Қайрат Әлімбекпен сұхбат.
— Фариза апай, халық Сізді қай кезеңде де ақиқатты бетке айтатын азамат ақын ретінде жақсы біледі және жақсы көреді. Жастардың апталық басылымы Сізді ашық әңгімеге шақырып отыруы да содан. Оның үстіне, қоғамдағы саяси хал-ахуал да бұрынғыдан мықтап өзгерді. Жасыратыны жоқ, мұны көпшік сөз деп ойламай-ақ қойыңыз, бұрындары халық мұңын ашық айтатын өзіңіз секілді санаулы-ақ адамдар бар еді, қазір «ұлтым» деп еңіреп, ұпай жинайтын бақай есептің адамдары қаптап кетті. Алайда, шын көңілден шықпаған сөз алысқа ұзамасы анық. Олар өз алдына, «алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, өзіңізбен әңгімелесуге жетелеген де сол — сіздің өмір бойы ұстанып келе жатқан халықтың жоғы. Ендеше бүгінгі әңгімеңізге де осыны арқау етсеңіз. Апай, өткенді ойша шолғанда, өз басыңыз халықтың мұңына үкімет шындап ден қойған кезең қай тұс деп ойлайсыз?
— Қайратжан, ниетіңе құлдық! «Қара басын қамдамай өмір бойы қара қылды қақ жарып әділдігін айтып келеді-ау» деп сөзімізге не ой-пікірімізге құлақ салып жатқан би-болысты көрмедік қой... Сонда да өмір сүріп жүрген ортаңнан жүген үзіп кете алмайды екенсің: саясатқа немесе билікті топқа жақын-жуықтығың, ел тізгінін ұстанғандардың көзіне түсіп қалайыншы деген құлқың болмаса да, хан сарайынан қандай ауа тарап жатқанын көріпкелдей сезгіш болып алдық.
Халықтың мұңы үшін бе, өз билігінің құдіретін күшейту үшін бе — ол жағын білмеймін, әйтеуір осы жылғы тамыз оқиғасы ұлттық республика басшыларының бәрін тәуелсіздікке, өз халқының туын жеке көтеруге бет бұрғызды ғой. Қазақ елінің Президенті, біздің сүйікті бауырымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзгелердей «Одақтан бөлінем, ат құйрығын үзсем» деп жария етпесе де, елдің рухани тірлігін, еңсесін көтерер істер істеп жатыр ғой.
Колбиннің қожалғынан есеңгіреп, Нұрсұлтан алғаш таққа отырғанда «өз перзентіміз үкімет басына келді-ау» деп жүрегі жарыла қуанған бейнетқор халқымыз сол тамыз оқиғасынан кейінгі іс-қимылына да риза секілді. Халық шіркін жақсылық үміттен күдер үзбейді ғой.
— Өзіңіз ұзақ жылдар бойы партия қатарында болдыңыз. Компартияға деген ендігі көзқарасыңыз қалай?
— Коммунистік партияны кейбіреулердей қарғап-сілемеймін. Оның о бастағы идеясы, тоқтар мен аштарды теңестіруге деген принциптері дұрыс. Біз кішкене кезімізден күні кешеге дейін «партия» деген сөзді әділет, шындық деп ұғынып өстік, әділ болуға, ала жіпті аттамауға, біреулердің көзіне шөп салмауға ұмтылғанымыз — сол компартияның тәрбиесі.
Ал халықтың сенімі мен адал да аңғал ниетін пайдаланған адамдар компартия деген қадірлі ұғымды былғады, әбден былықтырды, өз мансапарының тұғырына айналдырды. Мұның бәрі — билік дертінен туған зауал. Ал ол зауалдың тақсыретін халық тартып жатыр. Қарапайым коммунистерді айыптауға болмайды. Бұл — қателік, тіпті қылмыс.
— «Басшысыз ел — бассыз ел» деген бар. Халқымыздың тағдыр — талайы көп жағдайда тікелей басшыға байланысты. Осы тұста алдағы айдың басында қазақ халқының бүкілхалықтық сайлауымен анықталатын тұңғыш Президентімізге кандидат Нұрсұлтан Назарбаев турасындағы пікіріңіз қандай? Өзіңіз ол кісімен бетпе-бет әңгімелесіп көрдіңіз бе? Жалпы, басшы қандай болуы керек?
Колбин «көкеміздің» кезінде:
Қабанбайлардың ұрпағы,
Қарагер атқа қонбас па,
еменнен сойыл жонбас па,
Батыс пен Шығыс, Түстігім —
қазақы жердің үш қырын,
қыран көзімен шолмас па,
жақсысын ертіп жолдасқа,
қажыған қайран қазақтың
қамын да жесе болмас па?! — деп армандап едік. «Жаман ақын өзін-өзі мақтайды» демекші, өз жырларымнан мысал келтіргеніме кешірім сұраймын.
Ақылсыз басшы — сор елге:
тылсымда жұрты тал қармар.
Маңырап халқы көгенде,
Тақсыр боп өзі талтаңдар.
Бақыты тайған сорлы елге,
бұйырмас басшы бір туар.
Кісіліктің құны жоқ жерде,
әкімдікке адам ұмтылар, —
деп те жазғанмын. Осылай армандап жүргенде, Нұрсұлтан ел басына келді — өлген әкеміз тірілгендей қуандық. Еңсеміз көтеріліп, қыбырлап жүрген аяғымызды нық басатын болдық. Қазақ деген аты барлардың бірі келсе қайтер едік, халықтың әнін салып, домбырасын шертетін, көлбеңдеп көзге түсу үшін іс істемесе де, сөз сөйлеп мінбеге жүгіруді о бастан ұят санайтын қазақ жанын түсінетін, түйсінетін азаматымыз атқа қонды деп қуандық.
Өз басым Нұрсұлтан бауырымызды жақсы көремін: сезімтал, үлкеннің де, кішінің де тілін табатын, шешен, сағыздай созғыламай шешім қабылдай білетін, әдебиеттен хабардар қасиеттері ұнайды. Республика Министрлер Советінің Төрағасы кезінде де, Президент болғасын (осы биыл) да алдында болғанмын. Екеуінде де жеке басыма бірдеңе сұрайын деп немесе алып-ұшып құттықтап көзіне түсейін деп барғаным жоқ. Ел, жер жайын, қоғамдағы келеңсіз көріністер жайын айтайын деп жүздестім. Екеуінде де ұзақ пікірлесіп, әңгімелестік. Шығыстың ұлы ақындарының бірі Қожа Хафиз:
Патшасын ақыны іздесе,
Ол елдің өмірі сор болар,
Ақынын патшасы іздесе,
Бақытты халық — сол болар, —
деген ғой. Нұрсұлтан Әбішұлы ел басшысы болған кезде өзі шақыртып алып пікірлесетін шығар деп дәметіп жүрдім. Сосын елдің жайы, халықаралық жағдай, өндіріс, экономикалық мәселелер, осының бәрінен қолы тие бермейді ғой деп ойлап, сұранып бардым.
— Басшылықтың көңіл аудармай келе жатқан қандай салалары бар деп ойлайсыз? Ақын ретінде ашығын айтыңызшы, үкімет тарапынан ұлттық мәдениетімізге деген жанашырлық көңіліңізге тола ма?
— Тәртіпсіз, берекесіз елдің ісі оңға баспайды. Ата-бабамыз қағазға жазбай қанға сіңірген ұят, ардан аттамау, мәніс білу секілді дала халқының заңдылықтарынан советтік дәуірде айрылып қалған біз қазір демократия дегенді желеу етіп, жүгенсіз кетіп барамыз. Пысықайлар мен алыпсатарлардың, жезөкшелер мен жылпостардың күні туды. Оларды кімге айтып, немен жасқарыңды білмейсің. Әр елдің, әр халықтың өз заңдылықтары болуы шарт. Бұл — бір.
Қазірде де өзінің тілін дұрыс білмейтін, өресі саяз, көргенділігі де, көрегендігі де жоқ әкім-қаралар қаулап кетті және шеттерінен шіреніскен мансапқорлар. Олар қорықпаса, кісі екен деп қарамайды. Біздің қолымызда билік болмаса да, қара халық жазған-сызғанымызды оқиды, атымызды естиді. Өздері ақын-жазушыны сыйлағасын, бұлардың сөзі әкімдердің бәріне өтеді деп ойлайды да, Президентке жете алмай қабылдау бөліміндегілердің арызбен келгендерден әбден мезі болып тезірек кетсе деген кейіптерінен, шекесінен қарай сөйлескендерінен көңілдері қалғасын бізге келеді. Менің көп уақытым солардың мұңын тыңдаумен өтеді.
Айтайын дегенім — тағы да кадр мәселесі. Қашан да ханның түбіне жететін — қасындағылар. Хан алдында қалбалақтап, қараны көрсе шікірейген кеңсе баққандар көбейіп кетті.
Мәдениет, әдебиет, өнер мен ғылым — ұлттың рухани тірлігі деген осылар. Экономиканы қаншама шарықтатқанмен, рухани тірлік өлі ткань болса, ел үшін, жер үшін еңбек етіп жатырмыз деген сөз — құр далбаса.
Қазақ мектептерінің, бала бақшаларының жәйі мүшкіл. Балалардың, аналардың денсаулығын сауықтыратын орталықтар мен ауруханалар сын көтермейтін деңгейде.
Біздің ұлттық мәдениетімізге жаңа премьер қандай түбегейлі өзгерістер енгізетінін болжай алмаймын.
— Президентке кандидаттың сайлау қарсаңындағы іс-қимыл бағдарламасымен танысып шыққан шығарсыз. Қандай жетістіктерін, осал тұстарын байқадыңыз? Егер Сіз Президент болсаңыз, нендей жұмыстарды жолға қояр едіңіз?
— Осал тұсы — өзгелерге көп жалтаңдайды. Мен елдегі шаруаны сәбилерге қамқорлықтан бастар едім де, сосын көмекшімнен, мемлекеттік кеңесшілерінен бастап, шаруашылық, іс басқарушыларыма дейін түгел өзгертер едім. Облыстық кеңестің кейбір төрағалары мен министрлерді, премьер министрдің орынбасарларын да «сау қалдырмай», «тоқырау жылдарынан атқа мініп келдіңдер — бір мезгіл жаяулап көріңдер» деп алғыс айтар едім. Барлық буындағы бастықтар мен басшылардың қазақтың тілін, тарихын, мәдениетін жүрегімен сезінетін, жаны ауыратын адам болуын бірінші шарт етіп қояр едім. Алдыма келген адамның мәселесін шешуге тырысар ем және аузымнан шыққан сөздің орындалуы — басты принцип болар еді.
Көп балалы отбасылар мен бірнеше жетім балаларды асырап отырғандардың тізімін алдыртып, әр аудан, әр қалада олар есепте болуын, ондай аналардың аудан, қала басшыларының әйелдерімен бірдей күйде болуына мән берер едім. Мысалы, біз таңғы сағат 5.00-ден сүттің, айран, қаймақтың кезегінде тұрамыз. Бұл қазір барлық жердегі көрініс. Әр деңгейдегі әкім-қара мен олардың үйлеріндегі сіңлілеріміздің мұрнына бұл «хикаяның» иісі де бармайды...
Сосын өзім туралы жаппай айтып, жаппай мадақтағанға тыйым салар едім.
Қайратжан, әңгіме көп қой. «Қожаның көңілі құртқа шабады — көжесінің қатығы жоқ».
— Әрине, ұлан-ғайыр жұмысты жалғыз басшының алып жүруі мүмкін емес. Қазақтың ең ұлы ханының бірі Абылайдың өзі де үнемі әйгілі үш би: Төленің, қаз дауысты Қазбектің, Әйтекенің, пікіріне, сондай-ақ Бұхар жырау тәрізді ақыл-сана алыптарына сүйеніп отырған. Ал қазіргі Президентіміздің айналасындағы адамдар хақында қандай пікірдесіз? Жалпы, уәзір іздегенде жаңылыспау керектігін өткендегі тамыз бүлігі де тағы бір еске салған жоқ па?
— Баяғда, біздің бала кезімізде Иосиф Сталин ел басшысы болды. Менің есімде қалғаны — елдегі қиянат, жазаларды әңгімелеген адамдар: «Мұны Сталин білмейді — айналасындағылар ғой бәрін жасап жатқан», — дейтін. Халық байғұс сенген адамына шаң жуытпай, оны ақтап алуға бейім ғой.
Осы сұрағың өзімнің көңілімде ылғи жүретін ой еді. Президентіміз теледидардан көрінген сайын жаным ашып, шаршаулы жүзіне жүрегім сыздап қарап қоямын. Ылғи жалғыз өзі шырқырап жүргендей көрінеді. Бұлай болмауы керек. Президенттің өзінің мықты болуы — елдің бақыты. Ол бақытты халқына баянды ету үшін Президент айналасына ақылды, парасатты жастар мен ел ағаларын, тиісті жерлерде анасындай жаны ашып ақыл беріп отыратын ақыл иесі (бірен-саран) әйел затын жинауы керек. Президент сарайының итіне дейін мәдениетті болуы шарт. Өйткені, қазақ деген халықтың көргенділік деңгейі, ата-баба заманынан бағаланатын сұңғыла қасиеттері Президент сарайынан, оның үкімет мүшелерінен тарайды. Президенттің маңында жүрген адамның әрқайсысы ақылдылық, тындырымдылық, іскерлік жағынан оның өзінен асып түсіп отыруы керек.
Мен баяғыда бір өлең жазып ем ғой оқыған шығарсың:
Батыр жолдас жандармен серті бірге,
ақын мұңдас, талпынсаң еркін үнге.
Пәтуасыз жандар да бірін бірі
тауып алар, жүрсе де жер түбінде.
Жануар да дейтұғын ұқпас жанды
ұнатады бірін-бірін ықтасқанды,
Бастық біткен маңына ойдан-қырдан
жинайды ылғи өзіне ұқсастарды.
Жақын тартар кей көсем тобырларды,
тілсіз, үнсіз аршитын жолын мәңгі.
Жалғыз тұлға өзі боп көрінуге
Жинар өңкей қағылған-соғылғанды, —
деп едім. Әлі сол принципімнен тайғаным жоқ. Президент жанынан ылғи тектілерді, ел бірлігін, ел рухын сақтай алар көрегендерді жинап, солар жұмыс істеуі керек.
— Ойлап қарасақ, қай кезде де қазақтың ақын-өнерпаздары халық қосылған сәтте саяси күрес алаңына шығып, жұртын жеңіске бастайды. Өйткені, кейде халық әкімнен гөрі ақынға көбірек сенеді. Өйткені, кейде халық әкімнен гөрі ақынға көбірек сенеді. Мұның мысалы қазір де бар. Ал өз басыңыз саяси күреске неге шықпай жүрсіз?
Түсіне білген, көре білген адамға менің бүкіл творчеством — саяси күрес. Жасымыз жер ортасына келгенде, халықтың қотыр жерін тырналап, ұйым құрып, қозғалыс деп жұртты ертіп желкілдейтін жәйім жоқ. Бұл — арзан бедел жинаудың әдісі. Егер қажет деп тапсам, менің соңымнан еретін де халық табылатынына сенімім мол.
— Қазақ қыздары «әйел ерге, ері жерге қараған» шақта үнемі батылдық жасап келгені тарихтан аян. Кешегі желтоқсан оқиғасында да қаракөз қыздар алдыңғы саптан табылды. Ақын сіңіліңіз Айсұлу Қадырбаеваның күні кешегі ерлігі де есімізде. Бұл бір жағынан бөріктіге намыс та... Сіз бұдан әлденеше жыл бұрын «Қайда біздің қазақтың жігіттері»... деп жыр жазып едіңіз. Соның шындығы да осы екен-ау, деп қалдық. Осы сауалға жеріміздегі керауыз ұлттардың басынғандық пиғылдары, оған қалай тыйым салу керектігі жөнінде не дер едіңіз?
— Бағанадан бері айтып отырған принциптердің бәрі сайып келгенде, осы сұрақтың жауабы ғой. Алдымен ел басшысының көп ұлтты республика етемін деп күш салмауы керек. Қазақты ел етем, француз, жапонмен қатар тұратын ұлт екенімізге дүниенің көзін жеткізем деген басты принцип болуы керек. Түркияда қаншама ұлттар тұрады? Солардың біреуі түріктің атажұртында отырып: «Біз көппіз, Президенттік сайлауға түсу-түспеуді ойланып көріңіз?!» — деу түгілі, теледидардан біздің тілімізде хабар беріңдер, мектеп ашыңдар деп те айта алмайды.
Біз ұлттық тұтастыққа қолымыз жетпей тұрып, руға, жүзге бөлінбейік деп ұран тастағаннан мандымаймыз.
Президенттің маңында жүрген арысы бар, кәрісі бар — үкімет басындағылар президенттің жүздесі болмасаң, адам екен демейді. Мен өткенде Ежиков-Бабахановқа кірдім. Республика Премьер-министрінің бірінші орынбасары! Бұрын Жезқазғанда жүрген кезінен танитынмын, Балалар журналының, оның шағын ұжымының қазіргі мүшкіл хал-ахуалын, үй-күйлерінің жоқтығын, жарты ғасырлан астам өмірбаяны бар журнал редакциясының бір де бір қызметкері «Москвич» емес, мотоцикл алуға қолдары жетпей келе жатқанын айттым. Төрт ай жүріп алдына әрең кіргенімде, 10 минут уақыт бөлді және бір қорытынды шығармады.
Енді Премьер-министрге кірейін деп жүрмін, ол кісінің де «Бұл кім еді өзі?» — деп сұрамай қабылдап, жарылқай қоятынына сенімім жоқ.
Сауда жүйесін басқарып отырғандардың арасында даланың шаңы мен топырағында жүрген қазақтың жай-күйін сезінетіндер бірен-саран. Желтиков, Коструба, Смокотин, Доцюк — міне, ылғи осылай болып кете береді. Парламент мүшелерін де көріп жүрсіздер. Республиканың шаруашылық нүктелерінің тізгіні өзге жұрттың қолында. Басқа жұрт өкілдерінің тайраңдауының түп төркіні алдымен біздің бірауыздылығымыздың жоқтығынан, екіншіден шешуші жерлерде солар отырғанынан:
Жар басына қонбаңыз —
дауыл соқса, үй кетер,
жатқа тізгін бермеңіз —
жаламенен бас кетер, —
деп Бұхар бабамыз текке айтпаған. Нұрсұлтан алғаш ел басына келіп, қазақ тілі туралы заң жобасын талқылаған кезде, жұрт жым болып еді. Президенттің жұрттың бәрінің көңілін табам деген солқылдақтығын сезініп алғасын бәрі өре түрегеліп жүр.
— Жалпы, біз осы неге жалтақтай береміз? Біраз жерімізді Ресей, біразын Қытай империялары иемденіп алғанын неге ашық мәлімдей алмаймыз?
— Өткенде «Казахстанская правда» газетінде «Чего не учили атаманы» деген мақала шықты. Авторы — орыс фамилиясындағы адам. Керемет мақала! Бірақ орыстың бәрі данышпан емес қой, қазақ жеріне бір кезде ата-бабасы жер аударылып келді ме, тың игереміз деп жіберілген түрмеден шыққандар мен бас бұзарлар ма — бүгінгі ұрпақтарының онымен ісі жоқ. Сондықтан оларға жалынып-жалбарынбай, «асың — мынау, жұмысың — анау, бірақ қай жерде отырғаныңды біл!» — дейтін республика басшылығының берік принципі керек.
Ал осы бүгінгі жеріміздің өзіне ие бола алмай отырып, ана жақ, мына жақтағы баяғы территорияларымыз туралы ашық талап ету ертерек.
— Алыстағы ағайын да жазылмаған жарамыздың бірі. Сіз кейбір шетелдегі бауырларымызбен жүздесіп те қайттыңыз. Оларды атамекенге оралту үшін не қажет?
— Алыстағы ағайынға «түгел осында қалыңдар, бәрі жақсы болады» деу дұрыс емес. Олай айту үшін біз дайын емеспіз. Батыс Германияның немістері фашизмнің жеңілісінен кейін 40 жыл бойы бетегеден биік, жусаннан аласа, үн шығармай жүріп, бүкіл неміс ұрпағын жеріне жинап алуға қызмет етті. Сосын, 40 жыл дайындықтан кейін ғана: «Ал, келем десеңдер, есік ашық!» — деді. Біздің бауырластардың өлі болсақ та, тірі болсақ та, бірге боламын деп біздің тірлігімізге бел буғандары болса, кедергі жасамау керек. Ал шақырып алатындай деңгейге жеткеніміз жоқ. Бірақ Аманкелді Түлеев секілді бауырларды шақыру керек.
— Нарықтық экономика бізді қарық қыла ала ма? Байлар баий түсіп, кедейлер мен епсіздер, қырсыздар одан сайын жарлылана түсу қаупі бар... Ең бастысы, ертең нарыққа көшкенде ұлттық мәдениетіміз барлық реңінен айрылып қалмай ма? Мұның бетін қайтарудың жолы қандай деп ойлайсыз?
— Нарықтық экономикаға көшу — заман талабы болып отыр ғой. Көшпеңдер, баяғыша отыра берейік деуге болмас.у О бастан ебі жоқ, ылдым-жылдымы, сауда-саттыққа икемі де, құлқы да жоқ қазақ еті тірі іскер болуға ұмтылулары керек. Ұлттық мәдениет мәселесін басқарып отырғандар Президент не дер екен деп ауыздарьш ашпай, комплексті жоспарлар жасап, іске асырса, реңін жоймас. Қазіргі таңда бұл қарқынның бетін қайтару мүмкін емес. Қазақ жастарын өз жерінде өгейсітпей, іске араластыру, соны қадағалау керек. Маңайындағы орыс, еврей аздай, соңғы кезде Президентіміздің айналасында да, республикамыздың банк, шетелдермен байланыс нүктелерінде де кәріс ағайындар қаптап кетті.
— «Бұлақ бастан лайланып, кім тұндырар, ей, хақым» деп жырау зарлаған екен. «Тұяғы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ — жылан қайтіп күн көрер?» демекші, біз ата-бабамыздың асын, тойын беріп жүргенде, өзге ұлттар сауда, бизнес оқуларын үйрену үстінде. Ертең тағы тасқа отырып қалмасақ болды... Не үй, не күйі жоқ жас өнер өкілдерінің сұрқы мынау. Жан жағыңа қарасаң, қыбыр — жыбыр сауда, тіпті өлеңіңді де ешкім керек етіп тұрған жоқ. Бұған халықты кіналау орынсыз. Атақты қолбасшы Суворов: — «Соғыстың аты — соғыс, бірақ түстікті уақытылы ішу керек», — депті ғой. Қарны тоймаған ел өнерді қайтсін. Елдің бәрі Абай емес қой... Осы сәйкессіздік ең жылпос дарынсымақтарды, саудагер ақындарды тудырмасына кім кепіл?
— Саудагердің бәрі Артур Рэмбо емес қой, апай...
— Айтып отырған ойыңа толықтай қосыламын. Менің бұрыннан да айтьш жүргенім — қазақ жастарының Қазақстанның қай қаласына барсаң да, орыстар мен кәрістердің запаста тұрған пәтерлерін жалдап, сорлап жүргенін көресің. Қазақ отбасыларының, жастарының бұлай қаңырып, өз топырағында жетім күй кешпеуі үшін біздің әр қала, әр облысымызда өзінің төрт бөлмелі үйіне, астындағы машинасына, айналасындағы көп ұлтты свитасының өзін қолпаштауына мәз болмайтын Серік Әбдірахманов секілді бауырларымыз отыруы керек.
Мысалы, Қайрат өзің оқу бітіргелі ұмытпасам 6-7 жыл болып қалды — әлі үй-күйсіз жүрсің ғой деймін? Сен секілді тағы бір талантты ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов Семейде отбасымен сандалып жүр. Өзі Абай музейінде қызмет жасайды. Семейдегі Кешірім Бозтаев бастаған азамат бауырларымыз сол керемет ақынға баспана болар бір бөлме тауып бермей отыр.
— Бүгінгі кез Абайдың: «Болды да партия, ел іші бүлінді» деген өлеңіндегідей, партияның бәрі өздерінше елдің мұңын жоқтайды... Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
— Қазір әр бұрыштан бір партия ұйымдасып жатыр ғой деймін. Мен көшеге көп шықпаймын, ешкіммен араласпаймын, сондықтан хабарым жоқ. Егер партияларды ұйымдастырып жүрген халықтың зиялылары Президентке, елге шын көмектескісі келетін болса, бүкілқазақтық қозғалыс жасаулары керек.
Айнала алмай ат өлсін,
айыра алмай жат өлсін
Жат бойынан түңілсін,
бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, —
деген екен Бұқар жырау. Көпппартиялылыққа қарсымын. Бір-бірімен бәсеке, дау-далаба — бұл қазақ табиғатына келмейтін жайлар.
— Сіз «тоқырау» — деп ел жаппай жамандағанда ең алдымен «өткеннің бәріне бірдей топырақ шашпайық, ағайын» деп басу айтып, Димаш, Асанбай тәрізді асыл ағаларды алғашқылардың бірі болып қорғаған едіңіз. Осы пікіріңізге бүгінгі күн тұрғысынан тағы бір қарап көріңізші. Жоғарыдағы ағалармен араласып тұрасыз ба? Олардың бойындағы бағалы қасиеттер қандай?
— Мен адамдар атқа мініп жүргенде өздері мәніс біліп елеп жатпаса, көп жуыспаймын. Бірақ астындағы аты сүрініп кеткенде, қорлық-зорлық көргенде, қасынан табыламын. Бұл менің адамгершілік кредом.
Димаш ағай да, Асанбай ағамыз да ақсақалдық, ақылдылық көрсетудің орнына ұсақ-түйекке өкпелеп, бастары қалтылдағанша ақыл дарымай, біздің ауылдан шықпағанның бәрі өресіз деп өндіршектейтін шалдар емес. Екеуімен де сәлемдесіп тұрамын, сыйлаймын. Бағалы қасиеттері — жан дүниелерінің кеңдігі. Асанбай ағайды бұрын араласпағасын көп білмейтін едім — тіпті сұңғыла философ екен. Біздің халыққа мұндай ағалар керек, олардың ақыл-кеңесін тыңдап отыру Президенттің де абыройын аласартпайды. Кім-кімнің де түбіне жететін — өзім білемдік. «Келін өзі келгендей, бала өзі өскендей» демекші, бүгінгі атқа-мінерлер сұңғыла боп аспаннан түсе қаламағанын ел көріп отыр. Көбісі сол кісілердің көз қыры түсуімен адам болғандар.
— «Өркен» — жастар басылымы болғандықтан, жас ұрпаққа қандай көзқарастасыз? Олардан не күтесіз?
— Менің қорғаушыларым, сойылымды соғатындар, үндемей қалсам, іздейтіндер — жастар, қазақтың көкірек көзі ашық қыз-жігіттері, менің өмір сүруіме дем беретін үкімет басшылары емес, сол өрімдер. Біз оларға көбіне баласынып қараймыз. Үлкен кемшілік — осы. Өз басым менің құрбыларымда жоқ батылдықты, іскерлікті, көрегендікті осы «Өркеннің» оқырмандарынан дәметем.
— Ендігі сауал бес жылдығы таяп келе жатқан Желтоқсан жөнінде. Бұл оқиға хақында айта алмай келе жатқан ойларыңыз бар ма?
— Желтоқсан оқиғасына қатынасқандар қылмыскерлер атанды. Ал олар шынында қазақ намысының туын көтергендер еді. Біз солар туралы аз жазамыз. Қаза болғандар мен түрмеге түскендерді айтамыз. Ал шынында алаңға шыққан қыздар мен жігіттерді де сөйлету, олардың ойларын жаза түсу керек.
— Осындай ел мұң-мұқтажын Сіз өзіңізге тән өрлігіңізбен кезінде қаймықпай талай айттыңыз. Тіпті бір ақын ініңіз Сіз өз оқырмандарыңызбен кездесуде Жаңа Өзен оқиғаларына қатысты пікіріңізді ашық айтқанда жанына еріп келген біздің жанымыз шүберекке түйіліп қалды. Тіпті бір мемлекеттік Хауіпсіздік комитетінің адамын нұсқап тұрып сөйлеген екенсіз. Жалпы, осындай өз пікіріңізді айтқаныңыз үшін қудаланған кезіңіз болды ма? Қандай өлеңдеріңіз «тұтқындалды»?
— Өлеңдерім көп қорлық көрді. Менің кітаптарыма сол кезде баспаларда редактор болған мына Ұлықбек Есдәулетовтер, Байбота Серікбаевтар жақсы білуге тиіс. «Жалын» баспасынан 1985-жылы «Дауа» атты кітабым шықты ғой. Сонда:
Жылдан-жылға тайғанақ сын шатқалы,
Әнтек бассаң, құздары бұлтартпады.
Бір кез бабам жіберген қателіктің
таксіретін тартып жүр ұрпақтары, —
немесе:
Көйлегім бүтін, күйлімін,
жатқам жоқ, шіріп жағада.
Жаутаңдап алған билігің
еркіндігімен садаға! —
деген секілді шумақтар бар еді. «Тұтқынға» түскен өлеңдерім баршылық. Орталық партия комитетінің сол кездердегі идеологиялық хатшысы баспа басшыларын, газет-журнал ридакторларын жинап алып:
«Оңғарсынованы сыйлаймыз, жақсы көреміз. Бірақ мынандай өлеңдерін жұртқа жария етіп, сендер не қарап отырсыңдар?
Мысалы:
Азаматтың билейтін еркін үнін,
Жерлестік пен қандастық дерті — мұным.
Ауылының итін де арыстан ғып,
Ұстатқысы келеді ел тұғырын.
Бұл не, Коммунистік партияның бүгінгі саясатына күл шашу ма?» — деген. Бірақ әзір түрменің дәмін татқаным жоқ. Жә, мұның бәрі — өткен іс. Бүгінгі әңгімеміз қазіргі ел басшысы төңірегінде болғандықтан, Шалкиіз бабамыздың Сөзімен аяқтағым келіп отыр.
Ал бөрілер, бөрілер,
бөрімін деп жүргендер,
әр бірінің баласы,
алтау болар, бес болар.
Абаданынан айрылса.
Олардың әр біреуі,
әрбір итке жем болар, —
деген екен. Біздің бүгінгі абаданымыз — Нұрсұлтан. Оны қолдауымыз керек. Білместіктері болса, күлбілтелемей дер кезінде айтып, ойландырып отыру — біздің парызымыз
— Елдің ертеңіне болжау жасай аласыз ба? Қазақ халқы келер ғасыр есігін қалай ашады деп ойлайсыз?
— Келер ғасырдың да төбесі көрініп қалыпты ғой, өзі... Қазақ Республикасы өзінің бедер-бағдарын, мәнін, қалпына келтірмесе де, біршама көтеріп, шаруашылығын, ғылымы мен техникасын, мәдениетін өрістету үстінде қарсы алар деп үміт етем.
1991.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі