Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдық тойына орай журналист, ақын Өтеген Оралбаевтың сұрақтарына орай әңгіме.
— Апай, Мұқаңның торқалы тойы өтіп жатыр. Мұқағали ақынның творчествосынан көрнекті орын алған, Сіздердің араңыздағы аға мен қарындастық аялы сезімі бар қазақтың ұлы мен қызына үлгі боларлық деп ұғамыз. Сондықтан бұл тойдың орны Сіз үшін ерекше ғой — Жыр мерекеңіз құтты болсын!
— Әумин, айтқаның келсін, Өтеген! Қазақ өлеңінің мерекесі екеумізге, тіпті барша халыққа ортақ қой.
Осыдан он жыл бұрын Мұқағали ақынның елу жылдық тойы Нарынқол аймағындағы көрікті Көккемерде өтіп еді. Онда ардақты Әбділда ағамыз бастап барған.
Мұқаң арамызда жүрсе, мүмкін, елуін де, алпысын да өткізер ме едік, өткізбес пе едік — ол жағына күмәндымын. Өлмей, қадірің болмайтын заман болды ғой. Қалай десек те, шынайы жырға, шындықты айтқанға сусаған халық тізгінді өзі алып кетіп жатыр.
Мұқағалидай ақынның тойы республикалық деңгейде өтуі керек-ақ еді. Қазіргі тапшылыққа байланысты, әр облыс өз перзенттерінің мерей тойларын өзі көтеріп алсын деген жоғарғы жақтың ұсынысы болған екен. Мұқағали тойын Алматы облысының басшылары Райымбек ауданында (бұрынғы Нарынқол) өткізгелі отырғаны да сондықтан. Ресепубликамыздың үкіметі де бұл тойға өз үлесін қосып, Министрлер кабинеті екі жүз мыңнан астам қаржы бөлді. Қарасазда миллион сомнан астам қаржыға Мақатаев музейі салынып бітті. Алматы қалалық кеңесінің шешімімен астанамыздың бүрынғы Пастер көшесіне Мұқағали Мақатаев есімі берілді.
Райымбек ауданындағы Энгельс совхозы енді Мақатаев атымен аталатын болады. Алматыдағы бір қазақ орта мектебіне ақын аты берілген болатын.
Ұйымдастыру комиссиясының төрағасы — Спорт және денешынықтыру, жастар тәрбиесі жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары Шәріп Омаров деген азамат, оның жанында Алматы облыстық партия Комитетінің хатшысы Талғат Мамашев бар. Екеуі де әдебиетке, өнерге жанашыр және іскер жігіттер. Алматы облыстық атқару Комитеті төрағасының орынбасары Жүнісбек Мұсайбеков бауырымыз да көп шаруа тындырып жүр.
Той Алматыда, қазақтың Абай атындағы Опера және балет театрында 4 шілдеде кешкісін басталады. Сол күні ақын зиратының басына тағзым етіп, сағат 16.00-де Мұқағали тұрған Интернационал көшесіндегі 129-үйге мемиоралдық тақта қойылады.
Шілденің 5-і күні шақырылған қонақтар ертемен Қарасазға аттанады. Ал, ақын тойы құрметіне өткізілетін ақындар айтысы Қарасазда сол 5-і күні таңертең сөз сайысқа шығады. Сол күні сағат 16.00-де Мұқағали музейінің салтанатты ашылуы, кейін мерекелік жиын концертке ұласпақ. Кешінде қонақтар 60 үй тігілген Шалкөде жайлауына аттанады. Ертесіне айтыскер ақындардың жүлде алғандары сол жерде өнер сайыстырады, аламан бәйге, қыз қуу секілді той қызықтар да сонда өтеді.
Шілденің 6-сы күні кешке той тарқайды.
— Рахмет. Ал, енді мұның бәрі той жабдығының төңірегі ғой. Ақынның әдеби мұрасын шығару, халық игілігіне айналдыруда қандай істер тындырылады?
— Орынды сұрақ. Сайып келгенде, ақын шығармаларының оқырманға молынан жетуі басты мақсат қой. Бұл ретте, менің өзі ойымша, мақтанарлық іс тындырылған жоқ. Республикада оқырманы ең көп ақын Мақатаев десек, қателеспейміз. Қазақтың қай аймағына барсаң да, Мұқағалидың кітабын сұрайтын халық көресің.
Мұқағали арамыздан кеткелі он бес жыл болып қалыпты. Осы аралықта ақын творчествосын түгел жинақтап мол тиражбен толық шығармаларының 4-5 томдығын шығаруға мүмкіндік бар еді, бірақ көңіл жетпеді. «Жазушы» баспасы үш жылда бір-бір томнан шығаратын етіп жоспарлаған екен, бірінші томы шықты. Бірақ тиражының бар-жоғы 12000 ғана. Бұл Мұқағали жырына шөлдеген қалың қазаққа бүркуге де келмейді. Ақынды көргендердің көзі азаймай тұрғанда естеліктер кітабын шығару қажеттігін баяғыда, есіңде ме, өзің «Лениншіл жаста» жүргенде газет бетінде айтып едік қой? Ол кітап та әлі шықпай жатыр. Чилидің ұлы ақыны Пабло Неруда қайтыс болған жылы Москваның бір баспасы «Венок Неруде» деген қалың жинақ шығарды. Онда орыс ақындарының Нерудаға арнаған өлеңдері болатын.
Қазақ университетінің бір студенті екеуміз екі-үш жылдан бері қазақтың үлкен-кіші ақындарының Мұқағалиға арнаған өлеңдерін жинап, бір том етіп дайындап қойдық. Қай баспаның бастығы жылы қараса, соған ұсынамыз.
Мұқағалиға арналған екі бөлімді фильм (документті) түсіру туралы айтылғалы да біраз болды, ол да тойға дайын болған жоқ. Біз ылғи кеш қимылдайтын, болашақты ойлап жоспарлы, жүйелі іс жасамайтын халықпыз ғой.
Бұл тойдың қарсаңында тындырылған шаруаның бірі — ақынның музей үйінің, көп қиындықпен болса да, салынып біткені. «Халықты мәңгүрт еткің келсе, өмірбаянын ұмыттырып, қайта-қайта жаздыра беру керек», — деген екен бір мықты. Біз соған дәлелміз. Музей жасау, тарихымызды жинақтау дегенге желкеміз жар бермейді. Батыстың әр елі өткен таланттарының тұрған үйі, ас ішкен қасығы деп, есептеп отырады. Біз күні кешегі өткенімізді білмейміз. Әр ауыл, әр мектеп, тіпті шағын мекемеге дейін өз тарихын жасауы керек. Ылғи біреу жасап береді деп тапжылмаймыз. Жоғарыдан нұсқау күтеміз. Әр колхоздың, ферманың, мекеменің, аурухананың қызметкерлері мен басшылары осы жағын ойласа ғой.
Осы ретте Мұқағали музейінің бой көтеріп қалғанын шүкіршілік деуге болады.
Мұқағали жырларының, оның сөзіне жазылған әндердің күйтабақтарын шығарып сатуға да орайлы тұс осы еді. Бұл да қолға алынған жоқ.
Мақатаев творчествосы — халық байлығы. Ең құпиясы мол әлем. Ол байлықтың, ол әлемнің қыры мен сырын зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасауды әзірше болашақтың үлесіне қалдырып отыр.
Тағы бір ауыз толтырып айта кететін іс — ол республиканың Халыққа білім беру Министрлігі мен «Жұлдыздар» көркем әдеби бірлестігі қосылып Мұқағали Мақатаевтың Жоғары оқу орындары студенттерінің айтысын өткізуі. Халыққа білім беру министрінің орынбасары Шәмшә Беркімбаеваның өте үлкен еңбек сіңіргенін айта кеткім келеді. Біздің министрліктер мен жоғары орындарда отырған басшылардың кез-келгені әдебиет пен өнер мәселесіне жанашыр бола бермейді.
— Апай, республикада жаппай болмағанмен, әр жерде ақын-жазушылардың, тарихи тұлғаларымыздың осындай мүшел тойларын өткізу секілді жақсы дәстүр етек ала бастады ғой. Әркім әр түрлі пікір айтады. Сіздің осы туралы ойыңыз қалай?
— Той өткізу дұрыс. Архивтегі газет-журналдарды қарап отырсаң, бұрынғы кездерде ақындардың тіпті 30,40 жастарын да атап өткен екен. Ақын-жазушы, өнер қайраткерлері халықты тәрбиелейтін, рухани өміріне нәр беретін, керек десеңіз, ұлттың ғұмырын жалғастыратын тұлғалар.
Өткенде Жамбыл облысының Мерке ауданында Сыпатай батырға ас берілді. Жүздеген үй тігіліп, мыңдаған адам қатынасты. Халық қандай бір жасап қалды десеңізші! Сыйлы қонақтарға ат мінгізу, шапан жабу...
Жақында Торғайда Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың тойы керемет өтті. Бұл ретте Шымкент, Жамбыл облыстары алдына жан салмайды. Бәрі ел басқарған азаматтардың өресіне, көрегендігіне байланысты. Ана жылы, есіңде ме, Алматы облысы жазушы ағамыз Сейдахмет Бердіқұловтың 50 жылдық тойын қандай тамаша өткізді!
Тіпті жақында ғана ақын бауырымыз Исрайыл Сапарбаевтың елу жылдығын шымкенттіктер қалай ұйымдастырды?! Қызығасың, жаның сүйсінеді. Өзің сол жерде туылмағаныңа өкінгендей боласың.
Суреткерге өзінің еліне, жеріне қажет адам екендігін сезінуден артық бақыт жоқ. Сосын мұндай той-думандар халық үшін, кейінгі жастарды тәрбиелеу үшін керек.
Мәселен, Мұқағали ақын үшін осы жиынның берері жоқ. Ол кейінгі ұрпақ үшін, бүгінгі тірілер үшін керек. Лайықты ұл-қыздарды ардақтай білген халық — ғұмырлы халық.
Осы орайда менің көңілімде жүрген бір әттеген-ай бар.
Суреткер болсын, қайраткер болсын — бұлар қазақ деген аз ғана халықтың ортақ байлығы, ұлттық қазынасы. Абылай — Арқаның ғана ханы емес, қазақ халқының ханы, Бауыржан — Жамбылдың батыры емес, халқымыздың батыры, Құрманғазы — Атыраудың күйшісі емес, ұлтымыздың бірегей таланты. Осыған қарамай, қазір, әсіресе соңғы жылдары, әркім өз топырағында туған таланттарды өз ауылында тойлап, өз ауылында елейтін болды. Бұл — онсыз да жүзге, руға бөлініп жүрген елді онан сайын шашыратуға әсер ететін жай. Рас, ауылдың, облыстың көлемінде тойланатын адамдар бар. Бірақ бүкіл қазақ үшін ана тіліміз қалай ортақ болса, әніміз, күйіміз қалай ортақ болса, дәл сондай ортақ тұлғаларды ауылдың шарбағына әкеліп қамау — қылмыс.
— Фариза апай, әңгімеңізге үлкен рахмет! Ертеңгі дүбірлі тойдың үстінде де өзіңізбен кездесеміз деген үміттеміз. Ақынды ақын қолдап, қастерлеп біріне-бірі жанұшыра қызмет етіп жатса, кейінгіге тағлым деген осы болса керек
Енді, жұртшылық өзіңізді ақын ретінде ғана емес, қаламы жүйрік журналист ретінде де жақсы көреді. «Дала дидары» деген газеттің бетіне тұңғыш шыққалы отырсыз. Бұл өзі — жас, жаңа басылым. Осыған орай, бүгінгі Мұқаң жайлы әңгіме — сұхбатымызды пайдаланып, «Дала дидарына», оның оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз дегім келеді.
— «Дала дидары» құтты шаңырақ болғай! Қазақтың ежелгі ұлттық қадір-қасиеті аздап та болса қалса, сол далада, ауылдарымызда. Біз әрқайсымыз бір-бір бәйтерекпіз деп шіреніскенмен, тамырымыз — ауыл, күнге күйіп, желдің өтінде жүрген бауырларымыз. Ауылдың нәрі суалса, рухани тамырымыздың қурағаны. Ауылдан нәр, сән, береке кетпегей деп тілеймін. Ал, «Дала дидары» тарихты да, әдебиет пен өнерді де өзіне өзек етсе, қалың оқырманның іздеп оқитын жалқы басылымы болады деп сенемін.
Рақмет сіздерге!
— Қош, сау болыңыз! Елімізден, жерімізден шаттықтың, өнердің той-думаны арылмағай!
1991
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі