Өлең, жыр, ақындар

Қазақстанның білім саласындағы брендтері

Азатқызы Альфия

Өнер білім бар - жұрттар,

Тастан сарай салғызды

Айшылық алыс жерлерден,                                    

Көзді ашып - жұмғанша

Жылдам хабар алғызды! - деп сипаттаған ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің осы сөздері мірдің оғындай әрқашан оңды.

Өнер мен білім қос ұғымдай қолданылады. Алайда бірі Жаратқаннан, бірі жаратылғанның талап – еңбегінен екенін ескеруіміз керек. Екеуі қасиет пен қабілеттің  кебініндей  сипатта. Жаратушыдан берілген қасиет болса, ары қарай дамытып алып кету оңай. Ал берілмеген болса да, мойымай еңбек ету арқылы шыдап тұрып, шыңдауға да мүмкіндік көп. Өнер мен білімнің осы бір қыңырлықтарын аңдай алсақ, әрі  қарай талаптанып еңбек ету де оңай болмақ.

Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез! - деп келетін мақалдар да осының дәлелі.

Білім әрбір адамның кішкентай күніннен демінің үзілер шағына дейін іздеп өтетін, білуге құмарлық қылатын талпынысының  үлкен бір түрі.  Тіліңмен жүгірме, біліммен жүгір деген бабамыздан жеткен ұлы сөздер бар. Яғни қазақ халқы  білімге ертеден зейін қойған. Тәуелсіздікке дейінгі медреселер, жыраулар мектебі, жыр - сүлейлерінің мектебі, ақындық - әншілік мектеп, Ыбырай Алтынсаринның Торғайдағы мектебі, Бөкей ордасындағы мектеп бәрі - бәрі қазақтың білімге ұмтылысынан туған. Білімге ұмтылған бабаларымыз шекара асып қиянға да білім жолын қууға беттеген. Заманымыздың заңғар тұлғалары болып тарих сахнасынан алтын әріптермен өзіндік орнын алған Әбу Насыр Әл - Фараби, Құл Қожа Ахмет Йассауи, Махмұт Қашғари бертіндегі Құнанбайдыңұлы Абай, Құдайбердініңұлы Шекерім, бір ғасырдағы Алаштың Әлихан, Ахметтері бәрі - бәрі білім үшін басын бәйгеге тігіп, ілімнің жолын қуғандар. Тамыры терең тарихымыздың өзі қазақтың білім мен ғылымға бей - жай еместігін көрсетеді. Бұл біз үшін зор мақтаныш.

Тұғыры биік тәуелсіздікті алғанымызда да бұл даңғыл жолдан адаспадық. Білімге деген құштарлықтың оты сөнген емес. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев бұл салаға дендеп және мығымдап  кірісті. Ғылым мен білімге қаржыны аямай, атаулы салаға әр түрлі бағдарламалар мен стипендияларды ұсынды. Бүгінгі таңда еліміздің білім саласындағы брендтері осының дәлелі бола алады.

Білім беру саласын біз 3 топқа бөліп қарастырамыз. Олар:

  1. Бастапқы, бастауыш білім беру жүйесі (балабақша).
  2. Орта білім беру жүйесі (мектеп).
  3. Жоғары білім беру жүйесі (университет).

Бастапқы және орта білім беру жүйесі елімізді мекен етуші әрбір халыққа міндетті. Себебі бұл адамның білім деңгейінің алғашқы кірпіштері қалатын негізгі баспалдақтары. Ал университет қызығушылығы һәм білімге деген ұмтылысы жоғары әрбір жанның таңдауы. Білім және ғылым министрлігінің бізге ұсынған дереккөздеріне сүйенер болсақ, жыл сайын оқу жылын 150 мыңға жуық түлектер аяқтап шығады екен. Бастапқы жылдары 50% студенттер Ұлттық Бірыңғай Тест жүйесіне қатысып, өз бағын сынап көргісі келсе, алдыңғы жылдан бері бұл жағдай қзгерді. Көз қуантарлық оқиға бітіруші түлектердің 80% - ға жуығы еліміздің білім саласы  ұсынған Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден өтуге ниетті екен және өтіпті де. Бұл біздің білім саласындағы алғашқы жетістігіміз.

Елімізде мектеп оқушыларын 7\8 - сынып кездерінен тереңдете оқытатын Дарын, Қазақ және түрік лицейі, Назарбаев зияткерлік мектептері, гуманитарлық және де жаратылыстану бағыттары бойынша баланың қызығушылықтарын, білімге деген құштарлығын толықтай қамтамасыз ете алатын тереңдетілген мектептер бар. Мұның барлығы да балалардың сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан, қолдау көрсете отырып жасалған жұмыстар. Дарын, Қазақ және Түрік лицейі, Назарбаев зияткерлік мектептері бүгінгі таңда  әрбір оқушыға арман. Мектеп жылдарын сол білім ордаларында өткізгісі келген жеткіншектер, ерте жастан осы мектептердің қабылдау тестіне дайындалады. Бұл аталған 3 түрлі білім ордасы орта деңгейдегі мектептің білім бағдарламасы бойынша еліміздегі үздіктер қатарында. Яғни орта деңгейдегі білім беретін Қазақстанның брендтері ретінде  Дарын, Қазақ және Түрік лицейін, Назарбаев зияткерлік мектептерін ұсына аламыз. Аталған мектептердің жыл сайынғы көрсететін көрсеткіштері, білім саласындағы жетістіктері БРЕНД деуіміздің айқын көрінісі.

Жоғары оқу орындарын дайындайтын мамандарына байланысты бірнеше топтарға, салаларға бөліп қарастырамыз.

Қазақстанның үздік көп бейінді жоғары оқу орындарының ұлттық (бас) рейтингі бойынша: Әл - Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті 99,9% - бен студенттердің талабын өтеп тұрса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 93,7% - бен 2 - ші орында тұр, ал Шымкенттік М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 60,1 % - дық көрсеткішпен 3 - ші орында тұр. Бұл еліміздің көп бейінді университеттеріне жасалған сауалнамадан шыққан ТОП - 3 университет.

Қазақстанның үздік техникалық жоғары оқу орындарының ұлттық  (бас) рейтингі бойынша: Қазақ - Британдық техникалық университет 92,6% - бен көш бастаса, Қаныш Имантайұлы Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті 89,8% - ды, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті 89,7% - ды құрап 3 - ші орында тұр.

Қазақстанның  үздік гуманитарлық - экономикалық жоғары оқу орындарының ұлттық (бас) рейтингі  : Қазақ тұтынушылар одағының Қарағанды экономикалық университеті 94,5%, КИМЭП университеті 94,3% , Алматы менеджмент университеті 82,4% - ды құрап 3 - орында тұр.  Бұл еліміздің гуманитар - экономикалық саласы бойынша үздік брендтері.

Ал Қазақстанның ұздік медициналық жоғары оқу орындарының ұлттық (бас) рейтингі былай дейді: С.Д.Аспандияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті 100%, Семей мемлекеттік медицниналық университеті  74,9% - ды,  Оңтүстік Қазақстан атындағы мемлекеттік фармацевтикалық академиясы 64,1% - ды құрайды екен.

Қазақстанның үздік педагогикалық жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі бойынша: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті  100% - бен көш бастаса, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты  55,5% - ды , Тараз мемлекеттік педагогикалық  институты 51,2% - ды құрап көшке ілесуге ұмтылып жүр екен.

Ал Қазақстанның үздік өнер жоғары оқу орындарының ұлттық (бас) рейтингі бойынша Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер университеті айқын 100% көрсеткішпен көшті жалғыз өзі бастап келеді.

Білім саласындағы барлық сала бойынша тоқталып, айтып өттік. Өз салалары бойынша оқ бойы озып шыққан университеттерді еліміздің жоғары оқу орындары бойынша өзіндік орны бар брендтер деп айта аламыз. Атап айтар болсақ  Әл - Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы университет,Сүлеймен Демирел атындағы қазақ - түрік университеті,  техникалық Қазақ - британ университеті, КИМЭП университетімен  Алматы менеджмент университеті (ALMAU), С.Д.Аспандияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер университеті еліміздегі ТОР мықты университеттер деп айтуға толықтай негіз бар. Аталған университеттер  халықаралық арендағы білім жүйесі бойынша  үнемі үздіктер қатарында.

Соңғы жылдары әлемнің үздік университеттері қатарында Әл - Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бой көрсетуде. Медицина саласы бойынша Алматы қаласында орналасқан С.Д.Аспандияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеті оқ бойы озық жүруге талпынуда.

Айтып өтерлік елеулі жағдай 2019 жылдан бері білім саласында жаңаша өзгерістер бар. Яғни халықтың қолдауымен 2019 жылдан бастап Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі болып Асхат Қанатұлы Аймағамбетов  бекітілді. Асхат Аймағамбетов осы жұмыс барысына  келгелі білім саласына айтулы реформаларды жасады. Ең алғашқы елеулі һәм айтулы реформасы  мынау. Жыл сайын халық қаржысына байып күнін көріп жүрген, студенттерді сырттай оқытатын аты бар болғанымен мардымды заты яки берер білімі жоқ  университеттерді жаппай жабуға бет бұрды. Бұл білім саласына деген министріміздің аса үлкен жауапкершілікпен қараған тұсы. Осы реформа арқасында біраз «білім ошақтары» жабылып білім саласының деңгейін төмендетерлік жағдайлардың алдын алды. Осындай ерен еңбегі үшін Асхат Қанатұлы Аймағамбетовке зор алғысымызды білдіруіміз шарт деп есептеймін. Әрі Асхат Аймағамбетов мырза студенттерді оның ішінде студенттік ұйымдарды біршама қолдауға ниетті екенін көрсетті. Республикалық дейгейде өтетін біршама дебаттық ойындарға қазылық етіп, өзінің атаулы стипендиясын ұсынған болатын. Бұл да білім саласына деген еліміздің бей - жай қарамайтындығының көрінісі. Сонымен қатар тұңғыш президентіміз де мұндай ілтипаттан кен де емес. Яғни егемен еліміз тәуелсіздіктің тұғырына көтерілген соң 1993 жылы елбасымыз БОЛАШАҚ деп аталатын ауқымды бағдарлама һәм стипендияны ұсынды. Бұл бағдарламаның жұмыс жасағанына міне биыл 28 жыл толып отыр. Болашақ бағдарламасы арқылы еліміздің білімге ұмтылған, өркениетті жастары әлемнің  айтулы университеттерінде білімін шыңдап, жетілдіріп келуде. Аталған бағдарлама бойынша тіпті шетелдік мамандармен қатар  іс - тәжірибеден өтіп жатқан,  заман талабына сай мамандар даярлануда. Байқап қарасақ БОЛАШАҚ бағдарламасы аясында көбіне магистр және профессор, докторлық дәрежесін қалыптастыруға, шыңдауға ұмтылатын білім ізденушілері көп. Сонымен қатар еліміздің соңғы жыдардағы көрсеткіші бойынша еліміздегі қала әкімдері және мәжіліс пен сенаттағы депутаттар осы БОЛАШАҚ бағдарламасының түлектері екен. Бұл көрсеткіштерде білім саласына деген мемлекет басшыларының ыстық ықыласын көрсетеді. Мемлекет тарапынан осы салаларға қаржы бөледі. Себебі дамыған 30 елдің, ғылымы мен білімі, өркениеті мен мәдениеті озық ел боламыз десек, ең әуелі осы білім саласына ерекше назар аударуымыз шарт екені анық!

Ендігі кезекте еліміздің білім саласы бойынша жұмыс жасап келе жатқан арнайы білім беру курстарына тоқталып өтсек. Қазақ елінің жан - жақты білім алуына әсер етіп жатқан QAZBILIM, INTERPRESS, BRITISH CONSUL секілді арнайы курстар ақылы түрде болса да ел - білімінің дамуына өзіндік үлестерін қосып жатыр.Жеке - жеке тоқталып өтер болсақ:

 QAZBILIM жүйесі мектеп оқушыларының жан - жақты қажеттіліктерін орындау үстінде. Мәселен бұл жүйе  бастауыш сыныптан кейінгі балалардың түсуге ниет ететін Дарын, Назарбаев зяиткерлік мектептерінің, Қазақ - түрік лицейі сынды елеулі мектептердің арнайы тесттеріне дайындайды. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық Бірыңғай Тесті секілді жауаптары сындарынан да өтуіне елеулі ықпал жасап, оқушыларды жан - жақты дайындайы.

Ал INTERPRESS және  BRITISH CONSUL секілді арнайы дайындалған курстық жүйелер ел халқының шет тілдерін меңгеруіне барынша жағдай жасаған. Батыстық кез - келген тілді еркін меңгеруге һәм шетелдік адамдармен ашық жарқын сұхбат құра алатындай деңгейге жеткізеді. Тіпті әлемнің кез - келген университетіне жарайтын арнайы тілді меңгерді деген сертификаттары да бар. Шетелдік мықты университеттерге түсуге ниетті жандар IELTS және TOEFL сынды тілдік деңгейді айқындайтын тестерді осы  BRITISH CONSUL - ға тапсырып шығады. Және ол сертификаты әлем жұртының білім ошақтарына жарамды.

Еліміз тәуелсіздігін алғалы осы 30 жылдың ішінде білім саласы бойынша осындай брендтерді жасап шығыпты. Мұның өзі бір жетістік. Иә бәрі бірдей, жақсы емес. Кемшіл тұстарда кездеседі. Алайда ел тәуелсіздігінің енді ғана 30 жасқа толғандығын, аталған білім салалары бойынша мамандардың енді ғана білімін толыққанды аяқтағанын ескерер болсақ, алдағы 20 жылда едәуір ірі жетістіктерге жетеріміз анық. Бастысы білім мен ілім іздеген талаптанушылар бар да білім саласының брендтері өз биігінен ешқашан төмендемек емес!

Пайдаланылған дереккөздер:

  1. https:\\bilim - all.kz\olen\303
  2. https:\\www.google.kz\amp\s\strategy2050.kz\amp\news\52406\
  3. https:\\bolashak.gov.kz
  4. https:\\www.unipage.net\ru\universities_ranking
  5. https:\\www.fincenter.kz\kz\help\ranking - of - universities\

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз