Өлең, жыр, ақындар

Сөз сыры

"ЕР КЕЗЕГІ ҮШКЕ ДЕЙІН"

Батырлар күш сынасқанда үш рет күресіп, айқасады екен. Бірінші кезекте жеңілген жігітті "жеңілдің" деп шығарып тастамайтын болған. Барлық күш-қайратын танытуына мүмкіндік беріп, үшке дейін сынастырғанда, нағыз батыр, мықты адам анықталады. Мұндайда кездейсоқ жеңімпаз болмайды. Бірден жолы болмаған адамға қуат беру үшін халық: "Ер кезегі үшке дейін, күшіңді әлі де сына!" — деп демеп, адамды қандай істі болса да бастағасын аяғына жеткізуге, жеңіспен аяқтауға баулыған.

"ЖҮРЕК ЖҰТҚАН"

Бір топ бала мектептен қайтып келе жатқан, кенет биік үйдің артынан дәу ит арсылдап шыға келді. Балалар қаша жөнелді, Алан қалып қойды. Себебі үйдің алдында тұрған кішкентай қыз иттен қорқып, шырылдап жылап қоя берген еді. Алан қабағын түйіп, итке қарсы жүрді. "Кет!" деп айқайлады. Гүр-гүр еткен ит кенет кілт тоқтады. Сосын бір-екі үрді де, бұрылып кетті.

Қызының дауысын естіп далаға жүгіріп шыққан анасы мән-жайға бірден түсінді. Аланның басынан сипап:

— Өзің жүрек жұтқан бала екенсің! — деп, алғыс айтты.

… Еш нәрседен қорықпайтын, батыл, ержүрек адамдарды жүрек жұтқан деп атайды.

"ЖІБІ ТҮЗУ"

Балалар мысықты таспен ұрып қуалап жүрді. Біреуі мысықты ұстап алды. Екіншісі оның мойнына жіп байлап, сүйремекші болды. Бәрін көріп тұрған Әмина әже балалрға ұрсып, мысықты босаттырды. Сосын бәріне:

- Іштеріңде жібі түзу бір бала болсашы! — деп кейіді.

… "Жібі түзу" деп дұрыс жүретін, тәртіпті, адамгершілігі бар адамдарды айтады.

"БАЛА ӨЗІ ӨСКЕНДЕЙ,

КЕЛІН ӨЗІ КЕЛГЕНДЕЙ"

Біздің халқымызда ата-ананы, аға-жеңгені, жалпы жасы үлкен адамдарды құрмет тұтады. Ата-ананы тыңдамаған, сыйламаған жастар туралы осы мақалды айтады. Яғни, сәби өмірге келгесін өзінен өзі жақсы азамат болып шыға келмейді, оны тәрбиелеуге ата-анасы еңбек сіңіреді. Ал келін алудың да қазақта өз дәстүр-жолы болған. Бірін-бірі ұнатқан қыз бен жігіт ә дегеннен қосыла салмаған. Жігіт ата-анасына айтқызып (онда да өздері айту ерсі деп саналған, сондықтан әуелі аға-жеңге, апа-жездесі, нағашысына айтып, солар арқылы ата-анаға сездіретін болған), егер олар қош көрсе, құда болысып, қыз бен жігіттің ата-аналары бір-бірімен қимас жақын, қандас туыстай тату болу секілді дәстүрлер болған. Бұл дәстүрлер екі жастың бір-біріне деген ықылас-сезімдерін бекіте түсуге, болашақ отаудың тату-тәтті өмір кешуіне ықпал еткен.

Өзінің тәрбиелі адам болып өсуіне еңбек сіңірген ата-анасын, ұстаздарын, жолдастарын тыңдамай, "өзім білем" деп көкірек қағатын жастар жайлы осы мақалды айтады.

"БАС ДЕСЕ, ҚҰЛАҚ ДЕЙДІ"

Марат сабақтан келсе, анасы үстелдің тартпасын ақтарып жатыр екен. Мұны көріп:

— Ә, келдің бе? Анальгинді көрдің бе? — деп сұрады.

Марат аң-таң болып:

— Анальгин деген кім? Ондай адамды танымаймын, — деді.

Анасы:

— Балам-ау, бас десе, құлақ дейтінің не, анальгин адамның аты емес, ол — дәрі, — деп күліп жіберді.

…Бұл сөзді жөнді ұқпайтын, түкке түсінбей, басқа жаққа лағып сөйлейтін кісіні келеке ету мағынасында қолданылады.

"БЕРЕГЕН ҚОЛЫМ — АЛАҒАН"

Халқымыз мырза, жомарт адамды қадірлеген. Әдетте мұндай адам көпшілікпен араласқыш, өзгеге көмектескіш келеді. Қолындағы барын аямайды. Ондай адамды халық та жақсы көреді. Оның басына қиындық түссе, халық болып оған көмектеседі. Осындай жағдайды сипаттағанда, халық "Береген қолым алаған" дейді.

Керісінше, өзімен өзі бұйығы жүретін, адамдармен араласуды білмейтін, тек өз жағдайын ойлайтын сараң жандарды ел қадір тұтпай, "Қой, одан ештеңе шықпайды", — дейді.

"ҚЫЗ ҚЫЛЫҒЫМЕН"

Қазақ халқының ұғымында қыз бала ақылды, байсалды, жаны нәзік те ерке, мінезі жайдары, өнерлі болып келеді. Қыз қылығымен сүйкімді деуіміз сондықтан.

…Әкесі жалқау екі ұлына ашуланып, ұрсып жатқан. Екі ұл да, олардың анасы Алма да үрпиісіп, үй іші көңілсіз күйге түсті. Институтта оқитын Ақмарал келіп, әкесінің мойнынан құшақтап:

— Папа! Қабағыңды түймеші! — деді еркелей сөйлеп. Әкесі күліп жіберді. Үй іші көңілденіп сала берді.

"ҰШЫП КӨКТЕ, ҚОНЫП ЖЕРДЕ ЖОҚ"

Жана ғана үй тапсырмаларын орындауға кіріскен Алдан сәлден кейін телевизор көріп отырды. Анасы енді бір қараса, Алдан далаға шығып кетіпті.

— Ойпырым-ай, бұл не қылған бала, ұшып көкте, қонып жерде жоқ, — деп анасы ренжіп қалды.

Ұшқалақ, тұрақсыз, тиянақты іс қылмайтын, басын бастап, аяғын тастап жүретін адамды сипаттағанда осы мақалды айтады.

"КӨРСЕҚЫЗАР"

Дулатқа ағасы кеше ғана әп-әдемі портфель сатып әперген. Бүгін көршідегі Мұраттың жаңа сөмкесін көріп:

— Папа! Маған Мұраттікіндей сөмке алып берші! — деп қыңқылады.

Балам, кеше ғана "сөмкем ұнайды" деп едің ғой! Бұлай көрсеқызар болма!

Папасының сөзінен ұялған Дулат төмен қарады.

…Анаған да, мынаған да қызығатын, басқаға еліктегіш, өз талғамы жоқ адамды сипаттағанда халық:

— Ой, өзі бір көрсеқызар, берекесіз адам екен! — дейді.

"АУЗЫНАН АҚ ИТ КІРІП, КӨК ИТ ШЫҒЫП"

Кез-келгенді сөз етіп, есек-аяң айтатын, жаман, қаңқу сөзге, басқаны сыртынан жамандауға келгенде аузы-аузына жұқпайтындар туралы халық: "Аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан неткен адам", — деп жақтырмай сөйлейді. Ондай адамды жолдас-жоралары да, елі де сыйламайды.

"ҚОЙ АУЗЫНАН ШӨП АЛМАС…"

Момын, ешкімге жамандық жасамайтын, көбіне өзімен өзі жүретін жуас адамды сипаттағанда қазақ "қой аузынан шөп алмайтын" дейді. Ондай адам айналасына пәлендей жақсылық та жасай алмайды, оның бар тәуір қасиеті — ешкімге зияндық, жамандық жасамауы.

"БАРЫ НЕ, ЖОҒЫ НЕ"

Айбектің қалада жұмыс істейтін ағасы үйленетін болып, құдалармен сөйлесуге, тойды ұйымдастыруға біреуі келсін деп хабар берді. Әкесі қайтыс болған. Анасы ауру-сырқаулы. Айбек пен анасы қалаға жіберетін кім бар деп біраз ойланды.

— Самат жездем барса қайтеді? — деді Айбек, көрші колхоздағы апа-жездесін еске алып.

— Қой, оның бары не, жоғы не? Самат не ұқсататын еді, — деп анасы жақтырмай қалды.

Қолынан ештеңе келмейтін адамға халық осы мақалмен-ақ баға береді.

"ЖЕРМЕН-ЖЕКСЕН"

Жарқынның үйі ескі еді, әкесі жаңадан үй салмақ болды. Жарқын бір топ жолдас балаларымен мектептен келсе, жыпырайған ескі үйінің орны теп-тегіс болып жатыр.

–Үйлеріңді жермен-жексен етіп кеткен кім-ей? — деді Асан.

Еңсесі аласа үйді де "Жермен жексен" — деп айтады.

"БЫЛАЙ ТАРТСА, ӨГІЗ ӨЛЕДІ,

БЫЛАЙ ТАРТСА, АРБА СЫНАДЫ"

Ылғи да жолы болмайтын, өзінің де икемі жоқ адамның іс-жайын айтқанда:

— Оның ылғи да былай тартса, өгізі өліп, былай тартса, арбасы сынып жүреді ғой, — деседі.

"ЗЫҒЫРДАНЫ ҚАЙНАУ"

Іштей ызаланып, ашулану, біреудің жәбіріне, әділетсіздікке жан-дүниесімен қарсылық білдірген адам: "Зығырданым қайнап кетті", — дейді.

"ҚАЛАУЫН ТАПСА, ҚАР ЖАНАР"

Қардың отқа жанбайтыны белгілі. Қолынан іс келетін, әр нәрсенің ретін тапқыш адам қандай қиын шаруаны да ұқсатады. Тек жөнін, ретін таба білу керек. Болмайды-ау деген істі ұқсата білгенде, осы мақалды айтады.

"ЖҮРЕГІ ЖАРЫЛА ҚУАНУ"

Оқыстан жақсы хабарды естіген адам шаттанғанда, "жүрегі жарыла қуанды" дейді.

"ЕКІ ЕЗУІ ҚҰЛАҒЫНДА"

Қуанғандай, мәз болып жүретін адам жайлы: "Екі езуі құлағында", — деп айтады.

"ҚЫСҚА ЖІП КҮРМЕУГЕ КЕЛМЕЙДІ"

Жазираның әпкесі тұрмысқа шығып, тойдың өткеніне көп болған жоқ еді. Енді ағасы Алмат та үйленем, той қамын жасаңыздар деп отыр. Жазираның төрт ағасы, әпкесі және сіңлісі бар, өздері үйелмелі-сүйелмелі болатын. Әкесі ауылда шофер, анасы — сауыншы.

— Келесі жылға дейін тойды қоя тұрғаның дұрыс, балам. Әкең екеуміздің тапқанымыз киім мен тамақтан артылмайды. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүргенде, біріңнен соң бірің той-той дегендерің қалай? — деп анасы реніш білдіргендей болды.

Жағдайым нашар, тапқаным тамағыма жетпей жүр деп жатпай-ақ, "Қысқа жіп күрмеуге келмей жүр" десе, басқалар ол адамның жәй-күйін түсіне қояды.

"АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛДЫ"

Көптен күткен қуанышты оқиғаға байланысты осы мақал айтылады. Мысалы, 1945 жылғы 9 майда Ұлы Отан соғысы аяқталды деген хабар тарағанда, жұрт бір-біріне:

— Сүйінші, сүйінші! Соғыс бітті — ақ түйенің қарны жарылды! — деп қуанысқан.

"ТАНЫМАСЫН СЙЫЛАМАС"

Елнұрдың үйінің жанына тоқтаған жеңіл машинадан орта жастағы адам түсті. Алыстан келгенге ұқсайды. Елнұр есікті құлыптап, уәделескен балаларымен футбол ойнауға кеткелі жатыр еді.

–Кеңестің үйі осы ма? — деді әлгі кісі. Одырая қарап кетіп бара жатқан Елнұр:

— Осы. Бірақ үйде ешкім жоқ, — деді тоқтамастан.

Жол жақтан Елңұрдың әжесі Ажар да келіп жетті.

— Ойпыр-ау, Әділ нағашым ғой мынау! — деп Ажар апай қуана қол беріп жатты. Елнұр селтиіп тұрып қалыпты.

— Қарағым Ажар, мынау немерең бе, үйде ешкім жоқ дегесін, түу алыстан іздеп келіп, өзіңді көре алмай кетем-ау деп тұр едім, — деп жолаушы шағын сөмкесін ала берді.

— Танымасын сыйламас деген ғой, нағашеке! — деп Ажар апай Елнұрға қарады. — Кел, сәлем бер! Бұл — Әділ атаң ғой, үлкен адамды танымасаң да, қарсы алмайсың ба?

Елнұр бағанағы қылығына ыңғайсызданған күйі жолаушыға қос қолын ұсынып амандасты да, есікті ашуға жүгіре жөнелді.

"ЖАҚЫНЫҢДЫ ЖАТТАЙ СЫЙЛА —

ЖАТ ЖАНЫНАН ТҮҢІЛСІН"

Өзіміздің адамдар ғой деп жақын туыстарға көңіл бөлмей қарау — тәрбиелік емес. Бір анадан туса да ағасы бауырына, қарындасына, інісі мен қарындасы әпке-ағаларына жанашыр болуы тиіс. Бауырмалдық, жанашырлық сезім жоқ жерде туысқандық, сыйластық, ауызбірлік те болмайды. Ал өзінің ең жақын адамдарын — үй-ішіндегі туыстарын қадір тұтпаған адам басқа жұртты да сыйлап жарытпайды.

Бұл мақал татулыққа, сыйластыққа, жанашырлық пен мейірімділікке тәрбиелейді.

"АСЫҢ БАРДА — ЕЛ ТАНЫ, БЕРІП ЖҮРІП,

АТЫҢ БАРДА — ЖЕР ТАНЫ, ЖЕЛІП ЖҮРІП"

Қолыңдағы барыңды ел-жұрттан аяма, сараң болма, өзіңмен өзің жүрме — жолдас-жорамен аралас; мүмкіндігің, денсаулығың барда, жастық кезіңде дүниені көр, арала. Сонда өзіңнің де көңіл көкжиегің кеңейеді деген мағынада айтылады.

"ТҮЙЕНІ ЖЕЛ ШАЙҚАСА,

ЕШКІНІ АСПАНДА КӨР"

Қатты дауыл жердегі ең үлкен жануардың бірі түйені қозғап, тәлтіректетіп жатса, түйенің жанында түймедей салмағы жоқ ешкіні аспанға ұшырып кетеді деген астарлы мағынасын ұққан дұрыс.

Нәрік есеп сабағына онша емес. Әсіресе бақылау жұмысы кезінде әбден басы қатады. Кезекті бақылаудың есептері тым қиын екен. Кластағы есепке ең жүйрік Жазира да үзіліс кезінде көңілсіз отырды. "Бір есептің теңдеуін дұрыс құрмаппын", — деді жанына келген кластасына. Сосын Нәрікке бұрылып: "Сен шығардың ба?" — деп сұрады. "Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр" деп, сен дұрыс шығармағанда, мен қайдан шығарамын?" — деп күлді Нәрік.

Балалар Нәріктің мақалдап сөйлегеніне таңданып, қызыға қарап қалды.

"КӨЗІҢЕ ҚАРА"

Алды-артыңа қарап, абайлап жүр деген мағынаны білдіреді. Көбіне адамның алаңғасарлығына, алдында түйе жатса да көрмей, құлап-сүрініп, аптығып жүретіндерге ренішпен айтылады.

Сыртта жолдас балалары күтіп тұрған Нариман анасынан сұранды да, рұқсат алғасын үйден шыға жүгірді. Кішкентай Айнұр велосипедін дәл есіктің алдына тастап кеткен екен. Нариман соған сүрініп, оңбай құлады. Тарсылдаған дыбысқа анасы шығып еді, Нариман тізесін ұстап, орнынан тұра алмай жатыр.

— Асығып-үсігіп тұра шаппа деп қанша айтам саған?! Көзіңе қарасаңшы! — деп анасы ренжи сөйлеп, ұлын орнынан тұрғызды.

"ӘНШЕЙІНДЕ АУЫЗ ЖАППАС,

ТОЙ ДЕГЕНДЕ ӨЛЕҢ ТАППАС"

Жай күндерде білгішсініп, ал нағыз сөз айтатын кезде міңгірлеп қалатын адамға халық осылай анықтама береді.

Самал — кластағы тентек бала. Сабағы да нашар. Кластағы қыздар, балалар — бәрі Самалдан талай "қорлық" көрген, сабақ үлгермейді, газет-журналдың бетін ашпайды, әркімге ұрынады, үлкенді де, кішіні де сыйлайын демейді. Класс жиналысын ашып, мұғалім Самалдың мінез-құлқын талқылауға шақырды. Балаларда үн жоқ.

— Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас деп, күнде "Самал үйтіп кетті, Самал бүйтіп кетті" деп, енді неге тіл-ауыздарың байланып қалды? — деп ренжді жетекші апай.

"ЕТІ ТІРІ"

Ауылға артистер келіпті деген хабар гу ете қалды. Нұрлан Өнербаев, Мәдина Ералиева, Алтынбек Қоразбаев секілді әншілер. Концертті екі езуіңді жиғызбайтын кәдімгі Құдайберген жүргізеді екен!

Ауылдың клубы аузы-мұрнынан шықты. Ине шаншар жер жоқ. Алма өзінен екі класс төмен, бесіншіде оқитын інісі Санжармен барып еді — билет те, орын да жоқ.

Не істерге білмей, жыларман болды. Кенет клубтың сахна жағындағы есігінен інісін жетелеп еппен кірді.

— Аға, бізде билет жоқ, кіргізіңізші, еденге отырамыз, — деді ұзын бойлы әншіге кездесіп қап.

Сахнадан залға түсіп келе жатқан Алма сен Санжарды көріп, ауыл адамдары:

— Алманың еті тірі, пысық, қарашы, ақыры, кірді, — деп, сүйсіне таңданысып жатты.

Ұялып, тартыншақтай төмен қарап тұратын баланы "ынжық", "жасық" дейді де, ретті жерінде сөйлей, дәлелдей білетін, қолынан іс келетін адамды "еті тірі" дейді халық.

"АУЗЫ-МҰРНЫНАН ШЫҒУ"

Толып тұр, асып-төгіліп тұр деген мағынаны білдіреді. "Автобуста адам толып тұр" деудің орнына:

— Автобус "ауызы-мұрнынан шығып тұр", — дейді.

Кесені асып-төгілердей толтырып құйған сүтті көргенде: "Аузы-мұрнынан шығармай құйса еді", — деп те айтады.

"ИНЕ ШАНШАР ЖЕР ЖОҚ"

Бөлменің, үйдің, тағы сол секілді орын, мекендегі адамның көптігін суреттегенде айтады.

"ЖҮРЕГІМ ТАС ТӨБЕМЕ ШЫҚТЫ"

Алмас оңаша бөлмеде сабақ оқып отырған. Сыртқы есіктен енген Әританы байқаған жоқ еді.

Қарындасы еппен басып, ағасының желке тұсынан: "Пах!" — деп еді, Алмас селк етіп, шошып кетті.

–Өй, жүрегімді тас төбеме шығардың ғой! Неге қорқытасың? — деп ренжіді ағасы.

–Сен батырмын деп мақтанатының қайда? — деді Әрита күліп.

"ЖАНЫ БАР СӨЗ"

Рас, шын деген сөздердің орнына қолданылатын тіркес.

— Біздің мектепке ағылшын тілі жүретін болыпты, — деді Айбек үйдегілерге.

— Жиырма жылдан бері жоқ ағылшын тілі қалай ғана жүретін болып қалды, біреулердің өсегі болар? — деді анасы сеніңкіремей.

— Айбектің сөзінің жаны бар, мен де естідім, — деді жұмыстан келген ағасы Асқар.

"АЛТЫН АСЫҚТАЙ"

Жолдасы ерте қайтыс болған Бағила апай бес баласын жалғыз тәрбиелеп, бәріне білім берді. Қазір бәрі де өнегелі азаматтар.

— Бағиланың балалары шетінен алтын асықтай ғой, тіл-аузымыз — тасқа! — деп ауылдастары сүйсіне сөз етеді.

"АСПАН ЖЕРГЕ ТҮСІП ТҰР"

Шілдедегі басыңды айналдырар ыссылықты айтқанда, осылай дейді. Мысалы, "Күн ыссы", "Күн күйіп тұр" деген тіркестердің орнына "Аспан жерге түсіп тұр" деп те айтады.

"ТІЛ АУЫЗЫМ — ТАСҚА"

Халықта тіл тиеді, көз өтеді, көзі тиді, сұғы өтеді деген ұғымдар бар. Жас сәбиге кереметтей сүйсінсе, таңданып-таңырқаса, бала ауырып-сырқап қалады.

Көзі тиетін адамдар да болады. Оларды "көзі бар" дейді. Өсіп келе жатқан әдемі, ақылды, өнерлі балаға, тіпті үлкенге де сүйсінгенде, тілеулестері:

— Несін айтасың, жақсы бала ғой, тіл-аузым — тасқа, — дейді. Яғни, тіліміз, көзіміз тасқа тисін деген мағынаны білдіреді.

"МАЙЛЫ ҚАСЫҚТАЙ"

Бір-бірімен тіл тауып, тату, араласып-құраласып жүретін адамдарды сипаттағанда, осы тіркесті қолданады. Мысалы, келіні мен енесі жайлы:

— Керемет тату, майлы қасықтай, — дейді.

"АЛДЫНА КЕЛГЕНДІ ТІСТЕП,

АРТЫНА КЕЛГЕНДІ ТЕУІП…"

Мінезі шайпау, жұртқа жағымсыз адамды халық осылай сипаттайды. Тістейтін, тебетін мінез жылқыда болады.

"ЖАЛПАҚ ШЕШЕЙ"

Жұрттың барлығына әдейі жақсы көрінуге тырысатын, анау айтса — ананың, мынау айтса — мынаның сөзін қоштайтын, өзіндік тура пікір айтудан жалтаратын адам туралы: "Ой, соны қойшы, ол бір жалпақ шешей ғой", — деп, ел жақтырмай сөйлейді.

"БЕТ-АУЗЫ БҮЛК ЕТПЕЙ"

Клара мен Роза дос болып жүретін. Роза — оқу озаты. Ол сабағы нашар Клараға талай уақытын бөліп, көмектескен. Бірде Роза сырқаттанып, біраз жатып қалды.

Кластастары кезектесіп барып жүрді. Клара бір рет барды да, кейін досына соқпайтын болды. Құрбылары:

–Сен Розаға неге бармайсың, досың емес пе? — дегенде, ол тұрып:

–Қайдағы?! Мен онымен дос болып па едім? — деді бет-аузы бүлк етпей.

Өтірік айтатын, жақсылықты бағалай білмейтін, тек өзіне пайдасы тиетін уақытта біреуге жалбаңдайтын адамды осылай сипаттауға болады.

"АТТЫҢ ЖАЛЫНДА, АТАННЫҢ ҚОМЫНДА"

Санджардың үйіне қаладан қонақтар келеді деп анасы асығыс әзірлік үстінде еді. Әкесі дүкенге барғалы жатқан. Мектептен оралған Санжар:

–Бүгін концерт қоямыз, менің жаңа жыл кешіне киген ұлттық костюмім қайда? — деп, киімін шешер-шешпестен анасынан сұрады.

–Санжар, менің қолым тимей жатқанын көрмеймісің? "Аттың жалында, атанның қомында" қабаттаспасаңшы! — деді анасы.

Асығыс іс істеліп немесе жол жүргелі жатқанда, басқа бір нәрсені қосарлана істеген жағдайда "Аттың жалында, атанның қомында" деген тіркесті айтады. Бұл асығыс, орынсыз іс қылғанды құптамаған ниетті білдіреді.

"БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРУ"

Оқыс, шетін, ерсі іс істеген адам жайлы:

— Өзі ылғи бүйректен сирақ шығарады да жүреді, — деп кейістік білдіре айтылады.

Малдың бүйрегі қай жерде болатынын зоология оқулығынан білесіңдер. Ендеше, сирақтың бүйректің ішіне түсуі — тіпті мүмкін емес нәрсе. Яғни, өте ерсі, мүмкін емес істі, ой-пікірді дұрыс нәрседей дәлелдеуге тырысқан адам туралы айтылады.

…Жарқын дастарқан басында үлкендердің сөзіне құлақ түріп отыр еді. Әңгіме қабырғасы қаланып біткен қораның шатырын жабатын материалдың жоқтығы жайлы екен.

— Колхоз гаражының жанында тесіліп қалған темір бөшкелер жатыр, соларды әкеліп салуға болмай ма? — деді Жарқынның сегізінші оқитын ағасы Алмат.

— Қалыңдығы ек елі темір бөшкені қалай кесесің? Әй, балам-ай, бүйректен сирақ шығармай отырмайсың-ау, — деді әкесі.

"ТИСЕ ТЕРЕККЕ, ТИМЕСЕ БҰТАҚҚА"

Ойланбай, өз ісінің, ойының дұрыс екенін әбден біліп алмай іс істеген не пікір айтқан адамға:

— Тисе терекке, тимесе бұтаққа деп соғып отырсың ғой? — деп, мысқылдай айтады.

"Ә ДЕСЕҢ, МӘ ДЕП…"

Үлкенмен де, кішімен де қарсыласып, ұрсысып тұрып алатын, шап етпе мінезі бар адамға осы сөз тіркесімен-ақ анықтама беруге болады.

Әния апайдың жас келін түсіргеніне біраз болған. Көрші үйдің қалада оқитын қызы жазғы демалысқа келгесін:

— Әния апайдың келіні тәуір адам ба, әже? — деп еді, Салтанат әжей:

— Тәуірлігін көргеніміз жоқ, ә десең, мә деп тұрған біреу, — деп, қабағын шытқан күйі ұршығын иіре берді.

"БІР ҚОЛДЫ ЕКІ ЕТЕ АЛМАЙ"

Рабиға сабағын дайындап болғанда, ата-анасының жұмыстан келетін мезгілі де таяп қалған екен. Ол стол үстін жинастырып, шай қойды. Енді дастарқан жайғалы жатыр еді, бір класс төмен, алтыншыда оқитын інісі Сайран далада ойнап-ойнап келіп:

— Рабиға, есебімді шығара алмаймын, сен шығарып берші? — деп қыңқылдады.

— Қазір ата-анам жұмыстан шаршап келеді, дастарқан жасайын деп өзім бір қолымды екі ете алмай жатқанда, қоймадың ғой! Өзің шығар! — деп ренжіді Рабиға.

Қолы тимей қапылып жатқанда, басқа бір іс істеуді сұраған адамға "Жұмысым көп, үлгере алмай жатырмын, мүмкіндігім келмейді" деудің орнына: "Бір қолымды екі ете алмай жатырмын", — десе, жеткілікті.

"БЕТЕГЕДЕН БИІК, ЖУСАННАН АЛАСА"

Көзге түсуге тырыспайтын, орынды-орынсыз сөйлемейтін адамды сипаттағанда, осы тіркес айтылады.

"АЯҚТАНДЫРУ"

Есжанның ағасы Алмабек үйленді, жас келін Жанар ибалы, сүйкімді қыз екен. Есжанның анасы Сағира келген адамдарды қуана қарсы алуда.

— Балаңды аяқтандырып жатыр екенсің, құтты болсын!

— Қуанышың ұзағынан болсын! — деп, ауылдастары Сағираның қуанышын бөлісіп жатыр.

Ер бала үйленгенде, "Баламыз аяқтанды" дейді.

Ал қыз бала ұзатылғанда, "Қызымыз тұрмысқа шықты" немесе "Тұрмыс құрды" дейді.

"АЛАҚАЙ"

Қуанышты, шаттықты білдіретін сөз. Жастар, балалар айтады.

Әскерден келген Серіктің інісі Жанайдар: "Алақай, ағатайым келді!" — деп алдынан жүгірді.

"КІМНІҢ ТАРЫСЫ ПІССЕ, СОНЫҢ ТАУЫҒЫ"

Қолында билігі бар, бір пайдасы тиеді-ау деген есеппен әркімге бір жалбақтап жүретін адам жайлы осы мақал айтылады. Ол адамның жақсы көргені, сыйластығы — тұрақсыз.

"КҮШ ҚАЗАНДАЙ ҚАЙНАЙДЫ,

КҮРЕСУГЕ ДӘРМЕН ЖОҚ"

Асан мен Әлім кинодан келе жатыр еді. Жеті-сегіз бала екеуін ортаға алды, ақша, сіріңке сұрады. Бұлар "жоқ" деп еді, бәрі жабыла кетті. Бұл балалардың мұндай бұзақылығына екеуі әбден ызаланды. Төбелесіп те көрді. Бірақ көптің аты — көп. Әл берер емес. Асан мен Әлімнің осы сәттегі жан күйін "Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ"деп анықтауға болады. Адамның шарасыздығын білдіреді.

"САЛТ БАСТЫ, САБАУ ҚАМШЫЛЫ"

Аяғына оралғы болатын бала-шағасы жоқ, от басында ауыртпалығы аз адамды "салт басты, сабау қамшылы" дейді.

"АУЗЫН АШСА, КӨМЕЙІ КӨРІНГЕН"

Ақ көңіл, қулық-сұмдығы жоқ, сәбидей адал адамды халық: "Аузын ашса, көмейі көрінген адам ғой", — деп сүйсіне сөз етеді. Ондай адам өте

аңғал, сенгіш келеді, сондықтан қулық-сұмдығы мол адамдар ондайларды өз мүдделеріне жиі пайдаланып, кейде өкіндіріп жүруі де мүмкін.

"КӨП ТҮКІРСЕ, КӨЛ"

Дарынның анасы дүкенде істейді. Тәжірибесі де көп емес. Бір күні ауданнан тексерушілер келді де, пәлен мың сом ақша кем деп, Дарынның анасын айыптады. Оны төлейтін бұларды қаржы жоқ болатын.

Бұл жайды естіген ауыл ақсақалдары кеңесіп, үй басына ақша жинап, Дарынның анасын құтқарып алды.

— Тәжірибесіздігінен істі болған екен, ел болып көмектеспесек, көргенділігіміз қайсы… "Көп түкірсе, көл болар" деген, әрқайсымызда пәлендей байлық болмағанмен, бәріміз қосылсақ, құтқаруға болады, — деп Мәжит ақсақал үлкендігін айтты.

Адамдар тату, бір-біріне жанашыр, білікті болса, көп жағдайды жақсартуға болатынын осы мақалдан ұғынуға болады.

"ЖАЛҒЫЗ ЖҮРІП ЖОЛ ТАПҚАНША,

КӨППЕН БІРГЕ АДАС"

Жеке басының ғана қамын ойлайтын, өзімшіл адамды халық қадірлемейді. Жолдас-жораларының, бауырларының, коллективінің, ауылының мүддесін ойлайтын адам ғана ел құрметіне бөленеді. Мектепте, класта, үй-ішінде түсінік болмаса, әркім өз бетінше жүрсе,береке болмайды.

"Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас" деген нақыл адамдарды бірлікке, бірін бірі сыйлауға тәрбиелейді.

"ТҮУ ДЕСЕ, ТҮКІРІГІ ЖЕРГЕ ТҮСПЕЙДІ"

Қолында билігі бар, жұрттың бәрі қорқып, алдында бүгежектеп жүретін, кез келген ортада дегені болатын әкім-қара туралы айтқанда:"Түу десе, түкірігі жерге түспей тұрған кезі ол кісінің", — деседі.

Бұл ел-жұртқа шын мәнінде қадірлі адам туралы айтылатын тіркес емес.

"АНАУ АЙТСА — АНАҒАН,

МЫНАУ АЙТСА — МЫНАҒАН…"

Өзінің тұрақты пікірі, ойлы көзқарасы жоқ, біреу бірдеңе айтса, соған ере кететін, талғамсыз, ойсыз, ұшқалақ адам жайлы: "Анау айтса — анаған, мынау айтса — мынаған еріп кететін пәтуасыз", — деп, халық оған сенім артпайды.

"КҮН ЖАУМАЙ СУ БОЛЫП…"

Қолынан іс келмейтін, еш нәрсені ұқсата алмайтын, кез келгеннен қорлық көріп, зорлық шегіп, жоқтан өзгенің бәрін қайғы-қасірет көретін, ұсақ-түйектен жапа шегіп жүретін адамды "Күн жаумай су болып жүретін бейшара" деп, халық оған мысқылдай қарайды.

"АУЫЗ БАРҒАНША СӨЙЛЕП…"

Бұл көбінесе әйел адам туралы айтылады. Ата-анасынан, апаларынан жақсы тәлім-тәрбие алмаған, үлкендер отыр ғой деп именбей, ұялмай, жөнді-жөнсіз сөйлей беретін, шақырусыз кез келген үйге бара салатын, тәрбиесіз, өз бетімен кеткен қыз бала, әйел адамды ел сыйламайды. "Аузы барғанша сөйлеп, аяғы жеткенше жүріп жаман үйренген ғой", — деп жақтырмай айтады.

"АҚЫЛСЫЗ БАС ЕКІ АЯҚҚА ТЫНЫМ БЕРМЕЙДІ"

Наурызбай деген жігіт көрші ауылға қыдырып келеді. Ауылдан бір ит үріп шығады. Наурызбай итті атпен қуып сабайды. Ит сиыр сауып отырған бір келіншекке келіп паналайды. Наурызбай оған да болмай, итті қамшымен тағы бір басып өтеді. Сонда келіншек итіне: "Қыңсыламай, қоя ғой, күшігім, тыңдамаса ағасы ұрар болар, інісі көтерер болар", — деген екен.

Балалар, Наурызбайдың қылығын өздерің қалай бағалар едіңдер? Халық осындай өз әрекетіне есеп бермейтін, ойсыз, оспадар жандарға күліп: "Ақылсыз бас екі аяғына тыным бермейді", — дейді. Егер сендердің араларыңда Наурызбай сияқты ұрыншақтар болса, осы мақал естеріңде жүрсін. Әйтпесе, жолдастарының алдында да күлкі болады.

"СӨЗ ТАПҚАНҒА ҚОЛҚА ЖОҚ"

Есалы деген әзілқой кісі бір құрдасының үйіне келеді. Үй-іші мал сойып, шай қайнатады, дастарқан жайылады. Күні бойы нәр татпаған Есалы ұсақ бауырсақты үшеуден, төртеуден аузына салып, шай ішіп отырады. Шай құйып отырған құдашасы Есалының бауырсақ жеуін мысқылдап:" Сіздің елде қойды қораға қамарда бірден айдай ма әлде топтап айдай ма?" — депті. Бұл қалжыңға Есалы дереу:"Ірі болса, біреуден, ұсақ болса, үшеу-төртеуден айдаймыз", — деп жауап беріпті.

Міне, Есалы әзілмен қалай ұтқыр жауап берген. Қандай жағдайда да мүдірместен, сөз тауып айтатын, әзілге жүйрік, сөзге шешен адамдармен ешкім жөнсіз айтысып-тартысып сөз таластырмаған. "Сөз тапқанға қолқа жоқ" деп бірден жеңілгенін мойындайды екен. Ондай адамдардың сөздері ел арасына аңыз боп та тараған.

"ОБАЛ-АЙ, ОБАЛ БОЛАДЫ"

Данияр ағаш басындағы ұядан жерге жаңа түсіп, ұшып-қонып жүрген балапанды ұстап, қолына қысып, біресе қанатын сипап қызығып жүр. Мектептен келе жатқан ағасы Алмас:

— Данияр, ұстама балапанды! Обал болады! Бір жерін ауыртып не қанатын зақымдауың мүмкін, — деп балапанды босатып жібереді.

"Обалына қалармыз", "Обалынан қорықпай ма екен" деген тіркестер нақақ жәбірленген жәндік, жануарға, адамға жанашырлықпен айтылады.

"ҚЫЗҒА ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЮ"

Қазақ қыз баланы еркелетіп, дегенін орындап әлпештеген; дарақы, қыдырымпаз, ұрысқақ болып өсуден сақтандырып отырған. "Қызға қырық үйден тыю" деген мәтелдің мәні — кез келген үйге бара беру, қонып қалу ұят, негізінен ибалы да нәзік, ақылды болуға тиіс қазақ қызына аса лайықсыз қылық.

"САЛЫ СУҒА КЕТУ"

Дидар Мұраттың үйіне келіп еді, досы әдеттегідей жарқылдап қарсы алған жоқ. Өзі көңілсіз, тұнжырап отыр екен.

— Немене, салың суға кетіп отырсың ғой? — деді Дидар.

–Класаралық жарыста командамыз 7"б"-дан жеңіліп қалды, — деді кластағы футболшылар капитаны Мұрат.

Әбден көңілі қалып, көңілсіз құлық көрсеткен адамға айтылады.

"ІШКЕН АСЫН ЖЕРГЕ ҚОЮ"

Қымбат — жас мұғалім, оқушылар өте жақсы көреді. Себебі ол балалардың әрқайсысымен сырлас досындай тіл табысады.

Қымбат десе, оқушылар ішкен асын жерге қояды.

Өте қадірлейді, сыйлайды, жақсы көреді деген мағынаны білдіреді.

"САҒЫ СЫНУ"

Ақмарал мен Айдана дос болып жүретін. Бірде Айдананың анасы жұмыс бабымен жолаушылап кетті де, үйдегі кішкентай Нұрлан мен Мартаға бас-көз болып, Айдана қалған.

Айдана дүкеннен нан әкелуге баратын болды да, жақын жерде тұратын Ақмаралға:

— Бөпелерімнің жанына отыра тұршы, — деп өтініш айтты.

— Өзімнің де шаруам бар, бара алмаймын, — деп, Ақмарал үйіне кіріп кетті. Айдана сағы сынып, үйіне қайтты.

"ЖҰЛДЫЗЫ ҚАРСЫ…"

Бір-бірін өте жек көретін, тіл табыса алмайтын екі адамды сипаттағанда:

"Ол екеуінің жұлдызы қарсы", — дейді. "Мен оны жек көремін" деудің орнына:

"Менің онымен жұлдызым қарсы", — деп айтады.

"ЖЕР АСТЫНАН ЖІК ШЫҚТЫ"

Ерсі, күтпеген қылық көрсеткен адам туралы:

"Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шығып", мынаныкі не?! — дейді.

"КӨЗГЕ КӨК ШЫБЫН ҮЙМЕЛЕТУ"

Біреуге азап шеккізу, жазалау жайлы айтылады.

Біреуге ызаланып, істеген кесірлігі не зұлымдығына кейігенде:

"Көзіңе көк шыбын үймелетейін бе?!" — дейді.

ДӘСТҮРДІ БІЛЕСІҢ БЕ?

Туған халқының салт-дәстүрін қанына сіңіріп өскен бала елдің үлкен азаматы бола алады. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мол.

Әжелерің, аталарың, әке-аналарың айтқан, үйреткен осындай жайларды, салт-дәстүрлерді білгендерің дұрыс.

КІНДІК ШЕШЕ КІМ?

Бала туғанда оның кіндігін кез келген кісіге кестірмейді. Мінез-құлқы жақсы, от басында үлгілі, тұқымдары өсіп-өнген әйел адамға кестіреді. Бала өскенде оны "Кіндік шеше" деп атайды. Қазақта "Тоғыз ай көтергенге тартпайды — жерден көтергенге тартады" деген мақал бар.

Кіндік шеше — өз анасындай қадірлі адам. Кіндік шешенің жолдасын бала Кіндік ата деп атайды.

ҚОНАҚ КЕЛГЕНДЕ

Қонақты жастар үй сыртына шығып қарсы алады. Ер адамдарды үйдің ер балалары, әйел-қыздарды келін-қыздар қарсы алады. Қазіргі біздің жағдайымызда, есіктен кірген адамға:

— Төрге шығыңыз!

— Жоғарылатыңыз!

— Төрлетіңіз! — деген дұрыс.

Үйде ата-анасы жоқ кезде қонақ келсе, балалар жылы ілтипат білдіріп, ата-анасын жоқтатпай, қонақты күте білгені жөн.

Үйден қонақ кетер кезде, балалар кебіс салады, яғни, әркім босағадан өз аяқ киімін іздеп жатпауы үшін және ілтипаттың, құрметтің белгісі ретінде қонақтардың аяқ киімін ыңғайлап қояды және сырт киімдерін кигізеді.

Қонақтардың өздерін ғана қалдырып, үй иелері ас қамы, қонақтың бабы деп жүгіріп кетпейді. Көргенді үйдің иесі қонақтармен әңгіме-дүкен құрып, тамақ келгенше зеріктірмеуге тырысады.

КІМ ҚАЛАЙ АТАЛАДЫ?

Қазақта бала әкесінің әкесін АТА, анасының әкесін НАҒАШЫ АТА дейді. Анасының анасы НАҒАШЫ ШЕШЕ болады.

Ата-ана ұлдың баласын НЕМЕРЕ деп, қыздың баласын ЖИЕН деп атайды. Жиеннің баласы ЖИЕНШАР болады.

Әпкесінің жолдасы — ЖЕЗДЕ, ал ер-азаматқа келіншегінің іні-сіңлісі БАЛДЫЗ, аға-әпкесі ҚАЙЫН АҒА, ҚАЙЫН БИКЕ болып келеді.

Апалы-сіңлілі екі қыздың жолдастары бір-біріне БАЖА болады да, ал олардың балалары бірін бірі БӨЛЕ дейді.

Ағайынды екі кісінің балалары бір-біріне НЕМЕРЕ туыс болады. Мысалы, Марат пен Мардан — ағалы-інілі. Мараттың ұлы Асқар он бесте. Марданның қызы тоғызда. Асқар — Әлияның немере ағасы.

ҚОНАҚҚА ШАҚЫРУ

Басқа жерден көшіп келген көршілерге сол жерде бұрыннан тұратындар ЕРУЛІК береді, яғни қонаққа шақырады. Бұл — екі үй бір-бірімен араласып, үй-іші, балалар жатырқамай, жақын, тату болсын деген ниетпен жасалатын құрмет.

Жас келін түскен үйді ағайын-туған, дос-жарандары қонаққа шақырады. Жаңа түскен келін келген жерінің жақын адамдарын біліп, сыйлап жүрсін деген ишарат.

Кісі қайтқан үйдің от-басын жақын-туыс, дос-жарандары қонаққа шақырады. Оны көңіл шәй беру деп атайды.

ЖЕҢЕШЕҢ АТ ҚОЙДА МА?

Біздің халқымызда әйелдер күйеуінің қарындас-інілерінің атын атамайды, еркелетіп, түрлі ат қойып алады.

Жас келінге жолдасының інілері ҚАЙНЫ, қарындастары ҚАЙЫН СІҢЛІ болады.

Әдетте, қайныға "Ақ төре", "Мырза жігіт", "Ерке бала", "Кенжем", ал қайын сіңліге "Көз жақсым", "Еркем", "Еркежан", "Айнамкөз", "Көркемжан" деген секілді ат қояды.

Бұл да сыйластықтың белгісі болып есептеледі.

Қайны мен қайын сіңлінің ең жақын сырласы, мұңдасы — жеңгесі.

СЫЙ-СИЯПАТ

Біздің дәстүрімізде қадірлі қонаққа тай сойып, қой сойып құрмет көрсетеді. Кетерінде оған ат мінгізеді. Әйел адамға жағалы киім, көйлек кигізеді. Қыз балаға орамал жауып, нар мая не бота жетектетеді.

Қонақтың кішкентай баласы немесе немересі еріп келсе, тай мінгізеді.

Әрине, қазіргі кезде дәл баяғы замандағыдай ат мінгізу, нар мая жетектету мүмкіндігі бола бермейді. Алайда әркім өз әліне қарай жоралғысын жасауы керек.

СОҒЫМ

Қазақ халқының негізгі тамағы — малдың еті. Күздің қара суығы басталған кезде тоқты, торпақ сойып алады. Мұны "күздік" деп атайды. Ал қыс түскенде соғым сояды. Соғымға сойылатын малды алдын ала семіртеді. Мысалы, жылқы, сиыр сойылады да, етін қыс бойы жеуге арнайды.

Соғым сойған күні көрші-көлемді "соғым басына" шақырады.

"САҚТАҒАНЫН ЖЕСЕ…"

Айдар астанада оқиды. Жазғы демалысқа келгенде, анасы сүрлеп сақтаған етін асып, жинап жүрген сары май, ірімшік, құрттың бәрін дастарқанға шығарып мәз болады.

Аналар, жеңгелер алыста жүрген қимас дос-жаранға, қайны, қайын сіңліге арнап сыбаға сақтайды.

Кейбір әзілдесетін құрбы-құрдастары ет жегілері келгенде, "Сақтағанын жесе, сағынғаны келеді" деген мақал бар деп, жеңгелерінің, замандастарының баласына не басқа сыйлы адамдарына сақтаған сыбағасын жеп кететіні де болады.

СЫБАҒА

Ет асқанда сойылған малдың әр мүшесі кез келген адамға берілмейді.

Қой сойылса, ең үлкен қонаққа қойдың басын, ал тай сойылса немесе соғым мезгілі болса, жылқының, сиырдың шекесін ұсынады. Бас ұстаған адамға жамбас қоса тартылады. Күйеуге — төс, қызға құйымшақ арналады. Күйеу төсті, қыз құйымшақты өзі жеп қоймайды — ауыз тигесін, дастарқан басындағы не сол үйдегі жеңгелерінің біріне ұсынады.

Қадірлі сыбағаның бірі — омыртқа.

СҮЙІНШІ

Ауылдағы жеміс ағаштарының түбін қопсытып жүрген Болат тоқтаған машина дыбысы шыққасын қақпадан карап еді — әскер қатарында азаматтық борышын атқарып жүрген ағасы Асылбек түсіп жатыр!

Болат қора жақта жүрген атасына жүгірді:

— Ата, ата! Сүйінші! Асылбек ағам келді!

Екі жыл бойы сағынған Асылбекті көріп, үй-іші мәре-сәре болып қуанып қалды.

Кешкісін атасы қалтасынан ақша алып, Болаттың әкесіне ұсынды.

— Болатжан сүйінші сұрап еді, Асылбек аман-есен оралды, жақсы хабарға сүйінші бермеуге болмайды. Мынаған ертең Болатқа велосипед әкеліп берші, — деді Абдол ақсақал баласына.

Жақсы, қуанышты хабар айтқан адамға "сүйінші" беру — халқымыздың дәстүрлерінің бірі.

ҮЛКЕН ҮЙ ЖӘНЕ ОТАУ

Қазақ халқында ата-ана ұл баласымен бірге тұрады. Ұлдары бірнешеу болса, үлкендері үйленгесін, олардың әрқайсысына енші беріп, өз алдына тұрмыс құру үшін бөлек шығарады. Енші — балаға ат-ананың беретін мал, мүлік, үй (киіз үй) не пәтері.

Әдетте, ата-ананың қолында ең кіші ұлы — кенжесі қалады. Бұл үлкен үй, ал енші алған балаларының үйі отау деп аталады.

СӘЛЕМ БЕРУ

Әсем — үздік оқушы. Мінез-құлқы да жақсы. Өлең-жырды көп оқиды. Сондықтан оған оқушылардың демалыс үйіне жолдама берілді.

Анасы Әсемнің киім-кешегін дайындап, әрі қуанып, әрі "бұрын алыс жолға шықпап еді" деп дайындап жүр. Ертең жүреді деген күні:

— Алыс жолға жүрейін деп отырсың, ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, амандас, — деді.

Әсем дос қызымен Бәтен, Патша апаларға, Бақтыгерей, Мұхиден аталарға барып сәлемдесті.

— Ерең демалыс үйіне барғалы жатыр едім, сіздермен қоштасуға келдім, — деді сәл ұяла сөйлеп.

— Оң сапарың болсын!

— Аман жүр, қарағым!

— Өркенің өссін! — деп үлкендер риза болып, бата-алғыстарын айтып, үйлерінен дәм татқызды.

Ұзақ жолға аттанарда немесе алыс сапардан я қаладағы оқудан келген бала, жасы кіші адам ауылдағы үлкендерге сәлем беріп, осылайша амандасады.

Бұл — әдептіліктің, үлкенді сыйлай білетін мәдениеттіліктің белгісі.

БАЙҒАЗЫ

Әкесі Аритаға әдемі көйлек алып келді. Етегі күлтелене дөңгеленген көгілдір көйлекті кигенде, тіпті әдемі болып кетті. Арита жеңгесі Анарға көйлегін қуана көрсетіп еді, ол:

— Көйлегің құтты болсын, әдемі екен! Мынау көйлегіңе байғазы, — деп, сандығынан көгілдір бантик алып берді.

Балалар, жастар жаңа киім кигенде, велосипед, ат мінгенде, жақын-жуықтары осылай байғазы беру — дәстүрімізде бар әдет.

БАСТАҢҒЫ

Халқымыздың жақсы дәстүрлерінің бірі — бастаңғы жасау.

Үлкендер қонақтық, той секілді жиындарға кеткенде, үйде қалған келін, қыз, бозбалалар өздері оңаша тамақ пісіріп, көрші-көлемдегі құрбыластарын шақырады. Ән салып, домбыра шертіп, үлкендер жоқта емін-еркін, әзіл-қалжыңдары жарасып отырыс құрады.

Бұл дәстүр де қазақтың үлкенді сыйлау, олардың алдында ауыздарына келгенді айтып, бейбастықтық көрсетпеуінен шыққан.

СӘЛЕМ ЕТУ

Жаңа түскен келін үлкен адамдарға тізесін сәл бүгіп сәлем етеді. Жалпы келін атаулы қайын ата, қайын аға және басқа сыйлы үлкендерге сәлем береді. Бұл — алдымен, сәлемдескеннің, екіншіден, үлкен алдында ибалылықтың ишараты. Мысалы, ет жегеннен кейін дастарқаннан табақты алар кезде келін әуелі сәлем қылып, сосын табақты алса, жарасып тұрады.

Бұл дәстүрдің ешқандай ерсілігі жоқ, қайта жастардың ізеттілігі мен ішкі мәдениетін көрсетеді.

СӘЛЕМДЕМЕ

Алыстағы дос-жаран, жолдас-жора, ағайын-тумаға, реті келгенде, жүрген жолаушыдан дәм және басқа бұйым беріп жібереді.

Қалада тұратын Асхаттың үйіне бейтаныс біреу келді. Ата-анасы жұмыста еді, Асхат үйде сабаққа дайындалып отырған.

— Шырақ, анаңның бірге оқыған құрбысы Әсима біздің ауылда тұратын еді, мынау сол кісінің сәлемдемесі, — деп шағындау қағаз қорапты ашып қарап еді — сүрленген жамбас, ірімшік-құрт, кішкентай Динаға арналған болу керек — ойыншық бар екен.

Бұл дәстүр адамдардың бір-біріне жақындығын, жанашырлығын бекіте түседі.

САРҚЫТ

Әдетте, тойға барған адам ішіп-жеген ас, көрсетілген құрметпен қатар, түрлі сый-сияпатқа ие болады. Тойдан оралғанда өзінің көрші-көлем, дос-жолдастары, жеңгелері: "Сарқыт, сарқыт!" — дейді.

Сонда тойға барып келген кісі той иелері өзіне кигізген киім, тағы басқа заттарды оларға бөліп береді.

БАЗАРЛЫҚ

Қазақта базарға шығу, малын сатып, оған қажетті киім-кешек, мата, шай, мәмпаси секілді ауылда бола бермейтін дүниелерді сатып әкеледі. Мұны "базарлап келді", "базарға кетті" дейді. Базардан керек-жарағын алып оралған адамның алдынан балалар "алақайлап" қуанып шығады. Көрші-көлем, жақын-жуықтары: "Аман-есен келдің бе?" — деп жолаушыға келіп сәлемдеседі, базарға барғандағы көргендерін айтқызады. Келген кісілерге, бала-шағаға "базарлық" деп әкелген заттарынан береді.

Ерте кездері бүгінгідей машина, самолет жоқ, базарға көлікпен барғасын апталап, айлап жүріп келеді.

ҚҰДА ТҮСУ, ҚҰДА БОЛЫСУ

Ер бала азамат болып ер жеткесін, өзінің көңілі қалаған қызбен үйлене салмайды. Алдымен, өзінің аға-жеңгесі, апа-жездесіне айтып, олар ұлдың ата-анасына сездіреді.

Ата-анасы қыздың үйіне барып, құда түседі. Құдалыққа ұл бала жақтан ауылдың сыйлы, қадірлі азаматы бастап 3-4 адам барады. Қыздың ата-анасы келісім берсе, болашақ құдаларды, жақынырақ танысу үшін, қонаққа шақырып кетеді. Содан кейін той мерзімін белгілейді.

Қазіргі заманда құда түсуге барған ұлдың туыстары қалыңдыққа сырға, алқа, жүзік, білезік секілді сый апарады да, ырым етіп, болашақ келіндеріне тағып кетеді.

Құда түсу — болашақ құдалардың бірлігі, ынтымағы нығаюына, ертеңгі жас шаңырақтың босағасының беки түсуіне дәнекер болар дәстүр.

ҚАЛАУ

Жас сәбилі болу — қазақ үшін ежелден қуаныш, той. Бұл — ата-бабамыздың балаға қаншалық мән бергенін ұқтырар қасиет. Кіндік шеше қалжа алып келгенде, немесе басқа жақын-жуықтар, мысалы, сол әулеттің ұзатылған қызы, нәрестеге сый-сияпат алып, құтты болсын айтуға келеді. Олар кетерде нәрестенің ата-әжесі, не әке-шешесі:

— Не қалауың бар? — деп сұрайды.

Егер қонақ сол үйдегі ең тәуір деген дүние-мүліктің, малдың бірін айтып, "осыны қалаймын" десе, үй иесі міндетті түрде қалағанын беруге тиісті.

Баяғы кезде нәрестенің анасынан келген кілемді не үй иесінің жүйрік жалғыз атын "қаладым" десе де, қонақтан аямаған. Сондай-ақ қазақта жиен нағашысының үйіндегі кез келген затты кез келген уақытта "қаладым" деп алуына хақылы.

КҮЙЕУ БАЛА

Қыз алған жігіт, яғни күйеу бала, қайын жұртына келгенде, ылғи да басқа қонақтардың төменгі жағында отырады. Күйеу баланың төрге отыруы, қызмет қылмай шіренуі — әдепсіздік.

Бұл — күйеу бала қайын жұртына өз баласындай жақын болсын, өзін еркін сезінсін, сол үйдің адамы ретінде басқа қонақтарға қызмет етсін (ет турау, ыдыс-аяқ алып беру, қолға су құю, т.б.) деген ізгі ниеттен шыққан әдет.

ҚЫЗДЫҢ ЖОЛЫ ҮЛКЕН

Қазақта қыз баланы аялап, еркін өсіруге, оның дегенін істеуге тырысқан. Ата-әже, әке-шешесі, ағалары мен іні-бауырлары қыз баланың қандай тілегі болса да орындаған.

Қызды тек төрге отырғызған. Қыз бала төменгі жаққа отырып қалса, төрдегі ең үлкен адам өз орнын беруге дейін барған.

Қыз бала отырған жерде анайы әзіл-оспақ, былапыт сөзді әңгімелер айту аса ұят болып есептелген.

Баяғыда ұзатылып кеткен қыздары төркініне қонаққа не қыдырып келгенде де аса құрметтеп, оның бабын табуға ауыл болып ат салысқан.

Қыздан туған жиенді қатты еркелетіп, нағашысының ауылында не істеймін десе де ерік беретін әдет — оның анасына, яғни сол үйден, сол ауылдан шыққан қызға деген қадір-құрметтен.

ЖОҚТАУ

Кісі қайтыс болғанда, өлікті үйден шығарарда, кейін бата оқуға адамдар келгенде, әйелдер дауысын шығарып сыңсып, жоқтау айтады. Яғни қайтыс болған адамның қадір-қасиетін айтып, қайғырып жоқтайды. Халқымызда "жоқтаусыз қалды" деген тіркес бар. Қайтыс болған адамның артында бала-шаға, дос-жараны болмаса, осылай дейді. Жоқтаусыз қалған жақсы емес.

Абай атамыздың оқыған, өте зерек, сүйікті ұлы Әбдірахман (оны үй-іші еркелетіп Әбіш деп атап кеткен) 27 жасында өкпе ауруынан қайтыс болғанда, оның жас жұбайы Мағрипаға (оны да еркелетіп Мағыш деп атаған) қайын атасы Абай жоқтаудың сөзін өзі жазып берген. Оның ішінде төмендегідей жолдар бар:

Жиырма жеті жасында
Мен айрылдым жарымнан.
Қызықты күнім қалмады
Жылаған айтып зарымнан.
Құдай салды жүрекке
Жалғанда бітпес жараны.
Қалқамды алып, Құдайым,
Басыма салдың қараны…

БЕТАШАР

Қазақ халқының ертедегі дәстүрлерінің бірі — үйге келін түскенде, ақын, жырау немесе әнші оның бетін ашып, келген жеріндегі ағайын-туыс, ата-енемен таныстыруы. Бұрыңғы кезде жас келін жалаңбас, бетін жарқыратып ашып келмейтін болған. Бетін шарқатпен жапқан келінді екі жағынан екі жас абысыны қолтығынан сүйеп, бетін ашқан адам "Қайын атаңа бір сәлем!" немесе "Қайын енеңе бір сәлем!" деген сайын, екі абысынының сүйемелеуімен еңейіп сәлем ететін болған. Осылайша, келін келген ауылдың үлкендері мен кішілеріне сәлем етіп болғаннан кейін, ең соңында ғана бетіндегі шарқатты алады. Мысалы:

Ақ келін-ау, ақ келін,
Атың басын тарт, келін.
Жақсы болса ақ келін,
ауылыма бақ келін.
Анау тұрған қайнағаң,
Қайнағаң да — сайлы адам.
Сыйлап жүрсең үлкенді,
аялайды айналаң.
Қайнағаға бір сәлем!

ЕНШІ БЕРУ

Бірнеше ер баласы бар ата-ана олар аяқтанғасын, бөлек шығарып, өз алдына үй етеді. Үйдегі дүние-жиһаз, мал-мүліктен жас отауға береді. Мұны енші беру дейді.

Саматтың ағасы келіншегімен, кішкене қызы Жанатпен бөлек үйге көшкен еді. Самат кішкентай Жанатты сағынып жүреді. Мектептен қайтарда ағасының үйіне соға кетейін деп еді, жолдасы Жанай:

— Қайда барасың, сенің үйің ана жақта емес пе? — деді.

— Ағамдікіне.

— Олар сендермен бірге тұратын еді ғой?

— Жоқ, жақында енші алып шыққан, — деді Самат үлкен адамша байсалды сөйлеп.

АТАСТЫРУ

Ерте кезде бұрыннан бірін бірі білетін қазақтар ұл-қыздары кішкентай кезінде, тіпті бесікте жатқанда, құда болысып қоятын болған. Мұны атастыру деп атайды. Мысалы, "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" жырында екі дос Сарыбай мен Қарабай аңға шығады. Екеуінің де жұбайларының аяғы ауыр екен. Жол үстінде жүріп, екі дос уәделеседі. "Біріміз ұлды, екіншіміз қызды болсақ, құда боламыз", — деп, екеуі әлі дүниеге келмеген сәбилерін атастырады.

Сарыбай қаза табады. Оның әйелі ұл тауып, есімін Қозы, ал Қарабайдың әйелі қызды болып, атын Баян қояды. Кейін Қарабай:

— Әкесіз балаға қыз бермеймін! — деп, уәдесін орындамайды.

СӘЛЕМДЕСУ

Ер бала өзінен үлкен ер-азаматқа кездескенде немесе даладан үйге кіргенде:

— Ас-салаумағалайкум! — деп, оң қолын кеудесіне қойып, сәлемдеседі. Бұл — сәлем беріп тұрған жастың алдындағы кісіге деген ізетін, ілтипатын білдіреді. Сәлем алушы:

— Уа-ғалайкум ас-салам! — деп жауап береді. Бұл — қазақ сөзі емес. Мұсылман дінінің қазақ топырағына енуімен келген араб сөздері. Қыз-келіншектерге:

— Сәләмәтсыз ба? — деп амандасу керек.

Қазақ дәстүрінде қыздар, әйел адамдар:

— Сәлеметсіз бе? — деп сәлемдеседі.

ЖЕТІ АТА

Біздің халқымыз әрбір бала әкесі жағынан да, шешесі жағынан қажетті атаға дейін кімдермен қандай туыс екенін білуі міндетті. Бұл — қазақтардың заңы. Себебі, жеті атаға дейін қосылатын жақындығы бар адамдар бір-бірімен қыз алысуларына болмайды.

СЫРҒА ТАҒУ

Егер үлкендер біреудің жасөспірім қызын келін етем десе, құда түспестен бұрын қызға сырға салып, тағып не орамал жауып кетеді. Бұл — болашақта құда түсемін деген белгі.

ДАСТАРҚАН БАСЫНДА

***

Қазақта тамақты жалғыз отырып ішпейді. Үйдегі үлкендермен бірге дастарқан басына отырысады және жасы кіші адам үлкен кісілерден бұрын асқа қол созуы әдепсіздік болып саналады.

Ас ішіліп болғасын, әркім бет-бетімен кете берсе, бұл — ұят қылық. Үлкендер ас қайырып болғасын, дастарқан басынан тұрысады. Егер біреу асығып отырса, үйдегілерден рұқсат сұрап, содан соң ғана дастарқан басынан тұруына болады.

***

Тамақ ішіліп болғасын, отырғандар ас қайырады. Ас қайыру — ана, қыз-келіндерге алғыс айту, ризашылық білдіру.

"Береке берсін!"

"Алланың рахымында болыңдар!"

"Дастарқан мол болсын!"

"Рақмет!" деген секілді алғыстар айтылады.

***

Дастарқан басында жасы кішілер тамақты бас салып өзі жей бермейді: анасына, әке-атасына тамақ салып береді, сорпа немесе шай кесесін ұсынады. Бұл — көргенділіктің, әдептіліктің белгісі.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз