Қазақ халқы қашан да ақыннан кенде болмаған. Қаһарлы ханға да, батыр мен биге де сөзін таңдатқан ақынды халқымыз, бас бәйге беруге құдіреті жетпесе де, басына көтерген.
Қазіргі заманда да қазақта ақын атанып жүргендер көп. Оларды көп деп жазғыруға да болмайды. Өйткені қазақтың сөз өнерін қастерлеп, қасиет тұтатындар дәл осындай ана тіл мен аталық болмыстың заманның аласапыранды жолайырығында тұрған шағында көптік етпейді. Мүмкін олардың бәрі бірдей талғампаз тарих пен кінәмшіл ұрпақтардың көңілінен шыға бермес. Уақыттың елегінен өткен санаулылар ғана сап түзеп халықтық қазынадан орын алар. Елдік болмысты бойына сіңіріп, даланың терең жатқан дымқылынан нәр алғандар ғана мезгілмен бірге жасар.
Қағілездеу қаршадай күнінен қолына қалам алып, елдік пен адамдық, азаматтық мұратты жырына өзек еткен ініміз Сәбит Баймолдин — бұл күнде қазақ жыр отауының ата-бабадан қалған қасиетті шаңырағын көтерісіп жүрген ақын.
Сәбит ақынның өлеңдері өзге жұртқа ұқсмайды, ол ұйқас қуалап, әр жолын шыңыраудай шегендемейді. Сәбит өлеңді ойға құрады. Ойсыз өлең құмнан илеген шымдай опырылғыш.
Осы себептен кей жұрт Сәбит өлеңдеріне осқырына қарауы да мүмкін. Өйткені ол әр шумағының бас-аяғын жылан жалағандай етіп тықылдамайды. Кейде жыр жолдарының ырғақтарын әдейі бұрмалап, өзінше өрнек жасайды, өзінше ой түйіндейді. «Ескі көздер азайып», ақсақалдар сиреп жатқан осынау заманда ірі күйінде өткен ата-баба рухының биіктігі мен кеңдігін іздейді, ойсыздық түбіне жетіп, кісіліктің өлшемі өзгерген заманда «ойдан жүдейді» және сол жүдеулігіне шүкіршілік етеді. Бейнетті халқының тауқыметті тағдырын ойлайды. «Иығында жеңіс құсы отырған бейнеттің» арбасын керзі етік киіп тартқан халқы үшін шарқ ұрып шындық іздейді шамырқанады, шарт сынады. Біз, өзге ақындар, «Ұлы халық жасасын» деп ұран өлең жазып жар салып жүргенде, Сәбит:
Саны аз халық болады,
Жер айтады ол жайлы.
Жаман халық жоқ әлі,
Кіші халық болмайды.
Аздығы емес кішілік,
Кішілік емес мазмұны.
Сан халыққа түсінік:
Тағдыры шығар аздығы.
Ойлана жүрем әр күні,
Сәлемді беріп сан күйге.
Сорлылықтың барлығы
Әділетсіздікте, әрине.
Ұлт үшін де біл ұғып,
Мынау шын сөз-замандық:
Кісі бола білу — ұлылық,
Ұлықсыну — надандық,
— деп жазған еді.
Сәбит ақын өз ойын осылай айтады. Қорықпай, біреулерге жақпай қалармын деп жалтақтамайды. Тарысы пісіп жүргендерге жүгірмейді де жүгінбейді. Өз биігінен өз парасатымен сөйлейді.
Сәбит творчествосының алтын өзегі — атамекен, туған халқы.
Атамекен. Кеудемдегі жырым бұл,
Айтылатын әнім де бұл, сырым бұл.
Қаным да бұл шулап аққан бой қуып, —
Атамекен таңдайдағы тілім бұл.
Ақын ата жұртының ары мен намысы үшін өжет ойлы жырларын жауынгер етіп, Жалаңтөс баһадүр бабасындай жорыққа шығады. Оның жыры мен елінен басқа жебеушісі де, демеушісі де жоқ. Жебеушісі жоқтар жолда қалып жатқан заманда ғұмыр кешсе де, толарсақтан саз кешкен ақын өмірінің азапты тірлігін көлденең тартып бұлданып-зілденбейді.
Халқым менің — бақытым, байлығым да,
Жаным менің — арымның садағасы.
Шыншыл сөздер аузымнан аунайды кеп —
Халқымның арқасындағы садақтайын.
Шын ақын — суретші. Оның бояуы — сөз. Полотносы — табиғат. Сәбит творчествосында да осындай қанық бояулы суреттер баршылық.
Ай жатыр қора-қора бұлт ішінде,
Қара бұлттар ылғи бір ұрты ісінген.
Көк аспан — ат аунатқан көк мұздайын,
Алтын Ай түсіп қалған тағасындай.
Қызыл Ай- қарағанда қанымыздай,
Немесе жасырулы жанымыздай.
Диханның іле салған орағындай
Немесе көкке қойған нанымыздай.
«Біз деген — Тахауидың інісіміз» деп күні кеше Ақтөбеде әндетіп жүретін Сәбит ақын да елуге келіп қалыпты. Жылдардың жүйрігі-ай десеңші! Қартайдым деп қайғыруға болмас.
Аумалы-төкпелі алмағайып заманның қай тұсында да иығынан тауқымет түспеген халқының қасірет салмағын арқаласып, қарын қамы мен бас бақытын творчествоның ұлы ләззатына алмастырған ақын перзенттің сүйенер тірегі де, сүйсінер биігі де — туған ел, ата жұрт.
Жөн білер, жол сілтер, елдіктің туын ұстар ұрпаққа айтқаны заң ақсақалдар жыл құсындай сиреген заманда, соңынан айтпай ұғып, айтқызбай іс қылатын іні-бауырлар келе жатқанын көргенде, маңдай теріңді бір сыпырып тастап, кеудеңді толтыра демаласың.
Ақынның тағдыры саны аз халықтың тағдырына ұқсайды, үнемі жел өтінде жүрген буырқанған толқынды теңіздегі жалғыз желкенді қайықтай.
Елі мен жұртының ықыласы ғана ақынды арман көкжиегіне ұмтылдырады. Туған жұртың — әтамырың.
Аялауға тұрар ұл-қызының қадірін тірісінде білер, құрдым тірліктен құлап бара жатсаң, қолын созып, көңілін тосар елің болғанға не жетсін!..
1992.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі