Арман. Қазақстанның айы оңынан туып, жұлдызы биіктен жарқырай берсе екен. Кеше ғана өз тағына кайта отырған Президенттің алдағы жеті жылдық биік кызметі алғашқы қадамынан бастап жаңалыққа, жақсылыққа толы тақ болса екен.
Ел тыныш, тұрмысы онды болса екен. Қазақстан баяғы бабалар аңсап өткен Жерұйыққа айналса екен. «Жесір қатынның өзі мың қой айдаған» заман орнаса екен...
Арман. Сөйтіп әділеттік орнап, арада жүрген кейбір арамзалар, жемқорлар, парақорлар, ұры-қарылар, бәлеқорлар, жалақорлар, небір қақтығыс тілеген қараниеттер адал жолға түссе екен.
Арман. Ал бұл жолда Президент біреу, уәзірлері, әкімдері тіреу.
Осы жерде үлкен мәселе бар. Кадр таңдай білу мәселесі. Осы уақытқа дейін, жасыратын түгі жоқ, жұрттың бәрі біледі, бірнеше үкімет, әр түрлі деңгейдегі талай-талай әкімдер сан-сапалақ ауысты. Әр түрлі себеппен. Ал әкімдердің ауыса бергені жақсылық емес. Ол психологияға да көп эсер етеді. Бір жылға, ары кетсе екі жылға ғана жететін әкімдер ғұмыры, барынан сезіктенетін, болашағына сенімсіз әкімдер әуелі елді, жерді көркейтудің орнына, «мұрының барда бір сіңбірдің» әуеніне салады. Жаман психология. Әкім бол. Бірақ жаңағыдай пиғылдан аулақ бол. Халқыңа жақын бол. Қазіргі әкімдердің көбісі ел ішін жете білмейді. Жайлы креслода жайбарақат отырып алады.
Ара-тұра имандылары да кездеседі. Мен білетін Ұлытауда көп жылдан бері үздіксіз әкім болып келе жатқан Серік Тілеубаев ен азамат бар. Әне, сол нағыз әкім. Әкіммін деп қоқыраймайды, қоқиланбайды. Жер көлемі Қарағанды облысының үштен бірінe жуығын алып жатқан шалғайдағы ауданның ұңғыл-шұңғылын, әрбір үйін, әрбір адамын, тіпті бала-шағасына дейін біледі. Кімнің жағдайы қандай, кім неге мұқтаж; көп балалысы қайсы, қайсысы сау, қайсысы дімкәс; қанша малы бар; кім өз күнін өзі көре алады, ал кімге көмек керек — міне, әкімнің бірінші міндеті.
Мектебі қандай? Өйткені сол мектепте оқып жатқан қазіргі жеткіншек — ертең азамат. Ертеңіміз соларға байланысты. XXI ғасырдың табалдырығын қанша таза адам аттайды, қаншасы лас аяғымен аттайды.
Абыройлы мемлекет жаңа ғасырдың, жаңа мыңжылдықтың табалдырығын лас аяқпен, лас пиғылмен аттамас болар. Ол ресімге жаман. Арақ ішіп, наша тартып, ұрлықпен, сұмдықпен аттаса — оны Космос көріп тұр. Аямайды. Ібіліс жайлаған жерді сойқан соғады.
Міне, жаңағы айтқан Серік Тілеубаев осыны түсінетін, бес уақыт намазындай білетін жігіт. Сондықтан да ауданның шаруасы шайқалған жоқ. Бәрі де баяғыда-ақ, әділімен адалынан жекешелендірілген. Бұрынғы колхоз, совхоздың дүние-мүлкі, малы, жері, қиянатсыз, қитұрқысыз бөлінген.
Бүкіл ауданда бірде-бір клуб, бірде-бір кітапхана сатылмаған, аукционға түспеген.
Кітапхана демекші... Оңтүстікте Созақ деген ел бар. Бұл да шалғай жатқан, өзіне Қыдыр қонған ел. Бірақ Қыдыр да талғампаз. Әкімі Әкіреңбай болса, Қыдыр ол жерден безіп кетеді. Ал біз көрген Созақтың орталығы Шолаққорғанға барыңызшы. Мәдениет Сарайы салтанатты, кітапханасы Алматы мен Астананың кітапханаларына үлгі боларлықтай. Аудан орталығында Жарылқасын Боранбаев есімді ақын тұрады. Ол тек жақсы ақын ғана емес, атағы жоқ ғалым, тарихшы.
Жазғандарын оқып, «Мұның бәрін қайдан білесің, қай жердің архивінен таптың?» — десең, — «Ешқайда да бармаймын, біздің кітапханада бәрі бар», — дейді.
Ал осы ауданды нағыз зиялы жан, елді, жерді сүйген азамат әкім Қуаныш Айтаханов басқарады.
Әкімге білімділік жарасады. Қарағайдай-қарағайдай диплом әркімде бар. Көбісі жалған. Көбісі сатып алған. Сатылмайтын диплом, жоғалмайтын білім, тозбайтын тәлім, кісілік пен парасат — адамның басында. Есекті алтын ер-тоқыммен жабуласаң да арғымақ болмайды.
Осы Қуаныш Айтаханов былтыр Созақ топырағында туып-өсіп, бүкіл қазаққа қасиетті тұлға болған марқұм торт арысқа ас берді. Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Төлеген Момбеков. Әдебиет пен өнер саңлақтары.
Ас беру — аш-арыққа қайырымдылық тамақ беру емес. Бұл — тәрбие. Осы ас арқылы жеткіншекке үлгі көрсетті.
Айтаханов не ұтты? Ұрпаққа, жеткіншекке үлгі көрсетті.
Баба Түкті Шашты Әзиз бен Қара Бура күмбездерін кайта салдырды. Әрине, мемлекеттің қаржысына емес.
Осы арқылы ол ұрпақтарға: «Сен тектінің тұқымысың. Өзің де текті бол» дегенді меңзеді.Тегін білмес мәңгүрт маскүнем болма, қараниет қарақшылыққа барма, жаманшылыққа жолама дегенді ымдады.
Әрине, шаруасы шалқасынан түсіп тырайып жатса, ол мұның бірін де істей алмас еді. Демек шаруаны да ұйымдастыра алады, руханиятты да ұмытпайды.
Ал өз қарақан басының ғана қамын ойлаған әкімдер шалқар көлді тақырға айналдырады, дәулетті елді пақырға айналдырады.
Жүрген жеріне гүл бітіретін әкімдердің бірі — Қордайдағы Құрманғали Уәлиев. Қордайдағы жағдай жаман емес. Бір қызығы, осы әкім айтулы атбегі. Нелер тойда аламан бәйгесі болсын, басқа бәйгесі болсын — алдымен Қордайдың аты келеді. Атақты Талисман бастаған нелер дүлдүл осы Қордайдан шығады.
Қордайдың арғымақтары ғана емес, ауданы да көбінесе алда келеді. Мына аласапыран дауылды толқындарда Қордайдың кемесі қисайған жоқ.
Қордайдың асуына таяу Қордай батыр ескерткіші тұр. Құдай қалап, әкім қолдап, үкімет мақұл десе, Сүйінбай, Жамбыл, Шашубай, Майкөт, Кенен жырлаған Өтеген батырдың үш жүз жылдығына орай, Қордай бабасының қатарында «мүйізді» Өтеген батыр да тас мүсінмен ұрпақтарын рухтандырып тұрар болар.
Талдықорғанның Көксуына бардық. Еңбекші ауылын аты жақсылығымен жұртқа мәлім Зылиха Тамшыбаева басқарады Мұнда да Мәдениет сарайы той-думан. Мұрты бұзылмаған. Әлдеқалай түнде далаға шықсам: көшелері самаладай қапырық. Алматының кен көшелерінде жоқ жарық. Адамдары тайпы-таяғы қалмай тырбанып жұмыс істейді. Нәтиже: тамақтары жоқ. Көйлектері бүтін.
Демек жаман ел жоқ. Жаман жер жоқ. Бәрі де бірлікте, тірлікте. Ал бірлік пен тірліктің ұйытқысы ауыл, аудан, облыс Басшысы. Басшысына қарай не бағы жанады, не қаңырап қалады.
Осы Зылиханың ел басқару табиғи талантына қарайсың да, неге бізде әкім әйелдер жоқ деп ойланып тұрып қаласын.
Бүкіл Республика бойынша бір-ақ әйел әкім екен. Қызылорда облысында, Тереңөзек ауданының әкімі Алмагүл Божанова. Жөне сол аудан былтыр облыс бойынша күріштен алдына жан салмапты. Бұл шаруа жағы. Ал ақылды, салиқалы, білімді, көргенді әйел әкім көбіне ер-азаматтар көңіл бөле бермейтін көлеңкелі жаққа зер салуға бейім. Мысалы, көп балалы отбасылар. Жақында теледидар он бала тапқан әйелдің үй ішін, ахуалын айтып корсетті. Он бала табу ерлік. Әрі қасиетті ана. Ал сол ана осы уақытқа дейін «Алтын алқа» тақпайды. Ауыл, аудан әкімдері оны ескермейді.
Мемлекеттің басты байлығы — Адам. Мың тонна көмір қазған шахтеріңнен гөрі он бала тапқан Ана он есе құрметті. Мұны дәлелдеу үшін биік философияның қажеті жоқ. Сол шахтерді де туатын Ана, әрі-беріден соң. Ескерсе, елесе, ауыл, аудан, кім біледі, тіпті облыс басқаруға жарамды әйел заты аз емес. Жалғыз Коржовадан басқа министр де жоқ. Айтпақшы осы мақала жазылып жатқанда, жаңалық хабар жетті: А. Самақова деген қызымыз министр болыпты.
Елді басқарған, жауды жапырған Тұмар ханым, (біз еуропаша «Томирис» деп әлі шатасып жүрміз), Зарина ханым сияқты көсем, батыр; Ұмай, Айпара, Домалақ сынды қасиетті, киелі аналарымыз болған. Мәншүк пен Әлияны бәрі біледі.
Әйел басшы, әрине, әулекі болмаса, шаруамен катар жастар тәрбиесіне, мәдениетке, жалпы руханиятқа көз қиығын салар ма еді деген үміт қой біздікі. «Байтал шауып бәйге алмас» деген сөз бекер сияқты. Жоғарыда аталған Қордайдағы Құрманғалидың байталдары бәйгеден талай озып келген. «Глория», тағы басқалары.
Әкім бол, халқыңа жақын бол!
Президент алғаш рет әкім жүйесі туралы жарлық шығарғалы бері осы уран «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жиі көрінеді.
Көне Египет папирусына жазылған, әкімдердің анты ретінде айтылған мынадай асыл сөздер бар:
— Мен жас сәбидің аузынан сүтін тартып алмаймын.
— Мен ағын суды бөгемеймін.
— Мен біреуді өлтіруге бұйрық бермеймін.
— Мен біреудің көз жасына қалмаймын.
— Мен әлсіздерге қол көтермеймін.
— Мен таразыдан жемеймін.
Мұсылман шариғаттарында да осы тектес өсиет бар. Ендеше орнында қалар, немесе жаңадан келер әкімдер осы жолмен жүрсе, ақ бақытқа шомылады. Ал теріс кетсе, қарғыс атады. Күні кеше Президенттің өзі де, қайта тағайындалған үкімет мүшелері де адалдыққа ант берді. Ал әкімдер: облыс, аудан, ауыл әкімдері неге осындай ант бермеске?!
— Мен халқыма адал кызмет етуге ант етемін.
— Мен Президенттің жарлықтарын бұлжытпай орындауға ант етемін.
— Мен Қазақстан Республикасының Заңдарын бұзбауға ант етемін.
Міне, осы сипаттас Ант кодексі болуы керек.
Ант беру — көз алдау, тек формальді рәсім емес. Ант — Алланың алдындағы уәде, парыз. Антынан айнығанды — ант атады. Міне, осы себепті де әкімдер анты кодексін өміріміздің салтына айналдыру керек-ақ. Жаңағы Египет антындағы: «суды бөгемеймін» дегені — табиғатты тонамаймын, жаратылысты жарақаттамаймын дегені. Табиғатты қорласаң — бүгін, иә ертең өзін қор боласың, жазырын тартасың.
«Таразыдан жемеймін» дегені — халықтың несібесін ұрламаймын, қолым таза, жүрегім ақ дегені.
Көнеден қалған сөз. Бірақ мағынасы әлі жаңа.
Әкімдердің санасына сіңсе — заман түзелер.
Бұрынғы облыс басшыларының біразын көрдім. Мысалы, Сағалбай Жанбаев. Байлық, дүние-мүлік жинамаған адам. Сауатты кемшін. Бірақ табиғи талант. Тың жаппай көтеріліп жатқан кез. Костанай обкомының бірінші хатшысы «Кукурузник» дейтін екі кісілік ұшақпен Жанбаев Торғайға келеді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына:
Корсет шаруашылығыңды, не істеп жатырсың? — дейді. Аудан басшысы:
— Ойбай, Сәке, біз де тың көтеріп жатырмыз, — дейді. Машинамен аралатады. Тұзы бетіне шығып жатқан сортаң жер, қыртыптастаған. Айғыз-айғыз. Сонда Жанбаев.қамыс қалпағын жұлып алып, өз басын өзі саусағымен шұқып:
— Ей, кеңкелес, мынаған шаш шыға ма? — дейді. Аудан басшысында үн жоқ.
— А, иттің баласы, мына жер де менің басым сияқты, — деген ғой Жанбаев. Шынында да басында бір қылпық жоқ еді, құдай иманын жолдас еткір. Ақмола облисполкомның төрағасы Жақыпбек Жанғозинге бардым. Тілшімін. Жағдайды білейін деп.
— Егін орылып жатыр. Мен айтқаннан гөрі көзбен көрген артық. Жүр менімен бірге, — деді.
Өзі де, маған да керзі етік кигізді. Ақмоладан аулақтағы совхоз егініне бардық. Күзгі суық жаңбыр толастар емес. Толарсақтан балшық. Комбайндар қаңтарылып түр. Комбайншылар «полевойстанда» арақ ішіп, дарылдасып, керілдесіп, карта ойнап отыр. Жанғозинді көргенде барлығының мастығы тарқап кетті. Зубков деген бригадир:
— Көріп тұрсыз ғой, жауын... — деп кирелеңдеді.
— Зубков! — деді сонда Жангозин. — Егер осы бидай жеке өзіңдікі болса не істер едің? Ертең қардың астында қалады. Не істер едің сонда?
— Қол орақпен болса да жиып алар едім.
— Жеке өзіңдікі болмаған соң арақ ішіп ләйліп отырсың. Бұл да майдан. Соғыста болсаң не істер едің?
— Қар жаумақ тұрмақ, қан жауса да арпалысар едім.
— Зубков! Ендеше алып шық далаға аналарыңды! Отыр комбайнға!
Осыдан кейін тұнжырап мүлгіп тұрған дала гүрілдеп ала жөнелді. Ертеңіне күннің көзі көрінді. Кеше жығылған дестелер кеуіп, комбайн оны бастырып жатты.
Жангозиннің кеңседе, креслода шалқайып отырған кезі кем-де-кем. Ылғи далада, жүмысшылар арасында жүрді де қойды. Мұның бәрін неге жазып отырмын? Қазіргі көп әкімдер елді, алыстағы ауылдарды араламайды. Не бар, не жоқ — өз көзімен көрмейді. Жағдайды телефон арқылы, қағаздағы ақпардан ғана біледі. Егер Республика басшылары облысқа бара қалса, тек «образцовый» жерлерге ғана апарып көрсетеді.
«Селекторное совещание» дегендері бар. Әсері шамалы. «Көз көрсе, жүз ұялады» — тегін емес. Алыста отырып: «әло, әло» дегеннен гөрі, облыс әкімі ауылға барып, асықпай араласа — ауру адам жазылады, кәрі адам жасарады, кедей адам байыйды. Өйткені беделі зор әкімді бір көрудің өзі күш-қуат беріп, қанат бітіреді. Ежелден абыройлы әкімді сыйлаған халықпыз. Әкім әсерлі соз айтса, жұрттың жітерін қайраса — ынта күшейеді.
Облыстың әкімі құмға «джиппен» барып, киік атып, қырғауыл атып, қайтып келе жатса, анадайдан бір ауыл көрінеді.
— Мынау қай ауыл? — дейді қасындағы аудан басшысынан.
— «Түгіскен» деген ауыл.
— «Апыр-ой, кілең шенгелдің арасында қалай отыр? — деп қалаға қарай өте шыққан ғой.
Сонда деймін-ау, «қалай отыр» деп таң қалғанша, азырақ аялдап, аралап көрсе қайтеді?!
Арман. Ендігі кезекте аудан әкімдері жоғарыдан тағайындалмайды, жергілікті халық өзі сайлап алады деген сөз тарап жүр. Егер бұл рас болса, құдайым ауыл жақтықтан, аталас таластан, рушылдықтан сақтасын. Азаматтың руына емес, ата-тегіне емес, ақыл-парасатына, адалдығына, іскерлігіне, білімділігіне, мәдениетіне қара. Мына заманда адамның бәрі ақшаның құлы болып кеткен жоқ. Имандылары да бар. Сирек болар. Соны тап.
Анау ата, мынау ата болып айтысып жүріп, жарамсызды сайлап алып, ертеңіне, Саттар Ерубаев жазғандай:
— Ер үстінде ұйықтамасаң, атқа қонып нең бар ед?! Халық қамын жей алмасаң, датқа болып нең бар ед?! — деп бармақ шайнап жүрмесең болғаны.
26-қаңтар, 1999 жыл
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі