Өлең, жыр, ақындар

Шыр айналған дүние...

Камалға хат

Былтыр құлын, биыл тай,
Біреу — жарлы, біреу — бай.
Диірменнің тасындай,
Шыр айналған дүние-ай!

(Халық, әні)

Қазір мұң-мұқтаж айтқан адамдар көбінесе редакцияларды жағалайды. Өйткені өкімет үйінің табалдырығы таудан биік, оны аттап өту қияметтей қиын.

Құрметті Камал! Күні кеше сондай арыз айтушылардың біреуі редакцияға келіп отыр. Келгенде не дейді? Алдыңғы күні пошта жәшігінен извещение алдым дейді. Оқып көрдім де, жүрегім шаншып, көзім бұлдырап кетті дейді. Пәтерақы бір айға сегіз мың теңге болыпты! Алатын зейнетақым — алты мың теңге, енді қайттім?! — дейді.

Бұған сен қандай ақыл айтар едің, Камал? Ал менің ақылым — айран, ойым — ойран. Әлгі шағым айтушының басына туған күн менің басыма да, сенің басыңа да түсіп отыр. Не істейміз?

Мұндағы ең бір қиыны — пәтерақы адам санына қарай өседі екен. Сол редакцияға келген кісінің отбасында алты адам бар екен... Әдетте отбасында бес-алты, одан да көп адам кездесетін үйлер — көбінесе қазақтар.

Демек мына салық қазақтың өсіміне, демографиялық өсіміне қойылған тағы бір қақпан!

Құрметті Камал!

Екеуміздің дәстүрлі хат жазысуымыз көптен бері үзіліп қалды. Бұған әрқалай себептер болды. Неге бұлай деп редакцияға хат жазушылар көп. Халық іздейді, оқырман ұмытпайды. Оқырман, саған ұлы тағзым!

Ал бірақ осы екеуміздің хаттарымыз еріккеннің ермегі емес, өміріміздің өзекті мәселелері ғой. Соңғы бір жылдың ішінде алуан-алуан алқалы істер туралы үн көтердік, олардың көбі тікелей ел басқарып отырған ер-азаматтарға қарата сөйлеген сөздер. Бірақ... ғажап! Үкімет адамдары үндемейді. Орыстарда: «Молчание — знак согласия» деген мәтел болушы еді, мынау шыннан сол ма, білмеймін. Үндемегені — құптағаны болса мейлі ғой. Бірақ үкімет басшыларына үніміз жетпей ме деп күдіктенемін. Үкіметтің баспасөз хатшысы Қосанов деген жігіт күні кеше осы Егемен Қазақстанда» жұмыс істеп, кей-кейде, жиын-тойда «Қара бауыр қасқалдақ, қайдан ұштың пыр-пырлап-оу»,— деп ән ән салып жүрген азамат еді, енді төркінін танымайды. Қош-аманы жоқ.

Мейлі, Камал, мен оған өкінбеймін. Ең бастысы — бізді қалын. қауым оқиды. Қазақстанда таралымы ең көп газеттің оқырмандары оқиды. Бірақ бұл сөзім астамшылық болмасын. Сол көп оқырманның саны жылдың екінші жартысында біраз азаяйын деп тұр.

Қиын той, оларды не деп күстәналайсың. Заман мынау, қаражат жоқ. Сонда да болса, қазақ баспасөзіне пәруана берілген шын отансүйерлер газеттен қол үзіп қалмас, қиыннан қиыстырып, амалдап, алдағы жартыжылдыққа тағы да жазылар деген үміт бар.

Камал! Қаладан шықпай, өзімізді өзіміз тас қамалға қамап қойып, көктемнің қалай өте шыққанын да байқамай қаламыз. Табиғат-ананың құшағынан айырылып қалдық қой. Аурушаң болғанымыз да содан шығар.

Биылғы көктем керемет болды ғой, Камал. Жаратқан жарылқаған жайдарлы көктем болды. Жаңбырлы, ылғалды, көл-көсір көктем. Шөптің ырғын шыққаның көрсең. Таудың тарғыл тасына дейін көктеп кетті.

Әттең, осыншама ақ жарылқаған маусымды шаруа адам армансыз пайдалана алмай қалды-ау деп өкінемін. Көк өзектен бір-ақ мысал. Бұрынғы ірі колхозымыз төртке бөлініп кетті. Баяғыда майда-майда торт колхозды елуінші жылдары біріктіріп еді, енді қайтадан бастапқы қалпына келді.

Енді осылар мынандай мамыражай маусымда бауырын жаза алмай, жер жыртып, егін сала алмай, май таба алмай, тұқым таба алмай шерменде болғаны қалай?

Үкімет ауыл шаруашылығына осы көктемде несиемен болса да барынша көмек беруі керек еді. Егін ырғын шығып, астық мол болатын еді. Амал қанша, жоғарыдан ондай мейірім болмады. Үкіметтің ауыл шаруашылығы жөніндегі вице-премьерінің сөзіне сенсек — бәрі жақсы. Ал енді аралап көрсең мүлде басқаша.

Осындайда Арон әл-Рашидті аңсайсың. Дуананың киімін киіп, базар аралап, шайханаларды жағалап, ел жағдайын өзгеден естіп-білмей, өз көзімен көріп, өз құлағымен естиді екен. Біздің министрлер шалғай жатқан алыс ауылдарға ат басын бұрмайды ғой.

Отырар ауданынан, Сырдарияның арғы бетінен келген құдағидан:«Хал қалай?» — деп сұрадым.

— Е, егеменді ел болдық, дуанамен тең болдық,—деді ол кісі. — Біз егін салмаймыз, су шықпайды. Мал батамыз. Мал таусылды. Қалғанын қасқыр жеп, ұры әкетіп жатыр. Қарсылассаң — атып кетеді.

Вице-премьер мұндай жерге бармайды. Барса, аяныш сезімі оянар еді. Ұлттық банктен агробанкке қаржы бөлдіртер еді.

Алыстағы ауылға Ішкі істер министрі де бармайды. Барса, шаруаның малын дала қасқыры бір талап, адам қасқыры екі тонап, елді тоздырып бара жатқанын өз көзімен керер еді. Кезінде «Егемен Қазақстан» (23.01.97) Ішкі істер министрі Қайырбек Сүлейменовтың назарына осы мәселені салып еді. «Қорқау қасқырлар, қарусыз қойшылар» бар, соларға қол ұшын берсеңіз екен деп еді. Бірақ министр мырза ләм демеді. Ел сыйлаған «Егемен Қазақстанның» сөзін елеусіз қалдырды.

«Егемен Қазақстан» Үкіметтен: «Сүрінсе қолдан ала гөр» деп өтінді (7.03.97). Осы көктем — шешуші көктем, шаруа осы мырза көңіл көктемді пайдаланса — жарыды, пайдаланбаса — арыды. Осындайда бермеген көмегіңді көмгенде бересің бе? — деді. Бұл саладағы вице-премьер «пішту» де деген жоқ. Жалпы, осы қызметтің, осы лауазымның халық үшін қажеті бар ма? Бәрібір ол қиналған шаруаның ауызына су тамызып жатқан жоқ, қарлығаш құрлы қанатымен су себелеп жүрген жоқ. Шалажансар еңбекшіге жанар-жағар май көзін, машина-трактор станциясын ұйымдастырып, жыртылғанды жымдастырып жатқан республикалық жоғары ауыл шаруашылық мекемесі жоқтың қасы. Ендеше бұл саладағы вице-премьердің не қажеті бар? Әркім өз күнін өзі көріп жатыр. Ауыл шаруашылық министрі бар емес пе? Оның үстіне тағы бір қондырманы қоқайтып қойып керегі не? Ақыры мемлекеттік саясат артық ауыз масыл шенеуніктерді қысқартуға бағытталған жоқ па? Ондайлар аттың жемін жеп, тым құрыса тайдың да жұмысын атқармайды.

Ал, Камал мырза, арадағы көп үзілістен кейін өзің маған жазған соңғы хатында («Өндірісті өзіміз өрістете аламыз», 20-мамыр, 1997 жыл) ардың жүгін арқалаған ағайындарға арнап бірсыпыра ой-пікір айтыпсың. Журналистерге арнайы ат басын бұрған орынды. Ал олардың көбінің «арқалағаны алтын, жегені тікен» екені рас. Ара-тұра батыл-батыл пікір айтатындары да бар. Қоғамның өзі сияқты біздің журналистеріміз де ала-құла. Арасында әділет туын көтергісі келетіндер де, қаламынан жағымпаздық, жалақорлық сиясы тамшылайтындар да бар. Тасқа басылатын сөздің құнын білмей, абайламай, дуайпат сөйлейтін журналистер де бар. Таяуда «Жас Алаш» газетінде біреу: егер 1941 жылы соғыс болмаса Бауыржан Момышұлы қатардағы көп шалдардың бірі болып дүниеден өтетін де кететін еді деп жазды. Бауыржан Момышұлының маңдайындағы жазуды оқып алғандай, бейберекет аузына келгенді айта салу да енер болды ма?!

Осы бірер апта көлемінде көне сақалды бір журналист қараптан-қарап жүріп халқымыздың ар-ожданының рәмізіндей болған Ахмет Байтұрсыновқа және оның серіктеріне келіп ұрынды. 1919 жылы бір топ казак қайраткерлері Сталиннің қабылдауын-да болыпты. Сталин: «Қазақстан басшылығына Әліби Жангелдинді ұсынып отырмыз, оған қалай қарайсыздар?» — депті-міс. Сонда қазақтардан біреу ұшып тұрып: «Ойбай, қазақ үш жүзге бөлінген, қалыстан біреу болмаса жарамайды», — депті-міс. Сонымен Пестковский деген біреу Қазақстанға бастық болып шыға келіпті. Бұл үлгі ретінде қалыптасып, Қазақстанға Голощекиннің келуіне, сөйтіп 1932-1933 жылдардағы қазақ қырғынына жол ашып беріпті-міс.

Журналист бұл әңгіменің стенограммалық түп нұсқасы бар-жоғын айтпайды. Әйтеуір «дейді, дейді, дейді екен».

Көрдің бе, Камал, жала жабу деген қандай?! Байыбына бармай, шын құжаттарға негізделмей, ұшқары пікір айту — журналистикадағы ен ауыр қылмыс. Енді келіп, сол этногеноцидте қырылған миллиондаған қазақтың қанын Ахмет Байтұрсыновтың және оның серіктерінің мойнына жүктей салмақ. Оқырманның ойында осындай күдік қалмақ.

Осы тақылеттес жаланы кейбір оқымысты сымақ, журналист сымақтар Тұрар Рысқұловқа да жаппақ болды. Ұжымдастыруды жеделдетуде Т. Рысқұлов Сталиннен де асып түсті деп «қаралады» В. Михайлов. Ал Тұрар Рысқұловтың ұжымдастыру жөнінде Политбюроға жазған хатының түпнұсқасын оқыған біреуі жоқ. Әйтеуір, долбар.

Сол түпнұсқаны таяуда Мәскеу ғалымы В.Устинов жариялады. («Мысль» журналы, №5, 1997 ж.). Сөйтсе, Тұрар Рысқұлов колхозды жеделдету үшін әуелі оның материалдық базасын, негізін салуды тездету керек деген екен! Айырмашылық жер мен көктей, Рысқұловтың ұсынысы етсе, ешқандай ашаршылық болмақ емес.

Рысқұловқа осылайша жала жабуға өзеурегендер оның халықты, әсіресе қазақты екі дүркін ашаршылықтан арашалап қалғанын айтқысы келмейді.

Міне, Камал, біздегі журналистиканың кейбір мерез мінезі.

Жалпы, орыс тілділерге қарағанда қазақ журналистикасы әлі де әлжуаз екенін мойындаған жон. Орыс тілді журналистердің қазақтарға кейде әдейі істейтін озбырлығына көз жұма тұрсақ, журналистік тапқырлығына, ізденгіштігіне, жылдамдығына талас жоқ.

Біздің қазақ журналистеріне көп ізденіп, көп оқып, мәселенің байыбына бару жағы жетіспейді. Мысалы, Президент Н.Назарбаев Алматы маңында хан сарайдай үйлер көбейіп кетті. Анықтаңдар, қандай қаржыға салынып жатыр деді. Мұны зерттеп, анық-қанығын айқындап жазуға бірде-бір журналистің батылы жетпеді.

Бұл ретте жеке батыр Алдан Айымбетовтен үйренген жон. «Казахская правда» газетінің осы жылғы үшінші нөмірін қараңыз. «Қабырғасын қақыратып, бір-біріндеп сөксе де, қабағын шытпас ер керек, мына біздің бұл іске».

Ал ондай журналистер некен-саяқ. Журналист жазамын десе, зәру мәселелер шаш етектен. Там-тұмдап жазып та жүр. Бірақ мерезді түп- тамырымен сылып тастардай пәрменді қалам жоқ сияқты. Әйтпесе мына казіргі біздің қоғам қандай қоғам? Неге, неменеге негізделген? Негізгі принциптері қандай? Негізі әділетсіздіктен құрылған қоғам ұшпаққа шыға алмай, құлайтыны мәлім.

Біз ше?

Камал! Мен қазір «егеменбіз, тәуелсізбіз» деген шырын сөздерге бұрынғыдай масаттанбайтын болып барамын. Ол — ол ма, азаттық алғанымызға да сенім азайды. Алматыда жүрсем де, шет елде, бөтен жерде жүрген сияқтымын. Калатолы жарнама. Бұрын орысшасы көпте ептеп түсінуші едім, енді не жазу екенін мүлде түсінбеймін.

Азаттық алғанымыз осы ма?

Мұнда Американың сигареттерін дәріптеген неше алуан жарнамалар біздің ұлттық жалауымыздан әлдеқайда көп. Әрі әдемі.

Америкаға барып едім, Вашингтонда әлгі жарнамалар біздің ұлттық жалауымыздан әлдеқайда көп.Қайта темекі шеккендердің мүмкіндігі мейлінше шектелген.

Біздің бостандықтан құтылып, бостандық алғанымыз осы ма?

Мемлекеттік стратегиялық мәні бар өндіріс орындары арзан бағаға шетелдіктердің иелігіне өтіп жатыр. Айталық, Жезқазған мен Балқаш мысына ие болған шетелдіктер жылына қанша тонна мыс өндір Оның қаншасы жаңа қожайындікі, қаншасы біздікі?Біздің үлесімізден халық. игілігіне қаншасы жұмсалды? Осының . жария болуға тиіс

Байлығымыздан аузымызға тамшы тамбай, айдалаға ағып кетіп жатса егемен ел болғанымыз осы ма? Өз алдына дербес мемлекет болған Қазақстанда қазақ тілі бәленбай жылдан бері додаға түсіп көкпардағы тулақтай таланып, «мемлекеттік тіл» дәрежесіне жету жолында талапайға түсіп, сан алуан кедергіге кезіксе тіпті Тіл туралы Парламент қабылдаған Заңды Конституциялық кеңec деген мекеме жоққа шығарса, сонда неменеме Парламент.

Егемен ел болдық. Нарық экономикасына бет алдық. Әркім кәсіпкеp болсын, өндіріс ашсын, өнім шығарсын!» деген ұран шыққанда Терещенколар несие ісін теріс жолға салып жіберді. Мемлекеттің жанды-жанды буынында отырғандар қолы жетіп,өз жақындарын алдымен жарылқады.

Жалпы халық жадау қалпында қала берді.

Оның, үстіне коррупция, жемқорлық жоғарыдан, тау басынан домалаған тас сияқты етекке дейін ендеп кетті. Дәніккеннен құныққан жаман. Жемқорлардың жемсауы толмайды. Қанағат жоқ. Тойымсыздық психологиясы киын.

Бірақ дүние дүние болғалы сол шіріген байлықты ана жайға өзімен бірте ала кеткен ешкім жоқ. Бай болсаң да өлгеннен соң басыңа алтыннан күмбез салмайды. Бір көмген соң қанша бай болсаң да сені қайтып қазып алмайды. Өйткені сен алтын емессің. Өлгеннен соң байдың да сүйегі аппақ, кедейдің де сүйегі аппақ. Әділет сонда орнайды.

Алайда тірілер мұны ойлап жатпайды.

Ай, Камал дос, Камал дос! Қазақстанды жаратқан Құдірет ерекше тудырып еді. Қойны-қоншы толған байлық. Кешегі империя боданында жүргенде: әттең, өз байлығымыз өзімізге тисе той деп армандадық.

Ендігіміз не тірлік?

Редакцияның есігі тағы да қағылды. Тағы бір шағым иесі.

— Пәтерақы құтырды. Қайтіп төлеймін? — дейді. Қалай төлейді? Алғаны ауқатына жетпейді, сонда пәтерақыны қалай төлейді?

Бұдан екі мың жыл бұрын Шығыстың бір данышпаны:

— Біреуден бірдеңені тартып алу үшін алдымен отан бірдеңе беру керек қой, — деген екен. Ал бізде ештеңе бермей жатып тартып алмақшы. Осы да әділет пе?!

Камал, сау бол!

Шерхан МҰРТАЗА 30-мамыр, 1997 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз