Қарағанды. 1989, 2004 жылдар.
Өнер адамының қай-қайсысында да кереметтей табынатын, таңданатын, қорқатын («қорқу» деген, меніңше, — сыйлаудың ең жоғарғы шегі) бір құдіреті болады деп ойлаймын. Өмірде де солай шығар. Дауыл құшқан теңіздегі шам-шырақтай, алыстан тартып табындырар күш пен сенім болмаса, тіршілік атаулы да мән-мағынасынан айырылар еді. Ол күш өнердің айдындай даңғылына түсіп алғаннан кейін емес, сол айдынға бет алмас бұрын сені табындырып, өзінің мәңгілік жарығымен, жол басында-ақ біржола жаныңды баурайтын секілді. Әйтпесе, сен өнердегі өз соқпағыңа түсіп, өзіңнің үніңмен сайрап алғасын, саған шамшырақ та, ұстаз да, жебеуші де көп. Гәп — қиын жолдың басында, қарсы ағыстар мен шырқау биіктерден сескендірмей, қалай да бір арманға бас қойдырар алғашқы ғаламат күште.
«Мен тұрдым сонда
алапат ойдың толқындарына мың батып,
шақырып өрге жыр-жақұт,
қарсы ағыстарға құлашты сермеп кеттім мен,
қалғып кетпесем, бұл — бақыт!»
Көптеген жастарға поэзия шалқарындағы осындай күш болған Әбділда ағаның алалықты, бөлініп-жарылуды білмес, айдындай көңілі мен қайталанбас ақындық табиғатын «Толағайды» жылап отырып жатқа соққан сонау балалық кездің өзінде-ақ сезініп өстік емес пе?!
Мен ұстаздық деген жетелеп әкеліп жұмысқа орналастыру не өлеңдеріне алғысөз жазып, газет-журналдарға бастыру, болмаса жазған-сызғаныңды мақтап мақала жазу деп түсінбеймін. Ұстаздық — сонау шың-құздардың басындағы мәңгілік мөлдір мұздай жалтылдап, өзіне талпындырып, алыстарға ұмтылдырар бір тұлғалардың өзіндік болмысымен, биіктігімен сенің алдыңда тұруы.
«Жанарым талды-ау менің
заңғар шыңдардың басына қарауменен
(көңілім, шырқап қалдың ба —
жадаулау ең?!).
Сол биіктіктің көз жетпес ұшар басынан
лапылдап тұрған мен ылғи алау көрем», —
деп кейінгі ұрпақтың сирек шыңдарға бар ынты-шынтымен құлап табынатын себебі сол болу керек.
Әбділда ағаның бойындағы мені табындыратын асқақ қасиет — ол кісінің ақындық мінез-табиғатымен қоса шыншылдығы. Құдайдың өзі келсе де көлгірсімей, мақтана-маңғазданбай, мен сондаймын — біліңдер, таныңдар деп тепсініп табындырмай, табиғаттың өзіндей тазалық, шыгарып салмай шынын ақтарар көңіл — бәрі-бәрі жанның қай-қайсысын да баурар деймін.
«Жақсы аға — жайсаңдарым,
сендер барда асқақпын, қайсар жаным.
Арқа таңып сендерге алдарыңда
еркін басып жүруге тайсалмадым.
Сендер барда
үкілеп мінгендеймін
жел ілеспес даланың ай саңлағын», —
деп қазақтың осындай, дәл Әбділда ағадай, дарындарына ғана — жүрегінің әр лүпілімен сенің тынысыңды, болмысыңды сезіп-сезініп жүрер жандарға — айта аламыз.
Уақыт бір орнында тұрмайды, әр қилы өзгеріс-өңдеуімен адамды да, ортаны да өзімен бірге ілгері жетелейді. Әр дәуірдің алтын-күмісті жарқылдақтарының бәрін бірдей іріктей бермес тарих талғампаз ғой. Бір кезең тау деп табынған шырқаулар тарих төріне келгенде, төбешік болып қалады. Алайда дәуірдің аз күндік дүбір-дақпыртын, менменшіл мезгілдің шаң-тозаңын бойына дарытпай, сол асқақ та айбынды, мөлдір де пәк қалпында мәңгілікпен ұштасып қалар тұлғалар болар. Олар найза ойнаған көгілдір мекенді мәңгі жайлап, сол баяғы қалпында, арманшыл балауса көңілдерді баурар асқақ қалпында қала берер. Өмір өтер. Адамдар мен замандар, бұдан бұрынғыдай, өзгерер. Көңілі таза, жаны мөлдір, терең ой ұрпақтар келер. Олар да:
«Биіктіктегі дауылдар
елестететін шығар-ау майдан сындарын,
(мен де бір самғап көрсем бе —
қайралсын жаным!)
Қайта келмейтін тұлғадай
мына жалғанға
қасқайып қалай тұрсыңдар, қайран шыңдарым?!» -
деп жырлары, таңданары, талпынары хақ. Шың тұлғалар балғын жүректерді осылайша ғашық етіп, осылайша ұмтылдыруы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берер.
Мен Әбділда ағаны әдебиетіміздегі осындай тұлға көрем. Әрине, поэзияда 70-ке келген тарландар баршылық. Әркімнің өз биігі, өз тәңірлері мен табынушылары болады емес пе?! Менің талғамым Әбділда ағаны қалайды; оның кейде алапат теңіздей бұрқанысын ажарынан сезіп, өзім де бірге қуанып, етегі жасыл жай, жаз дәурен ата таудың баурайында асыр салып жүргендей сезінемін.
Мен ең алғаш Әбділда ағамен жүзбе-жүз келіп танысқаным 1972 жылы, ұмытпасам, тамыз айы ғой деймін. Медеуге барар жолдың сол жағында, таудың басында «Алатау» деген санаторий бар екен. Мен демалысымда сонда баратын болдым. Келдім. Түскі тамаққа таяу кез болатын. Қызметкер мені ертіп бір столдың жанына отырғызды да, «Әбділда Тәжібаев — дастарқандас көршіңіз», — деді. Жүрегім алып-ұшып, өз-өзімнен сасқалақтадым да қалдым. Әбекең түскі асқа келмеді. Кешкі асқа уақтылы келді. Мені жатырқап не жас адам деп шікірейе қараған жоқ.
— Атың кім, қалқам? — деді.
— Фариза...
— Фариза? Ақын болдың ғой! Өлеңдеріңді оқығам... — Одан әрі мақтады. «Өзің адамға жоламайсың ғой» деп, жаңа жаза бастаған жастардың өзіне келіп жүретінін, уақыты көп болмаса да, олардың туындыларын оқуға тырысатынын айтты. Содан бері Әбекеңді адам ретінде біліп келемін. Көрген сайын ол кісінің кесек мінезіне іштей риза боп, жылдар деген, жас деген үлкен тұлғаның рухын аласарта алмайды екен-ау деп рақаттанамын. Бірде мен өзімнің «Мүшәйра» деген топтама өлеңдерімнен бір-екеуін оқып бердім. Әңгімелесіп отырдық.
— Сара апаңның шайы қайнағанша мен де бір өлеңімді оқып берейін. Бірақ сенің әлгі өлеңдеріңнен кейін өлең оқу да қиын болады-ау! — деп қарқылдай күліп, шашын бір қайырып қойды.
Мен секілді қанша жасты жыр шыңына шақырмады Әбекең?! Жанашырсыз, қорғансыз жыр алауын әлемге шаша алмайды!
«Жырлар керек
жетелейтін қиялдай бал арманға,
от ойнатар мұң тұнған жанарларға.
Қиянаттан күрсінсе Батыр — уақыт,
Махамбетше турайтын қақыратып
айбалта-жыр керек-ақ адамдарға.
Жырлар керек
жаурағанда сездірмес жел екпінін,
дірілдетер жаныңның ерек гүлін,
бір-біріне ұмтылған алыс жүріп
жүректерді кететін табыстырып
мөлдір жыр да, мұң жыр да керек бүгін.
Сезесіз бе —
бар осынау күрделі ғасырда ызғар,
алай-дүлей дауылдар, жасыл мұздар...
Қару десе тыяды бұлақ та үнін,
мылтық, бомба қажетсіз!
Бірақ бүгін
тек қарусыз қалмасьш асыл жырлар!
Жырлар керек
қияларға бастайтын нұр-шыңдарға,
мезгілдердей мәңгілік тылсымдарға.
Жер бетінде бар әлі күңкіл, егес...
Семсер жырды мұқалту мүмкін емес
Аға, мынау өмірде Сіз тұрғанда!»
1979
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі