Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Мамыр Индира Темурқызы
Қазіргі әлемде адамның ғылыми іс-әрекетінің түрлі салаларында стресстің табиғат генезисін, құрылымын талдауға және әртүрлі стресстік жанжалды жағдайларды реттеу әдістерін зерттеуге жоғары деңгейде қызығушылық көрінуде. Әртүрлі ғылым салаларында стресстік факторларды анықтау мәселесіне және стресске төзімділікті қалыптастыру механизмдерін дамытуға бағытталған бағдарламаларды әзірлеуге ерекше назар берілуде (соның ішінде психология білім саласында).
«Стресс» ұғымы білімнің әртүрлі салаларында кеңінен қолданылады, онда стресстің пайда болу себептері, оның даму механизмдері, салдары мен көріністері бойынша жаңа ұғымдар қосылуда. В.А. Бодров өз жұмыстарында атап өткендей, бұл термин сыртқы ортаның әсерінің салдарынан пайда болатын жанжалдарды, қауіпті жағдайларды, күрделі және жауапты өндірістік міндеттерге байланысты орнайтын көптеген мәселелерді біріктіреді. Әртүрлі стресстің түрлері психология, физиология, медицина, әлеуметтану және өзге де ғылымдар саласының зерттеу пәні болып табылады (Бойко, 2016: 32). Бүгінгі күні стресс мәселесі ерекше ғылыми мәнге ие болды. Стресс категория, феномен ретінде өзінің табиғаты бойынша күрделі құбылыстардың кең шеңберін біріктіреді: психофизиологиялық, тұлғалық, әлеуметтік және тағы да басқа. Бұл сұрақтың кешенділігі мен көптүрлілігі зерттеудің пәндік алаңы ретінде стрессті анықтаған көптеген ғылыми бағыттардың пайда болуына себеп болды. Осылайша, стресс концепциясын құру бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетін және сол уақытта бір-бірін дамытатын және толықтыратын теориялар мен модельдерінің бірқатарында өз көрінісін тапты.
Стресс – «адам – адам» жүйесінің кәсіптерінің өкілдері арасында ең көп таралған және ең танымал. Көптеген зерттеушілер атап өткендей, стресс, қалыпты және жиі кездесетін құбылыс. Қысқа мерзімді, шағын стресстер күнделікті өмірде жиі кездеседі және олар зиянсыз. Ұзақ мерзімді немесе шектен тыс стресс – бұл адамдар мен ұйымдар үшін қиындықтар тудыруы мүмкін. Стресс адам өмірінің ажырамас бөлігі болып табылады, бірақ стресс дәрежесі мен оның салдарын ажырата білу маңызды.
Қалыпты өмір жолын бұзатын кез келген күтпегендік, стресстің себебі болуы мүмкін. Г. Селье стресстің туындауында адамға қатысты жағдайдың жағымды немесе жағымсыз болуы маңызды емес екенін өз зерттеулерінде көрсетеді. Қайта құрылымдау немесе жеке бейімделу қажеттілігінің қарқындылығы маңызды. Мысалға, ғалым өз кітабында қызықты жағдайды көрсетеді: жалғыз ұлы шайқаста қайтыс болғаны туралы естіген ана қатты эмоциялық күйзелісті сезінеді. Егер көп жыл өткен соң, хабардың жалған екендігі анықталып, ұлы кенеттен бөлмеге жараланбаған, сау күйінде кірсе, анасы бұл сәтте үлкен қуаныш сезінеді. Екі оқиғаның нақты нәтижесі – қайғы мен қуаныш, эмоциялар басқа, тіпті бір-біріне қарама-қарсы, бірақ олардың стресстік әрекеті – адамның жаңа жағдайға бейімделуінің ерекше талаптары бірдей болуы мүмкін.
Стресстік тұжырымдамаға сүйене отырып, адамның жеке басының стресске төзімділік тұжырымдамасын ажырату ұсынылады. Жеке адамның өмір сүру сапасы мен оның жұмысының маңызды факторы – бұл стресске төзімділік. Тұлғаның стресске төзімділігі – қиындықтарды еңсеру, эмоцияны басу, ұстамдылық пен сақтық көрсете білуге ептілік.
Стресске төзімділіктің неғұрлым толық анықтамасын П.Б. Зильберман береді: стресске төзімділік – «күрделі эмотивтік жағдайда қызмет мақсатына оңтайлы табысты қол жеткізуді қамтамасыз ететін адамның психикалық қызметінің эмоциялық, ерік-жігер, зияткерлік және мотивациялық компоненттерінің өзара әрекеттесуімен сипатталатын тұлғаның интегративті қасиеті».
Стресске төзімділік адамға кәсіптік қызметтің ерекшеліктеріне байланысты, басқаларға және олардың денсаулығына кері әсерін тигізбестен, маңызды интеллектуалды, ерікті және эмоциялық жүктемелерді алып жүруге мүмкіндік беретін жеке қасиеттер жиынтығымен анықталады.
Стресске төзімділіктің 8 негізгі құрылымдық компоненттері бар:
– еріктік (өзін-өзі бақылау, өзін-өзі басқару, іс-әрекеттерді саналы түрде реттеу, оларды жағдайдың талаптарына сәйкес келтіруде көрінеді);
– интеллектуалдық (ойлау қабілеті мен ойлау түрін білдіреді);
– коммуникативтік (қызметтің әлеуметтікпсихологиялық аспектісін, өзара әрекеттесуге дайындығын сипаттайды);
– мотивациялық (жеке тұлғаның алдына қойылған мақсаттарын орындауға ұмтылысын көрсетеді);
– қозғалтқыш (әртүрлі құралдарды пайдалану қызметінің тәсілдері мен әдістерін меңгеруді, оларды қолдануда қажетті дағдылар мен қабілеттердің болуын қамтамасыз етеді);
– танымдық (тапсырманы түсінуді сипаттайды);
– физиологиялық (ағзаның энергетикалық мүмкіндіктерінің қорын анықтайды);
– эмоционалдық (өзіне сену, тапсырмаларды орындау барысында ынта сезім мен қанағаттануды сезінуде көрінеді).
Тұлғаның стресске төзімділігінің 4 түрін бөледі:
Стресске жаттығатындар. Бұндай тұлғалар өзгерістерге дайын, бірақ бірден және жаһандық деңгейдегі емес. Олар өз өмірін біртіндеп, ауыртпалықсыз өзгертуге тырысады және объективті себептерге байланысты мүмкін болмаған кезде, олар ашуланады немесе депрессияға ұшырайды. Бірақ, мазмұны бойынша шамамен бірдей стресстік жағдайлардың қайталануы, олар үшін үйреншікті сезім тудырып, ондай жағдайларға сабырлы түрде жауап беріп бастайды.
Стресске төзімді. Бұндай тұлғалар кезкелген өзгерістерді, қаншалықты ұзақ немесе кенеттен болғанына қарамастан, салыстырмалы түрде сабырлықпен қабылдауға дайын. Олар тұрақсыздық және дағдарыс жағдайларында тиімді жұмыс істеуді біледі, бірақ, қалыптасқан дәстүрлері бар ұйымдарда жұмыс істеуге бейімделмеген. Олар үшін стресс – өзіне немесе жақын адамдарына қатысты орнаған ауыр жағдайлар. Стресске төзімді тұлғалар көп жағдайда тәуекелді қажет ететін мамандықтарды таңдайды.
Стресске төзімсіз. Бұл тұлғалар өздерінің мінез-құлқын өзгертуге және сыртқы әлемге бейімделуге дайын емес, олардың көзқарастары мен ұғымдары тұрақты. Сондықтан, кез келген қолайсыз сыртқы оқиға немесе тіпті болашақта олардың туындау мүмкіндіктерінің өзі, олар үшін стресс.
Стрессті тежегіштер. Бұл тұлғалар өмірлік қағидалары мен идеологиялық көзқарастарының тұрақтылығымен ерекшеленеді, бірақ, кенеттен туындайтын сыртқы өзгерістерге жеткілікті түрде сабырлықпен қарайды. Олар бірте-бірте өзгеруге дайын емес, бірақ олар өз өмірінің белгілі бір аймағында тез және бір рет өзгеруге дайын. Мысалы, жұмыс орнын кенеттен өзгерту оларға тән.
Стресске төзімділіктің төменгі деңгейінің басым көрсеткіштерінің бірі кәсіби қызметтегі эмоционалдық шиеленіс дәрежесі болып табылады, ол келесі белгілермен сипатталады: әзіл сезімін жоғалту; жұмыстағы жиі қателіктер; бір нәрсеге зейінді шоғырлаудың мүмкін еместігі, жадының нашарлауы; жұмысты уақытында аяқтаудың мүмкін еместігі, жұмыс бұрынғы қуаныш әкелмейді; жоғары қозу және т. б.
Зерттеушілер стресске жауап берудің әртүрлі түрлерін және стресс жағдайындағы мінез-құлық типтерін анықтады. Тұлғаның стресске индивидуалды жауап беруі бойынша екі психологиялық типке бөлінеді. Олар келесідей ерекшеліктермен сипатталады. Бірінші психологиялық тип стрессфактор алдында үлкен осалдық, төмен стресс шегін көрсетеді. Жұмыс істеу және көңілкүй көрсеткіштері тіпті стресс-фактордың аз қарқындылығы кезінде де төмендейді. Бұл типке бәсекелестікке, күреске бейімділік, жоғары деңгейдегі талаптану, әрдайым биіктікте болуға ұмтылу, жоғары талаптар мен айналадағыларға қатысты төзбеушілік тән.
Екінші психологиялық типке стресс-факторлардың әсер етуінің төмендігі, стресске төзе білу, келісімге ұмтылу, жағдайға тез бейімделе білу қабілеті, өзін-өзі талдау қабілеті, өзгелермен қарым-қатынас құра білу тән.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі