Өлең, жыр, ақындар

Меңдекеш Сатылбалдиев туралы сөз

Талантты ақын Меңдекеш Сатыбалдиев 1937 жылы 3 қыркүйекте Гурьев облысы, Жылой ауданына қарасты Аманкелді ауылдық советінің «Ақкиізтоғай» деген жерінде туған. Ата-анасынан ерте айырылған Меңдекеш мектеп бітірісімен, еңбекке араласуға мәжбүр болды. Ол әр түрлі салада жұмыс істей жүріп, 1964 жылы Қазақтың С. М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. Меңдекеш Гурьев облыстық радиокомитетінде тілші, «Коммунистік еңбек» газетінде бөлім меңгерушісі, өмірінің соңғы жылдарында «Мәденниет және тұрмыс» журналының жауапты хатшысы міндеттерін атқарды. Ол «Ақ моншақ», «Шулайды толқын», «Күн шуағы» атты өлең жинақтарын, «Қоңыр қозым», «Жартастағы жазулар» секілді прозалық кітаптарын жазды. Поэзияны сүйетін талғампаз қауым Меңдекеш жырларының албырт екпініне қызыға да сүйсіне қарап, ақпа-төкпе бұлағына жаңа сусындап келе жатқанда, мейірімсіз ажал мүлт кетпес құрығын салды. Ол 1973 жылы 2 тамызда дүниеден өтті.

Мен Меңдекешті өзім Гурьев педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетінде оқып жүрген студент кезімде көрдім. Өзіміз құралпас, ақ сары өңді, қағылез, тас-бұйра қоңыр шашты, ұзын бойлы жасаң жігітті жас ақындардың бірі деп танитынбыз. Кейін облыстық газетке жұмысқа барыпты деп естігем. Ара-тұра жекелеген өлеңдері баспасөзде көрініп қалатын.

Мен институт бітіріп, ауыл мұғалімі болып, өлең де жазбай, өзіммен өзім күн кешіп кете барғам. Бір жылы, ұмытпасам, 1965 жыл болуы керек, біздің облысқа ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқов келіпті деп естідік те, іле әлгі жолдастар біздің Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектепке кездесуге келді. Төлегеннің жаңа шыға бастаған, көкірегінен лықсыған өлең дариясының екпінін кімге тыңдатарын білмей лапылдап жүрген шағы екен. Менің көп елпілдеп, табынып «құлай қалмағаныма» таңданған Төлеген менің не құпия адам екенімді түсіне алмай қойды. Біз, мұғалімдер ұжымы, мектеп мұғалімдері Құмар ағай мен Минаш апайдың үйінде қонақтарға шай бердік. Облыстан ере келген бір топ адам ішінде Марфуға деген қыз бар еді. Мен домбыра тартып бердім. Марфуға ән салды. Мен көп отырмай кетіп қалдым. Төлегеннің «Маңғыстау мұнаралары» жинағындағы «Күй» мен «Марфуға» өлеңдері, сөз жоқ, сол кештен алған әсерлері болатын. «Маңғыстау мұнараларындағы» барлық өлеңдер дерлік Төлегеннің сол Гурьев, Маңғыстау (ол кезде Маңғыстау Гурьев облысының бір ауданы ғана болатын, кейін мұнай-газ, тағы басқа жер асты кендерінің Маңғыстау аймағында көптеп шығуына байланысты 1973 жылы жеке облыс болды) өңіріне сапары кезінде, сол жолғы әсерлерден туған.

Төлегеннің осы сапарының әсерлі өтуіне бірден-бір себеп болған облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін Меңдекеш Сатыбалдиев еді. Өнерлі жастарды Төлегеннің маңына жиып, ән-күйге, өлең мен жырға тоғытып, өзі де бір ғажайып күйді басынан кешкендей, керемет бір іс тындырғандай рақаттана шаршап жүргені бар.

Осы оқиғадан кейін мен облыстық газет редакциясына келіп кетсін деген хабар алдым. Бардым. Шақыртқан Меңдекеш екен. «Оңғарсынова жолдас, сені атышулы ақын болады деп үміттеніп жүрсек, өз-өзіңнен жүнжіп, өнеріңді біржола өреледің бе?» — деп әзілдей қарсы алды. Бір өлең жазуды тапсырды. «Мұғалім болып жүре бересің бе — облыстық газетке келмейсің бе?» — деп бір қойды.

Ақыры мен кейін сол газетке келдім. Мұның бәрін айтып отырғаным — мен ауылдағы мектепте жүре берсем, ақын болмаған болар едім. Топырақ астында бүлкілдеп жатқан бұлақ көзіндей таланттың ашылуына әр түрлі себептер болады. Мен өлең деген әлемге келген жолымды ойыммен барлап қарасам, көз алдыма мынандай сурет келеді: көп үндемейтін, тұйықтау, қылдырықтай қоңыр қыз бала жан-жағына жаңа бір бейтаныс әлемге енгендей жасқана көз салып тұр; қарсы алдынан періште көңілді, өзі жас болса да, бар болмысынан ой мен парасат көрініп тұрған қапсағай ұзын бойлы, ақсары ашаң жігіт шыға келіп: «Қарындасым, әне, сонау көгілдір дүниені көріп тұрсың ба — поэзия жайлауы деген сол, сен сонда баруың керек, жасқанба, сал тақымыңды!» — деп алдыма арғымақты көлденең тартып, Атыраудың теңізден соққан желімен қарсыласқан бұйра шаштары желбіреп, ақ көйлегі ашаң жүзін онан сайын жүдеу көрсетсе де, қоңыр көздеріндегі өшпестей от шашқан сәуле бүкіл маңайды нұрландырып жібергендей. Иә, Меңдекеш осындай азамат еді. Көңілің жүдеп, көрінгеннің бәрінен құлази кетсең, Меңдекеш қалай да сол күйден -тұралаған күйіңнен шығарып, біресе намысыңды оятқандай, біресе ой салып, сөзімен, болмысымен, әйтеуір, бір нәрсеге ұмтылуға баулитын.

Жаратылыс неткен ұқыпты десеңші! Дүние-тіршіліктің заңдылықтары мен болмыс құдіретіне сүңги алмай-ақ шаршайды екен адам. Басқа ғажайыптарын былай қойғанда, адам табиғатының өзін алайықшы. Бүкіл болмысы адалдық пен адамгершілік, біліктілік пен сезімталдықтан тұратын адамды жаратқан табиғат-ана, не ойы жоқ, не миы жоқ, аз ғана бары болса, олары көрсеқызарлық, даңғойлық, өзімшілдік өзенінің ағысында кеткен бәз пенделермен қатар жаратып, қатар ғұмыр кештіріп, таңғажайып көрініске батырады да қояды. Меңдекеш өзімен қатар жүрген адамды осылай ойлауға мәжбүр ететін.

Бұл дүниеде талантты болып туу аз. Табиғат берген дарын ұшқынымен талант иесі болып қалыптасу — ұзақ процесс, ұзақ жол. Сол жолда сенің өнеріңнің ашылуына, бабына келуіне жақсы адамдар кездессе, өнердегі жолы болу деген немесе шырағы жану деген, міне, осы. Менің бақыттылығым — өмір жолымда осындай адамдар жолықты. Әдейі емес. Тағдыр жолықтырды. Олар: Меңдекеш, Шерхан, Әбіш... Жалпы, мен өмірімде кездескен адамдардың бәріне де қарыздармын деп ойлаймын. Солардың ішінде Меңдекештің орны менің творчестволық жолым үшін ерекше еді.

Меңдекешпен бірге облыстық газет редакциясында жұмыс істедім. Кейін Алматыға келгесін, үй ішімізбен араласып, рухани жақындығымызды, о бастағы бір-бірімізге деген адал көңілімізді үзіп көрген емеспіз. Меңдекештің басында, үй ішінде, жалпы тірлігінде қиын-қыстау сәттер, көңіл кірбіңі болады деп ойламайтынбыз. Тіпті жүдеп, ауырып жүргеннің өзінде айналасындағы бізге сездірмейтін, жанашырлық, мүсіркеу сезімдерді жақтырмайтын. «Меңдекеш Алматыға емделуге кетіпті», — деді бір күні жұмыста. Біраз мезгіл оралмады. Бір күні түскі үзілістен келіп, өзім істейтін Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің партия тұрмысы бөліміне кіріп бара жатыр едім, сол жақтағы редактордың қабылдау бөлмесінде бір қырын отырған әйел адамға көзім түсіп, еріксіз қарап қалыппын. Сұлулығы Афродитаның туған сіңлісіндей бір келіншек кассирден ақша алып жатыр екен. «Меңдекештің келіншегі Рузия осы кісі», — деді Мұхан. Мен бұған дейін дәл осындай сұлу қазақ әйелін көрмегендей әсерде қалдым.

Меңдекештің бойындағы тағы бір асыл қасиет — біз солай ұғатынбыз — әдебиетші, белгілі ғалым. өзінің замандасы Хабиболла Сыдиықовпен достығы еді. Ол екеуі қатар келе жатқанда, іргелі елдей жарасымды көрініп, оларды білетін жұрт сүйсініп, әрі құрбы қыздардай қимас, сыйластықтарына таңданатын. Мен ол екеуінің арасындағы рухани жақындықты көргенде «Исатай мен Махамбеттің достығы осындай болған шығар» деп ойлайтынмын. Өйткені ауылда құйттайымыздан Махамбет жырларын жанымызға жөргектен сіңірген біз, үлгілі мінез, адамдық, батылдық сияқты ер азаматтан күтетін қасиеттің бәрі Исатай, Махамбеттің бойында болған деп түсінетінбіз де, азамат атаулының болмысынан қылт еткен жақсылық сезсек, екі ұлы атамызға меңзеуді әдетке айналдырғанбыз. Мен Хабиболла мен Меңдекештің сүйген жарлары Гүлшат пен Рузияны көріп, олардың да арасындағы үйлесімге, түсінік, жарастыққа таңдана сүйсінгенім соншалық, тіпті «Келіншектер» деген өлең жазғанмын.

Бір күні Меңдекеш: «Жолдастар, мен Алматыға кетемін», — деді. Мектепке әлі бармаған үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы — Ерболат пен Расул, Рузиясын ертіп, қаланың тыныштау тәуір жеріндегі кірпіш үйін тастап «Алматы қайдасың» деп тартып берді. Мен «Лениншіл жасқа» республиканың батыс облыстарындағы меншікті тілшісі болып бекуге Алматыға келдім. Іздеп, сұрастырып жүріп Меңдекештің үйін тауып алдым. «Горный гигант» колхозында пәтер жалдап тұрады екен. Өзі «Қазақстан» баспасында редакция меңгерушісі болып істейді.

Кейін мен республикалық «Қазақстан пионері» газетіне редакторлыққа шақырылып, Алматыға келдім. «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы Мұса Бөкенбайұлы Дінішевпен сырттай таныс болатынмын: мен «Лениншіл жастың» тілшісі болып жүрген кезімде сол журналдың біраз тапсырмаларын орындағаным бар-ды. Алматыға келген соң, Мұсакең: «Мәдениет және тұрмысқа» жауапты хатшы болып келсеңізші», — деді «бала-шағаның газетінде не бар сол», — деген сөзді айтпай іркіп қалды. Бірақ мен түсіне қойдым да, рақметімді айтып «Менен он есе қабілетті, керемет жігіт тауып берейін», — дедім. Ойымдағы Меңдекеш еді. Кешікпей Меңдекеш сол журналға келді. Пәтерге қолы жетті. Енді творчестволық ортаның қиқуына араласу ғана қалған.

Шілденің 20-сы күні ғой деймін — кабинетіме Меңдекеш келді. Үстінде ақ көйлегі бар. Өзі ел жаққа командировкаға барып, көңілді оралған беті екен. Содан 1-2 ай бұрын Меңдекештің үйінде отырып, екеуміз әдебиет мәселесі төңірегінде келіспей, ақыры «дүрдараз» күйде мен кетіп қалғам. Бұл жолы екеуміз де түк болмағандай жарқылдап әңгімелесе кеттік. Біраз отырды. Өткен-кеткенді еске алдық. Бұл менің Меңдекешті соңғы рет көруім екен.

Бірер күн өткенде Меңдекеш ауруханада жатыр деп телефон соғылды. Ақұштап екеуміз такси алып, бардық. Ішке кіргізбейді. Күнде ертемен және жұмыстан кейін Аманкелді мен Комсомол көшелерінің бұрышындағы аурухананың алдында дос-жолдастары болып, тұрып-тұрып кетеміз. Қиналып жатқанын сезіп, іштей егілеміз. Бірақ қолдан келетін ештеңе жоқ. 2 тамыз күні таңертеңгі 7-де әдеттегідей алып-ұшып ауруханаға келсек, жым-жырт...

Қазақ поэзиясының көгінен тағы бір жарық жұлдыз ағып өтті.

***

Талант — өзен, көл, теңіз, тау секілді — табиғат байлығы. Адам баласына туа бітер қасиет. Талант та, өсімдік тамырындай, бапты қажет етеді, яғни өседі, өркен жаяды. Біздің топырақта қаншама талант бүр атып бүршік жара алмай кетті. Талант қалыптасады, кемеліне келеді.

Меңдекеш творчествосы жайлы ойлансақ, ол өз бойындағы талантын толық көрсетуге жете алмай өткендей. «Құс қанаты жетпеген қиырларды көріп, аппақ сезім-шумақтарын ақ жібек орамалға орап дүниедегі адамның бәріне үлестіруді» армандап, пәни-жалғанның құпиялы қыртыстарына үңіліп болмай, ақындық шабыттың ақ жал арғымағын арытуға үлгермей арманда үзілген жас ғұмыр «Абайдың жырымен дертті болған жанын» жаза алмай кете барды.

«Бүлінді қала сарнап, дала сарнап,
Біздің де шытырлады қара шаңырақ.
Біреудің жары қалды тас құшақтап,
Біреудің қалды артында анасы аңырап», —

осындай, «бауырсақтың орнына бомбы жауған жылдарда» балалық шағы өткен ақын сол кезеңдегі жетім балалықты айта келіп:

«Менің көрген бейнетім
бесігімнен басталған», —

деуі Меңдекеш тұрғылас көбіміздің көкірегімізде тұрған сөз.

«Құлаған үйде құламай қалған мұржадай,
бір қауым жанның орынын сипап мен қалдым», —

немесе

«Жүрегімді алып алдынан шапсам солдаттың,
кемпірлер мені мүсіркеуші еді кемсеңдеп», —

деген жолдардағы қаны сорғалаған соғыс жылдарындағы қазақ ауылының тірі суреттері Меңдекеш творчествосының басым бөлігінен орын алады. Демек, ақын өз қанына қайғы сіңірген жылдардың қасиеті мен қасіретін жырлау арқылы, жетімдік пен жоқшылық зардабын кешкен көңілдің өксігі мен өкініш-ызасын өрнектеу арқылы өлең сарайын ашқан. Бұған оның «Бітпей қалған дәптері», «Боран» секілді көлемді туындылары және бірсыпыра өлеңдері дәлел. Сол жылдарда — Меңдекеш арамызда жүрген шақтарда — маған оның ірілі-ұсақты шығармаларының бәрі соғыс салған жан дерті жайлы, адамдардың ала ауыздығы мен ойсыздығы, өзімшілдігі ұрындырар дүлейлі қасіреттер жайлы үлкен бір туындыға әзірлік секілді көрінетін. Мұң мен өксікті арманға толы сәби жырлар біршама уақыт өткенде лапылдаған өрттей екпінді романтикалық шалқыма шумақтарға ауысты. «Таңдардың шұғыла кірпіктеріне түнеп, ертеңгі күннің құрсағында жүруді» армандатқан жорға өлең енді Меңдекешті «жырларымен жауларын жайратқан Махамбет» соқпағына, қала берді.

«...естігем сонау Ертістен ескен даусыңды,
Сен жүрген жерлер
жаңғырығып жатты тау сынды.
Кешікпей бірақ...
Қара өлең қара жамылып,
қап-қара торқа
топырақ сені қаусырды», —

деп, қазасына күрсініп, өзі өлең арнаған Төлеген Айбергенов поэзиясының дауылды теңізіне батады. «Сан сәйгүлік ойлар шауып басына», ақпа-төкпе өлең-жырдың алапатты сезімдерін кешкен Меңдекештің осы тұстағы талантты туындыларының арасында «Шабандоз жыры» атты Ғафу Қайырбековке арналған өлеңі ерекше биік тұрады.

«Жалын тарттым жел қанат бәйгі атының,
Албырт туған тентекке қайда тыным?!
Тежемедім тізгінді, қайран жүрек
алып-ұшып қадайды Айға туын.
Түстік жерден дүсірлеп асқанда аман,
Аққу артта қалады аспандаған.
Сонда сезіп тақымның сыздағанын,
Сүртем көзін тұлпардың жас парлаған.
Жарты күндік асу бар алдымда әлі,
Көкжиектер көзімді талдырғаны...
Бұл сайыста ұятқа қалмасақ деп,
Ойлайтыным — атбегі шалдың қамы.
Бұл бәйгеде езіліп жаншылармын,
Бір жігіттік жасауға бар шыдамым.
Жабы мінген жамандар жолдан тосып,
Тұлпарыма төндірер қамшыларын.
Сыздаса да соққыдан желкем бүріп,
Тұлпар басын оқшауға көркем бұрып,
асып барып межеден оралам мен
шабандарды намысқа өртендіріп.
Сонда жетем түбіне тәтті қайғы,
Жұртым мені аспанға атқылайды,
Онан әрі тұлпардың желісімен
Құлыншақ боп жүрегім шапқылайды!»

Өмірдің өзіндей, табиғаттың бір мөлдір тамшысындай құйыла қалған осы өлең маған Меңдекеш ақынның шынайы талантының бастауындай көрінеді. Осы өлеңнен кейін «Махамбеттің монологы» келді.

«...қанаттастарым, қайдасың?
құнанша мұзға таймасын,
қималы найза қайралсын,
құсалы жүрек майлансын,
қаз мойын тұлпар бәйге алсын!» —

деп, келетін «кескекті ердің сойы» атанған ақынның кесек ойлары Меңдекеш көкірегінен осылай өріс алған еді. Біз, замандастары, оның ақындық талантының арнасы енді ашыла бастағанына куә болып, қуаныстық. Іле-шала «Исатайдың соттағы сөзін» оқыдық.

«Өкіріп аққан өр өзендердей
адуын, асау басыммен,
өртті даламды әлдилеп, тербеп
дертті көкірегіме басып ем.
Соттаңдар мені —
құмдарға сіңіп, құрып кетейін десеңдер
бұратаналардың бұршақтап жауған жасымен!
О жендеттер!
Жас қатындардың жұпарын иіскеп желіккен,
Мені айырғанмен, айыра алмассың барша
қазақты еріктен!
Соттаңдар мені!»

Жырларындағы ақ желкен арман, отты екпін Меңдекештің соңғы жылдарында парасатты ой, байсалды түйіндермен алмаса бастады.

«Аш қарынның тоқ болмағы — сәл нәрсе,
Қорғасынның оқ болмағы — сәл нәрсе.
Қақпан жатыр қамсыздықтың түбінде
Адамның да жоқ болмағы — сәл нәрсе.
Оу, адамдар, ой жүгіртіп осыған
қамықсаңдар —
қамығуға қосылам!
Күллі әлемнің ойлағанда тағдырын,
сәл нәрседен жаңылудан шошынам», —

деген жолдардан жаңа бір кең тыныс — ақындық тыныс аңғарылғандай. Салиқалы ой, сары алтындай мұң ескен кейінгі жырлары ақынның өз тағдырына төніп келе жатқан ажал бүлігін күні бұрын сездіргендей елес береді.

«Тыпыршыған тірлігің тәмамдалды,
Асқар таудай абырой-бағаң бар-ды.
Қиын екен айырылу жақсылардан —
Жауға беріп алғандай қамалдарды...

немесе

«Сұңқарың енді
қайта қонбасқа сұңқылдап ұшты көлдеуден,
тұлпарың мәңгі
қайырылмай тартты тізгінін үзіп белдеуден».

Ал ең соңғы рет жыр жолына нүкте қойып, өзі дүние салғанда қаламының сиясы кеппеген өлеңі де жан тебірентеді.

«О тағдыр, қырын келме сен,
сыры да бөлек бұл әннің,
қарғаның жасын берме сен,
бергін сен жасын қыранның.
Бармақтай ғана бақпенен,
маңдайға сүйеп ай-күнді,
көрейін бәрін қақ бөле —
қуанышыңды да, қайғыңды.
Одан мен, сірә, қорқам ба,
Өкінбен — нұрлы төңірек.
Азырақ болып ортаңда,
Көңіліңде жүрсем көбірек...»

Меңдекеш осындай адам, осындай ақын еді. Тағдыр дегенің құпия заңдылығынан таймайды екен. Шыр етіп жерге түскеннен ақ жібекке тиген денесін күн шалмай, жел қармамай, туғаннан «құдайдың» кенже баласындай алшаңдап, ақ дегені ақ, қара дегені дақ болып, қара басының билігі мен байлығы үшін қимасын да, тіпті туған тілін де сатуға бар бәз біреулер жақ сүйегі қурағанша алшаң басып өтеді. Арамдык, пен зұлымдық жасаудан да бас тартпайды. Ал тұла бойы адалдық пен адамдық нәрінен тұратын, бейкүнә, пәк жүрек, ақ сезімді асыл жандар жалғанның жақсылығын аңсаумен ғана өтетін кездері болады. Дүниенің рақатын көрмесе де, сол рақатына басқаларды жеткізем деп армандайтын, сол ойы үшін ешкімге базыналық етпейтін Меңдекеш те өлеңге дертті жүрегін баршаға жайып салған күйі дүниеден өтті. Өзі бір бөлек, өлеңі бір бөлек ақындар болады. Өзін көріп, әділет деп өліп-өшіп әнебір өлеңдерді дәл осы адам жазғанына сенер-сенбесіңді білмей, дал болатын сәттер кездеседі. Ал Меңдекеш ақынның өзі — өлеңі, өлеңі — өзі болатын.

«Жақсыны көрдім —
Жарамсақтарға алданған,
Жаманды көрдім —
Жақсының атын малданған.
Бақытты көрдім —
соңында бұққан қайғысы...
Не көрмейді адам
осынау жалпақ жалғаннан?!
Батырды көрдім —
Тағдырдың шалған үсігі,
Ақынды көрдім —
Қашалған тастан мүсіні...»

Иә, туа сала жетімдік қайғысын кешкен, жылы шыраймен қараған адамның бәрін жақын тұтып, бірге туған бауыры болмаса да бауырына тартқан, жастықтың жалынды жылдарының біразын ауруханалардың темір төсектерінде өткізуге мәжбүр болған, сонда да «мені ұғыңдар, маған қызмет қылыңдар» деп айналасындағыларға азап арқалатпаған, керісінше, жүдеу көңілді жанның бәріне жақсылық жасауға ғана ұмтылған халқымыздың ақ жарқын бір азаматы Меңдекеш Сатыбалдиев ақынның тастан қашалған мүсіні Алматының шығыс тұсындағы көп жақсыларымыздың мәңгілік тыным табар мекеніне айналған зиратта тұр. Арманда үзілген жігіттің ақындық қыл қаламы қапияда қолынан түсіп барады. Жұрегіңді сыздатар шешіммен әдемі қашалған мүсін. Бірақ қаншама шеберлікпен, қандай асыл тастан жасалса да, тас мүсін адамның орнын толтырар ма? Өмір деген салыстырулардан тұрады екен. Мен де қатар жүргендерді Меңдекеш секілді азаматтардың кеңдігімен, қадір-қасиетімен, өресімен өлшеп, әлі күнге жабырқап, жүдеп қаламын.

«Өкіндірдің еліңді ерте кетіп.
Біз қамықсақ тірлікте келте-кетік,
«Біздің қарлығаштар!» — деп шашымыздан
сипайтұғын сен жоқсың еркелетіп.
Сен жұргенде сезбеуші ек
жанашырлық дегеннің құнын бұлай:
мына жұртқа бәрібір — жығыл, мұңай.
Асып-тасып, менмендеп бара жатсақ,
ұрсып алар сен жоқсың бұрынғыдай.
Қайғы жұтып досың жүр
іштей жоқтап, жүректің жасын бөгеп,
жан ғой ол да өзіңдей асыл, бөлек.
Ол көрінсе, жалт қарап сені іздейміз
келе жатқан жоқ па екен қасында деп...»

Мен ақындық жолымның бастауында Меңдекеш секілді аса ірі болмысты адаммен жолықтыруды жазған тағдырыма ризамын және азапты да адал осынау жіңішке соқпағым үшін Меңдекешке қарыздармын.

1987


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз