Көп ұлтты совет әдебиеті жайлы айтқанда, менің көз алдыма қадау-қадау биік шыңдары, қыз кеуде кербез шоқылары, кермаралдай керілген сілемдері мен жарасымды жоталары — әрқайсысы теңдесі жоқ табиғат — суреткердің қолымен жасалған сұлу мүсінімен қызықтырар алып Алатау елестейді. Алатаудай жоталы, Ыстықкөлдей кұпиялы тереңі мол, Таластың жайлауындай кең әлемді әдебиет деп аталатын өз алдына сырлы дүниені жасап тұрған сол шырқау шыңдардай, жынысты жоталардай, сұлама сілемдердей ұлт әдебиеттері.
Қырғыз әдебиеті туралы сөз болғанда бүкілодақтық оқушы бүкіл қырғыз әдебиетін бірден елестетпейді, оның ең алғашқы ассоцияциясы — «Манас», Түгелбай Сыдықбеков, Шыңғыс Айтматов, ал, әйел жынысты жазушыдан — Майрамхан Абылқасымова. Оқушы мүмкін бұлардың әрқайсысының қырғыз әдебиетінің немесе совет әдебиетінің тарихындағы алатын орнын, толыққанды суреткерлік ерекшелігін біле бермес. Бірақ әйтеуір бүгінгі оқырманның қырғыз совет әдебиетін Майрамхан есімінсіз сөз етпейтіні кәміл.
Өйткені Майрамхан Шығыс ақын қыздарының арасынан тұңғыш бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алды. Бұл оның творчествосына совет халықтарының жүрегіне даңғыл жол ашып берген оқиға болған еді. Өлеңдері орыс тілі арқылы көп ұлтты оқырманға жолдас болды.
Майрамхан творчествосын даралайтын не?
Көп жағдайда қыз-келіншектер творчествосы арбаның бесінші доңғалағындай өмір кешеді. Оған біз, яғни ақын қыздар, өзіміз де кінәлымыз. Суреткерлік үлкен болмыс көрсете алмаймыз, ұсақ тірлік, әйел затының басынан кешер сүйдім-күйдімдер мен өкпе-наз, бала-шағаның қамы секілді күнделікті өмірдің тізгінінен биіктей алмай, өмірдің заңдылықтары мен қария-тіршіліктің сыры мол қүпиялары адамзат пен табиғат арасындағы тартыс пен байланыс жайлы философиялық түжырыммен тың ой айта алмай, поэзия жайлауындағы сүрлеу жолдардың бойында бүгежек бүлкілден аса алмай, асуларға ұмтыла алмай жүретін жағдайымыз да бар.
Ал, Майрамхан творчествасындағы ең басты қасиетті тақырып — ата жұрт, туған мекенге деген дала әйеліне тән шалқар сезім адамдық үлкен махаббатпен ұласып тұтасып келіп көп ұлтты Отанға деген патриоттық сезім атты ұлы мүхитқа құяды. Ана сүті мен ата жұрттың бойыңа сіңірген қасиеттерінің бәрін жүрегінен өткізіп алып, ол күн сәулесіндей қайта шашады айналаға. Майрамхан ата жұрттың атын мініп, атағын жұмылуды өзін көрсетудің амалы деп қарамайды. Жоқ, ол адамдық барлық қасиетті ақ сүтімен қанына сіңірген туған мекенге деген перзенттік сезімі арқылы өзі де биіктей түседі, сол сезімді өлеңмен өріп «артына өшпес із қалдыруды» мақсат түтады.
«Айналайын Ата жұрт,
Құтым сенсің, сенсіз сорлар қызыңды ұқ!
Қолдан тайып кетпесе екен біздің құт, — деп өз басының тоқшылығын, өз басының даңқ-абыройын ата-мекеннің тұтастығы мен бірлігінен, жұмыр жердің бетіндегі кішкентай нүкте — туған жұртының жұлдызынан төмен кояды.
Абылқасымованың интимдік, махаббат лирикасының өзінен азаматтық, адалдық үні есіп тұрады: өзімшілдік, ішітарлық, сөзге ерушілік, билікке таласу, жеке басының атағын шығару үшін басқаларды құрбандыққа шалып жіберуге даяр жігіттер елдің, халықтың азаматы деуге лайықсыз, ондайлар сенің басыңа іс түскенде басқа теуіп жүре беруден шімірікпейтіндігін жалаң ақыл айтумен емес, сезім иірімдерімен өріп әдемі жеткізеді.
Майрамхан творчествосына тән екінші қасиет — шынайылығы. Ол нені айтса да, қандай тақырыпқа өлең жазса да, жузышының ардай таза соты-ақ қағаздың алдында (ол шығармалардың көркемдік дәрежесі әрқилы болуы мүмкін) шынайы сезімін жазады.
Өзінің табиғатында жоқ, жалған, сондықтан да нанымсыздығы бетіне шығып тұратын ақылгөйлік, сенімсіз жалаң пәлсафа, ұраншылдық — осының бәрі бүгінгі ақындардың біразына тән ортақ кемшілік.
Ал, Майрамхан нені, қалай жырласа да, жүрегімен ақтарылып, шын сөзін айтады, адал айтуға тырысады. Мен Майрамхан жырларын қырғыз тілінде оқимын; Майрамханның өзім аударған екі-үш шумақ өлеңі қазақша былай болып шықты:
«Қызуы сүйе-сүйе қалмады құр», —
деседі мен туралы. Айта алмаймын
бекер деп, ақталмаймын. Ал бәрі бір
іштегі сезімімнен қайта алмаймын!»
Немесе:
Адалдықтан тұзы басым, майы кем —
Өртесе де, өтіріксіз сөз жақсы.
Алдап алған, зорлап алған шәйіден
Үстіңдегі терге бөккен бөз жақсы, — деген жолдар қарапайымдылығымен, халықтық үлгісімен әдемі. Ал, мына бір шумақтағы көз алдыңызға тұра қалған бейнені танисыз ба:
Олжа десе құрбан ғып дос, қасын да,
Дайын жұртқа шоқ тастап, от шашуға.
Қандай кезең туса да тіл табысып,
ел басқарып жүргені көш басында?..
Қырғыз әдебиетінде бір топ шоқ жұлдыздай ақын қыздар бар. Олардың әрқайсысы өз сәулесімен, өзіне ғана тән құбылуымен әдебиет әлемінің көгін ерекше нұрландыра береді. Олар өлеңдерінен аналық махаббат ескен Гүлсайра Момунова, адам жанына үңіле қарап, психологиялық тереңдігімен ерекшеленуге тырысатын Алымқан Дегембаева, лирикалық өлеңдерінің өзіне азаматтық әуен беруге, осылайша ешкімге ұқсамауға тырысатын Роза Мұқашева, жас та болса шықтай мөлдір мұңымен дараланатын Сағын Ахматбекова...
Қырғыз және қазақ халықтарын ортақ мәдениет, ортақ әдеби дәстүрлер жақындата түседі. Бір туған екі халықты алып Алатау ғана бөліп тұр. Бірақ бізді бір бірімізге жақындастыра түсетін де сол — шырқау шыңдарындары мұзарт қарлар жарқылдап әрқайсымызды мәңгі биік армандарға шақырып тұратын Алатау ғой!
1982
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі