Өлең, жыр, ақындар

Өлең туралы ойлар

Маған оқырмандар көп-көп сұрақ қояды.

«Өлең қалай туады?»
«Жазушы лабораториясы» деген не?
«Жасы ұлғайғанда ақын лирика жаза ма?»
«Талант пен қоғам бір-біріне тәуелді ме?»

Өлең қалай туады? Әрине, бұған бірер ауыз сөзбен нақтылы жауап беру мүмкін емес. Жалпы өз дүниең туралы, жүрегіңді жарып шыққан қандай да бір шығарма жайлы айту мен үшін қиын. Ең алдымен, менің сүйенетінім — өз жүрегімнің, өз әлемімнің дірілі, түйсігі. Ал өлеңдерім туралы айтқанда, қиын дейтінім, адам өзінің ішкі жан сезімін, толғаныстарын өзгенің алдына оп-оңай жайып салмайды ғой. Өйткені оңай айтылып, жеңіл жазылған нәрсе жұрттың да жүрегіне жетпейді, жеткен күнде де әсерсіз қалады. Ешқашан да жеңіл, қара дүрсін, жалаң ақыл айту үшін жазғым келмейді. Оқушылардың басын ауырту үшін емес, қайта олардың тереңнен сезінуі, табиғи түйсінуі үшін, ойланып-толғана жүруі үшін жазамын.

Мен үшін өлең жазудың белгілі бір ережесі, тәртібі жоқ, бірақ қандай өлең жазсам да, онда сезім мен ой болуға тиіс деп ойлаймын. Және бұл өзіңе ғана тән, өзіңнің ғана өрнегің, өзіңнің ғана көзқарасыңмен, өзіңнің жеке-дара қолтаңбаңмен айшықталса деймін. Сондай-ақ айналаңда өтіп жатқан ірілі-ұсақты құбылыстарға, жағымды-жағымсыз оқиғаларға тар шеңберден қарамай, нені жырласаң да, нендей ойды айтсаң да, соның бәріне әлемдік өлшеммен қараған жөн-ау. Себебі қазіргі заман тынысына сай оқушылардың да психологиялық ерекшелігін ескеру қажет. Ендеше, бұрыннан бәрі айтылып, әбден тапталған тақырыпты сол бәз баяғы, құлақ үйренген буын ырғағымен мен өлеңді өрлетемін деп тіпті де ойламаймын. Яғни бүгінгі күрделі оқушының күрделі мінез-құлқы, бүгінгі ой-өрісі кең адамның жан-жақты қалыптасқан көзқарасы, бүгінгі жас жігіт пен жазира қыздың махаббаты, соның бәрі қосылып кеп, бүгінгі үлкен өмірдің ұлы әуені боп мені мазалайды, толғандырады, ойландырады. Өзіме дейінгілерден үйрене отырып, бағалай отырып, адам баласының табиғатына қазіргі ғана емес, ертеңгі өлшеммен, биік өлшеммен және өзімнің өлшеміммен қарасам деймін. Ал менің замандастарымның бойында ақын от алатын мінез де, тұлға да бар. Сондықтан да менің жырым — замандастарым мен құрдастарымның сыры мен мұңы, қуанышы мен реніші, өкініші мен бақыты. Мені жас ұрпақ — асау толқынның мазасыздығы қызықтырады.

Мұның бәрі ақынға әсер етпей, таңдандырмай, сүйсіндірмей қоймайды. Менің «Маңқыстау» деген шағын өлеңім бар. «Лениншіл жастың» батыс облыстардағы тілшісі болып жүргенімде Маңқыстау аймағын шарладым. Сол өлкенің сырт көзге қатыгездеу даласын кәдімгі көз алдыңда шаһар қалалары, ірі өндіріс орындары бар аймаққа айналдырып жүрген адамдарын көріп, әңгімелескенде, мен заман, ғасыр тынысын сезінгендей болдым.

«Жазушының лабораториясы» деген қарапайым оқырман түсінігінде, суретшінің әлі жарыққа шықпаған ғажайып туындыларына толы, ішіне енсең шыққың келмейтін шеберханасы секілді өзге бір әлем болса керек деп ойлаймын. Бұл заңды ғой. Жүректердің пернесін дөп басып, ризалап, не домбыраның сағағына келгенде тәлтіректеп, тиісті нотадан шығып кететін әуесқой күйшінің домбыра шерткеніндей, әттегене-ай дегізетін ірілі-ұсақты шығармаларды оқитын қауым сол дүниелерді өмірге келтіретін авторларының немен тыныстап, қалай жазып, калай қоятынын бір сәтке болса да білгісі келіп емексімейді деймісің. Білмеген нәрсені қашан біліп-көріп, мән-мағынасына қанып болғанша аласұрып, «қызығы басылғанша» құмарлану — адам табиғатына тән нәрсе. Жұмбақтық дегеннің сиқыр күші осында-ау деп ойлаймын. Бұл пікірден адам айналасындағыларға жұмбақ болып өту керек деген ұғым тумаса керек. Дей тұрғанмен, кез келгеннің алдында бар жан дүниеңді жалаңаштап, талғамсыз жайылып сала бермейтінің сияқты («Өзгеге өзін қимас өр көңілім» деп Мұзафар аға айтқандай — осы жолдар өзіме кереметтей ұнайды!) «мен шығарманы былай жазам, өйту керек, бүйту керек» деп ақылгөйсіп ақтарыла қалу біз үшін артықтау деген пікірдемін. Оның үстіне ақын боп қалыптасу бір күндік құбылыс емес, жүйелі өсу, ұшталу, дәлірек айтқанда, өз алдына бір процесс екен. Оны өз тәжірибемнен байқап келем. Ендеше әдеби орта бізді «жас ақын» деп жанымызға жалын бере бағалап, жарық көрген шағын дүниелеріміздің шеңберінде басымыз айналып тұралап қалмауымыз үшін де, алдағы күнімізге — 40-50-дің қырқасында кемелденер шағымызға бар үміттерін артып отырған осынау жауапты балаң тұста, болған, толған, шеберлігі шыңдалып жетіліп-жетіскен қаламгердей ақылгөйсуіміз жарасымсыз. Ал творчество деген үздіксіз қалыптасудан тұратын процесс екен дейтінім — баяғыда, алғаш өлең жазу «ауруына» шалдыққан кезде, өзім кез келген жерде: көшеде, автобуста, түнде оянып кеткенде — әйтеуір, ойға келіп қалған жолдарды іркілмей жаза салатынмын (әрине ол дүниелердің сапасы туралы айтып отырған жоқпын). Соған қарап, «е жұрт айтатын шабыт дегенің осы екен, ол мезгіл, мекен таңдамайды — келіп қалғанда жаза саласың екен» деп жүрдім. Шабыт өзі келеді деп мықтысынғаныммен, келе-келе ол шіркін қашқақтайтынды шығарды. Қағаз, қалам алып отыру «азабы» содан кейін басталды. Мен қағаз алып ыңғайлансам, үйдегі туған-туысқандарым «шуламаңдар — қағаз жазғалы жатыр» («өлең жазғалы» демейтін) деп оңаша қалдыруға тырысатын. Менің бір дос қызым: «Сен бір нәрсе жазып отырғанда, білдірмей келіп қарасам менің жаным ашиды: түсің бұзылып, есалаң адам сияқты көрінесің», — дейтін.

Мен көбіне түнде жазамын («жалақысы бар жердің жиналысы болмай ма!» дегендей, күндіз жазуға қалыптансаң, өлеңмен қоштасуға тура келетін шығар). Жалпы, мен өзімді барып тұрған жалқаумын деп есептеймін. Шындығында да солай. Ойымдағы нәрсені бастап жазып кету мен үшін «қияметтің қыл көпірінен» өтумен бірдей десе де болады (жоғарыда айтқанымдай: бұл әлі дұрыс қалыптаспағанның белгісі шығар). Тек өлеңді ғана емес, мақала, очерк, әңгіме — әйтеуір, нені де болса бастап кету — мен үшін ең қиын нәрсе. Ал бастап кетсем, ол дүниені аяқтаймын және түннің бір уағына дейін отырып жазып тастаған дүниемді ертесіне өзім қарап, кейде «Осыны мен жаздым ба?» — деп, ішімнен таңданып қалатын кездерім болады. «Мамық төсекте керіліп жатып, ешқашан даңққа жете алмайсың» деген Дантенің сөзіне бар болмысыммен қол көтерсем де, өзімнің жалқаулығымды әлі жеңе алмай келемін.

Жалпы, өлең дегеннің қиын шаруашылық екендігін ақынның өзі де жүре-бара сезінеді екен. Менің бірнеше замандастарым: «Ой, сендердікі рақат жұмыс қой — өлең жазып тастайсыңдар да жүресіңдер», — деп бет-жүзі бүлк етпей қызығады. «Сол еншіні сендерге-ақ берер едім» деп отырасың ішіңнен. Қазіргі заманда өлеңнің қиындығы (жалпы творчествоның қай түрі болса да деп түсіну керек) — өлең оқитындардың талғамы өте жоғары, «шөп те өлең, шөңге де өлеңмен» олардың кінәмшіл көңілдерінен шыға алмайсың. Бұл, әрине, заманның, адамның өсуінен ғой. Қуанарлық өсу, қуанарлық талғам. Мен республикамыздың әр түкпіріндегі оқырмандардан, туысқан Армениядан (бір топ өлеңдерім армян тілінде шығатын жастар журналында басылған және бұл өмірімде басқа тілде бірінші шығуым) көп-көп хаттар аламын. Көбі жастар. Солардан аңғарғаным — оқырманның жүрегіне бірден жететін лирика, лирика болғанда көңіл-күй, достық, махаббат лирикасы екен. Әрине, бұдан сонда ғана жұрттың жүрегіне жол табасыңдар деген ұран тумауы керек. Онсыз да көңіл күй, от басы, ошақ қасының куаныш-мұңы поэзияда көбейіп кетті деп қабақ шытамыз ғой. Керісінше, азаматтық пафостағы өлеңді оқысақ, «айқай, даурықпа, поэзия жоқ — жалаң публицистика» дейтініміз тағы бар. «Былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кебі. Бірақ шын ақынның әділ өлшемі — өз жүрегі және халқының бағасы. Түсінуге өресі жетпеген не әр түрлі себептермен түсінгісі келмеген кейбіреулердің қиқуына өз басым ойсырап қалмаймын. Оның бәрі ештеңе емес. Бар гәп біздің өлеңімізде. Көңіл күй лирикасы ма, өмір жайлы, заман жайлы азаматтық әуенді жырлар ма — қайсысы болғанда да, оқушының ойын, толғанысын, шешуін таппай жүрген түсініксіз сұрақтарын ақындық тілмен дөп басып өлең түрінде жеткізуімізде. Ал енді әлгі «от басы, ошақ қасының» күйгелек өлеңдері көбейіп кетті деген пікір қайдан шыққан?

Поэзия — адам сезімінің айнасы. Ол адамзатты поэзияға ғана тән белгісіз жұмбақ күшпен сезімнің алуан түрлі рақатына бөлейді; жақсы көру, жек көру, сүйсіну, қуану, мұңға бату — осының бәрі тұтас алғанда адам жанының табиғи нәрі, рақат сәттері. Өйткені мұңның да, қуаныштың да өзіндік ләззаты бар. Бір сөзбен айтқанда, сезінуге, сезім шалқарлығына тәрбиелейді, адам жүрегінің кез келген қарабайыр құбылысқа үн қоса бермейтін нәзік қылына жан бітіреді. Поэзияның жұмбақ та керемет күші, міне, осында. Ал сезінудің өзі — адамның жан дүниесі үшін ең басты ерекшелік, сезіну — бақыт және ол кім көрінгеннің еншісіне тие бермеген. Кез келген адамзаттың поэзияны түсіне бермейтіні де осыдан болса керек. Алайда поэзияны түсінбейтіндерді айыптауға болмайды. Себебі ол кінәлі емес — ана сүтімен сіңетін сезімталдық қасиет пен тәрбие тапшылығының қырсығы ғой. Сондықтан көп жұрттың «болмаса, толмаса, солмаса, орнаса» деп ұйқастырылғанның бәрін поэзия деп қабылдап, дүрілдей қол соғатынына таңдануға не өкпелеуге болмайды.

Поэзия көп тобырдың бәріне бірдей түсінікті болса, ол ғұмырсыз поэзия болғаны.

Бүгінгі таңда тым қарабайыр, поэтикалық ой мен сезімге оранбаған, демек, басқаның сезіміне де титтей әсер бере алмайтын өлеңдер көп. Уақыт бәрібір өзі екшеп алады, жылтырағанның бәріне жалт қарай бермейтін талғамды көкіректер шынайы поэзияны қайткенде де таниды, құдіретіне табынады.

Ал лирика — сол поэзияның жүрек лүпілі. Сайып келгенде, «поэзия» дегеннің өзі «лирика» деген ұғыммен тұтасып жатады. Лирика бұл күнде белгілі соқпаққа айналды; қалың орманның құпия тылсымдарына жолсызбен тарту қиын ғой — сол соқпақпен бұрынғы жүріп өткендер қызықтап, тамсанып, тамашалаған құбылыстарға біз де қызыққан боламыз, әлеуләйімізбен тепеңдей береміз. Бұдан сонау ауыз әдебиеті сынды ғажайып қазынадан басталар, бүгінге дейінгі сан сырлы поэзиямызды жоққа шығарып отыр деген желеу пікір туындамау керек: мен поэзиядағы өзімнің көп-көп замандастарым мен соңымыздан келе жатқан қара құрым жастар хақында айтып отырмын. Сол көптердің арасында менің көзіме жағадағы көп қайықтан бөлініп, теңіз өріне тартқан ақ желкендей көрінетіні — Сәкен Иманасов, Темірхан Медетбеков, Иранбек Оразбаев, Нурлан Оразалин, Тынышбай Рахимов, Исраил Сапарбаев. Бұларда (олардың поэзиясын айтып отырмын) аз күндік әсіре қызыл емес, табиғи тереңдік, сұлулық, сезім бар. Бізде махаббат лирикасын «төсектік лирика» деп түсіну өріс алып барады (тіпті акындардың — егер оларды солай атасақ — өздерінен әжептәуір жиындардың үстінде естіп қаламыз). Лирика дегеннің өзі адамды жан, сезім тазалығына тәрбиелейді емес пе? Егер лириканы оқи отырып, жексұрын қылықтардан жерінбесе, нәзіктікке елжіремесе, оның поэтикалық көркемдігін былай қойғанда, одан қандай ләзатты күй кешер рақат алуға болады? «Әлі лирика жазады — ұят емес пе!?» — деген пікірлерге де өз басым қарсымын, қабылдамаймын. Әңгіме ақынның жасында емес, егер поэзиядан жастық жалын, шынайы сезім жырақтаса, онда авторы өлең жазуды қойғаны дұрыс.

«...соның бір терезесінен
жабысқан төсі төсімен
зуылдап өтті жігіт-қыз!
Барады қайда асығып,
бақыт па, сор ма —
бастады қайда жас үміт?!
Жақсы ғой, шіркін,
жап-жасыл дала үстімен,
қақ жарып өтіп
қараңғы түннің ішінен,
махаббатыңды
бейне бір алтын белбеудей
жалғасаң барып
ақ жібек таңның ұшымен!»

Осы жолдарды жазған Ғафаңды «бұ кісіге не болған, жасы біразға келгенде сезімде несі бар еді?» деп қай оқырман айыптайды?

Қоғамнан тыс, таптық мүддеден тыс әдебиет, өнер болмайтындығы туралы даналар айтқан қағида әрбір саяси-қоғам жағдайында өз мәнін жоймайтын ақиқат екенін барған сайын ұғына түсесің, күн өткен сайын көзің жете түседі. Тек халықтық мақсат-мұратты көрсете алатын, көптің көкейінен шығатын шығарма ғана әдебиет қазынасына өз үлесін қосуы хақ. Әйтпесе, жеке күнделік, альбомдарға ескерткіш болып қалатын, жылтырақ шумақтар кең тынысты әдебиет үшін ештеңе де болмай қалады.

Суреткер — өзі өмір сүрген ортадағы тіршілік тынысының айнасы деп бекер айтылмаған. Жеке басының жүрек лүпілі, сезім қайнарынан өтіп, халықтық мұраға айналатын көркем шығарма ғана ұрпақтар мүддесінен шығар туынды бола алса керек. Шын суреткердің мұраты да осы.

Дәуір шындығы адам баласының бойындағы қабілеті мен қасиетінің мейлінше жан-жақты ашылуына толық мүмкіндік туғызды. Ұлттық өнер мен әдебиеттің өркен жаюына, өз топырағының ғана емес, көп ұлтты Отанымыздың, дүние жүзі оқырманы мен көрерменінің игілігіне айналуына жол ашылды. Бұл — қызыл сөз емес, көзбен көріп, қолмен ұстаған шындық. Қазақ ауыз әдебиетінің ғажайып туындылары күні кешеге дейін басқа ұлт оқырманына белгісіз болып келді. Бұл күнде қазақ жазушыларының толыққанды шығармалары көптеген елдерге белгілі. Сондай-ақ ұлттар әдебиеттерінің сан тілде жазылған көркем шығармаларын қазақ оқырманы өз тілінде оқып ләззат алуға қолы жетті. Әдебиеттер достығы халықтар достығына айналып, совет әдебиеті атты үлкен бір тұтас қазынаның алтын қорын толықтыруға ат салысуда.

Ұлттық әдебиетіміздің құлашы кеңге жайылу процесінде тіршілік қажеттілігіне орай әр ұлттың екінші ана тіліне айналған орыс тілі, айдын мен айдынды жалғастырушы көпір сияқты, байланысшы ролін атқаруда. Біздің шығармаларымыз ұлы Пушкиннің тілі арқылы тілі басқа оқырман жүрегіне сапарға аттанады. Әрине, әрбір жазушы о баста табиғат берген талант тұлпарына мінгенде бөтен тілді халықтарға белгілі болуды мақсат тұтпайды, жазушы біреу үшін емес, өзі үшін, өз халқы, өз топырағы үшін жазады. Туған тіліндегі оқырман мүддесінен шыққанда ғана шығарма бүкіладамзаттық әдебиет әлеміне еркін ене алады.

Құдіретті күй атасы Құрманғазының әрқайсысы бір симфониядай күйлері, Ақан серінің тұла бойыңдағы қан тамырларын тұтас шымырлатар әндері мен ақын Сараның тұма бұлақтай атқылаған жыр дестелері, Махамбеттің алмас семсердей жарқылдаған наркескен өлеңдері мен даналықтың дариясындай Абай шығармаларын туғызған қазақ поэзиясы дүниежүзілік оқырманға қол соқтыруы, — сөз жоқ, социалистік қоғам жеңісінің салтанаты ғана әперген самғау.

Мұның бәрі әр суреткерге үлкен жауапкершілік жүктеп, заман рухына, ой-санасы өскен адам рухына сай шығармалар беру талабын заңды қойып отыр. Ақын-жазушының туындысынан заман тынысы, замандастар бейнесі, сол суреткер өмір сүрген ортаның толыққанды көрінісі шынайы орын таппаса, ол тамырлы туындылар қатарына қосыла алмасы белгілі.

Алайда осы ретте әдебиетте, менің байқауымша, екі мәселе туындайды:

алдымен, біз бүгінгі әр саладағы еңбек адамының өміріне, ішкі жан дүниесіне еркін бойлай алмай келеміз — мәселен, мұнай қондырғысындағы өлшеуші не оператордың, болмаса нан заводындағы қатардағы жұмысшының немен тыныстайтынын, қандай ауа жұтып, немен көректенетінін жете білмейміз. «Жазушы, ең алдымен, өмірді білуі керек» деген тіркесті жиі естігенімізбен, мән-мағынасына үңілу жетіспейтін сияқты. Осыдан келіп, еңбек адамының тұлғасын сырттай тамашалау, күнделікті өмірге тән қиыншылықтардың бәрін шынашағымен серпіп тастайтын ертегінің батырындай етіп суреттеу, шындыққа жанаспайтын теңеулермен әсірелеп мадақтау туады. Ал өмір болған соң, оның міндетті түрде проблемалары, әр дәуірдің өзіне тән кедергілері мен қиындықтары, көкейкесті мәселе-толғамдары болары анық. Онысыз өмір де болмайды, онысыз қоғам да өмір сүруі мүмкін емес. Бірақ әр қоғамның, әр кезеңнің проблемалары әр басқа. Біз осы жағын жете білмейміз де, ойдан шығарылған, жасанды проблемаларға, айтқанды істеп, қайда бар десе, солай қарай жүгіретін кейіпкерлерге ұрынамыз.

Екіншіден, бүгінгі күн тақырыбына келгенде өзіміздің тарапымыздан жауапсыздық сездіреміз. Мәселен, Ленин тақырыбы — әдебиеттегі мәңгілік тақырыптардың бірі. «Әйтеуір, осы тақырыпқа жазсам, шығармам өтімді боларына көзім жетеді» деген принципке сүйеніп, жасанды сюжеттерге құрып, поэмалар, «сен данышпансың, сені біз жақсы көреміз» деген жалаң, мағынасыз, ешкімнің де жүрегін дір еткізбес, өлеңдер жазуға машықпыз.

Жалпы, қазақ поэзиясы сырттай өліп-талып таңдану, әсіре қызыл теңеулермен жалпылама мадақтау, мақтанудан — яғни, бір сөзбен айтқанда, романтикалық сарыннан әлі арыла алмай келеді.

Көркем әдебиеттің, оның ішінде поэзияның міндеті өз дәуірінің жақсысына қол соғып тамашалау ғана емес. В.Маяковский өзінің атышулы «Советтік паспорт туралы» жырымен қатар, «Мәжілісқорлар» секілді өлмес туындыларын жазды.

Демек, поэзия — қоғамның дамуына, адамзаттың рухани өсуіне бөгет жасайтын көріністердің үлкен-кішісіз барлық түрімен күресудегі құрал, шын мәніндегі күрес құралы.

Әдебиет тарихындағы ұлы ақындардың ұлылығы неде? Олар «мына таудың әсемдігі ғажайып, анау бұлақ сыңғырап жатыр» деген бірыңғай шаттыққа толы жолдары арқылы мәңгілік оқырманмен серіктескен жоқ. Ол өз ортасындағы көлеңкелі-күнгейлі өмір шындығын өз жүрегінің лүпілі — сезіміне орап, поэтикалық тілмен әдемі өрнектеп жеткізді; өмірге ғана тән тіршілік проблемаларын суреткер көзқарасымен көрсете, көре білді. Шынайы суреткер мәңгілік оқырманмен осылай табысады.

«Біздің өсіп, өркен жайған социалистік толық қанды қоғамымызда кемшілікті, немесе кайғы-мұңды жырлайтын өлең болуы қалай?» — деп таңырқайтындар кездеседі. Аса күлкілі. Бірақ осындай, көркем әдебиеттің не екенін, шын мәніндегі көркем дүниенің қандай болатынын ұғып-білмейтін адамдардың әдебиет жайлы саяз пікірлеріне құлақ қойып, елең етушілік қынжылтады. Көркем әдебиетті газет-журналдық репортаж деген ұғымдардың ой-өрісі болмыс дәрежесінің аласалығын көрсететін түсінбеушілік, пайымдамаушылық қынжылтады.

Адамзат қоғамында барлық проблемалар шешіліп, барлық қиындықтар жойылған болса, идеологиялық күрестің де қажеті болмас еді. Адам баласы жүрген жерде, өмірлік мәселелер түбегейлі шешіледі деу — күлкілі.

«Жазушы өмірді білуі керек» деген қағиданың, әлде көп айтыла бергендіктен бе, жаттанды ұғымдай естілгенмен, мәні шын барлап қарасаң, тереңде жатыр. Біз, кей жағдайда, баяғы бала кездің елесі арқылы, балғын шақтың сезінуі арқылы ауылдағы бүгінгі өмірді, кең байтақ еліміздің өзгерген даласындағы замандастарды суреттеп жазамыз; олардың бүгінгі тіршілік қаракетін, күнделікті өмір тынысын жете білмей тұрып, долбарлап әңгімелейміз, шығарма жасаймыз.

Бұл орайда, жазушыларға үкіметіміз тарапынан шын мәніндегі қамқорлық жасалып, мол мүмкіндіктер туып отыр. Творчестволық командировкалар, соңғы жылдары әрбір облыс, аймақтардағы дәстүрлі өткізіліп жүрген әдебиет күндері жазушылардың халықпен араласуына, тың ойларға бастаулар ашылуына мүмкіндік берді. Күнделікті тіршілік тынысынан қолдары да, ойлары да босай бермейтін еңбекші халық әдебиетпен, оны туғызушылармен жүздеседі, рухани толығуына және жазушыға өздерінің ойларын айтуға мүмкіндік алады, халықтың әдебиетке деген ықыласы артады.

Екінші жағынан, жазушы өз оқырмандарымен ойша емес, кәдімгідей жүзбе-жүз дидарласады, оқырман емтиханынан өтеді.

Әрбір сапардан көріп-білген жайларды өлең жолдарына түсіру әдетімде жоқ менің өзімде де соңғы бірер жылда Қазақстан Жазушылар одағы өткізген Торғай, Маңғышлақ облыстарындағы әдеби күндерден кейін сол аймақтардан алған әсерлерден «Торғайдың торғын түндері», «Маңқыстау монологтары» деген жалпы тақырыппен біраз өлеңдер туды.

Жалпы, ақын-жазушының сезіміне, ойына сәл нәрсе үлкен әсер етеді, сол жерден өлмес дүниелер туындайды. Творчество адамының психологиялық ерекшелігі де осында. Шын мәніндегі талант иесін табиғаттың байлығымен салыстыруға болар еді. Демек, әрбір байлықты қорғамаса, оған аялы алақандай көңілмен қарамаса, байлық болудан қалатыны белгілі жай.

Жұмыр жер бетіндегі тіршілік біткеннің мәңгілік емес екені баршамызға белгілі. Ескі жоғалып, жаңа боялып, тамыр жайып жататыны да заңды құбылыс. Өнер — адамзаттың рухани ұрпағы. Оны дүниеге әкелетін адамзат үшін мәңгілік ететін аз ғана жандардың (бұл жерде мен шынайы өнер иелерін алып отырмын) бойындағы өзгеге бітпеген ерекше қасиетті — талант деп құрметтейтініміз де содан. Әрине, бұл қасиетті анықтаманы қазіргі таңда кез келген қабілетті еңбек адамына (жұмысшыға, дәрігерге, тоқымашыға, құрылысшыға, т.б.) теліп жүргенімізді де жасыруға болмайды. Бірақ мәселе мүлде басқада, шынайы өнер талантын тануда ғой.

Бүгінгі ғылыми-техникалық революция заманында — адамдардың бәрі бірдей терең білімді, биік мәдениетті, парасатты заманда — шын мәніндегі бірегей талантты тану оңай шаруа емес. Талантты тану үшін талант керек екені де ақиқат. Әсіресе жан-жақты дамып кемелдене бастаған әдебиетте жеке дара дарынды дер кезінде танып, лайықты бағасын беру ең қиын және жауапты мәселе деп есептеймін. Себебі, бүгінгі таңда қолына қалам ұстап, жазу-сызумен айналыса бастаған кез келген адам тым жақсы повесть немесе поэма, драмалық дүниелер жазып тастаса, оған таңдай қаға таңдануға әсте болмайды. Өйткені сол адамның дәл осындай шығарма туғызуына толық мүмкіндігі бар. Білімі де, өмірден түйгені де, жазуға дайындығы да жеткілікті. Бірақ осындай шығармалар дамып, өсіп келе жатқан әдебиет үшін қажет пе? Жоқ! Он шақты бетін оқып шыққаннан кейін көз алдымызға жамаушыны, немесе дәнекершіні елестететін шығармалар әзірге баршылық және жуық арада арыла қою керек деп шешім қабылдаудың қажеті шамалы. Бір өкініштісі, дәл осындай шығармалар шын мәніндегі әдеби критерилерге толық және жан-жақты жауап бере алатын әдеби шығармалардың алдын орап өтіп, «керемет» деген баға алып жатады. Талантты дәл уақытында байқай алмай қалуымыздың басты себебі осында.

Дегенмен, аса терең сүбелі шығарманы тану, оған дер кезінде қамқор бола білу — бүкіл әдебиетші қауымның қасиетті борышы. Өз басым талантты тану деп — суреткердің бойындағы басқаға ұқсамайтын ішкі жан толқыныстарын, жан сезімдерінің байлығын, өзгелерге ұқсамайтын жан дүниесінің тазалығын, туған халқының бүкіл қайғысы мен қуанышын бөлісе алу қабілетін көре білу дер едім. Осы тұрғыдан келгенде бізде салақтық бар.

Айталық, жас прозаик немесе ақын әдебиетке өз даусымен, айналасындағыларды елең еткізетін ерекше арынмен келіп қосылды. Бірақ ол әдебиетте өз орнын тауып ала қоюдың тым қиын екенін көп кешікпей-ақ түсініп, сабасына түседі. Өзін ешкімнен бөліп жара қарамай, көп тізімнің ішіне қоса салғаннан-ақ біраз нәрсені аңғарып үлгереді. Енді біраз уақыт өткесін сол прозаиктің, немесе ақынның жазу техникасында әбден меңгерілген, қоңырқай, ішкі жылуы мүлдем аз дүниелер бере бастағанын аңғарамыз.

Әрбір секунд, әрбір минут санаулы космостық дәуірде өмір сүріп отырған бізге бүгінгі әдебиеттен жас жазушының қолжазбасын таң атқанша оқып, бозала таңда атақты сыншының есігін қағатын Некрасовтарды іздеу ағаттық шығар. Әйтсе де шынайы талантты тану — әдебиеттің күн тәртібінен түспейтін ең керек нәрсе.

Айталық, белгілі бір ұлт туралы кезқарас басқа халықтардың санасында сол ұлттың мәдениеті мен өнері арқылы қалыптасатыны бұрыннан белгілі. Ал сол ұлттың аса талантты ақындарының қаламынан туған терең толғамды шығармаларынан бұрын, жалаң дидактикаға құрып өлең құрайтын ортан қол ақындардың өлеңдері басқа тілге аударылып, «қазақтың маңдай алды ақыны — осы» деп жатса ше? Ондай жағдайлар өмірде аз кездесе ме? Бүкіл бір ұлттың поэзиясы әлемдік масштабта лайықты бағасын ала алмай, деңгейінен тым төмен көрінуі осындай әдебиетке шын жанашыр көзқарастың қоғамдық дәрежеде қалыптаспауынан. Өнерге, соның ішінде, әдебиетке бұлайша ат үсті қарауды тоқтататын кез жетті.

Қазақ әдебиеті — үнемі өсіп, жан-жақты дамып келе жатқан әдебиет. Қазіргі салиқалы, байсалды қазақ прозасы мен терең философия мен жан сезімдерінің иірімдеріне бай поэзиясының сонау жиырмасыншы жылдарды айтпағанның өзінде, елуінші жылдардағы әдебиетпен мүлдем салыстыруға болмайды деген сыңаржақ пікірлерге өз басым қосылмаймын. Әрине, аз ғана уақыттың ішінде қазақ әдебиеті құлашын кеңге жайды. Әйтсе де оған баға беруде біздің әдебиетшілеріміз бен сыншыларымыздың алдында үлкен міндет — сергектік міндеті тұр. Меніңше, әдебиетке ең басты деген екі өлшеммен баға берген дұрыс. Ұлттық әдебиеттің өз бетінше жеткен биігі, екіншісі оның әлем әдебиетімен салыстырғандағы алар орны, жетістігі.

Жоғарыда айтқандай, бір қынжыларлық жағдай әдебиетке лайықты баға беруде оның өткенінен бүгіні әлдебиетке жарқын деп үзілді-кесілді баға берушілер де кездеседі. Міне, дәл осының өзі әдебиетіміздегі құбылыстарға қойылатын талаптың критерийлерін нашарлатуға әкеп соғады. Совет әдебиеті — көп ұлтты әдебиет. Сол себепті қазақ әдебиетін жеке бөліп алып, оның жетістігі мен кемшілігін бір жақты қарауға әсте болмайды. Оның жеткен жетістігі мен кемшілігін де сол кең масштабта бағалай білуге үйренуіміз керек. Әйтсе де, бүкіл еліміздің мәдениеті мен өнерінің өркендеу, өсу процесін назардан тыс қалдырып, қазақ әдебиеті туындыларына қатаң талап тұрғысынан баға берілмей, критерийлердің төмендеуі салдарынан талантты шығармалармен қатар жүрегіңді селт еткізбейтін шалағай дүниелер де жүреді.

Айталық біздің жастардың арасында ауыл тұрмысын, болмаса түйе малының жеті мүшесін шығармасына арқау етіп айтып бере алатын, бірақ заманымыздың ең көкейтесті проблемаларына жақындауға бата алмай жүргендер көп-ақ. Бұл олардың эстетикалық танылым өрісін байқатады және бұлай жазу дәстүрді жалғастыру емес екенін де ескерте кеткеннің айыбы жоқ.

Бүгін мынаны жазу керек деп мәселені нақтылаудың қажеті шамалы болғанмен, жас жазушыларымыздың қазіргі заман проблемаларын көбіне айналып өтіп, бұрынғы таптаурын болған қара жолдың шаңына көміліп, шыға алмай жүргенін қынжылмай айтпауға тағы болмайды.

Ал қазіргі заман тақырыбы десек, завод, фабрикаларға, дала қостарына, малшы ауылдарына ұрандатып баратынымыз тағы бар. Шынайы көркем туынды айқаймен тумаса керек. Суреткердің қайда, қандай мақсатпен, қанша уақытқа кеткенін де айтып жатудың әдебиетке қосары шамалы. Өйткені әдеби шығармалар да құрсақтағы сәби секілді. Ана бойына бала біткенде, тоғыз ай бойы елге жар салумен жүрмейтінін білеміз ғой.

Біз үшін ең бастысы — уақыт пен адамдар туралы шынайы суреткерлікпен шындықты жазу, сонда біз өмір проблемаларын жан-жақты ашып, адам жанына, кейіпкердің рухани өміріне терең бойлай аламыз. Сол арқылы қалың окырманды өмірдің терең иірімдеріне әкетеміз. Талант құдіреті де, көркем сөздің бар қадір-қасиеті де, міне, осында емес пе!?

1977


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз