Өлең, жыр, ақындар

Шағалалар мен қаңғыбастар

Қаланың қақ ортасында шағалалар ұшып жүр. Мыңдаған машинадан шыққан сасық иіс, шаһар үстін тұмшалап тұрған түтін...

Ау, осындай жерде шағаланың не шаруасы бар? Мына қара қала ақ шағала жүретін жер ме, құдай-ау! Кетпей ме сонау шалқып жатқан айдын көліне. Толқынды толқын қуалаған, күн нұрына шағылысып жарқырап жатқан жәннатты дүниеге...

Мына тұншыққан қалада несі бар, а? Мүмкін қызық үшін, құмырсқаның илеуіндей жыбырлаған қу тіршілікті көру үшін жай саяхаттап келетін шығар.

Қаланың қақ ортасында шағалалар ұшып жүр... Бір түрлі үйлеспейді. Қаланың ішін қасқырлар кезіп жүрсе, қандай болар еді. Үйлеспейді ғой. Мына шағалалардікі де сондай.

Қасқырлар келсе, қаланың тұрғындары тырқырап қашып, милиция, мүмкін армия дүрлігер еді.

Шағалалардан ешкім қорықпайды. Шағалалар аспанда қалықтайды. Адамдар аспанға қарауға да мұршалары жоқ. Жерден көз алмай асығып, аптығып бара жатады. Ал шағалалар қаланың қақ ортасында ұшып жүреді.

Сөйтсе, оның сыры бар екен.

Айналасы төрткүл болып келген махалланың (яғни кварталдың) орта тұсында қолдан соққан, әркім әлінше әрқилы қиюластырған гараждар тұрады. Темірден соғылғандары, қыштан өрілгендері... бар. Бірақ бәрінің төбесі қаңылтыр.

Әлгі шағалалар сол қаңылтырға келіп қонады. Ары-бері жорғалап жүреді. Әдетте онда жабайы кептерлер де аз емес. Олар енді шағаладан ығысады. Өйткені шағалалар кептерлерден гөрі ірілеу.

Бұлар гараждардың төбесіне неге үйір десе, сол үйшіктердің іргесінде қоқыс қораптары орын теуіпті. Соңғы кезде қораптардың жаңа түрі шыққан. Қоқыс салатындай емес, сәл үлкендеу болса, адам тұратындай. Жалт-жұлт етеді. Қақпағы және бар.

Қақпағы көбінесе жабулы тұрады. Оларды ертеңгісін ел орнынан енді тұрып жатқанда, иықтарына дорба ілген әлдекімдер келіп ашады. Қораптың ішін тінтіп, ал келіп бір ақтарсын. Керек-ау деген заттарын иықтарындағы дорбаға тықпалай береді. Керек емесін лақтырып тастайды.

Қорап қопарушылардың кепиеттері — тірі әруақ. Беті-бастары кір, ісіңкі, сақал-мұрттары өскен, шаштары қобыраған, көздері қып-қызыл.

Бұлар шағалалардың әрі досы, әрі жауы десе де болады.

Досы болатын себебі: қанғыбастар қораптың қақпағын ашады. Әйтпесе шағалалар аша алмайды ғой. Жауы болатын себебі: қораптың ішіндегі іліп аларын қалдырмай дорбаларына салып әкетеді.

Кейде қораптан жарты бөлке, ширек бөлке нан да шығады. Шағалаларға керегі де сол нан. Ол бірақ қаңғыбастардан артылмайды.

Несібелерін жиіп-теріп алған соң, қаңғыбастар алысқа ұзамай-ақ, қаз-қатар тізілген гараждардың артындағы ағаштардың көлеңкесіне барып жайғасады. Сол жерде тапқан-таянғандарын дорбаларынан шығарып, ортаға үйіп, тамақтана бастайды.

Мыж-тыжы шыққан газет дастарқанның үстінде не жоқ дейсің — бәрі бар. Тұздалған помидордың мыжылған қалдығы, жартысы тістелген жартыкеш қияр, қабығы қабат-қабат болса да солыңқыраған пияз, қатқан нанның неше түрі, жартылай күйіп кеткен кәуап, көгістеніп кеткен мәнті. Осының бәрінін үстінен шоқиып қарап тұрған бір бөтелке заһар арақ...

Тырнақтары аюдай екі еркектің ортасында жалғыз әйел. Бет-аузы домбығып, көзінің айналасы көлкілдеп кеткені болмаса, бұл өзі әлі жап-жас қыз екен. Бірақ жүріс-тұрысы, түр-тұрпаты әбден титықтаған адамның сыйқы. Аяқ алысы сылбыр. Екі еркек бөтелкедегіні қақ бөліп ішіп, солған қиярды қарш-қарш шайнап жатқанда, мына ұзын етектісі дастарқаннан шеттеп, ала дорбасына басын қойып, бір жамбастап қисая кетті.

Осы кезде гараждың қоқыс қораптарын айнала ұшып жүрген ақшағалалар жерде жем терген кептерлермен араласып, ала дорба жастанып жатқан ұрғашының жанына жақындап-жақындап келіп, әлденеге алаң сыңай танытып, арақ ішіп отырған екі еркекке елеусіз қарап, жорғалап жүрді.

Әлгі екі еркек бөтелкенің аузынан қылқ-қылқ еткізіп бір-екі жұтқаннан кейін-ақ беті-бастары қисаңдап қалды.

Ала дорбаны жастық қылып, жантайып жатқан қыздың лезде көзі ілініп кетіп, бір ғажайып түс көрді. Түсінде ауылға барыпты. Ауылы құмның шетінде, шаһардан шалғай еді.

Алыстағы қойлы ауылды таң қалдырып, Жаңыл қыз күміс қанаттары жалт-жұлт еткен ұшаққа мініп келді. Ұшақ қойлы ауылдың іргесіне келіп қонғанда, кемпір-шал, бала-шаға, ер-азамат қалмай түгел жиналды.

Ұшқыш кісі ұшақты арғымақ ат құсатып қазыққа байлап қойды.

Жұрт шетінен Жаңылмен құшақтасып көрісіп:

— Аман-есен оқуыңды бітіріп қайттың ба? — десіп мәре-сәре.

Енді бірде Жаңыл аппақ көйлек киіпті, келін боп түскен екен дейді, төбесінен гүл жауып, бәрі құттықтап, у да шу...

Кенет айқай-ұйғай шығып, адамдар бір-бірімен жанжалдасып, төбелесіп кетеді.

Сөйтіп жатқанда, Жаңыл оянып кетті. Қараса, қасындағы екі еркек бірін-бірі қылқындырып жатыр.

Түбінде бір жұтымдай арақ қалған бөтелкені бірінің қолынан бірі жұлып алмақ болып, көкпар тартқандай таласады-ай кеп.

Жаңыл қайсысына жақ боларын білмейді. «Бірің өліп, бірің қал» дейін десе, оған да қимайды. Өзінің ішін біреу бұрап-бұрап жібергендей, жаны көзіне көрініп, екі еркектің жанжалына да қарай алмай, өзімен өзі әлек.

Толғақ қатты қысқанда, шыдай алмай қатты ыңыранып, дереу алақанымен аузын баса қойды. Есірік еркектер естіп қоймасын дегені. Бала тулаған ішін бір қолымен басып, еңбектеп қалың ағаштың арасына кіріп кетті.

«Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деуші еді ауылдағы әжесі. Оның үстіне ана мас немелер иттік істеп жүре ме деп те сескенген. Жаны жаман қысылғанда көз алдына апасы байғұс келді. Апасы — Биғайша марқұм болған. Шалы екеуі өмір бойы алыстағы құмда совхоздың қойын бақты.

Осы қазір өлімші халдегі Жаңыл сол алыстағы құмда дүниеге келіп еді. Әке-шешесі қысы-жазы қой соңында болған соң, бұл совхоз орталығындағы мектепті немере ағасының үйінде жатып оқыды.

Мектепті орташа ғана бағамен бітірсе де, қойшының балаларына жеңілдік бар деген соң дүрмекке ілесіп N қаласына тартқан.

Оқуға түсе алмады. Елге қайтуға намыстанып, қайдағы мылқаулар мектебіне «техничка» деген жұмысқа орналасып еді.

Мылқаулар мектебінің бастығы дүлей неме екен, Жаңылды бөлмесіне оңаша шақырып алып, әлі беті ашылмаған бейкүнә қызды тұрған орнында бас салып... дегізген. Одан тағы, тағы...

Кейінірек саунаға апаратын болды. Сөйте-сөйте ыстық-суығы басылған соң, сырттан келетін қонақ-достарымен қосақтап жіберетінді шығарды. Сол-сол екен, ендігі жерде Жаңыл еркінен айырылып, Қақпақыл доп сияқты қолдан-қолға өтіп кетті-ау.

Ал алыстағы анасы болса:

— Қызымыз N қаласында оқып жүр! — деп аузын томпайтып, күмпілдеп сөйлейтін болған.

Енді сол анасы мына жан тәсілім кезде көз алдына келіп тұра қалды. «Құлыным, құдыққа құлап кеттің ғой», — деп шыңырауға қолын созады.

Сол-сол екен, үсті-басы жылбысқы шарана жерге домалап түсті. Бақырған даусы шыққандай болды да, лезде үні өшті. Тумай, туа шөккір! Жаңыл жалма-жан баланың аузын басқан... бейкүнәнің үні шықпай қалды.

Бала байғұс: Жарық дүниеге мен келе жатырмын! Ал енді аш қойныңды! — деп бақыра жар салмақшы еді, анасы: «мастар оянып кетіп, әлек салар» деп қорқып, нәрестенің аузын қайта басты. Шаранадан арылмаған бір жапырақ неме табанда тұншығып, үні мүлде өшті.

Аяқ-қолы әдепкідей тырбаңдамайды, жұдырықтай қызылшақа былқ-сылқ. Жаңыл сорлының үрейі ұшып, басындағы ақ орамалға оны орай салды. Кенет емшегі сыздап, омырауының сыртына шып-шып сүт шықты. Мұндайда баланы емізу керек-ау деген есіне түсіп, ораулы сорлыны омырауына тақап еді, жұдырықтай шіркіннен тіршілік белгісі білінбеді.

— Жаңылка, қайдасың? — деп қалды мас дауыс.

Жаңыл сасқалақтап, шарананы аналар көріп қоймасын деп тез орнынан тұрып, ораулы нәрестені дереу қоқыс қораптың ішіне апарып тастай салды.

Сонан соң, түк болмағандай, ештеңе көрмегендей:

— Мен мұндамын, — деп кирелеңдеп мастардың қасына келген.

* * *

Құдайдың құдіретінде шек жоқ. Шек келтіргендер топ-тобымен тозақта тұр.

Дүниенің де шегі жоқ. Шегі жоқты адам байғұс қайдан болжайды. Тіпті жүйрік көңілдің көк дөненінің өзі дүниенің шегіне жете алмай діңкелейді.

Алла-тағала шексіз, шетсіз әлемді жаратты. Әлемнің басы да жоқ, аяғы да жоқ. Сол шексіз әлем Алланың ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Ол бәрін де көреді. Бәрін де біледі. Бар қылам десе бар қылады, жоқ қылам десе жоқ қылады.

Алла тағала қап-қараңғы түнде қап-қара құмырсқаны да көреді.

Соншалықты құдіретті күшті Жасаған Иеміз үшін үлкен қаланың ішінде, бір топ талдың тасасында екі маскүнем мен Жаңыл десе — атына лайық жалған дүниеде жаңылысып жүрген міскін қызды көру түк те қиын емес.

Оқиғаның қалай-қалай өрбитінін алдын-ала білген Жаратушы Құдірет N қаласына, қоқыс қораптары қойылған пұшпаққа жеті періштені әдейі аттандырған. Жеті періште ақшағалалар бейнесінде қаланың көгершіндерімен араласып, қаңғыбастардың қасынан шықпай қойған. Бір сұмдықтың боларын сезген.

Ақыры дүние төңкеріліп, астан-кестені шыққандай орасан күнәкар қылмыс жасалды. Дүние қақпасын аша бергенде, періштедей нәресте опат болды.

* * *

Дәл сол күні, дәл сол сағатта, иесіз қалған ескі гаражда, иесіз жабайы қаңғыбас қара мысық, Құдайдың құдіреті шығар, Жаңыл жазған жалғыз баласын туа алмай, жаны алқымына келіп жатқанда, бірінен соң бірі төрт соқыр тапты. Төртеуін де жалап-жұқтап, үстінде бір жалқық қалдырмай, құрғатты. Көзін аша алмаған төрт соқырға кесірткедей керіліп жатып, емшек емізді. Қара қабыландай қара мысықтың бұл балалары енді мұндай күтімнен кейін біраз күннен соң, көздері ашылып соқырдан мәуленге айналмақ.

Қара мысықтың қожайындары бұл мекеннен қоныс аударып, басқа қиырға көшіп кеткен. Үйлеріне бейтаныс біреулер кірген. Қара мысық бейтаныстарды жатырқаса да, үйреншікті үйіне кірмек болып ұмтылып еді, қожайынның алды-артын бірдей май басып кеткен жуан қатыны:

— Ойбай, қара мысық! — деп баж ете қалды.

Далбаса сенім-наным бойынша қара мысық алдынан кес-кестеп өтсе, адамның жолы болмайды-мыс.

Осылайша қара мысық өзінің туған үйіне кіре алмай, лезде БОМЖ (орысша: без определенного места жительства) болып шыға келген. Енді ол иесіз ескі гаражды паналап, тышқан аулап, қоқыс қораптарды жағалап, тіміскі тіршілікке көшіп еді ғой. Өзі қара, өзі жабайы мысықтан обал білмес надандар шайтанның өзін көргендей үрейленер еді. Сөйтсе...

* * *

Бет-ауыздары домбығып, үсіген картоптай тоңазыған, көздерінің алды көлкілдеген БОМЖ-дар Жаңылға бажырая қарап қалып:

— Қайда жүрсің, блядуешь что ли? Өзіңнің лезде құр сүлдерің қалыпты ғой, блядь, — десті.

Кеше ғана бірге арақ ішіп, құшақтасып бірге тұрып, бірге жататын ашыналары қазір Жаңылға жабайы аңдар сияқты болып көрінді. Өзінің осылармен бірге жүріп, бірге жатып, бірге тұрғанына таңырқаған: жаман түс көріп, содан оқыс шошып оянғандай, үсті-басының бәрі құсыққа, нәжіске былғанғандай, жалт бұрылып, қоқыс қораптарға қарай тұра жүгірді.

Өкпесін қолына алып, жетіп келсе, қоқыс қораптың ішінде ақ орамал да жоқ, шарана да жоқ. Темір қорапқа белуарына дейін асылып, қоқысты қолымен ары-бері аударып, түк қалдырмай ақтарды. Жоқ!

Апыр-ау, арада бес минуттай-ақ уақыт өтті. Біреу-міреу келіп алып кетті дейтін емес. Мұндай елең-алаң бозала таң шағында қоқыс қорапқа ешкім де келе қоймас еді. Біреу келсе, оны Жаңыл көрер еді ғой. Ол тіпті жаңа келген ізімен кері қайтты ғой.

Өзегі өртеніп бара жатқандай көзінен жас парлай берді.

Зарла байғұс, сайқал заманның құрбандығы. Сен енді осы заманның қоқыс қопарған тастандысың. Тастандыдан тастанды туады. Сенің денеңнен дене бөлініп шықты. Бірақ тумай жатып ол да тастанды болды.

Енді несіне зарлайсың, бейшара.

«Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді». Намыстанасың. Бірақ сен ер-азамат емессің ғой. Сен алыстағы ауылда, төбе-төбе құмдардың арасында өскен қыз едің. Аз үйлі ауылыңда төрт сыныптық шағын мектеп бар еді. Оны бітірген соң совхоз орталығындағы он жылдыққа көшіп, интернатта жатып оқыдың.

«Қыз балаға қырық үйден тию» деуші еді-ау баяғыда әулие кемпірлер. Қайран да қайран, оқымаған педагогтар-ай! Интернаттағы жуан қара қатын ол әжелерге мүлде ұқсамайтын. Айлығын алады, тамағы интернаттан, ауқаттың қалған-құтқанын дорбаға салып алып, үйіне қайқайып қайтатын кәдімгі салпы етектің өзі еді.

Ол тәрбиеші болып жарытпады. Ешқашан оң-солды көрсетіп, жөн-жосық айтпады. Сөйтіп Жаңыл да интернаттан еш тәрбие көрген жоқ, әйтеуір, аттестат деген көк қағаз алды.

Жаңа бой жетіп қалғанда, алқын-жұлқындау өскен Жаңыл қыз қойшы әке-шешесінің бес қошқарын саттырып, соның ақшасымен оқуға жөнелген...

* * *

Олар — шағалалар жетеу еді. Жетеуінің біреуі — жетекші. Төбесінде кәдімгі айдары бар. Өте бір зәру сәттерде сол айдары тікірейіп, сексие қалушы еді! Дәл қазір сондай сәттің келгенін білдіріп, айдары бір жатып, бір тұрып, қарбалас сәт-заман туғанын білдіріп, даусы шаңқылдап: «Ха-ха-ха, ха-ха-ха» деп жанталас халді білдірді.

Шах-шағаланың не айтқанын лезде түсінген алты шағала қоқыс-қорапқа тез-тез түсіп, ақ орамалдың бүктеуін жазып жіберіп, шарананы матаның қақ ортасына жатқызып, екі шағала аяқ жағынан қызыл тұмсықтарымен тістеп алып, ақ жайманы тік көтеріп, аспанға ұшып шықты.

Шах-шағала оларға жол басшы болып, оқ бойы биікке көтерілген соң, қилы-қилы тіршілігі бар, төменде осырақ машиналары жыбырлаған, ауасы тар, мүңкіген N шаһарының үстінен бір айналып, әлі де жарқырап тұрған Шолпан жұлдызына қарай бет алды.

Аспан әлеміндегі құбылыстарды көз ілмей бақылап отыратын обсерватория дейтін мекеменің кезекші қызметкері қазан аузындай телескоптың әйнегін қайта-қайта сүрте берді. Бірақ әйнек тап-таза. Ал енді телескопқа үңіле берсе болды, көзге түскен ақ шел сияқты бірдеңе жабысып қалғандай. Енді соны сүртіп тастайын десе, тап-таза.

Телескоптың көзіндегі ақ шел бір сәтте өзінен-өзі жоғалып кетті. Кезекші үйреншікті әлемге үңілді: жыбырлаған сансыз жұлдыздар. Сансыз... сансыз деген ұғым беймәлім дүние. Сол сансыздың ар жағында не бар деген сұрақ тұрса не дерсің.

Дүние-әлем шексіз де түпсіз. Ал әлгі не өлі екені белгісіз, не тірі екені белгісіз шарана көтерген жеті шағала осы шексіз де түпсіз әлемнің қай түкпіріне қарай кетті? Кім біледі?

Оны тек бір Алла ғана біледі. Алланың тапсырмасын мүлтіксіз орындаған жеті шағала — Жеті періште ғана біледі.

Ал күнәға белшесінен батып бара жатқан қара жердің бетіндегі N қаласының қақ ортасында қоқыс-қораптардың жанында мысықты қан қақсатып, жаңа туған соқырларын кәуап қылып пісіріп жеп отырған қос қаңғыбасты байқауға болар еді. Қара мысық аспанға қарап мияулап, жер бетіндегі тіршіліктен түңіліп, беймәлім жаққа безіп кетті.

Күйелеш-күйелеш кәуаптарды аузы-басы қисалаңдап жеп отырған қаңғыбастардың қасында Жаңыл көрінген жоқ. Ішің жылай ма, жыламай ма, өзің біл...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз