Өлең, жыр, ақындар

Райымбек туралы сөз

Қазақтың Жастар мен балалар театрының бас режиссері Райымбек Сейтметов елу жасқа келіпті. Сенбейсің, себебі ол әлі жас жігіттей сұлу көрінеді. Дүниені де сол жас қалпында қабылдайды. Өлең оқиды. Жүрегімен оқиды. Поэзияның мәңгі жас ғұмыр кешетін киелі құдіреті оны жан-жүрегімен сезініп, тамсанып оқитын адамға да қартаймас қасиет беретін болса керек.

Егер шет елдердің бірінен келген қонақтар маған:

— Халқыңыздың зиялылары қандай болады? — десе, мен ойланбастан Райымбекті көрсетер едім. Қазіргі заманда жасанды зиялылар көп. Шын мәніндегі зиялы замандасымыз — Райымбек.

Әдебиеттің айналасында әдебиет туралы сөйлегіштер көп. Бірақ Райымбек Сейтметовтей әдебиетті түсінетін, шынайы әдеби талғаммен ұғатын адам сирек.

Халықтың ойын айтып, сөзін сөйлеген болып көрініп, патриот болғысы келетіндер көп. Олар әдебиетті менсінбей, данқ шыңына тезірек шығаратын тура жол іздеп, театр мен кинода жүреді. Бірақ әзір Райымбектен басқа қазақ жоғалып кеткен халықтық шындықтың сахнаға қайта келуіне себеп бола алған жоқ.

Кейбір даңқ қуғандар ішті білеміз десе де, сыртты білмейді немесе керісінше — сыртты жақсы біледі; ал, біздің халық қандай топырақта тұр, ол топырақта не өсіп тұр — мұны білмейді, халықтың көңілінен шыққылары кеп білгенсиді.

Ал Райымбек болса, өз бойындағы талантын, талғамын жақсы біледі. Өзінің шама-шарқын біледі, сондықтан да дұрыс ұмтылады. Бірақ оның ұмтылысы даңқ құмарлардың тек өзім болсам, өзім ғана көрінсем, жалғыз өзім дара болсам деген ұмтылысы емес.

Біздің ұрпақ соғыстан соңғы жетімдікті көрді, культ заманының зардабын кешті. Тек өз тірлігімізбен, өз еңбегімізбен көрініп келеміз. Бұл біздің жанымызға сергектік берді.

Райымбек, сен жасын айтпағанда жас көрінетіндей сезінетін қыз бала емессің. Сен қаншама жассынғанмен, елуге келдің. Саған сын енді көбейеді. Өйткені сен халқыңның назарындасың. Ал, халықтың назарындағы адамға даналық керек, ондай адамның жаңсақ басуға хақы жоқ, себебі оның артында халқы тұр.

Сен білгір де жетік қолбасшы секілді боп көрінесің маған. Көкірегіңді тыншытпаған идеяны іске асыруға жан салып, көмектесетін, қас-қабағыңнан танитын мынау Жастар театрының талантты жігіттері мен қыздар бар. Ал әдебиетті қаузап жүрген біз байғұста ондай қол — ұжым жоқ. Сенің өнеріңді, ойыңды түсінетін бір топ елді өзің баурап, баулып келесің.

Сенің үлкен творчестволық бақытың — осы.

Екінші бақытың: адам болғасын, отбасының жылуы болуы — қажеттілік. Өзі де сұлу, жаны да сұлу жар сүйдің, әдемі, аяулы перзенттер сүйдің.

Өмір деген ұлан-ғайыр әлемді барлық былық-шылығымен, қуаныш-рахатымен сахнаға әкеліп, ойсыз көкіректерді де мұңға толтырдың. Қазақ поэзиясын сахнада сөйлеттің. Сөйлеткенде қалай сөйлеттің! Демек, сені осы талантың, осы талғамың үшін халқың сүйеді, елің қадірлейді.

Бұл — сенің үшінші бақытың.

Менің тілерім:

сен енді ештеңеден қорықпайтын дәрежеге, қорықпайтын жасқа келдің; біреудің немесе біреулердің көңілінен шықпай қалармын деп қаймықпа; орнымнан алып тастар деп қорықпа! Сенің қорқатын бір-ақ нәрсең бар: ол мына алдыңда көздері мөлдіреп, жәудіреп отырғандар, яғни алдыңдағы халқың. Бұлардың әрқайсысы — тарих. Елдік пен ездіктің, батылдық пен бассыздықтың, адамдық пен астамдықтың ара жігін түбінде ашып беретін — тарих, міне, осылар. Қорықсаң, осылардан қорық, осылардың әппақ ниетінен, ықыласынан сескен! Осы халқыңа қызмет қыл, осыларға басыңды иіп, тағзым ет!

1988.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз