Таяуда Ташкент қаласында Орталық Азия мемлекеттері мәдениет қайраткерлерінің құрылтайы болып өтті.
Мұндағы «мәдениет» деген ұғымға бүкіл рухани әлем кіреді. Яғни ғылым да, әдебиет те, енер де — адам жанына, рухына не азық, соның бәрі енеді.
Демек бұл құрылтайдың бағасы жоғары. Өйткені оны төрт президент: Нұрсұлтан Назарбаев, Ислам Каримов, Асқар Ақаев, Имомали Рахмонов кұттықтап, жеделхат жолдады, неге екені белгісіз, Сапармұрат Түрікменбасыдан құттықтау түспеді. Құрыл-тайдан соң өткен баспасөз мәслихатында бір журналист Шыңғыс Айтматовқа:
— Құрылтайды Түрікменстан Президенті неге құттықтамады? — деп сұрақ қойды. Айтматов:
— Білмеймін... Келесі жолы құттықтайтын шығар, — деп жауап берді.
Рас, Құрылтайда Түрікменстаннан делегация болмады, бірақ бақылаушылардың үлкен тобы қатысты.
Құрылтайдың эмблемасы ретінде үлкен-үлкен бес бұтағы бар шынар ағаш салынған екен...
Құрылтайдың әуел бастағы құжаттарында «Түркістан халықтарының мәдениет құрылтайы» деп жазылған екен. Газет, радио, теледидар бәрі солай атап еді...
Тіпті өз кұттықтауында Ислам Каримов:
— Түркістан — біздің ортақ үйіміз!
Нұрсұлтан Назарбаев:
— Туысқандар табысты!
Асқар Ақаев:
— Бес саусақ — бір жұдырық! — деп Түркістан рухында сөйлесе, Тәжікстан Президентінің құттықтау хатының сарыны өзгешелеу естілді. «Орталық Азия елдерінің мәдениет құрылтайы» деді.
Тәйірі, терминде тұрған не бар дей салайын десең, біреуге ұнамайды екен, құлағына түрпідей тиеді екен деп «Түркістан» атауын қалай талақ тастайсың?!
Ұйымдастыру комитетінде осы атаулар үшін талас бір күнге жуық созылды-ау, сірә. Тәжік делегациясы «Орталық Азия» деп қасарысты да қалды. Не керек, сөйтіп азшылық көпшілікті жеңді. Неге жеңді? Көпшілік неге сескенді? Бұл енді жықпыл-жықпылы көп киын саясаттың салдары шығар...
Ұйымдастыру комитетінің Төрағасы Шыңғыс Айтматовтың баяндамасындағы негізгі түйін:
— Әр республика өз саусағын езі сорып отыр;
— Әлемдік озық мәдениеттен қол үзіп қалдық;
— Өзге тілге аударылмаған кітап — жарымжан;
— Түркістан дүниежүзілік әлемге мәдениет жағынан жарқырап керіне алмай тұр;
— Түркістанда ЮНЕСКО филиалы ашылса игі;
— Түркістан рухани жағынан жанданып қана коймай, өркендеуі керек;
— Түркістанның рухани өрлеу дәуірін тудырайық;
Батыстың «бүлдіргі мәдениеті» жас мемлекеттеріміздің болашағына балта шауып жатыр.
Дәл осы арадан тоқтай қалайық. Өйткені бүкіл баяндаманы көшіріп айтып керегі жоқ. Ал мына соңғы сөйлем болса, жүрек сыздатқан жерді дәл тауып тұр.
Әсіресе біздің Қазақстан басқаларға қарағанда бұл мәселеде тым әсіре демократияшыл болып алды ғой. Әсіресе теледидар. Әсіресе коммерциялық каналдар.
Батыстың «жаппай мәдениеті» бізге, өте-мөте жастарымызға нені уағыздайды? Неге баулиды?
— Қос қолынан қаны сорғалаған қатыгездік;
— Адамгершілік ардан жұрдай арамдық;
— Жатырынан қағынған зинақорлық;
— Адам өмірі шыбын ғұрлы саналмайтын неше түрлі сұмдықтар...
Сыпайылап айтқанда, батыстың жаппай «мәдениетінің» берері мен көрсетері осылар.
Осындай былғанышпен ауызданып өскен жас түлектен тағы біз иман талап етеміз. Көргенділік, әдептілік талап етеміз. Үлкенді сыйла дейміз. Ал ол болса карт адамның сақалын қалай жұлуды үйреніп өскен. Маскүнемдік пен нашақорлықтың неше алуан мектебінен «тәрбие» алған.
Бүгін теледидардан осындай «мәдениет» көріп отырған он жасар бала енді он бес — жиырма жылдан кейін Қазақстан деген мемлекеттің тұтқасын ұстап, шаңырағына уық-тіреу болмақ. Ауызданғаны әлгіндей «мәдениет» болса, ол неге тұтқа болып жетістірмек?!
Осыны ойлағанда өзегіңе өрт түскендей болады. Ал бірақ Үкіметтің ауылы жайбарақат. Үкімет үшін Руханият мәселесі оп-оңай шешілген. Көгілдір экран бар, бәрін сутегін көрсетеді. Кино да сол, театр да сол, эстрада да сол. Кітап шығарып әуре болудың керегі жоқ, кітап та сол. Үкімет осылай ойлайды. Шығармашылық одақтар: жазушылар, суретшілер, киношылар, композиторлар не керек, барлық одақтардың бәрі бюджеттен шығарылып тасталды.
— Ау, бұл қалай? Ұят қайда?
— Осы одақ деген, қоғам деген көбейіп кетті. Ит асыраушылар қоғамы, мысық асыраушылар коғамы, марка жинаушылар коғамы, шишақпақтың қорабын жинаушылар қоғамы... Оның бәріне қаржыны қайдан табамыз?
— Ау, сонда Жазушылар одағы мен сіріңке қорабын жинаушылар қоғамын катар қойғандық қалай? Шыннан екеуін тең көргендік пе бұл?
— Бюджеттен шығын шыққаннан кейін бәрібір.
Аруағыңнан айналайын асыл ағаларым: Мұхтар, Сәбит,
Ғабит, Ғабиден, Бауыржан, Тахауи, Ғафу! Мұндай қорлықты көрмей кеткендеріңе кейде қызығамын.
— Ұлттық руханияттан ұрық қалмаған ұрпақ 2020-шы жылы қандай болмақ? Оларда Отан деген, ұлт деген ұғым бола ма? Бұрын кеңестік патриотизм деген идеология бар еді. Енді Отан сүйер деген идеология жоқ. Қазіргі біздің идеологиямыздың арқа сүйері орташа тап (класс). Яғни саудагерлер, бизнесмендер, коммерсанттар.
Ал оларда Отан деген, ұлт деген ұғым, сезім тапшы. Оны осы жылдың жүзінде бір топ бизнесмендердің «Ашық хаты» айтып берді.
Бұл тап үшін мемлекеттік қос тіл керек, қос азаматтық керек. Жана төлқұжатқа «ұлты» деген сөз жазылмасын. Жер сатылуы керек, т.т.
Бұл отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы — ақша, атасы — сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды», — деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек булардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Булар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдыз сымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.
Жарайды, қазақ әдебиеті, өнері жаралы екен, жарлы екен. Оның жоғын білдірмейтін мықты, әлуетті баспасөз: газет, журнал, радио, теледидар бар шығар. Халық содан сусындап отырған болар. Неге заржақтана береміз?
Қазір қалың казак, газет-журналға жазыла алмайды. Халқымыздың көбі ауылда, орталықтан аулақта турады. Онда ақша болмайды. Сата-сата мал да таусылар болды. Телерадио дегендердің қазақша хабардан елесі ғана бар. Газет, журналдың таралымы құлдырады. Сөйтіп, қайда барсаң — Қорқыттың көрі. Жау шапқан жоқ, бомба жарылған жоқ, зеңбірек зіркілдеген жоқ. Тәубе, тәубе!
Бірақ батыс «мәдениеті» бір оқ шығармастан қазақтың жанын жаулап жатыр. Жас мемлекеттің іргесін үңгіп ура қазып жатыр. Іргесі кеуек үй қулай ма, құламай ма?
Ол аз болса түрлі діндердің шабуылына қалдық. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар».
Мұсылман діні — аса иманды. Бірақ соны уағыздаушылар — дүмшелер. Көбінесе білімсіз, сондықтан адамның жүрегіне жеткізе алмайды. Казіргі жастарды мешіт тартпайды. Ал шіркеуге тартып тұрады. Бұл мұсылман дінінің христиан дінінен нашарлығынан емес, дін басында, мешіт басында отырғандардың осалдығынан. Шын пәруана діншілдер бар, бірақ олар аз.
Мүмкін біздің үміт артарымыз мектеп болар. Мектептен медет тілер едік, оның да халі мүшкіл. Осыдан төрт-бес жыл бұрын ұлттық мектептің еңсесі көтерілгендей болып, оқушылар көбейіп, жаңа мектептер ашылып, казактар едәуір көтеріліп-ақ қалып еді. Енді еңсесі қайтадан түскендей. Көбісі балаларын қайтадан орысшаға беріп жатыр.
Неге десеңіз, қазақ тілінін мерейі үстем боларына күмәнді. Әсіресе соңғы Конституция казак тілінің аздаған әл-қуатын сорып алды. Баяғы қорқыныш кайта оралды: «балам орысша білмесе, нан тауып жей алмайды».
Көздері көріп отыр: үлкен-үлкен мінберлерден кім орысша сөйлесе — сол лауазымды.
Көңілдері сезіп отыр: орысшаң келіспесе, басын алтын, артын күміс болса да дәреже, мәртебеге жете алмайсың. Ал тілі бар халық — халық, тілі жоқ халық — балық.
Қайда барсаң — Қорқыттың, көрі.
Көрге түсіп кетпес үшін не істеу керек?
Қорқыттың қобызы бір тынбастан күндіз-түні сарнап тұруы керек. Қобызы сарнап тұрғанда Қорқытқа ажал жолай алмаған. Қанша қаумаласа да құдіретті әуез, құдіретті өнер тамылжығанда одан ажал да тайсалған, оған ажал да елжіреген...
Пифагор деген әулие: «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын», — деген екен.
Бізде не көп, заң, көп. Бірақ соның қайсысы орындалып жатыр. Ал әдет-ғүрып, салт-сана, міне, замандар елегінен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда, біз содан айырылдық қой.
«Қызға — қырық үйден тыю!» — деді салтымыз. Бұл тазалық, адалдық, адамгершілік еді ғой. Содан айырылдық, не болдық?!
«Біреудің ақысын жеме, ала жібін аттама!» — деді ғұрпымыз.
Иманды еді ғой осы өсиет.
Қазір жоғарыдан төменге дейін, орден ылдиға дейін жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі.
Қайда барып оңамыз!
«Жетім мен жесірдің ақысын жеме!» — деді салтымыз.
Әсіресе әлсіздерді, жетім мен жесірлерді жегіштер көбейді.
Міне, осы тақылеттес ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрып, салт-сананы тамызықтатып, тұтатып, өшірмей, өлтірмей келе жатқан өнер мен әдебиет еді...
Енді кім қорғайды, елдің есіне енді кім салады?
Мүмкін: «Таяқ лақтырсаң — кандидатқа тиеді» деген келеңсіздеу мәтел болушы еді. Енді «таяқ лақтырсаң академикке тиеді» дейтін болыпты. Бұрын жалғыз Академия бар еді, енді бас-басына академия.
Ал ғылым қайда?
Ғылымның әлжуаз әлсіздігінен Байқоңырдан айырылдық. Оның тілін білетін ғалымдар, мамандар бізде жоқ болып шықты. Амалсыз Ресейге жалға бердік. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қақ ортасында сөйтіп бөтен мемлекет отыр.
Академия көп, академиктер көп. Ғылым... Шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтін сиыр сияқты.
«Шын турашылдық қыңырлыққа ұқсайды», — деген ертеде бір ұлы данышпан.
Менің бұл жазып отырғаным кейбіреулердің көңіліне келіп, намысына тиюі ықтимал. Тисе — тисін.
Көшеде бір ғалым мені тоқтатып алып:
— Таяқ лақтырсаң — жазушы мен ақынға тиеді. Қайда сонда Толстой мен Пушкиндер? — деуі мүмкін.
Оныкі де жөн.
Осының бәрі өренің әлі төмендігінен. Талаптың таяздығынан. Мақтан сүйер желбуаздықтан. Бірімізді біріміз өтірік мақтағанда алдымызға жан салмаймыз. Құдай басқа салмасын, даттағанда да оңдырмаймыз.
Мұның бәрін Абай аянбай айтқан. Абайдың 150 жылдығы деп жыртылып-дарылдадық. Той өтті. Не тағлым қалды? Абай идеясын — ұлттық идея дәрежесіне көтере алдық па? Той қалай өтті, Абай дегенде жөнді-жөнсіз жарылып кете жаздаған газеттер, телерадио, солай жым болды.
Аурудың асқынған түрі — науқаншылдық. Науқан тапсырмасымен бір-ақ лақ еткізе салмай, Абайды шым-шымдап жеткіз. Тамшылатып жеткіз. Тамшы тас теседі. Абай бірақ науқандық емес, ол мәңгілік. Жетесіздер осыны түсінбейді.
Ташкентте өткен Құрылтайда сөз берсе мен, шамамен, осылай сөйлер едім. Бірақ менсіз де әр мемлекет өкілі осы сарындас арыз айтып, зарын айтып жатты. Түркістанның рухани дүниесін жандандырайық. Батыстың «жаппай мәдениетінен» жанымызды арашалап таза сақтайық деп-ақ жатты. Обалы не керек.
Сонымен бұл құрылтай Орталық Азия халықтары мәдениетінің Ассамблеясын құрды. Оның Президенті болып Шыңғыс Айтматов сайланды. Ассамблеяның Басқару Кеңесінің мүшелері болып Қазақстаннан: Жабайхан Әбділдин, Қалтай Мұхамеджанов, Қалдарбек Найманбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов және Шерхан Мұртаза сайланды. Тексеру комиссиясының құрамында — Мұхтар Шаханов.
Орталық Азия — бес мемлекет. Бес саусақ бірдей емес. Онша-мұнша кедір-бұдыры болғанмен, бара-бара түзеліп кетер. Руханият дүниесі, бәлкім, осы Ассамблея арқасында назарға ілініп, ілтифатқа алынар. Үмітсіз шайтан ғана деген.
Жан-жақтан торыған Ажалды жолатпай Қорқыт-Ата қобызын күндіз-түні тебірентіп -ақ келіп еді...Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді.
Сол қобыздың шын аты — Руханият.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі