Новелла
Менің өте жақсы жолдасым болды. Білесіңдер ғой: Кәдімгі өзіміздің Рақмет.
Ол фальсафашыл да еді. Оның бір қызық категориясы, қалыбы бар еді: ол салыстыру, теңестіру болатын. Өмірдегі барлық құбылысты, өзгерісті осы қалыппен өлшейтін еді. Мен философияда мұндай категорияны көргенім жоқ. Оның үстіне өмірді салыстыруды керек қылмайтын нәрсенің бар екендігін де білуші едім. Бірақ, жолдасымның ойынша, өсудің, өмірдің басты заңы салыстыру сияқты еді.
— Өзің ойлашы — дейтін еді ол — қазіргі өміріміздің қаншалықты жақсы екенін өткен өмірімізбен салыстырып білеміз. Сен бір кило нан сатып алсаң, оны өлшеп бір кило гирмен салыстырып, теңестіріп береді тағы тағылар.
Шынында да салыстыру саясатта да, ғылымда да, жай өмірде де сансыз рет кездеседі. Егер де екі таяқтың қайсысы ұзын екенін білгің келсе, екеуің теңестіріп, салыстырасың. Тегінде,ғылымдағы өте қиын абстракцияға айналған теңеулердің түбірі шыққан жері осы жабайы теңестіру, салыстырулар болуы сөзсіз. Күн сәулесі нұрлы-ақ қой, бірақ Исак Ньютонның байқауы бойынша бұл ақ түс сансыз түрлі түстердің қосылған түрі, бұл сансыз түстер қосылып спектр түстері деп аталатын жеті түс береді қызыл, қызғылт, сары қошқыл, сары, жасыл, көк, қара, көкшіл. Қызыл түс әуеге, суға қара, көкшіл түстен тезірек жайылады. Бұны білу үшін де ең алдымен екеуінің жүйріктігін салыстыруымыз керек шығар. Күн нұры, сәулесі толқынының ұзындығы бір миллиметрдің миллиондаған бөлшегінің бір бөлігінен (миллимикрон) аспайды. Қызыл сәуленің қара көкшіл сәуледен гөрі тезірек жайылатынын білу үшін, екеуінің толқындарын салыстыруымыз керек. Химия элементтерінің атомдық салмағын алайық. Азоттың атомдық салмағы 14.008, неонның салмағы — 20,173, радийдің (Ra) — 225,97. Бұл салмақтардың айырмасын білу үшін бір-бірімен салыстыруымыз керек қой. Екіншіден азоттың атомдық салмағын көрсететін 14,008 азот атомымен салыстырылған, теңестірілген сан ғой.
— Өмірде салыстыруға келмейтін еш нәрсе жоқ. Өсу, даму, кері кету, қозғалыс — барлыгын салыстыру арқылы білеміз — дейтін ол.
Былтыр мен, Рақмет, Лиза, Иван Ленинградтағы Лизаның әкесі, үлкен болса да өзімізбен құрдас болып кеткен академик Вознесенскиге қонаққа бардық. Академик Вознесенский жер жүзіне атағы шыққан, ұлы білімпаз адам еді. Ол өзі — атақты металлург, онымен қатар кеңес авиациясына кеп еңбегі сіңіп жүрген адам.
Вознесенский — «Орыс авиациясының әкесі болған атақты профессор Жуковскийдің іштігі болған адам.
Бір күні академикпен көшеде әңгімелесе келе жатып, Рақмет теңестіру жөнінде пікірін айтты. Аркадий Евгеньевич көшені жаңғырықтырып күліп жіберді.
— Ой, балалар-ай, мұндай қызық болмас. Е... ал менің мына Лизамның әдемілігін кіммен салыстырасыңдар? — деп қызына қарады. Біз де күлдік. Тұрған жаңбыр асфальттанған мостовойды жуып-шайып, құйып кетті. Академик мұны тыңдамастан көшенің ортасында тұра қалды. Бәз де тоқтадық.
— Шынында өзі тіпті қызық нәрсе, ә — деп менің иығымнан ұстады. Онан соң көзілдірігін сүртіп тұрып, біраз ойланды да:
— Ертең біздің үйге келіңдер. Мен сендерге бір нәрсе көрсетейін — деді асығып сөйлеп.
Біз өзіміз сұранып номерде жататын едік.
Мақұл дестік.
Академик қызының арқасынан қағып, кетіп бара жатты. Біз көпке дейін бұрыштан жасырынып қарап тұрдық.
Академик те, оның көз алдырмайтын сымбатты денелі өте әдемі қызы Лиза да бізге өте қымбат еді.
Ертеңінде біз барғанда академик лабораториясында екен. Оң босаға жақта кішкене әдемі самолет тұр. Біз есікті ашқанда төрде отырған академик, мұрнының ұшына қарай ысырылған көзілдіріктің үстінен қарап бізді көрді де, қуанып орнынан атып тұрды.
Амандасып болған соң академик:
— Кәне, философ не дедің кеше? — деді Рақметке.
— Меніңше, өмірде салыстыруға келмейтін зат жоқ, барлық нәрсені сол арқылы білеміз — деді ол.
Біз самолеттің екі кабинасына отырдық. Сол уақытта үйдің іші қараңғы бола қалды. Төбеге қарап еді — жайнаған жұлдыз болып кетті. Төменде жер зырылдап артта қалып жатты.Біз ұшып кеттік. Көк аспанда көтеріліп бірте-бірте жоғарылай жөнелді. Жерде жыландай қозғалып Нева өзені қалды, сіріңке қораптарындай болып үйлер тұрды. Бірақ мотордың гүрілдеген қатты даусы жоқ, самолет қанатымен әуеге тиіп, сызып бара жатқан сияқты.
— Бұл не керемет, қалай ұштық, қайда ұштық? — дедім мен қорқып кетіп.
— Ертеңгі күнге ұшып барамыз, жаным — деді ұшқыш болып отырған Лиза.
Сол уақытта әлдеқайда, сонау төмендеп тау беткейінен шыққандай боп, саңқылдап академик даусы естілді. Академиктің даусынан терең қиял қозғалды.
II
Қазандай қайнап жатқан Токио өмірі бір минутта су сепкендей басылды. Құмырсқаның илеуіндей жабырлап жатқан алаңдар, көшелер, аузы-мұрнынан шығып адамдар сыймай жатқан бақтар мелшиіп қатты да қалды.
Токио тал түсте, базардың қызған уақытында неден екенін белгісіз қалғыды да кетті. Ұйқыға кетті. Әлденеге асырып бара жатқан бір топ полицейлер дәл көшенің ортасына қисайып жата қалысты. Бір ұрыны қуып бара жатқан ұсақ саудагерлер дүниедегі барлық нәрсені ұмытып, ұрыны құшақтай құлап екеуі де ұйқыға батты. Трамвай, машиналар жүгіріп тоқтатты. Токио мүлгіп тұрған жансыз тау құсап қалды. Премьер-министр және соғыс министрi Асахи кабинетінде бутербродты тістеген күйінде ұйықтап қалды. Генерал Курава жасырынып қаржы министрінің резиденциясына барып, әйелінің тізесінен жоғарырақ жерін сүйіп еді сол күйінде ұйқыға кетті.
Токионың 2 200 ООО халқы ұйқыға кетті. Қалада ұйықтамаған тек екі-ақ адам болды. Бірі — Токио полициясының начальнигін Цусимото алдында тұрған адамдар қылжиып құлай-құлай кеткенде, шошып орнынан қарғып тұрды. Екі қолымен басын ұстап, есік алдына атып шықты. Коридорда өлейін деп жатқан адамдарды көріп есінен адасып, ерсілі-қарсылы жүгірумен болды. Көзі терезеден көшеге түсіп кетіп, құлап жатқан мыңдаған адамдарды көрді.
— Тұрыңдар — деп айқай салды күндегі әдетімен. Бірақ начальнигінің алдына келуге қорқатын полицейскийлер елең қылмай, созылған аяқтарын жинап та алған жоқ.
Начальниктің көзі аларып бетінен қаны қашып, не істерін білмей үлкен шкафтың ішіне енді де кетті. 3 минуттан кейін Токио өмірі қайтадан басталды. Керемет ұйқыны полиция начальнигінен басқа ешкім білген жоқ.
Император қызы — принцесса Цюжукай сұлу ұйқыдан тұрып, күндегі әдемілігімен айналып бөлмесіне барды. Бұл бөлменің төрт қабырғасы да айнатұғын. Принцесса жалаңаштанып айнаға қарады, назданып түсін құбылтып, мың бұралып, өз денесіне өзі әуестенеді. Бір оң жағынан, бір сол жағынан бұрылып, аппақ денесіне, қылдай беліне, түзу әдемі аяғына қаранды.
Дәл осы уақытта Токионың шет жақтары бір жұпыны үйінде 35-терге келген зор денелі кісі отырды. Бұл — империя профессоры Кувяси еді. Кувясидің алақанында кішкене дөңгелек айна тұр. Айна бетінен жаңағы принцессаның төңкерілген кеседей бір емшегі көрініп тұр. Кувясидің аузынан сілекейі ағып, айнаны бір айналдырып жіберіп еді принцессаның оймақтай дөңгеленген аузы көрінді. Тағы бір айналдырып жіберіп еді принцессаның аппақ күн тимеген тамағы көрінді. Кувясидің көзі қарауытып, денесі дуылдап, есі ауып, принцессаны құшақтағандай болып айнаны төсіне баса құлай кетті. Профессор басын көтеріп қайтадан айнаға қарады. Айнада ештеңе жоқ еді. Ауыр күрсініп орнынан тұрды, қисайған галстугін түзетті. Телефонға барды.
— Полиция — деді маңызды түрде сөйлеп...
Полиция начальнигі генерал Цусимото кабинетіне ешкімді кіргізбей, жаңа ғана болған керемет есінен адастырып, қалың ойда отыр еді. Телефон сылдыр ете қалғанда селк ете түсіп, трубканы ұстай алды.
— Кәне, сөйлеңіз, не керек? — деді жау қуғандай асығып, даусы дірілдеп.
— Начальник — деді профессор: — Токио халқы 3 минут ұйықтап алғанда, тек сіз ояу болдыңыз.
Көргеніңізді ешкімге айтпаңыз, ешкім білмесін, болмаған күнде менен жақсылық күтпеңіз.
Начальниктің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Бүкіл халықты ұйықтатып тастаған адам мұнда екен ғой! Қолынан трубка түсіп кетті. Безгек ұстағандай бар денесі дірілдеп, қалшылдап қоя берді. «Ойпырмай, құдай сақтай гөр...» — деді ерні — ерніне жуыспай. Начальник қайтадан трубканы алды.
— Бүкіл Токио ұйықтағанда, сіз ояу қалған себебіңізді білесіз бе? — деді жай шыққан профессор даусы.
— Жоқ — деді начальник өзеурей түсіп.
— Алақаныңызға қараңызшы...
Начальниктің алақанына көбелек қанатын ұстағанда жұтып қалатын жұмсақ майлы ұнтақтай бір сары нәрсе жағылған екен.
— Ойпырмай, мұны неге көрмедім — деді ішінен.
Начальник орнына отырды. Бүкіл Токионың тағдыры өз қолында екені есіне түсіп, қорқынышы басылайын деді. Маңызданып қойды да ойға батты.
— Токио өмірінде болған уақиғаларға мен жауап бермегенде кім жауап береді? Мұны сөзсіз табу керек! — деді құлшынып.
Хатшы кірді.
— Күллі тыңшыларды шақыр. Мемлекеттік маңызы бар өте тығыз тапсырма бар — деді генерал қабағын түйіп. Хатшы кірді.
Алақанындағы, генералдың есіне түсті. Қолынан сескеніп, бір түрлі бата алмады. Қорқыныш қайта айналып соқты. Кенеттен алдында тұрған оң қолын жұлып алып, өзінен қашықтатты. Бұл өз қолы емес, денесіне жабысқан бір пәле сияқты болып сезінеді. «Ой, осы мен бала боп кетермін» — деп қорқынышты сезіне келді. «Мен бүгін бір-ақ адамның қолын алып едім, ол кім еді, ә?» Ойына түспей-ақ қойды. Алақан ойлатпады. Ойын бөле берді.
— Табу керек, табу керек!
Басы мең-зең болып кетті. Жүрегі суылдап кетті. Кімнің қолын алғанын ойлап отыр ма, жоқ алақанын ойлап отыр ма, оны өзі де білмейді.
— Су, су, су әкел! — деп генерал айқай салды.
Химия королі Тояманың бұрынғы хатшысы Момодзо өте қызық адам еді. Тіпті қиялшыл еді.
Бұдан бес жыл бұрын банктің жұпыны қызметкеpi болып жүргенде «бүкіл Жапония байлығы менің қолымда болса» — деген ой қайда барса да оның алдынан көлденең тартылатын да тұратын. Өзі осы қиялды шынымен жүзеге асады деп ойлайтын.
Сөйтіп жүргенде император театрының артисткасы — қарындасы Сада — Санға химия королі Тояманың есі кете құмар болып, жақындасқанның арқасында Тоямаға хатшы болып еді. Бұл орын, қарындасының өздері шалға денесін сатуы арқылы қолға түсіп отырғанына сәл қызарайын десе де, Тояманың байлығы, беделі арқылы қиялым жүзеге асады деп айрықша қуанып, жүрегі лүпілдеп мәз болуда еді.
Бала күнінде бір он бес күн физика сабағын оқығаны бар. Сондықтан болуы керек, өзін үлкен физик санайтын. Химия короліне: «Біз физикпіз, химияға аз түсінеміз» — деп те айтып салған. Момодзо профессор Кувясимен өте жақсы таныс еді. Профессордың фантазиялары, қауіпті, өте батыл жоспарлауы түсініп болмайтын қиын чертеждері оны әкететін, кей уақытта қорқып та кететін. Есікті ашып профессорға жан-жағына алақтап қарап, сескеніп біреу қуып келе жатқандай болатын.
Сонда да:
— Тәжірибеге керек қаржыны Тоямадан алып берем — деп уәде де берген профессорға. Бірақ бір күні князь Тояма Момодзоны шақырып алып, тарлықтан босатқанын айтты.
— Сен маған хатшы болуға жарамайсың, маған ақ пен қараны, иприт пен кислородты ажырата білетін адам керек — деді. Момодзо ештеңе айта алмады, шығып кетті. «Қарындасым тұрғанда неге қам жейін» — деді. Бірақ бір айналып келіп, есіктен сығалап, еді, төсі, иығы жалаңаш қарындасы, император театрының артисткасы Сада сұлу диванда жатыр. Князь Тояма артистканың төсін иіскеп көзін жұмып өліп отыр екен. Артистка аяғын көтеріп диванның үстіне салды. Жұқа көйлек ысырылып, аяғы тізесінен жоғарырақ жалаңаштанды. Князьдің көзі қызырып құтырған иттей артистканы құшақтай алды. Осы уақытта неге екенін өзі де сезбей Момодзо есікті ашып кеп жіберді.
— Кет, кет, жоғал! — деді қарындасы басын көтеріп алып. Момодзо ес-түсін білмей шыға жөнелді. Содан қайтып капиталисті де, қарындасын да көрген жоқ.
Көшеде келе жатып ұйықтап қалғандардың ішінде химия королінің бұрынғы хатшысы Момодзо да бар еді. Бұл орнынан тұрып көзін ашып алғанында жыбырлап түрегеліп жатқан адамдарды көрді. «Бұл не?» — деп таң қалды. Бірақ өзінің де жатып тұрғанын сезген жоқ. Келе жатып үстінің шаңына көзі түсті. Оған да таң қалды. Біраздан соң трамвайға мініп, қаланың батыс жақ шетіне қарай тартып отырды. Момодзо кішкене екі қабат үйдің терезесінің алдынан өтіп бара жатып тоқтай қалды. Кейін іштерінен қабырғаға жабысты.
Үйдің ішінде профессор Кувяси қолын көтергеніне басып өтпегенінен құлап құлап кетіп еді
Профессор Кувяси полиция начальнигіне телефон соққанда Момодзо есіктің алдында тұр еді. Профессор «Токио халқы 3 минут ұйықтап қалғанда тек сіз ояу болдыңыз» — дегенде Момодзоның ойына бағанағы көшеден уақиға түсті. Үстінен шаң болғаны есіне түсті. Көзі аларып, төбе шашы тік тұрды. Айқайлап жіберуге сәл-ақ қалды. Көзге көрінбейтін әлдебір нәрсе келіп тамағынан буындырып, дыбысын шығармай қойғандай болды. «Ешкім білмесін, болмаған күнде менен жақсылық күтпеңіз» — деді профессор даусы. «Мені біліп қойды деп қазір жойып жіберер» — деген ой Момодзоға сап ете түсті.
— Қаш Момодзо жаныңның барында — деді өзіне-өзі. Аяғының ұшынан басып, кейін қарай зыта жөнелді.
Момодзо көшеде келе жатқанда көзіне полиция начальнигі генерал Цусимото елестеді. «Бір есікке, бір төрге жүгіріп кірерге жер таппай жүр ғой» — деді. Бір уақытта қарап келе жатып начальникке жаны ашып кетті. Генералды Момодзо жақсы білетін. Былтыр мұның қарындасының соңына біраз о да түскен, сол кезде Момодзомен танысқан. Ол кезде генерал Токио полициясының начальнигі емес еді.
Артынан, начальник болған соң, «Момодзо бізге келсең қайтеді?» — деп те айтқан. Енді осы уақытта жұмыссыз жүргенде оған айтса, сөзсіз орналастырады. Ол тіпті жақсы адам. Шіркін-ай! Қап, сондай жақсы адамның мынадай пәлеге кездесіп, сау басы саудаға түседі-ау! Қап!..
Момодзо трамвайға да мінген жоқ, жай басып баяу келе жатыр. Момодзоның ойына ежелгі қиялы түсті. Жапония банкылері... завод шахтылары... принцессаға үйлену.
Кенет Момодзоның көз алдынан бір нәрсе жарқ ете қалғандай болды. Жүрегі лүпілдеп, көзі жайнап, езуі күлімсіреп қоя берді.
— Е, Момодзо ойыңды бір жерге жинап алшы, кәне нең бар, нең жоқ...
Бірақ «қайтадан ойланайын» дегенде жаңағы қуаныштың дәлелдері құйрығын ұстатпай зым-зия жоқ боп кеткендей болды. Бетінде күлкі, қуаныш та ернін, ізі жоғала бастады. Бір секундте күлкі қашып кетті. Бір уақытта бетіне қайтадан қуаныш жүгірді.. Тұра жүгірді. «Айтам... айтам! Үлкен сыйлық береді..» Момодзо жайырақ жүрді. Арқаланып бір кемпір кетіп бара жатты. Момодзо көңілденіп кетті: «Ойпырмай, неткен жақсы кемпір еді» — деп өзінен-өзі күлді.
Момодзо полиция басқармасының алдына келе бергенде, полиция начальнигі генерал Цусимото жинаған тыңшылар тиісті тапсырмаларын алып, Токионың бұрыш-бұрышына тарауға шығып бара жатқан еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі