Өлең, жыр, ақындар

Әл-Фараби мен Абай ойларының тоғысуы

Әл-Фараби мен Абай үндестігі – оларды анықтап қарап, зерттеген жанға, заманауи тілмен айтқанда, нағыз комбо. Себебі, IX-X ғасырда өмір сүрген шығыс ойшылы мен XIX ғасырдың алып тұлғасы атанған қазақтың ұлы ақынының ойларының тоғысуы, айтар сөздерінің мән-мағынасы, маңызы қай дәуірде болмасын өзекті болуы арқылы, олардың бізге берер пайдасын неғұрлым арттыра аламыз.

Негізінен әл-Фарабидің бір еңбегін ала отырып қана, бірнеше ұқсастық, ғасырлар төңірегіндегі байланысты аңғарамыз. Оның «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы туралы трактататында» әр бөлім белгілі бір нәрсені, құбылысты, оқиғаны баяндайды. Бірінші бөлім, Алланы тану жайлы. Ол қандай болмыс, оның жауһары не, тағы да сол секілді жаратушы жайлы әңгіме қозғалады. Көкбай ақсақал айтпақшы «терең оймен, өз жүрегіммен тапқан мұсылмандықты» ұстанған Абай да дінді дұрыс жағынан дәріптеп, Алланы шын сүйіп, оған адал қызмет етіп, білім мен иманды қатар ұстау керектігін өз өлеңдері мен қарасөздерінде айтады.

Шығыс ойшылының шығармасының төртінші бөлімінде «жан қуаты» сөз етіледі. Жалпы Абай дегенде оның бізге қалдырған басты өсиеті «толық адам» ілімі бірінші кезекте еске түседі. Сонымен қатар, сол іліммен бірге қабаттаса айтылатын «жәуанмәрттілік», «үш сүю» жайлы ой-толғаныстарының барлығы, сол сөздің төркіні әл-Фарабидің ойлар желісіне қарай сілтейтіндей. Мысалы, жоғарыда сөз етілген данышпанымыздың трактатында адамзаттың жеке басының ең кемелденген тұсы, қасиеті төңірегінде ойға саяды. Кемелденген деген тұрғыда, нақтырақ айтсақ, «кәмили инсани». Ал «әл-кәмил» сөзі араб тілінен аударғанда бүтін, тұтас деген мағынада қолданылады. Демек «әл-инсан әл-кәмил» дегенді қазақ тілінде «толық адам», «кемел адам» немесе «жетілген адам» деп те айтуға болады. Яки, екі жақтың да көп көңіл бөлгені мораль философиясы.

Трактаттың бесінші, алтыншы бөлімдерінде адасқан қоғам, надан басшы, бұзылған негіздер мен көзқарастар көрініс табады. Осы кезде бірден Абайдың өз заманындағы болыссымақтарды сынаған өлеңдері көз алдыма тармақталып түсе жөнелді. Олардың қитұрқы әрекеттерін, әділетсіз шешімдерін, менмендік пен дүниеқорлықтарын беттеріне басып, заман шындығын ашына суреттейді.

Негізінен бұл трактат бойынша, ұзын сөздің тоқ етері, екі алыптың қорытындысы мына бір ғажап ойда түйіседі: «салыстырып қарасаң, дүние – ғажап құрылыс, онда әркімнің, әр заты өзіне лайықты орны бар». Бұл ой Абайда «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңімен түйіседі.

Енді әл-Фараби мен Абай поэзиясына көшейік. Басты ұстаным – түзу жол сілтеу, дұшпан болар қасиеттерден сақтап, асылдарын дәріптеу болған бұл екі хакімдеріміздің поэзиясы да бөлек бір қазына. Олардың бұл тұрғыда жақындығын ашып айталық.

Әл-Фарабидің мына бір өлеңі:

«Бауырын қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алулап,
Пенделіктен бол аулақ.

Жататын ләйім жаңғырып,
Бұл ғұмыр емес мәңгілік.
Бей-опа мына заманда,
Бақыл боп кетер адамда.

Жұрт кілең күнін көп қызық,
Жіберер зая өткізіп.» - Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңімен идеялас. Яки, екі өлеңде де уақытты зая кетірмей, оны оқу-білімге, ғылым жолындағы ізденіске жұмсау керектігін айтады. Нәпсіге ермей, кеселдерден аулақ болып, ойын-күлкіге мәз болмай, теріс жолға салынба дейді.

«Тіршілікте құрыштай бол төзімді» атты Фарабидің шығармасының оқырманға салар ойы Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңімен сабақтас. Достың атын жамылып, сені мына күйбең тіршілік арасында алдап кететіндер барын, жақыныңды абайлап таңдауды, қанша қиын болса да, өзіңе, еңбегің мен ақылыңа сенуді кеңес етеді.

Осы бір шағын зерттеу жұмысымның барысында, Абай мен әл-Фарабидің ойларының тағы бір тоғысқан жерін байқағандаймын. Абай «Мен егер заң қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» дейді емес пе? Осы мінез-құлық жайлы да өз қарасөздерінде сөз етіп, жақсы-жаманын мысал қылып көрсеткен де еді. Ал, әл-Фараби «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады» деген екен. «Мінезіңді түзе, әдетіңе айналады. Әдетіңді түзе, өміріңе айналады» деген ел арасында таралған нақыл сөз де осы ойшылдар салып кеткен сара жолдан деп түсінемін.

Неліктен арасында біршама ғасырлық уақыт бар екі алып тұлғаның ойлары оңай тоғысып, шығармаларының берер құдіреттілігі ұқсайды? Себебі, екі ойшыл да әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған наданның көзін ашар, саналының жолын ашар асыл дүниелерді қалдырып кетті. Абайдың осы шығыс ойшылдарымен сусындап, өз еңбектерінде көркем шеберлікпен қолдана білуі де нағыз майталманның жұмысы. Ал нақ осы әл-Фараби мен Абайды салыстыра, байланыстыра, қатар қойып зерттеуге салған қазақтың білімдар ізденімпаздары әдебиетіміздің тоқырамай, жаңа деңгейге көтеріліп жатқанының көрінісі деген ойдамын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің студенті Тлеуленова Анель

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Джолдыбаева У. М.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар