Социалистік Еңбек Ері, академик жазушы Ғабит Мүсірепов бір сұхбатында: қоғамымыздың техникалық прогресс жолымен жедел дамығандығын айта келіп, мұндай прогрестің адамдардың санасына, адамгершілігіне де жасалу қажеттігі туралы өзекті ой айтқан еді. Бұл аталы сөз - дәлелдеуден гөрі оны жүзеге асыруды талап етеді. Қоғам дамуы мен адамның адамгершілік қасиеттерінің дамуы арасындағы алшақтықты жою үшін адамгершілік прогресін жасау, оны жеделдету, осы ұлы мұрат жолында қызмет ету - абзал да абыройлы борыш.
«Революция» деген сөздің ұғымы терең. Ол ең алдымен ілгері дамуға ықпал ететін сапалы өзгерістермен сипатталады. Яғни ол әлеуметтік өміріміздің жекелеген салаларындағы жетістіктер мен жаңалықтарға сүйене отырып дамиды. Сондықтан да ескі мен жаңаның, жаман мен жақсының арасындағы күрес тоқтамақ емес. Сапалық өзгерістерге жол ашатын да осы күрес болмақ. Ия, өз бойындағы енжарлықтан безініп, «өрмекші-күдіктен» арылу үшін, жүрегін қақ бөліп берер жақсыны жат көрмеуі үшін -әр адамның өміріне де революция керек. Осы қағидаларды мұрат тұтқан ақын Фариза Оңғарсынова «Сұхбат» атты жыр жинағының «Революция және мен» деген цикл өлеңдерінің тізгін қағар тұсында:
Жаңғыруы үшін жанымда
миым ба, ой ма, қаным ба –
тоғытып тоғанды ағынға
от берер жанға, жанарға
революция керек маған да! - деп орынды тебіренеді.
Ақынның «Сұхбат» жинағы - оқырман жұртшылықтың, жыр сүйер қауымның үлкен олжасы, ағынан ақтарылатын сенімді сырласы. Ақын мен оқырманның арасын байланыстырып тұрған - ақындық «мен». «Мен» - арқылы ақын көп сыр аңғартады, әлеуметтік ой түйеді. Ақынның «мені» оқшауланбай, жеке бастың күйкі тірлігімен тартпай, өмірлік құбылыстармен астасып жатыр. Өлеңдердің ой-толғамы, тұжырымдылығы - зерделі адамды бейжай қалдырмай, ар тазалығына ұмтылдырады. Өмір өткелдерін, тіршілік-тынысын таразылатып - енжарлықтан, күйкі тірліктен сілкінуге үндейді. Ой-санасы мен жүрегінде, қаны мен жанында революцияның дауылын туғызады. «Өмір сүріп жүр екем бекерге мен» деп сүреңсіз өткен күндеріне налитын ақын ұнжырғасын түсірмей, қырандай сілкініп шыға келеді. Оның саңқ еткен үні өктем де жігерлі:
Енді үңілсем:
жер басқа, аспан да ерек.
Күштер де өзге жүретін жасқап, жебеп.
Тегі маған азабын, тақсіретін -
бәрін-бәрін қайтадан бастау керек!
Шын дарын иесі, өз творчествосына қатал сын көзімен қарайтын талант иесі ғана осылай сілкінсе керек! Әйтпесе шыққан төбесін қанағат тұтатын, азды-көпті дүниесін дабырайта көрсетуге тырысатын даңғазалар аз ба?
Күйіп-жанып, көрінгенге қуанып, түсі мен өңінен шошынып жүрген ақын жүрегі -нұрлы күнге, жақсылыққа ғашық. Мазасыз ақынның тыныштық күйге түссе, қайраңдағы балықтай тұншығатыны да сондықтан. Әйтсе де ақынның ойлағаны, дегені болып жатқан жоқ. Мұндай сәттерде мазасыз жүрек бар кінәні өзгеге аудармай өз бойынан іздейді.
Көп-ақ менің өзіме тағар мінім,
көңіл олқы, басады жанарды мұң.
Көретінім - көлеңке. Соның бәрі
тегі мына өзімнің жамандығым.
Фариза Оңғарсынова - оқырманның сүйікті ақынына, оның жырлары сенімді сырласына айналғалы қашан! Не айтса да ағынан жарылып айтатын, не жазса да ақтарыла жазатын ақын қол таңбасын - әр оқырман жазбай таниды. Тапқыр ойларына, шұрайлы тіліне тәнті болып, «Тасбұлақтың» суындай жырларын тамсана оқиды, іздеп жүріп оқиды. Ақын үшін мұнан артық қуаныш, мақтаныш, құрмет болар ма?!
Сүйікті ақынның творчестволық лабораториясын шолып, өлеңдерінің ерекшелігін бір сөзбен айтып беру мүмкін емес. Тіпті, осы «Сұхбат» жинағы туралы да кесіп-пішіп «бәлендей» деп ой айтуға болмайды. Жинақта қысқа тұжырымнан туған күрмеуге келмейтін күрделі дүниелер қаншама?! Ақынның адамгершілікті ту етіп көтерген, азаматтық үні асқақ. Өйткені ол өмір құбылыстарынан түйгенін, көргенін «мидың мың градустық домнасынан» өткізіп барып оқырманына ұсынады. Ұсынғанда да жалаңаштап немесе әлемештемей жыр-сәбиді образға орап, құндағын оралымды оймен, көркем тілмен кестелейді. Оның жырларының оқырманға сәбидей сүйкімді, жақын көрінетіндігінің бір сыры да осында. Сәбидей сүйкімді болатындығының тағы бір сыры - шыншылдығы мен ағынан ақтарылатын адалдығында.
Фариза Оңғарсынова - өлеңінің ғұмырлы болуын, жұртшылық жүрегінен орын алуын басты мақсат тұтатын ақын. Ол - ғұмырын «жыр-толғақ қысқан бір түнге» айырбастап, «азапты тағдырдың айдынын» кешуге әзір. Оның «ықылық атқан тоқ тірлікке» тояттамайтындығы да, ләззат алмайтындығы да сондықтан. Ақынның ар мен адалдығына анасының көзімен қарайтындығына да сенесің.
Жинақтағы «Ошағым - оқшау құрлығым», «Қыз-тағдыр» циклдарынан шағын мемлекет болып табылатын семьядағы қарым-қатынастар, достық, туысқандық, махаббат жарқын көрініс тапқан. Автор семьялық тыныс-тіршілік төңірегіндегі жалқы ойдан жалпыға арналған тұжырымдар жасайды. Картаға әлі түспеген, ғалымдар да білмейтін, төсіне сан қаланы сыйғызатын тыныс-тіршілігі де өзгеше.
Енгендейсің ғажайып ән еліне,
жоқ саясат, топтардың әлегі де.
Мұндағы елдер ешқашан қол сұқпайды
бір-бірінің ішкі істер әлеміне.
Шақырғандай ертеңге арман аппақ,
әз-ұяның үрейсіз таңдары атпақ.
Үлкен-кіші бір-бірін аялайды
шұлғымай-ақ бас изеп, жалбалақтап.
Бұл құрлықты арнайы іздеген жан ғана табады. Ол - әркімнің өз ошағы, баспанасы, семьясы. Қандай әсерлі! Семьядағы қарапайым тірлік арқылы философиялық ой түю, соны пайымдар мен пікірлер айту, әлеуметтік қоғамдық қатынастармен сабақтастыру -кемеліне келіп, толысқан талант иесінің ғана қолынан келер іс. Осы бір бас аяғы бес-ақ шумақ өлеңде қаншама астар жатыр!
«Қыз-тағдыр» цикл өлеңдері - жаны нәзік, бауырларын жеткізсем деп жүдейтін, қасіреттің өзінен қуаныш тауып ана болғысы келетін адамдар арасындағы құпия құбылыстың сырын ашып береді. Осы тұста Ф. Достоевскийдің: «Адам - құпия құбылыс, оның сырын ашу керек... » деген сөздері ойымызға оралады. Табиғат тылсымының ішіндегі сыры мен қыры ашылып болмаған құпия құбылыстың бірі де -адамдардың психологиясы, ішкі жан сыры болса керек. Адамдар туралы бір ұшты, ағат пікір айтуға асығыстық жасамау қажеттігі де сондықтан. Танып-білдім деген адамның да қат-қабат ішкі сырларының құпиялары қаншама?! Фариза Оңғарсынова адамдардың, оның ішінде қыз-тағдырдың әр сәттік көңіліндегі жан-сырына үңіледі. Үңіле отырып, көрген, түйгенінен тосын ой айтуға талпынады. Нәзік те бұйығы болып көрінетін қыз арманы асқақ та биік екен.
Қабырғам да қайыссын ұлы жүктен,
жалт етпенің бәрінен түңіліп те ем.
(бәрі өткінші - ұғынғам үңіліп мен).
Өтсем деймін өшпейтін сезіміммен -
дүниені жібітер жылылықпен,
жылылықпен мәңгілік мұзын үккен.
Мұзды еріткісі келген жылылық, жақсылық атаулыға ғашық жүрек - ана болуға асығады, ана болуды армандайды. Мұнан асқан ұлы арман болмаса керек?! «Абыройы Күнмен жарысқан, жұлдыздай жарқын қыздардың» жасампаз өміріміздегі тыныс-тіршілігі, сезім-күйі, ой-толғаулары ақындық шабытпен, кестелі тілмен өріледі.
Тірлікті көктеп, сырмақтап,
болмаса да өмір мұзды арна -
күн кешу жанмен нұрлы, аппақ
оңай деймісің қыздарға!
Ақынның пікірі пролетариаттың ұлы жазушысы М. Горькийдің «адамның бойындағы жақсылық атаулы күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған» деген ойымен үндес жатыр. Ананың ақ сүтінің ұлылығы - оның аппақ арынан бастау алатындығын, болашақ ана-қыздардың киелі аппақ арын сақтай білуінің өзі ұлылық ұшқыны екендігін ақын жақсы шендестіре білген.
Социалистік Еңбек Ері, академик жазушы Ғ. Мүсірепов «Сұхбатқа» жазған алғы сөзінде»: «Мен ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованы адалдық, намысқойлық, жаны да таза, ары да таза, ерлерге лайықты биіктерде ғана көремін, қашанда сол биігінде көргім келеді»,- деп аталы тілек білдіріпті. Біз де осы тілекке қосыламыз.
Талдықорған. 1983 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі