Өлең, жыр, ақындар

Соқпақтар

Мен ақын болам, немесе болсам деп ойлап, не армандап көрген емеспін.

Кейінгі жылдары ақын ретінде оқырмандармен кездесксн сәттерде: «Сіз қалай ақын болдыңыз?» — деген сұрақ жиі қойылады. Менің түсінігімше, мұндай сұрақ: «Сен неге қазақ болып тудың?» немесе: «Анау бұзау неге құлын болып тумаған?» — дегенмен бірдей. Сөйтсе де, осындай сұрақтардан кейін мен: «Шынында да қалай ақын болдым?» деп ой ойлайтын болдым...

Ешқандай оқу орны ақын болуды үйретпейді. Ол — тек жаратылыстың маңдайына жазған сыбағасы. Қалай болғанын ақынның өзі білмейтіні де сондықтан.

Дей тұрғанмен, әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңетін бұл киелі қасиеттің бойға даруы — топыраққа егілген дән ғана. Оны әрі қарай дамытпаса, баптамаса, нәр бермесе, ол қасиет құмға көмілгендей жоғалуы мүмкін.

Ес білгендегі алғаш көргенім — біздің үйдегі көп кітаптар. Дені латын әрпімен жазылған. Екі ағам — Бақтығұл, Махиз, олардан үлкен апайым — Рәбилә ылғи кітап оқиды. Бақтығұл ағам әдемі, ақ құбаша, сұңғақ бойлы қалпында әлі көзіме елестейді. Ол мені ылғи мойнына мінгізіп, «Фәруім (мені үй іші, ауыл-аймақ болып «Фәру», «Фәри» деп атайтын) өскенде, тек жібек пен мақпалдан киім алып беремін», — деп еркелеткен бейнесі маған оны ересек, үлкен адамдай көрсететін. Бақсам, ол сонда І6-17 жастағы балаң жігіт екен. Ол тоғызыншы класс оқып жүргенде кенеттен 2-3 күн ауырып, қайтыс болды. Жұрт: «Көз тиді, бұлардың босағасына тіл-көз жақпайды» — дейді екен. Әкемнен кейін біздің үйге бұл бір үлкен қаза болды. Әкем Оңғарсын осыдан екі жыл бұрын бір үйде отырып ауырып, сол үйде дүние салыпты. Қазір ойласам, жүрегі қабынғанға ұқсайды. Неше түрлі жоқтауларды осылайша есім кірмей жатып естіп өстім.

Бақтығұл ағамның қазасынан кейін екі жыл өткенде мұғалім болып істейтін апайым Рәбилә да бір жұмадай ауырып, үйде қайтыс болды. Естуімше, бір-екі айда ұзатылу тойы болады екен. Аудан орталығы, ол кездегі өлшеммен қарағанда, біздің «Ақжал» аулына алыс. Ауылда фельдшерден басқа дәрігер жоқ. Апайымның іші түйнеп ауырғаны, қатты қиналғаны әлі көкейімнен кетпейді. Тегі, «соқыр ішек» болса керек. Бес-алты күн ішінде ақ құба өңі, мөлдіреген, баданадай қоңыр көздеріне ақыл тұнған келбеті біздің үйді нұрландыра ажар беріп жүретін Рәбилә апайымнан да осылай айрылдық.

Енді анам Халиманың бар жұбанышы, сүйеніші болып балаларының ішіндегі түстері қара, мінездері де басқаларындай жайма-шуақ емес қыңырлау деп саналатын ең «шамалылары» Махиз ағам екеуміз қалдық.

Махиз ағам сол жылы (апайым қайтқан жылы) он жетіге шықты. «Соғысқа алып кетеді, қалған жалғызымнан да айрылармын» деп қорыққан анам ағайымды облыс орталығы Гурьевтің мұнай техникумына оқуға жіберді. Біздің үйдің балалары шеттерінен сабаққа жетік болатын. Мұнай саласында жұмыс істейтіндерді әскерге алмайтынын естіген анам ағайымнан, «оқуға түстім» деген хабар келгесін аздап тынышталды.

Үйде, анамның жанында, күні кешегі үй толы жаннан әлі мектепке жасым жетпеген мен ғана қалдым.

Күндіз-түні анамның қасіретін көріп, кеш сайын үйдің ішін рулы елдей думандатып жүретін апайымның, ағаларымның ұшты-күйді жоқ болуы, қаңыраған үй, анамның сыңсығанына ұқсап терезе сыртында бір қалыпты ызыңдайтын жел — осының бәрі мені әрі ерте есейтіп, әрі тым сезімтал, жаны жараланғыш, көрінген жылтыраққа, кез келгеннің мақтауына жарқ ете қалмайтын балаға жаттау, байсалды етіп өсірді.

Анамның көңілін аулағым кеп, кітаптарды парақтарын ақтарып, оқимын. Ағаларым, апайым барда, ешкім шұқшиып үйретпесе де, латын әріптерін, қазіргі алфавитті үйреніп алғам. Әлі мектептке бармасам да, «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Біржан мен Сараның айтысы», «Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы», «Қыз Жібек», Ығылман Шөрековтің «Исатай-Махамбет» поэмасы секілді шығармаларды зуылдатып (кібіртіктеп қалсам, анам сүйсінбейді деп ойлаймын) дауыстап оқып бере алатынмын. Апта сайын ағайыма хат жазамын. Анам айтып отырады да, мен қолымнан келгенше бадырайған әріптермен жазып отырамын. Біз үшін қиындау мезгіл — кеш. Іңірде бірер малды қораға жайғастырғасын, анам екеумізге түн баласы қасіреттей көрінеді. Анам сүйген жарын, сүйкімді балаларын ойлайды. Мен анамды ойлаймын. Күрсінгенін, көз жасын көргім келмей безек қағамын. Мен, анама ештеңе ойлатпайын дейтін болуым керек, үйді басыма көтеріп, жырларды соғамын. Мен бейуақ тымсырайып қалсам, анам маған ертегі айта бастайды. Сөйтіп екеуміз бір-бірімізді жұбатуға тырысатынбыз.

Ол кезде теледидар дегенді көрмек түгілі, естіген емеспіз. Радио деген қалпақтай қара табақша көбіне қырылдап-сырылдап, анда-санда ғана саңқылдап сөйлеп кетеді. Сондағы бар ермегіміз — кітап қана.

Сөйтіп мен мектеп есігін ашпай тұрып «оқымысты» болып алдым.

Менің әдебиет аулына келер жолдағы алғашқы «тәрбиешілерім» анамның аузынан естіген ертегі, жыр, аңыздар мен мақал-мәтелдер, жұмбақтар; екіншіден, өзім оқыған қазақ халық әдебиетінің туындылары; ол кезде маған жердің түбінде жүргендей көрінетін облыс орталығында оқитын ағатайыма бір үйлі жаннан кейін қаңырап қалған үйде отырып құлазудан арта түскен сағыныш пен мұңды толтырып жазатын хаттарым.

Мені кітаптан бір қызықтар іздеуге, қаршадайымнан көңілді алаңдату дегенді түсінуге мәжбүр еткен осы жағдайлар әдебиет әлеміне жетеледі. Әрине, өлең немесе әңгіме жазуға емес, жалпы кітап дүниесіне қызықтырды.

Мен суға тапшы, өзені мен көлі, орманы мен тауы жоқ далалық жерде өстім. Қыс қыстауымызды әдетте «теңіз» деп атайтын да, жазғы мекенімізді халық «қыр» десетін. «Теңіз» дейтіні — құба дала, бір кезде теңіздің суы жатқан төбелі, сайлы, сораң мен алабота өскен жазық. Одан әрі жағалауы ішін тартып, қашып бара жатқан Каспий теңізі. Біздің ата-анамыздың жас кездерінде әлгі жазықтың бәрін теңіз суы алып, қалың қамысты жағаларда бақалар шулап, бірқазаны мен дуадағы, үйрегі мен қазы сән түзеген жер болыпты. Бас-аяғы 30-40 жылдың ішінде айдыны тартылған дала қара топырақты сусыз шөлге айналған көрінеді. Біз ес білгенде базары тараған алаңдай құлазыған осы маңның әр жерінде бөлек-бөлек ауылдар болатын. Қазір ол ауылдардың да орны қалмай, бір кездегі тіршілікке қойылған белгідей әр ауылдың зираттары ғана қалыпты.

Сол «теңіз» деген ұлан-байтақ жерді жазғы жайлауымен қоса Манаш ауылдық советі деп атайтын. Манаш ауылдық советі бірнеше шағын-шағын ауылдардан құралатын: «Ақжал», «Қызтуған», «Ақтікен топ», «Досберген», «Байғана» және басқалар. Олардың әрқайсысында 15-20, кейде одан да көп үй болады.

Біз «Ақжал» деп аталатын үлкен төбенің баурайын мекендейміз. Мектебіміз 5-6 шақырым жерде, үш үйден тұратын, қолдан илеген кірпіштен салынған аппақ үйлерді ауылда «ақ шкөл» атайтын. «Ақ шкөл» — Гурьев облысының тарихында ең алғашқы салынған совет мектептерінің бірі. Қазір оның да орнында үйінді топырақ қана.

Манаш аулы ұйымдасқан кезде Каспий теңізі қазіргідей қашық кетпеген, толқыны жарға соғып, қысы-жазы қатпай жатады екен. Біздің бала кезімізде «Батаға» деп аталатын ауыл бар еді. Біздің ауылдың «бродвейі» сол жер болатын. Онда дүкен, ауылдық советтің кеңсесі, колхоз басқармасының орталығы, әйтеуір, Манаш аулының совет саясатын, жарлығын тарататын ошағы болып есептелетін. Сол «Батаға» (орыстың «ватага» сөзінен шыққан болу керек деп ойлаймын) совет өкіметі орнаған жылдарда теңіздің жағасына орналасқан балық қабылдайтын пункттерден, балықшылардың бірен-саран үйлерінен тұрады екен. Менің әкем Оңғарсын ескіше сауатты, орысша да білетін, ауыл-елге аса қадірлі азамат болыпты. Інісі Бекішті «Текеде» (қазіргі Орал қаласы) оқытып, өзі «Каспийрыбпром» деп аталатын балық өнеркәсібі саласында жұмыс істеген екен. Елге мұғалім болып оралған Бекіш інісі екеуі ең алғаш балықшылар колхозын ұйымдастырып, оған «Қызыл балық» деп ат қойған да менің әкем деседі.

Отан соғысы жылдарында майданға мыңдаған тонна балық берген, талай-талай азаматтарды өсірген, Нарын бойында аты әйгілі сол шаруашылық та із-түзсіз жер картасынан ғайып болды. Кейінгі жылдары оның ізі Гурьев қаласынан 20 шақырымдай жерде болатын (жерден су қашып, халық тұра алмастай жағдайға келгесін, 1956-1957 жылдары колхоз Манаш аулынан көшіріліп, Балықшы ауданының территориясына әкелінген еді), қазір «Қызыл балық» деген аты өшіріліп, Октябрьдің 70 жылдығы атындағы колхоз болып қалды...

Біз «Ақжал» төбесінің баурайындағы баяғыда қалаға көшіп кеткен Бекен жездемнің қыстауында тұрып жаттық. Көршіміз — Қапия шешем. Тұрлан, Мияден атты екі ұлы бар, ері Сарығұл дүние салған, кезінде палуан болған деседі. Мияден сабақ оқуға құлқы жоқ, салқамсоқ, бірақ жүген үзген тентек емес, жалпақ бетті, ірі денелі сары бала, екеуміз допты бірге қуып, бұзауды бірге қайыратынбыз. Қыс бойы бірер мал мен шай-судың жәйі болмаса, ырду-дырду өмір жоқ. Көбісі көкірегіңе жатталып қалған ертегі, жырлары бар қабы алба-жұлба боп жыртыла бастаған түйенің жабуындай көнерген кітаптардың қай бетінде не барын көз жұмып айтатын болғасын, қызығы да бәсең тарта бастайды екен.

Қар еріп, көктемнің алғашқы белгілері біліне бастауының өзі-ақ біз үшін тойдың алдындай қызық. Қоңырқай даланың көкірегіне жан кіріп, өзенді, таулы жердей күрт қызыл-жасыл түске боянып көз жауын алмаса да, сәл-пәл көгілдір тарта бастаған жон-жоталары сағымға оранып, таудай еңселі көрінеді; көз ұшындағы үш-төрт қыстау айналасындағы қора-қопсысымен биік үйлері бой түзеп, көгілдір теңіздің үстінде тұрған кішігірім қаладай қол бұлғайды.

Сораң мен жусан өсетін қоңыр даланың әр жерінде таздың төбесіндей жарқыраған тақырлар болатын. Біз көбіне сол тақырлы алаңдарда ойнаймыз. Қыс бойы үйден ұзап шықпайтын балалар күн жылына үйге кіргілері келмейді. Ойынымыздың түрі көп емес — «шілдік» және доп, сосын асық.

«Шілдік» ойыны пәлендей күрделі емес. Дәлдікті және алысқа сермеуді талап етеді. Ұзындығы 60-70 сантиметрдей, жуандығы алақанға сыйып тұратын таяқ және сол таяқтың шетінен 5-7 сантиметрдей етіп кесіп, екі жағын қарындаштың ұшын шығарғандай үшкірлейді. Бұл «шілдік» деп аталады. Радиусы 30-40 сантиметрдей шеңбер сызып, әлгі «шілдікті» таяқпен ұшынан ұрып жоғары ұшырады да, жерге түсірмей жанынан алысқа ұшып кететіндей етіп қатты соғады. Қарсыласың «шілдікті» түскен жерінен алып лақтырып, әлгі шеңберге түсіруі керек. Түсіре алмаса, тағы әрі қарай соға бересің. Бұл өзі негізінен ер балалардың ойыны. Біздің көршілерде қыз болған емес, мен ер балалармен кішкентайымнан күш сынасуға, доп қуып, шілдік ойнауға мәжбүр болдым. Ауыл балаларында доп дейтін доп та болмайды. Жазғытұрым сиырдың жүні түсіп, түлей бастаған кезде түскен жүнді жиып алып, сәл су бүркіп, біріктіреміз де, екі алақанның арасына салып домалақтаймыз. Сонда кәдімгідей кішкене доп болып шығады. Немесе жаман-жұман ескі шүберектерді домалақтап, сыртын бүтіндеу матамен қаптап, тігіп доп жасаймыз.

Бір күні мамам ертемен «Сары інгенге» мініп, бір жаққа кетті. Мен сиыр өріске кеткесін екі бұзауды өзек жаққа айдап тастадым. Көктемнің шуағы мамамның алақаны секілді — Қапия шешем келіп үйге от тамызып, қазанның астына тезек қалап берді.

Түске таяу мамам «Сары інгенге» теңдеген бір-екі чемодан, тағы ұсақ-түйек буған-түйген шағын бірдеңелер бар, түйенің үстіне аласа бойлы әдемі сары кемпірді отырғызып алып келді.

Үйіміз екі бөлмелі. Төр жақ — кең, таза бөлме. Мамам екеуміз сол бөлмеде жатамыз. Сандық, әшекейлі кебеже, мамам өзі мауыты матадан қошқар мүйізді оюлармен тіккен тең — бәрі сол төргі бөлмеде жиюлы.

Екінші бөлмеміз — одан сәл шағындау, онда аяқ-табақ қоятын, беті сырмен өрнектелген «үлдірік» деп аталатын ағаш полкалар және басқа да ас-су жабдықтары, қазандық бар. Көбіне осы бөлмеде тамақ ішеміз. Келген кемпірдің аты — Сәмия, үлкен ұлы Өмірзақ балықшы екен, өткен қыста мұз үстінен балық аулауда — «ақанда» болып, өкпесіне суық өтіп, қайтыс болыпты. Екінші ұлы Қайырлы соғыс басталысымен әскерге кеткен екен, екі хат келіпті де, содан хабарсыз көрінеді. Асырайтын ешкімі болмағасын, мамам көшіріп алып келіпті.

— Енді бізбен бірге тұратын болады, отағасысы сенің әкеңмен талай дәмдес болған тәуір адам еді. Жалғыз өзін қайда тастаймыз, бірге туған ешкімі жоқ... Аш, жалаңаш болсақ та, өзімізбен бірдей болар, — деді анам.

Анам соғымнан қалған еттен қазанға ас салды. Қапия шешем, Майжан апай келді. Біздің үй қонақсыз болмайтын. Бірақ бүгін ерекше көңілді, үй толып кеткендей. Шешем (мен Сәмия әжейді осылай атап кеттім) сабырлы, көп үндемейтін, оның үстіне құлағы сәл мүкістеу еститін, жайлы адам секілді. «Құлағының кемдігі күйіктен болған», — дейді анам.

Ол келген күні анам екеуі кешкісін әңгіме соғып, өткен-кеткенді айтысты да, менің күндегі кешкілік «сабағыма» уақыт болмады.

Ертеңіне анам «Жаңбырбайдың дүкеніне ұн түсіпті», — деп он шақты шақырым жердегі «Батағаға» кетті де, шешем екеуміз үйде қалдық. Мен «Батырлар жырын» қолыма алып, «Қобыландыны» зулата бастадым. Естісін деп, бұрынғыдан даусымды қаттырақ шығарып, әдейі айқайлап оқыдым,

— Сен оқу білесің бе?! — деп шешем аң-таң болды, әрі келбетіне қуаныш толқыны жүгіргендей шырай байқадым.

Өзім ең жақсы көретін Қобланды жауға шапқандағы Тайбурылдың шабысы сипатталатын тұста сол жырлар өз жүрегімнен шығып жатқандай аруақтанып, арқам шымырлап кететін. Менің бұл күйіммен шешемнің ісі болмады, орнынан ұшып тұра келіп, кеше мамам «Сары інгенге» теңдеп әкелген көне екі чемоданның ұстіндегі өзінің ескіріп жыртылуға айналған көрпе-көпшігін тез-тез алды да, біреуін ашып, ішінен бір түйіншек шығарды; түйіншектің ішінде ақ матаға оралған қағаздарды алып маған берді:

— Оқышы, қарағым, Қайырлыжанның хаты еді...

Менен бұрын да талай қолдан өтсе керек, үш бұрышты екі хат жыртыла бастаған матадай үлбірейді, арасында жас жігіттің күлімсіреп түскен суреті бар екен. Мен асығыс, шиырып жазған хаттың әріптерін кітаптың жазуындай ажырата алмай, әр сөзін ежіктеп, хатты оқи бастадым.

«Ардақты анамыз Сәмияға, ағамыз Өмірзаққа көп-көп сағынышты сәлем жолдаушы Қайырлы деп біліңіздер.

Аман-сау жүріп жатырсыздар ма? Апа, басыңның сақинасы жиі ұстап жүрген жоқ па? Аға, биыл «ақаннан» табыс қалай болды? Ауыл-ел аман ба?

Біз бүгін таң алдында Сталинградқа жеттік. Екі сағаттан кейін ұрысқа түсеміз. Қасымда елдің жігіттерінен ешкім жоқ, бәрімізді әр жаққа бөліп жіберген.

Хош! Аман болыңдар!

Асығыс жаздым. Апа, мені уайымдама. Балаң Қайырлы.

1941, декабрь».

Мен дауыстап оқып, шешем аппақ жаулығының ұшымен көзінің жасын қайта-қайта сүртіп, екеуміз қаңыраған үйді басымызға көтердік. Қайырлы ағамыздың екі хатын мен, күніне болмаса да, аптасына бір рет шешеме оқып бергендіктен, кейінірек хатты оқыған болып қолыма алып, сөздерін жатқа соға беретін болдым.

Бұл хаттардың келгеніне 5-6 жыл өтсе де, содан бері Қайырлы ағамыздан ұшты-күйді хабар болмай кетсе де, шешем «келеді» деген үмітін бір үзбейді.

Кейде, үйде ешкім жоқ кезде, қыр мұрынды, қой көзді, аппақ жаулығын иегінің астынан бір байлаған, ақсары жүзіне, анам айтатынындай, «көзінің ағы мен қарасындай қос ұлына» деген сағынышы тарам-тарам іздерін салған ақсары кемпір ұршығының зырылына қосылып, күбірлеп бір нәрселерді айтып, күңірене әндетіп пеш түбінде отырар еді. Көзімді ашқалы көргенім қаза, жылау мен жоқтау болғасын ба — біреудің көз жасын көруім мұң екен, қол-аяғым дірілдеп, жүрегім тоқтап қалғандай сезінемін. Әрі шешемнің не деп күбірлеп отырғанын білгім келіп балалық құмарлық та қытықтайды. Мамам әдетте өкіметке жұмыс істемесе де, бізге киім-тамақ табу, бірер малдың қамымен жүреді. Әрі-беріден соң, есікті жаймен ашып, тарсылдатпай, дыбыс-демімді шығармай келіп, бір қырын отырған шешемнің жанына жайғасамын. Менің тырбиып қасында отырғанымды сезген бойда, шешем ұршығын жанына қойып, жаулығын шешеді де, бір кездегі қайратты сездіріп жан-жаққа шапшыған бұйра шаштарының жусан түстес бүгінгі қалдықтарын жөндеп, кері байлайды. Менің иығыма қолын салады. Осы кезде маған да жан бітіп:

— Шеше, «Қозы Көрпеш — Баян сұлуды» оқиын ба? — деп, оның қолтығына тығыла түсіп, «әлі жылап отырған жоқ па екен» деген сұрақпен бетіне қараймын. «Шеше, неге жылап отырсың» деп сұрамаймын. Неге жылайтынын ішімнен білемін. Өзімнің де жылағым кеп кетеді. Кішкентай болсам да, аға-апаларымның тірі кезіндегі еркелігім жетіспей ме, әлде оралмасқа кеткен сол сүйікті туыстарымды сағынамын ба, әйтеуір бала болып асыр салып, жүрек жарыла тайраңдамаймын. Анам бетімнен қағып не қатты сөз айтып көрген жан емес. Жалпы ол кісі біреулердің үйінен қатты дауыс немесе қарғыс естісе, қатты ренжіп кейіп қалатын. Өзі ренжігенде, әбден таусылып: «Ой, бар болғыр!» — дейтін.

Біздің үйдің қасында Кәрима деген жасы елулердегі жесір әйелдің үйі бар еді. Жалғыз баласы әскерге кеткен. Күйеуінің апасы дейді — Ақлима деген апай да сол үйде тұрады. Оның да баласы майданда, хабарсыз. Мамамның айтуынша, «екі жарты бір бүтін болып» бір шаңырақтың астында күнелтіп отыр. Кәрима апайдың қолында әйелі басқа күйеуге тиіп кеткен жарымжандау қайнысы, оның жеті-сегіз жасар ұлы Меркенмен бірге тұрған. Ағай өткен жылы қайтыс болды. Өзі оқыған, мұғалім болған, түр-сипаты да келісті адам еді.

Кәрима апай жалғыз қайнысын (оны «Ақтөре» деп атайтын) да, оның ұлын да бағып-қағып, оларға қоса күйеуінің апасымен де тату-тәтті тұратын. Меркен, мен сияқты, екі әйелдің ортасында еркелеп, мектепке барып жүрді. Өзі ақ жарқын, ақылды және ақсары, өңді, жұқалтаң сүйкімді бала болатын.

— Алла жазса, «Ақтөренің» шаңырағын қайта тұрғызады ғой Меркенжан, — деп, Кәрима апай қайнысының ұлын өз баласынан бетер мәпелейді. Жатса-тұрса, жаны соның үстінде.

Кәрима апайдың қайтыс болған күйеуі біздің үйдегі Сәмия шешемнің күйеуіне немере туыс болып келеді екен.

— Кәрималар бар емес пе... айдаладағы жетімнің бәрін жинайсың ба?! — деген біреулерге, анам:

— Өздері өлімді-жітімді, қалт-құлт етіп әрең отырғанда, ол үйде шешейдің бабы табыла ма... Қай бала-шағамыз үйге сыймай жатыр. Махизжан болса, оқуда. Қайта, қаңғыр-күңгір, рулы елдей болып қалдық, — деп айтып тастайды.

Бір күні құлақшыны жалпылдап, алақ-жұлақ етіп Мияден ентіге кірді. Біз үшеуміз шүлдіреп шай ішіп отырғанбыз. Бүкіл ауылда жоқ үш литрлік «болскей» самаурын сақылдап қайнап, әдеттегідей біздің үйдің шайы бабында еді.

— Апа! — деді, Мияден есікті ашар-ашпастан мамама қарап, көне қара фуфайкасының салбыраған жеңімен мұрнын бір сүйкеп қойып. — Апа, Меркенді бір әйел тартып әкетіп жатыр, Кәрима апам сіздерге келсін деп...

Біз үшеуміз үш жерден тұра жүгірдік. Шай жайына қалды. Кәрима апайдың үйі азан-қазан.

— Құлыным, құлыным! — деген Кәрима апайдың жылаған үні. Меркен құлында-құлыны шығып:

— Апа, мен ол қатынға бармаймын, жібермеші мені! — деп шырқырап жатыр. Жасы қырықтардағы ақсары, әдемі келіншек ашудан көгереңдеп, баланы жұлқып киімін кигізейін деп әуре.

— Сенің басыңды дуалап қойған ғой бұлар! — деп Меркенге шаңқылдап ұрсып кояды. Тығыншықтай толық қара кісі әлгі әйелге болысып, баланы жұлмалайды.

Кәрима апайдың үйіндегі Ақлима апа да:

— Қайтейін, қарғам, біздің сөзімізді кім сөйлесін, — деп дауыс етіп, үй ішінде сенделіп жүр.

Мамам әлгі келіншекке амандасты да:

— Шырағым, мұның не? Берденнің көзі тірісінде өкіметтің өзі баланы оған қалдырып еді ғой, бұларды жазықсыз шырқыратып не қылғаның? — деді де, тығыншықтай қараға ашумен жақтырмай қарады. — Әй, Дияш! Сенікі не? Сен неменеге бұлардың арасына құйыршықтай қыстырылып жүрсің? — деп жекірді.

Әкем ауылда өте беделді, аты-абыройы болған адам, соның селбеуі ме, әлде өзінің кербез, байсалды мінез-құлқынан ба, ауылдағы ақсақал-қарасақалдардан бастап, әкім-қараға дейін анамды қатты қадірлейтін. Ауыл маңына келгені болса, біздің үйге түсіп:

— Океңнің қасиетті орнына кірмей кетсек, аруағы кешірмес, — деп, жас-кәрісіне дейін сәлемдесіп кететін.

Мамамды көргенде, келіншек тайсақтап, ыңғайсызданғандай болды. Біз, Мияден екеуміз, босағаға қойған қарауылдай, қақшиып тұрмыз.

— Әкесі тірі болса бір сәрі, бұл әйелге не деп берем баламды, — деді, келіншек сәлден кейін Меркенді қайта киіндіріп. Сол кезде Сәмия шешем келіншек пен қарадомалақ кісінің қолындағы балаға жармасып:

— Басынған екенсің сен, қатын! «Кербез жігіттің» көзіне шөп салған сайқалға беретін бала жоқ! — деп Меркенді жұлқып қалғанда, домалақ қара өзінің екпінімен омақаса құлап түсті. Мияден шиқылдап күліп жіберді.

Түсі боп-боз болып кеткен келіншек баланы Кәрима апайдың кұшағына апара берген шешемді екі қолымен кеудесінен итеріп жіберген. Шешем күтпеген соққыдан тас еденнің үстіндегі алашаға шалқасынан құлап, қимылдамай қалды. Мамам, Ақлима апа, Кәрима апай үшеуі бірдей енді шешеме жүгіріп еді.

Осы тұсты пайдаланған әлгі екеуі баланы шырқыратқан күйінде, шала киіндіріп, далаға сүйрей жөнелді. Әлгінде, біз келгенде, есік алдында тұрған ерттеулі екі атқа екеуі тез-тез мінді де, келіншек баланы алдына алып, шоқыта жөнелісті. Мияден екеуміз соңдарынан жүгіре түсіп, қала бердік. Меркеннің құлыншақтай шыңғырған дауысы сонадайдан құлағымызға ап-анық келіп тұрды.

Мияден екеуміз иығымыздан су кетіп Кәрима апайдың үйіне қайтып келсек, шешемнің басын сүйеп, су беріп, үш әйел әбігер болып жүр екен.

Осы оқиғадан кейін онсыз да шаттыққа кенеліп жүрмеген біздің салымыз суға кетіп, бұрынғыдан да жүдеу тартып қалдық. Шешем төсек тартып, біразға дейін көтеріле алмады. Мен түн болса, шошып оянып, Меркеннің даусы құлағыма келіп, селқос жүрдім. Күн жылына біздің ел жазғы жайлауға — қырға көшетін. Жұрттың көбі көшіп кетті де, біз шешемнің аурулығынан күн ысығанша қыстауда қалдық.

Жазғы каникулға ағайым келді. Ақыры біз де қырға көшетін болдық. Мен бұл күнді асыға күтіп жүргем. Көшу-қону дәстүрлі құбылыс болғанмен, бұрынғылары есімде жоқ.

Ертемен тұрып, мамам ағайым екеуі екі түйені киіз үйдің үзік, туырлығымен қомдады да, әуелі кереге, уықтарды артты; одан соң кебеже, тең, сандық, тағы да басқа керек-жарақтарды теңдеп, жүк арта бастады. Көрпе, көпшік, құс төсекті алашаға орап салды. Жүк артылып болғасын, екі түйедегі жүктің бетіне әкем барда алынған екі кілемді жапты да, ортасына көрпе жайып, алдыңғы түйеге мені отырғызып, жан-жағымды екі-үш көрпемен орап тастады. Екінші түйеге шешем отыруы керек. Шешемнің түйеге мінуі қызық көрініс болды: мен секілді жұк артылған түйе шөгерілген кезде емес, орнынан тұрғасын, мамам бұйдасынан тұқырта ұстап, түйенің басын жерге тақады; ағайым шешемді атқа мінгізгендей, қолтығынан демеп, түйенің мойнына отырғызды; осы кезде мамам бұйданы босата беріп еді, түйе мойнын лезде жоғары көтергенде, шешем қомның қасынан бір-ақ шықты! Сосын жүктің арқандарынан ұстап өзі жоғары шығып, бағанағы кілемнің үстіне жайылған көрпеге отырып алды. Екі сиырды бұзауымен қосып, ағайым жаяу айдады да, мамам шешем отырған түйенің бұйдасын мені мінгізген алдыңғы түйедегі керегенің ұшына байлап, өзі мен отырған «Сары інгенді» жетеледі. Көгілдір көйлектің сыртынан қызғылт сары жібек белбеумен белін байлап алған анамның тіп-тік денесі әлі көз алдымда. Мен түйенің үстінде тербеліп отырып, екі түйеден тұратын біздің шағын көшімізді өз ойымда «Қыз Жібек» қиссасындағы Сырлыбайдың көшіне теңеймін. Анам Қыз Жібектің жеңгесі болып елестейді. Ағайымның астында аты болса ғой деп ойлаймын. Ол да, Төлеген секілді, арғымақ атпен ойнақтатып, алдымызда кетіп бара жатар еді-ау деймін.

Айдау жолмен жүріп келеміз. Жүк артқан түйенің үсті бесік секілді, бір қалыпты тербетеді де отырады. Ұйқың келеді. Айналаны, сағымға мініп біздің көшпен қатарласа қалмай келе жатқан белес-белді даланы қызық көремін. Елсіз, сусыз сұрғылт кеңістікте сағымнан басқа қимылдайтын ештеңе жоқтай. Теңіз бен құмның аралығындағы осы маң даланы үлкендер «Құлақ» дейді. Осыдан біраз бұрын біздің «Сары інген» бошалап, ұшты-күйді жоқ болып кетті. Түйе боталардың алдында бошалайды дейді мамам,

Яғни, елсіз жерге, алысқа кетіп қалады да, сырт көзден тыс, оңашада туады. Мүмкін, тіршілікке әкелер перзентін өзге дүниеден қызғанатын болар; әлде жаны қиналғасын тыныш табиғаттан тыныс іздей ме екен...

Анам сол жолы бошалап кеткен «Сары інгенді» іздеу үшік Қапия шешемнің алмас өркеш түйесін сұрап алды. «Мен де барайын», — деп қыңқылдадым. Мені алдына отырғызып алып, анам осы қазіргі біз келе жатқан «Құлаққа» қарай жол тартқан. Жүріп-жүріп, түс ауа жыңғыл өскен терең сайда ботақанын емін-еркін иіскелеп, ыңырсып тұрған «Сары інгеннің» үстінен шықтық. Сондағы тәлтіректеп аяғын қалт-құлт етіп әрең басатын ақ бота үкінің баласындай үлбіреп көшке еріп келеді. Қызыл ала ноқтасы бірден көзге түседі. «Түйенің төліне тіл-көз жақпайды» деп, анам ботаның ноқтасын әдемі әшекейлеп, көрген адамның назары алдымен ноқтаға түседі дейтін.

Оң жағымызда мосы ағашы секілді белгісі бар қара төбе «Дүзен» көрінді. Одан әрегіректе аппақ шағылдар аймағы — біздің жазғы жайлауымыз Нарын құмы сағыммен араласып бұлдырайды.

— Алақай! Мама! Шағыл көрінді! — деп айқайлаймын түйенің үстінде отырып.

Әрең дегенде құмның етегіне де жеттік-ау. Бір-бірімен жалғасып жатқан тау-тау бұйра құм шағылдардың ара-арасындағы қияқ, құртқашаш, түзгін, майқаңбақ, қарақаңбақ, мортық, сағыз, ақтікен өскен қоңырлықпен жүріп келеміз. Шағылды жердің орманындай жыңғылдар — құмның бас айналдырар ыссылығында бірден-бір көлеңкелі пана. Жыңғыл сайлы жердің құламасына, ойпатты жерлерге өседі.

Анам әбден шаршаса керек, құмның етегіне іліне «Сары інгеннің» мойнына, шешем секілді аяғын салып, менің қасыма отырды.

Біз «Адайқұдық» деп аталатын, басына қырыққан құнанның жалындай тікірейіп құрақ өскен шағылдың етегіне келіп, жүк түсіре бастадық.

Белуардан шөп өскен тегістікте киіз үй тігетін орынды белгілеп, ұзын бойлы, биік кең маңдайдан төменгі қою қасы мен үлкен көздері, ұш жағы көтеріңкі қыр мұрны, қою қара мұрты тау халықтарының кейпін елестететін жасы елулердегі әдемі кісі қасындағы екі әйелге бір нәрселерді айтып бұйрық беріп жүр.

Бұл Мидар ағай екен. Жанындағы жасы отыз бес-отыз алтылардағы ақ сары дөңгелек жүзді, үлкен қоңыр көздерінен жылу есіп тұратын құлын мүсін сұлу келіншек ағайдың үйіндегі жеңгеміз Сағын да, жасы қырық бестердегі, әдемі киімдері сұңғақ бойына ерекше жарасым беріп, әр қимылынан айдында жүзген аққудай кербез қылық есетін екінші әйел — менің кіндік шешем Ынташ болып шықты.

Түйенің жүгін түсіріп бола бергенде, қолында ақ таяғы бар, ұзын ақ шәйі көйлектің сыртынан жеңсіз ұзын қызғылт қоңыр камзол киіп, басына түйенің үстіне бастырған шаңырақтай етіп жаулық тартқан ақ кемпір сайдың астынан шығып, бермен қарай келе жатыр екен.

— Бар, Ақ шешең келе жатыр, алдынан жүгір, — деді анам. Жақын жақсы көретін адамдар келе жатқанда, балалар жүгіріп алдынан шығатын әдет бар еді, бұл, шамасы, бауырмалдықтың, осы үйдің бала-шағасына дейін ол кісіні асыға, сағынышпен күтіп жүргенінің белгісі болса керек. Ақ шешемнің кейінгі жағында бізден үш жүз метрдей жерде үлкен ақ боз үй тұр екен. Мидар ағайдың үйі. Ауылдың бәрі Ақ шеше атап кеткен ақ кемпір — Мидар ағайдың анасы, Нарын бойындағы атақты Мәмек байдың бәйбішесі...

Мәмек балаларын оқытқан, өз заманының озық ойлы адамы болған. Үлкен ұлы Қажығали — Ленинградта оқыған, осы өлкедегі алғашкы дәрігерлердің бірі, Астрахань жақта тұрады. Мидар ағай — ауылдағы атқа мінер азаматтардың бірі, бұрынғы әйелі дүние салған, ұлы Асқар әскерден хабарсыз кетіпті де, өзі ұзақ жылдар жалғыз жүріп, өткен жылы Сағын жеңешемді Алматы жақтан алып келіпті. Ынташ — Ақ шешемнің ертерек, қайтыс болған Жұмабай деген Мидардан кіші ұлының келіншегі. Үлкен қызы Гүлжиян менің қайтыс болған Рәбила апайыммен бірге оқыған, мұғалім; ұлы Ғабит соғыстың алғашқы жылында майданға кетіп, қара қағаз келіпті. Бәрі бір шаңырақтың астында тұрады.

Ынташ жеңешем он саусағынан өнер тамған шебер, киім тігеді. Жапатармағай кім болса соған тіге бермейді, оқта-текте, көңілі түссе ғана, бұл маңайда екі үйдің бірінде бола бермейтін «Зингер» деген тігін машинкасын чемоданның үстіне қойып, кербез қимылдап іс тігіп отырар еді. Көп сөйлемейтін, салмақты да сабырлы жеңешеме ешкім қарсы келмейді, тіпті рулы елге үкімін жүргізетіндей қаһарлы Ақ шешемнің өзі де жиырма төртінде жесір қалса да, сүйікті Жұмабайының төсегін былғатпай хор қызындай болып жүрген келініне дауысын көтеруге тайсақтайды.

Менің анам мен Ынташ жеңешем — кереметтей дос, сырлас. Мен туғанда әкем қыстың ішінде әдейі атшана жіберіп Ынташ жеңешемді алдыртып, кіндігімді кестіртіпті. Анамның айтуымен болар. Әкем де өте балажан адам болса керек.

— Ойпыр-ау, ел ұл туғанда мәре-сәре болатын еді,Оңғарсын, бұрын қызың болмағандай шабылып жатырсың ғой! — деп әзілдеген құрбы-құрдастарына:

— Қайдан білесіңдер, менің бұл қызым елдегі біреу болар, — деп күле жауап береді екен. — Өспеген атаның баласымын, мен үшін ұл да бір, қыз да бір, — деп әкем атына мініп, көрші ауылдағы ноғай молданы алып келіп атымды қойғызыпты.

— «Фариза» дегеннің қазақша мағынасы не? — деп сұрағандарға, Нәсимолла ғұлама:

— Бірегей деген сөз. «Біреу де болса, бірегей» деген қазақ мақалы бар емес пе, — деп жауап беріпті.

Осының бәрін жүкті түсірген бойда «Шөлдеп келдіңдер, шай ішіп алып, үйді кешкі салқынмен тігерміз» деп бізді үйіне әкелген Мидар ағай шай үстінде еске түсіріп, арасында бәрімізді қыран-топан күлдіріп айтып отырды. Сөзге керемет шешен, тілі қуақы адам еді.

Мидар ағайлардың қасында оның қарындасы Ұдыхан мен күйеуі Қадырдың үйі бар екен. Қызы Бәтес — үлкені де, ұлы Нұрмұхан — біздер шамалас, үлкен қой көздері алаң-құлаң еткен, аңқаулау ақ сары бала.

Ағай екі жиенін де тілмен түйреп:

— Бұлар — шеттерінен сынықшылар, ашуланса аяғыңды сындырады да, жалынып-жалбарынсаң, кері салып береді, — деп күлді.

Шайдан кейін әйелдер жағы біздің үйді тігуге кірісті де, Мидар ағай қасына Махиз бен Нұрмұханды алып, құдық қазуға кетті. Аурушаң, сөйлейтін сөзін сабақты инедей суыртпақтамасаң, тіл қатпайтын Қадыр жездемді: «Бақан көтеруге күшің жететін шығар», — деп, ағай үй тігушілердің жанына қалдырды.

Біздің алты қанат үйдің тор көз керегелері мен салалы уықтары әлі қып-қызыл, шаңырағын көтеріп, басқұрын тартқан кезде, көз жауын алады. Мен екі жүз-үш жүз метрдей жердегі қыр астында құдық қазып жатқандарға кеттім. Сусылдаған сары құм табаныңа тигенде жұп-жұмсақ, мақпалдың үстімен келе жатқандай сезінесің. Артыңа қарасаң, қағазға салған суреттей болып, ізің сайрап жатады.

Екі метрдей тереңдіктен суы шыққан құдықтың ішінде Мидар ағай құдықтың көзін алып жатыр да, Махиз бен Нұрмұхан ернегін жөндеп, астаудың орнын жасауда екен.

— Үзік, туырлықтарды көтерісуге шақырып жатыр, — дедім, шалбарының балағын тізесіне дейін түрген ағай Махиз бен Нұрмұханның екеулеп тартуымен құдықтан шыққан кезде.

— Ергежейлінің елуі жиылып, бір үйді әлі тігіп бола алмай жатыр ма?! — деп, ағай үш солдатты ерткен генералға ұқсап үйге қарай аяңдады. Ол кезде дастарқан үстіне қазіргідей құстың сүтінен басқаның бәрін жайып салмайды. Бауырсақ, сары май, соңынан ет береді. Қырдағы тағамның дені сүттен жасалатын — ірімшік, құрт, сарысу; сусынымыз — айран, шұбат, қымыз. ұн бола бермейді. Болса да, шешелеріміз күнде нан көмбейді — «қонақ келіп қалар» деп кейінге қояды. Көбіне ірімшік қайнатамыз. Сиырдың шикі сүтін қазанға құйып, ішіне «ұйытқы» салады. Жаңа туған лақ не қозыны енесінің уызына тойғызады да, сойып қарынын алады. Оны «ұйытқы» немесе «мәйек» деп атайды. Ұйытқыны қазандағы сүтке малып алса, сүт бірден дір-дір етіп ұйып қалады. Сосын қазанның астына от жағып қайната бересің, сүт сарғыш тартып, алақандай-алақандай ірімшік шығады. Ірімшікті ұзақ және жақсы сақтау үшін кептіріп, құрғатып алады. Ал сүт сәл-пәл ашып кетсе, оны да қайнатады. Одан «ежегей» шығады, ол ірімшіктей ірі емес, түйірлері майда болады.

Сүттің ішіне айран құйып қайнатқанда, түйірлері ежегейден де ұсақ, ашқылтым тағам шығатын. Оны сығып, құрт жасайды. Құртты да күнге жайып кептіріп алса, ұзақ мезгіл сақталады дейтін анам. Ірімшік, құртты, ежегейді қаймаққа, сары майға былғап жегенде, тәттілігі тіл үйіреді.

Бір-біріне лайық, жарасты сөздері, ой-пікірлері бір жерден шығатын адамдар жайлы сәл кекесінмен айтқанда «ірімшікке май қондырғандай» дейді.

Етке нан салатын ұн болмағанда, анам қыстан сақталған сүр еттің кішкене бір бөлігін қайнатылып жатқан ірімшікке салып жіберетін. Сонда ірімшіктің маңызы етке сіңіп, ерекше дәмді болып шығатын.

Қазір түрлі халықтың неше алуан тағамын татып, не ішемін, не жеймін деп жалтаңдамайтын заманға жеткенмен, менің көңілім сол бірде аш, бірде тоқ кезеңде жеген дәмдерді аңсайды да тұрады. Әлде адамның күнәсіз балалық шағының қайталанбас пәктігіне аңсары ауа ма, болмаса бұл күнде көзі сиреген сол тағамдардың шын мәнінде дәмділігі ме, ол жағын ажырата алмаймын.

Айнала жым-жырт тыныштық. Алыстан еміс-еміс түйенің боздағаны, жылқының кісінегені естіледі. Оның өзі де жеті қат жердің астынан шығып жатқандай құлаққа талып жетеді. Жан-жақтағы құм шағылдар іңір қараңғы-лығына боялып, қарауытады. Тайлы-таяғы қалмай жас келіннің алдынан шығатын ауыл балалары секілді жұлдыздар ентелей жапырласып бізге қарайды.

— Анау қай жұлдыз? — деймін сұқ саусағымды шошайтып, жусап тұрған үйір жылқыдай шоғырлана қалған топ жұлдызды көрсетіп.

— Көкке қолыңды көтерме, — дейді анам, — жаман болады. Ол — «Үркер». Ал мына жақтағы ожау секілді жеті жұлдызды «Жеті қарақшы» дейді. Көрдің бе, әнебіреуінің қасында еміс-еміс жылтырап кішкене жұлдыз тұр. Ол — «Үркердің» жалғыз қызы. «Жеті қарақшы» ұрлап кетіпті. Содан бері «Үркер» қуып, қарақшылар көк жүзінде қашып жүретін көрінеді. Байқап қарасаң, ылғи бір-біріне шалғай, қарама-қарсы жақта жүреді. Арқа жақта жарқырап, тапжылмай бір орында тұратын — «Темірқазық». «Жеті карақшының» «Ақ боз ат», «Көк боз ат» деген екі аты бар көрінеді. Ол екеуін дайын тұрсын деп «Темірқазыққа» байлап қойған. Көрдің бе, «Темірқазықтан» моншақтай тізіліп «Ақ боз ат» пен «Көк боз атқа» тартылған арқанды? Алда-жалда «Үркер» бұларды тауып ала қалса, қарақшының біреуі қызды алып, ана екі атпен қашпақ. Қалғандары «Үркерді» бөгеп ұстамақ.

Мен аузымды ашып, жұлдызды аспаннан көз алмаймын.

Жұлдызды аралап кеткім келеді. Бір жұлдыз құлап түсті.

— Мама, біреуі құлап кетті! — деймін, әлі де басымды қайқитып биіктікке қадалған күйімде.

— Құлады деме, жұлдыз ағады, құламайды. Көкке қарай берме, — дейді анам. — «Менің жұлдызым жоғары!» — де.

— Неге «жоғары» деймін?

— Жер үстінде біреу қайтыс болса, аспандағы жұлдызы ағып түседі дейді.

— Менің жұлдызым қайсы?

— Анау жоғарыда тұрған жарық жұлдыз сенікі, — дейді мамам, күншығыс жақтағы басқалардан үлкендеу, жалт-жұлт етіп тұрған біреуін иегімен нұсқап.

Жұп-жұмсақ құс төсектің үстінде анамның қойнына тығылып, пысылдап үнсіз жатқаныммен, ұйқым келмейді, Жұлдыздарды аралап, әбден шаршағанда ғана көз ілемін.

Анамның тұла бойы тұңғышы Бағила апайым тұрмыста, бізден біраз жерде, «Елемес» шағылының етегінде тұрады. Ғапар жездем әскерден жараланып оралды. Құдамыз — Есімов Шұқан, атақты жылқышы, апайым да сол атасының қарамағында жылқы бағады. Қысы-жазы сол маңда, өте сирек қатынасады. Балалары жас, әрі жер аяғы алыс болғасын, келіп-кетіп жүруге жағдай бола бермейді. Анам Махизға Мидар ағайдың бір атын сұрап алды да, өзі мені әдеттегіше алдына алып, түйемен «Елемес» қайдасың деп жолға шықты.

Шұқан құда мінезі шәлкес, шапшаңшыл, бүркіт тұмсық, қамшысын беліне көлденең ұстап сәл еңкейіп жүретін; шегір көздерін тіктеп қадаса, өңменіңнен өтердей сесі бар, атқа мінсе құйындатып, жай жүргенде сар желіп отыратын адам еді. Ақ көңіл, мырза, қонақ десе жалғыз малын жайрата салар нағыз даланың қазағы.

Біз келгесін ат шаптырып, атақты домбырашы Меңдіғалидың Хисметін алдырды. Ғапар жездеммен құрдас, маған жігіт ағасы секілді болып көрінгенмен, жасы отыздардағы қыр мұрынды тапалтақ қара кісі Хисмет домбыраны әшейін сөйлетіп жіберді. Түннің бір уағына дейін киіз үйді кернеген керемет сазды әуен үй маңында Шұқан құданың кішкене қызы Бақтанмен, апамның балаларымен ойнап жүрген маған ерекше әсер еткендей. Қайта-қайта құлағымды үй жаққа тосып, тың-тыңдаймын.

Бұйра құмдарды бұрқыратып темір сауыты мен қару-жарағы жарқылдаған батыр шауып келеді. Ат тұяғы дүсірлеп, дәл үйдің іргесіне жетіп қалғандай. Енді бірде кербез келіншектің жүрісіндей сылқым әуен көңіліңді жайбарақат күйге бөлегенде, өзің де жүйрік атты тебініп жауға шапқандай боп деміңді ішіңе тартқызар алдыңғы саздың әсерінен айығып, қыр кешінің самалына жүзіңді тосқандай боласың.

Махиз ағам аздап домбыра тартатын. Оны сезген Шұқан құда бір үйлі жаннан қалған жалғыз құда баласының көңілін аулағысы кеп, Хисмет домбырашыға жатты да жабысты:

— Ал, карағым Хисмет, мына киелі домбыраңды құда баламның басына жаста, өзің осы кісілер кеткенше біздің үйде болып, өнеріңді үйрет, — деді.

Қадірлі кұдағиының құрметіне сойылған жабағының жас еті, саба-саба сары ала қымыз күйші көңіліне де шабыт құйғандай. Күні бойы оңаша үйде Махиз ағам тыңқылдатып домбыра үйренеді. «Кеңес» күйін екі күн бойы қаншама рет қайталаса да, саусақтары жұрт күткендей жүгіріп кете қоймады.

— Сендер шулап, дұрыс үйреткізбейсіңдер, далаға ойнаңдар, — деп, Махиз дәл бір үлкен жұмыс істеп отырғандай, үйдегілер сыбырлай сөйлесіп, бізді сыртқа шығарып жібереді.

«Кеңес» күйінің бір сарынды әуені екі күн бойы қайталана бергесін бе — менің көңіліме жатталып қалған секілді. Домбыраны маған берсе, тарта жөнелетіндеймін. Үшінші күні домбырашы мен Махиз далаға шығып кеткенде, аңдып тұрдым да, жүгіріп келіп күмбірлеген қоңыр домбыраны қолыма алып, еппен шерте бастадым. Көлеңкеге келіп, домбыраның үнін тыңдап тұрған Хисмет ағайды байқамаппын.

Кісі таңғаларлық болмағанмен, күйдің сазы кәдімгідей келетін тәрізді. Тек домбыра сағағынан шығатын жерде мүдіріңкіреп, әрі сырттағылар келіп қалар деп үрейленгеннен, сүрініп-қабынып сағақтан әрең көтеріле беріп ем:

— Әй, нағыз домбырашы мына кішкентай ғой! Қане, қане! Тарта ғой! — деп күйші кіріп келгенде, домбыраны сылқ еткізіп тастай салдым да, өзім орнымнан ұшып тұрып, сыртқа жүгіре жөнелдім.

Шұқан құда:

— Махизжан оқудан шаршап келді ғой, осында демалсын, қымыз ішсін, — деп жібермеді. Біраз күн қонақ болдық, сағынған апайымның жанында болудан жалығар емеспіз. Олар қысы-жазы жалғыз үй, қырда отырады.Теңіз жақтағы біз олар үшін қаладан келген кісіден кем емеспіз.

Бір күні шыжыған түс әлетінде құданың үйіне екі аттылы жолаушы келді. Қапсағай, ұзын бойлы, бетінде бұжыр-бұжыр шешек дағы бар, жасы алпыстардағы телпектісінің бір көзі соқыр, қолында домбыра.

— Құмар Жүсіпов деген жырау, — деп таныстырды жанындағы бидай өңді орта бойлысы.

Шұқан құда тағы да дымы қалмай мал сойып, қонақ күтті. Кешкісін ас жеп болғасын, жырау қолына домбырасын алып, жыр айтуға кірісті. Жалғыз көзін жұмып, домбырасын қағып-қағып қойып, даусын көтерген сайын орнынан қозғалақтап жылжи береді. Үлкен-кішінің көзі әлгі жыршыда. Біз, кішкене балалар, киіз үйдің іргелігі мен туырлығының тұсынан сығалап қараймыз. Бірде ел қорғаған батырлар жыры, ол біткесін ұсынған қымыздан жұтып қойып, терін сүртіп алады, сосын Мұрат ақынның айтқаны, Әбубәкірдің термесі, Қашағанның сөзі деп Құмекең ақ тер-көк тер болып түн ортасы ауғанша жалғыз өзі жыр айтты. Менің ақын-жырауды көзбен алғаш көруім осы. Оқыған жыр, өлеңдер арқылы ақын дегенді кербез, әдемі және алдына адам келе алмайтын шыншыл жан деп елестететінмін. Мына кісінің тұр-тұлғасы да, жыр айту мәнері де бір түрлі, кісі қызығарлық әсер қалдырмады.

Енді тұсіме домбыра еніп, саусақтарым су жорғаның тең басқан төрт аяғындай еркін самғап, неше түрлі әуендерді тартып жүретінді шығардым.

Анам бұл «қылығымды» дұрыс не теріс демеді. Бірақ кешікпей ауылдағы домбырашы Имұқанға сәлем айтып, біреуді жіберіп, үш бұрышты қарағай домбыра алдырды.

Жаз бойы тыңқыдатып домбыра тартып жүрдім. Тыңдаушым — Нұрмұхан. Көзі алаңдап, селдір сары кекілі биік маңдайына түсіп, аузы аңқиып тыңдаудан жалықпайды. Өзімше домбырашысынып, оған үйреткім келеді — миына кіріп-шықпайды. Бірақ ақ көңіл, сосын аузына сөз тұрмайды.

Нұрмұхан екеуміз кейде қарақат, шырмауық тереміз. Қарақат — киіз үйге ұқсап дөңгеленіп өсетін ақтікенге шығатын, дәмі сәл қышқылтым, мөлдіреген сия түсті дән. Оны жегенде аузы-басымыз қан жалаған иттей ағал-жағал көгала болып шыға келеді.

Шырмауық жасыл түсті жапырақты шөпке шығады. Ұзынша келген қабығын аршып тастап, ішіндегі сүті шығып тұратын бір-біріне жабысқан дәндерін жейміз. Шырмауықты көп аршысаң, саусақтарыңның басы күлбіреп қалатыны тағы бар.

Шілденің беті ауғасын, қырдың сағызы піседі. Жаз жаңбырлы, жер от болған жылдары сағыз көп шығады да, дорба-дорба етіп теріп алып, теңізге көшкенде алып кетеміз.

Кейде шырмауық, қарақат іздеп, жалаң аяқ құм кезіп жүріп, қырдың жуасына тап боламыз. Серейген ұзын сабағы сойдиып, ұш жағында ақ бүршік гүлдері күлтеленіп өскен қыр жуасын терсек, үйге қуана ораламыз. Айранға турап жеген жуаның дәмі таңдайыңнан кетпейді.

— Ертең ертерек тұр, күн ысып кетпей өрмек құрамыз, — деді анам бір күні. Көктемде түйелерді жүндегеннен бері шешем екеуінің қолы ұршықтан босамайды. Анам жасыл, қызыл бояуға жүнді бояп кептіріп, оны жіңішке етіп әдемілеп иіріп, екі қабаттап, домалақ-домалақ етіп дайындап қойған.

Өрмек құру, киіз басу, арқан есу, шылбыр есу ауылда кішігірім тойдан кем емес. Көрші-көлем жиылып, қыз-келіншек, кемпір-сампыр болып жабыла кіріседі. Бөтен үйдің шаруасында менің жұмысым қанша деген пиғыл ешкімде болмайды.

Анам — шебер кісі. Ою ояды, терме алаша, басқұр тоқиды. Маған «үйреніп ал», әйт-бүйт демейді. Бірақ көз алдыңда көріп жүргеніңнің бәрі өзі-өзінен жақсы өлеңдей кеудеңе жаттала береді екен. Қошқар мүйіз өрнек салған терме алаша анау-мынау кілемге бергісіз, үйіміз қыздың жиған жүгіндей құлпырып кетті.

Бірде үлкендер қонаққа кетті де, ауылда — ауыл дегенде, бас-аяғы үш үй, бала-шаға қалдық. Біздің үйге немере апайым Мүслима қыдырып келген, менің қасымда сол қалды. Жасы 15-16-да болуы керек. Нұрмұхан мен Бәтес — төртеуміз үш үйді күзетеміз. Өзімізше «бастаңғы» жасамақ болып, әр үйден дәмді деген тамақты жиып, біздің үйде отырдық. Бәтес өз үйінен қаймақ, май әкелді. Анам «кісе нан» жасап жеңдер деп ет беріп кеткен. Ірімшік, құрт алдық, анамның қонаққа деп қойған мәмпәси, тоқаштарының шетінен де қымқыруға тура келді. Тамағымыз аш болмаса да, үлкендерден оңаша, емін-еркін жеген астың дәмі ерекше секілді, рақаттана тойып, онан соң төртеуміз үйдің маңында «соқыр теке» ойнадық.

Кешке қарай қонаққа кеткендер де оралды.

Ат-көліктерін жайғастырып болғасын, үш үйдің де үлкен-кішілері жиылып, үй жанындағы құмдақ төбе басында отырғанбыз. Үлкендер әңгіме соқты. Бір кезде Нұрмұхан апайы Бәтеспен бір нәрсеге таласып қалды да, Нұрмұхан бақырып жылап:

— Айтып қояйын ба, а?! Айтайын ба апама?! — деп өктемси сөйледі. Бәтес үндей алмай қалды.

— Айт, айта ғой не істегендеріңді! Ой, бұл батыр ғой, — деді, Мидар ағай әдетінше қуақыланып.

— Нені айтасың? — деп Бәтес те қасарысып алды.

— Апамның тығып қойған сары майын алғаныңды ше? Үлкендер жағы жағдайды түсіне қойды білем, ду күліп жатыр.

— Әй, Нұрмұхан, бағана «олда-білда айтпаймын» дегенің қайда? Өтірікші! — дедім, мен де шыдай алмай.

— Айтсам, тек майды айттым ғой. Қаймақты, сіздің үйден тоқаш-кәмпит алғанымызды айтқаным жоқ қой? — деді Нұрмұхан сәл ыңғайсызданып.

Ауылда екеумізден басқа бала жоқ, шамасы, мені бұдан былай өзімен ойнамай қояды деп қорықты ма, айтуын айтса да, әуелгідей емес, бір түрлі жуасып, төменшіктеп қалды. Нұрмұханның «ұрлығымызды» жайып салғаны маған жаман әсер етті. Дүниедегі ең оңбаған адам сол секілді көрінді. Алдын ала келісіп, ешкімге айтпауға уәделесіп алып, кенет құпиямызды жұртқа жария еткені мен үшін кешіруге болмайтын күнә, тіпті қылмыс тәрізді көрінді. Оның бұл қылығын кешіре алмадым. Кейде ішім пысып, ойнағым келіп тұрса да, ол кінәлі адамдай солбырайып келген кезде, әбден жыным келіп, жүрегімдегі оған деген бір зілдей түйіншектен арыла алмай қойдым.

— Қой, ойнасайшы бір мезгіл! Оны ашуландырма — олар аруақты адамдар, — деді анам бір күні. «Аруағының» не екеніне түсінген мен жоқ. Күндер солай өтіп жатты. Күнде кешкілік төбе басына жиылған үлкендер менің кітап оқығанымды қызық көріп, ертегі, жырлар тыңдайды. Мидар ағайдың үйінде де біраз кітап бар екен.

Мені бәрі жақсы көреді. Ынташ жеңешем де кіндік қызы болғасын мені ерекше еркелетеді. Ақ шешем де:

— Оңғаржанның кенжесі ғой, — деп әкеме деген сый-құрмет сезімін маған төгіп жатады. Бірақ мен қисаңдап, не шолжаңдап көрген емеспін. Айналамдағылардың жақсы көруі менің іштей еркін, өзіме берік сенімді болып өсуіме ықпал еткен секілді.

Бір күні түске қарай Ұдыхан апайдың қатты ашуланған дауысы шықты.

— Мына бар болғырға не болды, ауылды басына көтеріп, — деп, көлеңкеде ұршық иіріп отырған анам Қадыр жездейдің үйіне қарай аяңдады. Ет асса, нан қалмайды — мен де ілестім.

Пішен бригадирі Хайролла келіп, жездейге шөп шабуға шығасың деп мінез көрсете, ат үстінен айқай салып, шегір көздері сынатын әйнектей шатынап тұр екен. Үндемейтін жездей жауап бергенше шапшаңшыл Ұдыхан апай:

— Екеуміздің де аурулы адам екенімізді білесің, екі бала жас, жұртты қан жылатпасаң, ішкен асың батпайма сенің? — деп ұрсысып тұр. Сол кезде ақшыл сары кителін киіп, асықпай үйден шыққан Қадыр жездейге:

— Ауыратының өтірік! Сені жұмысқа салмасам, Хайролла атым құрысын! — деп, бригадир ұшқыр қарагер атын ойқастата, жездеміздің иық тұсына қамшымен тартып қалды да, тебініп шоқыта жөнелді.

Жездей, қамшы мүкіс тисе де, өзіндей адамның қол жұмсаған жүгенсіздігіне қатты ашуланып, булығып қалды білем, түсі көгеріп кеткендей болды.

Осы көрініс бәріміздің көңілімізге сызат түсірді.

Ертесіне таңертеңгі шайды алдымызға алып жатқанда, Ұдыхан апай келді. Менің аузымды ашырып таңғалдырған бір оқиғаны айтты.

Түннің бір уағында екі аттылы кісі дүсірлей үй сыртына келіп, Қадыр жездейді сұрап, дауыстайды. Бақса, кешегі бригадир Хайролланың үйіне кетіп бара жатқанда, астындағы аты үркіп, құлатып кетіпті. Оң аяғы жіліншігінен сынғанға ұқсайды. Қадыр жездейге:

— Жаздым, жаңылдым, менен бір қателік кетті!.. Аруағына қол көтердім... Кешірсін мен бейбақты, келіп өзі сипап, салып кетсін, — деп, әлгі кісілерді жіберген. Әрі жалыныпты, бері жалыныпты — жездей тіл қатпай, жатып алса керек.

— Жеңеше, ақылыңды айтшы, Қадырдың қатты ренжігені сонша — кешеден нәр татпай әлі жатыр, — деді Ұдыхан апай анама. — Көз-көре өліп қала ма әлгі Хайролла құрғыр!.. Түндегілер таңға жақын кетіп еді, әлгіде тағы екі кісі жіберіпті. Әбден қиналып жатыр дейді. Мидар аға да, Ынташ та келіп: «Қадыр, барсайшы, кешірім сұрапты ғой», — деп көріп еді, тіл қатпады. Жеңеше, сенің сөзіңді жерге тастамайды...

Апайдың бригадирге деген кешегі реніші енді жанашырлықпен алмасып үлгеріпті.

Анам екеуміз «аруағы ұстап» жатқан жездейге бардық.

— Шырағым Қадыр, кез келген адамға ренжіп шала бүлінетін болсаң, сенің кемеңгерлігің қайсы?! «Таспен ұрғанды аспен ұр» дейді, «білмегенді біліп ұялт» деген тағы бар. Адам түгіл, айуанның да қиналғанын көріп тұрып көмектеспеу — күнә. Құдай берген киелі қасиетің бар. Ашуланшақ баладай қырын қарап жатып алу дұрыс емес, мұныңды аруақ та кешірмейді, — деді анам.

Жездей үлкен көздерін аларта бір қарады да, орнынан тұрып киіне бастады. Бағанағы екі кісі үй жанында үш бүктетіліп, қамшыларының сабын шұқылап әлі отыр. Анадай жерде ерттеулі үш ат қаңтарулы тұр. Шамасы, Қадыр жездейді алып кету үшін бір атты жетекке алып келген.

«Сынық салу» деген менің миыма кіріп-шықпайды, бірақ әйтеуір бір құпия, жұмбақ жай деп бағдарлаймын.

Кейін, есейе келе, Бәтес пен Нұрмұхан да сынықты керемет салатынын талай көрдім. Берегіректе Махиз ағам машинасы аударылып, аяғы сынды. Сонда Бәтестің сынық салғанын өз көзіммен көрдім: өзі қара терге түсіп, сынған жерді көзін жұмып отырып саусақтарының ұшымен сипап, қай жерде қандай сынық барын көріп отырғандай, әрбір сүйекті, оның кішкене сынықтарын орын-орнына келтіріп, яғни салып, тұзды суға түйенің шудасын қайнатады да, шым-шым бататын ыссы күйінде әлгі жерге тартып тастайды. Содан соң «шарттайды». «Шарттау» деген, қазір ойлап көрсем, — сырқат адамның толық тыныш жағдайда болуы. Мысалы, жеті күнге немесе қырық күнге шарттайды; осы мерзімнің ішінде үйге бөтен адамдар келуге, үй ішінде айқай-шу, реніш, ұрыс-керіс, тарсылдатып шеге қағып немесе жағымды, жағымсыз әңгімелер айтуға болмайды.

— Биыл мектепке барасың, саған біріншінің кітаптарын әкелдім, — деді бір күні Махиз ағам. Өзі оқуына кетейін деп жиналып жүрген.

Құмның қақ ортасында не жөнді мектеп болсын — екі бөлмелі үй ғана. Оның өзі де бізден едәуір жерде болып шықты. Оқушының формасы дегенді естіген де емеспіз. Ынташ жеңешем ақ кіләңкөрден кофта, қара сәтеннен юбка тігіп берді. Мектепке көлікпен баратын болдық. Ел қырда, теңізге мұз қата, қарашаның аяқ кезінде ғана көшетін болғандықтан, бастауыш мектепті уақытша құмның етегіндегі бір үйге орналастырған екен.

Бала саны аз, төрт класта жиырма шақты оқушы, мұғалім де біреу — Сапура апай. Бірінші мен үшінші бір бөлмеде, екінші мен төртінші бір бөлмеде, мұғалім екі жаққа кезек барады. Бірінші кластың жазу, оқуы, тіпті есебі де мен үшін пәлендей қиынға соқпады. Сондықтан бірінші тоқсанның аяғында оқу озаты болғаным үшін мектеп екі тас шай сыйлап, өзімді екінші класқа өткізіп жіберді.

Қарашаның қара суығында теңізге көштік. Ағам оқуына кетіп қалған. Тіршілігіміздің бар салмағы ылғи да анама түседі. Басқасын былай қойғанда, ішетін судың қат болуы бүкіл елдің азабын күн сайын арттырып, бейнетті тірлікпен күн кештіреді. Оқитын балалары жоқ, малмен отыратын Мидар ағайдың үйі секілді кейбір үйлер құмда қыстайды; қыстау, қора-қопсыларын салып, құдықты шегендеп, қыс бойы содан су ішеді.

Өзен-көлі, бұлағы бар ел ең бақытты ел ғой десіп, ауыл адамдары суды армандайды. Теңізге келгесін ел елу-алпыс шақырым жердегі Каспий жағалауларында мұз қатуын күтеді. Теңіздің ащы суы қатқан кезде, мұзы сәл-пәл тұщылау болады. Түйеге бидон, күбілерін теңдеп, арбасы барлар түйе арба, ат арбамен мұз тасиды. Сөйтіп ілдалдалап бүкіл ел, әйтеуір, тіршілік етеді. Жаңбыр жауа қалса, үйдегі ыдыс-аяқтың бәрін жайратып далаға жайып, су жинайды. Қыста қар жауған кезде ағыл-тегіл суға жарып, ел бір жасап қалады. Қыстағы қарды сақтау үшін әрбір үй мұз көмбе жасайды: ұзындығы төрт-бес, ені екі-үш метрдей төрт бұрышты етіп, жерді екі-үш метр тереңдікке қазып, айнала қабырғаларын теңіздің нар қамысымен қоршайды да, ішін күртік қармен толтырып, бетін кәдімгі үйдің төбесі секілді қалың етіп жауып тастайды, шетінен бір адам сыятын есік қалдырады. Қырға көшкенше сол мұз көмбенің қарымен күнелтеді.

Қырдан көшіп келе жатып, жүк артқан түйенің үстінде анам маған әңгіме айтады. Көз жететін жердің атын, тарихын әңгімелейді.

— Баяғы бала, жасаң кезімізде осы жерлер айдын шалқар су еді, — деп, күрсіне отырып отты жанарын айналаға мұңдана қадайды. — Ол заман енді оралмайды ғой жарықтық...

Мен анау қоңыр жазықтықтың бәрін су алып жатқандай елестетемін. Сол шақтан бастап менде бір арман пайда болды: ертең өсіп, үлкейгенде осынау құмайт, қурап бара жатқан жердің бәрін сулы өлкеге айналдырсам деймін. Ол суды қайдан, немен әкелем -бұл жағын ойлап жатпаймын. Көз алдыма неше түрлі суреттер елестейді. Беті айнадай жарқырап жатқан айдын; шет-шегіне көз жетпейді; жағалаулары көкорайлы шалғын; құлындары шапқылап, жусап тұрған биелер; күзгі жел мен жазғы шөлді аптапқа қақталып ерте әжім басқан жүздері қайта жасарғандай, көздеріне мұң орнына шаттық ұялаған менің аяулы ауылдастарым: Қапия шешем, Майжан апай, Әйім апам, Дайыр жездем бала-шағаларымен бәрі-бәрі көз алдымнан өтіп жатады. Өзім қиялдан жасап алған аппақ кемеде сол айдынның құдіретті ханшасындай жағалаудағы халыққа орамалымды бұлғаймын.

Құдайы көршіміз — Қапия шешем қыстауға бізден бұрын көшіп келіпті. Көшіп келген үйді айналадағы көрші-көлем бірінен соң бірі шақырып, ерулік беретін қазақта әдет бар. Бір сауғанда шелек сүт шығатын қоңыр сиыры алдыңғы күні туған екен. Уызын қайнатпай, әдейі біздің келуімізге сақтап қойыпты. Уыз пісірді. Уыз деп мал туғандағы алғашқы беретін сүтін айтады дейтін анам; қоюлау, пісірген кезде көжеге ұқсап, қоймалжың тартады, тәттілігі тіл үйіретін осы дәмді тағамды мал иесі көрші-көлемімен жиылып бірге ішеді; уыздай ұйыған татулыққа ырым болады деседі. Мияден екеуміз жаз бойы көріспей сағынысып қалыппыз. Ойынға да, тамаққа да кенеліп қалдық. Қапия шешем екеумізге екі аяқ «көпіршік» жасап берді. Сиырдың соңғы идірімін түбіне аздап айран құйған зерен аяққа сауды; сиырдың желінінен шыққан жып-жылы сүт айранмен қосылып, беті көпіршіп, кәдімгі қаймақ секілді тағам пайда болды; айранның әсерінен бе — астыңғы жағында шалап секілді су іркіліп еді, оны бөлек құйып алып, бізге айрандай қою әрі ерекше дәмді, бетіндегі маңызын берді.

Жаз бойы құм аралап, шаршап кеткен ауыл адамдары қыстауға келгесін қуанысып, бірі-бірімен сағыныса көріседі. Кешең күздің шуағы, көктемдегідей не шілдедегідей шақырайып шақша басыңды шарадай қылмайды, бір қалыпты әрі жаныңа, тынысыңа рақат жайбарақаттық сезім ұялатады.

Осындай жайма-шуақ күннің бірінде, түс әлетінде біздің үйге қарай төрт-бес аттылы, қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер келе жатыр екен. Ауылдағының бәрін елден бұрын көретін Мияден-хабаршы әдетінше танаулап жүгіріп келді.

— Әлгі Сырғаның Жаңылсыны ұзатылайын деп жатыр деген, танысуға келе жатқан ғой, — деп анам біздің үйге қыдырып келіп жатқан немере жеңгем Салихаға, маған, Қапия шешемнің үлкен ұлы Тұрланға:

— Барып, ат ұстап, қонақтарды қарсы алыңдар, — деп бұйырды. Өзі көрпе салып, қонақ қабылдауға әзірлене бастады.

Аттылы қонақтар үйге жақындағанда, біз аула сыртына шығып, қақпа алдында әрқайсымыз әрбіреуінің атын ұстап, түсіріп, көлікті ашық ауланың ішіне қаңтара бастадық. Мияден екеуміздің бойымыз бір қарыс, шылбыр ұстағанымыз болмаса, тізгінін ердің алдыңғы қасына іліп қаңтаруға бойымыз жетпейді. Салиха жеңешем қыз-келіншектерді бастап, үйге кіруге шақырды.

Әзілдесіп, әндетіп қонақтар көңілдегідей отырысты.

Жаңылсын — бізге ағайын боп келетін Дөкен ағай мен Сырға жеңешемнің қызы; ақсары, орта бойлы, нұры мол қой көздерінен ылғи мейірімнің, бауырмалдықтың лебі есіп тұратын сүйкімді жан. Мен оны жақсы көретінмін. «Күйеуге кетеді» дегенді естігенде ішім алай-түлей болып, әлі көрмеген, болашақ жезде болатын жігіттен қызғанып, бір түрлі күйде жүрдім. Жаңылсын мені төрге, жанына шақырып, бетімнен сүйіп, бауырына тартқанда, іш-бауырым елжіреп, жылағым келіп, әйтеуір, әлек-шәлегім шықты.

— «Танысады» деген не? — деп, тамақ дайындап жүрген Салиха жеңешемнен сұрадым. Ол менің атымды атамай «Еркем» дейтін.

— Қыз бойжеткесін тұрмысқа шығады, басқа үйге, басқа ауылға кетеді. Кетер алдында жақын-жуық, ағайын-тумаларының үйлеріне барып, қоштасады, — деп, сыбырлай сөйледі қайнап тұрған ақ самаурынды жарқылдата сүртіп жатқан жеңгем.

Анам Жаңылсынға көйлектік мата, басына тартатын шашақты жібек орамал беріп, жыласып аттандырды.

«Ақ шкөл» біздің ауылдан алты-жеті шақырым жерде. Анам тігіп берген сәтен сөмкеге қағаз, кітаптармен қоса бір үзім нан орап салып аламын. Көк қарындаштан езіп жасаған сияны салу үшін сөмкенің сыртына кішкене қалташа жапсырылған. Бірқатар балалардың сиясы төгіліп, кітап, дәптерлері былғанып қалатыны болады деп анам әдейі жасаған еді.

Төртінші класта оқимын. Жазға салым кез болатын. Біздің кластағы көзі жылтыраған сары бала Ғайнолла, мектептен үйге қайтып келе жатқанымызда, Ләззат деген бірге оқитын қызға әлденеге ұрынып, екеуі қағысып қалды. Ләззат оның кеудесінен бар пәрменімен итеріп жіберіп еді, Ғайнолла тыраң асып құлап түскені! Балалар ду күліп, «қыздан таяқ жеген Ғайнолла батыр» деп мәз болысты. Сонда менің тіліме мынадай жолдар оралды:

«Ғайнолланы қара:

қиқаңдаған бала,

Ләззатты қолмен

ұрып қалды жаңа.

Жылтың-жылтың көзі,

былдыр-былдыр сөзі.

Ұрынам деп қыздан

Таяқ жеді өзі!»

Балалар ауыздарын ашып қалды.

— Өзің шығардың ба? Қайта айтшы? — десіп, бәрі мені қоршап ортаға алды. «Бәрі» дегенде, бас-аяғы бес-алты бала.

Іңір арасында Қапия шешем келді.

— Қыз-ау, мына жиен бүгін өлең шығарыпты әлгі тентек Ғайноллаға! Мияден аузын ашып, көзін жұмып: «Фәру өлең шығарды», — деп келді, — деді анама үлкен жаңалық айтқандай.

Анамды қайын сіңлім деп, атын атамай «Қыз», кейде «Кербез қыз» деп атайды.

— Е, өлең шығарса, несі бар! Менің кішкентайым ақын болады әлі, — деді әншейінде мақтану, артық сөйлеу дегенді жек көретін анам.

Сол күні өзім, неге екені белгісіз, едәуір көңілім көтеріліп, өзімше «ақынмын» деген сезіммен ұйықтадым.

Сабақтан келіп, үйге берілген тапсырмаларды орындаймын да, «Пионер» журналы мен «Қазақстан пионерін» қадалып келіп оқимын. Кроссворд, чайнворд, сөзжұмбақ көре қалсам, шешкенше асығамын.

Менің ерекше сүйсініп оқитыным «Біржан сал мен Сара қыздың айтысы» еді. Бұл шығарманы анам да ұнататын, мен қанша оқысам да, анам жалықпай, сүйсіне тыңдайтын. Ақын Сараның кесек-кесек сөздеріне, тапқырлығына риза болатын.

Біз, қырдағы ауылдың балалары, кішкентайымыздан Махамбеттің жырларын құлағымызбен естіп, жанымызға сіңіріп өстік. Сондықтан ба, жоқ, халқымыздың тәрбие дәстүрінен бе — әйтеуір, ер-азаматтың бәрі, Исатай, Махамбет секілді, ел-жұртына тірек, кесек мінезді, бір сөзді, ұсақ-түйекпен ісі жоқ, тура айтатын батыл, жан дүниесі кең болады деп ұғатынбыз. Әйел адамға олармен тіктесуге, таласуға болмайтындай көрінетін.

Менің осы ұғымыма алғаш сызат салып, күмән туғызуға себеп болған — Сараның батыл ойлары, көркем ұйқасқан шумақтары.

Әйел заты ер-азаматқа тура қарап тұрып, өзінің ой-пікірін, мүмкіндігін ашық айтуына болады екен-ау деген ой ұшығын кеудеме түсірген де — Сара апамыздың осы айтысы.

Әрине, ол кезде, ғұлама ойларға беріліп, болашақта сондай болсам, сүйтсем деген пікірге келген емеспін. Қалай болғанда да, көркем сөздің құпия әлемінің алыстан талып естілген бұлбұл үніндей менің құйттай жүрегіме әсер еткені анық еді.

Қарапайым, түсінікті тілімен, оқуға жеңілдігімен Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кім жазықтысы» мен «Қамар сұлуы» да жалықпай оқитын сүйікті шығармаларым болатын.

Өзім де ептеп өлең «құрастырып», «Пионер» мен «Қазақстан пионеріне» жіберемін. Бірде сабақтан келсем, анам:

— Саған хат келді. Алматыдан керінеді, — деді «ештеңе түсінбедім» деген жүзбен. Ашып қарасам, атымды тасқа басып тұрып, маған жазылған хат! Шешем мен анама дауыстап оқып бердім. «Қазақстан пионері» газетінің редакциясынан екен.

«Фариза!

Жіберген өлеңіңді алдық. Өлең жазғаның, оны редакцияға жібергенің өте дұрыс.

Әзірге өлеңдерің газетке жариялауға келіңкіремей жатыр.

Бірақ бұған ренжіме! Кітапты көп оқы. Жазғандарыңның өзіңе өте ұнайтынын бізге жіберіп тұр.

Сәлеммен, С. Сарғасқаев».

Менің төбем сол күні көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Асып-тасуды білмейтін анамның жүзінен де бір түрлі ризашылық сезімді шырай танылады.

Сол күннен бастап қағаздан бас алмай жаза беретін болдым: кроссворд, чайнворд құрастырам, өлең шығарам дегендей... Олар қалай шығып жатыр, арасында іліп алар бірдеңе бар ма, жоқ, құр шимай ма — оны біліп жатқан мен жоқ және көрсететін де ешкім жоқ. Редакциядан хат келгенінің өзі мені «ақын» етіп жібергендей сезінемін. Кешікпей «Пионер» журналынан да жоғарыдағы мазмұндас хаттар келе бастады. Ауылдағы үлкен-кіші құлақтанып, кейбіреулерінің:

— Мына Оңғарсын марқұмның кішкентай қызына Алматыдан тасқа басылған хат келетін көрінеді, тегін бала болмады-ау, шамасы, — деген әңгімелері құлағына тигенде, анам кәдімгідей көңілі өсіп, масаттанып қалатын. Маған редакциядан келген хаттарды, тіпті конвертіне дейін әспеттеп, баяғы біздің үйге өзі келін болып түскендегі қамқа бөрік, деңбіт белбеу, күміс алқа, парсы ілгектерін, әкемнің күміс қамшысын сақтап қоятын өзінің кілтін салып бұрағанда, дыңғыр етіп, ертегі заманның қақпасы ашылып жатқандай әдемі әуенмен ашылатын сандығына салып қояды.

Махиз ағам қаладан келген сайын үлкен-үлкен қазақша, орысша кітаптар әкелетін болды. Келгенде, өзі бас алмай оқиды. Рәбилә апайым мен Бақтығұл ағайымнан қалған кітаптар да көп-ақ. Олардың көбі латын әрпімен жазылған. Ол кітаптардың ішінен маған ерекше әсер еткені «Кенесары — Наурызбай» поэмасы.

Ағам қадалып келіп оқыған кірпіш кітапты қолыма алдым. «Анна Каренина» деген жазу бар. Оқи бастадым. Түк түсінбеймін. Біздін ауылда ем болады екен деп іздесең де, орыс таба алмайсың. Юдин деген сидиған ұзын сары орыс фельдшер бар, ол «Батаға» басындағы дүкенші Өкеш ағамның үйінде тұрады. Өкеш ағай да, Хадиша жеңгей де таза, тыраштанып жүретін ақсүйек адамдар еді, үш-төрт бөлмелі үйінің, айналасына дейін қашан барсаң да, жылан жалағандай, жалтылдап тұратын. Пәлендей дүние-мүлік жимайды, бірақ Хадиша жеңешем тамақты да дәмді пісіреді, аула-қора, үй-жайын да шыбын тайғандай етіп ұстайды. Юдиннің өзі де бірер жыл тұрғанда қазақша үйреніп алды. Рас, біздің мектепте басқа пәндердің мұғалімдері секілді орыс тілінің маманы да өте мықты педагог Қасым ағай еді. Сол қолын соғыс алаңында қалдырған, аспан түстес көгілдір көзді, қыр мұрынды, жұқалтаң еріндері, онсыз да ат жақты келбетін одан сайын қуқылдандырып көрсететін биік маңдайынан қайырылған сарғыш шашы мен киген киімі ылғи бір ұқыптылықты, мәдениеттілікті аңғартып тұратын Қасым ағай аптасына бір рет мектеп бойынша «Орыс тілі күнін» өткізетін. Бұл күні балалар білгендерінше орысша сөйлеуге, үлкен үзілісте орысша тақпақтар әндер айтуға тиіс.

Дегенмен салған жерден «Анна Каренинаны» түсіну қияметтің қыл көпірінен өтумен бірдей болды. Тісім өтпегесін, ақыры қойдым.

Жетінші класс оқып жүрген Тұрланды ФЗУ-ға (фабрично-заводское училище) әкететін болды. Басқа жаққа, әйтеуір бір қалаға. Мұны естігенде, Қапия шешем талып қалды. Әдетте, ФЗУ-ға нашар оқитын балаларды алады деп еститінбіз. Тұрлан — жалғыз шешесі мен інісі Мияденнен басқа сүйеніш болар ешкімі жоқ, сабағы ылғи «бес» болмаса да, жақсы оқитын, ақ сары келген әдемі бала. Жетінші кластан төрт оқушы жіберілуі керек екен, үш үлгермеушіге тағы бір оқушы қосу қажеттілігі туады. Шын мәнінде өте нашар оқитын Махмуд, бастықтың баласы болғандықтан, үлгерушілер қатарында жүрген. Махмуд — ауылдық совет төрағасының жалғыз ұлы, елде жоқ киім киеді, оның мінетін аты омырауы аппақ та, басқа жері меңсіз қара, қарасаң көзіңді ала алмайсың. Ауылдағы біреуден қызығатын бір нәрсе көрсе, немесе естісе, Махмуд жылап отырып алатынын, әкім әкесі әлгі затты қалай да ұлына алып беретінін ауыл жыр қылып айтатын. Сөйтіп, Тұрлан жақсы оқыса да жаман оқитын Махмудтың орнына ФЗУ-ға жіберілді.

Ауылдағы халықтың жүгінетін жері — ауылдық совет. Қапия шешем жылап-еңіреп барғанмен, ештеңе шығара алмады, тіпті қарсылық білдірген мұғалімдерді де айбарлы әке мансап құдыретімен жым қылды.

Құрманның озбырлығын анам екеуміз алдыңғы жылы көргенбіз. Әкемнің күміс тоға, күмістеген өмілдірік, құйысқанымен қоса қазақы ерін тартқандай қылып алып кеткені есімнен кетер емес. Өзі әкемнің жанында атқосшы болып жүретін жігіт екен. Сіңірі шыққан қара кедейдің баласы деп, әліпті таяқ деп білмесе де, сүйрелеп жүріп ел қатарына қосқан әкем көрінеді.

— Қамшының сабын бассаң, басы өзіңе тиетініней жақсылықтың жамандық болып оралатыны несі екен, — дей отырып, анам Қапия жеңгесін жұбатқан болады. — Ел көреді, жер көреді, ертең-ақ азамат болып келеді, — дейді.

— Тексізге теңдік тисе, текіректеп кетеді ғой, — деп шешем де сөз қосады, Құрманның жетім-жесірге зорлық көрсететін қаражүректігін айтады.

— Ой, құдай, соқыр болып қалдың ба? Жасы елуге жетпей әкесін алдың, енді бойы өсіп, бұғанасы қатпаған, қаршадай қарғамды қайда қаңғыттың?! — деп Қапия шешем шашын жайып жылайды.

Мен Құрманды барып өлтіріп тастағым келеді. Қарлығадай батыр болып кетсем, атшананың үстінде бүрісіп, алысқа кетіп бара жатқан Тұрланды алып келер едім. Сонда Қапия шешем қандай қуанар еді!

Жатарда анама еріп, үстіме әкемнің ескі шолақ тонын сүйретілдіре жамылған күйімде далаға шығамын. Жерде қар «Елеместің» тұзды сорындай жылт-жылт етеді. Жұлдыздар шақырайып, жапырлай төніп тұрады. Әр жерден иттің үргені естіледі.

— Жұлдыздар жарқырап тұр, ертең күн ашық болады екен, — дейді анам.

Қапия шешемнің үйімен екі арадағы сырғанақтың беті жүзінен ауа бастаған айдың сәулесімен шағылысып, шыныдай жылтырайды. Оны бізге шелекпен су тасып төгіп, Тұрлан жасап берген. Мияденге, маған, өзіне ағаштар жонып, табанына қос сым тартып, конькиді де Тұрлан өзі жасап, бізге сырғанауды үйреткен болатын.

Алыстағы үйлердің терезелерінен от көрінеді. Кейбір үйлердің түтіні аспанға тік көтеріледі. Мияден үйінің шағын қос терезесі соқыр кісінің көзіндей үңірейіп, қарауытып тұр.

Анам қақпаны бекітіп, есіктерді жапқанша, селтиіп күтіп тұрамын. Аяғымдағы ағамның қонышты ескі бәтеңкесін тарпылдатып, анаммен жағаласа үйге кіремін. Айқара ашылған есіктен бізге ілесе аяз да енеді.

— От көміп қояйын, — деп анам көсеуімен қазанның астындағы қидың шоғын күлмен қалың етіп жауып тастайды да, қазандықтың аузын үйдегі жылуды тартады деп үлкен табамен бітеп қояды. Сіріңке аз, оны үнемдеу үшін түнде, жатарда, осылай шоқты күлмен көміп тастайды да, ертесіне таңертең от жаққанда сол шоқты тамызық етеді. Қырда отырғанда да жер ошаққа от көмеді.

Анамның мұқият, ұқыпты адам екенін білетін ауыл әйелдері ертемен біздің үйге от алуға келетін. Асығыс келіп, асығыс кететін адамға айтылатын «от алуға келгендей» деген тіркестің мәнін мен ол кезде түсінбейтінмін.

Шешем әлі диірмен тартып отыр. Біздің ауылда егін дегенің атымен жоқ. Асқабақты қауын дейтін нағыз біздің ел. Орал жақтан біреулер түйеге артып қап-қап бидай әкеліп сатады. Ақтөбеден Шығанақ деген біреудің өсірген тарысы деп баданадай-баданадай аппақ тары әкеледі Тарыны қазанға қайнатып, бөрте бастағанда суын сарқып алады да қуырады. Сосын қуырылған тарыны ағаш келіге түйеді. Елеп, екшеп дәнін жеуге алады да, қабығын малға береді.

Бидайды да қуырады. Көбінесе бидайды ұн етіп, нан көмеді. Шойын табаны отқа қыздырып, ашытқан қамырды илеп табаға салады да, бетін екінші табамен жауып көсеумен қаусырып, қоламтаға көмгенде, иісі мұрныңды қытықтап, сілекеиіңді еріксіз шұбыртатын қызғылт сары таба нан пісіп шығады. Оны сары майға ыссылай батырып жесең, тамақтың көкесі сол.

Үйдегі тісім өтетін кітаптың бәрін оқып бітірдім Аптасына ең аз дегенде бір-екі хатты Алматыға, «Пионерге», «Қазақстан пионеріне» жолдаймын, баяғыша жауап хат келгені болмаса, жазған-сызған дүниелерімнің біреуі шықпайды. Анда-санда көлікпен келетін почтаны кәдімгідей күтіп жүремін. Келген бойда балалар газетінің беттерін аралап шығам. Тасқа басқан хаттардың да қызығы басылайын деді.

Сосын домбыра жасауға көңілім кетті. Ауылда Жұмағажып, Иманғажып деген ағайынды екі кісі менің Рәбила апайым мен Бақтығұл ағама қарағайдан мұнаралы бейіт тұрғызған еді. Екеуі де ағаштан түйін түйген шебер кісілер болатын. Анама еріп Жұмағажып ағайдың үйіне барғанда ол жасап жатқан заттарды көріп қызығатынмын.

Үйде ер азамат болмағансын, анау-мынау шеге қағу секілді жұмыстар маған бұйым емес. Қасыма көмекке Мияденді алып, әуелі бөренені арамен кестік. Кішкентай балтамен бес-алты күн шауып, әрең дегенде домбыраның сұлбасын жасадық та, сабын жіңішкелеп жондық Енді ең қиыны ою болды. Мияден көпке төзе алмады, өзім шұқылап жүріп, әйтеуір жасап бітірдім. Салмағы, өтірік айтқан кісіге, алты килограмм болатын, олпы-солпылау домбыра шықты.

Бұл кезде мен біраз күйлерді, өзім білетін әндерді тарта алатын халге жеткем. Бұрауын түсіріп, күйін келтіремін. Дегенмен бұл өнерімнің қай-қайсысы да мені бәрібір кітаптан ажырата алмады. Редакцияларға өлеңдерімді жіберуден де тынбаймын. Олар да «жарамайды» деген жауап хаттарын жаудырудан жалықпайды. Енді облыстық газеттің редакциясына да көп өлеңнің бір-екеуін зулатып жібердім.

Бір жылы, ұмытпасам, жетінші класс оқып жүрген кезім ғои деймін, әйтеуір күздің алғашқы айларының бірінде, облыстық газетті ашып қалсам, соңғы бетінде менің төрт шумақ өлеңім тұр! Төменгі жағына атым мен фамилиямды бадырайтып қара әріппен жазып қойыпты! Одан төмен далиған бір мақала басылыптм. Жазған ақын ағамыз Сырбай Мәуленов екен. Жұмыс бабымен облысқа келген айтулы ақын облыстық газеттің редакциясына түскен облыс жас таланттарының өлеңдерін талдап, арасында дардай етіп мені де атап кетіпті.

Келер жылы «Қааақстан пионері» газеті де, «осы жазғыштан құтылайық» деді ме, «Балалар творчествосы» деген айдармен бір бетті алып жатқан өлең, әңгімелердің қақ басына менің де екі шумақ өлеңімді шығарып қойыпты!

Содан менің адресіме жан-жақтан оқушылардың жазған хаттары жаусын! Жамбыл, Қостанай, Алматы облыстарынан кейбір қыздар тіпті фотоларын қоса салып жіберіпті.

Осылайша менің өлең әлеміне тұсауым кесілді.

Әрине, ол кезде жазғандарымды өлең деуден аулақпын. Мені құштар еткен жыр әлемінің шым-шытырық жолдары мен сынақты жылдары кейін басталды.

Бірақ менің кішкентай жүрегіме тасқа қашап салған таңбадай із қалдырған бала шақтың әр сәті мені Әдебиет деп аталатын ертегідей әлемге қарай тәй-тәй бастырып, сәби саусақтарымды соза, тұрып-жығылып ана көкірегіне ұмтылғандай талпындырды.

Сол талпыныс жеткізбей жүрген көгілдір шыңдарға мені әлі жетелеп келеді.

1989


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз