Өлең, жыр, ақындар

Жер астындағы теңіз

Бұл өңірдің жазы шыңылтыр ыссы келеді. Жауын-шашыны да тым сирек, айда-аптада тандыр желіннен шыққан тамшыдай сіркіреп өте шығар еді. Кейде көкжиектен көрінген күн көзі қызғылт тартып, күміс кірпіктерін мұнар шалғандай, мүжік таулардың басынан манаурай көтерілер еді. Ал дауылы болса, кейде тіпті апта бойы басылмай қояды. Даланың қағу көрмеген тентек желіне тәкаббар теңіз ғана бас имейтін тәрізді. Арыстан жалды толқындары аласұрып, бар қару-қайратын дәл қазір көрсетіп қалайын дегендей өршелене түсер еді. Кейде кешқұрым томаға — тұйық жатады. Сосын ана жұлдызды аспанға көкірегін құштырып, тербетер еді. Сол сәтте айдын төсінде меңіреу бір тыныштық орнайды.

Ол теңіздің осындай кешкі көрінісін тамашалауды ұнатады. Қос балтырын сүйіп қашатын қытықшыл кішкене толқындарды қуып, алыса кеткісі келеді. Кейде көңілі толмайды: жатқан бір шетсіз, шексіз ақ айдын; қаншама жұмбақ сыры бар — ұғып болмайсың. Ақтарыла аңқылдап, ақ көңілін алдыңа жаймайды. Сол баяғы тұйықтық. Осынау жағалаудан басталатын көз жеткісіз даланың астында дәл осындай бұғып жатқан теңіз бар деседі. Сол теңізді көруге мұның жаны құштар. Осы бір ойды көңіліне ұялатып кеткен Клара деген қыз еді. Онда Салиха бар болғаны жетінші класты бітірген. Оған да қазір үш жыл болып қалыпты... Сол жылы жазда Ленинград қаласынан келген экспедиция Форт-Шевченко қаласының шетіне палаткаларын тігіп орналасты. Геологтардың арасында Клара деген талдырмаштау орыс қызы бар-тын. Ол күн сайын кешкілік теңізге түсуге барғанда, поселке тұрғындарының ішінде осы бір бота көздері қарақаттай мөлдіреген, аққұба, қағілез қыз бала ылғи мұның жанына келгіштеп жүретін. Бірер аптада бұлар танысып та үлгерді. Өзі алты класты орысша бітіріп, жетінші класты қазақша оқыған екен. Клараға оның аса сезімтал, аңғарымпаздығы, әр нәрсені білсем, көрсем деген балалық құштарлығы ұнап қалды. Бірде Салиха қояр да қоймай Клараны үйіне ертіп келді.

— Қыз балаға үнемі түзде жүру оңай ма, қайтсін енді, — деп Зеркүл апай жап-жас қызға аяушылықпен қарады. — Келіп шәй ішіп тұр, қызым! — Клара оның ымдап түсіндіргеніне мәз болып күліп алды. Содан бір күні үшты-күйді Салиха жоқ болып кетті. Соның алдында ғана «Кларамен бірге экспедицияға барып келейін бе?» деп сұрап еді. «Осы ыссыда далада не бар қаңғып, шөлдеп өлейін деп жүрсің бе?!» — деп анасы ыңғай бермеген. «Қолы босап кетсе, теңізге жүгіретін еді, о қыз суға кетіп қалған болар», — деп үй-іші болып жағаны шарлап, ауылдың балалары:

— Салиха бағана экспедицияның машинасымен далаға кетіп бара жатқан, — дегесін, бәрі үйге қайтып келді.

Геологтар мінген ашық машина солтүстік-шығысқа қарай тартып келеді. Будақ-будақ көтерілген шаң тырбиған боз жусанды бүркеп қалып жатыр.

Сіздер осы даладан не іздейсіздер? — деп сұрады Салиха сәскелікте бір маң далаға келіп, жерді картаға түсіріп, өлшеп жүргендерге таңдана қарап.

— Көріп тұрсың ба, қандай сұрықсыз дала? — Клара басындағы қалпағын көтере түсіп, айналаға қарады. Күн шыжып, сонадайда сағым теңізі дірілдейді. «Сұрықсыз болса, түу Ленинградтан неменеге келіп жүрсіңдер?» дегендей ойлана қалған Салиханың арқасынан қақты. — Бұл даланың талай жұмбақ сырды көкірегіне түйіп жатқанын білесің бе? Мұның астында теңіз бар.

— ? ?

— Иә, иә, кәдімгі анау Каспийдей теңіз бар. Біз соны іздеп жүрміз. Ертең оқу бітірген соң, өзің де іздейтін боласың. Мүмкін оған дейін табылып та қалар...Клараның бұл сөзі қыз көңілінен кетпей қойды. Ол не қылған теңіз жер астыңда тығылып жатқан... Егер ол теңіз табылып, жер бетіне шыға қалса, біздің ауыл қайда көшеді? Түу, сол теңізді несіне іздейді, бар емес пе теңіз керек болса... Мұның бәрін қыңқылдап сұрай беруге Салиха арланды.

Клара Салихаға жер астындағы теңіз туралы беймаза бір ой тастап, күзге қарай экспедициямен Түрікменстан асып кетті. Олардан кейін де неше түрлі экспедиция партиялары келіп-кетіп жатты. Қаздиған-қаздиған мұнаралар пайда бола бастады. Ауыл адамдарының ішінен де экспедицияға жұмысқа орналасамыз деп кетіп қалғандар болды. Міне, соған биыл үшінші көктем. Өткенде «Жетібайдан май шығыпты. Шыққанда анау-мынау емес, теңіз бен атқылап жатыр дейді», — деген хабар ауылға жетті.

— Не де болса, қайырымен болғай осы!

— Игілікке жаратсын!

— Қарағым-ау, о майды қайда апарады, қалай апарады сонда?

— Е, жол салып тасиды да!

— Ертең-ақ Гурьевтегі қызыңа поезбен баратын боласың әлі...

Ортадағы үлкен киіз үйдің көлеңкесіндегі кемпір-шалдардың әңгімесін қызыға тыңдаған балалар екі қолдарын бүгулі тізеге таяп, айнала қоршап алыпты.

— Ана жылы біздің Салиха: «Мама, жердің астында керемет теңіз бар» деп қоймайтын-ды, — деп Зеркүл жеңгей, иіріп отырған ұршығын жанына қадай салып, шүйкесін орай бастады.

Бұл хабарды мектептен естіген Салиханың қуанышында шек болған жоқ. Көптен бері іштей толғанып, көкейіне қонған арманын қолына ұстағандай. Мектеп бітіруге де аз-ақ күн қалған. Бүгін мамандық таңдау төңірегінде класс балалары болып өзді-өзі пікірлесіп еді. Үндемей ғана күлімдеп отырған Салиха Жансейітоваға қарап қойып Мәрия апай:

— Салиха журналист не әдебиетші болады, қабілеті бар, — деді. Қыз көңілі далада еді. Ол көзін сүйікті ұстазының сол жақ иығына қадаған күйі үнсіз қалды. Сонау бір балалық қиялдағы көңіліне ұялап қалған жер астындағы теңіз мұны әлі де шақырып тұрғандай сезім құшағында отыр.

ІІ.

Купенің іші қапырықтанып кетті. Бағана Шетпе станциясынан шыға бере студенттер ме, мектеп бітірушілер ме — әлденеге мәз болысқан бір топ жас жігіттер мен қыздар кіріп-шыға берген соң, Саид купенің есігін жауып тастаған.

— Сендер төменге жайғасыңдар, жоғарыға шығып жүресіңдер ме, — деген Рахат пен Саидты тыңдамай, Салиха мен Гүлжиян жоғарғы орынға шығып алған-ды. Салиха терезені түсіріп жіберді де, шағын көпшікті қолтығына ала етпетінен жатып, жазық далаға қарады. Поезд емес, анау жол жиегіндегі бағаналар даланың төбе-төмпешіктерімен қоса әлдеқайда жүгіріп бара жатқандай. Өмірдің өзі де осылай зымырап барады ғой деп ойлады ол. Жанындағы Гүлжиянға қарап еді, ол іргеге қарап кітап оқыған күйі ұйықтап кеткен екен. Сонсоң қиял теңізіне жалғыз өзі сүңгіп, жүзін бірқырын ескен самалға тосып жата берді. Бір кезде осынау даланың астында шалқыған теңіз бар дегенге кәдімгі теңіз екен деп қайран қалатын кезін есіне алды. Сол бір құштарлық ақыры оны Ашхабад политехникалық институтына алып барып еді. Оқу бітіріп, Маңқыстауға келгеніне де біраз бопты. Мұнай фонтанында кідіріс болып көрген емес, қайта алғашқы жылдарда тасып үлгере алмай жатты емес пе... Маңқыстау мүнайы вагонмен, танкермен тасығанға үлгерілер ме?! Әсіресе қыста қандай болды. Теңіз суы қатып қалып, ең өнімді транспорт дейтін танкерлер жүре алмай қалды. Тіпті скважиналарды өздері жауып тастады емес пе?

— Қыздар, тамақ ішпейміз бе? — деген Рахаттың дауысы Гүлжиянның ұйқысын, Салиханың ойын бөліп жіберді.

— Кешегі Шевченко өнерпаздары «Еңлік-Кебекті» қалай тамаша қойды, ә? — деп Рахат отырғандарға қарап қойды.

— Керемет ештеңесі жоқ қой. Біздің клубтың драма үйірмесі онан да күшті шығарар еді!

Гүлжиян Шевченко қаласынан жалғыз да, қалған үшеуі Өзеннен болатын.

— Күшті болғанмен орын ала алмай қалдыңдар ғой.

— Е, биыл алмасақ, алдағы байқауда алармыз. Әйтеуір сендердей құр алақан емеспіз ғой...

— Өй-дөйт деген, таптың теңестіруді! Шевченконың қала болғанына қанша жыл! Біз болсақ, оң-солымызды жаңа танып жатқан жоқпыз ба?!

- Екеуің Маңқыстауды бөліп алайын деп отырғаннан саумысыңдар, ей? — деп Салиха Гүлжиян мен Саидқа қарап күлді. Бұлар айтысумен Шевченко қаласына келгенде, Гүлжиян түсіп қалды. Күн екіндіге таянып, дала дидары батар күннің қызғылт нұрына малынып жатыр. Сол жақта шырақтары алаулап Жетібай қалып барады. Бұл — жер астынан мұнаймен аралас шыққан газ. Оған қысқа ғана труба орнатады да, от жібереді. Сонда мұнайдан бөлінген газ күндіз-түні маздайды да түрады. Салиханың ойына енесі Айшаның сөзі түсіп, мырс етіп күліп жіберді.

Салиха бастауыш комсомол ұйымының хатшысы еді. Бірде жұмыс соңынан комсомол жиналысын өткізіп, үйге кештеу оралды. Үйде Форт жақтан келген бір-екі қонақ бар екен. Анасы электр плиткаға біресе шәйнекті, біресі қуырдақ салған кастрюльді қойып, асыр-сабыр болып жүр.

Құдай-ау, осы далада босқа жанып жатқан гәзін аяй ма, үйге қондырмай... Шевченкідегі Төрежанның үйлері рахат — неше түрлі тамағыңды әй деуге бармай, пісіріп әкеле қояды, — деп күңкілдеген анасына:

— Түу, апа-ай, баяғыда тезек жағып та отырдық емес пе! Сонда да көзді ашып-жүмғанша тамақты әзір қылатын едің ғой, — деп Мақсат күлді.

— Иә дейсің-ау, заман түзелген сайын асып-таса қалатын әдетіміз ғой біздің.

Енесінің әп-сәтте басыла қалғанына Салиха күлген де қойған. Шофер жігіттен басқа бұларды күтіп алуға келген ешкім болмады.

— Май айдайтын құбыр құрлысы аяқталып, бүгін алғашқы рет айдағалы жатыр. Қала түгел соның басында, — деп түсіндірді жігіт машина есігін жауып жатып.

— Ендеше бізді де сонда жеткіз! Үшеуінің қуанышты үні қосарлана шықты.

— Ал, мастер жолдас, енді жоспар орындалатын болды! — деп Рахат Салихаға қарады.

Салиха өз участогінің қыздары мен жігіттерін тауып алды.

— Өткендегі тоқтатып қойған екі скважинаны бүгін қайта ашу керек болып тұр, — деді участок бастығы Мансұр қуанышын жасыра алмай күлімдеп. Сонсоң Қадиша, Күнтуған, Нұрмағамбет — бәрі участокқа келді. Түнгі вахтада Зоя екен.

— Не болды, мұнай жүрді ме? — деп будкадан жүгіре шыққан ол бұларға сонадайдан дауыстады.

— Жоқ, жүрген жоқ. Зоя келмесе, жүрмеймін деп тұр! Күн туғанның сөзіне бәрі күлісіп алды. Олар алдымен № 4 топтық қондырғыдағы скважинаны ашты. Сосын № 88 қондырғыдағы скважинаны іске қосып болып, будкаға кіре беріп еді, телефон шыр етті.

— Әлгі скважина жұмыс істемей қалды дейді ғой! — Салиха осына айтты да, телефонға қайта бұрылды. — Катя, буфердегі қысым қанша? Ноль?

— Штуцерді тазалау керек, — деді ол скважинаны әрі-бері қарағаннан кейін. Бұлар скважинаны іске қосып болғанда, сағат он екіге таяп қалған еді.

— Жер астындағы теңіз енді тоқтаусыз толқитын болды, — деді Салиха электр сәулесімен шағылысқан алып қондырғының құшақ жетпейтін трубасын ұстап тұрып. Мастер сөзінің мән-мағынасына жете түсінбесе де, аналар ықыласты ишарат білдірді. Сосын бәрі бағанадан бері күтіп тұрған автобусқа қарай аяңдады.

Бидай өңі балбұл жанған мастер келіншек жер астындағы тәкаббар теңіздің бас үйренген асаудай момақансып, қан тамырларындай, айқыш-үйқыш тартылған осынау жүйенің бойымен жүйткіген күйіне рахаттанып бара жатқандай еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз