Туған дала!
Жайқалған төсің егін,
Мыңғырған мал — қойнауда өсірерің.
Еңбегімен еліне мақтан болған
Жылдастарым қырдағы осы менің!
Орта бойлы, аққұба жүзінен ылғи ой мен парасат лебі есіп тұратын әдемі кісі сыртын брезентпен қаптаған «УАЗ» машинасынан түскенде, көшіп жатқан үйдің үлкен-кішісі елең етті.
Облыстық партия комитетінің хатшысы Жәрдем Салықұлы Кейкин еді. Обы аймақта туып-өспесе де, Маңқыстаудың ой-шұқырын бес саусағындай біледі. Каспий теңізінің жағалауынан басталып, Үстірт қыратына дейін созылып жатқан Маңқыстау — малды дала. Әр сайынан малды ауылды кездестіресің. Сондықтан бұл жердің бас-аяғын білмеуге болмайды. Жазғы жайлауға Солтүстік және Оңтүстік Үстірт пен Сам құмына көшетін малшылар қысқы қыстаққа теңіз беттегі сайға, тегістікке құлайды. Жазғы жайылым, қысқы мекеннің жай-күйін білу үшін көбіне вертолетпен аралауға тура келеді. Өткен жетіде ғана Сам, Солтүстік Үстіртті аралап қайтқан беті еді. Бүгін «Қызылөзен» түйе заводында болып, өндірістер маңындағы малшыларға баруды ұйғарған. Көбі қыстаққа көшіп кеткен. «Бейсембай» жайлауында отырған түйеші Уәли Бегендиковтің үй-іші де жүктерін машинаға тиеп жатыр екен. Өзі ертемен түйе айдап кетіпті. «Бейсембай» — Өзен мен Жетібайдың аралығындағы жер. Жайлау дейтін жайлау да емес. Өндірістегі мұнайшыларды жаз бойы шұбатпен қамтамасыз ету үшін отырған. Бұл жерде суды машинамен ғана тасып береді. Малды да солай суарады. Маңқыстаудағы ең басты проблема- су. Шевченкодағы атом қондырғысы Шевченко, Өзен қалаларын, өндірістік жүйесін тұщы және техникалық су мен қамтамасыз етеді. Ал анау Бейнеу, Маңқыстау аудандарына қарасты байтақ жатқан малды дала әлі суға зәру. Онда құдық суы ғана пайдаланылады. Баяғы замандағыдай шыңырау құдықтарды айлап-апталап қолмен қазбайды, бұрғымен қазылған скважиналар құдық боп қалады. Бұл аймақта бүкіл жайылымның 40 проценті ғана сулы, қалғаны иесіз шөл. Ал бұл шөл даланы мейірін қандырып суармайынша, оны нуландыру, ондағы мал басын көбейту туралы ойлау мүмкін емес. Ауыл шаруашылығына тәулігіне 15100 шаршыметр су қажеттігі Маңқыстау жерінде үш су құбырын жүргізу қажеттігі жоспарда бар. Олар: Опорная — Қарақұм, Ақжігіт — Түлей, Ақжігіт — Сам су құбырлары. Егер осы территорияларда бұл құбырлар жүргізілсе, жайылымды тыңайтып, нуландыруға, сүйтіп Бейнеу ауданының өзінде жаңадан төрт совхоз құруға мүмкіндік туар еді. Бірақ бұның бәрі енді ғана қолға алынбақ істер...
Қазір бір кезде жүргізіліп, кейін ұмыт қалған Бейнеу — Сам су құбырын жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сол сияқты қар суын бөгеп, қойма жасау мүмкіндігі бар. Қаратаудың бойындағы Қарасай, Ырғызбай аталатын қойнауларда ертеде жасалған төрт бөгет бар. Көктемде таудан аққан қар мен жаңбыр суы осы бөгеттерде тоқталып, жаз бойы малға сусын болады. Тіпті сол маңдарда екпелі шөп егу мүмкіндігі де бар. Биыл осы Қаратау бойында үлкен су қоймасының құрылысы басталды. Егер бұл құрылыс тезірек аяқталса, малшыларға үлкен тыныс болары сөзсіз.
Маңқыстаудағы тағы бір су кезі — жерасты суы. Жерасты суы негізінен үш жерде: біріншісі — «Ұлыалақ» кеңістігіндегі тереңдігі су көзі. Бұл — Куйбышев атындағы совхоздың территориясы. Мұнда өткен күзде он скважина қазылды. Биылғы көктемде кем дегенде жерге екпелі шөп салу мүмкіндігі туды.
Су қорына қарағанда әлі де жерді көгалдандыруға болар еді. Ол үшін скважиналар санын ек-үш есе көбейту керек.
Екінші жерасты су көзі — Солтүстік Ақтау артезиан бассейні. Су қоры, мамандардың есептеуі бойынша, 2,5 мың шаршы метр, тереңдігі 800 метрге жуық. Су қорын анықтау жұмысы әлі де жүріп жатыр. «Ұлыалақ» суына қарағанда, мұның суы ащылау, бірақ малға, жер суландыруға жарайды. Бұл бассейінде де өткен жылы 10 скважина қазылып бітті.
Биыл 50 гектарға егін салуға болады. Ал болашақта бұл жердегі егістіктің көлемі 1,5 мың гектарға кеңейтіледі.
Үшінші су көзі Сам кұмында. Бұл су әрі тұщы, әрі таяз. Бірақ әлі игеру жобасы жасалынған жоқ.
Егер осы жерасты су қорлары толық пайдаланылып, су құбырларының құрылысы аяқталса, мынау боз даланы ну көгалға айналдыруға болар еді. Табиғи жайылымдарды жақсартуға да болар еді. Сонда мынау дала жасыл желек жамылады. Маңқыстау — өндірісті аймақ қана емес, мыңғырған малға сая болар өлке. Тек сол өлкені саяға айналдыру үшін баса көңіл бөлу керек, тынымсыз еңбектену керек. Соңғы кезде көзден де, көңілден де таса боп жүрген жылқы жарықтықтың нағыз мекені осы Маңқыстау. Сонау 50 жылдары жылқы шаруашылығының гүрілдеп тұрған кезінде жылқыны анау Нарын құмынан жаз жайлауға осы Маңқыстауға әкелетін. Кез-келген үй бие байлап сары қымызды сапырып ішкен сол жылдардан кейін жылқы саны кенет құлдырап төмендеп кетті. Оған дұрыс мән де берілмеді. Елеген де ешкім болмады. Өгей шешенің баласындай екінші сатыда қаралып келген жылқы мен түйе шаруашылығын облыс құрылғаннан бері жедел өркендету мәселесі қойылып — отыр. Оның да нақты шаралары белгіленген. Мал басын көбейтудің басты шарасы — тұқымды асылдандыру, сол негізде өнімді көбейту. Алғашқы шаруашылық жылы бірсыпыра қиындықтарға да жолықтырды, мүмкіндіктерді де көрсетті.
Алда ойландырар істер көп, әлі қолға алып үлгерілмей жатқан шаруашылық салалары да жетерлік. Ең алдымен жеке шаруашылықтарды былай қойғанда аудандарды облыс орталығымен байланыстыратын асфальт жолдар салу мәселесі. Сондай-ақ малшы ауылдың мәдениетін көтеру төңірегінде де күтіп тұрған іс көп. Мал қыстақтары нашар, тастан қоршай салған ашық қоралар. Тіпті малшылардың үй-жайының өзі кей жерлерде қынжыларлық дәрежеде. Комплексті мал қораларын салу көңілде ғана. Осы мәселелермен тікелей айналысатын облыстық ауыл шаруашылығы тресін құрса, біраз істерге ұйтқы болар еді. Малшыларды мәдени және сауда саласында қамту тағы да төмен дәрежеде. Кино, ойын-сауық дегендерді айлап емес, жылдап көрмейтін малшы мекендер бар. Автолавкалармен қамту туралы сөз айтпағанда, мүмкіндігі бар малшылар совхоз, аудан орталықтарына келіп, дүкен аралап қона жатқанның өзінде үнді шайы, шыны аяқ, кесе, көпшік, кілем тәрізді қажеттерін таба алмайды. Жаңа облыс, әрі астанадан жері шалғай. Бірақ көмек пен мүмкіндіктерді туғызу қажет-ақ.
Ақпа-төкпе жыраулар мен жез бармақ күйшілерге мекен болған Маңқыстауда халық таланттары да көп-ақ. Тек сол өнерлілерді талпындырып, халыққа танытуға мүмкіндік туғызуды қолға алу керек. Творчество жастары арасында жұмыс жүргізсе, ақын-жазушыларға көңіл бөлінсе, бұл өлке ертең-ақ жаңа заманның жаршылар мекеніне айналғалы тұр-ау. Ертеңіне үңіліп бүгінгі ел қамын ойлаған азаматты — бұралаң жолдармен бара жатқан хатшыны осының бәрі толғандырады. Өз алдына жаңа ғана шаңырақ көтерген жас отаудың кем-кетігі, қиыншылығы болары хақ. Бірақ онын, ішінде алаулаған өмір бар. Өмір бар жерде өркен бар, болашақ бар. Ендеше жас отаудай өркен жайған осынау аймақтың әлі де аңызға айналар ертеңіне сенбеске болмайды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі