Өлең, жыр, ақындар

Өз топырағындағы өгей бала...

Осыдан бірнеше жыл бұрын Гаградагы творчество үйінде демалысымды өткізе жүріп, өзім бұрын болмаған Сочи қаласын атүсті болса да көріп қайтуға көңілім кетіп, бірге демалып Жүрген Грузия Жазушылар Одағында жұмыс істейтін жасаң әйелмен бірге қалааралық автобуспен сапарға шықтым.

Тақтайдай жолмен зулаған «Икарустың» іші лық толы адам, жүргізуші автобус станциясының басындағы алаңда аузы-мұрнынан шыққанша жұртты отырғызып алды да, тартып берді. «Шамасы, жол ақысын алмайтын болды-ау», — деп ойлап отыр едім, қала шетінен едәуір ұзағасын, автобусты тоқтатып, ақша жинады. Бірақ ешкімге билет берілмеді, оны сұраған да ешкім болмады. Жолаушының көбі жергілікті халық, мен сияқты бірен-саран діні басқалардың «ыңқ» деуге жайы жоқ, екі-үш орыс туысқандар «билет бермейсің бе?» — деп көріп еді, автобус іші гүр етіп ауыздарын аштырмады, тіпті жаңағы сұрақ жүргізушінің намысын қорлағандай болды ма: «Мә, ақшаңды қайтып ал, тегін апарам!» — деп, сұрақ берген біреудің ақшасын өзіне лақтырып жіберді. Хош. Билет жайы осымен бітсін.

Жол ұзақ, төрт-бес жерде автобус, машиналарды тексеретін ішкі істер қызметкерлері кездесіп, жүргізушінің қағаз-құжаттарын тексеріп, «Жолдарың болсын!» дегендей жылы жүзбен қол бұлғап қала берді.

Барып келгеннен кейін жанымдағы Зарадан «Сіздерде автобусқа билет бермей ме, жолда тексермей ме?» — деп сұрадым.

«Жүргізуші тиісті ақшаны онсыз да кассаға тапсырады, қажетін өзі алады, — деп күлді ол. — Және бізде «Әр грузин бай тұрмыс құрсын», — деген принцип бар. Әрине, жоғарғы жақтың шешімімен шыққан принцип емес. Әр халықтаң жазылмаған заңдары болады ғой...»

Зараның жауабы менің есіме жиі түседі.

Осыдан үш жыл бұрын бір топ қазақстандықтардан құрылған делегациямен Америка Құрама Штаттарына бардым. Арамызда Қостанай қаласынан дәрігер қазақ жігіті болды. Нью-Йорк, Бостон, Вашингтон және басқа да қалаларда бізді қарсы алып күткен ұйымдар түрлі ұлттық фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің концерттерін тыңдатып, аз ұлт өкілдерінің тұрмысымен, өнерімен таныстыруға тырысты.

Сол кездесулерде гитарасын арқалап барған қостанайлық дәрігер (қазақстандық жиырма адамның арасында 4-5 тілімізді білмейтін қазақ және мен бармын) «Катюша» мен «Подмосковные вечераны» айтып қоймағасын, мен:

«Шырағым Марат, Қазақ республикасынан келдік деген атымыз бар, тым болмаса, қазақ әуенін естісін — бір ән салып берейік», — деп ем, әлгі жігіт бұрқан-талқан ашуланып, менің «ескі көзқарастағы» адам екенімді, ештеңені түсінбейтінімді орысшалап айтып, тас-талқан болды.

Біз осындай ұрпақпен қай шамаға жете аламыз деген ой мені ылғи мазалайды; елдік пен адамдықтың жаңа демей-ақ қояйық, ата-баба қалдырған, жазбай, заңдастырып мөр баспай, қанымызға, жанымызға сіңіріп қалдырған көргенділік пен көрегендікті қай бесжылдықтың тұсында көзден ұшырып алғанымызды бір құдайдың өзі білсін.

Менің көз алдыма ылғи бір сурет келетін болды: жиырмасыншы, отызыншы жылдар ел бастаған ер-азаматты, өнеге берер өрелі жандарды бір жұтты; одан 1937-жылдың зобалаңы, қала берді, бар жақсы мен жайсаңды отқа салған 1941-1945-жылдардағы дүрбелең. Бір сүттің бетіндегі қаймақты қайта-қайта қалқып ала берсе, ақыр аяғында су мен сүттің арасындағы сұйық қалады. Оны сүт деп те, су деп те айту қиын, себебі онда әлгі екеуінің де қасиеті қалмайды. Біздің ойсыз, парықсыз болып бара жатқанымыз, халқымыздың бар қадір-қасиетінен ада боп жүргеніміз әлгі сүт шалаптай ұрпақтан өскеніміз емес пе екен деген ой жүйкеңді еріксіз кеміреді. Оған қоса ұйтқымалы заманның ауық-ауық ұйтқып соққан құйыны тың жатқан даланың топырағын қопарғандай адам санасының алағай-былағайын шығарып, түсінігі мен түйсігін күстендіргені анық. «Ақша керек емес — адалдық керек» деген қағиданы жастанып өскен біздің халқымыз «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» жұмақ дәуренді біреу келіп жасап береді деп жүргенде, өзі де тақыршаққа отырып қалды: шетімізден сіңірі шыққан кедейміз, күнделікті ішіп-жегенге мәзбіз. «Бір жұттан аспайтын байлықтан не қайыр», — дейтін баяғыда Әлішер ақсақал. Орта Азия халықтарының бәріне тән ішкеніңе жетсе, кигеніңе жетпейтін тапшылық, жұтаң тұрмыс — рухани тіршіліктен немесе оң ойлап, саналы іс қылудан адамды жырақтатары бірден бір әдіс. «Ертеңгі тамақты қайдан табам» деп адамы сарсаңда жүрген қоғамда адамдық пен адамгершіліктің негіздерінен селитрамен жемдеген жердей қасиет қалары хақ.

Біздің ата-бабамыздан қалған аз-мұз қасиетті ұстап жүрген біреу болса, ол — ауылдағы халық.

Ондағы елдің де тұздығы көкбақа лақтың сорпасына айналып барады. Баяғы заманда әр ауылдың ақсақалы, ауылының анасы болатын еді. Ақылдасып іс қылып, көпті көрген біліктіге жүгінетін, жастарды сол ғұрыпқа тәрбиелеуді мұрат тұтқан дәстүр бар еді. Елге, жерге өз халінше қызмет еткен кешегі жақсыларды «жаман» деп ысырып тастап жатқан бүгінгі таңда қазақ ауылының баяғы дәстүрінен жұқына да қалмай, бірлікті тірлігі жоқ елде кімдерді атқа мінгізіп, елдің тізгінін кімге ұстатып жатқанымызды да білмейміз.

Тегі біз ел басқаратын азамат тәрбиелеу дәстүріміздің тінін үзіп алғанға ұқсаймыз. Халықтың қасиеті мен дәстүрі, тілі мен өнері қаперіне кіріп-шықпайтын, оның есесіне орысша жақсы сөйлейтіндер, «Қайда жүрсең де аман жүр, қарағым!» деген сөйлемнің жүрегіңнің тұсын шымырлатар нәрлі күшін түсінбейтіндер — республиканың бүгінгі таңдағы сүт бетінде қалқыған белсенділері. Олар бүгін жастарға жолбасшы болып, колхоз, совхоз, аудан немесе облыс басшыларынан «ұр» деген нұсқау естілсе, жыға салуға дайын жүр. Олардың бұлай болмауға мүмкіндігі де жоқ, басқаша, өзінше пайымдап, өзінше іс қылатын, біздің қайсар бауырымыз Марат Шорманов секілді, тағдыр тәлкегіне түсесің.

Осылайша ауызданған жастардың кезекті буыны қызмет баспалдағымен партияның кезекті шенқұмар сарбаздары болып шыға келеді, ел басқарады, ақыл айтып жөн сілтейді. Олардың арасында екі-үш жылдан кейін аудандық, қалалық басшы мекемелерге нұсқаушы боп шыға келетін пәленшенің күйеу баласы, түгеншенің жиені қанша?!

Бұлай өскендер зәбір көрген біреуді қорғаймын деп сол үшін кейіннен өзінің жылы орнының суыйтынын біледі. Сондықтан да әділет үшін бел шешпей, аш құлақтан тыныш құлақ деп отыра береді.

«Адамды сынайын десең, тақ бер», — деп әулие ақсақалдардың бірі айтқан болса керек. Әншейінде қатар жүргенде жібі түзу, жөн біледі-ау дегендер мансаптың мінбесіне өкшесі ілінсе болды, нілдей бұзылып шыға келетінін алыстан іздемей-ақ осы жақын ортадан көріп жүрміз.

Аздаған жыл журналистік жұмыс атқарған ініміз бар болатын. Ақын аты шықпаса да, өлең жазатын адамның жүрегі жұмсақ болады деп ойлайтын біз әлгі ініміз кенеттен үлкен орынға отырғанда қуанып қалдық. Екі-үш ай өтпей жатып, ініміз ыңыранып амандасып, бұйыра нұсқау беріп сөйлейтінді шығарды.

Белгілі бір деңгейге дейін өскенше халықтың азаматы болып көрінуге тырысып, өсіп жетіліп алғасын жүздің қамын ойлауға көшкендерді де шабақтай тізіп беруге болады. Себебі Мұхамбет пайғамбар айтқандай, «ойлаған ойыңа дейін Алла тағалаға аян», халық — Алла тағала іспетті қасиетті құбылыс: қаншама көрсетпейін деп тырыссаң да, ол көріп қояды, қаншама білдірмейін дегенді біліп қояды.

Елдің, біліктінің пікірімен есептесу басшы атаулының миына кіріп-шықпайды. Әңгіме тақта емес, әңгіме ірілі-ұсақты таққа қолы жеткендердің сол жерде отырып елдің әлеуметтік мәселелерін, үлкен-кіші адамдардың тағдырын шешуде өзінің, өз айналасындағы түрлі желеумен уақытша одақтасып жүрген топтың мүддесінен аспайтынында. Оларға елдің пікірін айтсаң, құптаған болып, бас изеп, ден қойған кескін білдіреді. Не нәрсе болса да, нәтижесімен өлшенбек. Сөзің, пікір-ұсынысың желге ұшырған кеуектің кебін кигесін, үміт пен сенім жырақтағандай қажып, мүжілудің құрбаны боларың хақ.

Кез-келген тұлға осылай үгіледі, осылайша шөгеді; адамның бойындағы ізгі қасиеттер қасиет боп қастерленбегесін, тамырын үзіп жер бетімен өшкен үлкенді-кішілі халықтардай, жоғалады.

Біреу бірдеңе айтпаса, өздігімізден ой сүзіп, іс қылмайтын салбөкселігіміз де — өзімізге жау. Бұл да, жоғарыда айтқанымыздай, үлкеннің айналасына үйіріліп, ақылдасып тон пішпей, пышырап жүруіміздің бір салдары болса керек.

Қазақта «қариясын қадірлемеген халықтан без» деген нақыл бар.

Халық — өз болмысымен ғана халық. Енді бір елу жыл өткенде осы даланың түлектері қандай ел болады деген ойға қаласың. Атқа мінгендер саясат ағысымен, қара халық тұрмыс тауқыметімен алысып жүрген бүгінгі заманның ұрпағы өз өркеніне не қалдырады, не береді, ата мұраты мен ана дәстүрін кім жалғастырады?

Ауылда қыз-келіншек мал саумайды, құрт-ірімшік қайнатпайды, шұбат пен қымызды баптауға да кез-келген үй ұстағанның құлқы жоқ. Оның есесіне арақ ұрттап, карта не лото ойнау секілді әйел түгілі ер-азаматқа күпірлік болып саналатын зиянды әдеттерді шым-шымдап қанымызға сіңірудеміз. «Қанына сіңген әдеттен әйелдің арылуы өте сирек құбылыс», — дейді оқымысты дәрігерлер. Сәбилерін жетімдер үйіне табыстап, өздері нәпсі құлқынының құрбандығы болып жүрген әйелдер мен еркектер саны жыл санап көбейіп барады. Нәрестені далаға тастау немесе әлгідей үкіметке тапсыру өз баласын өзі өлтіргенмен пара-пар. Өз сәбиінен ата-ананың безуі — біздің халқымыздың тарихында болмаған әдет. Арақ ішу де біз үшін жат құбылыс еді. Осының бәрі, — сайып келгенде, ұрпақтың жарымжан болып тууына апаратын төте жолдар.

Өсер ел өлісін де, тірісін де қадірлер болар. Қазақта «жоқтаусыз қалды» деген ұғым бар. Біз өлгенімізді жоқтамайтын болдық. «Тірімізді қадірлей алмай жүргенде, өлісі несі», — деп мысқылдап айтатындар да табылар. Аласапыран заманда өлгенімізді жоқтамай, қасиетімізді мақтамай, әркімнің шылауында жүрумен мәніміз бен мекенімізден баз кешетіндей деңгейге жақындадық. Басқа, өрелі жұрт есі барда елін тауып жатыр. Республикадан тыс жерлерде тіршілік етіп жүрген біздің бауырларымыз салулы төсек, салқын үйді дайындап қойып, Қазақстан үкіметі бізді қашан шақырады деп ауыздарын ашады. Ел мен жердің өлшемі, үлкен мен сәбидің саны сарапқа түсіп жатқан кезде шақыру қағаз күтіп отыру да тек біздің халқымызға ғана тән қасиет болса керек...

Біздің мәдени сана деңгейіміздің шамасын айтысқа жиналғандарға қарап болжамдауға болады. Өзге халықтар экономика тізгінін ұстап, ғылым сәйгүлігінің құлағында ойнап жатқанда, біз өзімізді-өзіміз алдарқатып, мәңгүрттіктің салдарынан өзіміз жоғалтып ала жаздаған айтыс дәстүрінің жандана бастағанына дүние жүзілік ой деңгейіне жаңалық ашқандай мәз-мәйрамбыз. Мен бұл жерде, жоғарыда айтқанымдай, халықтық дәстүрдің бір саласы — айтыс өнерін жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Бүгінгі таңдағы ой мен сана қақтығыстарының дәуірінде біздің жасымыз да, жасамысымыз да интеллектуалдық биіктерге жетпейінше, шаңға көміліп қалатынымыз хақында сөз қозғап отырмын,

Қазір дүние жүзінде ұлттық сана-сезімінің пісіп, жеміс бере бастаған кезі туып отыр. Ұлттық сезім, ұлттық ар-намыс — қандай халықтың өкілі болмасын, адам атаулынын ең осал жері. Осыны жақсы түсінетін, елге көсем болуды көздеген кейбір пысықтар өзі қайда бастап бара жатқанын өзі ұқпаса да жұртты соңынан ертіп, сол арқылы биліктілерде «Мұны халық қолдайды — айтқанын істемесек болмайды» деген пікір туғызып, оларды сескендіру мақсатымен жоқтан өзгені ұраңдап жүргендерін де әзір түсініп, пікір түйіп жатқан не қарттар, не жастар жоқ. Қанша мәңгүрттендік дегенмен, аттандаған дауыс шықса, елге жау тиді ме деп сойыл, шоқпарын ала жүгіретін бабаларымыздың қасиетінен бір жұқана қалған болса керек — бүгінгі заман сойылмен ғана жеңетін заман емес екенін пайымдауға ой-өреміз жетпей келеді.

Қазақстандағы қала атаулының бәрінде дерлік жергілікті халық өкілдері өгей шешеге еріп келген қыздай күн кешеді. Алдымен олар үшін тұрақты тіркеу мәселесінің жолын табу қиямет қайым туғанда Алла тағаланың алдында күнәһарлық істеріңнен есеп беруден оңай емес. Тұрғын үй басқармаларында, ішкі істер мекемелерінің паспорт бөлімдерінде отырған бауырларымыз қазақ жастарын қалаға тұрақтандыру төңірегінде ойлана бермейтін құлық байқатады. Алматыға барсаң да, Қарағандыға не Шымкентке барсаң да, пәтер іздеп қаңғыған қазақ жастары мен семьяларын көресіз. Қалаларымыздың мекен ететін тұрғындарының басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болса да, жалдауға пәтер іздеу тек біздің маңдайымызға о бастан Алла тағаланың бұйрығымен қатталып жазылып, мөрі басылып қойған секілді.

Қалаларда көп балалы отбасыларына арнап орталық жерлерден үйлер салып, әдейі кварталдарды оларға арнауға әбден болар еді. Бірақ біздің республикамыздағы қалаларда мөлтек аудандардың орталыққа ең қашығында қазақтар басым тұрады; көп қабатты тұрғын үйлерге әрең Алла деп қолы жеткен қазақтарға пәтер бірінші және бесінші қабаттардан тиеді.

Өз топырағында өгей баладай күн кешу адамның жүрегін запыранға толтырады.

Бұл мәселелердің бәрін біреу келіп шешіп бермейді. Әркім өзі ойымен, санамен, ақылды ісімен шешуге атсалысуы парыз.

Арақ ішу қылмыс деп қаралатын болса, қоғамда да, семьяда да азып-тозулар азаяры хақ.

Әр халыққа, оның ішінде тағдыры үнемі жел өтіндегі аз халыққа санды ғана емес, сапа мен сананы өсірмей, жиналыстың қаулысын оқымаса, ештеңеге түсінбейтін деңгейден арылмай, елдің намысын жыртамыз деп кеуде қаққаннан перзенттік парыз өтелмес.

1990


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз