«Қош, махаббат!»
«Кәдімгі ақын Мүқағали прозашы да болған ба?» — деп, ақынның «Қош, махаббат!» атты қара сөзбен жазылған жинағын қолына алғандар таңдануы да мүмкін. Аты-шулы қара сөз шеберлерінің көбі дерлік творчество деген салтанатты сарайдың қақпасын алғашқыда өлеңімен тықылдатқан ғой.
Ал, Мұқағали болса, «Дариға-жүрек», «Өмір-дастан», «Өмір-өзенге» бара жатқан жолында қасиетті қара сөздің ауылына түстене кеткен секілді. Маған осындай әсер қалдырды. Мен Мұқағалидың тірі кезінде оның әр-жерде басылған әңгіме-мақалаларын оқымаппын. Көңіл бөлмеппін... Енді қайтып келмейтініне көзіміз жеткенде ғана аласұрып жоқтап, мойындайтын әдетіміз бар емес пе?!
Соңында жоқтайтын ұрпағы барлар ғана ұлылар санатына қосыла алады. Енді, міне, ақынның қаламынан шыққан әр сөз, әр сөйлеміне үңіле қарап, өзімізше ой түйіндеуге, өзімізше түсінуге тырысатын кезеңге біз де жеттік.
Сонымен, қолымызда «Қош, махаббат!» — Мұқағали Мақатаевтың қаламынан әр жылдарда өмірге келген қара сөзбен жазылған туындылар.
Маған бір оқырман: «Өлеңі бір басқа, өзі бір басқа ақындар көбейіп кетті», — дегені бар. Ал Мұқағали сынды ақын жайлы бұлай айтуға ешкімнің де ары бармас еді. Өйткені әр өлеңнің әр жолынан, әрбір ұйқас-ырғағынан көзіңді бірден қаймықтырып аштырмайтын айнаға шағылысқан сәуледей шындық жарқырайды. Бұл кітаптағы проза тілімен жазылған әрбір үзік сырдан да сол ақын Мұқағалидың Хантәңірінің шыңындағы кіреуке түспеген қардай жан ниеті, Шалкөденің сайына асып-тасып аңғал құлаған бұлақтай сайран сезімі бірден жүрегіңді баурап алады.
Кітаптың беташары — «Құлпытас» әңгіме, новелла, тіпті эссе де болатындай. Қала тірлігіне, үйренбеген, әділет соқпағымен ғана жүріп өтем деген Смағұлдай мұғалімнің әлдекімдердің алайған көзінен діңкелеген шарасыз кейпі, жатаған көрінгенмен бала жанының саясындай ауылдағы мектебі — бәрі-бәрі кішкентай Зияшқа трамвайы сартылдаған, мүгедек қарияны «билеті жоқ» деп түсіріп жіберген қатыгез кондукторлы қаланың у-шу өміріне қарама-қайшыдай көрінеді. Және бұл керемет табиғи, нанымды шыққаны сондай, кішкене қыздың сағынышына ілесіп, өзің де дала кезіп қайран ауыл қайдасың деп тартып кеткің келеді. Осы әңгімеде үлкендердің — өмірді құрап тұрған адамдардың — түсініксіз, оғаш қылықтары, тіршілікке тән қайшылықтар мен қақтығыстар, осындай ортада, цивилизация бесігі — қалада, ауыл адамының психологиясына түсетін салмақ, содан жан әлеміне таршылық пен қытымырлық ену трагедиясы шебер көрсетіледі. Жаңа Ортаға — қалаға көшіп келгелі Зияштың анасы ашушаң, тырысқақ болып кеткені, «самай шашы үкінің жүніндей қобыраған момақан әженің (болашақ жазушының анасы) есеп шығара алмай отырған оқушыдай, баласы мен келініне кезекпе-кезек жаутаңдай қараған бейнесі тұп-тура көз алдыңда тұра қалады. Ауылын аңсап, «жазушы болам» деп қалаға көшіп келген әкесінің қылығына түсіне алмай, мектепке томпаңдап бара жатқан кішкене қызды машина қағып, қаза табуы жүрегіңді шымырлата, сыздата отырып, көп ойларға меңзейді. «Құлпытасты» оқығанда ақынның «Майгүлге» өлеңі есіңе бірден түседі. Қазіргі орыс совет жазушысы, орыс көркемсөзінің көрнекті шебері Валентин Распутиннің «Француз тілінің сабақтары» атты шығармасын оқығанда дәл осындай қайран қалып, дәл осылай сүйсінген едім.
«Марусяның тауы» да суретке толы. Прозалық шығарманың төрт аяғы тең басуы үшін негіздердің бірі осындай сурет болса керек. Қазақ арасына сіңіп кеткен орыстар қай жерде де кездеседі ғой. Тағы да сол өз ауылыңдағы «қазақшаға судай — орыс деген аты болмаса, қазағыңнан артық» деп бүкіл ауыл сүйсінетін орыс семьясы елес береді. Жаңалықтың бәрі оп-оңай келмейтінін, әділдік салтанаты үшін құрбандықтар қажет екенін тәптіштеп түсіндірмей-ақ, Сағи ақсақалдың әңгімесі арқылы ойлы оқырман өзіндік пікір-түйінге келері сөзсіз. Ауыл баласы, қазақ Сағидың ұлты басқа, бірақ өзіне керемет ұнайтын Марусяға деген сүйіспеншілік лүпілі, айтылмай қалған сезім, жас кеңес өкіметінің жауларының қолынан жазатайым қаза тапқан сол қызға деген махаббаты осынау шалқар дала, ақиық таулардың тірлігіндей мәңгілік секілді. Осы әңгіме бүгін біз көп айтып, аузымыздан тастамай жүрген халықтар арасындағы достық, бауырластық мәселелері төңірегінде де үлкен ой салар шығарма дер едім. Екі сөзінің бірін орысша айтып, соны мейлінше «мәдениеттілік» деп ұғатын шофер мен студенттің көргенділігі «Маруся тауын» иесіз қалдырмауды ниет етіп, сол маңға қыстау салып қой баққан Сағи ақсақалдың шарасынан асып-төгілмей-ақ тереңіне сүңгітетін сезім саясымен салыстырғанда теңіздің жанындағы тамшыдай.
Сөзіміздің басында Мұқағали шығармаларының қай-қайсысында болмасын, ақын жүрегінің лүпілі көрініп тұр дедік, «Өзгермепті» деген әңгімесі де осы ойды дәлелдейді. Жас ұрпақты тәрбиелеу құқына ие болып, мұғалімдік тұғырына отырған Әбен не адамдық, не адалдық қасиеті жоқ, өз қарнының аш-тоқтығымен бүкіл әлем тынысын өлшейтік тоғышар қалпында көз алдыңда тұра қалады. Әңгіменің эпиграфы ретінде «Оқытушы барлығын да білу керек қой, әкем-ау, барлығын да», — деген А.П. Чеховтың сөзін алуы да тектен-тек емес. Осының өзінен автордың неден жиіркеніп, неден тітірегенін айқын көруге болады. «Әже» деген тақырыпқа біріктірілген үзік сырлар мен «Қос қарлығаш» әңгімесінің айтар ойы сабақтас жатыр.
Жалпы Мақатаев творчествосында қазақ ұғымындағы қасиетті Ана образы, сол халық түсінігіндегі болмыс, бітімімен ақыл, парасатымен елес береді.
Келіншегі мен кішкене перзенті Мәлікті, анасы Жамашты ауылда қалдырып, жаңа семья құрған суретші жігіт Манастың сыйдаң бейнесі өзі оқиғаға қатынаспай-ақ шығарманың өн бойында қатынасып отырады. Ауылдағы шофер Әшірдің бірге өсіп, мектепте бірге оқыған Зияшқа деген махаббаты де сендіреді. Жамаш ананың келіні мен немересіне деген сезімі тіпті өз ұлына деген махаббатынан да басым. Және бұл қазақ психологиясы үшін таңданарлық құбылыс емес. Дәл осындай қасірет басқа түскенде екі оттың арасында қалатын ананың жай күйі Мұқағали қаламынан тағы да нанымды шыққан. Себебі, Мақатаев өзі сенбейтін нәрсеге өзгені сендірем деп қызыл терге түсетін суреткер емес екендігі белгілі.
Осы кітаптағы шарттылық нышандары бар шығарма — «Қош, махаббат!». Автор драма деп атапты. Студенттік өмір, жастық шақ, алау сезім белгісіндей осы шығармадағы Айбар мен Айшаның, Бану мен Бағдаттың, Асанның арасындагы махаббат шырғалаңы — осының бәрінен автордың айтар сөзі, күнде бастан кешіріп жүрген өмірдің тартысты тұстарында қандай тұжырымға тоқтары айқын көрінеді. Тағы да зұлымдық пен аңғалдықтың, арсыздық пен адалдықтың заңды жалғасындай автордың позициясы әр өлеңінде шындық салтанаты деп жанұшарған Мұқағали-ақынның позициясымен бірдей. Иә, Мұқағали прозалық туындыларында да, поэзиясындағы секілді, басқаша бола алмапты. Өлімнен басқа ешнәрсе ажыратпайды деген Банудың Бағдатқа деген адал сезімі тірліктің бұралаң соқпақтарымен бұрыла келіп, басқа арнаға құйғанда, қиналасың, қинала отырып нанасың.
Өмірдің өзіндей өткінші адамзаттың баянсыз сезімі-ай деп үнсіз мойып, мойындайсың. Осы тұста да дүниедегі барлық қара бұлттар шуаққа ғана, шапағатқа ғана тоғысса деп көксеген ақынның аппақ арманын, өзінің көркем қиялымен иіп әкеліп, Банудың да, Бағдаттың да, оның жан жолдасы Айбардың да жанына кірбің түссе де, ең соңында ертегідей жарасым тапқызған «бақытты» түйіннен көреміз. «Ей, адамдар, ат құйрығын үзіспей, келісім, жарасым тапсаңдаршы, мынау жердің үстіндегі аз күндік ғұмырда татулықтан асқан табиғат үйлесімі бар ма?!» — деген Мұқағалидың жан дауысы естілгендей әсер қалады.
Әрине, бұл шығарма драматургияның шырғалаңды заңдылықтарынан тыс жатуы да мүмкін. Былай қарасаң, көзге ұрып, көрерменді орнынан ұшып тұра келгізер тартыстар да жоқ. Алайда мұнда өмірдің өз бедер-өрнегі бар. Үлкен матаның шетінен кішкене ғана бөлшегін-бір жамауды қиып не жыртып алсаң, көлемі кішкентай болғанмен әлгі матаның бар қасиеті сол жамауда да қалады ғой. «Қош, махаббат!» — міне, осындай өмір-әлемнің бір кішкене үзіндісіндей. Бұл шығарма қазақ драматургиясы тарихындағы кесек туынды болмағанмен, өне бойындағы шыншыл рухымен — Мұқағали рухымен құнды.
«Жыл құстары» — осы кітаптағы көлемі жағынан да, қамтитын оқиғасы жағынан да үлкен шығарма. Мұқағали — халықтың тарихын, бүгінгі заманның кешегі көрінісін біліп өсуге оқырманын баулитын суреткер. «Сен бүгініңді сүй — ол кешегі бабаларыңның қанымен келген» деген секілді «анау аспанда қыран самғап барады, міне, аяғыңның астында жылан жорғалап барады — жыландай болма, қырандай бол!» — дейтін жалаң ақыл айтпайды. Сезімімен сурет салады. Өткен күндердің суретін. Сол арқылы ойдан жырақтап бара жатқан оқырманды ойлауға меңзейді. Ой мен сөздің еліне жетелейді. Жаңа өмірдің — шындық салтанатының жолында құрбан болғандардьщ рухын қастерлеуге шақырады.
Мұқағали Мақатаев поэзия туралы сын-мақалаларды көп жазған ақын емес. Оның көзі тірісінде талайлардың аузын аштырып, көзін жұмғыздық деп жүрген ақындар болған, олар әлі де бар, яғни, таңдана, табына қалған сәттерде Мұқағали да жүректен шыққан ойын сөзбен өрнектеуге әбден мүмкіндігі болған. Бірақ ол мақалаларды көп қалдырмапты. Дегенмен ілгеріректе әдеби жыл қорытындысында поэзия туралы жасаған бір-екі баяндамасы, одан бөлек Олжас Сүлейменов, Еркеш Ибраһим, Қадыр Мырзалиев туралы шағын мақалалары аңғартады. Әсіресе, Қадыр поэзиясы жайлы қуанышын, жүрекжарды ой-толғамдарын жайып салған «Сезім найзағайы» мақаласы тереңдігімен, шынайы, бүкпесіз айтылған ойларымен құнды және Қ.Мырзалиев творчествосын бірде сыбап, бірде мадақтап, әлі күнге тоқайласа алмай келе жатқан сыншылар пікірлерінің, мақалаларының бәрінен өрелі тұр!
Мұқағали Мақатаев — қазақ тарихындағы ең оқырманы көп, қалың халық басты жанашыры болған суреткер. Ол ең алдымен ақын. Қазақ жырының құдіреті.
«Қош, махаббат!» — сол жыр құдіретінің қарасөзбен жазылған ой өрнектері. Түйін, тұжырымдары. Мақатаев — үлкенді-кішілі прозалық туындыларында да сол ақын Мақатаев күйінде қалған. Өнердің биіктігі мен адам биіктігінің тұтастығын, жарасымын іздеген ойлы оқырман үшін керегі де сол болса керек.
1989.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі