Өлең, жыр, ақындар

Ондай адам жоқ қой...

немесе Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова туралы толғаныс

Біздің халықта жақсы адамдар көп екен. Қазір адам өзін мақтамағанның бәрін жамандар қатарына қосуға дағдыланып алған. Өзім де солардың бірі болғандықтан, жер ортасынан асқанша «мені жақсы көрмегеннің бәрі жаман» деп келіппін. Бүгін алды-артыма көз салып отырсам, «мені мақтаңдар — мынандай іс тындырып жатырмын» деп жар салмай, біреулер жақсы адам екенімді түсінсін деп тырысып-тырмыспай, адалдығы мен адамгершілік қасиетін жүрген жеріне сәуледей шашып өмір кешіп келе жатқан адамдар қанша!

Сыйластығы да, сезімі де сатулы заманда отырғанымызбен, адамдық пен адамгершіліктің мәнін о бастағы қалпында түсінетін, елдігіміз бен ар алдындағы тазалықтың, орынды намысқойлық пен жанашырлықтың әр түсқа қағылған алтын қазығындай үлкенді-кішілі ұрпақтар өкілдеріне арналған ой-толғаныстарымды «Апалар мен сіңлілер», «Ағалар мен інілер» деген тақырыптарға біріктіруге ниеттеніп едім. Бүгінгі қоғамдағы аяғыңның астынан жер көшкендей сезіндіретін ахуал онсыз да күн жеген желкендей селдіреген жаныңның арқауы мен тінін бірдей қажап, адалдық-аруға арамза-алаяқтың қолына су құйғызып қойғаны жүгенсіз заманның қанқұйлы құлқынынан шошындырып, қолыңа қалам алудың өзін есуастың қылығы секілді ұятты істей сезіндіреді.

Оқта-текте есіңді жиғызатын — жоғарыда айтылған жаны мен ойы әлі таза жақсы адамдар ғана.

Менің айтқалы отырған адамым — Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова. Институт. Қызыл диплом. Алматы қалалық комсомол комитетінің хатшысы. Қоғамдық ғылымдар академиясы. Жамбыл облыстық партия комитегінің идеология жөніндегі хатшысы. Республика мәдениет министрінің орынбасары. Өмір бойы күш-қуатын қоғамға адал қызмет істеуге арнап, аттан түскесін қымызы сарқылған күзгі местей солып қалатын талай әкім-қараны көріп келеміз. Қандай деңгейдегі қызметте жүрсе де, тіпті республиканың басқару орнында отырып, одан облыс не ауданнан бір-ақ шықса да, бұлтиып-бұрқылдамай, ызаланып-ісінбей, маңайына ел-жұртты үйіріп іс тындырып жүретін, сонысы үшін қара халық өмір бойы қадірлейтін екі адамды білемін.

Біріншісі — Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз да, екіншісі осы Ғайникен Айдарханқызы. Талайлар ел басқарды, халықтың рухани тіні мәдениеттің тағдырын да талайлар шешті. Бірақ солардың ішінде көңіл көкжиегіміз шолатын тарихымызда халықтың тілі мен ғылымын, әдебиеті мен өнерін өркендетуге өшпес із қалдырған, таланттарды тізгіндеп талайлармен қосақтауға жол бермеуге тырысқан, табиғаттың байлығындай дарабоз дарындарды жастайынан ажырата білген Ілияс Омаров секілді тұлғалар сирек.

Халық арасында осындай көреген де көргенді адамдар жоқ емес. Тек оларға сенім көрсетіп, қадір-қасиетін шығаруға мүмкіндік берер көкірек көзі ашық орта жетіспейді.

Осыдан бірер жыл бұрын мені Бекзада досымның ауылы шақырып, Талас ауданына бардым. Жолай Жамбыл қаласындағы «Тараз» қонақ үйінде аялдаған кеште біраз адамдармен жүздескенім бар. Жоғары оқу орнында мұғалім болып істейтін жас азамат қазіргі поэзия жайлы, әдебиет пен өнер төңірегінде біраз әңгіме шерте отырып:

— Көп жағдай рульдегі басшыға байланысты ғой, бізде бұрын Бибатырова деген идеологиялық хатшы болып еді, — дей беріп еді (біз қонақ үйдің бірінші қабатындағы фойеде отырғанбыз) жасы бар, жасамысы бар — бір топ кісі сыртқы есіктен кірді де, тура бізге бағыттады. Ақкөл жақтан мені алып кетуге келгендер екен.

— Мынау қай бала, Алматыдан ба? — деп амандықтан кейін Есекең ағамыз жанымдағы мұғалімге қарады.

— Мен мына Маңбұлақтың баласымын, осы жерденмін.

— Бұл жігіт мүғалім екен, өнерді, өлеңді жақсы көреді екен, — дедім, — Ғайникен Бибатырова деген хатшы қарындасыңыз болыпты ғой, сол кісі бір күннің ішінде пәтер алуға көмектесіпті.

— Ой-буй, қарағым, ондай адам жоқ қой қазір, — деп ағамыз елпілдеп қалды. — Ол бір қазақтың алтын қызы еді ғой. Оның жақсылығын көрмеген кісі Әулиеата топырағында кемде-кем шығар.

Мен күлдім:

— Ағасы, ана жылы Колбиннің тұсында «оңтүстіктің қазақтары өздерінен басқаны білмейді, бірін-бірі сүйрейді» деп орталық газеттер шулап еді. Бибатырова, мен білсем, Талдықорғаннан емес пе еді, Жамбылға қалай сыйысып жүрді?

— Әдейі айтып отырсың ғой. Ол адамына байланысты, қалқам. Жақсы адам қай ауылға да сыйлы, қай елге де сыйымды. Біздің Әулиеата топырағының қасиеттілігі сол — жақсыны бағалай, қадірлей біледі.

Ол кезде Ғайникен Айдарханқызы Алматыда мәдениет министрінің орынбасары болып істейтін. Мен ол кісі туралы Ғабит Мүсірепов ағадан да естігенім бар еді.

— Фариза, сен Қарқаралыда демалдың ба, Шайтанкөлді көрдің бе? — деді бірде Ғабит ағай үйге телефон соғып.

— Жоқ, аға, сәті түспей жүр.

— Ал, Жамбылдағы Ғайникен деген апаңды білесің бе?

— Жеке таныстығым жоқ, сырттай білеміз ғой... — деп күмілжідім,

— Сен демалысыңды ылғи Оқжетпесте өткізетін көрінесің, Шайтанкөлді әлі көрмегенің дұрыс емес. Мен қалт еткенде, Мойынқұм, Шуға кетем. Жамбылда Ғайникен Бибатырова деген хатшы қыз бар. Жігітке бергісіз қыз. Әдебиет пен өнер десе, ішкен асын жерге қояды. Барлық мүмкіндікті жасай алатын адам. Бар, таныс. Немесе менімен бірге жүр.

Мен Ғабең ағамызға ере алмадым. Бірақ сол жылы Ғайникен Айдарханқызымен телефон арқылы сөйлескенім бар. Ол былай болған еді. Бір күні халықаралық телефон шыр етті:

— Сізбен Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Бибатырова сәйлеседі, — деді қыз бала, әдеппен сөйлеп. Ол кезде (қазір де солай ғой) обкомның хатшысы қайдағы бір инеліктің қанатындай балалар журналының редакторына телефон соғу түгілі, алдына барсаң, әрең қабылдайды. Жүрегім тарс-тарс етті.

— Фариза қалқам, бүгін Жамбылдың облыстық газетіне біздің Бекзада Оразбековаға арнаған «Сағыныш» деген өлеңің шығыпты. Соны оқып, қатты қуанып, өзіңе рахмет айтқалы телефон соғып отырмын. Біздің қыздар бір-бірін осылай сағынып, осылай қадірлеп жүрсе ғой! — деді хатшы сүйкімді де ілтипатты үнмен.

Адам бір нәрсені немесе біреуді жақсы көрсе, неге жақсы көретінін түсіндіре алмайды. Сезімді дәлелдеу қиын. Сол себепті Ғайникен Айдарханқызы жайлы ол кісінің кереметтей таза, аса сезімтал, тек жақсылық жасағысы келіп тұратын жанашыр, қандай мекемеде отырса да, халықтық іс жасап отыратын қабілетті, ұйымдастырғыш қасиеттерін ел-жұртқа жеткізгім келсе де, өз жазғаныма өзімнің көңілім толмай, қиналу үстіндемін. Әйтеуір басы ауырып, балтыры сыздағанның көбі сол кісіден жан жылуын іздеп келетінін білемін. Қазір жұрттың мұң-мұқтажын тыңдайтын адамды іздеп табудың өзі қиын, өркімнің өз проблемасы өзінде.

Бұл күнде Қазақстан Республикасындағы рухани нәр алатын жалғыз мекен — ұлттық Академиямыздың «Ғалымдар үйі». Мерзімі толар-толмаста «жоғары» жақ Ғайникен Айдарханқызының зейнеткерлік демалысқа кетуіне «қамқорлық» жасады да, өмір бойы қызмет істеп қалған, күш-қайраты жетерлік, алғыр кісі төрт қабырғаға қарап отыра алмай, Академия басшыларының шақыруымен осында директор болып келген еді. Содан бері Академияның «Ғалымдар үйі» баяғы кездегі Жазушылар одағының ақ ордасының немесе заманның түзу кезіндегі Мәдениет министрлігінің жүгін арқалап, экономикалық ағыстар толқынының астында қалған ақын-жазушы, өнер қайраткерлерімен, жас таланттармен кездесулер, ән мен жыр кештері — әйтеуір құдай көкірегіне берген сәуледен басқа ақшалай байлығы жоқ ақын, әнші, композиторлардың бәрін паналататын, құдайдың үйіндей жаныңды тазартатын жылы ұяға айналды.

Бұрын біреу біліп, біреу білмейтін «Ғалымдар үйі» халықаралық басқосуларға да қақпасын айқара ашып, төрін ұсынатын болды. Түрлі концерт залдары мен сарайларға кіріп-шығу сатулы кезде әншілер мен артистерге сахнада көрінудің өзі үлкен оқиғамен пара-пар. Ақын мен жазушы кітап шығару үшін баспаға мыңдаған, миллиондаған ақша беруі керек. Әнші мен күйші Орталық концерт залында өнерін көрсетуі үшін мыңдаған қаржы төлеп, залды жалдап алуы керек. Жазушы мен өнер қайраткерлері арасында ондай қалың қалталылар жоқ екені ақиқат. Әрине, бірлі-жарым тасы тауға өрлеген бизнесмен жерлестері мен жиендері барлар болуы мүмкін. Бірақ ондай пітір-зекеттер қаншама мол болғанымен, әзер болса, бір кітап шығаруға немесе бір концерт үшін залды жалға алута жетеді. Мұндай жағдайда әлемге әйгілі әрі сүйікті «Отырар сазының» өзі де концерт қоятын орын таппай қалуы әбден мүмкін.

Мұндайда өзін қоғамға қажетсіз заттай сезініп басы айналған өнер иелері «Ғалымдар үйін» бетке алады. Немесе Әбділда, Кәкімбек секілді жыр, Еркеғали секілді өнер тарландарын «осы кісі көрінбей кетті» деп, сол үшін жалақы алмаса да іздеу салып, «Ғалымдар үйінің» төріне шақырып құрметтейтін де — Ғайникен Айдарханқызы. Мұның бәрі тірліктің барлық қалтарыстары ақшамен есептелген дәуірдің доллармен ауызданып үлгерген перзенттеріне күлкілі көрінуі мумкін. Бірақ халықтың рухани тіні болып есептелетін әдебиет пен өнер иелерін саудагерлікпен күн көруге мәжбүр етсе, ұлттың табиғи болмысы да жер бетінен көшері хақ.

Бір кезде «АЛАТАУ» ансамблі келді десе, ауыл ғана емес, астана тұрғындары да тайлы-таяғымен концертке аялағаны бәріміздің есімізде. Ансамбль-трионың құрамындағы үш жігіт — үш Алтынбектің бірі – Қазақ анасының жоқтау гимніне айналған «Қара кемпірдің» авторы Алтынбек Қоразбаев болатын. Құрманғазы атындағы консерваторияны жаңа ғана бітіріп келген талдырмаш балаң жігіттің өнер өріне самғауына алғаш сенім көрсетіп, себеп болған, әпкесіндей жанашыр, ағасындай қамқоршы болған да — сол кезде Жамбыл облыстық партия комитетінің жаңа келген хатшысы Ғайникен Бибатырова еді. Әрине, өлең мен өнерге қамқоршы болу — таланттарға жыр не музыка жазып беру емес, олардың жаратылыс берген қабілет-қасиеттерін шығаруға мүмкіндік жасау, рухани көтермелеу және жауапкершілікті сезіндіре білу. Алтынбек «Алатаудың» ғана емес, Жамбыл облысындағы өнерлі қауымның жүрегіне айналды — облыстың мәдениет бөлімін басқара жүріп, өзі де өнерін шыңдады. Облыста тұратын ондаған ұлттардың ансамбльдері де сол жылдары өмірге келді.

Бүгін республикалық, облыстық деңгейде ғылым, әкімшілік, әдебиет пен мәдениет саласында басқару орындарында жүрген көптеген ұл-қыздар бір кезде Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ғайникен Айдарханқызының қырағы көзіне шалынып, көпшілікпен жұмыс істеудің тезінен өткендер екен. Бәрі де сол кездегі іскер де әділетті хатшыны әлі күнге өздерінің саяси, рухани ұстазы санайды, әлі күнге ол кісімен ақылдасып-пікірлесуге, ой бөлісуге ұмтылады.

«Бала өзі туғандай, келін өзі келгендей» демекші, күні кеше «осы жастың бойында бір сәуле бар» деп, бозамық бозбаланы қолынан жетелеп жүріп кісілікке жеткізген ұстазына сәлем бермейтіндер де қозылаған қойдай көбейіп, адамгершілік пен арды пір тұтатындар асылдың сынығындай сиреп бара жатқан заманда мұндай қылық үлгі болар қасиеттей қызықтырады.

Мен соңғы жылдары, Ғайникен Айдарханқызы барлық лауазымын тастап, зейнеткерлік демалысқа шыққалы, ол кісімен жиі пікірлесетін болдым. Өмір жайлы сырласқым келеді, ішімде жиналған көп нәрсені ақтарғым келеді. Байқасам, ол кісінің жан — дүниесі «бос» отырмайды: Қызылордадағы Бибіжан аварияға түсіп қалыпты; Жамбылдағы ел ағасы Айтбай қайтыс болыпты, баруым керек; Тұманбай көптен көрінбей кетті — кешін өткізу керек; шет елдерден келіп оқып жүрген қазақ студенттерінің өнер кешін өткізген дұрыс-ау; әр апта сайын осындай сан мәселенің ортасында отырғанын көремін.

Жастық жылдарын бірге өткізген, комсомол комитетінде, қызметтес болған, бір үйдің баласындай аға-қарындас болып кеткен Ғибат Мырзағалиевтің анасы о дүниеге аттанар алдында:

— Қалқам Ғайникен, Ғибатжан жалғыз ғой, өзі тым ұяң, өзің бас-көз болып жүргейсің, — деп азамат ұлын осы кісіге тапсырыпты..

Еліміздің ардақты азаматы, көрнекті қоғам қайраткері Михаил Иванович Есенәлиев, сүйікті жары Майя Михаиловна милиция генералы Әбдіхайым Мәскеудегі бәрінің ақылдасып-пікірлесетін, көңіл тарқататын киелі бұрышы — Ғайникен Айдарханқызы мен Хамимт ағамыздың үйі.

Ол кісіні білмейтін адам бір көргенде тек жұрттың жағдайын шешуге жаралған кісі деп қалуы мүмкін.

Лепсі стансасында тұратын Айдархан атты ел азаматының отбасында дүниеге келген тұңғыш перзент Ғайникен соңынан ерген төрт сіңілісі мен ата-анасы зарықтырып көрген жалғыз інісіне қамқор болып ержеткесін бе, жоқ, ұл баланы армандап отыратын әке көңілін ылғи сезінгеннен бе — әйтеуір өзі құрбылас ер балалардан қалыспауға тырысып өскені рас.

Бертін келе ата-ана дүниеден өткесін, бауырларына әке орнына әке, ана орнына ана болуға тура келді. Олардын әрқайсысы балалы-шағалы, өмірден өз орындарын тапқан саналы азаматтар болса да, Ғайникенсіз, ол кісінің ақыл-кеңесінсіз әлі күнге мәселе шешілмейді. Жылына екі рет сонау Лепсі топырағында жатқан ардақты әке мен аяулы ананың зиратына да Ғайникен бастап бару әдетке айналған.

Жалғыз перзенті Жанар мен күйеу баласы Алмастың ғана ішкі шаруаларына араласпайды; араласатыны — олардың сенбі, жексенбіде атасы мен әжесіне келетін екі кішкентайы Әдина мен Айымды екі күн бойы қыдырту, бағып-күту, сосын мұнтаздай етіп үйлеріне қайтару. Бұл да оңай шаруа емес. Кішкентай еркелердің бабын табам деп жайылып төсек болуға дайын әженің көлдей көңілін сезе қоятын балапандар әке мен шешенің «тәйтінен» құтылғасын, есіктен айқайлай кіреді. Өйткені ата мен әжеге бұйрықтары жүріңкірейді. Әжені шаршатады. Бірақ ол жанға өмір нәрін беретін рахат-шаршау.

Жұқалтаң ақсары өңінен ылғи мейірім мен парасаттылық есіп тұратын, ұзын бойлы қағылез келген сол кісіні өзіме жақын көремін. «Кейде осы кісіні қалай деп атасам екен» деп ойлаймын. «Ғайникен Айдарханқызы» десем, тым алыстатып алатын секілдімін. «Апа» десем, әлі де жас, әдемі кісі қартайып кететіндей көрінеді. «Әпке» деуге батылым бармайды. Ақыры «тәте» деуді жөн көрдім.

Бүгін Ғайникен Айдарханқызының туған күні. Қаршадайынан жұрт деп жанұшырған менің тәтем алпыс жасқа толып отыр.

Әрине, ол кісі омырауына орден тағуға, халықтың ықылас-ілтипатын сезінуге әбден лайық жан. Егер елімізде адамның еңбегін, адалдығын, қадір-қасиетін қастерлей тізетін «Құрмет кітабы» болса, соның бір бетіне Ғайникен Айдарханқызы Бибатырова есімі алтын әріптермен жазылар еді. Оның есесіне, сонау Ақкөл жақтағы Есекең секілді Ғайникенді білетін мыңдаған қарапайым адамдардың жүрегіне әлдеқашан өшпес әріптермен жазылып қалған. Сондықтан да олар: «Ондай адам жоқ қой», деп жүрегіңді дір еткізер сағынышпен айтады.

Сағына, сағындыра білгенге не жетсін!

1994.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз