Жамбылдың қай жылы, қай ай, қай жерде туғанын біз жоғарыда айттық. Сөйтсе де Жамбылдың туғаннан бастап бала шағынан өзіміз тапқан қысқаша мәліметтерді айта кетеміз. Жамбылдың 1946 жылғы 100 жылдық мерекесіне арнап баспаға дайындалған жинағына жазушы Сәбит қысқаша (беташар) кіріспе сөз жазды. Осы сөздің ішінде Жамбылдың өз аузынан айтқан мына төмендегі бір сөзін келтіреді. «Менің туған жылым ит еді, туған елім Екей ит қорлықта жүрген кезінде туыппын», — деп еді дейді. Шынында да, ел ақсақалдарының айтуында Жамбыл Екей елінің ит қорлықта жүрген кезінде туып, өзі де бұлт жамылып, мұз төсеніп өткізеді бала шағын. Жамбыл туарда ел көшіп келе жатыр екен.
Қалмақпен бе, я қырғызбен бе, әйтеуір, бір жауынгершілік болып, ел үдере көшіп келе жатқанда туғанын біз жоғарыда айттық. Жамбыл жеті-сегіз жасқа келгенше әкесі туған-туысқандарымен сол Әшкей ауылының қасында болады. Екей алғашқы қайта басын қосқанда алдымен көшіп келгенін және Екейдің шетке бытырағанын жинасқанның бірі Жамбылдың өз әкесі Жапа, оның інісі Жадыра болады. Алғашқы көшіп келгенде Жапа, Жадыралар Қарғалы өзенінің оңтүстік батысына таман, осы күнгі шұға фабрикасының батыс жанындағы Майбұлақ деген жерге қонды. (Бұл күнде Майбұлақ колхозы мекендейді). Ыстыбай ауылы, Жамбылдың үлкен әкесі алғашқы өз еліне көшіп келгенде, Жамбыл жеті жаста екен. Мұны Жамбылдың жақын туысқан інілері Мыржы Қазыбай баласы және Ибрайым Бәйсімбет баласы айтады.
Жамбыл бала күнінде өзі айтқаны болмаса көнбейтін, әке-аға тіліне мойынсұнбайтын қисық, тентек болады. Көбінесе үйге жоламай, далада балалармен, жылқышы, қойшылармен бірге жүріп тай үйретіп, асау мініп, басқа ауылға кетіп қалып, бетімен еркін жүргенді жақсы кереді екен. Осындай қисық мінезінен болса керек, бір күні әкесі қуып ұрған ба, үйге бара алмай, ауылдың сыртында жатыпты. Ел арасының бір адамдары ауыл сыртында далада жатқан баланы көріп тоқталып: «Неғылған баласың, неге ауылға бармайсың?» десе, «Мына Жапа дегеннің қызын айттырған едім, қалыңдығымды бермейді. Ауылына баруға бата алмай, қызының далаға шыққанын аңдып жатырмын», — деп, кисық қырыс сөз айтыпты. Мұндай қисықтанып өкпелеп кеткендегі әдеті, ауылға келе жатқан жолаушыны аңдып, соның жолын тосып; «Біздің үй семіз жылқы сойған, қазы, ет көп, біздікіне қоныңыз, — деп үйіне ертіп келіп, қашан сол кісі кеткенше бірге болады екен. Жамбыл бір күні тағы да үй ішімен отаса алмай ауылдың сыртында жатса, Жаныстың Ақша деген руынан шыққан ақсақал адамы Қазыбек деген кісі Ыстыбай ауылына келе жатады. Жамбыл алдынан шығып сәлем беріп: «Біздің үйге жүріңіз!» — деп, ертіп келіп үйіне түсіреді. Келгеннен кейін әлгі кісінің атын байлап, өзіне қызмет істейді. Көпті көрген және ақсақал Қазыбек баланың жүрген-тұрғанын сынап, әкесі Жапаға: «Мына балаң нешеде?» — деп сұрайды да: «Түбі адам болады, менің алдымнан шығып, сәлем беріп, өзі ертіп келді. Көзінің жанары жақсы екен, бетін қақпа», — дейді. Жапа Жамбылдың қисық, тентек екенін айтқанда, Қазыбек: «Тентек те болса, теріс кетпес. Адам болатын баланың алдыңғы жағы кекшіл келеді деуші еді бұрынғылар. Көзінің оты тәуір екен», — деп тағы қайта айтады.
Сол. кездегі Шапырашты, Дулаттың ақсақалдары Жамбылды жастай сынап, сөзінен, мінезінен әр нәрсе дәметкен. Әсіресе, Ұлы жүз ішіне шешендік, сыншылықпен аты шыққан Ысты Бөлтірік батырдың Жамбылды бала күнінде сынап айтқанын Жамбылдың өзі кейінгі уақытқа дейін айтып отырады екен. «Бір күні ауылдың қасында жарда балалармен ойнап жүр едім, бір топ кісі келе жатыр екен. Алдарынан шығып сәлем бердім. Бір ақсақалды кісі: «Балам бұл қай ауыл, кімнің баласысың?» — деді. Мен жөнімді айтып, қонсаңыздар, біздің үйге қоныңыз, семіз қазы бар, кісіге сақтаған», — деп ертіп келдім. Ол кісіні үйдің іші қазы асып, аса құрметтеп күтті. Бағанағы ақсақал кісі ет жеп отырғанда қазының қабырғасын маған беріп: «Балам, атың кім?» — деп сұрады. Атым Жамбыл деп едім, «Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар», — деді де, әкеме қарап: «Мына баланың бетін қақпа, мінезі жақсы екен. Тентек болмай, тектілі бола ма», — деп айтып еді, — дейді екен.
«Бөлтірікке өзім ержетіп қалған кезде тағы да бір кездесіп сәлем бердім. Өз аузынан бірталай әңгімесін естідім. Бөлтіріктей шешен сезді тез табатын, қызықты әңгімелері есіңнен кетпейтұғын кісі көргенім жоқ», — дейді екен Жамбыл. Осы арада Жамбылдың өте жақсы көрген кісісі Бөлтірік шешен жайындағы ел аузында сақталған біраз әңгімені айта кетейік. Бөлтірік батыр деп келеді Ұлы жүзді қай-қайсысы болсын, Ысты Бөлтірікті. Ысты, Ошақты, Шапырашты — бұл үшеуі таңбамыз бір, Ұлы жүз ортасында ұранымыз бір деп туыс тұтады бірін бірі... Осы мөлшермен қарағанда, Ысты Бөлтірік шешеннің атасы Шапыраштыдан әрі барып қосылады. Қонысы Шу мен Аңырақай арасында Ақбастау, Еспе деген жерлерде болады. Бөлтіріктің баласы Сандыбай Жамбылмен замандас екен. Біріне бірі үйір де болыпты. Ал Бөлтірікті Жамбыл бері ержеткен кезінде көргенін және айтып отырмыз. Сол Бөлтіріктің жұлып алғандай тауып айтатынын, ойып түскендей шаншып айтатын шешендігін ел кеп айтады. Соның біразы мынадай әңгімелер:
Бөлтіріктің алғашқы аты шыққаны — Найман мен Ұлы жүз болып жерге таласып үлкен дау болады. Осы даудың басына сол тұстағы жандарал келіп, екі елдің дауын тыңдайды. Ұлы жүзден Албан Абақ батыр, Жалайырдан Байлық батыр. Ал Ыстыдан Бөлтірік, Төреден Тезек — осы төрт кісі Ұлы жүзден Атыбай даугер болып шығып, Найманнан Қайран деген төре бастап төрт кісі шығып, екі елдің билері ортағы келіп отырысымен, Қайран төре сөз бастапты. «Сарыбелге әуелі ноғай қонып еді, онан соң найман Шоңай қонып еді. Арғы жағы Ақсу, Қарабалтаға дейін біздің жер еді. Үйсін ағаның баласы зорлықпен баса-көктеп қонып алып отырсың. Арғын алыста жатыр, біз азбыз, көптігіңді істеме, қонысты қайтар!» — депті. Ұлы жүзден жүгініске шыққан билердің өзгелері Бөлтіріктен үлкен екен. Бөлтіріктен қысылып үндемей отырған басқа билер де бөгеліп қалады. Бөлтірік жұлып алғандай: «Әй, ноғай жігіт, әуелі ноғай қонып еді, онан соң Шоңай қонып еді дейсің. Ата қонысым дегенде айтар сылтауың осы ғана. Шоңайың қоныс қарап барып па еді Сарыбелге, мұрнына самал түсіп, біздің Игілік тәуіпке ауруын қарата көшіп барған болатын. Самалына жылқының саумалы жақпаған соң, Қасқарау Баба байдың 18 бұзаулы сиырының сүтін сауып, соны ішіп мұрны жазылып еді. Ауруынан айыққан соң, сиырды айдап бір түнде қашын көшіп кетпеп пе еді? Жер дауы бір нәрсе болар, алдымен 18 бұзаулы сиырдың өсімін қосып қайтар!» — депті.
Найманның біреуі: «Үйсін, Ұлық сыйламаған әдепсіз елсің. Біздің төрені ноғай дегенің қай мазағың? Төрені ноғай дейсің, Шоңайды ауру дейсің, осы сылтауың қоныс қайтармастық қанша құнды сөз?» — дейді. Тағы да Бөлтірік жұлып алғандай: «Төре болсаң, тақсыр Алдияр бас - ақ, төре екеніңді білгенім осы-ақ. Сөз сығылыса келсе, менің де төрем сөйлер, қайдан білейін, қараны сөйлетіп қағыстырмай, келе өзі киліккен соң, найманның ішіндегі көп ноғайының бірі екен деп ойладым», — депті. Өйткені Қайран төренің киімі ноғайша кемзал, бешпент, басына кигені берік екен. Ол кезде Ұлы жүз ішінде ондай киім үлгісі жоқ болса керек және орысқа аса бой ұрып бағынып болмаған кезі екен. Бөлтірік тағы да: «Үйсін, Найман деген — қағанағы бір күнде жарылған қазақтың баласымыз, бұзылсақ, өзіміз түзейміз, жарылсақ, өзіміз жамаймыз, бізді ноғай түзей ме — деп айтып едім, — депті. Бөлтіріктің сөзіне Найман жағы қызыңқырап жанжал шығып, жандарал екі жағын да зекіп тоқтатыпты. Ел тоқтағаннан кейін, Бөлтірік жандаралға қарай қол көтеріп тағзым етіп, сөз сұрапты. Рұқсат еткеннен кейін: «Тақсыр, Сарыбелді бауырлай салынған бекеттердің ішінде бірнеше бекетке кісі аты қойылды. Уанас, Бердіқожа деген екеуі де Албанның ертеде өлген белгілі адамдары. Қазақ болсын, қай ел болсын, деген кісісін өз қонысына қоймай ма? Сарыбелдің бауыры Ұлы жүз Үйсіннің жері болмаса, ол кісінің сүйегі қайдан жатады ол жерде, жердің біздікі екеніне бұл бір дәлел. Екінші, сізді арқасына таңып, Найман ерте бағынғандығына сүйеніп, біздің жерімізге де, өзімізге де қызығады. Сіз бүгін наймандікі болсаңыз, ертең біздің де ұлығымызсыз. Әділ ауылдың баласысың, алдында ағат кетпейін, анықтап тексеріп, ағына жетіп әпер», — дейді. Осы сөзге наймандар өткел таба алмай, Бөлтірік Найман кісілерін тоқтатып, жерді Ұлы жүзге қалдырыпты. Жетісу еліне Бөлтірік аты шығып танысқаны да осы жолы болады.
Шапырашты, Дулаттың өздеріне меншікті төресі Әділдің Әлі деген баласы екен. Әліге Бөлтірік жылына бір рет барып сәлемдесіп және қора басы зекет малын тапсырады екен. Бір жылы Бөлтірік кепке дейін бармай қойыпты. Әлі кісі жіберіп шақыртса, онда да бармапты. Екінші рет кісі жібергенде ғана, барып сәлем берсе, Әлі төре: «Немене, Бөлтірік, шақыртқанда да келмей, бұлданып жүрсің бе?» — депті. Бөлтірік: «Ой, тақсыр төрем-ай, менің қайсыбір кісілігім ұстап жатыр дейсің, өзім өз болғалы екі нәрседен ұялдым. Біреуі: жазғытұрым бір күні таңертең ерте тұрып, таң намазын оқып, дәрет ала далаға шықтым. Қорамның ортасында бір қасқыр аңырайып қарап тұр екен. Бөрі де болса содан ұялдым. Ер азығы мен бөрі азығы жолда деп еді, мына шіркін құры ауыз кетті-ау. Мына қотанда қой болса, біреуін жеп, ауыл екен деп кетер еді. Шіркін, бейіт деп кетер ме екен деп ұялдым. Екіншісі: сіз шақыртпай-ақ келейін деп қамданып едім, қора басына апарар тоқтым жоқ. Елдің бәрі жаз шыға қора басысын топ-тобымен айдап жатқанда, менің сопайып құры өзім барғаным ұят деп, содан бөгелдім», — депті.
Әлі төре: «Қу жақ, тіліңе шоқ түссін. Қанша қой берсе, тұқым болады қораңа?» — депті. Бөлтірік «Әуелі бір жүз тұсақ берсеңші, өспесе, тағы да көрерсің», — депті. Әлі өз қорасынан қосақтатып жүз тұсақ қой айдатыпты.
Әлі төреге тағы бір сәлем бере барғанында, амандасып отырғаннан кейін: «Е, Бөлтірік, ел қыстауынан көшті ме?» - депті. Бөлтірік: «Тақсыр төрем, ел жайлауға қарап қаптай көшіп шықты», — депті. Төре Бөлтіріктің аталары Ысты деген елдің аздығын кекеп: «Апыр-ай, қаптай көшелері Ысты тіпті көп ел екен-ау!» — деп күліпті. Бөлтірік жұлып алғандай: «Үш арыстың баласы қазақтан аз болсам да, Арқар ұранды төреден көппін ғой», — депті. Төре үндемей бөгеліп қалыпты.
Сары Үйсін Сары деген о да шешен адам екен. Бөлтірікпен құрдас, екеуі қатты ойнап, қалжыңдаса берсе керек. Бір үлкен жиын болып, сол топқа Сары да, Бөлтірік те келеді. Бөлтіріктің әрі малы шағын, өрі баласы көп кісі екен, киімді қалай болса солай, өзі салақ та киеді екен. Ішкі шапаны ұзын, сыртқы киімі шолақ болса керек. Сары: Бөлтірік, онша тақыр жерге қарап та отырған жоқсың, немене, үсті-басың төркінінен қашқан қатынның киімі сияқты ұзынды-қысқалы болып кеткен», — депті. Бөлтірік: «Ұзыны ұлымдікі, қысқасы — қызымдікі. Қызылды қызым киетін, жақсыны ұлым киеді, біз байғұсқа солардан қалған ескі і иеді. Сен сияқты қу бастар бәрін өзі киеді», — дейді. Сары Бөлтіріктің сөзіне шыдай алмай топтан кетіп қалыпты.
Бір жылы құмға қалың қар жауып, қатты жұт болады. Әсіресе Ақбастау, Аңырақайды қыстаған Ысты елі қатты жұтапты. Қамау бойындағы елге қарай жаяу ауыпты. Бөлтірік өзі де жаяу ауылымен ауып келе жатқамын естіп, Сары мұны бір тоқтататын жерім осы ғой деп, жолын тосып, Бөлтірікке алдынан атпен келіп сәлем береді. «Ассалаумағалайкум, ақтабандар», — дейді Сары. «Уағалайкумассалам, біреуін көміп, біреуін қақтағандар», депті Бөлтірік бөгелместен. Сары үндемей қалыпты да: «Япырай, сені бір тоқтатам деген жерім осы еді, мұнда да мүдірмедің. Саған дауа жоқ екен, ауылыма жүр», — деп үйіне ертіп келіп, қонақ қылып, өзіне бір ат мінгізіп, ауылына бірсыпыра азық беріп, жегжатына жеткізіп салыпты. Бұл жерде Бөлтіріктің «бірін көміп, біреуін қақтағандар» дегені Сарының бір-екі жақын туысқаны қысты күні қайтыс болады. Қардың қалың, жердің тоңдығынан уақытында жерге қойылмай, середе аманат тұрып, жаз шыға, жер жібіген соң қойып жатқанын Бөлтірік естіп қойса керек, соны айтыпты.
Бөлтірік ете шешен, тапқыр кісі болған. Бірақ мықты батыр кісі болмаса керек. Оның Бөлтірік батыр атануының себебі мынадан екен. Қырғыз, қазақ бас қосқан бір үлкен ас болады. Осы аста қырғыздың Қосшы деген шағындау бір атасының ұлынан шыққан Мәмен деген батыр жігіті найза алып сайысқа шығады. Мәменнің бұрыннан сырын білетін қазақтар оған сайысқа шыға қоймайды. Ел бөгеліп қалғасын, Бөлтірік: «Атымды әкел, мен шығамын», — дейді. Ел аң-таң, Бөлтірік ат та таңдап мінбей, өзінің жай мініп барған атымен қолына найза да ұстамай шыққан соң, Мәмен іліп тастармын деп тура сайысуға дайындалады. Бөлтірік ыңғайланған Мәменге таянын келіп: «Қырғыздың жуан манаптары сені қосшысынып, қазақтың жуандары мені Ыстысынып өлсе, осы екеуі өлсін. Бәйгені біз аламыз деп шығарып отырғанын көрдің бе. Таста найзаңды, бәйге сенікі болсын. Мен батамды берейін», — депті де, өзі қолындағы найзаны жерге тастайды. Мәмен де найзасын тастап бата береді деп қолын жайғанда, Бөлтірік жүгіртіп келіп Мәменді талмау өкпеден бір қойып аттан түсіріпті де, бәйгені қазақ әкетіпті. Міне, Бөлтірік осыдан барып батыр атанған.
Қазақ, қырғыздың Қоқан хандығына қарап тұрған кезінде Меркедегі Құсбегі қазақтың бірсыпыра кісілерін шақыртып алып сөйлесіп отырыпты. Осы сөйлесіп отырғанда Құсбегі қазақтарға өктем сөйлеп бір ретте: «Қазақтар, сендер боқтың да иісін білмейсіңдер», — деп зекіпті. Бөлтірік жұлып алғандай: «Айтса, болмайсыңдар, қазақтар дәретке отырғанда, қайдағы желге қарап бастарыңды қақайтып, ұшатын дуадақтай қомданып отырасыңдар. Қайдан боқтың иісін білесіңдер. Құсбекше ыққа қарап, шапандарыңды бүркене жамылып отырсаңдар ғой, әлдеқашан білетін едіңдер. Өз обалдарың өздеріңе» — депті. Құсбегі: «Апырай, мынау қай жүгірмек еді», — депті де сол мәжілісте сезді Бөлтірікке билетіп, елге қайтарда Бөлтірікке сәтен шапан жауып қайтарған екен дейді.
Осы әңгімелердің көбін Жамбыл ақынның өзі айтып отырады екен. Өйткені жоғарыда айтылған Бөлтіріктің баласы Сандыбай мен Жамбылдың замандас болып, үйір болуы және Бөлтіріктің өзін көруі, оның үстіне Бөлтіріктің ел аузына тарап кеткен әңгімесін өте жақсы көріп, ұғып алған көрінеді. «Бөлтірікті аса жақсы көріп, әңгімесін көп айтушы еді, — дейді бізге осы әңгімені айтқан Ыбырай Бәйсімбетұлы және Омар, Мыржы сияқты қарттар.
Жамбылдың жас күнінде жақсы көріп бағатын малы жылқы екен. Басқа малға жұмсаса бармай, қашып кетеді екен де, қайдағы асау таймен алысып және қыс болса жабағы, тай, құнан сияқты кішігірім жылқыны қолына ұстап, соны бағып қарайды екен. Ол жөнінде Қоңыр тай деген бір әңгіме толық дәлел тәрізді. Жамбылдың 13-14-ке келіп ержетіп қалған кезінде, бір жылы қыс қатты аяз боран көп болып, ел жұртқа шалдығады. Ер-азамат бет-бетімен мал күтіп, халық жаугершілікке ұшырайды. Тау ішіне апарып күнгейге бағып жатқан жылқысын аралап, Сарыбай к,айтарда Жапаның үйіне түседі. Онда ел киіз үйде отыратын кез, Сарыбайды Жапаның үйі күтіп түстік істейді. Үйдің бір жағында бір кішкене қоңыр жабағыны Жамбыл бала таудан жұлып әкелген көдені беріп және азықтық бидайдан аздап бидай бөрттіріп беріп күтіп жүреді. Әр нәрсеге сын көзімен қарайтын Сарыбай Жапаға: «Сен мына Жамбылды қисық, тентек деуші ең, өзі малға үйір, шаруашыл есті тентек екен ғой», — дейді. Жапа: «Ой, тәйір-ай, ол немене ненің малына жаны ашып жүр дейсің. Өзінің бәсіресіне алған тайы еді. Ана танауын көрмейсіз бе, сетіп, сырға қылып белгі салып қойғанын. Өзі тәуір биенің құлыны және жорға еді», — дейді.
Сарыбай түстігін жеп кетіп қалады. Жаз шыға қыстан қысылып шыққан ел көк жетіліп мал дейілденгенше көктеуге бармай, қыстау маңында болады. Қыстан өзі күтіп, күйлі алып шыққан қоңыр тайын үйретіп, Жамбыл мініп алады. Қай-қайдағы жастар жиналған той-томалақ іздеп жүретін тентектеу жас бала жігіт Қаскелең өзенінің бойындағы Орынбет деген Жаныс елінің бір атасының ауылына келеді. Бұл ел Жамбылға нағашы тиісті және сол жерде бір шілдехана болып, Жамбыл сол ойынға барады. Жамбылды жассына ма, жоқ әлде астындағы тайына қызыға ма, сол елдің біреуі Жамбылдың қоңыр тайын: «Мен таныдым, мынау менің қысты күні жылды ыққанда жоғалған, қоңыр жорға биемнің жабағысы. Сен бұралқы қылып алғансың», — деп жабысады. Тіпті тайды ер-тоқымын алып тастап алып қояды. Жалғыз бала елден кеп пе, ер-тоқымды алып, не істерін білмей отырғанда, сол ауылға Алматы жақтан бір топ кісі келеді. Бұл кісілер кім екен деп Жамбыл келсе, ол Алматы жақтан келе жатқан Сарыбай екен. Жамбыл келіп, сәлем береді. Сарыбай Жамбылды танып: «Шырағым, қайдан жүрсің» деп сұрайды. Жамбыл тайдан айрылмай отырғанын, мынау елдің өтірік таныған зорлығын айтады. Сарыбай тай таныдым деген кісіні шақыртып тексереді. Оның тайлы биесі боранда жоғалғаны рас екен. Жамбыл Сарыбайға: «Сареке, басқаны куә қылмаймын, қысты күнгі өзіңіз көрген қоңыр жабағы, көрсеңіз, өзіңіз де танисыз», — дейді. Бұл жерде Сарыбайдың есінде қалған тайдың танауындағы кішкене сетілген сырғасы түседі. Сарыбай тайды таныған кісіден «тайыңның не белгісі бар еді деп сұраса, ол, «Жорға еді, басқа не белгі болады, жабағыға кім белгі салады?» — дейді. Сарыбай сол жерде тайды алғызып керсе, тайдың танауындағы сеткен кішкене сырға бар екен. Соны дәлел етіп Жамбылдың тайын өзіне алып береді.
«Мен Сарекемнің дау тексергендегі тапқыштығын өз дауымда кердім. Кісіге ашуланып сөз айтпайтын, көрген нәрсесін ұмытпайтын өте терең кісі еді. Сол мені кішкене жабағыны күткенімді жақсы көріп, соның танауындағы болмысы белгіні ескеріп, ұмытпай жүргені де өте сыншыл естілігі ғой», — деп, Жамбыл өзі айтып отырады екен. Сол қоңыр тай есе келе өте жақсы ат болды.
«Сарекемнің күші мен әділдігі болмағанда, Орынбеттің орақ ауыз қу тақымы алып қойып еді. Бірақ Сарекеме бір өкпелегенім, әдейі өзіне сеніп алып қашқан Бұрым сұлуды алғызбай қайтарып берді. Онысы өте малқорда сараңдық еді. Жапаның малы шашылып кетеді деп, елді келесіне мені қайтартты», — деп Қисыбаймен қалжыңдасқанда да айтып күледі екен. Жамбылдың жылқыны жақсы көріп атшыл болуы — жасынан басталып қартайғанға дейін бірге жасасқан әдеті. Жамбыл өз елінің әдетіндегі көкпар тартуға да көп шапқан сияқты. Өйткені 1920 жылы ел арасының бір тойында Бозжорға ат деген атымен өзі көкпарға шауып, қуып жетіп тартысқан кісіге лақты бермей, соған төбелес шыққанын ауылдары күні бүгінге дейін әңгіме етіп айтады. Жамбылдың Торжорға ат деген өте белгілі бір жақсы аты болған. Аттың көп жасағанын сөз қылғанда Жамбыл ауылының, Жамбыл ауданының ақсақал кісілері: «Біздің ортада сол Жамбылдың Торжорға атынан көп жасаған ат жоқ» деседі. 27 жасына дейін Жәкең өзі мінді, сол атын дейді. Сол сияқты өзін құрметтеп жүріп тұруына машина берілгеннен кейін де: «Мен атты, жорғаны жақсы керемін», деп, күрең жорға атты алдырып мінді. Жәкең өлерінен бір жыл ғана бұрын бұл атына мініп - түсуінен тоқталды. Жамбыл жас кезінде бір жыл, жарым жыл жылқыны да өзі бағып, әкесінің қосына да шыққан. Мұны өз ауылының ақсақалдары бәрі айтады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі