Қарағанды облысы Ақтас ауылында тұратын Ахико Тецуроның өмірі көркем дүниеге арқау болды. Қазір Ахико ақсақалдың көзі тірі. Сексеннің бесеуіне келді. Ол өзінің өткен өмірі жайлы сөйлегісі келмейді.
Тыңдарман қызығып тыңдағысы келгенімен, оның өзіне ауыр. Ол тұтқынға алынғанда 18 жастағы курсант екен. Он жылға сотталып, азап лагерін бастан өткерді. Аштық пен қатыгездіктен 1954 жылы ғана құтылды. Ахиконың тозаққа бергісіз өмірі туралы естеліктері «Ақтастағы Ахико» спектакліне негіз болды. Спектакль Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың сахнасында қойылды. Алайда режиссерлік шешім мен авторлық көзқарасқа қатысты көрерменді толғандырған сауал көп. Осыған орай жазушы, пьеса авторы Мәдина Омарованың ойын білгіміз келді.
— Мәдина, көзі тірі адамды көркем шығарманың кейіпкеріне айналдыру қиын болған жоқ па? — Көзі тірі адамды жазу немесе деректі шығармаға айналдыру, керісінше жеңіл болуы мүмкін. Өйткені деректі дүниені ойдан құрастырып, қиялға көп ерік бере алмайсың. Оның қиындығы сонда: оның шектеулі биографиясының шекарасынан шыға алмайсыз. Рас, Ахико ақсақалды көзіммен көріп, әңгімелесіп қайттым. Үйінде болдым, сөйлестім. Ол кісіні көрген соң, қатты әсерлендім. Өте қарапайым жан екен. Мектептен білім алмаған. Он жеті жасында Карлаг түрмесіне түскен. Тіл білмейді. Он жыл түрмеде отырып шыққаннан кейін, еңбекке араласады. Тіршілік етпеске тағы болмайды. Ыдыс жуған, шахтада жұмыс істеген. Құрылысшы болып та нәпақасын тапқан. Өмір бойы қара жұмыс атқарған еңбек адамы. Тұп-тура сахнадағыдай толғау-толғау сөз сөйлеп, өзінің мұңын айтып отыратындай уақыты да болған жоқ. Қарапайым адамның тірлігі қандай болса да, ол да сондай қоңыртөбел тірлік кешкен адам.
— Спектакльге дейін Ахиконың образы ешбір көркем шығармаға арқау болмаған ба? — Тіпті өзі туралы көркем дүние жазылады деп ойламаған адам. Үйіне барғанымда, қатты толқып, қалбалақтап, дегбірі шығып кетті. Ол кісіні көргенімде көз алдыма алып бәйтерек елестеді. Бәйтерек те мылқау. Алып ағаш ғасырлар бойы өмір сүргенімен, ешкімге сырын айтып, ақтара алмайды. Бірақ оның қасында тұрғаныңда қуатын іштей сезінесің. Сол сияқты, Ахиконың болмысы да маған ерекше әсер етті. Жай қасында үнсіз отырғанның өзі көңілге басқаша сезім ұялатады. Ахико ақсақалдан Карлаг туралы сұрағаным да жоқ. Екеуміздің әңгімеміз күнделікті тұрмыс-тіршіліктен аспады. Алматының жайын айттық. Оның азапты өмір тарихын сұрауға тілім батпады. Өйткені өткенін сөз етсе, көзі жасқа толады. Оның үстіне, соңғы кездері жүрегі де сыр беріп жүр екен. Сондықтан әйелі де торғай сияқты шырылдап, ол тақырыпт сөйлеткісі келмейді екен. Сол себепті де, кейіпкеріммен тұрмыстық мәселеден арыға бара алмадым. — Ақсақалдың қазақша тілі жатық па? — Қазақша сөйлемейді. Орысшаның өзін дұрыс меңгермеген. Шала-шарпы біледі. Ойын дұрыс жеткізе алмайды. Жапонша хат таниды екен. Аудармашы болып жүрген жапон қызы оның жапон тілін аздап ұмыта бастағанын айтады. Жапонша сөйлеп отырғанда, орысшаны көбірек қосып жібереді. — Ахиконың тағдырына неге қызықтыңыз? — Бұл тақырыпты жазамын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Әдебиеттегі бағытымның бөлек екенін өзіңіз де білесіз. Мені мистика, психологиялық дүниелер, адамның ішкі әлемі көбірек қызықтырады. Маған мұндай нақты, тарихи дүниелердің ауылы алыс көрінетін. Қазақтың тарихынан, жалпы тарихтан қарапайым оқырман ретінде хабардар болғаным болмаса, түбіне үңіліп көрген емеспін. «Жазушы жан-жақты болуы керек. Тарихты бүге-шүгесіне дейін білуі керек» деген сарында пікірлер айтылып жатады. Ол да дұрыс шығар. Бірақ тарих тақырыбы өзімді қызықтырмағандықтан, оған көп бойлай бермейді екенмін. Тарихты мектепте оқыдық, университетте де арнайы білім алдық. Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов және өзге де алаш арыстарының әдеби туындыларын оқып өстік. Олардың әдебиеттегі орнын жақсы білеміз. Бірақ олардың жеке тағдыры маған сағым сияқты бұлыңғыр көрінетін. Өткен жылы ғалым, депутат Нұрлан Дулатбеков біздің театрымызға келіп, жиын өткізді. Сол жиында өзінің Карлагты көп зерттегенін, сондағы түрлі тағдыр иелерінің азапты өмірінен көркем пьеса жазылса қалай болатынын айтып, мәселе көтерген еді. Басшылық Нұрлан ағаның пікіріне қарсы болған жоқ. Бірақ бұл тақырыпты сахнада көрсете аламыз ба? Басшылықты да толғандырған дүние осы болатын. Карлагты қалай суреттейміз? Рас, онда қаншама тағдыр азап шекті. Онда қаншама адамның миына сыймайтын жауыздықтар істелінді. Оны қалай сахналаймыз? Құр сөзбен, құр ақпармен көрерменді алдай алмайтынымыз тағы белгілі. Жиыннан соң басшылық «Мәдина, сен осыны жазып көрсең қайтеді?» деп, маған тапсырды. Театрда қызмет еткеннен кейін, қарсы бола алмайсың. «Жарайды, көрейін» дедім. Ол кезде не жазатынымды ұққан жоқпын. Қолымда дайын тақырып тұр. Ары қарай не істеуім керек? Сол күннен бастап, осы тақырыпты қаузап, зерттей бастадым. Түрме өмірін баяндайтын түрлі деректі фильмдерді, көркем дүниелерді шолып шықтым. Түрмедегі адамның психологиясын жазған психологтардың еңбектерімен таныса бастадым. Көп іздендім. Карлагтың музейін араладым. Ахико ақсақалмен тілдестім. Карлагты көрген кезде жаным түршікті. Мұндай болуы мүмкін емес деген ой келді. Байқасаңыз, спектакльде Ахиконың: «Бұлай болуы мүмкін емес қой, адамдар!» дейтін сөзі бар. Бұл — менің ішкі ойым, жан-айқайым. Спектакль сахналанған сәттен бастап, түрлі ой-пікірлер айтылып жатыр. Театрдың ішінде де талай пікірталастар болды. Тіпті үлкен актрисалардың бірі: «Жендеттерді зұлым етіп көрсетіпсіңдер. Кеңес өмірін көзіміз көрді. Кеңес әскерін де көзбен көрдік. Коммунистік идеяға имандай сенген адамдар да болды. Бірақ олардың бәрі бірдей қатыгез емес еді ғой» дегендей пікір айтты. Дұрыс та шығар. Алайда Карлагтағы адамдардың тағдырын көзге елестетіп көріңізші. Ондағы адамдардың өмірі туралы жазылған дүниелерді оқысаңыз, жан түршігеді. Спектакльде оны жеңілдетіп ғана көрсетіп отырмыз. Карлаг музейін көрдіңіз бе? Көз алдыңызға сұмдық суреттер елестемей ме? Азап лагеріне түскендердің көбі осал жандар болған жоқ. Небір ғаламат ғалымдар, зиялылар азап шекті. Қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың бетке ұстар қаймақтарын түрмеге тоғытып, әбден қорлаған. Қорлықтың небір сұмдық түрлерін пайдаланыпты. Түрмеде босанған әйелдердің балаларын туа салысымен үлкен бөшкеге салатын болыпты. Бөшке толған кезде далаға апарып, төгіп тастап отырған. Мұның бәрі тарихи шындық. Ол шындықтан қаша алмаймыз. Мәселен, спектакльдегі Степан — жиынтық образ. Сол арқылы айуандықты көрсеткіміз келді. — Сонда тарихи шындықты Степанның образында көрсеткіңіз келді ме? — Тарихи шындықты осылайша жиынтық образ арқылы бергім келді. Степан менің сол үмітімді ақтады деп ойлаймын. — Степан — жиынтық образ. Ахико — көзі тірі адам. Ал Сәдуақас пен Сейфолла спектакльде қайдан жүр? — Сәдуақас пен Сейфолла ақсақал, Ақайдың Хасені — бұлардың бәрі тарихта бар адамдар. Ал ақын Ахмет — бұл да жинақы образ. Ол спектакльде біресе, Сұлтанмахмұттың өлеңін оқиды, біресе, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңін оқиды. Ахмет — атылып кеткен, Сібірге, Магаданға айдалған, зорлық-зомбылық көрген, қуғын-сүргінге ұшыраған алаш ардақтыларының жинақы образы. Одан тарихи астар іздеудің қажеті жоқ. Ақайдың Хасені — қазақтың мықты тұлғаларының бірі. Бірақ ол кісіні де 30-жылы атып жіберген. Сейфолла мен Сәдуақас ақсақалдың Карлагқа түскені рас. Олар Сарыарқаның маңайында тұрған. Түрмеге әкелгеннен кейін үш күннің ішінде атып тастаған. Спектакльден хронологиялық деректерді іздесеңіздер, оны таба алмауыңыз мүмкін. Өйткені Ахиконың өзінің жасын он бесте деп алдық. Шын мәнінде, ол Карлагқа түскенде 18 жаста болған екен. Мұның бәрін бұрмалау деп есептемеймін. Сахна, өнер — ол тарих пәніне қосалқы оқулық емес. Ол — көркем дүние. Сол заманның шындығын, сол заманның азапты өмірін сахнаға алып шығу үшін осындай қосалқы образдарды пайдаландық. Шынайы деректерді пайдаланар болсақ, олардың әрқайсысы бөлек-бөлек кейіпкер, бөлек-бөлек шығарманың арқауы болары сөзсіз. Біздің мақсатымыз — сол заманның келбетін бүгінге алып келу еді. Жыртқыш кейпіне түскен адамзаттың айуандығын көрсету қажет болды. Жыртқыш екеш жыртқыш та өз ұяласына қарсы шаппайтынын айтқымыз келді. Біз осы идеяны көрсету арқылы мұндай озбыр, қатыгез тарихты қайталамау қажеттігін көрерменге ұғындырғымыз келді. Қазір ХХІ ғасыр. Өзіміз де зиялы деп есептелеміз. Технологиямыз дамып кетті дейміз. Соның өзінде әрбір адамның бойында елу пайыз Алла аманатына адалдық болса, елу пайыз жыртқыштық инстинкт бар екенін ұмытып кете береміз. — Автор өз ойын айтады. Режиссер өз шешімі бойынша спектакль қояды. «Ақтастағы Ахико» спектаклінде қайсысының мүддесі басымырақ? — Жазушының міндеті — жазу. Одан кейін шикізатты режиссер өз қолына алады. Содан бастап, шығарманың екінші кезеңі басталады. Режиссер пьесаның құр сөлін алып, өз топшылауымен қойып шығуы мүмкін. Менің алғашқы нұсқам мүлдем өзгеріп кетті десек те болады. Оның өзгергеніне ренішім де, өкінішім де болған жоқ. Өзгеріс барысына өзім де атсалыстым. Режиссер ойына да, актер шешіміне де қарсылығым болған жоқ. Олардың ішкі ойын дұрыс қабылдадым. Себебі, режиссер автор идеясынан көп ауытқып кетпейді. Тіпті о бастағы Ақтамақ спектакльде адам танымастай болып өзгерді. Себебі, менің Ақтамағым мүлдем басқа адам болатын. Менің Ақтамағымның прототипі Гүлжамал Майлина еді. Гүлжамал апаның өмірі үнемі ойымнан шықпайтын. Соны пьесада пайдаланғаныммен, сахнаның стандарты басқа екен. Менің кейіпкерім сахнаға жарамай қалды. Спектакльдің режиссері Асхат Маемировпен ақылдаса отырып, жаңа Ақтамақтың образын жасап шығардық. Режиссер өзінің үнін, өзінің дүниетанымын қосты. — Спектакльге қатысты әлеуметтік желіде айтылып жатқан сын-пікірлерге көзқарасыңыз қалай? — Бұл спектакль тарихты жақсы білетін, сауатты адамдардың түсініспеушілігін тудырған да шығар. Бірақ бұған ақталып жатқым келмейді. Ахико тағдырын, Карлагтағы тұтқындардың тағдырын қалай түсіндім, солай бергім келді. Көркем дүние құр сөзбен жазыла салмайды. Онда жазушының эмоциясы, болмысы, келбеті сезіліп тұруы шарт. Дәуірдің шындығын қалай қабылдасам, солай бергім келді. Ондағы кейіпкерлер де менің ішкі айғайымды, жан-дүниемді көрсетеді. Ол шынайы тарихқа жанаспай жатса, оны қателік деп есептемеймін. Тағы да айтамын, ол жерден тарих іздеудің қажеті жоқ. Спектакльден рух іздеңіздер! Мораль іздеңіздер! Бұл сұмдық ешқашан қайталанбасын деп тілеңіздер. Осылайша, бүгінгі көрермен өткеннен сабақ алса деймін. Тарих іздегіңіз келсе, хронология іздесеңіз, оны спектакльден көре алмайсыз. Негізі «Ақтастағы Ахикода» рух бар, ой бар. Бастысы, о бастағы айтқымыз келген идеяны жеткізе алдық.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС
«Айқын» газеті 02.11.2016
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі