осындай салқындық кездестірсек, астананың басқа интеллигенциясына сен театр өнерінің өркендеуіне атсалыспайсың деуіміз, буынсыз жерге пышақ ұрғандық болар еді. Кейде өзімізбен қатар жүрген әдебиет майданындағы көптеген жас ақын-жазушы, сыншылармен сырласып, олардың театр мәселесі, болмаса драмалық шығармалар жайында, оның сахналық көрінісі туралы баспа бетінде пікір айтуларын өтінсек, «ол қиын ғой, театр өнерінен түсінігіміз аз ғой» деген, сүйеу салды сөздерді естиміз. Іштей қынжыласың, амал қанша, орыс әдебиетінде көптеген әдебиет сыншылары, театр өнерін нәзік түсінетін театр сыншысы болғанын да оларға ескертіп жатудың артық екенін өздері де біледі.
Театр бүгінгі жұртшылықтың талабына сай постановкалар бере алмай отыр, театр мәдениеті артта қалды — деп театр коллективін кінәлаймыз. Бұл да жөн шығар. Бірақ театр жұмысындағы кемшіліктерді дер кезінде қатал сынға алып, оның творчестволық өсуіне көмектесіп отырмаған мәдениет, әдебиет қайраткерлері де, интеллигенция да қалыс қалмаса керек.
Театр өнерінің екінші съезде сөз болуының жалпы одақтық маңызын былай қойғанда, москвалықтардың театрға деген сүйіспеншілігін құмарлана көрсетеді. Москвалықтардың Көркем театр, Үлкен театр және Кіші театр, т. б. театрларды «өз театрымыз», «менің театрым» дейтінін естисің.
Бұл сияқты сөздерді ленинградтықтардан да, одессалық пен киевляндықтар да айтып жүреді. Әрине, бұл жанды, табиғи, өз қаласының азаматына лайық патриоттық сезім. Әлдебір күйкі ойдан емес, өзі сүйген театрына да шабыт берер асқақ ойдан туған әсем сезім. Әрине осымен қатар орыс халқының театр өнеріне деген сүйіспеншілік пен құмарлығы ғасырлар бойы қалыптасып келген мінез екенін де атап айтуымыз керек.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында В. Г. Белинский «О, қандай жақсы болар ед, егер де өзімізде өзіміздің халықтық, орыс театры болса!.. Шынында... сахнадан Русьті, оның әсем және күлкілі жақтарын түгелдей көрсең, қиялдың керемет күшімен қабырларынан көтерілген орыс батырларының сөйлеп тұрғанын тыңдасаң, оның алып өмірінің тамырының соғуын көрсең!» деп асыл бір арман айтқан еді. Бұл орыс сахнасына Шекспирдің Шекспир, Шиллердің Шиллер; А. С. Грибоедов пен Гогольдің Грибоедов, Гоголь қалпында, өздерінің бар алып данышпан бойымен көріне алмай жүрген кезінде айтылған, зығырды қайнатқан шерден туған жалынды сөз болатын.
Рас, қазақ бұрынғы Октябрь революциясына дейінгі қазақ емес, ол Совет өкіметі жылдары мәдениетті халықтардың біріне айналды. Орыс тілі оның екінші ана тіліне саналып келеді. Ол театр өнерінің әрбір саласын да жақсы түсіне бастады, ол орыстың драмалық шығармаларын өз тілінде тыңдап, тамаша әсер алады, орыс — батыс композиторларының шығармаларын сүйсіне, балқи тыңдайтын дәрежеге көтеріліп келеді.
Дегенмен, әлі де қазақ жұртшылығының драмалық, опера және балеттік, симфониялық шығармаларды көру, тыңдаудан гөрі, ән мен күйді тыңдауға деген құмарлығы басым. Сондай-ақ қазірдің өзінде драмалық шығармаларға қарағанда проза, поэзиялық шығармаларды сүйсіне оқиды. Оның да себептері бар болу керек.
Жоғарыда айтылған ойлардан туатын бір қорытынды: театр жұмысындағы кемшіліктерді жою үшін, жұртшылықтың, театр өнеріне деген назарын аударып, сүйіспеншілігін арттыру үшін, театр мәселесін кеңінен насихаттау керек. Бұл істе тек театр қайраткерлері ғана емес, мәдениет, әдебиет, астана интеллигенциясы белсене қатынасуы тиіс. Өз театрыңа өзің құрметпен қарасаң ғана ол көзіңе көркейіп көрінбек. Республикамыздың театр өнеріндегі кемшіліктерді екі адам басы қосылғандағы күңкіл сөзге айналдырмай, жұртшылықтың қатал, өткір, көмекші сынына, талқысына салып отырғанда ғана театр жұмысы оңдалмақ. Артистер өздерінің көрушілерінен қолпаш-қошеметімен қатар, оның творчестволық өсуіне көмек беретін ащы-тұщысы аралас сын есітіп отырса ғана серпіліс пайда болады.
Бүгінгі таңда, қазақ театр өнері қазақ әдебиетінің даму процесінен көш кейін қалып отыр. Әсіресе қазақ прозасы әдебиеттің басқа жанрына қарағанда қазір бүкіл одақтық масштабқа шықты.
Міне, Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры да осы сатыға көтерілуі керек еді. Оған жететін оның толық күші де бар. Бұл театр сахнасында бұрын жүрген кейбір спектакльдер, әсіресе Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, талантты артистер орындаған кейбір жеке рольдер, атап айтқанда, Қ. Қуанышбаев ойнаған «Ревизордағы» Дуанбасын қай ел сахнасына болмасын ұялмай, мақтанышпен шығара алатын сахналық көркем шығармалар. Ал театрымыздың Қ. Қуанышбаев, Е. Өмірзақов, С. Қожамқұлов, Ж. Өгізбаев, Ш. Айманов, Қ. Бадыров, С. Телғараев, Қ. Қармысов, X. Бөкеева, Р. Қойшыбаева, С. Майқановалардың талант құдіреті Одақ шеңберіне көтеріле алатыны сөзсіз. Орташа актерлерді былай қойғанда, соңғы жылдары творчестволық өсу жағынан бұлар да тоқырап қалды. Ал жоғарыда аты аталған сахна шеберлерінің творчествосы туралы осы күнге дейін, творчествосының сәтті, салтанатты, дәуірлі кезеңдеріне сүйініп, сәтсіздікке ұшыраған кезеңдеріне сүйініп, со бір сәтсіздіктің жайын терең ашып беріп отыратын театр сыны болмай келді. Осы жағдайдың бәрі, біздің республикамызда өнер мәселесін жақсы түсінетін адамдардың жоқтығынан емес, өнер тағдырына салқын, бейтарап қарауымыздан туып отырған өкініші мол күйлер. Осыған дәлел етіп мына бір фактіні айтпай кете алмаймыз.
Жоғарыда айтылған, өнер мәселесінен түсінігіміз нашар деп бұл жұмыстан бой тартатын сыншы жолдастардан мынаны тілер ек.
— Сіздер әдебиет сыншысы болғандықтан қазақ жазушы драматургтерінің пьесаларына теориялық, ғылыми тұрғыдан терең талдау жасап, оның драмалық шығармаға лайық барлық қасиетін жұртшылыққа, оның ішінде театр қайраткерлеріне жете түсіндіріп отыруға міндеттісіздер. Осы күнге дейін М. Әуезовтың, Ғ. Мүсіреповтың, С. Мұқанов, Ә. Әбішев, Ә. Тәжібаевтың, Ш. Хұсайыновтың драмалық шығармалары туралы бірде-бір көлемді еңбек жоқ. Ал осы авторлардың көптеген шығармалары сахнада қойылып жүр, егер осы шығармалар жайында ғылыми жақсы еңбектер болса, бұлардың сахнадағы көркі бұрынғыдан да арта түсер еді.
Орыс әдебиетінде А. Пушкин, А. Грибоедов, Н. Гоголь, А. Островский, А. Чехов, М. Горький драматургиясы туралы А. Корнейчук, К. Тренев, Вс. Вишневский, К. Симонов, И. Погодин драматургиясы туралы тамаша ғылыми еңбектер бар. Miнe бұның бәрі де жоғарыда аталған драматургтердің шығармаларының сахнада бірден-бір дұрыс қойылуына көмектеседі.
Қазақ сахнасында орыс классиктерінің шығармаларының тұрақтай алмай жүргені осы бір жағдайлармен де байланысты ғой деп ойлаймын.
Егер, орыс классик драматургтерінің шығармалары мен совет драматургтерінің шығармалары туралы жазылған ғылыми еңбектердің ең құнды маңыздыларын қазақ тіліне аударса, бұл тек қазақ өнерінің қайраткерлері үшін ғана емес, бүкіл жұртшылығымыз үшін, әсіресе, қазақ мектебіндегі оқушылар үшін орыс драматургиясымен жете таныстырғандық болар еді. Осындай жол, актерлар мен оның көрермендерін қоса тәрбиелеп, бір-біріне деген ұғымпаздығын тездетер еді.
Көрермен мәдениетінің өсуі, театр мәдениетінің өсуіне күшті әсерін тигізетінін әсте ұмытпауымыз керек.
Осы бір, кең ойланып ғылыми жұмыстармен шұғылданатын, осындай игілі істің ұйтқысы болатын орынның бірі Қазақстан Жазушылар одағы болса, екіншісі — Ғылым академиясы. Оның өнер зерттеу секторы.
Бұдан бұрын да бір-екі рет Ғылым академиясының өнер секторының, әсіресе, театр бөлімінің жұмысының өте нашар екені айтылған болатын. Шынын айту керек, театр бөлімінде ғылыми қызметкерлер бар да ғылыми еңбектер жоқ. Онда істейтін аға ғылыми қызметкер өнер ғылымының кандидаты Н. Львов, тағы басқа кіші ғылыми қызметкерлер соңғы он жылдың ішінде бірде-бір ғылыми еңбек берген емес. Тіпті театр жөнінде, керек десең, газет-журналдарға да мақаласы шықпаған адамдар. Бұлардың театр өнері жайында күрделі ғылыми еңбек жазу түгіл, қысқа көлемді, жеңіл монографиялық шығармалар, театр өнерінің теориялық мәселелері жайында журнал көлеміне лайық мақала жазуға қабілеті жоқ жандар. Бұл тұрғыдан біз, Н. Львов туралы ерекше сөз етпекпіз. Львовқа қазақ театр өнері туралы ғылыми еңбек жазу үшін ең алдымен қазақ тілін білу керек, актердің ойнайтын ана тілін жетік білмей, оның творчествосына талдау жасаймын деу, «аңқау елге арамза молда» болумен бірдей. Актер өнерінің негізгі құралы — сөз. Сахнадағы сөз әрекетінің керемет күшін, интонациясын, қысқасы, сөз бояуын ұғу үшін сол тілді білу керек. Актер өнері туралы ғылыми еңбек жазамын деуші жолдастар — тіл маманы сияқты сол халықтың тіл ерекшеліктерін тексергені жөн.
Қай елдің тарихында, қай заманда сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, салтын білмей, сол елдің театр өнерінің тарихын жазды екен. Біз білетін шамада ондай болған емес, болмайды да. Өйткені драма театрларының сөзге ғана құрылатын ерекшелігі оған ешбір мүмкіншілік бермейді. Ал опера, балет, сурет өнері болса әңгіме басқа.
Енді театрдың өз басындағы кемшіліктерге келейік.
Орталық партия комитетінің «Драма театрларының репертуарлары және оларды жақсарту шаралары туралы» болған тарихи қаулысынан кейін, 1946-1954 жылдар арасында академиялық драма театры 25 шығарманы сахнаға шығарды. Бұл 25 пьесаның 14-і совет адамдарының өмірін бейнелейтін шығармалар болатын. Осы жиырма бес спектакльден қазір репертуарда бары қанша десек, жетеу демекпіз. Олар Ғ. Мүсіреповтың «Аманкелді», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» пьесалары, «Абай жолы» романы бойынша жасалған «Абай» спектаклі, Мольердің «Сараңы», Я. Галанның «Елең-алаңдағы махаббаты» мен Мұқан Иманжановтың «Менің махаббатым» және Ә. Тәжібаевтың «Гүлден, даласы». Демек репертуарда бүгінгі өмірімізді бейнелейтін екі-ақ шығарма бар екенін көрсетеді. Жоғарыда келтірілген 25 пьесаның 18-і репертуардан түсіп қалды. Оның ішінде он бірі совет адамдарының өмірінен алынып жазылған шығармалар.
Бұл жерде идеялық-көркемдік құнсыздығынан репертуардан шығып қалған шығармалар туралы сөз етпейміз. Біз театр жұмысындағы ерекше көңіл аударатын жағдай жақсы қойылған, жұртшылықтан жақсы баға алған пьесаларының репертуардан шығып қалуы туралы айтпақпыз. Бұны академиялық драма театрының көп жылдар бойы мойнынан арылмай келе жатқан қырсығы, театр коллективін өсірмей келе жатқан кеселді бөгеті деп атаймыз. Ол театрдың бас режиссерлары мен кезекті режиссерларының, сонымен қатар оның директорларының үздіксіз, екі жылдың бірінде өзгеріп ауысып отыруында. Академиялық драма театрының 28 жылдық өмірінде 20-дан астам режиссерлары болса керек. Ал театрдың қарт артистерінің айтуынша осы жылдар ішінде 31 директор болыпты-мыс. Бұл сияқты жағдайлар дүние жүзі театр тарихында сирек ұшырасатын қайғылы күйлер. Қайғылы күй дейтініміз мынау, бір-екі жыл істеп кететін режиссерлар — гастрольдер — режиссерлар. Олар еш уақытта театр коллективінің өсуі үшін күреспейді. Бұл практикада әбден байқалған жайлар. Олардың оған уақыты жоқ, олар тек бар болғаны талантты актерлар тобының күшімен екі үш сәтті спектакль қояды да, реті келсе Қазақ ССР-ның халық артисі деген атаққа ие болады да кетіп қалады. Оның орнына келген екінші режиссерлер Москва, Ленинград театрынан көріп келген немесе өзінің бұрын қойған бірлі-екілі спектаклін көрсетуге асығады. Ол алдыңғы туысының қойған шығармаларына көңіл бөлмейді, өз жұмысымен шұғылданады, реті келсе сол спектакльдерден кемшілікті көбірек көргісі келеді. Онсыз да иесіз қалған спектакль біртіндеп қожырап, сахнадан бойын сирек көрсетіп, ақыры өзінен өзі ұмытылады. Бұған нақтылы дәлелдерді тым әріден іздемей-ақ, театр тарихына шолу жасамай-ақ сөз етіп отырған соңғы жылдар шеңберінде-ақ болайық.
Қазақ совет драматургиясында ауызға ілініп жүрген көрнекті шығарма Әлжаппар Әбішевтің «Достық пен махаббат» пьесасы. Бұл бір жұртшылықтың қызыға көретін спектаклі еді. Осы театрдың бұрынғы бас режиссері Аймановтың театрдан кетуімен байланысты бұл да жетімсіреп, жұтаң тарта бастады да, ақыры сахнада көрінбей кетті. Кезінде жұртшылықтың назарын аударған, баспа орындары мақтаған, халықаралық саяси маңызы әлі күнге дейін зор Джемс Гоу және Арнольд Дюссоның «Терең тамырлар» пьесасы Асқар Тоқпановтың театрдан кетуімен байланысты бұл пьеса да сахнадан шығып қалды. Бұл сияқты режиссерларының етегінен ұстай жөнелген спектакльдер аз емес. Осы бір айтып отырған пікіріміздің айқын дәлелі етіп, енді сөз етпеуге қақымыз жоқ, күйінішті бір жайды айтпақпыз. Ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алған «Абай» постановкасы туралы, Жоғарғы сыйлыққа ие болғаннан кейін бұл постановка репертуардың жұлдызы болуы керек еді: «Абай жолы романының көркемдік идеялық, қасиеті де осыны талап етеді. Роман оқиғасына қанық, ұлы ақын Абай творчествосымен таныс жұртшылық та осыны тілейді. Ал театрдан Шәкен Аймановтың кетуімен байланысты бұл постановка да өзінің алғашқы әсем көркінен айырылып, сүреңсіз қалыпқа түсуде. «Абай» спектакльінің соңғы күндерде қойылуы осы бір күйді анық ұққызды. Спектакльге әсем бір поэтикалық көрік беретін, Біржан мен Абай, оларды қоршаған өңкей өнерпаз, шоқтай құлпырған жастар тобы, асқақтаған әсем ән, көрікті күй көрінісі қазір мүлдем алынып тасталған. Осы бір жайды театрдың қазіргі бас режиссеріне жеткізгенде өзінің бұл туралы ешбір қайғырмайтындығын аңғартты.
Акадмиялық драма театрының қазіргі репертуарының жұртшылыққа көрсетіліп жүрген 6-7 пьесаның бірігуі, атап айтқанда «Аманкелді», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Елең — алаңдағы махаббат» және «Сараң» спектакльдерін қойған қазіргі бас режиссердің өзі. Ал осы пьесалар, барынша қандай ұқыптылықпен қойылады десеңізші! Бұлардың ешқайсысы да репетициясыз қойылған емес. Осы бір жайды көргенде «Абай» спектакліне осылай неге қарамайды екен деген орынды сұрау туады.
Бұл айтылған фактілер театрда режиссерлардың жиі ауысып отыруының қаншалықты зиянды екендігін бірден көрсетеді.
Театр басшыларының арасындағы осындай қарым-қатынастар, совет суреткерлері үшін келіспейтін, ұсақ мінездер. Қысқасы, бұл дүние жүзіне үлгі болып отырған сонет өнерінің қайраткерлеріне жат мінез.
Егер режиссерлардың жиі ауысуы репертуардың саны мен көркемдік сапасына зиян келтірсе, театр директорларының жиі ауысуы оның материалдық жағына зор кемістік келтіретіні, администраторлық және бухгалтерлік жұмыстан ешбір хабары жоқ адамға да белгілі. Қойылғанына екі-үш-ақ жыл болған спектакльдердің декорациясы мен костюмдерінің тез тозып, ыдырап кететіндері де бұған толық дәлел.
Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театры қазіргі сәтте творчестволық жағынан қатты күйзеліске ұшырап отыр. 1954 жылы театр жұртшылыққа бір де жаңа спектакль бере алмады. Театрдың бас режиссері Н. Хикметтің «Махаббат туралы аңыз» пьесасын қоюға кіріскеніне міне бір жыл болды. Театр коллективінің осы уақыттар ішінде не бітіргені белгісіз. Творчестволық тоқырау деген осы емес пе?
Театрдың осындай қысылшаң кезеңінде Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрының не директорының, не оның орынбасарының, не болмаса бас режиссерының өзінің ұлт тілін түсінетін адам болмауы аса қынжыларлық күй.
Театрда — театр директоры деген кім? Ол театр өнерін нәзік түсінетін творчество адамы. Ол жаңа спектакльдерді қабылдайтын, артистер ойынына пікір айтатын сыншы да болуы керек. Театрдың бас режиссері сияқты, ол да театр репертуарын жасаушының бірі. Бұлар тіл білмегендіктен өзінің бар мүмкіншілігін сарқа пайдалана да алмайды. Бұл қазақ театрының тарихында талай ұшырасқан жайлар. Әрине, ол күйлерді қайталаудан гөрі, одан безген артық.
Қайсыбір елдің театр тарихына, оның өткен жолы мен тамаша дәстүріне көз салсаң режиссер кадрларын ең алдымен өз қабырғасында тәрбиелеп шығарғандығын көреді екенбіз. Ал біздің театрымызда отыз жылғы өмірінің ішінде талай оқу бітіріп келген талантты жастар тобы болды. Бірақ олар назардан тыс қалып, тиісті творчествоның көмек-қамқорлығына алынбады. Өз қамын ойлаған бас режиссерлар, талпынған жас режиссерларды қақпайлап, қағажу қалдырып, реті келсе театрдан шығарып отырды. Бірде-бір қазақ режиссерінің театрдан өспегендігі үлкен ұқыпсыздықтан туған кешірілмес қылық.
Қорыта айтқанда, қазақ театр мәдениетінің қара шаңырағы академиялық драма театрының қазіргі кейпі жалпы астана интеллигенциясын, жазушылар ұйымының көмегін, қозғау салуын талап етіп отыр.
1955
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі