Өлең, жыр, ақындар

Дін мен дәстүр

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дін мен дәстүр – біздің ұлттық болмысымыз. Халқымыз салт-дәстүрге кенде емес. Ертеде салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарған, сондықтан оның ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік және халықтық мәні зор болған. Халықтың салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне қазір де үлкен мән берілуде. Бұған Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» деген ғибратты сөзі дәлел бола алады.

Дін - қоғам өмірінің ерекше рухани саласы. Дін – адамдардың Жаратушыға сенім-нанымдарын білдіретін және сол Жаратушыны тануға арналған ілімдер жүйесі. Дін – жаратылыстан тыс бір құдіретті күш бар деп сенуден пайда болып қалыптасқан, адамдар арасындағы қатынастардың, идеялардың, әрекеттердің жиынтығы. Дін ұғымы- мейлінше аумақты , көп нәрселерді қамтитын кең ұғым.

«Дәстүр» – иран-парсы тілінен кезінде қазақ тіліне енген сөз. Ол латын тіліндегі «традиция» сөзіне, қазақтың «салт» деген сөзіне баламалас. Бұл сөздердің мағынасы біркелкі – ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға беріліп отыратын өмір сүру құндылықтары, қағидаттары, қалыптары, ережелері, яғни бұрынғылардың кейінгілерге, олардың «еншісі» (арапша «мирас») ретінде, беретін күнделікті тіршілікте қолданатын өнегелілік, тәрбиелік, рухани маңызға ие игілікті де ізгілікті дүниетанымдық ойлары, сөздері және іс-әрекеттері. Қазақтың «салт-дәстүр» деген сөзі осы жерден келіп шығады. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.

Қорытындылай келе дәстүрлі дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлеп, құрметтей білуіміз керек. Осындай асыл құндылықтарымызды дұрыс сақтай алсақ қана елдігімізді сақтай аламыз. Сонда ғана егемен еліміз бар деп мақтана аламыз. Мәңгілік Ел тек осындай өзіндік қадірімен ғана мәңгілік болмақ деп ойлаймын.

ҚазҰУ Дінтану мамандығы 4 курс студенті Тұрсынғалиев Нұрлан, аға оқытуш PhD. Мұқан Нұрзат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз