АҚЫН ЗЕРТТЕУЛЕРІ
/Алғы сөз/
Шөмішбай Сариев — өткен ғасырдың 70-жылдары ақындық жолын бастап, бүгінге дейін белсенді шығармашылық қызметін жалғастырып келе жатқан ірі таланттарымыздың бірі. Оның есімі өлең сүйер, ән сүйер қауымға кеңінен таныс. Ақынның лирикалық жырлары мен ән өлеңдері көптеген қазақ композиторларының шығармашылығына арқау болған. Бұл салада ол кешегі Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, көзі тірі Мұзафар Әлімбаев сияқты ән текстерін көп жазған ақын ағаларының өнегесін ұстап қалғандай көрінеді. Оның талантты туындылары халық сүйіспеншілігіне бөленіп, көптеген мемлекеттік және қоғамдық, әдеби марапаттарға ие болған. Ол Франц Кафка атындағы Халықаралық алтын медаль (2003) мен Тәуелсіз Қазақстанның Тарлан сыйлығын алған.
Ақындығының үстіне Шөмішбай — әдебиет зерттеушісі, ғалым. Жас кезінде газет-журналдарда қызмет істеп, «Жұлдыз» журналында «Сын және библиография», «Өнер және ғылым» бөлімдерін басқарған ол біртіндеп әдебиетке деген сыншылдық көзқарасын кеңейткен. Өмір сабақтары ақынның танымын үлкейтумен бірге, көркем әдебиеттің өзіндік ерекшеліктерін терең түсінуге, оған биік талғаммен қарауға үйреткен. Кейін осы саладағы жұмысын Шөмішбай Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтында жалғастырған. Мұнда әуелі Қазіргі әдебиет бөліміне ғылыми қызметкер болып орналасып, ол Қазақ поэзиясы туралы зерттеулер жасауға кіріседі. Содан бергі ширек ғасырға жуық ғылыми қызметінде Шөмішбай институттың ғылыми бағдарламаларына тұрақты қатысып, бірқатар ғылыми зерттеу еңбектерін жазды. Біртіндеп аға ғылыми қызметкер, Ұлттық Ғылым академиясының бас ғылыми қызметкер дәрежесіне көтеріліп, жұмысын әлі де жалғастыру үстінде. Ақын болу, өлең жазу бар да, сол өлеңнің арғы-бергі тарихын, шығу, жазылу жолдарын, ерекшеліктерін тану бар. Ғылым жолы ақындықты шеберлендіруге, жетілдіруге бастайды. Ол дәстүрге арқа сүйейді, үйренеді, өнерін дамытады. Тарихи туындылардың маңызын, көркемдік ерешеліктерін тану өзінің ізденістерін жаңа өріске салады. Өмірдің жаңалықтарын жаңаша жырлауға баулиды. Осы мектеп Шөмішбай ақындығын да өз заманының талап-тілектеріне сай байытып, көріктендіріп келе жатқаны байқалмай қалмайды. Сөйтіп ол сыншылық, ғылыми жолы ақын жолын кеңейтуге, өрістендіре түсуге жәрдемдескенінің куәсі болып отыр.
Институтта Шөмішбай Кеңес дәуіріндегі Қазақ поэзиясының даму жолын зерттеуге қатысты. Оның алғашқы еңбегі 60-70 жылдардағы Қазақ лирикасының көркемдік ізденістерін зерттеуге арналды. Бұл тақырыпта ол белгілі ғалым, филология ғылымының докторы Мүсілім Базарбаевтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Шөмішбай диссертациясы Қазақ поэзиясының ең бір жаңашыл, жас таланттардың күшімен жаңа өріске шыққан, жемісті кезеңін, оның ерешеліктерін тануға, түсінуге жол ашты. 60-70 жылдардағы Қазақ әдебиетінің дамуының тарихи-әлеуметтік негізін, қоғам өзгерістерінің оған еткен ықпал-әсерін аша отырып, «Жылылық» кезінде (И.Стали өлгеннен кейінгі кезең. Ол И.Эренбургтің осы аттас хикаясының атымен солай аталып кеткен) әдебиетке келген жас таланттардың (Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиев, М.Мақатаев, С.Жиенбаев, Т.Айбергенов, т.б.) жаңашыл бастамаларын ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бұрынғы идеологиялық тежеуге түскен әдебиет үлгілеріне қарама-қарсы, тежеу көрмей, ойын, көргенін, сезімдерін еркін айта бастаған осы ақындар легі бүкіл әдеби дамуға елеулі ықпал етті. Солардың ырқымен бұрын жазылмаған тақырыптар ашылды, махаббат, табиғат лирикасы дамыды. Адам кейпі ой-сезімімен, арман-мұңымен, ішкі сырының молдығымен жаңа тұрғыда ашылды М.Әуезовтің кезінде «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деп жазғаны осы кезең болатын.Осы тәжірибелерді жинақтаған Шөмішбай зерттеуінің маңызы ерекше танылды.
Сексенінші жылдардың соңына таман Қазақтың бүкіл қоғамдық, мәдени өмірінде жаңалық болған оқиға — Алаш арыстарының ақталуы еді. Ш.Құдайбердіұлының, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың туындылары жарыққа шығып, зерттеле бастады. Осы тұста Шөмішбай ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы Қазақ поэзиясы туралы жаңа зерттеу жасады. Мағжан Жұмабаевтың үш томдық шығармалары жинағын шығаруға қатысты. Оған ғылыми түсініктер жазды. Көп жыл оқырманынан адасып қалған жазбаларды түгендеп бастыру, оған түсініктер жасау да оңай жұмыс емес еді. Бұл да ғылымдағы өз алдына бір еңбек.
Соңғы жылдары Шөмішбай Х1Х-ХХ ғасырдағы Қазақтың демократтық бағыттағы ақындары шығармашылығын зерттеу бағдарламасына қатысты тың еңбектер жазды. Олардың ішінде 2003 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Махамбеттің 200 жылдығына байланысты және Абай дәстүріне қатысты зерттеулер бар еді. Бұлардың көпшілігі Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі жағдайларға сәйкес жаңа заман идеяларымен тығыз байланысты жасалды. Махамбет те, Абай да Тәуелсіздік жолындағы Қазақ халқының күрескерлігі тұрғысынан зерттелді. «Маханбет Өтемісов шығармашылығы және тәуелсіздік идеясы», «Махамбет — ұлт тәуелсіздігінің жаршысы», «Абай дәстүрі және тәуелсіздік кезеңдегі қазақ лирикасы», «Абай дәстүрі және қазіргі қазақ лирикасы», «Жас ақындар жырларындағы Абай дәстүрі», «Азаттықты аңсаған ақындар» сияқты мақала-зерттеулер осылай туды. Бұл еңбектерінде автор кешегі мен бүгінгі ақындар шығармашалығындағы үндестікті, ұрпақ пен ұрпақты жалғастырған сабақтастықты, ұлттың арман-мұңын арқалап тәуелсіздік туын көтерген ұлы тұлғалардың еңбектерін саралап, таразылады. Абай дәстүрі аясында ақынның дүниетанымын, суреткерлік мектебін, Абай және ұлттық идея тақырыбын, олардың елдік, мелекеттік тәуелсіз ойлармен ұштастырып жаңаша көзқарас тұрғысынан қарастырды.
Жаңа дәуірдегі Шөмішбай зерттеулерінің атап айтарлық бір ерекшелігі — оның дәстүр мен бүгінгі сабақтастықты нақтылы еңбектер арқылы салыстыра талдап, олардан өзара ұқсастықтар тауып, жаңа ойлар түрінде, бір қатар еңбектерінде ол бүгінгі ақындар шығармашылығына Абай дәстүрі тұрғысынан қарайды. Оның академик З.Ахметовтің «Абайдың ақындық әлемі» деген зерттеуі қағидаларын еске түсіре отырып, Н.Оразалиннің «Құралайдың салқыны» кітабын талдаудағы ізденістері маған өте қызықты көрінеді. Осындай үлгіде ол академик С.Қасқабасовтың «Абай және фольклор» деген еңбегі мен Ұ.Есдәулетовтің «Киіз кітабын» салыстыра талдауға барады. Академик З.Қабдоловтың «Арна» зерттеу кітабы талаптарына лайықтап жас ақындар шығармашылығын тануға тырысады. Жүрсін Ерман шығармашылығын талдау үстінде белгілі Абайтанушы Ж.Ысмағұловтың «Абай: ақындық тағылымы» деген зерттеуіне жүгінеді. Бұлар — мазмұндық, стильдік, талдау өнері тұрғысынан да жаңаша жазылған дүниелер. Және оларды ұлттық поэзияны зерттеудің жаңа үлгілері ретінде қарауға болады. Зерттеудің үлгісін өзгерту, өрісін жаңарта, кеңіте түсу сынға да, ғылымға да пайдалы екені даусыз.
Осыларды және басқа әдеби-сын мақалаларын жинап, бөлек басылым ретінде ұсыну идеясын мен түгелдей қолдаймыз. Оларда өзгелерге ұқсамайтын, өзіндік зерттеу, іздену, талдау үлгісін қолданған зерттеуші ақынды көреміз. Оларды оқып танысу, ойлану, жаңаны жаңаша түсінуге ұмтылу поэзия оқырмандары үшін де, ақындардың өздері үшін де пайдалы деп ойлаймыз. Кітап оқырманын табуға тиіс.
СЕРІК ҚИРАБАЕВ
ҰҒА Академигі
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі