Өлең, жыр, ақындар

Газет әлде интернет?

XXI ғасырды ақпараттық кемелдену заманы деп толыққанды айта аламыз. Өйткені, қазіргі бүкіләлемдік жаһандану кезеңі ең алдымен, адамдардан ақпараттық сауаттылықты талап етеді. Жалпы, ақпарат деп нені айтамыз? Ақпараттың қарапайым бірлігіне күнделікті сөйлесу, пікір алмасу, әлеуметтік желідегі мультимедиалық форматтағы құжаттар (фото, видео, музыка, т.с.с.) жатады. Заманның дамуына байланысты, адамдардың күнделікті қабылдайтын ақпарат мөлшері де арта түсуде. Бұл мәселені 2009 жылы Калифорния университетінің ғалымдары зерттеді. Зерттеу жұмысы барысында 20 шақты ақпарат құралдарының көрсеткіштері (теледидар, газет-журнал, кітап, т.б.) ескерілген болатын. Зерттеу таңқаларлық нәтиже көрсетті. 2008 жылғы дерек бойынша американдық азамат орта есеппен күніне 34 Гб ақпарат алады екен. Бұл көрсеткіш 1980 жыл дерегімен салыстырғанда, адамның қабылдайтын ақпаратының көлемі 150%-ға  артқан. Осы деректерді мультимедиалық топтарға жіктегенде, бұл көрсеткіштерде бейнематериалдардың үлесі басым екендігі айқын көрінген. 
Бүгінгі таңдағы қоғам арасындағы кең тараған ақпарат құралдары ретінде әлеуметтік желі мен интернет кеңістігін айта аламыз. Аталмыш кеңістік соңғы кезде адамдар үшін ақпараттың қайнап жатқан қазанына айналды. Түрлі сайттар, платформалар мен сілтемелер. Тіпті, қайсысын оқырыңды білмейсің. Бірақ, шындығына келгенде, қазір сапасына қарағанда санын арттыруды көксеген журналистер мен редакцияларды байқайсың. Халықтың аңғалдығын ұтымды пайдаланатындар кейіннен халықты арандатушылыққа дейін апаруға да кетәрі емес. Бірақ та, бұл заманда қайсыбір ақпаратты тексеріп отырмақсың? Интернет кеңістігінде жарнамалар мен афишалар, әсіресе негізі жоқ, тек кликбейттерге (сілтемелерге) толы, аты мазмұнынан алшақ,“менмұндалап” тұратын кіріспелер өріп жүр. Бұл әрекетті дезинформация мен аггитацияның (үгіт-насихат) айқын көрінісі ретінде бағалауға болады. Ал мұндай “торға” түспеу үшін не істеу керек? Ең дұрысы, ақпаратты тек сенімді әрі мақұлданған дереккөздер мен сілтемелер арқылы алу. Тек арнайы мекемелер ғана дұрыс, бұрмаланбаған ақпарат бере алады.

Интернеттегі ақпараттар кеңістігінің басты қозғаушы күші- күнделікті біз бақылайтын блогерлер. Шыны керек, ақпараттардың басым бөлігін біз солардан естиміз. Бұған қарсылық көрсете алмаймыз. Өйткені, бұл-қазіргі заман талабы. Соған орай, елімізде “электронды журналистика” деп аталатын журналистиканың бір саласы қарқынды даму үстінде. Сондағы туындайтын сұрақ: Дәстүрлі журналистика (газет-журнал, теледидар арналары) ұмытылады ма? Бұл сұраққа жауап берместен бұрын аталмыш сала туралы бірер сөз айталық.

Дәстүрлі журналистика тарихы ертеден басталады. Бұның алғышарты жоғарыда көрсетілгендей, адамдардың өзара сөйлесіп, ақпараттармен бөлісуі, біртін келе ақпараттың бір адамға емес, белгілі бір аудиторияға арналып айтылуы еді. Сондықтан да, журналистиканы “қоғамға арналған мамандық” деп айтады.

Осы бір саланың жарқын көрінісі газет-журналдар еді. Ол қазіргі біздін Instagram сияқты қоғамдағы өзекті жаңалықтарды, керек десең, ауа райы мен телеарналардағы бағдарламалар кестесіне дейін жазылып тұратын-ды. Бірақ та, еліміз әлі де газеттен қол үзген жоқ. Республика деңгейіндегі басылымдар әлі күнге дейін газет шығаруда. “Сұраныс бар жерде – ұсыныс бар” демекші, бұл дәуір әлі де жалғасын тауып жатыр. Біз, жастар қауымы, оқымасақ та, біздің ата-әжелеріміз, ата-анамыз оқитын болар. Өйткені, олар біз сияқты интернетті “шындық алаңы” деп көрмейді, олар қағазға жазылып, дәлелденген ақпаратқа сенеді. Бұл орайда, газет-журнал дәуірінің бір артықшылығын айта кету керек. Жоғарыда айтылған әлеуметтік желілер арқылы тарайтын ақпараттарға қарағанда, бұл жердегі ақпарат бір қолдан емес, бірнеше қолдан өтіп, өңделіп барып халыққа жетеді. Бірақ, бұл электронды журналистика алаңындағы ақпараттар шылғи өтірік дегенім емес. 

Интернет әлде газет? Бұл тақырып әлі талай жылы көтерілетін шығар. Өйткені, біреуі ақпарат таратудың бастауы болса, екіншісі заман талабы. Қайсысын таңдаймын десе де, адамның өз еркінде. Бәлкім, газет пен интернет дәуірін бірге алып жүру керек те болар? Өйткені, екі жақты ақпарат қоғамның дамуы үшін нағыз керек зат. Бірақ, қандай заман болмасын (кім біледі, мүмкін, келешекте газеттен де, интернеттен де күшті ақпарат көздері шығарылар?), мен таратылатын ақпараттың дұрыс, дәлелді болуын қалаймын. Өйткені, бұл аталып отырған ақпарат көздерінің негізгі мақсаты – халықтың, қоғамның керегіне жарау, қоғамға қызмет ету. Айту бізден, таңдау сізден. Қандай таңдау жасасаңыз да, ертеңгі келер күннің ақпараттық түрде сауатты адам болуыңызға тілектеспін!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультетінің 1-курс студенті Телибаева А.С


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер