Айкүмістің қойды өріске шығарысып, үйге жаңа кірген беті еді. Радиоқабылдағышты барынша саңқылдатып қойған үлкені Айдархан болса керек, кішкене Эльмира оянып кетеді-ау деп жүгіре басып келіп алдымен соны бәсеңдетіп қойды да, шешініп үй-ішін жинастыруға кіріскен. Орталықта интернатта оқитын Айдархан мен Әлімбегі демалысқа келгенде үйдің іші бір толып мәре-сәре болып қалатын әдеті. Екеуі түннің бір уағына дейін өздерінше бұларға «концерт» қояды, ән салады, тақпақ айтады. Келгендері жақсы-ау, тек демалыс сайын түу орталықтан келіп-кетіп тұру қиындау. Совхоз бен ферма орталықтарының арасында арнайы жүріп тұратын автобусы түскірі жоқ қой. Төртінші фермадағы туыстарға, не совхоз орталығына барып келе қояйын десең, мүгедек болып отырғаның. Оқта-текте келіп-кететін шоферлерге жалынасың, олар да жұмыс адамы, бірі құмдағы шопандарға жемшөп, екіншісі су апара жатады. Осы совхоздың байлығы көл-көсір деп мақтасып жатады. Байлық дейтіндері осылардың, шопандардың еңбегі емес пе. Сонда тым болмаса 2-3 автобус алып, жол қатынасын түзеуге болмай ма екен. Етегің елпі, жеңің желпі жүре беретін жаз болса бір сәрі. Онда әйтеуір біреудің мотоцикліне жармассаң да, қатысып тұруға болады. Ал мына үш ай қыс күніндегіні айтсайшы.
Әттең, орталықтағы басшылардың бәрі қатынасатын бір жиналысқа Айкүміс қатынасса, бәрін айтар еді.
Құдайбергенге партия жиналыстарында неге осы қатынас жайлы айтпайсыңдар деп қояды.
— Басшылар өздері білмей, көрмей жүр деймісің. Реті болмай жүр дағы, — деп күйеуі басып тастайды. Айдархан танауы қып-қызыл болып сырттан ентіге кірді. Есіктен лақ етіп енген салқын ауа қазан астындағы сксеуілдің қызуынан кері серпіліп сала берді.
— Апа, апа! Бахтияр ағам келіп тұр, құдықты ашсын, су құямын, — дейді.
— Алда айналып кетейін, Бахтияржан-ай! Бүгін қойлар су іше алмайтын болды-ау, құдық сарқылып қалыпты деп кетіп еді жаңа Құдайберген. Дер кезінде жеткенін қарашы.
— Жеңеше, саламатсыз ба? Жеңіл шықтыңыз ғой. Бидай өңді, биязы келген, қыр мұрынды әдеміше жас жігіт күлімсірей амандасты.
— Ойбай-ау, сендей қайным келіп тұр дегенде боран алардай баптанып киінуге мұрша бола ма, — деп әзілдей күлген талдырмаш денелі келіншек шапшаң басып құдықтың қақпағын аша берді.
— Қалай, жемшеп әкелді ме, өткенде мал азығы таусылып тұр деп отыр едіңіздер ғой?
— Бұрнағы күні Әмзебек жемшөп әкеліп тастаған, шүкірміз әзірге. Бахтияржан, үйге кіріп шай ішіп шықсаңшы, қарағым, — деп Айкүміс бәйек болып жүр.
— Рахмет, жеңешетай! Маған қарап отырған ел көп қой, — деп күлді жас жігіт, — бүгін кем дегенде 4-5 шопан ауылына су жеткізу керек. Үлгере алмай қалам ба деп тұрғаным. Сыбағамды сақтап қоярсыз, тағы да соғармын.
Жігіт қысқа тонының омырауын салмастан кабинаға тез мінді де, машинасына от алдырып, жүріп кетті. Ендігі бағыты «Арна-I» дегі Қадірсізов Әбдіхалықтың үйі. Алдымен су тартқызып алуы керек. Күнбе-күн қайталанып отыратын жаттанды маршрут, бірқалыпты жұмыс Бахтияр Ахметовты ешқашан жалықтырып көрген емес. Алматыдағы жездесі Қайырбек:
— Жігітім-ау, әлі жассың, өмір-бақи шопандарға су тасып өтпекпісің? Оқуға түссеңші, — дейді ылғи кездескен сайын. Мұның жұмысында қаншалықты мән-мағына барын түсіне бермейтін шығар. Бұл болмаса, басқа біреу істеуі керек. Осы № I фермадағы 25 отардың шопандары мен 21697 бас қойы Бахтиярға қарап отырған жоқ па?!
— «Адам күні адаммен» деген мақалды «шопанның күні шофермен» деп бекер айтып жүрген жоқ. Жұрт не десе де, бұл жұмыс Бахтиярдың өзіне ұнайды әйтеуір. Жалпы өзіңнің біреулерге керек екеніңді, басқалар үшін титтей де болса пайдалы бір нәрсе істеп жүргеніңді сезіну адамға біртүрлі қанат бергендей әсер етеді екен. Шынында, шопандар мен шоферлер өмірі бір тектес, мұңдас деуге болады. Шофер де машинасын серік қылып түз жолында жалғыз жүреді. Айдалада бұзылып тұрып қалса, сенерің — өз білімің, өз күшің ғана. Осындай қиындықтарды талай бастан кешіргендіктен болса керек шофер қауымының бір-біріне жаны ашығыш, ұйымшыл болып келетіні.
Биыл совхоз ғана емес, аудан жері қуаңшылық болып, жем-шөпті Мойынқұм, Шу аймақтарынан тасуға тура келді ғой. Сонда совхозға көмекке облыс орталығындағы әртүрлі кәсіпорындарынан шоферлер келген. Сонда Бахтияр Василь, Леонид деген екі жігітпен танысқаны бар.
— Қаладан кешірек шыққанбыз, оның үстіне жол нашар — совхоз орталығына түнделетіп жеттік. Жан баласын танымаймыз. Кеңсе жабық. Екеуміз бүрсиіп-бүрсиіп кабинада отырғанбыз. Құдай бергенде, мотоциклмен өтіп бара жатқан біреу кабина ішіндегі біздің шылымымыздың отын байқап қалды ма — жанымызға келді. Осындағы Жақан деген шофер екен. Үйіне ертіп апарды, түннің бір уағына қарамастан, келіншегі де құрақ ұшып жүр. Не деген мейірімді жандар бұл ауыл халқы! — деп ауздарының суы құрығанша екеуі жарыса сөйлеп әнгімелегені бар-ды.
Кейбір адамдар қызық. Шоферді машинаның айналасынан басқа ештеңені білмейтін бір маубас, не бас-көзге қарамайтын ұрыншақ халық деп ойлайды. Біздің Таңат Оразымбетов қай интеллигенттен кем. Бахтиярдың көз алдында ұзын бойлы, тік жауырынды, әдемі қыр мұрынды қараторы жігіт тұрды. Келіншегі Гүлжаһан екеуі совхоздағы жиын-тойлардың сәні. Білекті сыбанып жіберіп, Украинаның «Гопак», Кавказдың «Лезгинін» билей жөнелгенде, оған совхозда жан баласы ілесе алмайды ғой. Гүлжаһан екеуі бимен де, әнмен де дүйім жұртты тамсандырады. Және өзінің оқымайтын кітабы, алдырмайтын газет-журналы жоқ. Таңатпен кез-келген жағдайда кез-келген тақырыпта әңгімелесе аласың. Ал сол жігіт те водовоз айдайды. Төртінші ферманың малын да, жанын да сумен қамтамасыз ететін сол.
Өткенде Әмзебек үйленгенде совхоздағы шоферлер түгел дерлік жиналды. Тойды бастау, өткізу, әйтеуір барлық жұмысты өздері көтеріп алды. Тіпті келіннің бетін ашатын ақын да өз араларынан шықты. Ол әлгі айтқан Жақан деген жігіт. Тіпті Гүлжаһан бастаған қыз-келіншектер тобы бір жақ, Жақан мен Таңат бастаған жігіттер тобы бір жақ болып өлеңмен қақтығысып қалды.
Бір сәлем кыз-келіншек кауымына,
Хош келдің той үстінде ауылыма.
Өлеңмен қақтығысып мендей салмен,
Қайсың бар сән беретін сауығыма?
Жақан желдірмелетіп барады, ешкімге ауыз аштырар түрі жоқ. Қыз-келіншектер жағы сыбырласып қалды да, жігіттер тобы «е, бұлардың тап өлең шығара қоятын ешкімі болмас» дегендей мәз болып дабырлап кетті. Кенет Гүлжаһан домбыраны алып жіберіп:
Жоқ жерде ақынсыған қандай жігіт,
Сөзің жоқ сүйсінетін таңдай жібіп.
Қарай гөр қырындауын, машинасын
дұрыстап қыздыра да алмай жүріп.
Жұрт ризалық білдіріп мәз болуда. Шоферлер ішіндегі ақсақалдар болып саналатын Керімбек, Сейдахметтер де той ағасы боп басы-қасында жүрген.
— Бұл шофер халқы деген мұндай ұйымшыл боларма, ей! Бірі бастап, екіншісі қостап қояр емес. Өздерің осы тойды өткізуге айлап дайындық жүргізгенсіңдер ғой тегі, — деп партком секретары Мүтәліптің қалжыңдағаны бар. Көп сөйлемейтін Сейдахмет аға әдетінше күлімсіреді де қойды. Оның орнына сөзден есе жібермейтін Керімбек:
— Е-е, бізді машинаның рулін айналдырудан басқа ештеңе білмейді дейді екенсіздер ғой. Көресіздер әлі біздің жігіттердің қандай екенін! — деп бір жағынан намыстана, бір жағынан әзілдей жауап берген. Жақан желпініп бет ашуға кірісіп кеткенде, жұрт ұйып қалды. Бір-бірлеп ауыл адамдарын таныстыра бастады.
Төрде отырған жайлы адам —
Сейдахмет қайнағаң...
Машинасын ылғи да
Сексенбеспен айдаған.
Жұрт қыран-топан күлкіге батуда. Тіпті Орынкүлдің өзі де төмен қарап езу тартқан. Ел ішінде Сейдахметті баяғыдан «сексен бес» деп атап кеткен-ді. Құрбы-құрдастарының шығарып жүргені ме, әйтеуір ойда да, қырда да Сәкең «сексен бестен» төмен түспейді деседі.
— Машинаң сенімді болса, өзің сенімді болсаң, тоқсан беспен де жүруге болады, несі бар, — деп күледі өзі кейде әзіл айтқандарға.
Сейдахмет, Керімбек, Әмзебек, Жақан — бәрі де осы совхоздың ыстық-суығын бірге көріп, талайды бастан кешірген жандар. Қысы-жазы малға жемшөп тасиды. Қойлы ауылдың сағына, асыға күтетін адамдары. Шоферлерге рақат қой: астында машина, қайда барам десе де жол ашық деп кейбіреулер қызығады. Орынды қызығу әрине. Дегенмен, шофер біткеннің бәрі ылғи бір майда шуақта жүреді деу қате. Оны кез-келген сезе бермейді. Көктем мен күздегі «Үшарал» жерінің ми балшығы мен қысы-жазы толастамайтын топырақты дауылы, кабинада отырады дегенмен, шоферді де қажытатын сәттер болады. Сосын анда апарып тастай қойшы, мында апара қойшы, пішенімді түсіріп тасташы, қарағым, сияқты көлденең «жұмыстар-ақ» ығыр қылады. Бармайын десең, ол адам да жетіскенінен жалынып тұрмағаны белгілі. Алып кел -қуып келдің бәріне жүре берейін десең, негізгі жұмысыңнан босай алмайсың. Шопан үйіне су әкеліп, енді құмдағы шопандарға бара жатырсың. Әлгі үйдің баласы жармасады:
— Ағатай, ертеңгі сабақтан қалып қояйын деп тұрмын, кеше демалысқа үйді сағынғасын келіп ем. Орталыққа апарып салыңызшы, — деп жалынады.
Өткенде Бахтияр екі күн жол жүріп, түнделетіп үйге жеткен-ді. Шопандар ауылының аралығында жол қайдан болсын. Тіпті фермалар мен совхоз орталығы арасында да асфальт жол жоқ ол түгілі. Серделі үйіне су құйып тастап, Мейірбек ауылына қарай іңірлетіп шыққан. Күн сіркіреп, күздің жел аралас жаңбыры әбден берекетті алып тұр. «Баянбайдың сайынан» шығар жерде соңғы дөңгелегі жарылып, тайғанақтап кері жылжығанда, машинасымен аударылып түсуге шақ қалған. Запас дөңгелек не домкрат болмағанда қашан кездейсоқ бақытқа қарай жолшы машина жүргенше азапқа әбден бататын еді. Соның өзінде малмандай болып біраз жаураған. Мейірбек үйінен шығып, ауылға жеткенде жұрт орынға отыратын мезгіл болып қалып еді. Мұның келер жолын бағып жүрген Зағипа апай бұл үйге кіріп үлгерместен жалына бастады. Кішкене Гүлбаршын ауырып қалыпты. Күні бойы орталыққа дәрігерге апаруға машина жоқ, екі көзі төрт болып отыр екен. Өзі жалғызілікті адам, баяғыдан көрші, бүкіл ауыл қадірлейтін аяулы жан Зағипа апай боз қырау шалған самайы желбіреп келіп тұрғанда, «шаршап келдім, таңертең тағы ертемен жол жүремін» деп қалай айтарсың.
Шофердің өмірі осылай өте береді. Әйтеуір өзіңнің аз еңбегіңмен адамдарға қуаныш әкеліп, жақсылық жасайтының ғана көңілге медеу. Біреудің қуанышын көргенде, өзіңнің шаршап-шалдыққаныңды ұмытып кетесің. Еңбек ләззаты деген осы шығар. Біздің «Талас» совхозының бағымындағы қозы елтірісі неше түрлі елдерге жіберіледі дейді. Соны киіп, жарқылдап жүрген адамдар оның қаншама қиыншылықпен, қанша еңбек, бейнетпен өндірілетінін білсе ғой... Олар мынау құба бел сусыз даланы, ат мініп жаздың аптабына қақталған, қаңтардың үскірік аязына жүзін тосқан шопандарды, солар үшін сарғайған даланың жонын тілгілеп ылғи жортуылда жүретін шофер қауымын елестете ала ма екен. Әй, кім білсін! Жалпы қандай асыл нәрсенің де оп-оңай келмейтінін адамдар білуге тиіс!
Қар қылаулап тұр. Табиғат шіркін сары шұнақ аязын соңына сақтап, жылымшы жылуымен алдарқатқан болады. Жігіт аяғын педальға басып, асығып келеді. Өйткені, алда талай армандар мен асулар бар ғой.
* * *
Бәрің де менің көңілімдесіңдер, аяулы жандар! Сендердің шыңның қарындай аппақ көңілдерің, Адамға деген ыстық ілтипаттарың, ешбір дарын иесі қаншама роман, поэмалармен жеткізе алмас қиын да қызықты өмірлерің мені де, көңілінде түйсігі бардың бәрін де тебірентеді. Еліміз бен жеріміздің даңқын шартарапқа әйгі ететін сіздердің маңдай теріңіз бен жан аямас еңбектеріңіз екенін зиялы қауым әбден түсінеді. Сіздерге бас иеді, дарқан даланың жомарт жандары!
Талас ауданы
Жамбыл облысы
1975
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі