Мен бізге іле-шала ілесіп келе жатқан әдебиеттегі бауырластарыма, одан кейінгі, бұл күнде алды отызды еңсеріп тастаса да, жасамыстардың «жас» деген айдар тағуымен еленетін туындылары бола тұра, елене бермей жүрген таланттарға ризалық, жанашыр және үмітті сезіммен қараймын. Бізді жасқандыратын, жанымен ұғынатын, биіктететін, онан қалса, ұялтатын да солар.
Адам есейген сайын, рухани өскен сайын кәрі емендей даралана беретін болса керек. Мүмкін әр кезең ұрпағының өзіне, уақытына сай мінез бен болмыстағы ерекшеліктері болатынынан ба, әйтеуір бізден кейінгі ұрпақтың бойынан өзім қызығарлық қасиеттер көремін. Ол — тұтастық, адамгершілік, үзеңгі қағыстырып аударыса жұріп бірін-бірі орға жықпайтын жанашырлық, тіпті бірін-бірі адам ретінде жақсы көрмегеннің өзінде талантын мойындау және халыққа мойындатуға тырысар азаматтық.
Бұл — ішіп-жеу, дауласу-жауласудың өткінші одақтастығы емес, әдебиеттегі әр буынның, өскіннің сабағындай, тұтастығына, өркендеуіне мүмкіндік туғызар ауадай қажет қасиеттер. Осы қасиеттерді ақсақалдардан немесе біздің орта буын өкілдерінен емес, кейінгілерден көріп, сеземін. Тәубаға келемін.
Әдебиет — халық өмірінің айнасы. Туған әдебиеттің тұтастығы — халық бірлігі.
Біздің өкшемізді басып келе жатқан қазақ әдебиетіндегі осы сырқаусыз буынның белді өкілі — ақын Нұрлан Оразалин.
Көп жұрт Нұрланды драматург деп біледі, пьеса жазушы деп ұғады. Нұрланның поэзиялық шығармаларына зер сала бермейді. Зер салмаған адам күмісті де қола дей салуы әбден мүмкін.
Мен өзім Нұрланды қазақ поэзиясындағы санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын. Сонау 70-жылдардың басында:
«Оңымнан соққан жел ме екен,
Солымнан соққан жел ме екен,
Салғырттау жүрген кезімде,
Сабылып қайдан келді екен!?» —
деп, поэзияға келген, ол кезде «Қазақстан пионері» газетінің редакциясында университет бітіргеннен кейін еңбек өмірбаянын бастаған ұзын бойлы, бидай өңді, қағылез келген жас жігіттің бүкіл бітім-болмысынан да, нұрға толы үлкен көздерінен де ерекше бір жылылық, мейірім есіп тұратын.
Рас, Нұрлан қозылаған қойдай жыл сайын жыр кітабын шығармайды. Анда-санда жарқ етіп көрінетін санаулы жинақтарының қай-қайсысынан да жүрегіңді дір еткізер сағыныш мұңы еседі. Сонау бала шақтағы «көшкен үнді шақырған сыбызғы жел», «жұлдыз көшіп, ай аулаған түндерде ақылға құрық салғызбай жұлқынған жүрек», «жігіт-көктем қыз-қырға гүл ұсынып», «сәйгүлік жел, құба жонмен жарысқан жомарт кездер» — осының бәрі табиғаттың өзіндей сезім бояуларымен көз алдыңда тұра қалғанда, дүниенің қасаңдығын, адамдардың, аралдардың қашықтығын қатыгездікпен өш алып, өкпе қайыру емес, жағымпаздықпен алған жалған абырой-атағың емес, тек ғашықтығың — мынау жақсылығы мен жаманшылығы шуақ пен көлеңкедей жарық дүниеге ғашықтығың, қарымтасыз ғашықтығың ғана жеңеді деп жар салған ақын жүрегінің сеніміне сен де сенесің. Өлең сендірсе ғана өлең ғой.
«Ойпаң бел, оймақ қыраттар
жонданған кезде келермін.
Ой желке күлік құр аттар
қоңданған кезде келермін.
Келермін, бәлкім, таңды ұрып,
келермін, бәлкім, кешті ұрып,
Таңқурай бітіп, жаңғырып —
құлазып жатқанда Ешкілік.
Ерте ме, кеш пе... Бір келем,
сағынышым менен жолды ырғап,
Ай туған шақта іргеден,
Қарағайларға қол бұлғап», —
деп, романтиканың ақ боз арғымағын сар желдіріп жүрген Нұрлан ақын бертін келе:
«Қалай босқа жүргенбіз күйіп-жанып,
күймейтүғын жерлерде күйіп-жанып,
оттегіні бөлісіп бір ауадан,
бір аспаннан жүргенбіз сүйіп жарық?!
Қалай, қайтіп жүргенбіз — таңданамын?
Өткен-кеткен... Бірін де аңдамадым.
Өгей сезім кеудені тебеді енді,
Тепкізген кім?
Таба алмай шамданамын...
Таба алмай дал боламын...» —
деп, күні кешеге дейін ақ боз үмітпен, ақ боз таулардың ішінде ақ боз армандай пәнидің сұлулығына қайран қалып, дүниенің бәрі осындай деп қараған, «күлген бірге, жылаған, тұрған бірге, құлаған» достарға енді ойлана көз салатын болды; «маза бермей жүрекке, санаға түн, сәттерім көп толқитын, жамағатым», — дейтін кемел кезеңге жетті.
«Бұлғалап таулар шоқтығын,
өтіп те жатыр көп күнім.
Түндерім қанша мазасыз
кетіп те жатыр... Жоқ тыным.
Шыға алмай шырқап сөремнен,
көре алмай қызық өлеңнен,
сананы санға бөлшектеп,
сарсаңға түсіп келем мен», —
деп есейе берді.
Өмір есейтеді, елегінен екшеп өткізеді. Дүние түгелімен бозала таң, бозбала түндер емес екенін сонау күнгі достарыңның өздері-ақ, сонау бір мәңгілік деп ұққан салқам сезім, «қою қара түндердегі еліктердей, ағараңдап ұзап бара жатқан арман» мойындатады. «Жиырмасыншы қиын ғасырда адамдарды сендіру де қиын екеніне» көз жеткізесің, көзің жеткен сайын өткеніңе, айналаңа, тіпті баяғы «алма ағаштар ырғалған бозамық түндерде қиылып қарайтын сынық айдың өзіне де алып-ұшпай ойлана қарайсың», мың ғасырлық қалпынан жаңылмай, адалдықтың соңынан әлі күнге қалмай тірсектеп келе жатқан зұлымдықты көресің.
Нұрланның «Жазушы» баспасынан шыққан «Жетінші құрлық» атты өлеңдер жинағын оқып шыққанымда, Жердің қанық бояуларына шалынған кемел ақынның осындай ойлы жырларына кенелдім.
Нұрлан сезімімен қайып, ақиқат полотносына сурет салады. Адамның көңіл дүниесі, жан әлемін дәл сол күйінде түсіретін техникалық құрал не суреткерлік құдірет жоқ. Ол — бойлатпайтын құбылысты ғалам. Ақын осы ғаламат әлемнің құпияларын дөп басуға тырысады. Көңіл күйінің көшірмесін дәл түсіруді — өлеңмен түсіруді — мұрат тұтады.
Көңіл күй, сезім — өлеңнің өзегі. Сезімсіз өлең — сусыз сағым. Нұрлан өзін толқытпаған жайды жазбайды. Тек тұла бойын шымырлатып, өткен күн, келер шақтарды елестетердей әсер берген құбылыс қана оның жүрек қаламынан жыр туғызады. Осы көңіл дүниесінің қалт еткен қас қағым сәті Нұрлан өнерінде табиғаттың көңіл әлемімен көмкеріледі де, адам мен жаратылыстың бұл күнде жер үстінен қашықтап бара жатқан үйлесімін табады.
«Жырақтадың... Сен менен жырақтадың,
кетпей қойды кеудемнен бірақ та мұң.
Жаным бүгін жауынды көшедейін,
шашын жайып жылауда құрақ, талым».
Немесе
«Қырау келіп қонардай тал басына,
сыз тигендей сілкінем жамбасыма».
Осы шумақтардың өзінен-ақ лирикалық кейіпкердің ішкі жан әлемін көресің.
«Жұлдыз жауды...
Аспаннан Ай құлады.
Елең етті сезімнің айқұлағы.
Көңілімді қорқыныш жаншылады,
көңілімді қуаныш қамшылады.
Аппақ жауын, сәуірдің тамшылары».
Мен ана бір жылы Францияда болғанымда, мүсінші Роденнің Париж маңындағы шеберхана музейіне барып ем. Қырда өскен қазақ атаулы мүсін өнерінің бағасын біле бермейді. Дәл соған дейін өзім де мен үшін құпиядай бұл әлемнің қыры мен сырына үңіліп көрген емес едім. Сол жолы атақты шебердің саздан соққан туындыларын көріп, таң-тамаша қалғаным бар. Адамның бес саусағы. Жер астынан шығып тұрғандай. Сол саусақтарға қарай қалсаң, оның иесінің қандай күй кешіп тұрғанын бірден сезінесің. Нұрлан өлеңдеріндегі осындай табиғатпен, ауамен, бұлтпен, ай сәулесімен астасып жататын жан қозғалысы, тынысы көңіл қуантады.
«Далада аяз,
Ақпанды ұмыттым да,
ақтарылдым көл-көсір сезім болып,
жанарымнан ел сезбес сыр ұқтың ба —
орғыды бір ойнақшып көзіңде елік
(кездестің-ау ғажайып кезім болып?!)»
Адам баласының бүкіл жарық дүниеге, барша жанға деген жанашырлық, сүйіспеншілік сезімі өзінің оймақтай аулылын, ес біліп, етек жапқанда көңіл көзі түскен туған табиғатын жақсы көруден басталса керек. Өзінің аршасы мен шыршасын, тобылғысы мен дүзгенін кие тұтпаған адам басқаның ауласындағы қайыңын қастерлей алмайды. Өз туған жерінің тауы мен жылғасын, құралайы мен ұларын, наурызы мен қарашасын Нұрлан керемет өрнектейді.
«Көк бастаудың жабысып белесіне,
қайдағыны оралтып ел есіне
шайқаң-шайқаң етеді түлкі тұмақ,
көк бүркітін көтеріп төбесіне...»
Көз алдыңыздан суреттер өтіп жатады. Жай өтпейді. Дәл өзің бастан кешіп, сол ауамен демалып тұрғандай сезіндіреді.
«Қазан айы. Қарашы, қара суық.
Тау иығы аппақ қар, дала сұлық,
атасының қамшысын қалдырғандай,
тауға кетіп барады бала суыт.
Қазан айы. Қарашы, қара суық».
Мына суретті көріңізші, сонау баяғы тау бөктеріндегі шағын ауыл, көгілдір мұнарға оранған сай-сала, шыңға өрмелеген сары шапақ... Тезек иісі мұрныңа келеді.
«Қияқ шөпті сарғайған несібе қып,
қия бетті барады кесіп елік.
Қойлы ауылдың қиынан шыққан түтін
қаз, тырнаның барады көшіне еріп».
Өзің де сол қаз, тырнаның немесе қия тұсты бетке алған сұлу еліктің соңынан еріп бір жақтарға кетіп қалғың келеді, өйткені сарғалдақ сезімді сартап қылған тас көшелер мен көшелі қабырғалар жан әлеміңді тулақтай тарылтып, қусырып барады.
«Көшелерді қыдырып қашады үнің.
Ақ жаңбырлар кеудеңе шашады мұң.
Көзге түсер көк айдын көлге құлап,
мұңайғаны сәмбі тал шашағының...»
Нұрлан өлеңдерінде тіліміздегі ұмытыла бастаған тіркес, балама бояулар жиі кездеседі. Қазақ тілінің қанық бояуы көне матадай көмескі тартып, керемет метафора, образдар ұмыт бола бастады.
«Наурыз туа буланып жылдағы қар,
Сай-саламен сыңғырлап, жылға құлар.
Қозы-лағын көгендеп көктеудегі үй,
Қошақанын қойшы қарт құмға бұлар».
Біздің көбіміз кібіртіктеп, өлеңмен сурет сала алмайтынымыз — сөздік қорымыздың қымызы азайған торсықтай жүдеу тартуында. Тілдің көркі балама, бояуларында.
«Күздің сынық қабағы... Нұр жасырып,
жапырақсыз жабырқап тұр ма шыбық?
Жалғыз атты жолаушы — саятшы қарт
Тау бөктерлеп келеді қырға асығып.
Тұғырында — бүркіті томағалы.
Тізгін тартып, маңайын шолады, әні.
Қызыл түлкі-дүние — көз ұшында,
көз ұшында бұлдырап жол ағады».
Нұрлан сөз мұхитында еркін жүзеді. Жел қай бағыттан соқса да желкенін көтеруге дайын.
«Желді кезең, желкілдеген құлын шақ,
Бал күндейін баяны мол ұрыншақ,
Айқайтас пен Қараршадан, Шүңгіттен
Тұрғандайын бір үн сап.
Жез таңдайлы құлыншақ».
Немесе
«Алып таулар аспанның кемесіндей,
бағзы күннің бояусыз елесіндей.
Жүзіп бара жатқандай бір бағытта,
Аққан жұлдыз садақтың жебесіндей»..
Ал мына бір жолдарда:
«Таныс дауыс. Бала күнгі таныс үн.
Жапан тауды мекен еткен танысым —
Ана-Бұғы бүгін неге мазасыз,
бүгін неге жаңғыртып жүр тау ішін?!»
не
«Ауыл түнгі ұйқыда,
Борасында.
Қарагер ат жусайды қорасында.
Әлденеге көңілім елегізіп,
кетіп қалғым келеді қара шыңға».
Немесе
«Ән сыздатып Алатаудың жотасын,
Інген-сезім іздер кеште ботасын.
Жасыл бақтың жапырағын жұлып күз,
Тәнімізге салар мезгіл соқасын».
Нұрлан ақынның суреткерлік өнерінің негізгі тіні — адалдық. Бағзы заманнан ақын біткен аласұрып арашашы болған адалдықтың зұлымдықпен жекпе-жегі әлі итжығыспен келеді. Жалт етпе жылтырақ пен шын асылды ажырату ырду-дырдулы, өтпелі ұрандары мол біздің заманымызда оңай емес. Оқушының көркемдік талғамын тәрбиелеу — әдебиетшілердің басты парызы. Біз табиғатымыздан аңғал халықпыз. Оның үстіне талғам тәрбиесін әдейі ұмыттырған қоғамымыздың тізгіні өзінше ой ойлағанды, өзінше пайым жасай алатындарды ылғи сыртқақпай қалдыруға тырысып келеді.
Осы бір жайды жақсы түсінетін ақын өмірдің, заманның күрделілігін, күрделі тірліктің психологиясын ашуға ұмтылады.
«Байқайсың ба?..
Құлағына ғаламның ән келеді,
Көз алдына ғаламның қан келеді...
Ән менен қан шарпысып жатыр тынбай,
Дүниенің жалғасып мәңгі елегі.
Кеткендей боп ойлардың салы суға,
саналар қағысуда, алысуда,
Атом-ғасыр атой сап сағат сайын.
Оқ жонатын заводтар жарысуда...»
Кейде шулы, дулы, темірлі, тасты қаланың кеуде қысар тірлігінен жүйкесі жіңішкеріп жүдеу тартқанда, сүйіктісін жанына ертіп алып:
«Ақ шатырды қондырып ықтасында,
түтін иіскеп, қақалып от басында,
Адам ата, Хауана... Отырар ма ек
сенен өзге ешкім де жоқ қасымда», —
деп, табиғат аясын, пәктік пен сұлулықты аңсайтын ақын адамзат санасының енді қасірет туғызар кесапатына алаңдайды; бұрынғы құлын шақтың мамыражай тірлігі енді оған қанағат емес, өйткені Жер мен Елдің еркін тыныс-демінсіз жеке бастың бұлтсыз ғұмыры болуы мүмкін емес.
«Көңіл — арсыз...
Тіршілігің тағы арсыз.
Арсыз-мұңсыз, ойсыз, қамсыз
Өтіп жатыр көп күнің,
өтіп жатыр көп түнің», —
деп өзіне-өзі риза болмай:
«Өзекте жалын. Көзде — мұң,
өзіме бөтен өз демім.
Өлең де бөтен, ой бөтен,
Жұлқиды жанды кезбе мұң», —
деуі де жай айтыла салған ой емес.
Мұның астарында ақын армандайтын адалдыққа, жарасымды тірлікке, еркіндікке алаңдау бар. Алаңдау неден туындайды? Өмірдің, адамдардың алалығынан, әділетсіздіктің ойқастауынан, жазықсыз жапа шеккен біреулердің жетім сезім, жерік үнін естуден туындайды.
«Уақыттың бүгінде жасы кепкен...
Бұрыл!
Қара, жолыңа басып өткен:
ұлы Абайын сойылға жығып жұрты,
Махамбеттің семсерде басы кеткен».
Ақын алдан көңіл мен ақаулы тірліктің мазасыз болмысын көріп қана қоймайды. Мейірімнің соңынан ерген қатыгездік барын, өмірдің соңында өлім барын ескерте отырып, әділет пен адалдықтың жеңуі үшін көріп, сезудің аз екенін, әркім өз қуатын жұмсауы қажеттігін меңзейді. Әділет пен шындықтың аспаннан салбырап түспейтінін еске салады.
«Жұлқып-жұлқып өтердей жүрек тұсын,
Бұлқын! Сілкін! Өмірді жыр ет, күшім,
Жағаласып, әлемдік сұмдықтардың
күрес керек қағатын күрек тісін!»
Нұрлан өмірдегі барлық болмысқа, құбылысқа ызасы бетіне теуіп, тепсініп қарамайды. Ыза — ақылдың жауы. Ақыл жұқарған жерде ақиқат та сылти басады. Ақын жақсылы, жаманды тіршілік болмысына биіктен, парасат биігінен байыппен қарайды. Бұл — суреткерге аса қажет қасиет. Көбімізге қонбай, қолымызды жеткізе алмай жүрген қасиет.
Нұрланның поэзиясын қадағалап оқитын болғандықтан, оның шалғынды болмысын да, шаңдақты тұсын да байқап, бағдарлап жүремін. Ақынға үкім айту, оның өзіне ғана тән өрнегіне басқа бағдар қос деу — айып. Суреткер творчествосының жұрттың бәріне бірдей қабылдануы мүмкін емес, олай болуға тиіс те емес.
Нұрлан поэзиясындағы ақындық шабыт, сөз өнері жайлы:
«Жүректі тулатып бір қиял-ағын,
өлең-құс, кеудеме кеп ұяладың...
Аз күндерді өткеріп сөз құраумен,
самайды да бояппыз боз қыраумен.
Менен қашып бара ма шабыт шіркін,
Жұмыр басын тауға ұрып, тасқа да ұрып?!
Ауық-ауық жүректі желіктіріп,
Өлең атты қозғай ма жетім елік?!
Отты өлеңнің жалыны ерте сөнсе ?
Мен не дермін, апыр-ай, ертеңіме?!
Өзіңді аңсап келемін, Ыстықкөлім,
Шабыт құсын жаңа бір ұсынар деп...» —
деген шумақтары маған ұнамайды. Рас, жаратылыс берген талант құпиясын ашу, өлең туардағы ақынның жан күйін өлеңмен беру қазақ поэзиясында сирек кездеседі. Нұрлан жырларында бұл басқаша әсер қалдырады.
Екінші бір жай — Нұрлан жиырма бестен асып кетіппін, отызға да келіп қалыппын деген тақылеттес «уайымды» жиі айтады. Оқырман үшін ақынның жасының қажеті шамалы. Оған «іші алтын, сырты күміс сөз» керек, саф алтыннан құйылған сезім өрнектері керек.
«Аттандырып ұйқысыз сағаттарды,
төзім талды, жанар мен тағат талды.
Өмір — боран. Барады үзіп-жұлып
дәптерімнен сызылған парақтарды», —
деген жолдарға сүйсіне отырып, Нұрлан ақынға қазақ поэзиясының жарқын беттеріне айналар жаңа жырлар туғызар мазасыз түндері жақсы жырға сусап жүретін халқын жемісіне кенелте берсін дейміз.
1988
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі