...Тау бөктерлеп үдере көшкен ауыл кешегі қырғын төбелестің азасынан әлі арыла алмай, көңілсіз баяу жылжып барады. Қызылды-жасылды алаша-кілемдер жабылған көш тізбегінен көрінім жер алда бір топ ауыл ақсақалдары, одан кейінгі қыз-келіншектер тобы көптен көп ұзамай жәй аяңмен келеді. Әншейінде әзіл-күлкі, бір-бірін өлеңмен іліп-қағып айтысып, әсіресе, мұндай қысқы қоныстан жазғы жайлауға бет алған көші-қон сапарында бой жазып бір жасасып қалатын жастар тобы да көңілсіздеу. Орта тұста қаз мойын қаракөк ат үстіндегі Мерет сұлудың аққұба өңі қуқыл тартып, мойыл көздерінде мұң тұнып қалғандай жабырқаулы. «Су. Осыншама елді зарықтырып, ен далаға сиғызбай қырылыстыратын да осы су. Жасаған-ай, осыншама жапан түзге, тым болмаса, бір бұлағыңды қимадың ба... Әттең, қыршын кеткен Матай». Қыз кеше ғана соққыға жығылып мерт болған немере ағасын есіне алғанда, көкірегі қарс айырылып, күрсіне берген. Әкесі бай болғанмен, Әлімнің құдіреті онан асып түсті: бұларды «Аққұдықтың» басынан түріп айдап шықты. Екі жақтан да кісі өлімі: бұлардан екеу болса, Әлім жақтан үшеу...
Қыз биік жартасты, шатқал құзды нұсқағанда, біреулер — «таудың жылтыр тасы болар» — деп, екінші біреулер «Ойбай, ол тегін болмас, шайтанның ойнағы да!» — деп өздерінше өлшеп-пішкен.
— Мен білсем, сол су болуға тиіс, — деді Мерет атын тауға қарай бұра беріп. — Құдай көз жасымызды көрген де!
Аттылар қатерлі құздарға етектен көз салып, ағып жатқан шынында да бұлақ суы екенін көріп еді. Бірақ құз басынан құлаған су етекке жете алмай, шатқал тастар арасындағы құмға сіңіп кетіп жатыр. Қыз жанындағы бозбалалардың бірін жіберіп, әкесіне хабар салды. «Көшті кідіртсін», — деген өтінішін де қоса айтты. Ақылдылығы мен әдемілігі адай еліне тарап, талайды тамсандырған, алыс-жақыннан ат сабылтқан бозбалаларды менсінбей келген Мерет сұлу еліне жар салуға бұйырды:
— Бұлаққа жол салған адам, кім де болса, менің жарым болады!
Талай жігіт мерт кетеді. Ақыры Мерет өзі бастап, қалың елді жабады. Шоңғал тастарды ұзын арқан байлап түйемен аудартады, әр адамға бір қадам жер бөліп беріп қашатады. Көп күнгі бейнетпен биік құзды шатқалға көлікті адам жүріп өтетіндей жол салынады. Шатқалға жол салдырған сұлу қыз:
— Арманым едің! — деп бұлақ суынан сусынын қандырғанда, өліп кеткен екен.
Бұл менің — Мұстахи ағайдан естіген әңгімем. Маңқыстау өлкесінің әр тасы аңызға толы ғой. Солардың бірі осы «Мерет аңызы». Шатқал әлі күнге дейін «Мерет сайы» деп, ал бұл күнде көзі тартыла бастаған жылымшы бұлақ «Мерет бұлағы» деп аталады. Шатқалдың етегінде «Мерет бейіті» аталатын жалғыз мола тұр.
Иә, бұл — кешегі көне тарихтан аңыз болып бізге жеткен өмір шындығы. Өйткені ғасырлар бойы таңдайы кеуіп, шөліркеген Маңқыстау даласын мекен еткен көшпелі ел ұдайы су мен құдық үшін жапа шегіп, талай боздақ осы турасындағы айтыс-тартыс, дау-жанжалдың құрбаны болғанын көре қалған қариялар әлі күнге дейін ұмытқан жоқ.
Бұл аймақта 40- тереңдіктен құдық қазып шығу екінің бірінің қолынан келе бермегенге ұқсайды. Советтік дәуірде скважиналардан фонтандап атқан суға қол жетті. Бірі ілгері өрлеген сайын өмір талабы да соншалық биіктей береді емес пе?!
Маңқыстау даласына жаңа өмір келді. «Кұлыпсыз абақты» атанған осынау алқапқа алпысыншы жылдар алапат дүбірмен келді. Қойнауында байлық тұнған казыналы түбектегі суға мұқтаждық проблемасын шешетін кез жетті.
Шевченко, Өзен, Жетібай қалалары мен Ерәлиев, Ақсу, тағы-тағы ондаған бұрғышылар мен барлаушылар поселкелерін шыңыраудан сыздықтап шыққан сумен қамтамасыз ету тіпті мүмкін емес еді. Міне, Сауысқан құмының етегіндегі су кәсіпшілігі осылайша өмірге келді. «Сауысқан» — бұйра жондары желді күнгі теңізді елестетіп, көлемі едәуір жерді алып жатқан құм шағыл Маңқыстау аймағының басқа өңіріндей майлы топырақ емес, аунай кетсең, үстіңе жалғыз түйірі де ілеспейтін сап-сары суылдақ құм. Кез келген машина жүре алмайды суға батқандай, аяғын ала алмай тұрып алады.
Бұрын учаске болып келген Сауысқаннан алғашқы жылдары жүздеген шақырым қашықтықтағы поселкелерге ауыз су машинамен тасылатын. 1968 жылы әдейі су өндіретін кәсіпшілік құрылып, құм етегінде тағы бір ақ шаңқан үйлері бой көтерген поселке пайда болды. Онда қазір 24 сорғыш скважина құмнан сүзіліп шыққан суды Сауысқан — Өзен құбырымен Өзен қаласына айдайды. Өзен қаласы тәулік сайын бес мың текше метр Сауысқан суын алып отыр. Мұнда жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі — жергілікті кадрлар. Кәсіпшілік меңгерушісі ақсары өңді, жасы отыздар шамасындағы жігіт — Сәрсен Сисенбаев. Аққұбаша сұлу келіншек Тамара мен оның күйеуі Станислав Гаськов — сонау Иркутскіден келген гидрологтар.
— Алғашқы кезде біраз үйрене алмай жүрдік, — деп күледі Тамара. — Сібірдің қалың орманынан кейін құмды даладан бір-ақ шыққанмен, адамдары тамаша екен. Үйренісіп кеттік.
Ерлі-зайыпты Жібек, Жанжігіт Әділбаевтар, машинист Мөңке Монтабаев — бәрі де еңбек озаттары, ұжым құрметіне бөленген жандар. Бұл жердегі ендігі проблема -мәдени-тұрмыстық қамту жағы әзірше ақсап келеді. Мектеп жоқ. Кино, концерт дегендер жыл құсындай. Әрине, бұлардың бәрі шешілмес проблема емес, қызыл құмды қақ жарған алып скважиналармен салыстырғанда ұсақ-түйек нәрселер. Ал Сауысқан суын гидролог мамандар аса жоғары бағалайды. Осы сияқты тұщы су көзі табылып отырған «Түйесу» атты жерден де қазу жұмыстары қолға алынуда. Жоғары вольтты электр линиясы тартылып бітті. Су құбыры жүргізіліп жатыр. Жақын күндерде мұнда да су кәсіпшілігі орнап, отыздан астам скважина іске қосылатын болады. Бұл жұмыстардың бәрін ұйымдастырушы — Өзендегі сумен жабдықтау конторының ұжымы. Ұжым алдында халықты тұщы сумен қамтамасыз ету ғана емес, шаруашылыққа, тұрмыс қажетіне жұмсалатын техникалық сумен жабдықтау міндеті де тұр. Маңқыстаудың жоғары парафинді мұнайлы қабаттарына ыстық су айдаудың маңызы аса зор. Ал бұл техникалық су сонау 200 шақырым жерде кәрі Атыраудың жағасындағы Шевченко қаласындағы энергозаводтан арнаулы су құбырымен келіп, Өзен қаласындағы станцияға құяды. Бұл станцияда 100 градусқа дейін қайнатылған техникалық су мұнай қабаттарына айдалады.
Енді жоғарыда айтылған Сауысқан суы бүкіл Маңқыстау аймағының тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр ма? Әрине жоқ. Оны түсіну үшін біз кәрі Каспийдің қолтығында асқақ тұлғасымен бірден көзге түсетін Шевченко атом қондырғысына шолу жасап өтуіміз керек. Бұл — біздің еліміздегі теңіз суын тұшытатын тұңғыш алып қондырғы. Ол тәулігіне ондаған мың текше метр теңіз суын тұшытып, Шевченко, Өзен қалаларын, Жетібай поселкесін қамтамасыз етеді. Қондырғының екінші кезегі әлі де салыну үстінде.
Шевченко қаласынан Жетібай мен Өзенге тартатын асфальт жолмен қатарласа жарысып, диаметрі бір метрлік Шевченко — Жетібай — Өзен су құбыры тартылып жатыр. Өзен қаласының шет жағындағы әрқайсысына мың текше метр су кететін алып үш қазан — тұщы су жинайтын насос станциясының резервуарлары. Бұлардан басқа екі резервуар техникалық суға арналған. Өзен қаласына тәулігіне 5-5,5 мың текше метр тұшытылған теңіз суы мен Сауысқан суы аралас беріліп отырады. Бұл учаскеде еңбек етіп жүргендердің көбі жастар: Сағын Рысаев, машинистер Зоя Боқаева, Татьяна Голяк... Бұлардың бәрі де еңбек жолын осы Өзенде бастағандар.
Иә, Маңқыстау даласының құдықтан басталатын көне хикаясы ХХ ғасырдың өмір шындығы — атом қондырғысына ұласты. Ақпа-төкпе өлең-жырдың кәрі тарланы Сәттігұл атамыз кешегі заманда:
Сараң тағдыр!
Құдығын да қимаған құмды ауылға.
Ей, дүние, жоқ-ау бір тұрлауың да...
Талай жанжал басталып құдықтардан,
талай жандар мерт болды-ау су дауында, —
деп ашына жырласа, өзгерген өлкенің бүгінгі талапкер ақыны былай дейді екен:
Дүбірлетіп жапанды, ту қададық:
мұнай-мұхит жөнеді тулап ағып.
Ертен, ертең осынау шөл далада
ақ толқындар жатады шудаланып!
Рас, Маңқыстау даласы — ұлан-байтақ шөлді алқап. Оған әлі де ақ толқын дариялар әбден керек-ақ. Маңқыстаудың жас талапкерінің қанатты қиялына біз де сенеміз. Бас-аяғы оншақты жылда танымастай өзгерген өлкеде бүгінгі таңда істеліп жатқан дүбірлі істер бұл қиялды жақын мерзімдерде өмір шындығына айналдыратынына күмән жоқ.
1968-1969
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі