Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті біздің елімізде жоғары білім беру жүйесінің танымал флагманы болып табылады.
Университет өзінің жоғары білім сапасымен әйгілі, халықаралық деңгейде мойындалған, әлемнің үздік университеттерінің қатарына кіреді. Университет ішінде белсенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі, ең мықты профессорлық-оқытушылық құрам бар – бұл оны еліміздегі ең мықты ЖОО етеді.
Университет Қазақстан үшін бірегей кампусқа ие, оның аумағында қазіргі заманғы спорт кешендері, корпустар, студенттер сарайы, мұражай, жайлы жатақханалар және Орталық Азиядағы ең үлкен ғылыми кітапхана бар. Университетте екі дипломды білім беру бағдарламалары қарастырылған. Бұл бағдарламаны алғаш рет дәл осы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қолдана бастады.
Университет беделінің жоғары болуы шетел студенттерін көптеп тартады. ҚазҰУ-ға Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, АҚШ, ГФР, Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония, Ұлыбритания және басқа да көптеген елдерден білім алуға келеді. Көптеген шетелдік студенттер техникалық, экономикалық және табиғи бағыттағы мамандықтарды таңдайды.
Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы ЖОО – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғалары 1934 жылы қаланған. Бүгінгі таңда біздің университетте 25 000-нан астам студент оқиды. Он алты факультеттен тұратын университетте шамамен үш мың профессорлық-оқытушылық құрам студенттерді білім нәрімен сусындатады.
ҚазҰУ қалашығы деп аталатын жерде студенттерді оқыту үшін барлық жағдай жасалған. Ө.Жолдасбеков атындағы 1600 орындық студенттер сарайы, ТМД-дағы жалғыз ауқымды «Әл-Фараби» кітапханасы, спорт кешені мен стадион, жаңа құрылыстар, әскери кафедра, технопарк, бассейн, супермаркет, студенттік кафе, студентке арналған студенттер үйі, медициналық орталық және студенттерге қызмет көрсету орталығы студенттердің игілігіне жұмыс істейді. КазҰУ аумағында телефонды оңай қуаттауға болады.
Студенттер сарайында дарынды студенттерге арналған студенттік клуб жұмыс істейді. Студенттік клубтың талантты мүшелері көптеген конкурстардың жеңімпаздары атанған. Солардың бірі ретінде «Бақыт» би ансамблін атап өтуге болады.
Университетте дәстүрлі түрде талантты студенттерді анықтауға арналған «SuperFreshman», «Студенттік көктем», «Ана тілі аруы-Жігіт сұлтаны» конкурстары өткізіледі.
Сондай-ақ студенттердің көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиеттерін дамыту мақсатында жастар ұйымдарының комитеті жұмыс істейді. Оның құрамына студенттердің құқығын қорғайтын «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, Студенттік Сенат, «Көмек» еріктілер ұйымы, студенттік кеңес, Болон процесі жөніндегі студенттік бюро, студенттік ғылыми қоғам кіреді. Қазіргі уақытта университеттегі барлық мерекелік іс-шаралар тікелей аталған жастардың қатысуымен өтеді. Айта кету керек, бұл жастар дәстүрге айналған IV Халықаралық студенттік форумды сәтті ұйымдастырды.
Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін дәстүрлі түрде «Ғылым әлемі», «Фараби әлемі» сияқты конференциялар, форумдар ұйымдастырылады. Инновациялық жобаларға қызығушылық танытқан, уақыт ағымынан қалмауға ұмтылған студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар, университетте технопарк жұмыс істейді.
ҚазҰУ-дың әлемдік аренада жоғары деңгейде танылуы оның инновациялық жобаларымен байланысты, олардың ішіндегі ең маңыздысы – «Университет 4.0» моделін енгізу. Оның іргетасы инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың симбиозы негізінде AL-FARABI university SMART CITY құрылысының тұжырымдамасы болып табылады.
AL-FARABI university SMART CITY моделі Әбу Насыр ибн әл-Фарабидің ізгілікті қоғам туралы идеялары мен ілімдері негізінде әзірленген. Оны енгізу заманауи білім беру университетін құруға бағытталған, онда екі негізгі компонент бір уақытта және үйлесімді дамиды – қызметтің технологиялық және рухани-адамгершілік аспектілері.
Университеттің технологиялық платформасы Екампус жобасына негізделген:
ҚазҰУ – бұлтты технологиялар ЖОО қызметін автоматтандыруға енгізілген сандық университет;
Smart-технологиялар кампус инфрақұрылымын басқаруға енгізілген;
Big Data технологиялары аналитикалық жүйені қалыптастыру үшін қолданылады.
Ірі инновациялық корпорациялардың тәжірибесін тарату мақсатында университетте Hewlett-Packard, Cisco, Копіса Minolta, Fujitsu, Samsung, Alcatel ғылыми-білім беру орталықтары, Касперский зертханасы, Microsoft, Intel, Huawei құрылып, белсенді жұмыс істеуде.
Е-кампус инфрақұрылымының маңызды элементі ҚазҰУ-дың экология, мұнай-газ және уран өнеркәсібі, биоинформатика, нанотехнология, сейсмикалық және геологиялық барлау, ғарыштық технологиялар, экономикалық және әлеуметтік болжау проблемалары бойынша қолданбалы міндеттерді шешу үшін пайдаланылатын деректерді сақтаудың корпоративтік жүйесін және өнімділігі жоғары есептеу ресурстарын біріктіретін есептеу қуаты 5 терафлопс болатын инновациялық дата орталығы болып табылады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бұл бай дәстүрі, көп жылдық оқу және ғылыми жұмыс тәжірибесі бар жоғары оқу орны.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – мемлекеттік аттестаттаудан бірінші болып өткен және барлық мамандықтар мен деңгейлер бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру құқығын растаған Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру жүйесінің жетекші мекемесі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстан жоғары оқу орындарының Бас рейтингісінің көшбасшысы, ел тарихында тұңғыш рет «сапа саласындағы жетістіктері үшін» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты, өнім және қызмет көрсету сапасы саласындағы жетістіктері үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сыйлығының дипломанты. Университет жоғары білікті мамандарды даярлауға, әлемдік білім беру кеңістігіне одан әрі ықпалдасуға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған орасан зор білім беру, ғылыми, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетке ие.
Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бізге мамандықтардың кең таңдауын ұсынатын тұтас оқу-ғылыми кешен болып табылады.
Университет әлемнің 500 жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтаса отырып, білім беру қызметіне әлемге әйгілі үздік шетелдік ғалымдарды тартады. Сонымен қатар, академиялық ұтқырлық, қос дипломдар, Erasmus+, Fulbright, DAAD, Mevlana, Болашақ халықаралық бағдарламалары жас ғалымдарға әлемнің озық елдеріндегі тәжірибені игеруге мүмкіндік береді. Ауқымды ғылыми жобалар 8 ғылыми-зерттеу институттары мен 29 ғылыми орталықтарда жүзеге асырылуда.
ҚазҰУ – өз есебінен постдокторантура бағдарламасын ашқан алғашқы ұлттық университет. 2020 жылы университетте басым ғылыми бағыттар бойынша 35 постдокторант жұмыс істеді:
- IT және жасанды интеллект,
- нано-технологиялар,
- плазма физикасы,
- астрофизика,
- математика,
- экология,
- биотехнология,
- су ресурстары,
- психофизиология,
- саясаттану және т.б. постдокторантура бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Бағдарламаны іске асыру кезеңінде постдокторанттар 160-тан астам мақала жариялады, олардың 70%-ы Q1, Q2 журналдарында жарияланды, кейбір ғылыми салаларда постдокторанттардың өнімділігі қазақстандық ғалымдардың осындай орташа көрсеткішінен 10 есе асып түсті.
Университет базасында жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және нәтижелерін өндіріске енгізуге үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын гранттық қаржыландырудың жалпы көлемінің 10%-дан астамы білім алушыларды зерттеулерге ақылы негізде тартуға бөлінеді. Бұл мақсатқа соңғы 5 жылда 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл білім алушылардың ғылыми әлеуетін дамытуға, ғылыми кадрларды даярлауға және ғылыми мектептердің сабақтастығын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосады.
ҚазҰУ – әлемнің рейтингтік басылымдарында жарияланған ғылыми жарияланымдар саны бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында көшбасшы, жыл сайын Scopus журналдарында 1000-нан астам мақала жариялайтын алғашқы университет болып табылады.
Мемлекетіміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек» деген болатын. Біздің басты мақсатымыз да осы. Жас ұрпаққа сапалы білім беруде қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де үлесі зор. ҚазҰУ – дарынды жастарды бірігетін орын. Құрмет пен шынайы достықтың мекені. ҚазҰУ – жүректерді біріктіреді. ҚазҰУ – тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін, тұлғаның жан-жақты қабілеттерін ашатын орын. Сондықтан менің ҚазҰУ-да білім алуым – менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім деп санаймын.
Әбітай Б. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының 5В090900 –«Логистика (салалар бойынша)»мамандығы бойынша 4 курс студенті
Шарапиева М.Д. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы
Мұса Қ.А. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Бизнес-технологиялар» кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі