Өлең, жыр, ақындар

Құпия қазына

...Келіншек жалғыз келеді. Айнала ақ қарға көмілген дала. Ұшқан қарға көрінбейді. Ешкімнің көрінбегенін тілеп келеді. Бірде жалғыз аяқ жолдың емескі сұлбасы білінгендей болады да, тағы да омбы қарға тап болады. Мәсінің сыртынан киген биік өкше көксауыр кебіс жүруге ыңғайсыз-ақ. Алыс жолға шығатындай артынып-тартынып киінсе, жұрт сезіп қалар деп, етек, омырауына құндыз жүгірткен жеңіл сырмасын кие салған. Бесін ауа шыққан оған жылынып шығар үй-жай кездеспеді. Қас қарайып барады. Артымнан қуғыншы жетпесе болды деп ойлайды. Егер жетсе?.. Ол әрі қарай ойлай алмайды. Күні кеше құдай қосқан қосағымен аймаласқан жылы төсекте қаба сақал, салпы ерін қайнағасы жатқандай болады. Жастай кеткен күйеуінің жылын бергендеріне он-ақ күн өтті. Ауыл адамдары жесір келіншекті Жаппар қайнағасына атастырамыз деп ұйғарулы. Атасына да, қайнағасына да кісі салып көрді. Көнерлері жоқ. «Мені алып кетсін, бақытым ашылмаған сорлы болдым» деп төркініне хабар берген, ләм-мим дыбыс жоқ. Ертең төртінші әйел етіп некесін кимақ... Келіншек жүрегі алқынып басы айналғандай болды. Қараңғы далада жалаңаяқ жел асыр сала бастады...

Ауыл апта бойы іздеп, келіншектің денесін мынау сайдан тапқан екен. Аты Теңге болса керек. Содан бері бұл жер «Теңге» атанған деседі.

Бұл аңызды Асылбек осында алғаш оператор болып жұмысқа келген жолы ағасынан естіген. Қазір осы кәсіпшіліктің бастығы.

Жаны күйзеліп жалғаннан қол үзген жас келіншекке жанашыр бола алмаған «Теңге» аймағы бұл күнде — Маңқыстаудағы бірінші газ өндіру кәсіпшілігі. Өзін бір қала деуге болады. «Теңгенің» қашан зерттеліп, қашан газ бере бастағаны Асылбектің алақанында. Маңқыстау газы мұнайға қарағанда кешірек өндіріле бастады ғой. 1970 жылдың 25 қыркүйегі оның әлі есінде. Кәсіпшіліктің бірінші учаскесінің құрылысы бітіп, «Теңге» газ кәсіпшілігі тұңғыш өнім бере бастады. Мұнай өндірісінде кәрі Ембіден, Түркменстаннан келген мамандар көп болғанмен, газ мамандары жоқтың қасы еді. Тәжірибелі мұнайшылардың көбі:

— Қой, шырағым, газ-мазыңды білмеймін. Жас ортасына келіп, ата кәсіп еткен мұнайды тастар жәйім жоқ, — деп отырып алды.

Бүгінгі кәсіпшілікте Асылбектің өзінен бастап, ұжым мүшелерінің бірыңғай жастар болу себебі де осыдан. Өтеғалиев Сисенғали, Мысаев Жәңгір, Жәкиев Қонарбай, Жұмабаев Тыныш секілді инженер, операторлардың бәрі де комсомол мүшелері, газ өндірісінің ерекшеліктерін егжей-тегжей білетін маман жігіттер. Мүнай мен салыстырғанда газда өндіріс процесі күрделі болмаса да хауіптірек әрі өте дәлдікті талап етеді. Газды қысымы күшті, жіберілген сәл ағаттық үлкен кеселге ұшыратуы мүмкін.

Қазір «Теңгедегі» төрт учаскеде 28 скважина газ беріп тұр. Ал жоба бойынша 49 скважина болу керек, бұрғылау жұмысы жүріп жатыр. Кәсіпшіліктегі газ қоры 42 миллиард 625 миллион шаршыметр. Бұл байлықты игеру үшін «Теңгені» әлі де ұлғайту, скважиналар санын барған сайын өсіре түсу міндеті тұр. Кәсіпшілік тәулігіне миллион 300 мың шаршы метр газ өндіреді. Өндірілген газ скважиналарда құрғатылады: бу күйіндегі табиғи газдың құрамында су және бензин болады. Құрғату деген — су мен бензинді (бұл сұйықтық конденсат деп аталады, оны трубалар мен скважиналарды тазартуға пайдаланады) айырып алып, таза газды бөліп шығару. Құрғатылған газ. Маңқыстау аймағын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге, мұнай өндірісіндегі газлифт әдісі пайдаланылады шаруашылыққа, ал 4 миллионнан астамы Орта Азия — Орталық газ құбырымен Отан қоймасына жөнелтіледі.

...Асылбек «Теңге» алаңының қолдан жасалған қартасына қарап, өз ойымен өзі болып кеңседе отыр еді, орта бойлы арықша келген бидай өңді жас жігіт кірді.

— О, Балтабек, кел... Соңғы кезде сағындырып көрінетін болдың ғой, — деп Асылбек орнынан тұрып көңілдене амандасты.

Балтабек Махуов — Тюменнің мұнай институтын бітіргеніне биыл үшінші жыл, Маңғышлақ газ өндірісі басқармасында геолог. Өмір бойына мұнай, газ дегеннің не екенін білмейтін әкесі мұнай институтына тапсырам деп отырып алған баласын іштей құптамаса да, пәлен-түген деп дау айта алмаған. Балаларының бас көтерген үлкені осы, әке жолын қуады, балықшы болады деп үміттенетін. «Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы. Институтты бітіріп, жұмысқа орналасқаннан кейін үй-ішін «Өзенге көшіріп алайын,» — деп айтып көріп еді, әкесі көнбеді.

— Жайықтың жағалауынан кете алмаймын. Жұмыстан қалып отырған ештеңем жоқ, ата-ана керек болса, мынау тұрған Астраханьдағы балық институтына түсе салсаң болмады ма! — деп әуелі жайлап бастап, сөйлем соңын өкпе-назбен аяқтаған.

— Ауылға барып қайттым 2-3 күнге. Одан келе сала Оңтүстік Жетібай, Доңғада, Қарамандыбаста болдым, — деп табиғатынан қыз мінезді ұяң жігіт Балтабек өз үйіне келгендей еркін сөйлеп, шешіне бастады.

Бардым деп отырған жерлерінің бәрі — болашақ газ кен орындары. Оңтүстік Жетібайда газ фонтаны атты және мұнай өндірісі үшін өте қажетті конденсат алынды. Доңға, Асар, Қарамандыбас — әзір тікелей өндіріске берілмеген, бірақ газ қоры бары анықталған алаңдар. Осы бесжылдықтың аяғына дейін бұл жерлерде де табиғи көгілдір отын өндіріле бастайтын болады. Қойнындағы көзге керінбейтін құпия қазынаның құлпы құдіретті қолдардың тегеурініне түскенін дала да сезіп жатыр.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз